
Ұлы Жібек Жолымен көрмесі және ҚазҰУ
Алматы қаласында жыл сайын өтетін мәдени әрі іскерлік шаралардың бірі
– «Ұлы Жібек Жолымен – 2024» XII халықаралық кітап және полиграфия
көрмесі. Бұл іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат
министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып, еліміздің рухани және
зияткерлік дамуына ерекше үлес қосып келеді. Көрме биылғы жылы да
ауқымды форматта өтуде және оған Қазақстан, Ресей, Германия, Тәжікстан,
Қырғызстан, Өзбекстан, Иран сияқты елдерден баспагерлер,
полиграфистер, жазушылар мен кітапханалар қатысуда.
«Ұлы Жібек Жолымен» көрмесі – кітап индустриясы мен полиграфия
саласының өзара тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар
мәдениетаралық байланысты нығайтуға бағытталған маңызды іс-шара.
Көрменің негізгі мақсаты – заманауи кітаптарды кеңінен насихаттау,
отандық кітап басу ісін дамыту және халықаралық ынтымақтастықты
тереңдету. Кітап пен полиграфия саласына соңғы технологияларды енгізіп,
жаңа үрдістерді зерттеуге арналған көрме ұлттық мәдени мұра мен қазіргі
заман талабын үйлестіретін ерекше алаң ретінде танылды.
Қазақстандық баспагерлер үшін бұл көрме жаңа жобаларды таныстырып,
отандық кітап нарығында өз өнімдерін ұсынуға бірегей мүмкіндік береді.
Биылғы жылы «Атамұра», «Алматыкітап», «Мектеп», «Дарын», «Адал
Кітап», «Smart University» сияқты жетекші баспалардың туындыларының
тұсаукесерлері өтті. Оның ішінде, Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты Маралтай Райымбекұлының «Балбалтас» өлеңдер
жинағы ерекше назар аударды.
Көрменің басты ерекшеліктерінің бірі – білім беру және ғылыми орта
өкілдерінің белсенді қатысуы. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университеті (ҚазҰУ) – еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының бірі
ретінде, көрмеге тұрақты қатысушылардың бірі. ҚазҰУ-дың кітапханасы
мен баспа ісі бөлімі еліміздің интеллектуалдық қазынасын байытуда
маңызды рөл атқарып келеді.
ҚазҰУ ұжымы көрме аясында бірнеше бастама көтерді. Университет
ғалымдары мен профессорлары қатысқан пікірталас алаңында қазіргі
заманғы баспагерлік технологиялар, цифрлық кітаптар және онлайн оқыту
құралдарының артықшылықтары туралы баяндамалар жасалды. Сонымен
қатар, ҚазҰУ студенттері мен оқытушылары көрмеге ұсынылған
кітаптарды таныстырып, олардың ғылыми және әдеби құндылықтарын
талқылады.

ҚазҰУ мен «Ұлы Жібек Жолымен» көрмесінің ынтымақтастығы ұлттық
кітап мәдениетін нығайтуда маңызды орынға ие. Университет студенттері
көрмеге ерікті ретінде қатысып, кітап ісін ұйымдастырудың қыр-сырын
меңгеруге мүмкіндік алады. Сонымен қатар, ҚазҰУ кітапханасы көрме
барысында жаңа басылымдарды сатып алып, университеттің ғылыми
қорын толықтырады.
Соңғы жылдары ҚазҰУ кітапханасында халықаралық деңгейдегі көркем
әдебиет пен ғылыми еңбектер саны айтарлықтай артты. Мұның бәрі
заманауи оқырманның сұранысын қанағаттандыруға бағытталған жүйелі
жұмыстың нәтижесі.
«Ұлы Жібек Жолымен» халықаралық көрмесі – тек кітап басу мен
полиграфия саласының дамуына ықпал ететін шара ғана емес, сондай-ақ
шығармашылық пен білім беру салаларының тоғысатын ордасы. ҚазҰУ
сынды алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының көрмеге белсенді
қатысуы – мәдени және ғылыми құндылықтардың дамуына жасалған
маңызды қадам.
22 қарашаға дейін жалғасатын бұл көрме кітап ісі мен білім беру
саласындағы жаңа мүмкіндіктерге жол аша отырып, әлемнің түкпір-
түкпірінен келген мамандардың бірлескен жұмысын көрсетеді. Ұлттық
рухани қазынаны дамытуда мұндай іс-шаралардың орны ерекше екенін
атап өтуіміз қажет.
Құралай Пазылақын
Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы
3-курс