Материалдар / ТЫЙЫМ СӨЗДЕРДІҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

ТЫЙЫМ СӨЗДЕРДІҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ

Материал туралы қысқаша түсінік
Қазіргі қоғам дамуының үдерісіне қарай халықтың дәстүрі мен санасында айтулы өзгерістің жүзеге асып жатқаны мәлім.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
03 Шілде 2018
4547
9 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады



ТЫЙЫМ СӨЗДЕРДІҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ


Қазіргі қоғам дамуының үдерісіне қарай халықтың дәстүрі мен санасында айтулы өзгерістің жүзеге асып жатқаны мәлім. Өскелең өмірдің өсуімен салт пен сананың дамуы заңдылық, дей тұрғанмен, өркениеттер тоғысында ұлт тағдыры сынға түскен кезеңдегі күнделікті тіршілікте көзге түсіп жүрген кей жағдайлар алаңдаушылық туғызып, күнгейлі өмірдің көлеңкелі дағындай көрінетіні-шындық. Қазіргі адамдардың, әсіресе, жастардың бойындағы қаталдық, өзге тұр ғой өзін аямайтын қаттыбас оқшау жағдай, уыткерлікке берілушілік, ұятты мүшесіне қарамай жалаңаштану, бет-аузынан басқаның бәрін тұмшалап, сөлеңдеген киім кию, т.б. осындай халықтың дәстүр салтында жоқ келеңсіз көріністің көлбеңдеп қалмауы еріксіз ой салады. Сол ойдың ұшығы бодандық кезеңнің зардабынан көмескі тартқан ұлттық тәрбиеге барып тіреледі. Ежелгі халықтық тәрбиеге үрке қарап, кертартпа ескішіл үлгі деп бағалаудың салдарынан халықтық тәрбие қағидалары ұмыт бола бастады. Бүгінгі барлық ата-ана халықтық тәрбиені біле бермеуі де мүмкін. Екіншіден, ашық қоғам болғандықтан да жат жұрттық салт-сана иектеп, ел өміріне ентелей басып кіруде. Бұл – барлық өркениетті елдерге ортақ жағдай. Бұған қарсы тұратын ұлы күш бар, ол – ұлттық тәрбиені күшейту.

Тәуелсіздік алғаннан бері ғана ұлттық тәрбиенің тамырына қан жүгіріп, енді бел алып келеді. Бірақ осы мәселені қолға алу ата-аналар тарапынан толық жүзеге асты деп айту қиын.

Әр елдің өзінің ғасырлар бойы жасаған ұлттық құндылықтары тарихтың қатал тезінен өтіп, ғасырлар өткелінде шыңдалып бүгінге жеткен асыл мұрасы. Асылы, халықтық тәрбие сол елдің тұрмыс-тіршілігіне, тарихи танымына, ой-санасына, дәстүріне сай қалыптасады.Бұл – атадан балаға қанымен беріліп, ес кірген шақта тәрбиемен шоқтанып, жас ұрпақтың жанына жалын беретін рухани ұлы күш. Мұны әр ата-ананың жүзеге асыруы қасиетті парызы екенін түсінгені жөн. Ұрпақтың жақсы-жаман болуы, алдымен, олардың бойына ата-ананың сіңірген үлгі-өнегесімен өлшенеді.

Халқымыз ғасырлардың небір талқысынан ұрпақтың бойына дарытқан рухани күшінің құдіретімен аман өтті. Осы тәрбиенің нәрімен қазақтың болмысынан өлмес рухтың өрлігі есті. Ата-бабамыз ұрпағын ұлттық тәрбиенің тұнығынан қандыра отырып, талай тар кезеңде қазақтық бейнесін жоғалтпай, елдігі мен өрлігін көрсете білген өмірлік жолы бұған куә. Қазіргі кезеңде біз үшін тәрбиенің кілті ұлттық сана мен ата дәстүрін адал сақтай отырып, халқының ұлттық мүддесі тұрғысынан әрекет ете білуге ұрпақты үйретуде және адамзат қоғамы жасаған әлемдік адами құндылықтармен байыта отырып тәрбие мазмұнын жетілдіре түсуде.

Ұрпақ санасында ұлттық қасиеттерді қалыптастыру тіл мен дін, салт пен сана, ұлттық дәстүр арқылы жүзеге асады.Халқымыз ғасырлар бойы сайын даланың қатал табиғатымен бетпе-бет келгенде, шапқыншы жаумен шайқасқанда, бейбіт өмірдің мамыражай тірлігінде жинақталған бай тәжірибесінен көрген-түйген қорытындысы ретіндегі ырым-тыйым сөздердің ұрпақ тәрбиесінде қазір де мәні жойылған жоқ.Ізгілікті аңсаудан туған ырымдар, бәле-жала кесапаттан сақтандыратын тыйымдардың  тәрбиелік мәні өте зор. Ырымдар мен тыйымдар халқымыздың әлеуметтік өмірінде, тұрмыс-тіршілігінде жас буын тарапынан бұлжымай орындалып отырған.Тыйым сөздерді заң ретінде қабылдаған. Егер осы мәселеге тереңірек көз салсақ, ырымдар мен тыйымдар құқықтық норма деңгейінде қолданылғанын аңғарамыз. Әлеуметтік өмірдегі түрліше қарым-қатынаста  адамдардың әрекеті үстінде көрсететін мінез-құлқын анықтайтын, жалпыға міндетті ережелердің жиынтығы ретінде танылады. Міне, осындай деңгейде ырым-тыйым сөздерді халқымыз пайдаланып, баршаға бірдей, міндетті түрде орындатқан. Мұның өзі қоғамдағы үлгі-өнеге, әдептіліктің негізгі қағидасы болып қалыптасқан.Сондықтан қазіргі біздің ортамызда олқы соғып отырған имандылықтың, сұйылып бара жатқан  адамгершіліктің негізі болып саналатын тыйым сөздер кесел мен кесапат атаулыдан, жүгенсіздік, тәртіпсіздік атаулыдан сақтандырушы қалқан, инабаттылық пен ізгіліктің қайнары еді.

Ырым мен тыйым сөздер бір-бірімен сабақтас, өзектес болады. Халық ұғымындағы ырым ұрпаққа өнегесі, шапағаты тиетін, ізгі қасиеттер жұғысты болса екен деп қолданылатын ғұрыптың түрі. Ол негізінде жақсы ниет пен көңілге медеу, тілекке сүйеніш табу үшін қолданылады. Киелі, қасиетті ерекше бір рухтан сол арқылы медет тілейді. Ал кей әрекеттерден жамандық шақырады деп ырымдап, тыйым салады. Осы жерден біз осы екі ұғымның өзара байланысты қанаттас жүретінін аңғарамыз. Осы айтқанымыз сенімді болуы үшін мына мысалдарға назар аударыңыз: бүйіріңді таянба; үйге, ауылға қарай жүгірме; таңдайыңды қақпа; тізеңді құшақтама. Осы сөздерден жамандық шақырады деп  ырымдап, тыйым салған. Ал дүбірлі ас пен тойдан сарқыт алу, үйге оң аяқпен кіру, отқа май құю үстіндегі   жақсы тілек болашақтан күтер үкілі үмітпен ұштасып, сәттілік пен береке, ізгілік ұрпағыма болса екен деген қалау аңғарылады.

Тыйым сөздер жағымсыз, келеңсіз әрекетті тоқтатуға арналған. Жат пиғылдан, орынсыз қылықтан, теріс мінезден сақтандыруға бағыттала қолданылған. Адамдардың бойындағы адамгершілік, имандылық қасиеттерінің өлшеміндей деңгейде пайдаланылған. Бұл тыйым сөздердің мән-мағынасының қаншалықты екенін аңғартса керек…

Ырымдарға қарағанда тыйым сөздердің айтылу мәнінде, қолданылу бағытында айырма бар. Ырымдар көңілге медеу, тілекке сүйеніш табу үшін қолданылғандықтан, ауқымды, кең ұғымда айтылып, үміт түрінде көрінсе, тыйымдарда ой қысқа қайырылып, нақты талап, бұйрықты мәнде жеткізіледі. Мысалы,  күлді баспа, ақты төкпе, көкті жұлма, ұяны бұзба. Бұл сөздер жоғарыда айтқан ойымыздың толық дәлелі болады. Тыйым сөздер балалардың есі кірген кезден-ақ қолданылғандықтан, ойы айқын, жас ерекшелігіне сай түсінікті, нақты тұжырымдарды білдіреді. Балаларды ертеден-ақ жаман әдет, жат қылықтан сақтандырады. Есі жаңа кірген кезден басталып ержеткенге дейін құлағында жүріп, жүрегінен орын алатыны сөзсіз. Мұндай өнегелі, мейірімді сезімге, адами құндылыққа үйрететін бұл сөздердің естілуі қатқылдау болғанымен, жас баланың жанына төгер шуағы мол, нұрлы.Қысқа да нұсқа, айтылу екпіні де ерекше тіркестер шоғыры жас адамды сол айтылғанды орындауға еріксіз мойын ұсындырғандай. Өйткені ойлы, мағынасы терең бұл сөздер баланың өмірлік есте сақтауына да жеңіл.Бұл талдап, талқылауды қажет етпейтін, сөзсіз орындалуға тиісті өмірлік міндеттей мәнді тұжырымдар. Оны үлкендердің  ұрпағына сөзсіз орындатуы халықтың бала  тәрбиесіндегі ұстанымы болған. Атаның тілін бала қайтару, айтқанын орындамау адамшылық жолдан таюмен тең саналған. Мұны көргенсіздік, шектен шыққандық деп білген. Сондықтан әр жас ата салтынан аспай, айтқаны қалтқысыз орындалған. Міне, қазақы тәрбиенің құдіретті ерекшелігі осы жерден көрінеді. Ата салтын тәрбие үдерісінде басшылыққа алудың мәні де осыдан көрінеді. Осы дәстүр қайта қолға алынса, ата-ананы тыңдамайтын бала, тыңдата алмайтын ата-ана болмас еді.

Біздіңше, адам қоғамының барлық түрінде де тыйым сөздер қажет. Тіршілік болған соң күнгейі мен көлеңкесінсіз болмайды. Сол кереғарлықты реттеп отыру үшін нанымдық, сенімдік, моральдық-этикалық, құқықтық нормалар сияқты тыйым сөздер де әлеуметтік ортаны реттеп отырады. Қоғам мүшелерін игі мақсаттарға бағыттап, адамдар арасындағы үйлесімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.

Тыйым сөздердің мағынасына үңілсек, тәрбиенің әр саласын аңғаруға болады. Оларды шартты түрде былай бөлуге болады: біріншіден, адамның түрлі қарым-қатынасына байланысты пайда болған; екіншіден, табиғаттағы тылсым күштердің киесі ұру, аруақтың қаһарынан, пәле-жаладан қорғануға арналған. Біздің бұлай бөлуіміз қолданылу үстіндегі мазмұнын жіктеуден туған. Адамдардың өзара қарым-қатынасына байланысты туған тыйым сөздерде үлкен-кішінің арасындағы, әке мен балаға қатысты, ағайын арасындағы, адамның жеке басына байланысты тыйым сөздердің үлгілері бар. Олар: нанды баспау, дастарханды аттамау, табалдырықты баспау, үлкенге дауыс көтермеу, ата-ананың назасына қалмау, ағайынға пышақ, қайрақ, балта, ит сыйламау, әйелдің мінетін атының құйрық-жалын күземеу, некелілердің төсегіне отырмау, таңын ашып жүрмеу, кіндігін көрсетпеу, неке қиылғанша тазалық сақтау, т.б. Енді екінші топқа жататындар: отқа түкірме, үйді айналма, ауылға қарай шаппа, айды қолмен көрсетпе, айға, молаға қарап зәр сындырма, жағыңды, бүйіріңді таянба, т.б. Бұл сөздер пәле-жаладан аулақ болу, табиғаттағы тылсым күштің құдіретінен, аруақ пен тәңірдің киесінен сақтандыруға арналған нанымнан туғанын байқауға болады. Қандай топқа жататын сөз болса да, адами қасиеттерді қалыптастыруда қоршаған орта, жан-жануар мен табиғатты қорғау, имандылық, адамгершілік негізінде ұлттық мінез-құлық қалыптастыратыны даусыз.

Ырым және тыйым сөздердің мазмұнынан тәрбиенің бірнеше түрін көруге болады. Атап айтсақ, адамгершілік, әдептілік, имандылық, экологиялық, гигиеналық және тағы басқа түрлерге бөлуге болады.

Адамгершілік адам болмысы үшін басты көрсеткіш екені белгілі. Мұндай адами сезімдерді қалыптастыратын сөздердің қатары көп. Оларда адамды сыйлау, қайырымды болу, өтірік айтпау, еңбекті бағалау, т.б. тәрбиелік ұғымдар қамтылған. Мысалы: адамға қарап күлме, біреуді алдама, кісі ақысын жеме, үлкеннің бетінен алма, жақсыдан үйрен, жаманнан жирен, кемтарға күлме, ұрлық қылма, зорлық жасама, арыңды сатпа, аманатқа қиянат жасама, әйелге күш көрсетпе, мақтанба, тәкаппар болма, өтірікке куәлік жасама, жалқау болма.

Әдептілік – адамдармен қарым-қатынаста көрінетін сыпайыгершілік, ізеттілік таныту арқылы өз ортасында сүйкімді, жұғымды көрсететін ерекше қасиет. Ол адамгершілікпен, имандылықпен қанаттас жүретін ұғым. Біздің мұны ерекше бөліп көрсетуіміз бүгінгі қоғам үшін орны мен маңызы ерекше болғандығынан. Мұндай сөздерге: үлкеннің алдын кесіп өтпе, үлкенге әрқашан орын бер, үлкеннен бұрын сөйлеме, үлкеннен бұрын тамаққа қол созба, топта даурығып сөйлеме, адамды қорлама, орынсыз күлме, қолыңды білеп сөйлеме, кісінің көзінше қасынба, мұрныңды шұқыма, кісінің ұстінен аттама, тосып сөйле, кісіге қарап түкірме,т.б. жатады.

Имандылық туралы баспасөз беттерінде аз айтылып жүрген жоқ. Қазіргі қоғамда орны ойсырап тұрғаны баршаға мәлім. Жоғарыда атап өткеніміздей, имандылық ұғымы өте кең. Адамгершілік, тәртіптілік, сыпайыгершілік ұғымдарының бәрін де қамтиды. Біз бұл жерде дінді қадірлеу, хадис талабын орындау, жан тазалығын сақтау деген ұғымдармен қатысты сөздерді көрсеттік. Олар: аруақ аттама, дінді сатпа, құранды баспа,тәңірге, аруаққа, құранға тіл тигізбе, өлім үстінде жаман сөз айтпа, өлген адамды жамандама, намазды бұзба, қабірді баспа, жұма күні кір жума,т.б.

Экологияық тәрбие – қоршаған ортаға қамқорлық, залал тигізбеу, тылсым құдіретін бағалауға арналған сөздер жатады. Олар – көкті жұлма, ұяны бұзба, суға түкірме, ағын суға кір шайма, малды теппе, аққуды атпа, бұлақты бітеме, жәндікті өлтірме, суға зәр сындырма, құмырсқаның илеуін баспа, қара суды сапырма, бұлақты былғама, ағашты кеспе,т.б.

Тазалық тәрбиесінде жас ұрпақтың дені таза, тәні сау болып өсуі үшін жеке бас тазалығын сақтауға арналған тыйым сөздердің орны ерекше. Олар: аяғыңды жоғары көтерме, сыпырғышпен ұрма, шалбарыңды жастанба, дәрет суын аяқ асты төкпе, сыпырындыны, күлді шашпа, құдыққа түкірме, саусағыңды сорма, қолға жұққан суды сілікпе, тамақтың үстінен аттама, итке ожаумен ас құйма, шелектегі суға аузыңды батырма,т.б.

Эстетикалық тәрбиеге қатысты адамның сыртқы көрінісінің жарасымдылығы мен жүріп-тұру әдебіне байланысты бір алуан сөздер бар. Олар: шашыңды жайма, тақымыңды көрсетпе, езуіңді керме, талтайып отырма, шаш-тырнағыңды өсірме, бөркіңді теріс киме, кіндігіңді ашпа.

Халқымыздың ғасырлап жасаған қазынасын шағын мақалада қамту мүмкін емес және оны мақсат етпедік. Біздің айтпағымыз ұлтымыздың асыл қазынасы-тыйым сөздерді пайдалана отырып,  қазіргі ұрпақ бойындағы жамандық атаулыдан құтылудың қамын жасауды ата-аналарға ұсынғымыз келеді. Ата салтын пайдалана отырып, айтқанын ұрпағына орындатар есті ата-ананың назарын ырым-тыйым сөздерге аударғымыз келеді. Ата дәстүріне иек артпай тәрбиенің көсегесі көгермейтінін баса айтқымыз келеді.





Тыйым сөздер

Адамның іс-әрекетіне тыйымдар

  • Адамға қарап керілмейді, әдепсіздік болып саналады.

  • Тырнақ тістесе, ырыс-несібе кетеді.

  • Жатқан кісінің үстінен аттамайды.

  • Жақты таянбайды. Қайғы-қасіреттен, әбден қажыған адам ғана жағын демеу етіп таянады.

  • Бетті басуға болмайды. Қайғыдан қажыған адам ғана бетін басады.

  • Тізені, табанды тартуға болмайды.  Ауырған кісі тартады.

  • Жуған қолды сілкісе ырыс-несібе кетеді

  • Киімге қатысты тыйымдар

    • Киімді оң қолдан бастап киіп, сол

      қолдан бастап шешеді.

    • Тозбаған киімді тастауға болмайды.

    • Киімді сілкіп киген жөн, өйткені киімге жабысқан улы жәндіктер болса, ұшып түседі.

    • Қыздарға ер баланың киімін киюге болмайды. Жаман ырым.

    • Киімнің жағасын басуға болмайды.

    • Бас киімді теріс киюге, лақтыруға болмайды. Бас киімді әрқашанда таза, ұқыпты ұстап, босағаға емес, төрге ілу керек.

    • Қыз бала басына ақ, қара орамал тартпайды. Ақ – жаулықтың, қара – қайғының белгісі болып саналады.

    • Садақаға кім берсе, оның түймесін қиып алады.

Қоршаған ортаға байланысты тыйымдар

    • Көкті жұлса көктей соласың.

    • Суға түкірмейді.

    • Құстардың ұясын бұзуға болмайды. Қарғаса, үй-ішіңе кесапаты тиеді.

    • Құмырсқаның илеуін бұзба.

Төрт түлікке қатысты тыйымдар

    • Мал қораның сыртында, болмасы ішінде ысқырмайды.

    • Жас мал төлдегенде үйге қарыз сұрап келгендерге ештеңе бермейді.

    • Малдың алдынан бос ыдыспен шықса, сүт азаяды.

    • Малға дауыс көтеріп ұрсуға, ал атты ауыздықпен ұруға болмайды.

Түнде мал санамайды және ешкімге бермейді

Отқа қатысты тыйымдар

    • Отты шашуға, атуға, басуға болмайды. Отбасының берекесі кетеді.

    • Отқа түкірмейді.

    • Отты су құйып өшірмейді, өйткені қайта тұтатуға қиын болады.

    • Түнде күл шығармайды.

    • Күл төгілген жерді баспайды. Себебі барлық жаманшылық күлмен кетеді, оны басу сол жаманшылықты үйіне әкелгенмен бірдей.

Үй тұрмысына қатысты тыйымдар

    • Үйге кіргізілген отынның артығын шығарып тастамайды.

    • Үйді айналып жүруге, жүгіруге болмайды. Бұл жамандықты шақырма дегенді  білдіреді.

    • Шәугім, аққұманның шүмегін есікке қаратып қойса, ырыс-несібе кемиді.

    • Сыпырғышты төрге қоймайды. Бұл үй ішіндегі жаманшылық, ауру-сырқау сыпырғышпен босағадан шықсын, төрге жоламасын деген ниетпен туған.

Жол жүруге қатысты тыйымдар

    • Сейсенбі күні алыс жолға шықпайды.

    • Жүкпен жолға шыққанда тұз алмайды.

    • Жүрер жолдың уақытын кесіп айтуға болмайды. Жол жүретін адам «Алла жазса», «Құдай қаласа» деп тілегенде, жол бойындаға кедергілердің бәрі алыстатылады.

    • Жұма күні көшуге болмайды. Жұма қасиетті күн. Бұл күні ата-баба аруақтары  шаңыраққа келіп, дұға дәметеді.

Алыс жолға шыққан адамдар қара шаңырақтан немесе үлкен

              кісінің үйінен дәм татып аттанады.

Дәстүрін дәріптеп, салтын сақтаған атам қазақ ырым-тыйымдары арқылы тәрбие берген. Ырым-тыйымның пайдасы да ұшан-теңіз...


  • Қыз өкпелегіш болса – ырысы кем болады.

  • Жеңілтек болады деп қыз баланы қырқынан ерте шығармайды.

  • Қыз баланың бір тал түскен шашын кез келген жерге тастамайды, құс іліп кетсе, бас ауруына шалдығады.

  • Қалы үлкейіп кетпесін деп, қалымен туған балаға «Қалдыгүл, Қалдыбай» деп ат қояды.

  • Әйел итке тас лақтырса – үйдің ырысы кетеді, әйелдің бағы қайтады.

  • Қазақ баланы санамайды және санын айтпайды.

  • Келін бала көтермесе, нағашы жұртының бір баласын қойнына алып жатады.

  • Жүкті әйел шашын кессе - іштегі бала кемтар болып туады, бақыты кесіледі.

  • Ана баланы дәретсіз емізбейді.

  • Қыз балаға шашы өссін деп желке жегізеді.

  • Жаңа түскен келін киім-кешегін қысқартса – нәрестесі кем туады немесе түсік тастайды.

  • Әйел босанар кезде үйдегі сандықты босатып қояды, сонда әйел тез босанады.

  • Адамның келіншек отырған жақтағы аяғы ұйып қалса, ол екіқабат екен деп ырымдайды.

  • Түсік тастамасын деп, жас әйелдің көйлегінің етегін бүріп қояды.

  • Екіқабат әйелдің күні жақындаған кезде «жер ана, күш-қуат бере гөр» деп жалаң аяқ жүргізеді.

  • Жас босанған немесе аяғы ауыр әйел түнде суға бармайды.

  • Екіқабат әйелге пышақ, ара, қайшы ұстатпайды. Ұстаса – мерзімінен бұрын босанады.

  • Бала кіндігіне оралып қалады деп, екіқабат әйелге ине-жіп ұстатпайды.

  • Бала ортан жіліктің майын жесе – ата-анаға мейірімсіз болады.

  • Екіқабат әйел қоян етін жесе немесе қоян етіне жерік болса – баласы қоянжырық болады.

  • Екіқабат әйел ұл туғысы келсе – еркектің қару-жарағын, қыз туғысы келсе – жүзік, сырға, моншақ, қызыл түсті мата жастанып жатады.

  • Толғағы қатты болады деп екіқабат келіншекке толарсақ жегізбейді.

  • Қонақ қызды үй иесі төрге шығарса, сол үйге құт келеді деп ырымдаған.

  • Қыз бала дауысын қатты шығарып күлмейді.

  • Қыз бала түнде шашын жаймайды.

  • Баланың аңшылықтағы алғашқы олжасын несібесі кетеді, аңшылықта жолы болмайды деп ешкімге байлатпайды.

  • Егер әйел қыз туа берсе, баланың жолдасын босанған әйелдің басынан үш рет айналдырса ұл туады деп ырымдайды.

  • Жас келіншек аяғы ауыр кезінде түйе етін жемейді. Себебі, баласын түйе сияқты көп уақыт көтеріп, мезгілінде тумайды деген ырым бар.

  • Әйел екіқабат кезінде жерігі қанбаса, одан туған баланың аузынан су ағып жүреді.

  • Әйел босанар кезде үйдегі сандықты босатып қояды, сонда әйел тез босанады деп ырымдаған.

  • Сәби анасының төсін ұстап отырып емсе – сараң болады, еркім емсе – жомарт болады дейді.

  • Сәби шалқасынан алаңсыз ұйықтаса – елгі белгілі азамат болып өседі, бүк түсіп ұйықтаса – уайымшыл, жігерсіз болып шығады, етпетінен жатып ұйықтаса – ойшыл болады. Егер аяқ-қолын еркін созып ұйықтаса – болашақта батыр болады, бұл – кемеңгерліктің белгісі.

  • Шөбересінің алақанынан су құйып ішкен қарт жұмаққа барады.

  • Бесіктің бас жағына пышақ, қайрақ, қамшы қояды немесе үкінің тұяғын, кірпінің терісін, жыланның бас сүйегін тағады. Мұндайда шайтан, жылан, жәндік, тышқан келмейді деп жорыған.

  • Балаға асық етін мүжітпейді. «Алты жыл аш болсаң да асық етін мүжіме» деген сөз бар.

  • Тілдің ұшын жесе – сүйреңдеп сөйлей беретін болады деп ырымдаған.

  • Нәрестенің иткөйлегін далаға тастамайды. Олай жасаса, сәбиге сырқат жұғады.

  • Сәбидің бақыты иткөйлегін кигеннен басталады.

  • Сыңар аяқ киім киген баланың әйелі ұры болады.

  • Киімнің түймесін айқастырып салса, қуанышты хабар келеді. Ілулі тұрған киімнің түймесін салмайды.

  • Аяқ киімді оң аяқтан бастап киеді, сол аяқтан шешеді. 

  • Қонаққа келген сәбиге көгендік береді немесе киім алып береді. 

  • Шалбарды отырып, оң аяқтан киеді, сол аяқтан шешеді.

  • Киім сатып алғанға: «Киімің күйрек, жаның берік болсын!» деген тілек айтады. 

  • Аяқкиімді төңкеріп қоюға, теріс киюге болмайды. Олай жасаса, адамның жолы болмайды. 

  • Қазақ аяқкиімнің табанына қарамайды. Оның баспайтын жері жоқ. Сондықтан да былғаныштан көз ұшынады.

  • Жорықта, алыс сапарда басқа жастанатын еш нәрсе болмаса, етігін жастанған.

  • Халық нанымында: «Етік жолға бастайды, шалбар (жастансаң) сорға бастайды», Ұлтарақты етікке салмай тұрып, алдыңғы, жол бағытына қараған басын тіліп, «жолын ашу» ырымын жасайды. 

  • Екіқабат әйел «ұл табамын» десе, еркектің қару-жарағын, шалбарын ырымдан басына жастанып жатады. Қыз тапқысы келсе – қызыл ала шыт, әйелдің көйлегін, жүзік, сырға, алқа тәрізді әшекейлерді жастанған.

  • Шалбар мен етікті тұрып киюге болмайды. Соғыс кезінде ғана солай жасауға болады. 

  • Әйел босанып жатқанда жеңіл болсын деп, қыздың көйлегінің шетін жыртып «жол ашу» ырымын жасайды, немесе ұлдың шалбарының балағын тіліп қояды.

  • Баскиімді кез келген жерге тастамайды, аяққа баспайды, астыға басып отырмайды, аяққа кимейді. Олай жасаса, бастан бақ таяды, бас ауруына тап болады.

  • Ер адам әйелдің киімін кимейді, жаулығын басына салмайды. Олай жасаса, еркектігінен айрылады.

  • Емшектегі баласы бар әйел жалаңбас бала емізбейді. Жалаңбас отырса, шайтан қайызғағын сәбидің аузына салып жібереді.

Баскиімді айырбастамайды. Олай жасаса, басындағы бағы кетеді. Бас киімін сатуға да болмайды. 
Бөтен адамға баскиімін бермейді. Олай жасаса, адам басы кемиді. Баскиімін сыйлауға да болмайды









Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!