жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
«Ұлттық білім беру – рухани жаңғырудың бастауы»
«Ұлттық білім беру – рухани жаңғырудың бастауы»
Сисекенова А.Н.
Тәрбиенің мақсаты-балаларымызды бізсіз де күн
көре алатындай етіп оқытуымыз керек.
Эрнст Легувс,жазушы
Ұлтым деп соққан жүректің
Талабы әркез оң болар
Өзімшіл болған жігіттің
Ұрпағы мәңгі қор болар,
Ұлттық тәрбие туралы ойлағанымда, ойыма келгені осы 4 жол өлеңім. Расында да, ұлттың тәрбиесі, ұлттық тәрбие – қазақ елінің ертеңге ұмтылар, болашаққа жол тартар баспалдағы тәрізді. Жақсы, сапалы материалдан жасалған баспалдақ, кім-кімге де тіреуіш бола алады, жоғарға шығуына сенімді құрал. Сол сияқты, рухани тәрбиесі ұлттық тәрбиемен ұштасқан ұрпақтың,жалпы адамзат баласының алар асуы алыс емес. Тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу – ұлттың ұлт болып, ұлттық болмысын жоғалтпай, еліміздің құндылықтарын қадірлей алатын, бағалай алатын ұлттық патриотизмнің қалыптасуынын кепілі.
Ұлттық тәрбие дегеніміз не? Ұлттық тәрбие дегеніміз – кеудесіндегі кішкентай жүрегі елім, жерім деп соғатын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын ардақтап, ата-анаға деген, бауырға деген махаббаты риясыз, ата-бабадан қалған рухани, материалды қазынаны көзінің қарашығындай сақтап, ұрпақтан ұрпаққа табыстауды мақсат тұтатын азамат тәрбиелеу. Ұлттық тәрбие ешқашан жоғамауы тиіс, өшпеуі керек.
Бәрімізде білеміз, білім мен тәрбие егіз ұғым. Тәрбиесіз білім, білімсіз тәрбие ешқандай нәтиже бермейді, бермегенде. Адам үшін тәрбиенің маңыздылығы қаншалықты үлкен болса, ұлттық білімнің де өз маңыздылығы, өз алар орны бар. Ұлттық білімнің адам санасына, адамның жан-дүниесінің рухани жаңғыруына, рухани дамуына ықпалы зор. Білімді адам – мақсаты айқын, қадамы нық, өзіне деген сенімділігі мен құрметі асқақ тұлға. Білімді адам – елінің ертеңгі үміті, тірегі, болашақтың айнасы. Алайда, ұлттық тәрбиесі болмаса, ұлтқа, елге деген сүйіспеншілігі болмаса, бұл білім кері әсер етеді.
Елбасымыздың мағынасы терең, маңызы зор «Рухани жаңғыру – болашаққа бағдар» атты мақаласын жариялады.
«Мен еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары¬ біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарас¬тарымды ортаға салуды жөн көрдім», - деп бастайды[Egemen.kz сайтына гиперсілтеме]. Осы мақаланы оқи отырып, мені көп нәрсе ойландырды. Елбасымыз мақаласында рухани жаңғырту мақсатында жасалатын қадамдарымызды нақты көрсетіп те отыр. Әрине,үлгі аларлық, нәтиже шығарарлық. Алайда, тиынға тиын қосып, бала-шағаның қамын жасаудың жолында жүрген қарапайым қазақ рухани жаңғырудың, ұлттық тәрбие мен ұлттық білім берудің маңыздылығын қаншалықты түсінеді? Ұлттық білім оларды, олардың балаларын осы күйбеңі бітпейтін, мардымсыз еңбек ету қалыбынан шығара алатынын түсіне ма екен? Түсіну керек, түсіндіру керек. Себебі жай ғана білім алмай, ұлттық тәрбие мен ұлттық білімді қатар алып өскен бала, ертеңгі күні мамандығын, өмірдегі өз орнын таба алады. Қазіргі кезең – инновациялық технологиялардың даму кезеңі. Қазір бәрімізде заман ағымынан қалыспауға, технологиялық-ақпаратты пайдалануға тырысамыз.Тіпті кейде, асыра пайдаланып та жатамыз. Қазіргі цифрлық дәуірде қала халқының, қала жастарының ақпаратты желіні қолданып, аяғы жетпеген жерлерге, көздері жетіп, заман ағымынан қалыспағаны дұрыс, әрине. Бірақ сонымен қатар, ішкі жан-дүниелерін байытып, мәдиниетін тәрбиелеп, рухтарын жігерлендіріп отыруы да өздері үшін де, еліміздің ертеңі үшін де маңызы зор. Елбасымыз өз мақаласында осындай мақсаттарға жету үшін, арнайы тақырыптарға тоқталған.
Қазір еліміздің білім ошақтарының барлығы дерлік компьютерлендірілген, электронды кітапханалар ашылып, интерактивті тақталар орнатылған. Қазіргі таңда Төлеген Айбергенов айтпақшы «Шабам деген жігітке ат беремін, жанам деген жүрекке от беремін» деп, білім аламын, өз ісімнің маманы боламын деген жастарға зор мүмкіншіліктер ашылған. Ал, енді сол мүмкіндікті пайдаланып, жалқаулық пен қорқақтықты бір шетке ысырып тастауға олардың рухы қаншалықты мықты, қаншалықты жігерлі? Сайып келгенде, адамның болашағы ішкі рухани тәрбиесіне тікелей байланысты екенін білуге болады. Осы рухани ұлттық тәрбиені адам санасында қалыптастыру үшін, ұлттық білім беруді үнемі қатар жүргізіп, әдемі үйлесімділігін тауып, ұштастыра білу қажет. Ұлттық білім беру процесі қалай жүргізіледі, тек үнемі салт-дәстүр мен мақал-мәтелдерді үйрету, жаттатқызу арқылы біз нәтижеге жете аламыз ба, ата-бабамыздан келе жатқан ескі құндылықтарымыз бен жаңа заманауи технологияны қалай ұштастыруға болады? «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген өз мақаласында Елбасы. [Egemen.kz сайтына гиперсілтеме] Ұлттық салт-дәстүрді ұмыттырмай, баладан балаға табыстап отыру, әрбір қазақ баласының қоғам алдындағы, ұрпақ алдындағы, ата-баба рухы алдындағы міндеті. Десек те, Елбасымыз осы құндылықтарды сақтай отырып, жаңа заман ағысынан қалмай, жаңашылдыққа ұмтылуды атап өткен. Өткенің мен болашағыңды ұштастыра отырып ғана алға нық қадам басуға болады. Біздің құда түсу,тұсау кесу дәстүрлеріміз, Шәмші мен Ақан серінің ән-жырлары, Абай, Мұқағали Мақатаев бастаған төл әдебиетіміздің айшықтары – мұның бәрі, қадірін түсіне білген адамға, үлкен қазына. Осындай оза шапқан заманда қазақтың қазақ болып қалуы үшін, рухани жан-дүниесін сусындатып, нәрлендіріп отыруы үшін баға жетпес қазына.
Ұлттың, елдің, мемлекеттің ең басты қаруы десек те болатын, ең бағалы қазынасы десек те болатын нәрсе – Тіл. Ұлттық тәрбие мен ұлттық білім берудің негізгі кілті де осы – Тіл. «Тіл байлығы, тіл тазалығы – ұлт қасиетінің, салт-санасының негізгі өнегесі, нағыз белгісі». Бұл Бауыржан Момышұлы атамыздың сөзі. Сол тіл деген қазынаның бағасын, қадірін біз қаншалықты біліп жүрміз? Ұлттық білім бере отырып, тіліміздің мәртебесін көтергіміз келеді. Бірақ, бірнеше тосқауылдарға кездесеміз. Неге ауылдың орташа сауатты, қарапайым ғана қазағы өз тілінде, ана тілінде таза сөйлейді, ал сауатты, білімді, мәдениеті жоғары, қолында билігі бар қазақтар өз ана тілінде не мүлдем сөйлей алмайды, не таза сөйлей алмайды? Сонда,біз сауатты болған сайын, лауазымыз, беделіміз артқан сайын қазақ тілімізді ұмытамыз дегеніміз емес па. Тағы бір мысал, теледидар қоссақ орысша бағдарламалар жарыса жүргізіліп жатады, қазақ басшыларымыз орыс тілінде сұхбат беріп тұрады. Көшеге шықсақ, ілінген жарнамалар, дүкен, тағы да басқа ғимараттар атауы орыс тілінде. Сонда қазақ тілінде білім алып жатқан қазақ жастары өз тілдерін қалай дамытады? Ұлттық білім беру процесі тек қана оқу орындарында ғана емес, қоғамда да, отбасында да жүргізілуі тиіс. Ұлттық білім беру тек қана мемлекеттің міндеті емес, әрбір отбасының да міндеті.
«Кімде-кім халқынан алмаса тәлім,
Оны үйрете алмас ешбір мұғалім».
Жүсіп Баласағұн атамыздың сөзі. Сапалы ұрпақ, салихалы, инабатты ұл-қыз – мемлекет тірегі. «Тіл қаруы – сөз, сөз – қаруы ой» дейміз. Ана тілінде еркін сөйлей алатын, сауатты азамат, өз ойын, өз пікірін де қазақ тілінде жеткізе алады. Ата-бабаларымыздан қалған небір өнегелі, мағынасы терең, ой түйер сөздері көп. Ал, сол қазынаны жастар қаншалықты қолданып жүр, мағынасына терең үңіліп, түсінуге қазақи сауаттылығы жете ме? Қазақ тілінде сөйлей отырып, басқа тілдің де сөздерін қолдануға құмармыз. Бұл сөйлеушінің сауатсыздығын білдіре ма, әлде қазақ тілінің сөздік қорының жұтаңдығын көрсете ме? Қазақ тілі – бай тіл. Әрбір сөзінің, әзілінің астында терең мағыналы ой жатыр. Яғни, тіліміз жұтаң емес, сөйлеушіміз сауатсыз. Ал ол сөйлеуші – ұлты қазақ, қаны қазақ, анасы қазақ, әкесі қазақ, қазақ елінің азаматы. Ұлттық тәлім-тәрбиенің, ұлттық білімнің, рухани жаңғырудың бастамасы тіл болса, нәтижесі қандай болмақ?
Ұлттық білім мен ұлттық тәрбиені игеру үшін қазақ баласы бойында қандай қасиеттер болуы керек? «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек». [Egemen.kz сайтына гиперсілтеме] Бұл Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы сөздерінен үзінді. Ол қандай қасиеттер? Ол ескіліктің сарына емес пе, біздің бәсекеге қабілетті болуымызға кері әсері жоқ па? Ол – қанағатшылдық, қарапайымдылық, үнемшілдік және ұстамдылық, ал бұл қасиеттер адамгершіліктің негізгі элементтері. Демек, өскелең ұрпаққа ата-бабамыздан баға жетпес қасиеттер мұраға қалдырылған. Осы қанмен келген адамгершілік қасиеттерімізді жоғалтпай отырып, дамыта отырып, рухани дүниемізді тәрбиелей отырып, біз бәсекеге қабілетті, білімді азамат бола аламыз. Егер қазіргі таңда білім алып жатқан жастарымыздың бойына осы қасиеттерді қалыптастырған жағдайда ғана, саналы ұрпақ, ұлтжанды азамат тәрбиелей аламыз. Өмір жеңістер мен жеңілістерден тұрады, бірде ұтады, бірде ұтылады. Бір сәтсіздікке ұшырағаннан кейін, қайтадан орнынан тұрып, алға қадамын жасауға біздің жастарымыздың күш-жігері жете ме, бәсекелік нарықта өз орын таба ала ма? Ол да әрине, ішкі стерженьге, рухының мықтылығына байланысты.
Мен ағылшын тілі оқытушысымын. Мен өз пәнімде студенттеріме шет тілін ғана үйретіп қоймаймын, сонымен қатар шет елдердің географиялық жағдайын, мәдениет, салт-дәстүрлерін, ән-жырларын үйретемін. Осыларды үйрете отырып, салыстыра отырып, мен өз еліне деген сүйіспеншілігін, рухани қазынасының қадір-қасиетін қатар түсіндіруге тырысамын. Алдымда отырған студенттердің азғантай пайыз болса да, ұлтжандылық қасиеттерін дамытқым келеді. Тек қана білім бермей, ұлттық білім мен тәрбиені меңгерткім келеді. Әрине, оларға басқа елдің тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін жамандап отырмайсың. Керісінше, дамыған мемлекеттердің білім мен мәдениет деңгейін үйрете отырып, жақсы нәрсеге талпынса екен, бәсекеге қабілеттілігі артса екен деген мақсатым бар. Жақсыдан үйрен де, жирен. Біздің дамыған мемлекеттерден үйренеріміз бар. Әсіресе, білім беру саласы жағынан, әдістемелері жағынан, заманауи ақпараттық-технологияны пайдалану жағынан аларымыз көп. Тек үйреніп қана қоймай, сондай бір дүниені, бір жаңалықты аша алса, жастарымыздың болашағы үшін үлкен оң өзгерістер әкелері сөзсіз. Сөз соңында жазарым, қазақ халқының тәлімі мол мектебінен жаман адам шықпаған. Сондықтан, жастарымызға, балаларымызға ұлттық тәрбие мен ұлттық білімді қатар бере алсақ, үлкен нәтиже әкелері ақиқат.
шағым қалдыра аласыз



Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген