Материалдар / ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР – ТӘРБИЕ НЕГІЗІ: ҚҰМАШ НҰРҒАЛИЕВТІҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КӨЗҚАРАСТАРЫ

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР – ТӘРБИЕ НЕГІЗІ: ҚҰМАШ НҰРҒАЛИЕВТІҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КӨЗҚАРАСТАРЫ

Материал туралы қысқаша түсінік
ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР – ТӘРБИЕ НЕГІЗІ: ҚҰМАШ НҰРҒАЛИЕВТІҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КӨЗҚАРАСТАРЫ
ЖИ арқылы жасау
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР – ТӘРБИЕ НЕГІЗІ: ҚҰМАШ НҰРҒАЛИЕВТІҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КӨЗҚАРАСТАРЫ


Абдулмаксут Айнур

Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының

7 Бетқайнар колледжі, әдіскер

Жамбыл облысы, Қордай ауданы


Аңдатпа. Бұл жұмыста қазақ педагогикасының көрнекті өкілі Құмаш Нұрғалиевтің педагогикалық көзқарастары мен идеялары қарастырылады. Ұстаздың ұлттық құндылықтарды тәрбие негізі ретінде дәріптеуі, мұғалім мен оқушының рөлін ерекше бағалауы, еңбек тәрбиесінің маңыздылығын атап өтуі баяндалады. Құмаш Нұрғалиев құрған авторлық мектептің тәжірибесі арқылы білім беру мен тәрбиенің үйлесімділігі көрсетіледі. Ұлы ұстаздың идеялары қазіргі заманғы білім беру жүйесінде өзектілігін сақтап, ұлттық тәрбие мен педагогикалық жаңашылдықтың айқын үлгісі ретінде сипатталады.

Түйін сөздер: Ұлттық құндылықтар, тәрбие, Құмаш Нұрғалиев, педагогика, еңбек тәрбиесі, мұғалім мәртебесі, мәдениет орталығы, авторлық мектеп, ұлттық тәрбие, білім беру жүйесі.

Зерттеу мақсаты: Құмаш Нұрғалиевтің педагогикалық идеяларын талдау арқылы ұлттық құндылықтардың тәрбие жүйесіндегі рөлін айқындау, оның білім беру саласына қосқан жаңашылдықтарын анықтау және қазіргі заманғы педагогикада қолдану мүмкіндіктерін көрсету.

Зерттеу нысаны: Құмаш Нұрғалиевтің педагогикалық идеялары мен тәжірибесі, оның ұлттық құндылықтарды дәріптеу және тәрбие беру әдістемесіндегі рөлі.

Зерттеу пәні: Құмаш Нұрғалиевтің ұлттық құндылықтарға негізделген педагогикалық көзқарастары мен тәрбие беру әдістері.

Зерттеу тапсырмасы: Құмаш Нұрғалиевтің педагогикалық идеяларының негізін құрайтын ұлттық құндылықтарды анықтау.

Ұстаздың білім беру мен тәрбие жүйесіне енгізген жаңашылдықтарын талдау.

Оның авторлық мектебі негізінде оқыту мен тәрбие үдерісінің ерекшеліктерін зерделеу.

Қазіргі заманғы педагогикада Құмаш Нұрғалиев идеяларының қолдану мүмкіндіктерін айқындау.

Ұлттық құндылықтардың оқушыларды тәрбиелеудегі рөлін көрсету.

Қолданылатын зерттеу әдістері: Ғылыми дереккөздерді талдауды қамтитын теориялық әдістер; оқу процесін зерттеу мен бақылауды қамтитын эмпирикалық әдістер.

Зерттеу нәтижелері: Құмаш Нұрғалиевтің педагогикалық көзқарастары ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен жаңашылдық пен дәстүрді үйлестіруде ерекше орын алады. Оның ұстаздық қызметі мұғалімдердің қоғамдағы беделі мен маңызын арттыруға, оқыту үдерісін адамгершілік құндылықтармен толықтыруға бағытталған. Құмаш Нұрғалиев педагогикалық идеологиясында мұғалімді тек білім беруші ғана емес, сонымен қатар ұлттық мәдениет пен өнерді дәріптейтін, еңбекке баулитын тұлға ретінде қарастырады. Оның көзқарастары қазіргі білім беру жүйесінің негіздерін қалыптастырып, ұлттық тәрбие мен заманауи білімді үйлестіруге үлкен үлес қосты.

Кіріспе. Құмаш Нұрғалиев – қазақ педагогикасының алтын қорын байытқан көрнекті тұлға. Оның педагогикалық идеялары ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, заманауи білім беру жүйесін дамытуға бағытталды. Ұстаздың еңбегі арқылы білім мен тәрбие беру ісінде ұлттық рухты сіңірудің маңызын ашты.

Мұғалім мен оқушы – педагогиканың өзегі. Қ. Нұрғалиевтің педагогикалық көзқарастарының басты ерекшелігі – оқушы мен мұғалім арасындағы тығыз байланыс. Ол мұғалім мамандығын ерекше мәртебелі деп санап, ұстаздың қоғамдағы орны биік болу керектігін алға тартты.

«Менің арманым – мұғалімді барлығы құрметтеп, мұғалімдік диплом жоғары бағаланатын уақыттың келуі», – деген ойы қазіргі педагог мәртебесін көтеруге бағытталған жұмыстардың алғышарты болды [1].

Ұстаздың айтуынша, мұғалім тек білім беру ісімен шектелмей, оқушылардың бойында адамгершілік пен рухани құндылықтарды қалыптастырушы тұлға болуы тиіс.

«Мен қазір жақсы оқытушыны дүниедегінің бәрінен де қымбат көремін. Халық мектептері үшін ең керектісі — оқытушы. Тамаша педагогика құралдары да, әбден мұқият түрде жүргізілетін инспектор бақылауы да оқытушыға тең келе алмайды. Егер балалар бірдемені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәләуға тиіс емес, оларға түсіндіре алмай отырған өзін кінәләуі тиіс. Қаншама жетілдірілген техникалық құралдар болса да, мұғалімнің жеке басын алмастыра алмайды. Оның оқушыға деген жүрегінің жылуы ешқашан сөнбек емес.

Өз пәніңді білуің аз, шәкірттер алдында сол пәннің поэтикасын аша білуге, романтикасын танытуға тиістісің. Озық ойлы маман болсаң, алдыңнан дәріс алғандар: «Мен де осы ұстазым сияқты осы пәннің, осы ғылымның қыр-сырын түгел білетін білгір боламын!» деп құлшынсын. Бұл бірінші өлшем де болмас. Ең үлкен өлшем сенің адамгершілік бейнең еліктеуге татырлықтай биік болсын. Жақсы мектептің тақтасы да, әр қабырғасы да тәрбиелейді демекші, ұстаздың әр қимылы, әр сөзі тәлім-тәрбие берсін. Мектептегі мұғалімдердің басым көпшілігінің ер адамдар болуын жақтаймын, әке тәлімін көрмеген ұл қандай болмақ», – деп мектепке ер азаматтарды тартуды қолдады [2].

Ұлттық құндылықтар мен тәрбиенің үйлесімі. Құмаш Нұрғалиев ұлттық тәрбиені білім беру жүйесінің негізі ретінде қарастырды. Оның пікірінше, жас ұрпақты халқымыздың мәдениеті мен дәстүрлеріне сүйене отырып тәрбиелеу қажет. Ауыл мектебінде жұмыс істей жүріп, ол ұлттық құндылықтарды оқыту мен тәрбиенің ажырамас бөлігіне айналдырды. Мектепте өнер, әдебиет, тарих және еңбекке баулу арқылы балаларға халқымыздың бай рухани мұрасын жеткізді.

Мектеп – мәдени орталық. Нұрғалиевтің Боран ауылындағы авторлық мектебі – білім мен тәрбиені ұштастырған ерекше жоба. Бұл мектеп тек білім ордасы ғана емес, мәдени орталық ретінде де танылды. Мектеп қабырғасында:

  • көркем галерея,

  • әдеби және елтану мұражайлары,

  • киноклубтар мен спорт алаңдары жұмыс істеді.

Мұндай кешенді жүйе оқушыларды жан-жақты дамытуға, олардың бойында шығармашылық қабілеттерді ашуға көмектесті.

Мектептің мәдениетінің әлеуметтік институты ретіндегі педагогикалық нәтижелілігі – оқушылардың өнерге, ұлтаралық қатынас мәдениетіне, халық өнеріне деген ерекше қызығушылығымен сипатталады.
     Құмаш Нұрғалиев өз қызметінде авторлық мектеп құру арқылы ерекше мәдени орта жасауға тырысты. Оның пікірінше, мектеп, балалардың әлемге көзін ашып, оларды ғылым, техника, мәдениет саласындағы қазіргі заманға сай жетістіктерге тартуы тиіс.

  «Тәрбие жұмысының творчестволықпен ойланатын, іске асыратын, тіпті, кей жағдайда талас, пікір тудыратын әдістері, түрлері көп. Әнгіме соңы орынды, дұрыс пайдалана білу. Қайткенде жас ұрпақты мәденниетті, білімді, бүгінгі өмір талабына сай баулу керек. Сондықтан бұл жұмыста қол жеткен жетістіктеріміз болса, қанағат етіп тұрып қалмай, үнемі іздене берсек дер едім. Болашақтын ұрпағын тәрбиелеу, өсіру, оқыту, үйрету керек. Иә, ұстаздың борышы, шәкірт алдындағы зор енбегі, арайлы ісі, Отанға деген игі қызметінің бәрі осы үлкен арнаға сияды» деген Қ. Нұрғалиевтің пайымдауында зор мән жатқандай [2].

Еңбек тәрбиесі – ұлттық тәрбиенің өзегі. Құмаш Нұрғалиев еңбекті тәрбиенің маңызды құрамдас бөлігі деп санады. Ол оқушыларды ерте жастан еңбекке баулып, оларды қоғамға пайдалы жұмысқа тартуды жақтады. Ұстаздың айтуынша, еңбек оқушыларды жауапкершілікке, тәртіпке және өзін-өзі дамытуға баулиды.

«Еңбек ешқашан оқуға қолбайлау болмайды. Ол – тәрбиенің негізгі құралы», – деп, ол еңбек пен білімнің үйлесімділігін көрсетті [3].

Құмаш Нұрғалиевтің мұрасы – заманауи білім берудің негізі.

Ұлы ұстаздың педагогикалық идеялары ұлттық құндылықтарды сақтау мен жаһандық білім беру стандарттарына бейімделудің жарқын үлгісі болды. Оның еңбектері бүгінгі таңда Қазақстанның білім беру жүйесінде қолданыс тауып, ұлттық тәрбиені дамытуда маңызды рөл атқарып келеді.

Құмаш Нұрғалиевтің «Ерте ме, кеш пе мұғалімдердің де өмірдегі өзінің биік тұғырына қонарына мен сенімдімін» деген сөздері көрегендікпен айтылған және бүгінгі күні шындыққа айналды. Бұл пікір оның педагогикалық көзқарастарының тереңдігі мен ұстаздардың қоғамдағы маңызды рөлін түсінгендігін көрсетеді. Бүгінде арнайы «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы – осыған дәлел. Бұл заң мұғалімдердің мәртебесін көтеріп, әр ұстаздың абыройын арттырып, олардың еңбегін лайықты бағалауға мүмкіндік береді. Мұғалімдердің кәсіби қызметі мен қоғамдағы орны туралы пікірлердің өзгеруі, олардың жұмыс жағдайлары мен әлеуметтік жағдайларының жақсаруы осы заңның қабылдануына ықпал еткен маңызды қадам болып табылады.

Ұстаздың өлшеусіз еңбегі.Ұстаз – білімнің қайнар көзі, ұлт болашағының қалыптасуындағы негізгі тұлға. Ұстаз еңбегін дәріптеп, оның маңыздылығын ерекше атап өту – әрбір азаматтың борышы. Өзінің өмірімен, еңбегімен елге үлгі бола білген ұстаздарға арнап жазылған өлеңім осы ойды айқындай түседі:

Өткенімен күз, көктемі, қыс, жаздар,
Шың қалпында қала береді құзды асқар.
Ей, адамдар, алты құрлық жайлаған,
Тік тұрыңдар, келе жатыр ұстаздар!

Жасасаң да оған лайық сый қалай,
Дүние емес, жаны игі, күйге бай.
Шәкірттерін жеткізетін аспанға,
Ұстаз деген көк тіреген Гималай.

Асы жиі бұйырмайды кей төрдің,
Аманатты арқалаған еңкейдің.
Сонда дағы өр көрінер сырт көзге,
Ұстаз мұнарасы – Эйфельдің.

Тұлпарды ұстар ұмытпайық тұяқты,
Қатар берген білім, әдеп, ұятты.
Мың сұрақтың жауабы бар телегей,
Ұстаз деген Тынық мұхит сияқты.

Көп болса да бейнеті мен кермегі,
Жұмысынан жұқа өрмекші өрмегі.
Бала арқылы бар әлемге нәр берген,
Ұстаз деген – Ніл өзені шөлдегі.

Әл-Фараби – әр кезеңнің сыйласы,
Аристотель – мәңгіліктің қимасы.
Тарихтан тамыр тартқан бүгінге,
Ұстаз деген – Мысыр Пирамидасы.

Ұлтқа азық еңбегі мен бергені,
Қазылмады бірақ елден көрлері.
Әліппе мен әліпбиді қалдырған,
Ұстаздар ғой – Алаш қайраткерлері.

Демесең де ертеңіңе алаңмын,
Оу, болар ел бойын тікте балаңның.
Барша адамдар құраушысы ғаламның,
Ұстаз деген – қозғаушысы ғаламның.

Білімі сай қоғам қойған талапқа,
Демеу болар қатаймаған қанатқа.
Жан дүниесін байытумен баланың,
Рухани жаңғыртамыз сабақта!

Қорытынды. Құмаш Нұрғалиевтің ауыл мектебін дамытуға бағытталған жаңашыл идеялары білім беру саласында терең із қалдырды. Ол мұғалімдер ұжымының шығармашылығын дамыту, ғылым мен тәжірибені біріктіру, оқушылардың өзін-өзі дамытуына жағдай жасау, мектептің техникалық базасын нығайту, отбасы мен қауымдастықпен байланыс орнату, ауыл мәдениетін сақтау және ұлтаралық қатынастар мәдениетін қалыптастыру арқылы сапалы білім берудің жаңа үлгісін ұсынды. Бұл тұжырымдамалар бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпай, білім беру жүйесін жетілдіруде маңызды рөл атқаруда. Құмаш Нұрғалиевтің педагогикалық идеялары ұрпақ тәрбиесінде ұлттық құндылықтардың айқындаушы рөлін ерекше көрсетеді. Оның еңбектері арқылы ұстаздың тұлғалық қасиеттері мен кәсібилігі тәрбие үдерісінің маңызды бөлігі болып қала береді..


Әдебиеттер тізімі:


1. Нургалиев К.Н. Наш семидесятый учебный год // Учитель Казахстана. – 1987. – № 40 (1813). – 1 октября. – С. 1.

2. Антология педагогической мысли Казахстана. – Алматы: Рауан, 1995. – 512 с.

3. Боранғалиев Т. Ұстаздық дастан жалғасы // Социалистік Қазақстан. – 1988. – 30 сәуір.




ЖИ арқылы жасау
Жариялаған:
Абдулмаксут Айнур
31 Наурыз 2025
381
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі