Материалдарды шектеусіз жүктеңіз ҚМЖ, ашық сабақтар, презентациялар, көрнекіліктер, дидактикалық материалдар, авторлық бағдарламалар және тағы басқа 400 000-астам материалды шексіз жүктеп алғыңыз келе ме?
Толығырақ
Толығырақ
Тақырып бойынша 11 материал табылды

Төлен Әбдікұлының прозасындағы адам болмысы мен рухани құндылықтар мәселесі

Материал туралы қысқаша түсінік
Төлен Әбдікұлының прозасындағы адам болмысы мен рухани құндылықтар мәселесі көтерілетін болады.
Материалдың қысқаша нұсқасы

Төлен Әбдікұлының прозасындағы адам болмысы мен рухани құндылықтар мәселесі

Талантты жазушы Төлен Әбдікұлының қаламгерлік қасиеті туралы айтқанда, оның екінің бірі батылы бара бермейтін өткір әлеуметтік мәселелерді қозғайтындығын және нені жазса да, биік парасаттылықпен терең зерттеп, жеріне жеткізе жазатындығын жете сезіне білуіміз керек. Қиялы ұшқыр суреткердің өзіндік қолтаңбасы аз жазса да саз жазатындығымен, сөйлемдер қысқа әрі нұсқа болып келетіндігімен ерекшеленеді. Бұл жайында жазушы Дулат Исабеков: «Жалпы Төлен бұрқыратып, жазған жігіт емес. Әлі күнге шейін сол ырғағын сақтап келеді», - деп өте орынды айтқан [3]. Ол қай мәселені қозғаса да, қай уақыттың шындығын жазса да, өмірлік, адами проблемаларды алға тартқандығымен көзге түседі.

Төлен Әбдікұлының шығармашылығы бүгінгі заман шындығын арқау еткен. Ішінде кеңес дәуірінің шындығын, әсіресе 1930-жылдар аумағында өткен тарихи, әлеуметтік-саяси оқиғаларды («Әке» повесі, «Өліара» романы) т.б. суреттейтін туындылар бар. Бір ерекшелігі, жазушы қай кезеңнің оқиғаларын арқау етпесін, алдымен адам тағдырын, оның тыныс-тіршілігін, өмірдегі күрес-тартысын, әлеуметтік ортадағы әрекетін, қоғамдағы алар орнын тереңнен аршып танытуға мақсат етеді.

Жазушы адам мен қоғам, адам мен әлеумет қатынасын әрдайым басты назарда ұстайды. Әрқилы тағдыр иелері өздерінің арман-мұңымен, қасірет-қайғысымен, қуаныш-ренішімен бой көрсетіп жатады. Осы қатардағы қарапайым жандардың қоңыр тіршілігінің өзінен заман шындығын, уақыт бедерін танып, таразылауға тырысады. Жалпы, жазушы күнделікті өмірдегі кейіпкерлерді көрсете отырып, заманымыздың ауқымды шиеленістерін, философиялық тұрғыдан саралаған. Қаламгердің күнделікті тұрмыс көріністері арқылы заманымыздың ауқымды рухани шиеленістерін философиялық тұрғыдан саралаған осындай туындыларының бірі – «Қонақтар» әңгімесі. Бұл шығарма - сырттай қарағанда қарапайым ғана ауыл өмірі мен қаладан келген баланың қысқа үзік сапарын суреттегенімен, ішкі қатпарларында адам болмысының трагедиясы мен қоғамның рухани дағдарысын жасырған терең пәлсапалық туынды. Жазушы мұнда Ерғабыл шалдың таусылмас мұңы мен Сапабектің ұшқалақ жетістігін бетпе-бет келтіре отырып, заманауи қоғамның ең ауыр дертін – ұлттық код пен рухани құндылықтардың алмасу сәтін дөп басады.

Егер Ерғабыл шалдың болмысы өткен күннің, ата-баба аманатының және байырғы тұрмыс ырғағына адалдықтың жанды символы болса, заманның жаңа кейпі – Сапабек пен оның отбасы. Сапабек – оқыған, геология ғылымының биігін бағындырған, табысты адам. Бірақ оның бойында құрғақ интеллект пен материалдық мақтаныштан басқа рухани тереңдік атымен жоқ. Оның туған үйіне келіп, әкесімен сырласудың орнына, «югославиялық коньяктың бұрандалы тығынын» дәріптеп, жер астындағы тастардың құнын айтып әлек болуы – рухани ұсақталудың көрінісі. Жетіге келген өз ұлы Жеңістің атасымен қазақша тілдесе алмайтынына қынжылмай, келіні Томаның ана тілін білмейтініне мақтанғандай риза кейіппен жымиуы – бүгінгі қоғамның тамырынан үзіліп бара жатқанының нақты сипаты. Ерғабыл қарттың: «Сонда бұлар кім үшін туған? Кімге керек сонда бұлар?» деген сауалы – тек Сапабекке емес, жаһандану екпінімен ұлттық ділінен, отбасылық құндылығынан айырылып жатқан бүкіл қазіргі қоғамға қойылған ауыр сыни үкім іспетті.

Жазушы Т.Әбдікұлының қаламгерлік даралығына оның шығармаларында өмірдің әр құбылысын, оқиғасын бірқалыпты, аспандатпай беруі, қаһармандардың диалогы, монолог арқылы олардың жан әлемін жарқырата аша отырып болмыс-бітіміне үңілуі, ұлттық болмысқа тән алуан түрлі қасиет-сипаттарды әндете зерттеуі жатады дегіміз келеді. Қаламгер Т.Әбдікұлы барлық шығармаларында дерлік тарихи зердеге барлау жасап отырады, сол арқылы кешегіні бүгінгімен, бүгінгіні ертеңімен тығыз байланыста, бірлікте қарауға ұмтылады.

Т.Әбдікұлы шығармаларының көркемдік ерекшеліктері, тақырып талдау, кейіпкер психологиясын ашу, сөз саптау, сюжет құрау, бір сөзбен айтқанда, «жазушылық стилі қандай?», «өзге әріптетерінен озған не кемшін түскен тұстары бар ма?» деген мәселелерге тоқталмақпыз.

Әдебиеттану ғылымындағы стиль – аса кең мағынадағы ұғым. Сонау XIX ғасырдағы А.Потебня, А.Веселовскийлерден бастап, көтерілістен кейінгі, яғни, ХХ ғасырдың 1920-30 жылдарында жазылған П.Сакулин, А.Белецский, В.Жирмунский, В.Гофман, М.Рыбникова еңбектері, сондай-ақ 1950 жылдардан бері дүниеге келген В.Виноградов, Д.Лихачев, М.Бахтин, А.Чичерин, В.Днепров, М.Храпченко, Г.Поспелов, А.Соколов, Р.Будагов, В.Ковалев, А.Тимофеевтердің зерттеулері бұл ойымызға дәлел бола алады. Орыс әдебиетінде ұзақ жылғы ізденістерді қорытындылап, тұжырымдаған іргелі еңбектер де жарыққа шыққаны хақ.

Стиль – жазушының шеберлігін, талантын дәлелдейтін үлкен көрсеткіштің бірі. Сонымен бірге стильдің оқырманмен байланысты жағы да бар. Өзіндік стилі жоқ ақын мен жазушы шынайы шығарма бере алмайды, өзінің оқырманын да жаулай алмайды.

Жалпы, көркем әдебиеттегі стиль мәні, сипаты, ерекшеліктері жайлы зерттеулердің түп-төркініне үңілсек, олардың бастау алған уақыты сонау көне дәуірге, ерте грек мәдениетіне барып тірелетінін байкау қиын емес. Ерте замандардан бастап, бүгінге дейін зерттеу объектісіне арқау болып келе жатқан «стиль» ұғымы өзінің күрделілігін ғана емес, сонымен бірге оны зерттеуші-ғалымдардың да әр дәуірде, әр заманда әр қырынан алып зерттеп, үнемі өсу үстінде, даму, кемелдену үстінде болып келе жатқандығын да көрсетсе керек. Өмірдің бір қалыпта тұрмайтындығы сияқты зерттеу еңбектері де үнемі жаңғырып, жаңарып, жаңа ой, тың тұжырымдар жасауға бейім тұратыны белгілі.

Бұл арада төселген шеберлік пен жазушылық стильдік ерекшелігіне М.Әуезов талғамымен баға берген жөн. М.Әуезов стиль хақында: «Әдебиеттегі ұлттық түр мәселенің бір іргелі үлкен мәні – стиль. Теңеу тілі, әр алуан көркемдік шеберлікпен келетін сөз кестесі түгел келіп жазу стилін қалыптайды. Әдебиеттің ұлттық ерекшеліктер жайын атағанда, тіл бұл стильдің өзі емес, құралы, қоры ғана. Екінші бір стиль – сөздік, ақындық теңеу кесте мағынасынан басқа екінші мағынаны және тудырады. Ол – ұлттық мінез бейне жасаудың стилі», - деген екен [4].

Қазақ әдебиеттану ғылымындағы көрнекті ғалым З.Қабдолов: «Нағыз пейзаж – поэзия! Характер! Адам! Неге десеңіз, адамның қабылдауының сезіну түйсінулерінен, көңіл-күйінен тыс табиғат суреті – пейзаж жоқ! Пейзаж жазушының стилін де белгілейді. Ал, стиль – адам» [5] десе, профессор Р.Нұрғалиевтің пікірінше, «...әдеби ұғымдағы стиль – ең алдымен эстетикакалық категория. Стиль жазушының авторлық мұратымен, эстетикалық идеалымен жанды түрде байланысып жатыр. Өйткені көркемдік процесте механикалық сипат жоқ» [6].

Егер стиль дегеніміз өзі кез-келген қаламгердің ешкімге ұқсамас даралық қасиеті десек, Т.Әбдікұлына тән стильдік сипаттар қандай?

Ең алдымен, жазушы жақсылық пен жамандықты негізгі объект етіп ала отырып, адами, рухани құндылықтарды жоғары қойып дәріптейді. Суреткерге тән негізгі қасиет – шығармаларына психологиялық, лирикалық сарындармен қатар, философиялық ой дарыту басым. Яғни, оның қаламынан туған шығармалар философиялық астарларға бай. Сондай-ақ асқынған дрматизм, трагедиялық тағдыр, жаратылысы қызық характерлер ұтымды көрініп отырады. Мысалы, Т.Әбдікұлының ең алғашқы шығармаларының бірі «Оң қол» әңгімесін алайық. Адамның екіұдай күй кешуін, оның ішкі өңірінде мүлгіп жатқан әлдеқандай беймәлім күштердің бас көтеруін суреттеген қаламгерлеріміздің бірі – Төлен Әбдіков. Адам жанының осындай екіұдай күйін ол «Оң қол» әңгімесінде – «ішкі тұлғаның екіге жарылуы» деп атапты. Оқырман қауымды әңгіме тігісін түгендеп отыруы үшін оның мазмұнымен қысқаша таныстырсақ: «...Март айының аяқ кезінде бізге жасы он жетілер шамасындағы бір қыз түсті. Қабылдау үстінде ата-анасы қыздың өзін-өзі бірнеше рет қылқындырып, өлтірмек болғанын айтты. Маңындағылары аман алып қалған. Ал қыздың өзі мүлде басқаша баяндайды. Ол маған қастандық жасаған – мынау, бұл менікі емес, мүлде бөтен қол, мені өлтіргісі келіп жүр, - деп өзінің оң қолын көрсетті. Бізде мұны ішкі тұлғаның екіге жарылуы деп атайды... Яғни, бір дененің ішінде екі түрлі жан иесінің кезектесіп, не қатар өмір сүруі». Оң қолдың қапелімде бас салып, Алманы тұншықтырып, өлтіремін деп тырысатын сәтін автор реалистік тұрғыда суреттейді. «Мен палатаға кіргенде Алма кереуетте жатыр екен. Оң қолы кеңірдегін тас қылып қысып алған. Сол қолымен жанталасып айырмақ болады. Сестра екеуміз оң қолға қатар жармастық. Қолын қайырып кереуеттің астына апарғанда, түрі көкпеңбек болып кеткен Алма көзін ашты. Тұла бойы қалшылдап, көпке дейін өзіне-өзі келе алмады...». Жазушы Төлен Әбдікұлының шығармаларының бірден-бір ерекшілігі, жеке адамның санасындағы, ойлау жүйесіндегі сан алуан сезімдік, психологиялық философиялық құбылыстарды, сана қозғалысының пластикасын беру мен жан диалектикасын монологқа, ой ағымына, түс көруді талдауға және психологиялық сыртқы детальдарға (ым мен ишараттарғағ іс-әрекеттегі, дауыс ырғағындағы, порттегі физиологиялық, физиономиялық, сезімдік құбылыстарға) да көңіл бөлген. «Оң қол» әңгімесінде кейіпкер – Алманың түсі арқылы автор адам санасында үздіксіз жүріп жатқан процесті, үрей мен қорқынышты, өмір мен өлім арасындағы арпалысты, жан толғанысын тәкаппар, адал да, ерке Алма ұйқыға ене бастаса-ақ алқымына ұмтылатын оң қолдың опасыздық әрекеті тұқым қуалаған қауіпті сырқат, оны медицинада дененің екі жарылуы дейді, ал әдебиеттануда адм ішіндегі адам деген тәсілді жазушы тігісін жатқыза пайдалана білген. Шығарма сюжетін берудегі суреткер шеберлігі сондай, әңгімені оқып отырып, көз алдында өтіп жатқан кинолента куәгеріндей кейіпкерімен бірге қуанасың, бірге қайғырасың, бірге қорқасың. Жазушының кез келген туындысының кейіпкерлері сөз саптасынан бастап дүниетанымына дейін ерекшеленіп тұруымен оқшауланады.

Әңгімедегі оң қол – адам жанының иіріміндегі қайшылықтың көрінісі. Егер «Қаралы сұлуда», іштегі әзәзіл сезім ағысы бірте-бірте даму үстінде суреттелсе, бұл әңгімедегі оң қол – бірден беріле салған нақты шындық – ақиқат. Оң қол – Алманың, яғни, он жеті жасар сұлу да аққу жанды нәзік, қияли қыздың ерекше тағдыр иесі екендігінің көрінісі. Алма трагедиясы сонымен қатар адам жанының беймәлім сырларының ашылған тұсы. «Рас, үлкен бақытсыздық адамның өз денесінің өзіне жау болғаны... Әрине, үлкен бақытсыздық... Бірақ адамның өзіне-өзі жаулығы соншалық сирек оқиға ма? Сот залына барып айыпталған адамдардың қателіктерін тізіп көріңіз, бәріне де өздері кінәлі. Кісі өлтіруден бастап, ұрлық істеу, ақша жеу, арақ ішіп төбелесу, маскүнем болу, әйел зорлау, кісі балағаттау, содан кейін түрмеге түсіп, өмірін қор қылу өзіне-өзі жаулық емес, немене? Напелеонды құртқан Россия емес, ең алдымен, Напалеонның өзі емес пе? Адам бойындағы әзәзілді жаңағы оң қолдан несі кем?...». «Оң қолдағы» Алма өз бойындағы әзәзілдің (оң қолдың) темір құрсауына шыдай алмай жантәсілім береді. Өйткені оң қол – Алманың ықпалынан шығып, өз алдына тіршілік еткен (тұншықтыру) нақты күшке айналды. Бір жағынан, Алма бейнесі – сол кезеңнің, замананың, яғни, сұлулық, ізгілік, үйлесімділік секілді қасиет-құбылыстарды өзіне қажетсіз деп танып, денесінен сығып тастаған қоғамның, өркениеттің өзін-өзі тұншықтыруы. Өркениеттің тірелген тығырығы. Ақжүрек қаламгердің сол қоғамға, заманаға берген, шығарма үкімі.

Шығарманың кезінде үлкен жаңалық ретінде қабылданғаны белгілі. Ендеше, шығарма құнын асырған қасиеттер қандай десек, ол, ең алдымен, тақырып тосындығы болса, соған орай жазушы идеясының шығарма сюжетімен табиғи бірлік табуы дер едік. Әрине, бұл тек «Оң қол» әңгімесіне ғана қатысты ерекшелік емес. Т.Әбдікұлы шығармаларының барлығына дерлік тән қасиет. Тіпті, Төлен Әбдікұлы шығармаларының өзін ана тақырып, болмаса мына шындық, болмаса шетел тақырыбы деп бөле-жарудың да қажеті жоқ. Өйткені қайсы бір туындысын алмайық, өмірдің ең өзекті, аса зәру, аса ділгір мәселелерін көтергені анық. Олар тек жанрлық тұрғыдан және шығарманың сюжеті мен композициялық құрылымына ғана бөлек. Ал, автордың философиялық ой түйіні, алдыға қойған ұлы гуманизм – барлық шығармаларының алтын арқауы.

1960-1980 жылдардағы әдеби процесте қаламгерлердің көркемдік ізденістері көбінесе кейіпкердің жан дүниесіндегі тылсып сырлардың сырын ашуға ұмтылыстардан көрінгені белгілі. Ендеше, сол ізденістері жазушы шығармаларында да өз жемісін көрсетті. Суреткер сомдаған кейіпкерлердің қай-қайсысы болмасын өзіндік мінез, сөз, ой қайшылықтарымен ерекшеленеді. Сонысымен де олар оқыған адамның есінен кетпестей жатталып қалады [7].

Кейіпкер психологиясын, жан тебіреністерін суреттеп отырып-ақ автор адами құндылықтар мен адамгершілік қағидаларға философиялық астар береді. Міне бұл ащы да болса шындық. Шындықтың жүзіне тура қарау әрқашан да ауыр. Оны мойындау одан да қиын. Концепция автордың белгілі бір шығармада қолы жеткен табысы десек, «Қайырсыз жұма» әңгімесі де өзіндік табысымен келген, қазақ әдебиетінің төрінен ойып орын алуға лайық шығарма деп білеміз.

«Жаңалық ашу – демек бәріміз көріп жүргенді көре білу, бірақ осыған дейін ешкімнің ойына келмегенді ойлай білу» деген екен атақты венгр ғалымы А.Сент-Дьерди. Олай болса, Т.Әбдікұлының «Оң қол», «Ақиқат», «Парасат майданы», «Тозақ оттары жымыңдайды» атты шығармаларын осындай жаңалықтардың қатарында атап өту орынды. Әрине повестері туралы әңгіме бөлек. Әзірге бірер сөзбен түйіндер болсақ, көркемдік мәселесін социалистік реализм әдісінен іздеп, әдебиеттің партиялығы, таптығы тұрғысынан саралаған кешегі кеңестік кезеңнің өзінде бұл шарттылыққа бағынбаған Төлен әңгімелерінің өміршеңдігінің кілті де осында жатса керек.

Әдетте біз, жазушы өз заманының көзі мен құлағы деп жиі айтамыз. Сонымен бірге ол оның ары мен иманы да ғой. Сондықтан да ол өзінің өмірден көзімен көргендері мен естігендерінің ең мәнді, маңызды дегендерін өз ары мен иманының сүзгісінен өткізеді. С.Асылбекұлының зерттеулеріне қарап отырсақ, Т.Әбдікұлы тұстарының шартты түрде болса да, төрт салаға бөліп қарастырғанын көреміз. 1) Ауыл; 2) Қала; 3) Тарих; 4) Шет ел тақырыбы. Ендеше осы төрт сала, төрт тақырыпта да қалам тербеген Т.Әбдікұлының қадау-қадау дүниелері әдебиетімізде алыстан көзге ұрып, менмұндалап тұр. Дегенмен осы тақырыптардың ішінде алғашқы және әсіресе, соңғы салада өндіре жазып, сонысымен де қазақ әдебиетіне соны бір мазмұн, ерекше түр жаңалығын ендірген шығармаларына ерекше тоқталмақпыз. Олай болса, бірінші сөз, ауыл өмірі. Ауыл адамдарының болмысы. Повесть кейіпкері ерекше дарын-телепаттық қасиетке ие Роберт өз кәсіп-тіршілігінен жеру сезімі адм талантының дұрыс бағыт таппауынан деген ұғымнан бүкіл әлеуметтік өмірдегі қыруар әділетсіздіктерге көз жеткізу дәрежесіне дейін өседі. Қаһарман санасындағы күрт өзгерістің дүниетанымдық жаңалыққа ұласуы, осы құбылыс ақиқатқа, ал ақиқат ащы трагедияға айналғанын автор нанымды бейнелейді. Роберт өлімі ақиқатты тану үстіндегі белгілі бір сенім, көзқарастың жеңілісі ретінде түсіндіріледі. Шығарманың композициялық жинақылығына сай идеялық айқындықпен қаһарман жан-дүниесін ашудағы негізгі тәсілі – Роберт ойлары мен тебіреністерін оқиғалық желімен ұштастыру болған.

Ал, Г.Пірәлиева «Ақиқат» повесін Т.Әбдікұлының үздік шығармаларының бірі ретінде атап өтеді. Алайда туындының жанрлық анықтамасына, яғни повеске фантастика деп айдар тағылуы көңілге күдік тудыратынын айтады. «Себебі, көріпкелдік қасиеті ар телепат Роберттің кез келген адамның ішкі сырын, өзге түгілі өзіне де айта алмайтын арамза пиғылдарын және қай жерде қандай қылмыстық әрекеттер жасалып, олар кімнің қанды қолымен жүзеге асырылып жатқандығын үйде отырып-ақ болжап білуі фантастикаға жата ма?» дей келіп, оның солай аталуы тек жамылғы ғана екенін, ал шын мәнінде өмірдің нақ өзінен ойып алған шындық еді дейді. Шындығында адамдардың бәрі бірдей тең праволы деген тек сөз жүзіндегі принциптерге негізделген қоғамда коммунистік идеяларға жат пиғылдағы адамдарға (кейіпкерлерге) орын жоғы, тіпті болмайтыны да бесенеден белгілі болатын.

Ендеше Т.Әбдікұлының құрдасы, әрі әріптес досы, жазушы Қуанышбай Құрманғалиевтың мына бір пікірі өте орынды айтылған. «Жазушының араку тайпасынан шыққан «медицинаға» тұтас бір дәуір әкелген данышпан доктор Эдуард Бейкер мен әйгілі көріпкел, жындыханада жатып, ғылыми тәжірибе жасауға зорлықпен белгіленген Роберт сияқты шетелдік кейіпкерлердің шығарма желісіне арқау болуы бекер ме? Өз ортамыздан лайықты оқиға, сюжет таппаған соң алынған деуге ауыз бармайды. Бұл екі повесть біздің елде өмір шындығының өңін айналдырып, социалистік реализм қалпына салып қана жазудан қашқақтаудан туған туындылар. Жазушының ақиқатты айту үшін тапқан тәсілі. Бұл повестердегі оқиға өз елімізде – қазақ жерінде болды десе жарық көруі мүмкін болмайтын. «Капиталистік дүниені әшкерелеуге арналған» деген желеумен елеусіз шығып кеткен бұл туындылар тура шындықты – өз ортамыздағы шындықты айтуға арналғандығын енді ашық айтуымызға болар».

«Кісіге қиянат қылудың мың түрі бар», - Роберт саусақтарын бүгіп, қиянаттың қаншалықты екенін санай бастады. «Алдау, арбау, зорлау, сату, ату, тонау, тағы сондай-сондайлар... Ал қиянат қылмаудың бір-ақ түрі бар. – Роберт бір-ақ саусағын бүкті. – Ол – тек қиянат қылмау. Ендеше ізгілік жолы жіңішке, ізгілік әлсіз...»

Ендеше жоғарыда өзіміз мысалға келтірген үзінділерден нені байқаймыз. Ф.ғ.д. ғалым Г.Пірәлиева: «Кейіпкердің ішкі ойы осылай арнасынан асып-төгіліп жатады, әлгінде өзі айтқандай өзінің өміріне, мына тіршілікке қанағаттанбай арпалысады, жан азабына түседі. Ал әдеби шығармада қолданылатын «қанағатсыздық» сөзі, ұғымы монолог түрінде беріліп, кейіпкердің ішкі ойлау, толғау процесін тудыратын көркемдік компонент. Адамзатты не тіршілікте, не шығармашылықта тыныштық бермей үнемі арпалыс пен азапқа салып қоятын қанағатсыздық сезімі сөз өнерінде, әдебиеттануда да үздіксіз ойлау процесі, оқиғаға жанды қозғалыс, динамика, өмір беретін ең қажетті шеберлік тәсіл десе болады. Сондай-ақ мұнда ағыл-тегіл ой, сезім ағыны құрамында қарастырылатын «сенсорлық» (сезімді) әсер де сәтті қолданылған» деп, кейіпкер характерін ашуда сезімдік күйелер мен монолог, ой ағыны сияқты психологиялық әдіс-тәсілдердің сәтімен қолданылғанын атап өтеді.

Қандай халықтың, қандай ұлттың болмасын, рухани, мәдени, төлтума игіліктерін сол халық немесе сол ұлттың өзгеге бодан кіріптар болып тұрғанда талдап, зерделеу бар да, өз еркі өзіне тиіп, өз тізгініне өзі ие болғанда саралап, зерттеу бар. Халықтың, ұлттың рухани игіліктерін жасаушы тұлға – ақын-жазушы өзі ғұмыр кешіп отырған қоғамынан, сол қоғамның талап-тілегінен тыс тұра алмайды. Оған ұсынып, талап еткен міндеттерге сөзсіз мойынсыну, сол тілектерді құлшына, еш сөзге келмей білдіру, шыңғырған шындықты тұспалдап, ишаралап жеткізу бар. Әрине, міндеттің де міндеті болатыны белгілі. Тәуелсіздікті, сол тәуелсіздіктің маңызды да қаталған талап-тілектер бар, сонымен бірге сананы улап, рухты жаныштауға, мәңгүрттендіруге шақыратын талап-міндеттер болғаны ешкімге де жасырын емес шығар. Қаламгер Т.Әбдікұлы өз шығармаларының шынайылығымен, тазалығымен, өміршеңдігімен ерекшелетіні хақ.

Төлен Әбдіковтың прозалық шығармаларының жанрлық сипаты әр алуан болып келеді. Жазушының «Қайырсыз жұма», «Қонақтар», «Бас сүйек», «Оң қол», «Жат перзент», «Бір күндік ашу», «Көктерек», «Сәби туралы сыр», «Қарасын», «Қойшығұл», «Таласбай» және тағы да басқа әңгімелері, «Парасат майданы», «Әке», «Оралу», «Ақиқат», «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт», «Тозақ оттары жымыңдайды» аударма-повестері, «Өліара» романы бар.

Әдебиет атаулы қай кезде де ашық та, сыншыл көзқараспен қарап, адамгершілікті, ізгілікті дәріптеп келеді. Осынау өмірдегі тек қана ізгі қасиеттер мен жақсылық, зұлымдық пен жамандықтың күресін ғана емес, сол әлемде, үлкен кеңістікте өмір сүретін және адам баласының санасы жетуі мүмкін емес нәрселерде болатындығы туралы ой толғап, ешкім ешқашан жауап бере алмайтын «Неге?» деген бір сұрақтың төңірегінде қалам тартқан бұл прозаның көтерген жүгі қашанда ауыр. Себебі адам баласы қашанда өмірден бақыт іздеп жүреді. Бірақ ақиық ақын М,Мақатаев айтпақшы, адам бақытсыздыққа ұрынады. Сол сияқты ақылды, саналы адамдар санасыз, ақымақтарға аяп қарауын қоймайды, бірақ сол ақымақтан өзінің әлдеқайда бақытсыз екенін білмейді. Осындай сенгің келмесе де, шындық жағдайларды суреттер қандай суреткерге де болса ауыр. Бұл туралы белгілі қаламгер Ә.Кекілбаев Т.Әбдіков шығармашылығына баға берген «Адамстанға саяхат» деген мақаласында: «Өмірге сонау XVII-XVIII ғасырлардағы қалпынан көп өзгере қоймаған қазақы қырынан келіп, әдебиетке көркем ойдың ғарыштық биіктерін игере бастаған ХХ ғасырдың бел ортасында араласқан Төлен Әбдіков өзі білетін ұлттық болмысымызға өзі игерген жаңа дүние түйсіктік көзімен үңілуге тырысты. Сөйтіп, біз өмір сүріп жатқан ортаға атымен ұқсамайтын, атымен басқаша атымен жаңа дүние деген таптық ұғымды жоққа шығара бастады. «Өліара» мен «Әкеде» бұрын қызыл-жасылды қып, жалтылдата бейнелейтін Қазан төңкерісінің кезеңі беймаза қысқа тап болған бей-берекет қыр тұрмысының үйреншікті жадау иін, салпы етек, жыртық көкірек жадағай қалпында бейнеленді. Тығырыққа тығылып, дымы құрыған бидәрмен ахуалдағы қауым да «перілерсіз», «пайғамбарларсыз», өмірде қандай болса, дәл сондай қалпында қарастырылды. Оқтын-оқтын өзі қолдан жасаған зілзаладан өзі оңбай таяқ жеп, ойсырап жататын пенделер тауқыметінің қандай да болмасын асыра дәріптеу мен асыра табалауға лайықты еместігі жан-жақты ашылып, мұқият байыпталды»... – деп жазды. Шындығында да адам атаулы өзіне-өзі көр қазып жатқандай, өзін-өзі жерлеуге асығып, қоғаммен арпаласып жүргендей етіп көрсететін шығармалар осы жылдарда көбірек жазылды.

Интелектуалдық ізденіс деген де өте күрделі ұғым. Ол суреткерлік пен ойшылдықты, философиялық ой толғаудағы шынайылық пен нанымдылықты, өмірге деген көзқарас пен дүниетанымлағы диалектикалық тереңдікті және олардың табиғи бірлігін талап етеді. Бұндай шығармалар оқырманға да ауыр. Алайда әдебиеттің қызметі тек көңіл көтеріп, ермек ету ғана болмаса керек. Ол адам жанын зерттеуге эстетикалық ләззат беріп қана қоймай, сол ләззатты ала білуге үйретуге де міндетті.

Қазақ прозасындағы психологизм мәселелерін терең зерттеп жүрген ғалым Г. Пірәлиева «Жетпісінші жылдардың басы мен орта тұсында қазақ прозасында бір құбылыс әдеби жанрда бұрындары байқала қоймаған тың көркемдік тәсілдер туа бастады.

Мәселен, роман – монолог «Аңыздың ақыры» - Ә.Кекілбаев, роман – диалог «Ақиқат пен аңыз» - Ә.Нұршайықов, әңгіме – түс көру «Оң қол»Т.Әбдіков, повесть-новелла «Ақ ару – ана» - С.Санбаев және басқалар. Мұның бәрі қазақ сөз өнеріне өзіндік қол таңбасымен, стильдік ерекшеліктерімен жаңаша леп әкелгендей еді» деген пікірді айтады. Сондай-ақ «Алғаш американ теориктерінің сөз қолданысында пайда болып, әдеби тәсіл ретінде көркем өнерде өрнегін сала бастаған ой ағымының артын ала орыс әдебиетіне, әсіресе, Достаевский мен Л.Толстой шығармаларында ішкі монолог, іштей талдау, адам ішіндегі адам, жалпы психологизмнің көркемдік болып көрініс табуы қазақ прозасына да әсер етпей қойған жоқ» дей келіп, негізінен психологиялық тереңдік, ойшылдық сияқты қасиеттерді талап ететін бұл стильдік ағымға екінін бірі бара бермейтінін, Т.Әбдікұлының «Оң қол» әңгімесі нақ осы стильдік ағымдағы жаңалықтың бірі болды деп бағалайды [8,76].

Шағын ғана әңгімедегі шымырлық пен шеберлік сияқты жанр талабына тән қасиеттер бірден көзге шалынады. Автор бас кейіпкері - Алманың түсі арқылы адам санасындағы үздіксіз жүріп жатқан процесті, үрей мен қорқынышты өмір мен өлім арасындағы арпалысты, жан толғанысын көркемдікпен жетелей білген. Шығармадан үзінді келтіріп өтсек, парктегі гүлді жұлдырып, дәрігер жігіттің сезімін сынайтын сұлу да, тәкәппар, адал да, ерке Алманың сырқаты тұқым қуалайтын қауіпті сырқат.

«Оң қол Алмаға терең қалың ұйқы құшағында енгенде шабуыл жасайды. Яғни өзіне қанша түсініксіз болғанымен, өзін-өзі өлтіру ниеті қыздың миында бар деген сөз. Бірақ ол ниет кімнің ниеті, қайдан келген. Алманың бүкіл өткен өмірін мінез-құлқын, адамдармен қарым-қатынасын зерттей келіп, мұны өз басынан туған ниет деуге себеп таба алмадым. Бұл қалайда қанмен, тұқым қуалап келген деген ниет деуге болмайды. Науқастың шешесі, иә әкесінің әкесі бір кезде өзін - өзі өлтірмек болған. Енді олар әлде бір құпия заңдылықпен Алманың санасында тұрып, өздерін - өздері өлтіргілері келеді. Бірақ олардың өздері жоқ. Сананың иесі қыз өлуге тиісті» [9,223-224].

Бұл сырқат сирек те болса, өмірде кездеседі екен. Оны медицинада дененің екі жарылуы десе, әдебиеттануда адам ішіндегі адам деген тәсілді жазушы өте шебер пайдалана білген. Шығарма сюжетін берудегі суреткер шеберлігі күшті.

«Қаламгер қай кейіпкерінің бейнесін жасамасын ол сөзге сараң, автордың ішкі сезімін сездіре бермейтін салкынқанды. Кейіпкерлері тек өз табиғатына, дәрежесіне тән сөздерді сөйлеп оларды толғайды. Шағын әңгімеде шашырап жатқан ой, оңды - солды пайдаланған сөз жоқ. Әдеби шығармада кейіпкер болмысын кесектеп, ішкі жан сырын ашуда айрықша рөл атқаратын түс ішкі монолог ретінде көрініс тапқан. Әңгімені әсерлі етіп, оқиғаны қоюлатып отырған түс - автордың үлкен табысы» [8,77].

Бұл пікірге орай ой өрбітсек түс көру тәсілі басқа да жазушыларымыздың шығармаларында көрініс беретінін байқау қиын емес. Ғалым Ж. Дәдебаев «Оң қолды» О. Бөкей шығармаларымен салыстырады.

Мәселен: Т. Әбдіковтің «Оң қол» әңгімесінде бір тұлғаның бойындағы біріне - бірі жат жау екі сана туралы сөз қозғалады. Автор «бірдене ішіндегі екі түрлі жан иесінің» кезектесіп не қатар өмір сүруін «мидың шешілмей жатқан жұмбақтары» ретінде түсіндіреді. О.Бөкеевтің «Жасын» әңгімесіндегі адамның түрі қолы қып – қызыл қан, ізі сап - сары болып күйіп қалған, ақ шапанының ар жағында белдігіне қырық пышақты қара шапанды ақ тер, қара тер боп қаншама шешсе де тауыса алмай дымы құриды» деп отырып мынандай қорытынды жасайды.

«Бірінші әңгіме санасы ауруға шалдыққан қыздың әректіне негізделген. Екінші әңгіме Қиялшыл Қиялханның түсінен. Екі шығармада да жұмбақтылық, бейнелілік басым. Ақиқат болмыс ретінде осы жұмбақтылық пен бейнелілікті, олардың логикалық шешімін қабылдау керек пе, жоқ па оны ашып көрсетуді авторлар қажет деп таппаған. Көркем шығарманың шын тіршіліктің дәл өзі ретінде қабылдау ешқашан міндетті делінген емес. Алайда, жазушы қандай шартты форманы пайдаланғанда да обьективті дүниенің суретін жасауды мақсат тұтады. Реалистік шығармада символ – белгі – нақты мазмұнның формалық көрнісі. Мазмұн – мағынадан тыс жұмбақтылық, шарттылық жоқ . Осы ретте жоғарыдағы шарттылықтардың да өз мәні болуы тиіс. Жоғарыда айтып өткеніміздей адам жан дүниесінің екіге жарылуы - қазақ әдебиетінде бұрыннан бар, адам психологиясын тереңнен түсіндірудегі ерекше құрал екенін көрдік. Бұл сөзімізге тағы дәлел келтірсек. Бұл адам бойындағы қос қасиеттің тартысқа түсіп, оның бірде – бірі, бірде - екіншісі жеңіліске ұшырап отыратын психологиялық құбылыс. Мәселен, Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы бас кейіпкер бойынан да, осы құбылысты көруге болады. Ақбілек қанша адал , пәк адам дегенмен де , ол кейде қара мұрт офицердің құшағынан тыныштық тапқандай да болады ғой. М. Әуезовтің де «Қаралы сұлу» туралы да осыны айтқан жөн. [16,11]

Адам баласының қоғам өмірінде алар орны , жай адам емес , жаратылысы жұмбақ , құпия қатпары көп адам жанының кілті екінің біріне ашыла бермесі анық . Оның құпиясы көп бітім – болмысын тек талантты суреткер ғана көре білмек , біліп қана қоймай , терең зерттеген.

Қазақ драматургиясын зерттеген белгілі ғалым Р.Рүстембекова ат басын қазақ әңгімелеріне де бұрған екен. Ғалым «Оң қолды» тіпті фантастикалық шығармалар қатарында атап өтеді.

Зерттеуші: «Өмірде дәл сондай жағдай болды ма , жоқ па, мәселе онда емес, өмірде болғандай етіп сізді сендіруі – міне әңгіме түйіні осында жатыр... Жазушы жас қыздың оң қолының өзіне қастандық жасауын үлкен дерт ретінде бейнелеуінде символдық астар жатыр. Өмірдегі зұлымдық атаулыны адам өз қолымен көбіне саналы түрде істейтінін айтып , жазушы оны қоғамдық үлкен дертке ұш тастырады» дейді. [11,86]

«Оң қол» әңгімесіндегі бақытсыз қыздың арғы аталарының бірі өзін - өзі өлтірмек болып , бірақ идея іске аспай қалған. Енді генетикалық ақпаратқа енген осы идея пәленбай ұрпақтан кейін қыздың жадында жаңғырып , ақыры жүзеге асып қыздың мерт болуымен аяқталады.

Барлық әрекет ең алдымен ойдан басталады десек. Жаман ой, жаман әрекетпен аяқталуға тиіс. Ендеше үлкен жауапкершілік осы ой арқылы басталуы керек. Егер әрқайсымыз өзімізден кейінгі ұрпақтың біз ойлаған қиянаттар мен біз жасаған қателіктердің отына күйюі мүмкін екенін сезіне алсақ онда, біздіңше тіршілік бұдан гөрі мәнділеу, маңыздылау болар ма еді. Әңгіменің негізгі идеясы осы. Жақсылық атаулымен қатар жүретін зұлымдық іс - әрекеттер мен жауыздықтың түп – төркіні «ой» мен соны іске асыратын «қолда» жатыр. Міне, бұл авторлық түйін , автордың концепциясы.

Т. Әбдікұлының аз жазатынын , аз жазса да , саз жазатынын жоғарыда айтып өттік. Бірақ, оның қайсыбір шығармасын алмайық екінің бірі бара бермейтін өмірдің ең өзекті, әлеуметтік мәселелерді қозғайтынын көреміз. Ол қандай мәселені қамтып, тек өзекті, адами проблемаларды көтерді. Төлен шығармаларының ауқымы бір жеке елдің, не бір ғана аймақтың мүддесін қозғамайды. Оның шығармалары бүкіл азаматтың, тіпті ғаламдық проблемаларды қамтиды [12].

«Бассүйек» атты әңгімесін оқып отырып, бұл саяхаттың тым ертерек басталғанына көзіміз тағы жеткендей болды . шағын жанр шеберлікке басқыш десек, Т.Әбдікұлының шеберлік қырларының бір ұшығын осы әңгімесі де дәлелдей түседі. Әңгіме желісі Хамит деген жас мүсінші антропологтың бір мүсінді жасау жолындағы ізденістерін, қызықты да азап – мехнатты өнер жолындағы жан тебі-реністерін ашуға құрылған. Бас тұлға диплом жұмысы етіп алған тұңғыш еңбегін атақты Герасимовтың өзі мақтаған талантты жігіт.

Белгілі ғалым ф.ғ.д. К. Сыздықов «Кейіпкер де автордың өзі сияқты жоғары оқу орнын бітіріп , таңдаған мамандығынан біршама

мол мағлұматтар алып, енді сол іштей жинақталған дайындықтарымен өз бетінше творчестволық еңбекке алғаш бой бұрған тұсы болуы керек» дей келіп , өзгені танығың келсе, өз ішіңе үңіл, өзіңді білгің келсе,басқаларды бақыла» - деген екен Әлішер Науаи. Түптеп келгенде, бұл өзін - өзі тану – өзін -өзі жазу... яғни мұнда автор кейіпкерінің жан дүниесін, сезім құбылыстарын үнемі іштей кеулеп, қадағалап, соны ашып көрсетеді» деген пікір ұсынады [13,150-151].

Мүсіннің жасалу кезінде басы – қолында болып, араласып жүрген әріптес мамандар Хамиттің бұл еңбегін бір аңыздан «таптырмайтын бағалы дүние» деп тапса да, неге екені белгісіз, көрермен көпшілік ұната қойған жоқ. Бәрі бір ауыздан:

- Жоқ бұл Жаубөрі емес, Жаубөрі мұндай болуға тиісті емес, - деп шу ете қалды [12,214].

Неге?

Міне, автор да өз кейіпкерімен бірге осы сұраққа жауап іздейді. Бір айта кетер нәрсе сюжет құрудағы жазушы шеберлігі. Сюжеттің негізгі қозғаушы күші тартыс десек , сол тартыстың өзі табиғи заңдылықпен , қарапайым ғана түрде нанымды өрбіп отырады. Жазушының қай шығармасын алсақ та жадағай жасандылықтан, әлеміш әшекейден аулақ.

«Ондай енді, мұндай еді» деп, көп созып баяндап жатпайды, тек өзінің көріп, сезгендерін айтады. Оны да тәптіштеп жатпай, бір қарағанда байқап қалғандарын ғана айтады да қояды. Кейіпкерлердің де «сайдың суын сапырып жатқан ештеңесі жоқ.

«Пожалуйста, көріп шығыңыздар», болмаса «Бұл біздер үшін ғылыми предмет ғана» деп, «тірісінде пенде баласын асықша иіріп, қақпақылдап» тұрған Хамитке қараңызшы. Болмашы штрихтардан қаншама жайлар танылып тұр. Бұл – кейіпкердің әуел бастағы бейне -бітімі. Оның қолынан шыққан мүсіннің қандай болып шығары айтпаса да белгілі

Шығармада кейіпкердің жаны мен жүрегіндегі көзге ілінбес көп иірімдерді табу, тану және жазу (Гоголь) автор үшін қаншама қажыр- қайратты талап етеді. Жазушылық шеберлік те осы қиындықты игеруде көрінсе керек. Біз көп айта беретін суреткер стилі де кейіпкер дүниесін ашуда дараланады. Осы аталған әңгімеде басы артық кейіпкер, орынсыз оқиға жоқ. Әр кейіпкердің өзіне ғана лайық көтерген жүгі автордың идеялық мұратымен шебер қиюласады. Әсіресе, «мүкіс құлағын қалқалап» , «түсінсін – түсінбесін» қолын көлегейлеп қарап: «Қайдам шырағым» , - деп тұрған Мұқаш шалдың бейнесі көңілге қона кетеді.

«Кенет қулана жымиып:

- Мынау біздің милиция Оқап секілді екен», - деп, болмаса: « .. Ал былтыр өлген әкесіне бугхалтер Ермек әшекейлеп күмбез орнатты, көрдің бе?!» - деп, әлдекімдерді тағы да сыпырта боқтап отырған «сахарға салып алғандай аппақ» шалдың іші – тысы түгел танылғандай.

Бір – бір рет қана көрінетін: «Қанша діндар болса да ... батырдың

сүйегіне бір рет көз тоқтатып қарауға қарсы емес шоқша сақал қарт кісі де , «бір қолымен өзінің білегін ұстап, тамыр соғысын тексеріп келе жатқан «Жісіпбеков жолдас та , «Ойбай, қойдым» - деп, «алжыған шалдан зәре құты қалмай қорқатын» Мұқыштың баласы да өзіндік характер қалыптарымен көз алдыңызда қадау-қадау тұра қалғандай [12,153].

Шынында да суреткер сомдаған кейіпкерлерден өзімізге таныс - бейтаныс алмай жандарды кездестіріп, оған бейтарап қала алмай қосыла тебірентіп, теңселе тербетіліп жатсақ, онда ол жазушының байқағыштығы мен сезімталдығының жемісі болса керек.

Т. Әбдікұлының келесі әңгімесі «Қонақтар». Бұл дүниеге бәріміздің де қонақ екендігімізді ескерсек, бұл шағын әңгіме тақырыбының өзінде үлкен символдық астар жатқан сияқты. Күнделікті өмірдің күйбеңі біткен бе? Алайда, біз сол күнделікті өмірдің күйбеңімен жүріп қаншама құндылықтардан ажырап бара жатқанымызға оншама мән беріп, ой жібере бермейді екенбіз. Урбанизацияның терең иіріміне көміліп бара жатқан қазақтың қаракөз қыздары мен көгенкөз ұлдарының тағдыры Т. Әбдікұлының ары мен иманынан да шет қала алмапты. Шынында да осы бір шағын әңгіменің көтерген жүгі бүгінгі таңдағы үлкен проблеманың біріне айналған уақыттың өзі көрсетіп отырған жоқ па? Біреудің қаңсығы енді біреуге таңсық болған мына заманда « баланы кім болмасын деп, қай елге қай харакетке қосқандайсың» (Абай). Ал осынау ащы шындықты ашу үшін де жазушы бүгінгі жариялықты, тәуелсіздікті сары алтындай сабырлықпен күтіп жатпай - ақ алдымызға жайып салыпты.

«Әй, кемпір, - деді ішінен бағанағы жерде айтатын сөзі ойына жаңа түсіп, - мен саған дейін үш қатыннан айрылғанмын. Азды – көпті ғұмырымның ішінде талай бақтан айрылып, талай баққа қолым жетті. Дүние бірде алдын берсе, бірде артын берді. Бірақ әкем көрген, әкемнің әкесі көрген қара орнымнан айрылып көрген күнім жоқ. Не танытып отырсың!»[14,197]

Алайда Ерғабыл қарияның қасиетін ұғынар ұл қайда, жетесіз ұлдың жетесінде бірдеңе болса, қара ормандай шаңырағына ие болмас па. Сондай – ақ, бұл тек Ерғабыл қарияның ғана қасіреті болса, бір сәрі ғой. Қатары жылдан – жылға сиреп бара жатқан ондай қарияларды әр ауылдан, тіпті, әр үйден кездестіруге болатындай еді – ау, ол кездері. Болмаса өз қағынан жеріген құландай қалаға қашқан Сапабек сияқтылар бұл өмірде аз ба. Әрине, біз біреуге кінә артып, айыптаудан аулақпыз. Десек те сондағы бар кедергі ауылдық жерлердегі мектептердің орысша білім бермейтіндігінде тұрма еді. Ұлы орыс тілі, Ұлы орыс халқы деген ұранға Ақай қосқан, «адам болам десең, алдымен орыс тілін меңгер» деп сәуегейлік танытқан аңғалдығымызды немен түсіндіреміз. Алайда, жазушы көтерген проблеманың, оған автордың тұжырымдамалық көзқарасын анықтау мақсатында бірді – екілі көркемдік детальдың қисынына тоқтала кетудің артықтығы жоқ.

«Ертеңіне тұрысымен Сапабек қайтуға жиналды. Әке – шешесіне алған базарлықтарын, біраз жинаған ақшаларын қалдырды.

- Осының бәрі Томаның жинап жүргені. Сіздерге деп осы шыбын – шіркей болып жүреді. Мен болсам қалтама түскен затты сол күні құртам ғой – деп қойды. Осыдан барысымен посылка салатынын айтты. Одан соң:

- Ал енді мына балаларың , - деді Жеңісті көрсетіп, - бір түйір қазақша білмейді. Чемоданының аузын жаба алмаған болып біраз қиналды , - таттанып қалған ба немене? ... Ал енді оқу уже басталып қалды. Бұл арада орыс мектебі жоқ. Мұны қалай оқытамыз деп отырсыңдар. Биыл жетіге келді.

Ерекең төмен қарап үн – түнсіз ұзақ отырды.

Алып кет өзіңмен бірге, - деді бір кезде даусы қарлығып,

Оқыт, өзіңдей қаңғыбас етіп шығар. Сапабек тағы да қынжыла күлді.

Ой, көке – ай, мені бір баласырап барады деп ойлайсың ба?

Орыс мектебі жоқ екенін айтып отырмын ғой. Әйтпесе...

Бар, бар, алып кет , - деді Ерекең. – Жолдарың болсын!»[14,206]

Үзіндіден келтірілген диалог көп шындықтың бетін ашқандай. Шағын деталь, шымыр да ширақ штрихтармен шалқар шындықты таныту дегеніміздің өзі осындай болар. Жалпы көркемдік тәсілдің қайқасы да, кейіпкер табиғатының жұмбақ сырларын ашу, сол арқылы шығарманың идеялық – көркемдік салмағын таныту, арттыру мақсатында қолданылатыны белгілі.

Ал, диалогтың көркемдігі шығарма кестесіне жігі білінбей жымдасқан әдемі жарасымында , табиғылығымен шындығында. Бұл әңгіменің өн бойынан жасандықтың, диалог арқылы танылған қасыбір кейіпкердің болмысын әсіре қызыл, кеуек сөздердікөпіртіп отырғанын көрмейміз. Бәрі де шамасына лайық өзіне ғана жүктелген міндетті орнымен атқарып тұр. Белгілі сыншы Б. Ыбырайым диалог құрудағы қазіргі қазақ прозасында жиі кездесетін екі олқылықты атап көрсетеді.

«Бірі – кейіпкерді, әсіресе жас кейіпкерді романтикалық сипаттағы өршіл бейне етіп суреттеймін деп, оның аузына әсіре қызыл, кеуек сөздерді сала беру. Бұндайда кейіпкер сөзінің кеуектігі мен көптігі жазушының көркемдік нысанасын бейнелеуге септігі әлсіз, әрі шығарманың реалистік қуатын кемітеді.

Екінші олқылық – кейіпкерлері арқылы оқырманға ой саламын, толғандырамын деген игі ниеттегі автор жалпыға мәлім ақиқаттарды қайталап, «кітаби» сарынға жаңа дидактика мен схематизмге бой алдырады». [10,127]

Әке мен бала арасындағы түсінбестік, анығы түсінуге тырыспаушылық, қоамдық даму брысында пайда болған алшақтық, жатбауыр болып бара жатқан бала, тасбауыр тартқан немере, адамгершілік ар ождан, міне мұның бәрі сұңғыла суреткер Төлен жүрегін жаралаған жәйттер еді.

Осы әңгімеміздің желісін Ш. Айтматовтың шығармасымен салыстырып көрсек болады.Мәселен, «Боранды бекет» романындағы мына бір эпизодты алсақ болады. Қаз блған әкесі Қазанғапты жерлеуге келген Сәбитжанның:

«Ау, жер түбіндегі Ана – Бейітке сандалып не керек, табалдырықтан аттап шықсаң дүнеенің қиырына дейін Сарыөзектің қу даласы көсіліп жатқан жоқ па? Жер жетпей ме сонша? Осы ауылдан ұзамай – ақ, темір жолдың бойындағы бір төбешіктің басына қоя салуға болады ғой, [15,23] деген парықсыздығын айтуға болады. Ия, қайдағы ертегі бейітке апарып жерлеу, ол үшін ақылға сиымсыз. Оған Ана – Бейіттің, әке өсиетінің құны бір тиын. Ана – Бейіт дегеннен шығады, автор аңыздағы мәңгүрттіктің сырын Сәбитжан ашуда сәтті пайдаланған. Сондай – ақ, жазушы қарапайым теміржолшының, еңбек адамының өмір жолын парақтай отырып – ақ, бүкіл адамдық , бүкіл әлемдік мәселелерді көтермеуші ме еді.

Жалпы өткенін, ата – бабасының салт – дәстүрін ұмытқан адамды мәңгүрт десек, Төлен де осы Сәбитжан сияқты рухани мәңгүрттіктен сақтануды меңзегендей. Ана – Бейіт аңыздағы мәңгүрт азаптаудан, жанына түскен жарақаттан ақыл – есінен айрылса, Сапабек сияқтылар ата – бабаның салт – дәстүрін сыйламаған парықсыздықтан, жетесіздіктен, білімі болғанымен, білігі жоқтықтан мәңгүрттік халге жеткен.

Әрине, біздің кейіпкеріміз Сапабек әке қазасына келіп отырған жоқ. Алайда оның жаңағы Сәбитжаннан айырмасы шамалы. Оны жетпістің желкесіне шыққан ата – ананың тағдыры онша ойландырмайтын сияқты. Куроттатып, одан қалса шетелдетіп жүрген оған ата – бабасының кіндік қаны тамған қасиетті топырақтың құны көк тиын.Әке – шешесін қалаға көшіріп алсам деген ниеті де жоқ емес. Әрине, ол ниеттің шын ынта – ықылас пейілден, жан жүрегінен шығып тұрмағаны анық.

Бірақ: « - Уай , ақымақ кемпір. Өлер шақта тұрмыс қуып, тентіреп жүре алмаспын. Ағайын жұрт, өз еліңдей елді табамын деп отырсаң ба басқа жақтан. Айдаладағы бір қаладан... [14,199] деген шалдың жан толқынысын Сапабек қайдан ұқсын.

Сонымен, саналы да, сарабдал суреткер Т. Әбдікұлы өмірдің елесіз күйбең тіршілігін , қарапайым ғана тілмен баяндап отырып – ақ, адамзаттың үлкен мәселелерге ұштастырады.

Осы мазмұндағы шығармалар сол кезеңдегі жазушылардың көбіне тән екенін көреміз. Ауыл өмірі, ата – ана мен бала арасындағы қарым – қатынас Д. Исабековтың «Тіршілігі» мен «Дерменесі» , О. Бөкейдің «Қар қызы» мен «Қайдасың қасқа құлыным», Т. Нұрмағанбетовтың «Түкпірдегі ауыл», «Қош бол ата», Ж.Түменбаевтың «Ауыл шетіндегі үй» т. б. Сияқты шығармаларда әр қырынан, жан – жақты көрінді.

Бірақ олардың сол шындықты игерудегі әдіс – тәсілдері, сюжет құрап кейіпкер психологиясын ашудағы көркемдік стильдерінің өзі әр түрлі. Сол үшін де олар бір – біріне ұқсамайды, тіпті бір – бірін қайталамайды.

Дегенмен Т. Әбдікұлының өзіндік жазу мәнері, сөз қолданысы кейіпкерлерінің іс - әрекетін , мінез – құлқын сомдауы, оқшау образдар жасауы, тосын тұлғалар табуы тайға таңба басқандай дәлелдеп – ақ тұр. Суреткердің кезкелген шығармасында сомдаған кейіпкерлері сөз саптасынан бастап,дүниетанымына дейін ерекшеленіп тұруымен дараланады.

Т. Әбдіковтың ендігі бір көтерген мәселесі жайлы айтылған әңгімесі «Қайырсыз жұма». Жазушының президент аппаратында, жалпы әкімшілік қызметтерде көптен бері істейтінін білеміз. Жазушының бұл қызметі де өз творчествосына әсер етпей қалмады. «Қайырсыз жұманың кейіндеу жазылуына қарап, бұл тақырыптың да толғағы жетіп, жазбуға мүмкіндігі қалмаған соң, хатқа түскені көрінеді.Бұл шығармада бір қарағанда бір адамның жұмыстан босатылуында тұрған ештеңе жоқ сияқты. Бұл жер кім келіп, кім кетпей жатқан орындық. Ал шын мәнісіне келсек солай ма? Т. Әбдікұлы оның тіпті арғы жағына үңіліп, адам психологиясының терең қатпарларына бойлайды. Шындығында мың бұралған бишінің жалаңаш беліндей көзді арбаған «билік», қылымсыған көңілдес келіншектің болған «кресло» кімге тұтқа боп, кімге опа берген. Тасбақадай тырбыңдап жүріп жеткен сол тақ пен билік тұрлаусыз бірдеңе екен. Әттең оны пенделердің кеш түсінетіні қандай өкінішті, қандай қасірет. Жиырма жеті жасында комбинатқа директор, одан министрдің орынбасары, ақыры министр болған, енді міне алты жыл дегенде орнынан алынып, елсіз қу медиен далада қаңғып қалғандай болып отырған Әбен Ілиясовичті тыңдап көріңіз.

«Билік дейді – ау, кімде бар ол билік? Министр түгілі әлгі хатшыңда да жоқ. Манағы қалт – құлт етіп келген Қойбағаровтан оның артық жері қайсы? Қайта хатшыға қарағанда Қойбағаровтың ұйқысы да, жүйкесі де тынышырақ шығар. Тіпті сол билік біріншіңнің өзінде бар ма екен? Біреуге күжірейіп, біреуге кішірейген заманда билік туы тігілген жер біздің көзіміз жететін жерде емес. Осыны білсек, кінәләсудің орнына бір – бірімізді аяйық» [9,286-287] Кейіпкер психологиясын, жан тебіреністерін суретеп отырып – ақ автор адами құндылықтар мен адамгершілік қағидаларға философиялық астар береді.

Міне, бұл ащы да болса шындық. Шындықтың жүзіне тура қарау әрқашанда ауыр. Оны мойындау да қиын.

«Әбен осы тұста әлде бір шындықты мойындауға тура келгендей, басын шайқап, ауыр күрсінді. Апыр – ай, өз баламды тәрбиелеуге уақытым болмаса, оны мен күнделікті өмірдің ауыр - жеңілін өліспегем, қуаныш – қайғысына ортақ болмасам, сырласпасам, мұңдаспасам, балам шын мәнінде тірі жетім болып өскені ғой. Тәрбиені көшеден алған бала көшенің баласы болмағанда, кім болады?»[9,285]

Өлінің ісі – тіріге сабақ болуы тиіс. Әбен Ілиясовичтің трагедиясы талай адамға ой салғандай – ау . Ия, адам қоғамның бір бөлшегі десек, сол адамнан тыс қоғам да жоқ. Сол қоғамды құрайтын да сол адамның өзі емес пе? Осы Төленнің шығармасында көтерілген мәселені және осыған ұқсас сюжетті басқа да жазушылардан көруге болады.

Мәселен, жазушы М. Байғұттың «Әкім кеткен күн» атты шағын әңгімеде де өмірдің осы шындығы сөз болған. Мәселе кейіпкердің бірінде әкім, бірінде министр болуында да тұрған жоқ. Негізгі түйін, сол айта беретін өмірлік шындықты суреткердің қалай көрсете білуінде.

Тұжырымдама – автордың белгілі бір шығармада қолы жеткен табысы десек, «Қайырсыз жұма» әңгімесі де өзіндік табысымен келген, қазақ әдебиетінің төрінен орын алуға лайық шығарма деп білеміз.

Т. Әбдікұлының ендігі бір әңгімесі «Бір күндік ашу», «Жат перзент» деген әңгімелерінің көлеміне қарап, оның көркемдік жетістіктерін кемсітуге болмайды. Бір қарағанда мәселен бір күндік ашуда тұрған не бар, кім ашуланбай жатыр деген ой келуі мүмкін. Оқиға желісіне адам психологиясының бір сәт, бір мезеттік қана қыры алынған. Бізге суреткер сол бір сәттің өзінен адамға тән барша болмыстың құпиясын ашқандай көрінеді. Онжылдықты былтыр бітіріп, қазір кітапханада жұмыс істеп жүрген Айгүлдің ағасы Ордабекке әлі күнге кішкентай бала көрінетіні рас.

«Шынында да ол соқтауылдай қыз. Бірақ мұны айтқан адамды Ордабек барынша ұятсыз, ардан безген біреу деп білер еді» деген немесе « - Жұмысқа келген студенттердің біреуі Айгүлге сөз салып жүр екен, - деген хабарды естігенде табиғатында жоқ бір долылықтан түтігіп, тіпті жыларман халге келді. «Бұл масқара ғой! Кішкентай баланы! деді әрі ойлауға батылы жетпей» деп қарындасын қызғанатын Ордабектің жан дүниесі қандай табиғи , ұлттық нақыш – бояуымен ашылады. Ал, Айгүл бейнесі тіпті бөлек. Жазушы оның да ет пен сүйектен жаратылғанын, тіпті, адам ретінде оның да біреуді жақсы көріп, ғашық болуға толық правосы бар екенінкейіпкер ішкі дүниесінің толқыныстары арқылы суреттейді. Шығарма сюжеті шағын. Адам өмірінің бел – белестеріндегі бір кезең алғашқы махаббат десек, шығарма соңы бас кейіпкеодің өткен өмір жолдарын ой көзімен шолып, қорыту арқылы түйінделген.

Жазушының «Жат перзент» әңгімесінің де мазмұны бір сәт, бір кезеңдік оқиғаның әсерінен дамиды. Кекшілдік жақсы қасиет емес. Осы кекшілдіктің ақыр соңы біреудің ақ төсегін арамдаған өшпенділікке ұласса оны қай моральға, қандай адамгершілікке жатқызамыз.

«Мен өмірімнің ұзын ырғасына көз жібердім. Бұл өмірде қатеміз қайсы – адам біліп болған ба?! Осыдан біраз жыл бұрын Зәурешпен арамыздағы жастықтың желігінен туған бұра жүрісті таразының бір басына, қалған ғұмырымды екінші басына шығарып, жалғастырғым келеді. Анықтауға зердем жетпеді. Бар білгенім – Зәурешті шын көңілімен ұнатыппын. Бірақ мен алғашында мұны мойындағым келмеді. Өйткені мұның бәрі өзімді қоршаған ортаның қағидасына мүлде қайшы еді. Сондықтан мен де көңілімдегі шынайы сезімді жалған деп тануға мәжбүр болдым. Сонда менің жіберген ең үлкен қатем қайсы? Зәуреш пе? Жоқ , бүкіл қалған ғұмырым ба?

Соңғы кезде балам ыңғай түсіме кіреді» [10,345] деген жан азабын немен түсіндіреміз. Айыпты қоғам ба , кейіпкер ма?

«Жаңалық ашу – демек бәріміз көріп жүргенді көре білу , бірақ осыған дейін ешкімнің ойына келмегенді ойлай білу» деген екен атақты венгр ғалымы.(А – Сент – Дьерди)

Бірер сөзбен түйіндер болсақ, көркемдік мәселесін социалистік реализм әдісінен іздеп, әдебиеттің таптығы тұрғысынан сараланған кешегі кеңестік кезеңнің өзінде бұл шарттылыққа бағынбаған Төлен әңгімелерінің өміршеңдігінің кілті де осында жатса керек.

Әдебиет дамыған сайын алғашқы кездегі ағартушылық міндеттің шеңберінен шығып, басқа мақсатты көздеп өзіне-өзі, өз жан дүниесінің түкпіріне үңілуге қарай бағытталып келеді. Т.Әбдіков шығармаларының сипаты әр алуан болып келеді. Бүгін де қазақ прозасында көшбасшы бунақ арасында шоқтықтық биігін иеленген жазушы. Алдыңғы буын ағаларымыз, тұлғаластарының шығармашылық ізденістерінен үйрене, дамыта жүре, қалыптаса келе, қаламгерлік шеберлігін шындауда өзгеге дара соқпақ салды. Кешегі дәстүрді өзінше жаңалығымен жаңғыртты деп айтуымызға болады. Жазушы шығармашылығында жаңалық тек тақырыптық, идеялық, көркем өлең сөзді қолдану аясында емес, жаңа ой, жаңа мазмұн туғызумен, соған орай жаңа тұрпатты қаһармандар мен кейіпкерлер жасауымен де ерекшеленді. Заманымыздың заңғар жазушысы шығармашылығының ерекшелігі де – жеке адамның идеялық және адамгершілік тұрғыда қалыптасу процестері мен характердің философиялық мәнін ашудағы қоғамның орнын айқындауға ұмтылатын тосын табыстары. Жазушы әуел бастан бүкіл шығармашылығын парасаттылықты пайымдап, гуманизмді мадақтауға арнады. Сондықтан да біз жазушыны үлкен эстет, интеллектуалды қаламгерлердің қатарында танимыз.

Бүгінде қазақ прозасында көшбасшы буынының арасында шоқтықты биігін иеленген жазушы Т.Әбдікұлы алдыңғы буын ағаларының, тұрғыластарының шығармашылық ізденістерінен үйрене, дамыта жүре, қалыптаса келе, қаламгерлік шеберлігін шыңдауда өзгеге дара соқпақ салды. Кешегі дәстүрді өзінше жаңалығымен жаңғыртты.

Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
11.06.2026
0
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курс саны 12