Материалдарды шектеусіз жүктеңіз ҚМЖ, ашық сабақтар, презентациялар, көрнекіліктер, дидактикалық материалдар, авторлық бағдарламалар және тағы басқа 400 000-астам материалды шексіз жүктеп алғыңыз келе ме?
Толығырақ
Толығырақ
Тақырып бойынша 11 материал табылды

Темірбек Жүргеновтің өмірі мен қызметі

Материал туралы қысқаша түсінік
Материал тарих пәнінің мұғалімдеріне, студенттерге, оқушыларға және де зерттеушілерге көмек болады.
Материалдың қысқаша нұсқасы

Темірбек Жүргеновтің өмірі мен қызметі

ОРТАЕВА БЕРЕКЕ АЛМАТҚЫЗЫ

Абылай хан атындағы жоғары колледж


Жүргенов Темірбек Қараұлы (1898, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Жаңаталап ауылында- 25.02.1938, Алматы) - Қазақстандағы мәдениет, әдебиет, өнер саласының талантты ұйымдастырушыларының бірі, республиканың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері[1, 103б].

Темірбек Қараұлы Жүргенов есімі тек қана қазаққа ғана емес, иісі түркі жұртына мәлім, Орта Азия мен Қазақстанға ортақ тұлға, аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, қаламы қарымды сыншы-көсемсөз иесі саналады. 

Тұрмағамбет Ізтілеуов ұстаздық еткен ауыл мектебінде сауат ашып, кейін Аламесектегі орыс-қазақ мектебінде, Перовскідегі (қазіргі Қызылорда) Суханский атындағы училищеде бастауыш білім алған. 1917 жылы Уфа жер шаруашылығы училищесіне оқуға түседі. Осында оқып жүріп қоғамдық өмірге белсене араласады, студент жастардың әлеуметтік қозғалыстарына қатысады. 1918 жылы «Қазақ мұңы» газеті редакциялық алқасының құрамына енді, Торғайдағы кеңестер съезін шақыру бюросының мүшесі болды. 1919 жылы Ырғыз уезі Кенжеғара болысы революциялық комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалған. 1920 жылы БК(б)П қатарына өтіп, Ырғыз уездік революциялық комитетінің, уездік жұмысшы, солдат және шаруа депутаттары атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. 1921-1923 жылдары Орынборда жұмысшы факультетінде оқиды. 1923 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің құқық факультетіне оқуға жіберіледі. Бұл кезде университет 2 мыңнан астам студенті және 370 профессор мен оқытушысы бар ірі оқу орнына айналған-ды[2, 228-229 бб].

Осы жоғары оқу орнында оқып жүрген кезінде Т. Жүргеновтің таланты ашылып, күллі Түркістанға танымал қайраткер дәрежесіне жетеді. Сол жылдарда бірнеше қызметті қатар атқару, мемлекет және шаруашылық мекемелерінің жұмысына жоғары оқу орындары мен техникумдарда оқитын, тәжірибелі, сенімді студенттерді тарту мамандардың жетіспеушілігінен туған бір үрдіс еді. Екінші семестрден бастап, Темірбек Жүргенов те университеттегі оқуынан қол үзбей жауапты қызметке - 3-4 жыл қатарынан Қазақ АКСР-інің Түркістан Республикасындағы өкілетті уәкілі міндетін, соңғы курста Қазақ педагогикалық институтының ректоры қызметін қоса атқарады. Қазақстан мен Түркістан Орталық Атқару комитеттеріне мүшелікке сайланады. Сонымен қатар, ол көптеген облыстық, республикалық, өлкелік мәслихаттар мен пленумдарға делегат ретінде қатысады. Сол кезеңнің басты мәселесі – Орта Азия мен Қазақстанның ұлттық-мемлекеттік шекарасын межелеу ісіне белсене араласып, Қазақстанның іргесін кеңейтуге және ұлттық жағынан тұтастануына студент болса да зор үлес қосады. Оқуды мемлекеттік және қоғамдық үлкен қызметпен қоса қабат жүргізу, болашақ заң қызметкерінің оқу үлгерімін одан әрі жақсартып, құқық, саяси экономика, тарих ғылымдарына шындап ден қойып, статистикалық, демографиялық зерттеулермен айналысуына көмектеседі. 1924 жылы Жүргенов өзінің «Орта Азия республикасында тұратын қазақтардың хал-жағдайы» атты тарихи-демографиялық очерктерін жариялап, Орта Азиядағы қазақтардың тұрмыс-күйі мен мәдениетіне қатысты мәселелерді анықтауға арнайды[3]. Жүргеновтің бұл еңбегінде Түркістан АКСР-інде тұратын қазақ халқының әлеуметтік–экономикалық жағдайы мен мәдени дәрежесіне жалпы сипаттама береді. Сондай-ақ қазақтардың қарақалпақтар, қырғыздар, өзбектер, түрікмендер және Орта Азияның басқа да халықтарымен этникалық және мәдени байланыстарын ашады. Соның ішінде автор бұл халықтардың құрамында ортақ рулар, ру бөліктері бар екендігін атап көрсетеді[4, 4-8 бб]. Университетте оқып жүріп-ақ, Т. Жүргенов баспасөз беттерінде көптеген зерттеулері мен мақалаларын жариялайды. Оның еңбектерінде қазан төңкерісі қарсаңындағы Орта Азия мен Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, саяси және демографиялық жағдайы, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің алғы шарттары мен қозғаушы күштері, социалистік мәдениеттің дамуы туралы пікірлері қарастырылған. Мәселен, «1916 жылғы қазақтар көтерілісі кезіндегі қала мен ауыл» [5], «Қазақ университетін құру жөнінде» [6], «Мектептің түрі, тілі туралы» [7], «Қазақстанның ақындары мен жыршылары» [8] деген еңбектері Т. Жүргеновтің зерттеушілік қабілетін жоғары екенін көрсетеді.

1926 жылы Ташкенттің Қазақ педагогикалық институтының директоры болып тағайындалады. Институтқа академик В.В.Бартольд, профессор С.Е.Малов секілді ғалымдарды шақыртып, институт жұмысын жандандыруға күш салды. Жоғары оқу орындарына арналған саяси экономия және құқықтану пәндері бойынша оқу құралдарын қазақ тіліне аударды. Қазақ термелерінің жинағын құрастыруға ат салысты. Т. Жүргенов Орта Азия мемлекеттік университетін бітірген соң, мемлекеттік құқық пәні бойынша сол университетке ұстаздық қызметке қалдырылады. Университеттен кейінгі екі жыл шын мәнісінде жемісті еңбек пен білім толықтыру жылдары болды. Республиканың ғылымы мен мәдениетінің келелі мәселелері оны бұрынғысынша толғандыра берді. Мемлекеттік жауапты жұмыстарда жүргенде де ғылыми қызметке қайта оралуды ойынан шығарған емес. 1928 жылы ол Қазақстанның алғашқы оқу орындарының студенттеріне Михайловскийдің «Саяси экономия» деп аталатын оқулығын қазақшаға аударады[9]. Аударманың сәтті шыққаны соншалықты, бұл оқулықты қазақ студенттерінің кең аудиториясы, ғылыми және творчестволық интеллигенция өкілдері ондаған жылдар бойы үздіксіз пайдаланады. Сонымен қатар, Жүргенов Орта Азия Мемлекеттік университетінде жүріп, өзінің аудармалары, мақалалары және кітапшалары арқылы қазақтың әдеби тілін дамытуға, ғылыми терминология жасауға көп үлес қосып, аударма ісінің практикасы мен теориясын байыта түсуге септігін тигізді[4, 4-8 бб].

ВКП(б) Орталық Комитеті Ортаазиялық бюросының қаулысы бойынша 1929 жылы Т.Жүргенов Тәжікстанға жіберіледі. 1929-1930 жылдары Т.Жүргенов Тәжік АКСР-інің Орталық Статистикалық Басқармасының бастығы қызметін атқарады. 1929 жылдың аяғында Тәжік АКСР-інің мемлекеттік құрылымын Тәжік КСР-і етіп өзгерту жөніндегі құрылған комиссия құрамына қатынасып, өзі басқарып отырған статистикалық басқармадан тағыда 4 білікті маманды комиссия құрамына қатыстырады. Жүргеновтің бұл әрекеті Тәжік КСР-ін қалыптастыруда жергілікті халықтың өкілдері қатысып, тарихи оқиғаның жасаушылары қатарында болғандығын қалағанынан болса керек. Орталық Статистика басқармасының басшысы болып жүрген уақытында Тәжік елінің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси жағынан тұрақтануына, мемлекеттік аппарат қызметтерінің қалыптасып, жүйелі жұмыс жүргізуіне зор еңбек сіңірді[10]. Орталық Статистика басқармасының басшысы қызметінде абыройлы жұмыс жүргізіп, таза әрі әділетті еңбек ете білген Т.Жүргеновті, 1930 жылдың сәуір-мамыр айларында Тәжік КСР-інің Қаржы халық комиссары етіп тағайындайды. Т. Жүргеновтің бұл қызметке тағайындалуы оның қаржы-экономикалық саладағы біліктілігі мен даярлығы өз септігін тигізсе керек. Қаржы халкомы ретінде елдің экономикалық тұрғыдан өсуіне мүмкіндігінше мол қаражат бөліп, жергілікті ұлт өкілдері жастарының Кеңес мемлекетінің білімі мен ғылымы шоғырланған ірі орталықтары Мәскеу, Петербор, Томск, Ташкент секілді қалаларда білім алып, жоғары білікті маман болып қалыптасуына үлкен еңбек сіңірді.

Темірбек Жүргенов Түркістан республикасында Қазақстан өкілі болып тұрған кезінде де қызмет бабымен Тәжікстанға жиі барып, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігінен, экономикалық хал-ахуалынан жақсы хабардар еді. Темірбектің ескі өзбек және тәжік тілдерін жақсы білуі оның жергілікті халықпен араласуын көп жеңілдетті. Тәжік КСР-інде Т.Жүргенов бұрынғысынша ғылыми зерделенген мақалалар жазып, мемлекеттік істердің ресми құжаттарын әзірлеп, көптеген жиналыстар мен үкімет отырыстарында тәжік тілінде баяндамалар жасап, шығармашылық интеллегенция өкілдерімен байланыс орнатып, қоғамдық өмірде барынша белсенді қызметін жалғастырды.

Т. Жүргенов 1930-1933 жылдары Өзбек АКСР-інің халық ағарту қызметтерін атқарады. Сол кездегі қолға алынған реформа кеңестік мәдени революцияны іске асыруға кірісіп, жүздеген мектептер ашып, оқулықтар шығаруға барынша ат салысты. Ташкентте Өзбек циркін ұйымдастырды. 1933 жылы Алматыға келіп 1937 жылдың 2 тамызына дейін Қазақ АКСР-інің халық ағарту комиссары, әрі Қазақ КСР Халкомы жанындағы өнер ісі басқармасын басқарды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюро мүшелігіне, КСРО орталық Атқару Комитетінің бюро мүшелігіне сайланды. Белгілі тарихшы ғалым Х.М. Әбжанов «Бір қарағанда Т. Жүргенов Қазақстандағы мәдени құрылысқа төрт-ақ жыл басшылық жасады. Бірақ бұл жылдар қазақ халқы үшін айрықша жылдар. 1931-1933 жылдардағы ашаршылық екі миллион қазақтың өмірін алып кетті, ауылдар қаңырап бос жатты. Тозған, босқан елді қайта жинау, ұйымдастыру, мәдениетін тездете ілгерілету бәрі Темірбек Қараұлынан айрықша күш жігерді, жасампаздықты ізденісті талап етті. Осының бәрі оның бойында бар еді және барынша жарқырап көрінді. Бұл туралы Сәбит Мұхановтың, Ахмет Жұбановтың, Әбділда Тәжібаевтың, Қанабек Байсейітовтің және тағы басқалардың естеліктерінде молынан айтылған. Бас-аяғы 3-4 жыл ішінде республика мәдениеті тамаша нәтижелерге жетті: жаппай сауатсыздықтың беті қайтты, жалпыға бірдей міндетті бастауыш білім беру жүзеге асты, Қазақ мемлекеттік университеті шаңырақ көтерді, алғашқы қазақ орта мектептері дүниеге келді. Жаңа наркомның бастамасымен әрі қолдауымен «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Ер Тарғын», «Айман Шолпан», «Шұға», опералары мен пьесалары сахнаға шықты, халық өнері қайраткерлерінің бүкілқазақстандық слеті (1934), екпінді мұғалімдердің бірінші съезі (1934), мәдени құрылыс қызметкерлерінің бірінші съезі (1935) шақырылды» [2, 230 б] деп тұжырымдайды. Темірбек Қараұлының көркемөнерге деген ықыласы 1936 жылы Москвада өткен онкүндікті даярлау барысында ерекше көзге түсті. Әрбір репетиция мен концерттік номер наркомның күн сайын қатысуымен өтті. Артистер киетін киімді тігетін шеберхананы да өзі тапты. Онкүндіктің үлкен табыспен өткені белгілі. Оның қорытындысы бойынша Т.Қ. Жүргенов Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталды. Сонымен бірге, өзінің ұстазы Сыр бойының белгілі ақыны, араб парсы тілдерінің білгірі Т. Ізтілеуовке мемлекет тарапынан жағдай жасатып, аз уақыт ішінде Қ. Фердаусидің атақшы «Шахнама» поэмасын тұтастай болмаса да қазақша тәржімалатып алды.

Темірбек Жүргеновтің жан ауыртқан саласының бірі — тіл тақырыбы. Қазақ тілінің ахуалы кайраткерді үнемі толғандырған, оның өзге тілдер ауқымында жұтылып кетпей, табиғи қалпын сақтауына мүдделі болған. Тіл мәдениетіне кері әсерін тигізетін сөз қолданыстарына алаңдаған. Сөздік қорымыздың өңін қашыратын оғаш өзгерістерді қабылдай алмай, тұрақты түрде пікірін жариялап отырған. «Тіл мәселесі дегенді бұл жерде біз қазақ тілі хақында ғана айтпақпыз», — деп бірден тақырыптың басын ашып алуынан оның үнемі ойы анық, ұстанымы берік болғанын көреміз.

Ұлтын ардақтай білетін азамат ұлтының тілін де шексіз қадірлеген. Ол қазақ тілінің дәрежесі әлемнің ірі елдерінің тілімен қатар тұрғанын қалайды, мақсат-мұратын осыған орай негіздеп түсіндіреді. Тіл мен білімді және мәдениетті ұлттың көшін өрге сүйрейтін үйлесімді ұштаған ретінде қарастырады. «Қазақ тілі байыса, басқа мәдениетті жұрттардай өз шаруашылығына керекті өз тілінде түсіндіре алатын болса, былайша айтқанда, адам баласының барлығы бірдей білімге жетіссе, халық мәдениетінің де өскені ғой» — деп ой қорытады.

Тіл мәселесін тиек еткен Темірбек Жүргенов мемлекеттік тұлға ретінде ауқымды тұжырымдамалық міндет арқалайды. Оның ой-арманы қазақтың тілін әлемнің іргелі тілдерінің қатарына қосу болған. Бұған қол жеткізу үшін таңдалатын жолды да, бұл орайда қолданылатын әдіс-амалдарды да санамалап көрсетеді. Тілдің куат-құнарын жақсы сезінген, оның болашағына сенген адамның мүддесі мен көзкарасы айқын аңғарылып тұрады. Ал осыны қайраткердің өз сөзімен айтсақ: «Қазақтын әдебиет тілін, білім тілін тудыру жөнінде біздің негізгі мақсатымыз — сол тілді көпшілікке барынша ұғымды қылу, сол тіл арқылы қазақ еңбекшілерінің қалың бұқарасын дүние жүзінің өнер-біліміне, техникасына ие қылу».

Дегенмен, 1937-1938 жылдары елімізде жүргізілген кеңестік саяси қуғын сүргін саясаты Т. Жүргеновтің өмірін құрбан етті. Жүргенов мұраларын зертеуші ғалым Бауыржан Сабитұлы Иманғалиев өзінің еңбегінде Темірбек Қараұлын Рұсқұлов, Сейфулин, Қожанов, Нұрмақовтармен бірге жалған айыппен 1938 жылы 25 ақпанда Алматы түбіндегі Боралдай маңында атылды[11, 44 б] деген деректі келтіреді. 1957 жылы 18 сәуірде КСРО Жоғарғы сотының Әскери коллегиясы Т. Жүргеновті толық ақтады. 1993 жылы Алматыдағы Қазақ ұлттық өнер академиясына Т.Жүргеновтің есімі берілді. Алматы, Қызылорда қалаларында, Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы мен Қызылорда облысының Жалағаш аудандарында Т.Жүргенов есімімен аталатын мектептер мен көшелер бар. 1998 жылы Жүргеновтің 100 жылдығы республика көлемінде аталып өтті. Туған жері Жалағаш кентінде ескерткіш орнатылды. Туған жері Қызылорда, алғаш қызметін бастаған Ақтөбе облыстарында қайраткер-қаламгердің 110-, 115-жылдығы жоғары деңгейде аталып өтілді. Ғылыми-танымдық конференциялар мен фестивальдар ұйымдастырылып, әр түрлі мәдени шаралар өтті.

Қорыта айтқанда, Темірбек Жүргенов аз жасады ‒ небәрі 39 жыл өмір сүрді. Бірақ артына бағасын әлі де жоймаған мол мұра, кесек іс тастап кетті.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы. Т.4. Алматы, 2002ж., 103б.

2. Назарбаева Г, Әбжанов Х. «Қазақстан: тарих пен тағдыр», Алматы 2003, 296 б.

3. Т. Жүргенов «Орта Азия республикасындағы қазақ халқының күйлері». // Еңбекші қазақ, 1924, 8 қазан

4. Енсепов Б.Б. «Темірбек Жүргенов және Орта Азия мемлекеттік университеті. // Тағылым. №1-2, 2013.

5. Т. Жүргенов «1916 жылғы қазақ көтерілісінде қала мен ауыл арасындағы наразылық», // Еңбекші қазақ, 1926, 30 қыркүйек.

6. Т. Жүргенов «Об организации казахского госуниверситета», Советская степь, 1927, 22 апреля.

7. Т. Жүргенов «Мектептің түрі, тілі туралы» // Еңбекші қазақ, 1927, 7 наурыз.

8. Т. Жүргенов «Акыны и жыршы Казахстана // Красная газета. 1936, 16 мая.

9. Т. Жүргенов «Политэкономика». Кзыл-Орда, 1928.

10. Оразбақов А.Ж., Енсепов Б.Б., Ибраев У.С. «Темірбек Жүргеновтің Тәжік еліндегі қызметі. // Сыр бойы, 2014 жыл, 22 наурыз.

11. Иманғалиев Б.С. Темірбек Жүргенов (зерттеулер, мақалалар, құжаттар жинағы), Алматы 2012, 439-б

Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
doc
05.02.2019
1276
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курс саны 12