Материалдар / Тиімді сұрақтар қою арқылы оқушылардың ойлау дағдыларын дамыту.

Тиімді сұрақтар қою арқылы оқушылардың ойлау дағдыларын дамыту.

Материал туралы қысқаша түсінік
Бастауыш сынып мұғалімдері оқушылармен жұмыс жасау кезінде қолдану мақсаты мен құрылымына қарай "ашық", "жабық", "қарапайым", "альтернативті", "шығармашылық", "риторикалық", "жетелеуші" т.б. сұрақтар туралы түсіндіре отырып, мұғалімдерге бұл материалдың үлкен көмегі тиетініне сенімдімін.
ЖИ арқылы жасау
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады

Абденова Умыт Нуртаевна

бастауыш сынып мұғалімі

«Баянауыл ауданы білім беру бөлімінің

Бірлік жалпы орта білім беру мектебі»

коммуналдық мемлекеттік мекемесі



Тиімді сұрақтар қою арқылы оқушылардың ойлау дағдыларын дамыту.


«Дұрыс сұрақ қоя білу – ақылдың немесе көрегендіктің маңызды және қажетті белгісі.Сұрақ өз бетінше мағынасыз болып, пайдасыз жауапты талап етіп тұрса, ол адамды мағынасыз жауап беруге итермелеп, оны сәтсіздікке ұшыратады...» И.Кант


Екі адамның тілдесуі барысында қажетті ақпаратты алу бірден іске аспай жататын жағдайлар бәрімізге мәлім және ондай жағдайлар жиі кездесіп жатады.Әсіресе мұндай жағдайларға мектеп қабырғасында үнемі куә боламыз. Мұғалім қойған сұрақты оқушы дұрыс түсінбей, оқушының берген жауабына мұғалім қанағаттанбай, бір – біріне ренжіп жатқан жағдайлар аз емес. Сондықтан осындай жағдайларды болдырмас үшін түрлі тәсілдерді қолдануға тура келеді.

Сұрағын дұрыс қоя білген адам түрлі мақсаттарға жете алады: сұхбаттасын қызықтырып, өзіне қажетті ақпарат беретіндей деңгейге жеткізеді; сұхбаттасын белсенділендіріп, монологтан тиімді диалогқа ауысады; ақпарат алу үдерісін өзіне қажетті бағытқа бағдарлайды; тілдесу барысында басымдылыққа ие болады. Сұрақтар арқылы адам белгісіздікті айқындап, мәселенің шешімін ізденуге бел буады, яғни, дұрыс қойылған сұрақтар арқылы мұғалім оқушылардың іздене білу қабілеттерін дамытуға ықпал етеді. Алисон Кинг айтқандай, «ойлай алатын адам сұрақ та қоя алады», демек, кейбір мұғалімдер оқушылардың қойған сұрақтары арқылы олардың ойлау қабілеттерінің деңгейін анықтай алады. Білім алу барысында оқушыларды сұрақ арқылы белсенді диалогке түсуге ынталандырып, коммуникативтік дағдыларын қалыптастыру, іздену арқылы кез келген мәселені шешу жолдарын табуға үйрету қажет.

Сұрақ – біліп-танудың бір тәсілі деуге болады, өйткені сұрақ қою арқылы біз жаңа ақпараттарды анықтап, білімімізді толықтыруға тырысамыз, өзімізді қызықтырған ақпаратқа ие болуға ұмтыламыз, бір – бірімізбен диалогқа түсеміз. Диалог «сұрақ-жауап» үлгісі бойынша іске асырылып, алынған ақпарат арқылы белгілі бір мәселені шешумен аяқталады. Сондықтан осы мақсатқа жету үшін сұрақ қоятын адамның «қоржынындағы» сұрақ түрлерінің жиынтығы неғұрлым бай болу керек.

Сынып ішінде қойылатын сұрақтарды екі үлкен санатқа бөлуге болады: оқушылардың білімдерін анықтауға бағытталған сұрақтар (демонстрациялық сұрақтар) және оқушылардың ойлау қабілеттерін айқындауға бағытталған сұрақтар (түсініктемелік сұрақтар):

  1. Оқушылардың білімдерін анықтауға бағытталған сұрақтар қарастырған мәселеге қатысты оқушының негізгі білімдері мен түсініктерін анықтауға арналған. Бұл жағдайда оқушының жауабы мұғалімге алдын ала белгілі болып, оқушы осы сұраққа қатысты өзі алған білімін көрсете алады, яғни, бұл санатқа «жабық» сұрақтар жатады. «Жабық» сұрақтар «кім?», «не?», «қашан?», «неше?» деген сөздерден басталып, адамнан нақты, қысқа бір жауапберуді талап етеді (...нені білдіреді?, ...қашан болды?, ....кімдер қатысты?). Бұл сұрақтар сонымен қатар жауап берушіден «ия» немесе «жоқ» деген жауап беруді көздейді: «Сен Астанадан ұшақпен келдің бе?», «Бір жылда неше мезгіл бар?» т.б.

  2. Оқушылардың ойлау қабілеттерін айқындауға бағытталған сұрақтар оқушылардан жауап беру барысында өздерінің жеке пікірлері мен түсініктемелерін білдіруді талап етеді. Сондықтан бұл санатқа «ашық» сұрақтар жатады. «Ашық» сұраққа берілетін жауаптың саны белгісіз. Сонымен қатар бұл сұрақ жауап берушіден өз пікірі мен көзқарасын білдіргенін көздейді, адамнан түсініктеме беруді, ойлануды талап етеді. Бұл сұрақтар «неге», «қалай», «не үшін», «Сіз қалай ойлайсыз», «...туралы не ойлайсыз»?» т.б. сөздерден басталады. Мысалы, «Сіздің пікіріңізше, ол кейіпкердің мінезі қандай?», «Ол неге бұл әрекетке барды деп ойлайсыз?» т.б. «Ашық» сұрақтарды қолдану барысында оқушының жауабы мұғалімге алдын ала белгілі болмауы мүмкін, бірақ бұл сұрақтың түрі оқушының болжам жасау, дәлелдеу мен талдау, жинақтау қабілеттерін дамыту үшін өте тиімді болады.

Сонымен қатар оқушылармен жұмыс жасау кезінде қолдану мақсаты мен құрылымына қарай мұғалімдер сұрақтардың басқа да түрлерін қолданады:

  • Қарапайым сұрақтарға жауап беру кезінде оқушылар белгілі бір ақпаратты еске түсіреді, қайталайды, яғни, бұл сұрақтарды танысқан материалды қаншалықты меңгергенін, есте сақтағанын анықтау үшін қолданған тиімді. Сұрақтың бұл түрі дәстүрлі бақылау кезінде қолданылады: сынақ, тест, терминдік диктант.

  • Альтернативті сұрақ – берілген екі салыстырманың тек біреуін нақтылауды ұсынатын сұрақ түрі (Бұл ақ па, әлде қара ма?) Бұл сұрақтың түрін қолданған кезде оқушыға дұрыс жауаптың бағыты ұсынылады, оқушы соның ішінен дұрыс жауапты таңдай алу керек. Мысалы, «мына сөйлемдегі «ғасыр» сөзі бастауыш па, баяндауыш па?» немесе «адамның дене мүшесіндегі асқазан қорыту қызметін, әлде тазарту қызметін атқара ма?»

  • Шығармашылық сұрақтар оқушыларды ерекше шешім білдіруге, болжам айтуға итермелейді, шығармашылық ойлау қабілеттерін дамытуға ықпал етеді. Басқа адамның кейпіне ене білу, бір мәселеге қатысты түрлі көзқарас білдіре алу, болжам жасауға жақын болу, барлығына белгілі заттарға жаңа қолданыс таба білу сияқты дағдылар адамның шығармашылық ойлау қабілетіне жатады. Сондықтан мұғалім өз сабағында осы сұрақтың түрін қолдана отырып, аталған дағдыларды қалыптастыруға ықпал етеді. Әдеттегідей, бұл сұрақтарда «егер» деген сөз қолданылады: «Егер сен сол көтерілістің басқарушысы болсаң, қандай әрекет жасар едің?», «Егер сол оқиға біздің заманымызда болатын болса, немен аяқталар еді деп ойлайсың?», «Егер бөлшектер болмаса, адамдар қалай есептер еді?», «Жалғаулар болмаса адамдар қалай сөйлер еді?» т.б.

  • Риторикалық сұрақ – тыңдаушының ерекше назарын аудару үшін не эмоционалдылықты баса көрсету үшін болымды не болымсыз сөйлемге сұрақ формасын беру.

  • Нақтылаушы сұрақ – болжамның немесе берген жауаптың ақпаратын нақтылау үшін қолданылады. Нақтылаушы сұрақ қояр алдында міндетті түрде белсенді тыңдалым болу қажет. Белсенді тыңдалым барысында мұғалім жауап берген оқушымен психологиялық байланыс орнатуға тырысады, оның айтқан жауабына ерекше қызығушылық танытады, оқушының жауабы мен өз ойының арасындағы байланысты табуға ұмтылады және оқушыға кері байланыс орнатады.

  • Жетелеуші сұрақтар – белгілі мәселе бойынша оқушының білім – біліктілігін жетілдіруге, өзін реттеуге көмектесуге бағытталады.Бұл сұрақтың түрі арқылы оқушыны қарастырған мәселе бойынша толық, нақты жауап беруге жеткізуге болады. «Бұл мәселеге тағы мына қырынан қарасаңыз қалай болады?», «Айтқаныңыз, әрине, дұрыс. Бірақ оның тағы қандай себебі бар деп ойлайсыз?», «Жауабыңызды тағы да қандай дәлелдемелермен толықтырар едіңіз?»

  • Бағалаушы сұрақтар – қарастырған мәселеге, оқиғаға, айғақтарға т.б. баға берудің өлшемдерін анықтауға бағытталған сұрақтар. Яғни, бағалаушы сұрақтар оқушының ойлау қабілетінің эмоциялық жағына әсер етеді. Көп жағдайда адамдар бір оқиғаға болсын, құбылысқа болсын алдымен эмоциялық сезім қалыптастырып, содан кейін ғана оны саналы түрде қабылдаймыз. Егер жаңа ақпарат адамның ішкі дүниесіндегі жағымды ассоциациялармен байланысты болса, білім алушы ол ақпаратқа сенім білдіріп, тез қабылдайды. Сондықтан балаға жас шағынан бастап оның ойлау қабілетіне әсер ететін эмоциясына есеп беруді үйреткен дұрыс. Оқыту үдерісінде бұл қызметті бағалаушы сұрақтар атқарады. Қарастырған мәселелер мен оқиғалар, деректер мен адамдарға қатысты оқушы өзінің қарым қатынасын сезіне отырып, ойлау қабілетіне зор ықпал ететін бейнелерді сыртқа шығарады. Осыған байланысты мұғалім «Осы оқиға қандай сезім тудырды?», «Осы кейіпкердің әрекетіне деген көзқарасың қандай?», «Мына затқа қарағанда, ана зат қаншалықты пайдалы?», «Анадан мынаның қандай артықшылығы бар?», «...қандай тиімді жақтары бар?», «Осылардың қандай айырмашылықтары бар?» «...қандай тиімді жақтары бар?», «Осылардың қандай айырмашылықтары бар?» сияқты сұрақтарды қолдана алады.

  • Практикалық сұрақтар білім алушыларды алған теориялық білімдер мен тәжірибе арасындағы байланысты орнатуға, ұштастыруға үйретеді. «Күнделікті тіршілікте диффузияны қайдан көруге болады?», «Айналадан конус тәрізді қандай заттарды атап бере аласыздар?», «Өзің сол кейіпкердің орнында болсаң не істер едің?» т.б.

Жақсы сұрақ қою үшін бізге не қажет?

Сабақ барысында қойылған сұрақтардың саны емес, сапасы мен құндылығы маңызды. Мысалы бастауыш сынып оқушыларына сабақтың басында қойылған сұрақтар: «Қоршаған орта деген не?», «Табиғатқа не жатады?», «Жанды табиғат деген не?» яғни, жаттанды ақпаратты қайталауға бағытталған сұрақтар. Бір сабақтың көлемінде қойылған қырық бір сарынды сұрақтың мұғалім үшін де, оқушы үшін де қандай пайдасы болғаны? Оның пайдасы шамалы болса, оны не үшін қойғанымыз? Сондықтан сұрақ қояр алдында мұғалім өзіне «Менің қолданайын деп отырған сұрағымның сапасы қандай?» деген сауалды өзіне жиі қою қажет. Сыныпта сұрақ қою үлгісі негізінде «сұрақ -жауап –кейінгі әрекет» нысаны бойынша іске асырылады. Мысалы, мұғалім «Зат есім дегеніміз не?» десе, оқушы «Зат есім дегеніміз сөз табы» деп жауап береді. Мұғалім «Дұрыс» - деген үлгісі бойынша қолданылған сұрақтар мұғалімнің басымдылығын көрсетіп, оқушының білім алуына ықпал етуі шамалы болмақ. «Бұл модель сыныпта бастама жасайтын және де оны бақылап отыратын адам мұғалім болатын жағдайларын көрсетеді». Өйткені, оқушы механикалық түрде жаттаған мәліметті қайталап отыр. Оқушы тарапынан ешқандай танымдық белсенділік байқалмайды, бұл модельдегі сұрақтар оның ойлау қабілеттерінің дамуына ықпал етпейді. Осыған байланысты сабақта қойылған сұрақтардың жауаптарынан кейін мұғалімнің әрекеті «Неге?», «Оған қандай дәлелдеме келтіре аласың?», «Басқаша түсініктеме беруге бола ма?» деген сұрақтар арқылы оқушының ойлау қабілетін дамытуға бағытталғаны дұрыс болады. Осы күнге дейін оқушылардың арасында қалыптасып қалған пікір – әр сұрақтың дайын дұрыс жауап болу керек және олар, барлығын жаттап алса, ол сұрақтарға жауап бере алатыны. Сондықтан да оқушы сұраққа жауап бере алмай қалған жағдайда оның өзіне деген сенімсіздігі пайда болып, жауап беруде қорқыныш сезімі туындайды. Білім алуға кері әсерін тигізетін бұл жағымсыз қасиеттерден оқушыны құтқару қажет. Ол үшін мұғалімнің сабақ барысында сұрақтарды қолдануына байланысты кейбір жағдайларды естен шығармағаны дұрыс болар. Ендеше сұрақ қоюда мұғалім қандай жағдайларды ескеру қажет?

Жалпы ұсыныстар.

Сұрақты балық аулайтын қармақпен салыстыруға болады:қармаққа балық ауланса, сұрақ арқылы түрлі идеяларды іліп шығаруға болады, жақсы сұрақтың , идеялардың, қызықты жауаптардың кепілі. Сондықтан әр мұғалім өзінің сұрақ қою шеберлігі туралы жиі ойланып, сұрақ қояр алдында келесі мәселелерді ойдан шығармаған дұрыс болар: сұрақты қандай мақсатпен қоясыз? Қойған сұрағыңыздың сапасы қандай? бір сабақтың көлемінде сұрақтарды түр-түрімен мақсатына қарай орынды пайдалануды жоспарлай отырып, («Табиғатқа не жатады?», «неге оны жанды табиғат дейміз?», «Қоршаған ортаны қалай бөлер едіңіз?», «Табиғат не үшін қажет?» т.б.) ашық сұрақтарды көбірек қолдану қажет.

Сұрақтың ашық немесе жабық болуы сұрақтардың өзіне емес, мұғалімдердің сұрақты сұрау себебіне байланысты болуы мүмкін. Мысалы, «Аспанның түсі қандай?» сұрағы ғылым сабағында жабық сұрақ болып, өнер сабағында ашық сұрақ болуы мүмкін.

  1. Келесі мұғалімді ойландыратын мәселе: «Сұраққа жауап беру үшін оқушыларға ойлануға жеткілікті уақыт берілді ме?». Себебі, асықтыру жауап берушіні сәтсіздікке ұшыратады: ойлары шашыраңқы болады, жауап толық немесе дұрыс болмайды. Керісінше жауап берер алдында ойлануға берілген уақыт оқушыға нақты жауап беруге, өз ойын жинақтап жеткізуге, өз кемшілігін жоюға, жауап беруге оқушыларды толық тартуға мүмкіндік береді. Сондықтан шебер ұстаз бұл мәселелерді есінен шығармауға тырысады.

  2. Сұрақтарды түр-түріне қарай орынды пайдалана білген дұрыс. Мысалы, сабақ барысында оқушылардың белсенділігі немесе қызығушылығы төмендей бастаған кезде бағалаушы сұрақтарды қолданған тиімді. Сонымен қатар оқушының айтылған ақпаратқа, сабақ үстінде болған жағдайларға, қарастырған оқиғалар мен құбылыстарға қатысты эмоциясын байқаған кезде де осы сұрақтың түрін қолданған пайдалы. Себебі бұл сұрақтың түрі оқушының жеке көзқарасы мен пікірін, бағасын білдіруге бағытталғандықтан оны ынталандырып, білім алу үдерісіне үңілуге жағдай жасайды. Бірақ бағалаушы сұрақтарды сабақ үстінде тым жиі қолданудан аулақ болу керек, өйткені бала тұрмақ ересек адамдар үшін де өз эмоциясы туралы айтып, баға беру қиынға түседі.

  3. Кез келген сұрақты қойған кезде, бет қимылыңыз бен қойған сұрағаңызда сәйкестік болу керек. себебі оқушылар мұғалімнің сұрақ қою кезіндегі қимылдарына көп мән береді. Егер оқушыңыздың жауабы сізге ұнамағаны білініп тұрса, сұрағыңыз сәтсіздікке ұшырайды. Сондықтан қойған сұрағыңыздың түрі мен бет қимылыңыздың, ымдарыңыздың сәйкес келгені дұрыс болады.

  4. Білім алу үдерісінде оқушыларыңыздың сұрақтарды өздері қойғаны да өте маңызды. Сабақ барысында оқушылар бір – біріне сұрақ қою арқылы диалогке түсіп, коммуникативті дағдыларын дамыта алады. Осыған байланысты оқушыларға сұрақ қоюға үйрету мен сұрақ қою дағдыларын дамыту мәселелері бойынша көбірек жұмыс жоспарлау қажет.

  5. Сонымен қатар сұрақтарыңыз оқушы үшін пайдалы болып, мұғалім үшін тиімді болу мақсатында белгілі бір ережелерге сүйенген дұрыс.

  • Сұрақты қояр алдында , мақсатыңызды анықтап алыңыз.

  • Сирек қолданылатын терминдер мен түсініксіз сөздерді пайдаланбаған дұрыс.

  • Сұрақ нақты болуы қажет.

  • Қойылатын сұрақ шұбырмай, қысқа түрде болғаны дұрыс.

  • Сұрақ ойға қонымды болу керек.

  • Қажет болған жағдайда сұраққа түсініктеме беруге болады,бірақ сұрақтың өзі ықшам болу керек.

  • Сұрақ бір сарынды, дағдылы жауаптарды болдырмау керек.

  • Мұғалім өз дегеніне келтіретін сұрақ қоймау керек.

  • Сұрақ жауап берушіні қажетті жауапқа мәжбүрлемеу керек.

  • Оқушылардың білімдерін анықтау сұрақтары мен оқушылардың ойлау қабілеттерін айқындайтын сұрақтарды қоюды меңгеріңіз.

  • Сұрағыңызды қойған соң, оқушылардың түсінгеніне көз жеткізіңіз.

Осы аталған ережелерді сақтау мұғалімге оқушылардың білім алуына деген қызығушылығын жоғарылатып, олардың берген жауаптарының сапасын арттыруға ықпал ете алады. Сұрақ қою кезінде жіберілетін кейбір кемшіліктерді жібермеуге, болдырмауға тырысу қажет. Сонымен қатар оқушылардың білімдерін тексеруде тым жиі қолданылған маңыздылығы шамалы сұрақтар да қажетті нәтиже бермеуі мүмкін. Мысалы, «Түсіндіңдер ме?», «Сұрақтарың бар ма?», «Осылай деп ойлайсыңдар ма?», «Менімен келісесіздер ме?» деген сұрақтардың тым жиі қолданылуы оқушылардың сұрақ маңыздылығына деген көзқарасына теріс ықпал етуі мүмкін. Сондықтан оларды қолдануда абай болғаны дұрыс болар.

Қорытындылай келе сұрақтар қоршаған орта туралы хабардар болу үшін өте қажет. Сондықтан сұрақ қоя білетін адам сұрақ қоя алмайтын адамға қарағанда қоршаған ортаға жылдамырақ бейімделеді. Себебі, ол тиімді сұрақтар арқылы қажетті ақпаратты тез жинап, қажеттісін нақтылап, білмегенін лезде анықтап алуға қабілетті. Осыған байланысты мектеп мұғалімдері оқушыларының бойына өмірде өте қажетті – сұрақ қоя білу дағдыларын мектеп қабырғасында қалыптастырғаны дұрыс. Ағылшын психологы Генри Форд: «Сұрақтары бар адамда ғана білім болады», - дегендей сұрақты көп қоятын оқушыларды қолдаңыздар және сұрақтарды қоюға ынталандырыңыздар. Себебі, сұрақ қою техникасын жақсы меңгерген бала келешекте кез келген жағдайда тиімді сұрақ қоя біледі, яғни, сұрақ қою арқылы туындаған мәселені шешу жолын тез таба біледі.








Пайдаланылған әдебиеттер.

  1. Алимов А.Қ. Интербелсенді әдіс – тәсілдерді қолдану. – Алматы, 2015.

  2. Мұғалімге арналған нұсқаулық. Үшінші (негізгі ) деңгей.

  3. Рысбаева А.Қ., Қулмышева Н.А., Исмаилова А.Т., Түнғатова Н.Ә. Білім алушылардың оқу – танымдық іс – әрекеті табыстылығын интерактивті оқыту арқылы қалыптастыру/Оқу – әдістемелік құрал. – Алматы,2010.

  4. Яковлев Н.М, Сохор М.А. Методика и техника урока в школе. – М.1985.

  5. Абдуллина Г. Интерактивті оқыту таным белсенділігінің қазіргі бағыты.-Ұлт тағылымы, 2009, №2.




ЖИ арқылы жасау
18 Ақпан 2018
20434
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі