ҰЛТТЫҚ СПОРТ – ҰЛТ МІНЕЗІН
ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ КЕПІЛІ
Дүниенің төрт бұрышын шарлап,
тұлпарының тұяғы дүр дегендерге ұйқы нәрін татырмаған түркінің
баласының мінгені – жылқы, баққаны – қой, ішкені ақ еді. Содан
болар, заңы да сақараның заңындай қатал да, әділ ұлттық ойындарымыз
жеткілікті. Қырандай шүйлігіп көкпар ілген, керіле щауып жақ
тартқан, шаңдата шауып теңге ілген жауынгер халықтың қыз-жігіт
болып ойнаған ойыны да қыз қуу болды. Осы тақылеттес ойын түрлерін
меңгерген сарбаздарға дайындықтың өзі ойынмен пара-пар болар еді.
Ол заман өтті, қазір сол ойындардың жұрнағы сайын даламыздың әр
өңірінен қылаудай көрінеді. Урбандалған қоғамдағы тегінен ажырамай,
салтын сақтап жүргендер де жеткілікті. Тіпті сондай қызығушылығы
бар азды-көпті топты қолдап жүрген Ұлттық спорт қауымдастығы да жоқ
емес.
Халықтың мәдениеті оның салты,
ас-суы, шұғылданған кәсібі, ойнаған ойынынан тұрады. Ал мәдениет
ауыспалы құбылыс. Оған Еуропаның «поло» деп жүргені біздің «шөген»
екенін де мысал ете аламыз. Жә, бұл мақтанатын нәрсе емес. Егер біз
сол шөгенді «атасын танытып тұрып» ойнасақ мақтанар едік. Қазірше
оның иісі мұрынымызға да бармай тұр. Ақыл-ойды дамытатын
тоғызқұмалақ секілді ойындардан да алатын ғибрат зор. Символизм,
миф, идеология, дәстүр дегеннің бәрі осында жатыр. Мәселенің бірін
айтып, біріне көшпей, айтар ойды жинақтасақ, қазақ ойынының бүкілі
дерлік стратегия мен күшке құрылған. Шеткергі жұрттың мәдениетін
меңгерген дұрыс, алайда біздің ішкі діліміз бен сыртқы тінімізге
зарары тимеуі қажет. Бұл – талқылайтын мәселе
емес.
Ұлттық рух нәзік те, қасиетті
нәрсе. Жоғалтып я сөндіріп алсаң қайта жағу, әсте, оңай емес. Оңай
еместігін бүгінгінің бедері байқатып-ақ отыр. Ұлтымыздың саны сан
соғыстан емес, саналы тоқыратулардан тежелген. Оның алғы шарты да
ұлттың рухын әлсірететін іс-қимылдардан тұрды. Астындағы жылқысы,
алдындағы төрт түлігінен айырылған халық жаңағы мәрт мінез бен
салқын ақылдан мүлдем жұрдай болары анық. Сондай бір сұрқия саясат
осыдан ғасыр бұрын күшіне еніп еді. Қара халықты малды байдан
жерітіп, байлық пен беделден алшақ болуға үгіттеп, ұлттың саналы
санынан айырып, қаймағын бұзды. Соның зардабын әлі тартып келеміз.
Баламыз бүгежектегіш, жалтақ, жасымыз белсіз, жасық, егдеміз
беделсіз болып барады. Жылқыдан түскен жастардың «желі шығып»
қалғаны өкірер жәйттің бірі болып отыр. Мәселенің шешімі не десек,
тұтас бір кешенді жаңғырту болмағы керек. Оның ішінде – ұлттық
спорт. Ұлт мінезіне тән іс-қимылмен шұғылданғанда ғана ұлттың
жоғалғаны табылып, делебесі қайта қоза бастары анық. Себебі қанша
әлемдік спорт түрлерімен айналысса да, қан қазақша туламайды,
жанкүйер де тақымды ұлттық спорттағыдай қыспайды. Содан болар ұлт
мәселесіне ұйысар тұста, ұйытқымыздың ұйқы-тұйқысы шығып жүргені.
Ендеше жанды тірілейік, қанды қайта ақ білек бойында жүгіртейік.
Қазақтың беделі басқа жұрттың алдында биік болуы үшін, әр бала өз
Отанын сүйіп тұру үшін, ертеңгі ер мінезділердің кішкентай жүрегіне
Отан Анасы сыйып тұру үшін, мінезіміз иіліп емес, алдына келгенді
идіріп тұру үшін, біз бүгін бабаның амалына айналған – ұлт дағдысы,
ұлт спортын жаңғыртайық! Бұл – қазақпын деген, осында өндім, өстім
деген әр жанның жадында жүруі керек ұран.
Үсенбай
Сырым
Абай Құнанбайұлы
атындағы №87
мектеп-гимназиясының
дене шынықтыру пәні мұғалімі