Сынып 7”а”
Сынып жетекшісі Әбілбашар Н.
2024-2025 оқу жылы
“Өскенбай Жұмаділла атындағы дарынды балалар мектебі”
Бекітемін_____________
А.Ибраемова
Тәрбие сағаты
Тақырыбы: Ұстаз жолы – тарихындай бір елдің!
Мақсаты: Ұстаздың адам өмірінде алатын орын зор екендігін, ұстаздарды құрметтеу, сыйлау және қадірлеу қасиеттерін оқушылардың бойына дарыту.
Құндылығы: Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік құндылығы.
Өту барысы
Мұғалім: - Қайырлы күн, құрметті қонақтар, ұстаздар, оқушылар. Бүгінгі ұстаздар мерекесі қарсаңында өткелі отырған «Ұстаз жолы —тарихындай бір елдің» атты ашық тәрбие сағатымызды бастауға рұқсат етіңіздер.
Жағымды психологиялық ахуал. «Комплименттер жаңбыры» «Мен сені ... үшін құрметтеймін»
Оқушылар жұпта бір-біріне стикерге комплимент жазады. Комплименттерді оқу арқылы оқушылар үшін жағымды атмосфера орнайды.
Мұғалім: - Ұстаздық өте жауапты мамандық екені баршамызға белгілі. Ол – мектептің де, қоғамның да, ғылымның да, білімнің де, ұлттың да, адамгершілік пен ерліктің де, жақсы мінез бен ақындықтың да нағыз жанды өкілі. Ұстаздың әділдігі, адалдығы, батылдығы, мінез сұлулығы, іс пен сөз бірлігі, шыншылдығы, ұстамдылығы күн сайын балалар тарапынан баға алып отырады. Ол – әрі ғалым, әрі шешен, әрі көшбасшы. Ұстаз – мейірім, махаббат, сүйіспеншілік, жанашырлық сезімдерінің көрігі. Ұстаз – білім беру сапасын арттыру саясатын тікелей жүзеге асырушы.
Ұстаз беделін қоғам алдында көтеру үшін Елбасының тікелей өз Жарлығымен еліміздегі ең жоғары марапат – Қазақстанның Еңбек Ері атағы мен «Алтын жұлдыз» белгісі және «Отан» ордені ең бірінші рет ұстазға берілді. Бұл – мектеп мұғалімінің еңбегі елімізде жоғары құрметке ие екендігінің айғағы.
Сұрақ-жауап айдары.
-
Қалай ойлайсыздар оқушылар, нағыз ұстаз бейнесі қандай?
-
Оқушы мен мұғалім арасында қандай қарым-қатынас болу керек?
-
Оқушының мұғалімге қарым-қатынасы сабақ дайындығына әсер ете ме?
Постер құру.
-
Ал, Балалар қазақтың тұңғыш ұстазын білесіңдер ме?
-
Ыбырай Алтынсарин.
-
Әрине, Ыбырай Алтынсарин.
-
Ал ұлттық жазудың реформаторы, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, «Оқу құралы» атты еңбек жазған ұлы ағартушыны кім біледі? Ол «Ұлт ұстазы» деген атаққа ие.
— Ахмет Байтұрсынұлы.
-
Ендеше балалар, қазір сіздерге топтық тапсырма осы екі ағартушы туралы мәліметтерді жинап, постер құру және постерді қорғап шығуларыңыз керек. Сіздерге 7 мин беріледі. Ал постер қорғау регламенті 3 мин.
Постерді ән тыңдай отырып құра беріңіздер, ортада шырқайтын ___________.
Постер қорғау.
-
Ұстаз — ұлағатты есім. Күн сәулесі өмірге қандай жарық берсе, ұстаз есімі де шәкірттерге күндей жарық береді. Күн сәулесіндей білім шамшырағын жаққан ұлы ағартушы тұлғалар туралы мәліметті тыңдайық. Топ басшылары постерлеріңізді ортаға салып, қорғаңыздар.
Квест ойын.
Ақырын жүріп анық бас. Еңбегің кетпес далаға
Ұстаздық еткен жалықпас,Үйретуден балаға, – деп Абай атамыз айтқандай, қазір тыңдалған ақпарат бойынша «ақырын жүріп, анық басып» сұрақ-тапсырмаларға жауап бере отырып, бұл виртуалды бөлмеден шығуымыз керек.
-
Тұңғыш мұғалімдер мектебін ашқан ағартушы ғалым. Ы.Алтынсарин
-
А.Байтұрсыновтың қазақша жазылған тұңғыш әліппелердің бірі. «Оқу құралы»
-
«Қазақ хрестоматиясының» авторы. Ы.Алтынсарин
-
Қазақ тілінің тұңғыш оқулығы «Тіл – құрал» атты еңбектің авторы. А.Байтұрсынов
-
Ең алғаш қыздар мектебін ұйымдастырған. Ы.Алтынсарин
Сергіту сәті. Пирамида ойыны.
Мақал-мәтелдер жарысы. «Мақалдың жалғасын тап».
-
Ұстаз туралы қанша мақтау сөз айтсақ та тауыса алмаспыз. Ендеше, ұстаздар туралы мақал-мәтелдер айдарына кезек берейік. 2 топ кезектесіп ұяшықты таңдап, берілген мақалдың жалғасын айту керек.
Қойылым.
Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы –деп ақын Ғафу Қайырбеков ағамыз жырлағандай, біздің мектебімізде сөзі – маржан, үні – ән ұстаздардың бар болғанын мақтаныш етемін. Әрине, ұстаз жүгі – ауыр жүк. Адамның жан дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін сездіре білу – бұл нағыз шеберлік емес пе?!
Ұстаздар қауымына арналған қойылымды тамашалаңыздар.
Кері байланыс. «Жарты жүрекше». Суретті толықтыр.
-
Тәрбие сағатынан қандай жаңа білім алдың?
-
Тәрбие сағатынан алған әсерің?
Қорытынды. Ұстаз — шәкірт алдында сыйлы адам. Ұстаз жайлы айтылар сыр да, жыр да көп. Ұстаз сенімін ақтау — адамгершіліктің белгісі. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған, сондықтан ұлағатты ұстаздар сіздерге бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Осымен ұстаздарға арналған сабағымызды аяқтаймыз. Сау болыңыздар!
Ыбырай Алтынсарин
Ыбырай Алтынсаринның өмірбаяны мен атқарған қызметтері
Ыбырай Алтынсарин (1841-1889 жж.) — қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері.
Ыбырай Алтынсарин қазақ халқының ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырған тұлға. Ол 1841 жылы қазіргі Қостанай облысының аумағында дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылған ол атасының - белгілі би және старшын Балқожа Жаңбыршиннің қолында тәрбиеленді. Ыбырай бала кезінен бастап білімге және өз бетінше оқып білуге бейім екенін байқатты. Көп оқыды, Ресей қоғамының білімді адамдарымен жиі араласып тұрды. Орынборда оқып жүрген кезінде шығыстанушы ғалым В.В Григорьевпен жақын танысып алды. Ол өзінің бай кітапханасымен Ыбырай Алтынсариннің еркін пайдалануына рұқсат етті. Білімге құштар жас бос уақытының бәрін де сол кітапханада өткізді. Білген үстіне біле түссем деген құмарлық пен өз халқыма неғұрлым көбірек пайда келтірсем деген абзал арманға ұмтылыс жас Ыбырайдың өмірлік кредосына айналды. Өзінің мінез-құлқы жағынан қарапайым әрі еңбексүйгіш еді, көп оқыды, өзге халықтардың қол жеткен табыстарын неғұрлым көбірек біле түссем деп армандады. Алған білімін өз халқының пайдысына асыруға талпынды.
Ыбырай 1841 жылы қазан айының 20-сында қазіргі Қостанай облысы, Қостанай ауданында дүниеге келеді. Үш-төрт жасында әкесі Алтынсары қайтыс болып, атасы Балғожаның қолында өсіп, тәрбиеленеді. Қыпшақ тайпасының ұзын руынан шыққан. Атасы Балғожа би өз аймағының атақты кісілерінің бірі болған. Ел ішіндегі көп билікті қолында ұстаған би, Орынбор әкімшілігінің алдында да беделді, белгілі кісі болған. Замана бет алысын өзінше болжаған Балғожа табысқа жетудің ендігі жолы – оқу деп біледі. Сөйтіп, немересі кішкентай Ыбырайды Орынборда ашылады деп күтілген орыс-қазақ мектебіне күні бұрын жаздырып қояды. Бидің ондағы мақсаты, әрине, немересінің бала оқытып, педагог болуы емес, әкімшілік орындарда жұмыс істеп, шенеунік, орысша оқыған "төре" болып шығуы, ата-анасын асырауы. Балғожа бұл ойын Орынборда оқып жүрген жасөспірім Ыбырайға жолдаған өлең-хатында былайша білдірген:
Үміт еткен көзімнің нұры – балам,
Жаныңа жәрдем берсін Хақ тағалам.
Атаң мұнда анаңмен есен-аман,
Сүйіп сәлем жазады бүгін саған.
Атаңды сағындым деп асығарсың,
Надан боп білмей қалсаң, аһ ұрарсың.
Шырағым, мұнда жүрсең не етер едің,
Қолыңа құрық алып кетер едің.
Тентіреп екі ауылдың арасында
Жүргенмен, не мұратқа жетер едің?!
Әлгі мектеп ақыры 1850 жылы ашылады да, оған қабылданған отыз қазақ баласының бірі – тоғыз жасар Ыбырай болады. Ыбырай мектепте сабақты ынта қойып оқиды, 1857 жылы оқуын "өте жақсы" деген бағамен бітіріп шығып, 1859 жылдың тамызына дейін өзінің туған елінде тілмаштық қызмет атқарады. Қалада оқып, қазақ даласына беймәлім жаңалықтардан хабардар болып, ой-өрісі кеңейген зерделі бозбаланың екі жылдай елде болуы — қазақ қоғамының жағдайын тереңірек түсініп, жаңаша сезінуіне, өзіндік ойға келуіне мүмкіндік береді. 1859 жылы Ыбырай Алтынсарин атасының жақсы танысы, сыйлас кісісі — Орынбордағы Шекаралық комиссияның төрағасы, шығыстанушы белгілі ғалым, профессор В.В.Григорьевпен жақын танысады. Ол Ыбырайға қамқорлықпен қарап, оған өзінің бай кітапханасын еркін пайдалануына жағдай жасайды. Ыбырай Григорьевтің кітапханасынан орыс жазушыларының шығармаларын, орыс және дүние жүзі ағартушы-педагогтерінің еңбектерін, ұлы адамдардың өмірі жайындағы кітаптарды алып, бас алмай оқыған. Мерзімдік басылымдарды оқып тұрған. Өз бетімен көп ізденіп, білім қорын молайта келе, Ыбырай өзінің алдына тілмаш болуды емес, туған халқына пайдалырақ басқа бір қызмет істеуді мақсат етіп қояды. Оның ынтасы ағартушылыққа ауады. 1860 жылы Жайықтың шығысындағы қазақтар үшін төрт бастауыш мектеп ашылған кезде, Ыбырай өзі сұранып, Торғай мектебіне мұғалім болуға рұқсат алып, сонда келеді. Бірақ мектеп бірден ашыла қоймайды. Бұл аралықта, Ыбырай ел ішінде мектептің пайдасын түсіндіріп, біраз баланы өз үйінде оқытады. Торғай мектебі 1864 жылы ғана ашылады. "Осы жылы қаңтардың 8-і күні көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды. Оған 14 қазақ баласы кірді. Бәрі де жақсы, есті балалар. Мен балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай қызу кірістім", – деп жазады, ол белгілі шығыстанушы, профессор Н.И.Ильминскийге жолдаған хатында. Ыбырай мектептегі сабақ пен тәрбие жұмысын сол кездегі орыс мектептері үлгісінде құрады. Сабақты қазақ тілінде жүргізе отырып, ол балаларға орыс тілін үйретуге, пән негіздерінен білім беруге тырысады. Тәрбие жұмысын адамгершілігі мол, жаңа ұрпақ тәрбиелеп шығаруға бейімдейді. Ыбырай мәдениет пен білім жолына халқының өте ынталы екенін жақсы ұғады. Бұл оны жігерлендіре түседі. "Қазақтар мені құшағын жая қарсы алды. Мектепке балаларын беруге ынталы адамдар толып жатыр", – деп жазады ол бір хатында. Ыбырай Н.И.Ильминскийге жазған әлгі хатында тағы да былай дейді: "Қазақ даласын үш жылдай аралаған Сіздің қазақ халқы ұғымтал, ақылды, дарынды, бірақ оқымаған халық дейтініңізге мен сенемін. Қазақ халқы қарапайым, өнері жоқ халық, бірақ біз қарапайымдылықтың өзінен де көп жақсылық табамыз". Туған халқы туралы мұндай ой Ыбырайдың демократтық көзқарасына негіз болды және оны сеніммен жұмыс істеуге шабыттандырды. Сонымен бірге Ыбырай ел ішіндегі әлеуметтік теңсіздік, әділетсіздікті де көре білді. Әкімдердің зорлықшыл сорақы қылықтарын сынға алды. Олардан қарапайым халықты корғады. "Қызмет бабында мен қазақтармен жиі-жиі ұстасып қаламын, — деп жазды ол 1864 жылы Ильминскийге, олардың ішінде менің өз туысқандарым да бар. Олардың сырын жақсы білемін, көбін тіпті жек көремін, қазақ арасындағы қызмет адамдарын да көңілім тіпті сүймейді. Олар кедей қазақтарды — қарсылық көрсете алмай, қаскырдың аузында жем болатын қорғансыз момындарды — адамшылықтың шегінен шыға, арсыздықпен тонайды, талайды. Соларды көргенде... өте қатты күйінемін... Осы елдің күшті жемқорларының бірі өздерінің істеп жүрген істерін менің жақтырмайтынымды біліп қалды... Сондықтан ол мені бұл арадан қуып жіберудің амалын істеп жүр". Ыбырайдың ағартушылық, демократтық көзқарастары осылайша қалыптасып, дамыды. Қоғамдық әділетсіздік пен адам бойындағы ұнамсыз мінездерге қарсы күресу үшін, ол ел ішінде білім, өнер тарату ісін кеңейте беру керек деп ұғады. Сол ниетпен бар күш-жігерін мектеп ісіне, бала оқыту жүйесін жақсартуға жұмсайды. 1876 жылы Ыбырай Петербург, Қазан қалаларына барады. Орыстың ағартушылық жүйесін, орыс ағартушы дарының еңбектерін зерттейді. Қазақ тілінде оқу құралдарын жасауды ойлайды. 1879 жылы Ыбырай Торғай облысы мектептерінің инспекторы қызметіне тағайындалады. Бұл оның ағартушылық қызметінің кең өріс алуына жол ашады. Ол еуропалық үлгідегі мектептер ашу ісімен шұғылданады. 1879-1883 жылдар аралығында Торғай облысының төрт уезінде (Торғай, Ырғыз, Троицк, Ақтөбе) жаңа мектептер ашады. 1883 жылы Торғай қаласында қолөнер мектебі ашылды. Ол қазақ даласындағы техникалық білім беретін тұңғыш оқу орны болды. Ыбырай қазақ қыздарын оқыту ісіне ерекше көңіл бөледі. Бұған ескішіл әдет-салттарға қарсы күрестің бір жолы есебінде қарайды. 1887 жылы Ырғызда қыздар мектебін ұйымдастыруы – оның ағартушылық аса зор еңбегі. Қазақ даласында мектептер санының артуына байланысты Ыбырай мұғалімдер даярлайтын мектеп ашуды қолға алды. 1881 жылы Омбы қаласында тұңғыш мұғалімдер мектебі ашылды. Ыбырай мектептер ашу ісімен ғана шектеліп қалмады. Ол сол мектептердегі тәлім-тәрбие, оқу жұмысына айрықша мән берді. Оқу-тәрбие ісін жаңа бағытта ұйымдастырды. Бұл ретте ол мұғалімнің атқаратын рөлін жоғары бағалады. "Халық мектептері үшін ең керектісі – мұғалім, – деп жазды ол. Тамаша жақсы педагогика құралдары да, ең жақсы үкімет бұйрықтары да, әбден мұқият түрде жүргізілетін инспектор бақылауы да мұғалімге тең келе алмайды". Ыбырай туған халқын ерекше сүйді, оның болашағына зор сеніммен қарады. Сондықтан халық ағарту ісін айрықша шабытпен жүргізді. 1883 жылы Торғай облысының әскери губернаторына жолдаған баяндамасында ол: "Қазақтарға – осы дарынды, ақыл-есі мол халыққа – кешікпей рухани және қоғамдық даму жолына түсетін дұрыс бағыт беру — қалай дегенмен де аса қажет болып отыр", – деп жазды. Осы жолда Ыбырай көп қиыншылықтар да кездестірді. Ел ішіндегі ескішілдік, парақорлық пен өсек-аяң оның жанын күйзелтті. "Заман осылай болған соң, амалын тауып, мүмкіндігі бар жерде қазақ халқының елдігін бұзып, болашағын бүлдіріп жатқан жауыздыққа қарсы күресе беру керек" деп санады. Мәдениетті де талантты педагог-жазушы әрі мінезге бай, адамгершілік, жолдастық қасиеті мол Ыбырай орыс зиялыларының арасында мейлінше беделді, сыйлы болған. Оқулық жасау жолында оқулыққа Ыбырай мектепте қазақ балаларына білім мен тәрбие берудің басты құралы деп қарайды. Ол балаларға ана тілін таза және ұқыптылықпен үйретеді, шағын көркем шығармалар арқылы оларды жақсы мінез-құлыққа баулуды көздейді. Ыбырай балаларды мазмұны олардың білімін көтеретін, тақырыбы оларды қызықтыратын кітаптарды... қазақтың өз тілінде... басып шығару керек деп білді. Өзі 1876 жылдан бастап "Қазақ хрестоматиясын" жазуға кірісіп, оны 1879 жылы Орынборда бастырып шығарды. "Бұл кітапты кұрастырғанда мен, – деп жазды. Ыбырай хрестоматиясының алғы сөзінде, – біріншіден, осы біздің ана тілімізде тұңғыш шыққалы отырған жалғыз кітаптың орыс-қазақ мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын көздедім". "Қазақ хрестоматиясы" балаларға арналған өлеңдер мен шағын әңгіме-новеллалардан құрастырылды. Олардың бірқатарын өзі жазды, біразын сол кездегі орыс оқулықтарынан еркін аударып алды. Хрестоматияға қазақтың халық әдебиетінің үлгілерін де іріктеп кіргізді.

Ыбырай Алтынсарин ашқан мектептерінің бірі

Ыбырай Алтынсарин мектебіндегі қазақ балалары
Ыбырай Алтынсаринның ағартушылық еңбегі
Ыбырай "Қазақ хрестоматиясына" кірген өлеңдерінде де халық-ағарту идеясын көтерді. Оның "Кел, балалар, оқылық!", "Өнер-білім бар жұрттар" өлеңдері осындай мақсатта туған. "Кел, балалар, оқылық!" өлеңі жастарды оқуға, білім алуға шақырады:
Оқысаңдар, балалар,
Шамнан шырақ жағылар.
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар.
Кел, балалар, оқылық!
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық!

Сөйтіп, ақын, бір жағынан, жастарды оқуға, білім алуға үндесе, екінші жағынан, оқу, өнер, ғылым-білімге, оның жалпы халық үшін керектігіне еш мән бермейтін ескі көзқарасқа соққы береді. Өмірдегі сарқылмайтын мол байлық – білім екендігін айта келіп, білімге адамның қолы жету үшін, ерінбей оқу, қажымай еңбек ету керектігін түсіндіреді. Ыбырай "Өнер-білім бар жұрттар" атты өлеңінде оқу, білім алудың мақсатын кеңінен сөз етеді. Өлеңнің негізгі идеясы – қазақ қауымына озық мәдениетті елдерді үлгі етіп көрсету.
Өнер-білім бар жұрттар
Тастан сарай салғызды.
Айшылық алыс жерлерден
Көзіңді ашып, жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды.
...Отынсыз тамақ пісірді,
Сусыздан сусын ішірді.
Теңізде жүзді балықтай,
Дүниені кезді жалықпай.
Ыбырай жастардың оқыған адам болғандағы мақсаты өз халқының бір керегіне жарау, оны "тастан сарай салдырып, айшылық алыс жерлерден көзіңді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызатын" елдердің қатарына жеткізу деп білді. Келешекке сенімі мол Ыбырай өмір көркі, болашақтың иесі – жастар деп ұқты.
Біз надан боп өсірдік,
Иектегі сақалды.
"Өнер – жігіт көркі" деп,
Ескермедік мақалды.
Біз болмасақ, сіз барсыз,
Үміт еткен достарым,
Сіздерге бердім батамды! – деп, жеткіншек ұрпаққа сенім артады.
Бұл өлеңдердегі: жақсы мен жаманды, білімділік пен надандықты салыстыра суреттеу әдісі де жас балаларға оларды айқынырақ таныту мақсатын көздейді. Сондықтан Ыбырай өз дәуірі оқырмандарының ұғымына жеңіл етіп, салыстырулар жасайды. Бұл өлеңдердің көп тіркестері бүгінде мақал-мәтелге айналып кетті. Ыбырайдың "Өзен", "Жаз" деген өлеңдері табиғат көріністерін суреттеуге арналған. Мұндай тұтас лирикалық, пейзаждық өлеңдер Ыбырайға дейінгі қазақ поэзиясында кездеспейді. Оқырмандардың көңілін табиғаттың сұлу көріністеріне аудару арқылы ел сүю, жер сүю, Отан сүюге тәрбиелейтін патриоттық өлеңдер орыстың демократтық, гуманистік әдебиетінің үлгісі болатын. Ыбырай өлеңдері – туған ел табиғатын жырлап, сол арқылы өзінің жас шәкірттерінің бойында табиғатты, Отанды сүю сезімдерін тәрбиелеуге жасаған елеулі қадамы. Екі өлеңінде де Ыбырай табиғат көрінісін жалаң алмай, адамдардың тіршілігімен байланыстыра көрсетеді. Сол арқылы табиғат пен адамның байланысын, табиғаттың адам ісіне, еңбекке, ой-сезіміне тигізер жанды әсерін бейнелейді.
Таулардан өзен ағып сарқыраған,
Айнадай сәуле беріп жарқыраған.
Жел соқса, ыстық соқса, бір қалыпта,
Аралап тау мен тасты арқыраған.
Көңілің суын ішсең, ашылады,
Денеңде бар дертіңді қашырады.
Өксіген оттай жанып жануарлар ,
Өзеннен рақат тауып, басылады.
Ақын тау өзенін нақты әрі әсерлі суреттеген. Бүкіл тіршіліктің "өзеннен рақат тауып" жатқанын нақты сипаттау оқырман көңіліне жағымды сезім ұялатады. "Жаз" өлеңінде көктемгі табиғаттың келісті суреттері бар. "Ұшпақтың күн сәулесі жерге түсіп", "Аспаннан рақымменен күн төнгенде", "Ұйқыдан көзін ашқан жас балаша, жайқалып шыға келер жердің гүлі", "Кеш болса, күн қонады таудан асып, шапаққа қызыл алтын нұрын шашып", т.б. суреттер мен бейнелі сөздер Ыбырайдың табиғат көріністерін сезінуінің тереңдігін, суреткерлігін көрсетеді. Ақын бар тіршілікті көктем күнінің мейірімді шағымен байланыста бейнелейді. Қырдағы жаз көріністеріне сүйсіну, мал бакқан елдің қыстан қысылып шығып, жазда тынысының кеңуі, қуаныш-шаттығы көңілді әсерге бөлейді.
Бір малы шаруаның екеу болып,
Қыстаудан ауыл көшер алуан-алуан.
Күлісіп, құшақтасар, әзіл етер,
Әйелдер көш жөнелтіп кейін қалған.
Жүгіріп киік, құлан тау мен қырда,
Қуанып ықыласпен келген жылға...
Алыстан мұнарланған сағымдары
Шақырып, тұрар күліп: "Кел, – деп, – мұнда..." Бұл өлеңдер арқылы Ыбырай қазақтың жазба әдебиетінде табиғат лирикасын бастады. Оны кейін Абай әлемдік поэзияның биік деңгейіне жеткізді: Еңбекті сүю және қадірлеу – Ыбырай әңгімелерінің негізгі тақырыбы. Оны жазушы шағын әңгімелерде үгіт, өсиет түрінде берсе, кей шығармаларында халықтың қоғамдық санасын тәрбиелейтін реалистік суреттер арқылы бейнелейді. "Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш" әңгімесінде Ыбырай ең кішкентай жәндіктердің өзі де тіршілік үшін тыным таппай еңбек етіп жүргендігін көрсете келіп, оларды балаларға үлгі етеді. "Қарлығаш, өрмекші ғұрлы жоқпысың, сен де еңбек ет, босқа жатпа", – дейді. "Атымтай жомарт" әңгімесінде жазушы халық арасындағы Атымтай жомарт туралы аңыздарға жаңаша мазмұн беріп, өзінше қорытады. Атымтайды ол еңбек адамының үлгісі етіп көрсетеді. Еш нәрсеге мұқтаждығы жоқ болса да, Атымтай ылғи жұмыс істейді. "Күн сайын өз бейнетіммен, тапқан пұлға нан сатып алып жесем, бойыма сол нәр болып тарайды. Еңбекпен табылған дәмнің тәттілігі өзгеше болады", – дейді ол. "Әке мен бала" әңгімесінде мынадай бір жай сөз болады. "Бір адам он жасар баласын ертіп, егістен жаяу келе жатса, жолда қалған бір ескі тағаны көріп, баласына айтты: "Анау тағаны, балам, ала жүр", – деп. Бала әкесіне: "Сынып қалған ескі тағаны не қылайын", – деді. Әкесі үндемеді. Тағаны өзі алды да, жүре берді. Қаланың шетінде темірші ұсталар бар екен, соған жеткен соң әкесі кайырылып, тағаны соларға үш тиынға сатты. Одан біраз өткен соң, шие сатып отырғандардан 3 тиынға бірталай шие сатып алды. Сонымен, шиені орамалына түйіп, шетінен өзі бір-бірлеп алып жеп, баласына қарамай аяңдап жүре берді. Біраз жер өткен соң, әкесінің қолынан бір шие жерге түседі. Артынан келе жатқан бала да тым-ақ қызығып келеді екен. Жерге түскен шиені жалма-жан жерден алып, аузына салды. Біраздан соң және бір шие, одан біраз өткен соң және бір шие, сонымен, бала әрбір шие тастаған жерге бір еңкейіп, шие теріп жеді. Ең соңында әкесі тоқтап, баласына шиені орамалымен беріп тұрып: "Көрдің бе, бағана тағаны жамансынып, жерден бір иіліп көтеріп алуға еріндің. Енді сол тағаға алған шиенің жерге түскенін аламын деп, бір еңкеюдің орнына он еңкейдің. Бұдан былай есіңде болсын: аз жұмысты қиынсынсаң, көп жұмысқа тап боларсың; азға қанағат етпесең, көптен құр қаларсың", — деді. Кейде сәл нәрсені қомсынып, оған көңіл бөлмеушілік, аз жұмысты қиынсынып, бойкүйездікке салынушылық өмірде аз кездеспейді. Бұл – жақсы әдет емес. Сондықтан балалардың бойкүйез, жалқау болмауына, еңбекқор болуына Ыбырай ерекше мән берген. "Бай баласы мен жарлы баласы" атты әңгімесінде Ыбырай еңбекке деген коғамдық, таптық көзкарасты бейнелейді. Көшкен елдің жұртында қалған екі баланың бір тәулік ішінде басынан кешкендерін суреттеу аркылы сол балалардың өмір тануы, тіршілікке икемділігі жайлы мәселеге әлеуметтік мән береді. Жазушының шығармаға жасы құрбы екі баланы алып, оларды бай мен кедейдің өкілі етіп суреттеуінің сыры да оның идеясынан айқын көрінеді. Жарлы баласы Үсен – тұрмыстың ауыртпалығын көре жүріп, ысылған еңбек адамы. Ауылдары көшіп кетіп, жұртта қалған екі баланың далада тамақ тауып жеуіне, ауылдың калай қарай көшкенін аңғаруына, түнде далада түнегенде ит-құстан сақтануына Үсеннің тапқырлығы мен еңбекқұмарлығы себеп болады. Ал бай баласы Асан – өмір үшін күресудің жолын білмейтін, шыдамсыз, еңбекке икемі жоқ жан. Кісі еңбегімен күн көріп, бейқам болып өскен бай баласының басына күн туғандағы дәрменсіздігін суреттеу арқылы жазушы келешек Үсендер жағында екенін аңғартады. Сөйтіп, жастарға өмірден еш нәрсе үйренбей, жалқау болып өскен бай баласындай болмай, қиыншылыққа төзімді, өнерге бейім, еңбек сүйгіш жарлы баласы Үсендей болып өсуді уағыздады. "Жаздың бір әдемі күнінде бір кісі өзінің баласымен бақшаға барып, екеуі де егілген ағашты көріп жүрді. "Мына ағаш неліктен тіп-тік, ана біреуі неліктен кисық біткен"? – деп сұрады баласы. "Ата-анаңның тілін алсаң, ана ағаштай сен түзу кісі болып өсерсің. Бағусыз кетсең, сен де мына қисық ағаштай болып, бағусыз өсерсің. Мынау ағаш – бағусыз өз қалпымен ескен", – деді атасы. "Олай болса, бағу-қағуда көп мағына бар екен ғой", – деді баласы. "Бағу-қағуда көп мағына барында шек жоқ, шырағым, бұдан сен өзің де ғибрат алсаң болады, сен жас ағашсың, саған да күтім керек. Мен сенің қате жеріңді түзеп, пайдалы іске үйретсем, менің айтқанымды ұғып, орнына келтірсең, жақсы, түзу кісі болып өсерсің", – деді. Ыбырай "Бақша ағаштары" атты әңгімесінде осылай деп жазды. Яғни тәрбиенің үлкен рөл атқаратынын көрсеткен. Соның бірі – талап. Талап етіп талпынбаса, адам баласы алға баспаған болар еді. "Талапты ерге нұр жауар" деген халық мақалы да өмір тәжірибесінен туған. Жастық шақ – жігер-қайраттың мол кезі, бойдағы жақсы қасиеттерді жарыққа шығарып қалатын кез, ол үшін талап керек. Талаптан да, өмірден керегіңді ал. "Талаптың пайдасы" деген әңгімесінде Ыбырай сол идеяны көтереді. I Петр патша шіркеуге барып ғибадат етіп тұрғанда, арт жақта бір баланың сурет салып тұрғанын көріп, қасына келіп, не салып жатқанын сұрағанда бала: "Сіздің суретіңізді салып жатырмын!" – дейді. Петр суретті көрсе, мәз еш нәрсесі жоқ екен. Бірақ ақылды Петр патша ол баланың суретке талабы бар екенің аңғарып, сурет салатын оқуға бергізеді. Кейін сол бала үлкен суретші болады. азушының бұл арадағы көздегені - жас баланың талабын, сол талаптың арқасында неге қолы жеткенін көрсету, кім талап етсе, сол мақсатына жететіндігін дәлелдеу. Мейірімділік баланың отбасына деген махаббатынан басталады. Әркім алдымен өз ата-анасын, туғандарын жақсы көреді, сыйлайды. Ыбырай ата-ана мен бала арасындағы осындай жылы қарым-қатынасқа ерекше мән береді. "Мейірімді бала" әңгімесінде 13 жасар қыздың әкесінің орнына, өз қолын кесуді сұрағанын жазады. Қыз: "Тақсыр, жұмыс істеп, бала-шағаларын асырайтын атамның қолын қалдырып, мына менің қолымды кесіңіз", – дейді. Жазушы "Аурудан аяған күштірек” деген әңгімесінде аяғы сынған Сейіт деген бала, ауруы қанша батса да, анасын қиналтпау үшін қабақ шытпағандығы айтылады. "Ауырмақ түгіл, жаным көзіме көрініп тұр, бірақ менің жанымның қиналғанын көріп, әжем де қиналып, жыламасын деп жатырмын", – дейді ол. Алғашқы әңгімедегі қыз да, соңғы әңгімедегі Сейіт те шын мәніндегі мейірімді қылықтарымен ерекшеленеді, мұның негізінде жалпы адамды сүйетін жақсы сезімдер жатыр.
Ыбырай Алтынсаринның шығармалары
Начальное руководство к обучению киргизов русскому языку, Оренбург, 1879;
Қазақ хрестоматиясы, Орынбор, 1906; Мәктубат, Қазан, 1896, 1899;
Киргизская хрестоматия, Оренбург, 1879, 1906;
Таңд. шығ. 3 томдық, А., 1943, 1953;
Собрание сочинений в 3-х т. Т.1–3, А.-А., 1975, 1978;
Әңгімелер, А., 1980.
Өлеңдері: «Азған елдің хандары», «Балғожа бидің баласына жазған хаты», «Жаз», «Кел, балалар, оқылық», «Қарлығаш», «Қарға мен түлкі», «Әй, достарым», «Әй, жігіттер», «Өзен», «Өнер - білім бар жұрттар», «Өсиет өлеңдер», «Әңгімелер», «Ізбасты», «Айуанның естесі көп бірақ адамдай толық ақылы жоқ», «Алтын –айдыр», «Алтын шеттеуік», «Асыл шөп», «Ақымақ дос», «Білгеннің пайдасы», «Бір уыс мақта», «Бай баласы мен жарлы баласы», «Байұлы», «Баланың айласы», «Бақша ағаштары», «Данышпан қазы», «Дүние қалай етсең табылады», «Жаман жолдас», «Жамандыққа жақсылық», «Жан-жануарлардың дауласқаны», «Жиренше шешен», «Жомарт», «Жәнібек батыр», «Зеректік», «Киіз үй мен ағаш үй», «Лұқпан әкім», «Малды пайдаға жарату», «Мейірімді бала», «Мұжық пен жасауыл», «Мұңсыз адам», «Надандық», «Оқудағы балалардың үйішіне жазған хаты», «Петр патшаның тергелгені», «Полкан деген ит», «Салақтық», «Сараңдық пен жинақтылық», «Сауысқан мен қарға», «Сақып», «Силинші деген ханым», «Сәтемір хан», «Таза бұлақ», «Талаптың пайдасы», «Тышқанның өсиеті», «Түлкі мен ешкі», «Тәкәпәршілік», «Шеше мен бала», «Қанағат», «Қарға мен құрт», «Қыпшақ Сейітұлы», «Үнді», «Үш ұры», «Әділдік», «Әдеп», «Әке мен бала», «Әлім кісі», «Өрмекші, құмырсқа,қарлығаш», «Өтіріктің залалы».
Ыбырай Алтынсарин туралы ғылыми деректер:
Ы.Алтынсариннің шығармашылығын зерттеушілер оның публицистикалық қызметі жайлы аз сөз қозғаған. Дегенмен, ол-қашаннан белгілі Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаевтармен бірге публицистиканың негізін салушы. Қазақ журналистика тарихының негізін салушы Х.Н. Бекхожин идеологиялық догма үстемдік еткен кезде Ы.Алтынсариннің шығармашылығына қадам жасау үстірт болғандығын берілген дәлелдермен негіздейді.
Тарихи ұстанымның ізімен, Алтынсариннің өмірі мен қызметін өзі өмір сүрген кезеңнен бөліп қарауға болмайды. Жаңашылдықтың құрамдас бөлігі оқу-ағартусыз бүкіл халықтың дамуы мүмкін емес. Жеке баспаханасыз, кітап басылымынсыз білімділіктің дамуы алға жылжымайды. Мәдениеттіліктің игілігімен қатар, отырықшылыққа көшу қазақ халқына кері әсерін тигізді. Жүз жылға жуық уақыт ішінде қазақ халқының өзіндік мәдениеті қалыптасты, оның таратушысы Ы.Алтынсарин болды. Өкінішке орай, сол уақыттың саяси – қоғамдық жағдайына байланысты ұлттық мәдениетті дамытуда берекелі негіз болмады, сондықтан да біз осы уақытта оның сақталуына мүмкіндік туғызған қазақтың ағартушы публицистерін алдыңғы қатарға қоямыз. Халық ауыз әдебиетінде пайда болған арман, білім, мұрат жазба әдебиетінде көрініс тапты. Сол кезде қазақша жазу-сызу болмағандықтан, Алтынсаринге орысша жазуға тура келді. Ол түрлі жанрда шығармашылық мұра қалдырды. Кейін ол қазақ публицистикалық дамуына көп септігін тигізді. Ағартушының еңбектерін оқи отыра, публицистиканың маңызды сапасын атап өту керек. Өзекті мәселелерге қатысты көзқарасын оқырманға тікелей ұсынады, өзіндік пікірімен бөліседі. Алтынсариннің публицистикадағы ерекшелігі оның кіріспе сөзінің тақырыбын таңдап, оны дайындауынан көрінеді. Оның қаламынан туған мақалаларының көпшілігі шынайы маңызды педагогикалық-адамгершілік бағаға ие. Ы.Алтынсарин шығармаларын зерттеушілер оны Ломоносовтың Ресейге сіңірге еңбегімен бекерге салыстырмайды.
Алтынсарин публицистикасы терең қарапайымдылығымен, жүйелі тілімен ерекшеленеді. Оның туындыларын қазақтың педагогикалық-адамгершілік публицистикасының бастауына қосуға болады. Шығармаларының көпшілігі орыс тілінде жазылғанымен, ол қазақ жазба әдеби тілінің негізін қалаушы. Ыбырай кез-келген тілдің бірегейі оның қайталанбастығында, өзіндік жүйесінің қалыптасуында екендігін түсінді. Баспасөздің күш-қуатына баға бере келіп, Торғай облыстық мектептерінің инспекторы қазақ газеттерінің ашылуына қолдау көрсетті.
Ахмет Байтұрсынұлы
Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
|
Ахмет Байтұрсынұлы |
|
|
Туған күні |
|
|
Туған жері |
Ақкөл ауылы, Торғай облысы, Ресей империясы |
|
Қайтыс болған күні |
8 желтоқсан 1937 (65 жас) |
|
Қайтыс болған жері |
|
|
Ұлты |
|
|
Қызметі |
ақын, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері |
|
Әкесі |
Байтұрсын Шошақұлы |
|
Анасы |
Күңші Құлыбекқызы |
|
Жұбайы |
Бадрисафа Мұхамедсадыққызы |
|
Балалары |
Аумат, Қазихан, Шолпан |
Ахмет Байтұрсынұлы (5 қыркүйек 1872 жыл, қазіргі Жангелді ауданы, Қостанай облысы – 8 желтоқсан 1937 жыл, Алматы) — қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері.[1] Қазақ халқының XX ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, Алаш Орда өкіметінің мүшесі.[2]
![]()
Өмірбаяны
Арғын тайпасының Шақшақ руынан шыққан.[3][4]
Атасы Шошақ оның немересі Ахмет өмірге келгенде ауыл ақсақалдарынан бата алып, азан шақырып атын қойған. Әкесінің інісі Ерғазы Ахметті Торғайдағы 2 сыныптық орыс-қазақ мектебіне береді. Оны 1891 жылы бітіріп, Орынбордағы 4 жылдық мектепке оқуға түседі. 1895-1909 жылы Ақтөбе, Қостанай,Қарқаралы уездеріндегі орыс-қазақ мектептерінде оқытушы, Қарқаралы қалалық училищесінде меңгеруші қызметін атқарады. Ол өте кемеңгер, білімді тұлғаның бірі болған.
Байтұрсынұлының саяси қызмет жолына түсуі 1905 жылға тұспа-тұс келеді. 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде жазылып, 14500 адам қол қойған Қарқаралы петициясы (арыз-тілегі) авторларының бірі Байтұрсынұлы болды. Қарқаралы петициясында жергілікті басқару, сот, халыққа білім беру істеріне қазақ елінің мүддесіне сәйкес өзгерістер енгізу, ар-ождан бостандығы, дін ұстану еркіндігі, цензурасыз газет шығару және баспахана ашуға рұқсат беру, күні өткен Дала ережесін қазақ елінің мүддесіне сай заңмен ауыстыру мәселелері көтерілді. Онда қазақ даласына орыс шаруаларын қоныс аударуды үзілді-кесілді тоқтату талап етілген болатын. Сол кезеңнен бастап жандармдық бақылауға алынған Байтұрсынұлы 1909 жылы 1 шілдеде губернатор Тройницкийдің бұйрығымен тұтқындалып, Семей түрмесіне жабылды.
Ресей ІІМ-нің Ерекше Кеңесі 1910 жылы 19 ақпанда Байтұрсынұлын қазақ облыстарынан тыс жерге жер аудару жөнінде шешім қабылдады. Осы шешімге сәйкес Байтұрсынұлы Орынборға 1910 жылы 9 наурызда келіп, 1917 жылдың соңына дейін сонда тұрды. Байтұрсынұлы өмірінің Орынбор кезеңі оның қоғамдық-саяси қызметінің аса құнарлы шағы болды. Ол осы қалада 1913–1918 жылы өзінің ең жақын сенімді достары Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлымен бірігіп, сондай-ақ қалың қазақ зиялыларының қолдауына сүйеніп, тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарып тұрды. Газет қазақ халқын өнер, білімді игеруге шақырды.
Байтұрсынұлының Орынбордағы өмірі мен қызметі Ресей үкіметінің қатаң жандармдық бақылауында болды. Ол «Қазаққа» жабылған негізсіз жала салдарынан абақтыға отырып шықты. Байтұрсынұлы 1917 жылы рев. өзгерістер арнасында өмірге келіп, қазақ тарихында терең із қалдырған Қазақ съездері мен Қазақ комитеттері сияқты тарихи құбылыстың қалың ортасында жүрді, оларға тікелей араласып, «Қазақ газеті» арқылы саяси теориялық бағыт-бағдар беріп отырды.
Байтұрсынұлы Алаш партиясы бағдарламасын даярлаған шағын топтың құрамында болды. Байтұрсынұлы мен Дулатұлы қазақ арасында бұрыннан келе жатқан ру – жүзаралық алауыздыққа байланысты Алаш Орда үкіметінің құрамына саналы түрде енбей қалды, бірақ олардың қазақ ұлттық мемлекеттік идеясын жасаушы топтың ішінде болғандығын замандастары жақсы біліп, мойындады.
Алаш Орда құрамын бекіткен 2-жалпықазақ съезі Оқу-ағарту комиссиясын құрып, оның төрағасы етіп Байтұрсынұлын бекітті. 1919 жылы наурызға дейін Алашорда үкіметінің Торғай облысы бөлімінің мүшесі болды. Байтұрсынұлы 1919 жылы наурызда Алашорда үкіметі атынан Мәскеуге Кеңес үкіметімен келіссөзге аттанды, осы жылғы шілдеде РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі мен Қазақ әскери-революциялық комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды.
Байтұрсынұлының ықпалымен сәуірде Алашорда басшылары мен мүшелеріне Кеңес үкіметінің кешірімі жарияланды. Байтұрсынұлы бұл тарихи кезеңде «патшалардың төрінде отырғаннан, социалистердің босағасында өлгенім артық» деген пікірде болды (ҚР ҰҚК архиві, 78754-іс, 6-т., 44-п). 1920 жылы В.И.Ленинге үкіметінің Қазақстанды басқару ісіндегі алғашқы қадамын қатал сынға алған хатын жолдады. Қазревком мүшесі ретінде Қазақстанның Ресеймен шекарасының қалыптасу ісіне белсенді түрде араласты.[5]
Ахмет Байтұрсынұлы
Бүкілресейлік ОАК-нің 1919 ж. 27 тамызда Қостанай уезін Челябі облысына қосу туралы шешіміне қарсы Б-тың жазған саяси наразылығы Қостанай уезін Қазақстан құрамына қайтаруға негіз болды. Ол 1920 ж. тамызда құрылған Қазақ АКСР-і үкіметінің құрамына еніп, 1920–1921 жылы Қазақ АКСР-і халық ағарту комиссары қызметінде жұмыс жасады.
1922 жылы Өлкелік халық комиссариаты жанындағы Академиялық орталықтың, 1922–1925 жылы Халық ағарту комиссариаты ғылыми-әдеби комиссиясының, Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының төрағасы болып қызмет атқарды. Байтұрсынұлы түрлі мемлекеттік қызметке ат салыса жүріп, сонымен бір мезгілде өзінің жаны сүйген оқытушылық-ұстаздық жұмысынан да қол үзбеген.
1921–1925 жылы Орынбордағы, 1926–1928 жылы Ташкенттегі Қазақ халық ағарту институттарында қазақ тілі мен әдебиеті, мәдениет тарихы пәндерінен сабақ берді. 1928 жылы Алматыда Қазақ мемлекеттік педагогика институтының ашылуына байланысты ректордың шақыруымен осы оқу орнына профессор қызметіне ауысты. 1929 жылы 2 маусымда 43 Алаш қозғалысы қайраткерлерімен бірге ол Алматыда тұтқынға алынып, осы жылдың соңына қарай тергеу үшін Мәскеудегі Бутырка абақтысына жөнелтілді. КСРО Халық комиссарлар кеңесі жанындағы ОГПУ «үштігінің» 1930 ж. 4 сәуірдегі шешіміне сәйкес Байтұрсынұлы ату жазасына кесілді. Бұл шешім бірнеше рет өзгерістерге ұшырады: 1931 жылы қаңтарда 10 жылға концлагерьге ауыстырылса, 1932 ж. қарашада 3 жылға Архангельскіге жер аударылсын деп ұйғарылды.
1926 ж. Бакуде болып өткен
"Бірінші Түркологиялық Құрылтайдың" төралқа мүшесі - Ахмет
Байтұрсынұлы
1933 жылы мамырда денсаулығы нашарлап кетуіне байланысты қалған мерзімді Батыс Сібірде айдауда жүрген отбасымен (әйелі мен қызы) бірге өткізуге рұқсат беріледі. 1934 жылы М.Горькийдің жұбайы Е.П.Пешкованың көмегімен Байтұрсынұлы отбасымен мерзімінен бұрын босатылып, Алматыға оралады. Бұл жерде тұрақты жұмысқа қабылданбай, түрлі мекемелерде қысқа мерзімдік қызметтер атқарады. 1937 жылы 8 тамызда тағы да қамауға алынып, екі айдан соң, яғни 8 желтоқсанда атылды. Тұтас буынның төл басы болған Байтұрсынұлының алғашқы кітабы – «Қырық мысал» 1909 жылы жарық көрді. Ол бұл еңбегінде Ресей отаршыларының зорлық-зомбылығын, елдің тұралаған халін жұмбақтап, тұспалдап жеткізді. Байтұрсынұлы мысал жанрының қызықты формасы, ұғымды идеясы, уытты тілі арқылы әлеум. сананың оянуына ықпал етті. Ақынның азаматтық арман-мақсаты, ой-толғамдары кестеленген өлеңдері «Маса» деген атпен жеке кітап болып жарық көрді (1911). «Масаның» негізгі идеялық қазығы – жұртшылықты оқуға, өнер-білімге шақыру, мәдениетті уағыздау, еңбек етуге үндеу болатын. Ақын халықты қараңғылық, енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерден арылтуға тырысты. Абайдың ағартушылық, сыншылдық дәстүрін жаңарта отырып, Байтұрсынұлы 20 ғ. басындағы қазақ әдебиетін төңкерісшіл-демократтық дәрежеге дейін көтерді. Сондай-ақ Байтұрсынұлы қазақ тіліне А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Ф.Вольтер, С.Я.Надсон өлеңдерін аударды. Бұл аудармалар Байтұрсыновтың тақырыпты, идеялық-көркемдік деңгейі жоғары туындылар. Ел тағдырының келешегіне алаңдаулы ақын көп қырлы ісімен, даналық саясатымен қазақ жастарының рухани көсемі болды.
Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақаласы – әдебиеттану ғылымындағы алғашқы зерттеу еңбектерінің бірі. Мақалада ұлы ақын Абайдың тарихи миссиясы, рухани болмысы, өлеңдерінің ұлттық сөз өнеріндегі маңызы, көркемдік-эстетикалық сипаты баяндалған еді. Ол Абай өлеңдерінің даралығын, «сөзі аз, мағынасы көп, тереңдігін», сыншылдығын ұғындырды. Байтұрсынұлының Абай Құнанбайұлының ақындық шеберлігі, поэзияға деген көзқарасы туралы ғылыми тұжырымдары қазақ әдебиеттану ғылымында жалғасын тапты. Оның «Әдебиет танытқыш» деген зерттеуі (1926) қазақ тіліндегі тұңғыш іргелі ғылыми-теориялық еңбек болып саналады. Байтұрсынұлы әдебиет тарихына, теориясы мен сынына, методологиясына тұңғыш рет тиянақты анықтама беріп, қазақ әдебиеттану ғылымының жүйесін жасауда қзінің үлкен үлесін қосты. Халық тілінің бай қоры көзінен мағынасы терең, ұғымдық аясы кең сөздерді термин етіп алып, соның негізінде қазақ әдебиетінің барлық жанрлық формаларын топтап, жіктеп берді. Мысалы, сөз өнері, шығарма, ауыз әдебиеті, толғау, т.б. ғылыми-теориялық еңбекке қазақ әдебиетінің ең бейнелі, мазмұны мен мағынасы терең шығармаларын мысал ретінде пайдаланды. Сөз өнері жайында жазылған әлемдік ғылымның ең үздік үлгілерін пайдалана отырып, әдебиеттанудағы ұғым, термин, категориялардың соны ұлттық үлгілерін жасады. Мысалы, меңзеу, теңеу, ауыстыру, кейіптеу, әсірелеу, алмастыру, шендестіру, үдету, түйдектеу, кекесіндеу, т.б. «Әдебиет танытқышта» ақындық дарын табиғаты, шығарм. психологиясы, шабыт стихиясына ғылыми тұжырым берілді. Өлеңге жан-жақты зерттеу жасап, шумақ, тармақ, бунақ, буын, ұйқас, т.б. ұғымдарға анықтама берді.
Байтұрсынұлы қазақ әдебиетінің даму кезеңдерін ғылыми негізде топтап берген еді. «Әдебиет танытқыш» – сан-салалы әдебиет табиғатын жан-жақты ашып, талдап-түсіндірген ғылыми зерттеді. Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқышымен» қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салды. Сондай-ақ ол – әдебиет тарихының мұрасын, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаған зерттеуші ғалым. Көркемдігі айрықша «Ер Сайын» жыры (1923) мен қазақ тарихының төрт жүз жылын қамтитын «23 жоқтау» жинағын (1926) кітап етіп шығарды. Халық мұрасына үлкен жанашырлықпен қараған Ахмет Байтұрсынұлы «әдебиет тіліне негіз етіп ел аузындағы тіл алынбаса, оның адасып кететіндігін» айтты. Байтұрсынұлы – қазақ кәсіби журналистикасын қалыптастырған ірі қайраткер. Ол қазақ халқына, зиялы қауымға газеттің қоғамдық қызметін ұғындырып, баспасөздің өркениетті, тәуелсіз елге аса қажет нәрсе екенін жанкешті іс-әрекетімен көрсетті. Байтұрсынұлы ұйымдастырып, бас редактор болған «Қазақ» газеті қоғамдық ойға ірі қозғалыс, рухани санаға сілкініс әкелді. «Қазақ» газеті халықтың рухын сергіткен ірі құбылысқа айналды. Байтұрсынұлы – әлеуметтік мәселелерге, қоғамдық ой-пікірге ықпал жасаған публицист. Оның мақалалары ғылыми байыптауымен, өткір ойларымен сол кезеңнің шындығынан хабар береді. Абайдың қоғам өмірінің демокр. құрылысы туралы ойларын дамытып, саяси-әлеум. жағдай, оқу-ағарту, халықтың тұрмыс-тіршілігі туралы мәселелерді қозғады. Қазақ зиялыларының жан-жақты білімдар әрі саяси күресте шыңдалған легін қалыптастыруда Байтұрсынұлының публицист, баспасөз ұйымдастырушы ретіндегі еңбегі ұшантеңіз. Ол – қазақ ғылымы тарихында ұлттық әліпби жасап, жаңа үлгі ұсынған реформатор.[6]
Байтұрсынұлы әліпбиі қазақ тілінің табиғатына бейімделген араб жазуы негізінде жасалды. Ол Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде (Орынбор, 1924), құрылтайында (Баку, 1926) араб жазуындағы әліпбидің қажеттілігін, құндылығын жан-жақты тұжырыммен дәлелдеген ғылыми баяндама жасады. Бұл әліпби ұлттық жазудың қалыптасуындағы ірі мәдени жетістік болып табылады. Ол халыққа ғылым-білімнің қажеттілігін түсіндірумен ғана шектелмей, білім беру ісін жолға қоюға күш салды. Орыс, татар мектептерінен оқып шыққан ұлт мамандарының өз тілін қолданудағы кемшіліктерін көріп: «Әр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде де сондай басқалық болады. Біздің жасынан не орысша, не ноғайша оқыған бауырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз қазақша келтіріп жаза алмайды не жазса да қиындықпен жазады, себебі, жасынан қазақша жазып дағдыланбағандық» деп жазды. Байтұрсынұлының «Оқу құралы» (1912) – қазақша жазылған тұңғыш әліппелердің бірі. Бұл әліппе оқытудың жаңа әдістері тұрғысынан өңделіп, 1925 жылға дейін бірнеше рет қайта басылды. «Оқу құралы» қазіргі әдістеме тұрғысынан әлі күнге дейін маңызды оқулық ретінде бағаланады. Байтұрсынұлы қазақ тілінің тазалығын сақтау үшін қам қылды. Өзі жазған «Өмірбаянында» (1929): «...Орынборға келгеннен кейін, ең алдымен, қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын зерттеуге кірістім; одан кейін қазақ әліпбиі мен емлесін ретке салып, жеңілдету жолында жұмыс істедім, үшіншіден, қазақтың жазба тілін бөтен тілдерден келген қажетсіз сөздерден арылтуға, синтаксистік құрылысын өзге тілдердің жат әсерінен тазартуға әрекеттендім; төртіншіден, қазақ прозасын жасанды кітаби сипаттан арылтып, халықтық сөйлеу тәжірибесіне ыңғайластыру үшін ғылыми терминдерді қалыптастырумен айналыстым» деген. Б. қазақ мектептерінің мұқтаждығын өтеу мақсатында қазақ тілін пән ретінде үйрететін тұңғыш оқулықтар жазды. Оның үш бөлімнен тұратын «Тіл – құрал» атты оқулығының фонетикаға арналған бөлімі 1915 жылы, морфологияға арналған бөлімі 1914 ж., синтаксис бөлімі 1916 жылдан бастап жарық көрді. «Тіл – құрал» – қазақ тілінің тұңғыш оқулығы. Оқулық қазіргі қазақ тілі оқулықтарының негізі болып қаланды. «Тіл – құрал» қазақ тіл білімінің тарау-тарау салаларының құрылымын жүйелеп, ғылыми негізін салған зерттеу. Оның тілдік ұғымдарға берген анықтамаларының ғылыми тереңдігі, дәлдігі қазіргі ғылым үшін өте маңызды. Ол тұңғыш төл граммат. терминдерді қалыптастырды. Мысалы, зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, бастауыш, баяндауыш, пысықтауыш, шылау, сөз таптары, сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз, т.б. жүздеген ұлттық терминдерді түзді. Сондай-ақ Байтұрсынұлы практикалық құрал ретінде «Тіл жұмсар», мұғалімдерге арналған «Баяншы» деген әдістемелік кітаптар жазды. Ол – қазақ тілін оқыту әдістемесінің іргетасын қалаған ғалым-ағартушы. Байтұрсынұлы оқулығындағы тілдік категорияларды ұғындыру мақсатында енгізген «сынау», «дағдыландыру» деген арнайы бөлімдер қазіргі заманғы әдістеме ғылымы үшін де өз маңызын жойған жоқ. Байтұрсынұлының ақын, аудармашы, ғалым-тілші, әдебиеттанушы ретіндегі ұлан-ғайыр еңбегі өз дәуірінде зор бағаға ие болды. 1923 жылы Ахмет Байтұрсынұлының 50 жасқа толғаны Орынбор, Ташкент 1922 жылы қалаларында салтанатты түрде аталды. С.Сәдуақасов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, М.Дулатұлы, Е.Омаров сияқты замандастары баспасөзде мақалалар жариялап, Байтұрсынұлының қазақ халқына сіңірген еңбегін өте жоғары бағалады. Өмірі мен қызметіне, шығармашылығына ғылыми пікір-тұжырымдар айтылды. Әуезов Ахмет туралы «Ақаңның елу жылдық тойы» деген мақаласында «...Кешегі күндерге дейін бәріміз жетегінде келгенбіз. Қаламынан туған өсиеті, үлгісі әлі есімізден кеткен жоқ. Патша заманындағы хүкіметтік өр зорлыққа қарсы салған ұраны, ойымызға салған пікірі ... әлі күнге дейін үйреніп қалған бесігіміздей көзімізге жылы ұшырайды, құлағымызға жайлы тиеді» деп жазды. 1929 ж. шыққан «Әдебиет энциклопедиясында» (Мәскеу) Байтұрсынұлы тұлғасына «аса көрнекті қазақ ақыны, журналисі және педагогы. Ол қазақ тілі емлесінің реформаторы және қазақ әдебиеті теориясының негізін салушы» деген ғылыми әділ баға берілді. 1933 жылы шыққан М.Баталов пен М.С.Сильченконың «Қазақ фольклоры мен қазақ әдебиетінің очерктері» деген кітапшасында: «оның негізгі бағыты қазақ халқының қоғамдық-мәдени оянуына ықпал ету болды» деп Б-ның қоғамдық қызметін қорытындылады. Кейінгі коммунистік идеология Б. есімін ауызға алуға көп жылдар бойы тыйым салып, ол туралы сыңаржақ пікірлер айтылды. Саяси қысымның қаупіне қарамастан белгілі түркітанушы, академик А.Н.Кононов «Отандық түркітанушылардың биобиблиографиялық сөздігі» деген еңбегінде (1974) Байтұрсынұлының толық өмірбаянын беріп, әлеуметтік-қоғамдық қызметін, басты еңбектерін нақты айтты. Оның қазақ әліппесінің авторы екендігі, қазақ тілінің фонетикасы, синтаксисі, этимологиясы, әдебиет теориясы мен мәдениет тарихы оқулықтарын жазғандығы көрсетілді. 1988 жылдан кейін Қазақстандағы көптеген көше, мектептерге Байтұрсынұлы есімі берілді. Тіл білімі институты, Қостанай мемлекеттік университеті Байтұрсынұлының есімімен аталды. 1998 жылы оның туғанына 125 жыл толған мерейтойы салтанатпен атап өтіліп Алматы қаласынданда республика ғылыми конференция өткізілді, Байтұрсынұлының мұражай-үйі мен ескерткіші ашылды.[7]
Хронология
Ахмет Байтұрсынұлы Алматы
мұражай-үйі, 1998
Туған жері — бұрынғы Торғай уезінің Тосын болысы (қазіргі Қостанай облысының Жангелді ауданындағы Ақкөл ауылы).
-
1890 ж. Торғайдағы екі кластық, орыс-қазақ училищесін, 1895 ж. Орынбордағы мұғалімдер мектебін бітірген.
-
1895—1909 ж. Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі мектептер мен орыс-қазақ училищелерінде мұғалімдік қызмет атқарады.
-
1909 ж. патша үкіметінің саясатына наразылық білдіргені үшін Семей түрмесіне жабылып, 1910 ж. жер аударылды.
-
1912 ж. Оқу құралы. Қазақша алифбасы Орынборда жарық көреді.
-
1913 ж. Орынборда «Қазақ» газетін ұйымдастырып, 1917 жылдың аяғына дейін оның редакторы болды. Патша үкіметі құлатылғаннан кейін ұлт-азаттық қозғалыс күшейеді.
-
1919 ж. маусымның 24 Қазақ өлкесін басқаратын Әскери-революциялық комитеттің мүшелігіне тағайындалады.
-
1922-25 жж. Қазақстан Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылыми-әдеби комиссияның төрағасы, Халық ағарту комиссары, Бүкілресейлік ОАК-ның, ҚР ОАК-нің мүшесі, Түркістан Компартиясы ОК-нің органы «Ақ жол» газетінде қызметкер.
-
1925-29 ж. Қазақ халық ағарту институтында (Ташкент) және ҚазПИ-де оқытушы болды.
-
1929 ж. маусымында қамауға алынып өзі Архангельск облысына жер аударылған, ал жұбайы мен қызы Томскіге жіберілген. 1934 ж. Қызыл Крест комиссиясында қызмет еткен Е. Пешкованың (Максим Горькийдің зайыбы) қолдаухатымен Ахмет Байтұрсынұлы босатылған. Сол кезде ол жұбайы Бадрисафамен бірге Алматыға қайта оралған. 1937 ж. тамыз айында Ахмет Байтұрсынұлы тағы да қамауға алынған, алты айдан соң, желтоқсанның 8 «халық жауы» есебінде атылған.
Сәкен Сейфуллин баға беріп, Ахмет Байтұрсынұлы туралы былай депті:
…Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губерния соттарына күш салып, тілмәш болып, кейбірі арын сатып ұлықтық іздеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды… халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті.
Мұхтар Әуезов былай депті:
Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса» ; «Қазақ» газетінің қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын.
Бірақ зорлықпен, күшпен дегенін болдырып үйренген большевиктер бұл ақиқатты теріске шығарып, оның есімін де, еңбегін де тарихтан өшіруге тырысып бақты. Оны бар ғұмырын адал қызмет етуге арнаған туған халқына жау етіп көрсетіп, «халық жауы» деген жалалы жамылғыны жауып, атқызды, атын атағандарды қуғынға салды. Бәрібір олар мақсатына жете алмады. Жала – бұлт, шындық – күн екен, заманы қайта туып, шындықтың шұғыласы өз нұрын төкті. Ұлтын сүйген ұлтжанды Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы өз халқымен қайта табысты.[8]
Шығармалары
Байтұрсынұлы шығармашылық жұмысын өлең жазудан бастаған. Онда ол еңбекші халықтың ауыр халін, арман-тілегін, мұң-мұқтажын көрсетіп, жұртшылықты оқуға, білім-ғылымға, рухани биіктікке, адамгершілікке, мәдениетті көтеруге, еңбек етуге шақырады. Патшалық Ресейдің қанаушылық-отаршылдық саясатын, шенді-шекпендінің алдында құлдық ұрған шенеуніктердің опасыздығын сынады.[9]
Ақынның алғашқы өлеңдері «Қырық мысал» атты аударма жинағында 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық көрді. Бұл кітабы арқылы қалың ұйқыда жатқан қараңғы елге жар салып, олардың ой-санасын оятуға бар жігер-қайратын, білімін жұмсайды. Ақын әрбір аудармасының соңына өзінің негізгі ойын, айтайын деген түйінді мәселесін халқымыздың сол кездегі тұрмыс-тіршілігіне, мінезіне, психологиясына сәйкес қосып отырған.
Байтұрсынұлының екінші кітабы — «Маса» (1911). Бұл кітапқа енген өлеңдерінде ақын қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерді сынады. Көптеген өлеңдері сол кездегі ағартушылық бағытпен үндес болды. Ол Шоқан, Абай, Ыбырай қалыптастырған дәстүрлерді, гуманистік, демократиялық бағыттағы өрісті ойларды өзінше жалғастырушы ретінде көрінді. Қоршаған ортаға ойлана, сын көзімен қарайды, қоғам қалпына көңілі толмайды. «Қазақ салты», «Қазақ, қалпы», «Досыма хат», «Жиған-терген», «Тілек батам», «Жауға түскен жан сөзі», «Бақ» т.б. өлеңдерінің мазмұны осыны танытады. Кітаптың ішкі сазы мен ой өрнек, сөз орамы қазақ поэзиясына тән өзіндік жаңалық, ерекше өзгеріс әкелді.
Лингвистика
Араб жазуының қолданылуы
Ахмет Байтұрсынұлы қазақ фонологиясы мен графикасын 1910 жылдардан бастап зерттей бастады[10]. Ол қазақ зиялыларының латындандыруға қарсы пікір білдірген бейресми көшбасшысы болды[11]: оның пікірінше, қазақ тілінің латын графикасына өтуіне «еш қажеттілігі жоқ» деп жазған. Латын әліпбиінің басты минусы ретінде, Ахмет Байтұрсынұлы қазақ фонемаларына «қолайлы таңбалардың жоқ болуы» деп түсіндірді[11][12]. Сонымен қатар, ол араб жазуын латын жазуына қарағанда тезірек және оңай оқуға болады деп сенді[12]. Сонымен қатар, Байтұрсынұлы бұрын қазақ тілі үшін қолданылған араб жазуы күрделі болуына байланысты бұқаралық сауаттылық деңгейінің артуына кедергі болды деп есептеді. Араб жазуының кемшіліктеріне ол бір фонема үшін бірнеше әріптерді қолдануды, жазудың консонантты сипатын — дауысты дыбыстар үшін белгілердің болмауын жатқызды[13]. Араб жазуын реформалау идеясын Молдағали Жолдыбаев, Халел Досмұхамедов және Міржақып Дулатұлы сияқты қоғам және саяси қайраткерлер қолдады[14][15][16].
Байтұрсынұлы реформалары
Толық мақаласы: Жаңа емле
А. Байтұрсынұлының 1914
жылы Орынборда жарық
көрген қазақша әліппесінің мұқаба
беті
А. Байтұрсынұлының «төте
жазуы»
Байтұрсынұлы араб жазуын реформалау жобасын әзірлеп, оны қазақ фонологиясының ерекшеліктеріне бейімдеді. Оның пікірінше, бұрыннан бар жазуды өзгерту жаңасына (латынға) көшкеннен артық, сол себепті «араб жазуын қазақ дыбыстарына бейімдеу қажет»[17]. Өзінің жобасын 1912 жылы Орынборда басылып шыққан «Оқу құралы» атты еңбегінде жариялаған[18]. Жаңа емлені қазақ жұртшылығы қабылдап, қазақ-орыс мектептерде және медреселерде сабақ беруде қолданды[19]. 1915 жылға қарай Қазақстанда реформаланған араб әліпбиімен он бес кітап басылып шықты[19][10][20]. Кейін Байтұрсынұлы қазақ тілінің жазуына қатысты тағы бірнеше еңбек жазып, жариялады: «Тіл құралы» (1914), «Әліпби» (1914), «Ахмет Байтұрсынұлының қазақша алфабесі» (1914), «Жаңа әліппе» (1926—1928), «Баяншы» (1926) — мұғалімдерге арналған әдістемелік құрал. «Оқу құралы» 1912—1925 жылдары жеті рет қайта басылды[21]. Әліпбиді лингвист Евгений Поливанов және бірқатар орыс тіл мамандары құптаған[22][23][24].
Қазақстан аумағында кеңес билігі орнатылып, Қазақ АКСР-і құрылғаннан кейін де Байтұрсынұлы қалаған араб жазуы қолданыла берген[11]. Байтұрсынұлы әліпбиімен «сауатсыздықты жою» бойынша оқулықтар, оқу құралдары шығарылды. 1926 жылғы халық санағы бойынша, қазақтар арасындағы сауаттылық деңгейі жеті жылда 2-ден 22%-ға дейін өскенін көрсетті[25]. Араб жазуымен он газет[26], соның ішінде «Еңбекші қазақ» газеті[27], және екі журнал шыққан.
Әдебиеттану
А.
Байтұрсынұлы, 2005 Қазақстан пошта
маркасы, (Michel
№ 512)
Халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап жарыққа шығаруда Байтұрсынұлы зор еңбек сіңірді. Әдебиет саласындағы алғашқы зерттеуі деп оның Қазақ газетінің 1913 жылғы үш санында шыққан «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақаласын атауға болады. Онда қазақ халқының рухани өмірінде Абайдың аса ірі тұлға екені, өмірбаяны, шығармаларының мазмұн тереңдігі, ақындық шеберлігі, поэтикасы, орыс әдебиеттерімен байланысы туралы ойлы пікірлер айтылған, ақын мұрасының эстетикалық қадір-қасиеттері ашылған. Қазақтың эпостық жыры «Ер Сайында» алғы сөз бен түсініктемелер жазып, оны 1923 ж. Мәскеуде шығарды.
Қазақ ауыз әдебиетінде молынан сақталған жоқтау-жырларын арнайы жүйелеп, сұрыптап, 1926 ж. «23 жоқтау» деген атпен жеке кітап етіп жариялады. Байтұрсынұлының қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдебиет тарихы жөніндегі тұңғыш көлемді еңбегі — «Әдебиет танытқыш» (1926). Мұнда көркем сөз өнерінің табиғаты, сыры, мазмұны, ерекшеліктері, жанрлары, жаңа терминдер, ұғымдар жайлы жан-жақты зерттеулер, тұжырымдар сөз болды. Бұл еңбегінде Байтұрсынұлы ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің әлеуметтік, қоғамдық мән-маңызын ашудан гөрі адамгершілік, эстетикалық әсемдік әуенін талдауға көбірек көңіл бөлген. Сондай-ақ мұнда жазба әдебиеттегі ағымдар, әдістер туралы ой-түйіндер айтылған. Кітаптың бірінші бөлімі «Сөз өнерінің ғылымы» деп аталады да, онда көркем сөздің толып жатқан қыры мен сыры, тараулар мен тармақтар, тіл әуезділігінің қыруар шарттары, «сөздің өлең болатын мәнісі», өлең айшықтары, «шумақ түрлері», «тармақ тұлғалары», «бунақ буындары», «ұйқастығы» т.б. сөз етіледі.
Екінші бөлімі «Қара сөз бен дарынды сөз жүйесі» деп аталады да, көркем қара сөз табиғаты, оның тараулары — шежіре, заман хат, өмірбаян, «мінездеме», тарихи әңгіме, «әліптеме, әліптеу тәртібі — мәнді әліптеме, сәнді әліптеме, жол әліптемесі, байымдама, байымдау әдістері, түрлері — пән, сын, шешен сөз, оның түрлері, саясат шешен сөзі, білімді шешен сөзі, уағыз көркем сөз» деп жүйелеп келіп, әңгіме, романға сипаттама береді. Еңбектің «сындар дәуірі, онда шығарма түрлері» атты тарауы өте маныз-ды. Онда сыншыл реализм туралы алғашқы пікірлер нышанын кездестіруге болады.
Байтұрсынұлы Еуропа жұртындағы сындар әдебиетінің бай тәжірибесін меңгеруге бет алушылық, қазақ көркем сөз ізденістерінде сәйкестік, үйлесімділік тапқанын айтады. Байтұрсынұлы әдебиет зерттеушісі ретінде қазақ әдебиетінің даму процесін жеке дара бөліп қарамай, барлық халықтар әдебиетіне ортақ сипаттармен ұштастыра талдауға тырысады.
Байтұрсынұлының жыраулардың мұрасын жетік білетінін осы еңбегінен айқын көреміз. Сөз өнерінің көне дәуірдегі үлгілері, 15-17 ғ-лардағы жыраулар поэзиясының біразы ақын назарына іліккен. Асан Қайғы, Нысанбай жырау, Бұдабай ақын, Наурызбай би, Құбыла ақын, Жарылғап ақын, Алтыбас, Ақмолда, Әбубәкір, Шортанбай, Байтоқ, Сүгір ақын, Мұрат, Досжан, Орынбай, Шернияз т, б. ақын-жазушылар шығармаларынан үзінділер бар.
Ахмет Байтұрсынұлы туралы айшықты ойлар
… өзге оқыған замандастары өз бастарының пайдасын ғана іздеп, ар һәм имандарын сатып жүргенде, Ахмет халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тіккен. Ахмет Байтұрсынұлы ұлтын шын сүйетін шын ұлтшыл.
— Сәкен Сейфуллин
… А. Байтұрсынұлының өлеңдері өзінің сыртқы қарапайымдылығы, ішкі мазмұны, жеңілдігі және біркелкілігі жағынан қазақ әдебиетінде бірінші орын алады… А. Байтұрсынұлының арқасында санасыз түрде болмаса да шын мәнінде орыстана және татарлана бастаған қазақ зиялыларының бір тобы дереу есін жиып, … өз ағаттықтарын түсіне бастады…
— Міржақып Дулатұлы
Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны- “Қырық мысал” , “Маса”, “Қазақ” газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер- білім, саясат жолындағы қажымаған қайратын біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын. Оны жұрттың бәрі біледі. Бұның шындығына ешкім де дауласпайды.
— Мұхтар Әуезов
Ломоносовтың бойында екі түрлі қабілет бар- ақындық пен ғалымдық, оның соңғысы алғашқысына қарағанда күштірек”- деген еді В. Белинский. Осыған ұқсас жайды Ахмет бойынан да көреміз. Оның ақындығын ғалымдығы жеңіп кетті… Қазақ даласына азаттық идеясы тарай бастаған тұста жаңа поэзияның бастаушысы, алғашқы ту ұстаушысы болып Ахмет қашан да тарих биігінде тұрады.
— Серік Қирабаев
Екі жинақ- “Қырық мысал”, “Маса”- қазақ әдебиетін жаңа тақырыптармен, идеялармен, ойлармен, өрнектерімен байытты; Абайдың ақындық дәстүрі ілгері жалғасты, заман талабына сай жігерлі поэзия туды, бұдан кейін талантты ақындардың жаңа буыны тарам- тарам жүлгелерді тереңдетіп, жалғастырып әкететін болады.
— Рымғали Нұрғалиев
Сан салалы ғалым Ахмет Байтұрсынұлы туған тілдің, туған мәдениеттің басында тұрды. Туған тілдің әдеби нормасын жасады. Бірде- бір бөгде тілдің сөзін қоспай, бірде- бір цитата келтірмей, таза, мөлдір тілмен өзі тапқан қисынды баламалармен “Әдебиет танытқышты” жазып шықты.
— Сырбай Мәуленов
Біз бүгін Ахаңның “Әдебиет танытқышын” Аристотель “Поэтикасымен” салыстырар едік. Мұның мәнісі- екеуі де: бірі грек әдебиетінің, екіншісі қазақ әдебиетінің алғашқы әліп- билері”. Асылы, үздік қасиеттер бір- бірінен неғұрлым ерекше болса, бір-біріне солғұрлым ұқсас болады”.
— Зейнолла Қабдолов
Қазақ тілі мен кітабын жазған, қазақ тілінің негізін жасап, қазақ мектебінің іргетасын қалаған алғашқы адам- Ахмет.
— Сәбит Мұқанов
Ұлы ағартушы Алтынсариннің бастамасын ілгері дамытып, нағыз ғылымдық дәрежеге көтеріп, жетер жеріне жеткізіп берген- Ахмет Байтұрсынұлы.
— Қайым Мұхамедханов
… Бір кезде сары маса боп ызыңдап оятқан Ахметті қазақ еңбекшілері де қадірлей біледі, сөзін оқып, сүйсінеді.
— Ғаббас Тоқжанов
Ахмет Байтұрсынұлы - біріншіден, қазақ тілінің тұңғыш әліппесі мен оқулықтарының авторы. Соңынан із салған жаңашыл ағартушы. Қазақ оқушыларының бірнеше буыны сауатын Байтұрсынұлының әліп-биімен ашып, ана тілін Байтұрсыновтың “Тіл құралы” арқылы оқып үйренді.
— Рабиға Сыздықова
Алдағы уақытта Ахмет Байтұрсыновтың атын алты алаштың – бар қазақтың баласы ғана емес, алдыңғы қатарлы адам баласы білетін болады.
— Қайым Мұхамедханов
Аудармалары
Байтұрсынұлы қалдырған бай мұраның тағы бір саласы — көркем аударма. Ол орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып, көркем қазынаның бұл саласын байытуға мол үлес қосты. И.А. Крылов мысалдарының бір тобын қазақ тіліне аударып, «Қырық мысал» деген атпен жеке жинақ қылып бастырды. И.И. Хемницердің «Атпен есек», А. Пушкиннің «Балықшы мен балық», «Алтын әтеш», «Ат», «Данышпан Аликтің ажалы» шығармаларын, орыстың белгілі лирик ақыны С.Я. Надсонның өлеңін қазақ тіліне аударды.
Түркітану
Байтұрсынұлы тілші-ғалым ретінде қазақ тілінің табиғаты, өзгешеліктері, араб әліпбиінің жайы, терминдер, қазақ тілін оқыту әдістемесі туралы мақалалар жазды.
1926 ж, Бакуде болған түркітанушылардың Бүкілодақтық 1-съезіне қатысып, «Түркі тілдеріндегі терминология жайлы» деген тақырыпта баяндама жасады. Байтұрсынұлы қазақ балаларының ана тілінде сауатын ашуына көп күш жұмсады. Осы мақсатта «Оқу құралы» (1912), «Тіл құралы» (1914); ересектердің сауатын ашуға арнап «Әліпби» (1924), «Жаңа әліпби» (1926) атты оқулықтар мен тың еңбектер ұсынды. Қазақ грамматикасына қатысты категориялардың әрқайсысына қазақша ғылыми термин жасап, морфологиялық тұлға-тәсілдерді жаңаша талдау, жаңаша анықтамалар берді. Қазақ фонетикасы мен грамматикасын талдауда тілдің типологиялық ерекшеліктері мен өзіндік даму барысын ескеру принципін ұстады.
Байтұрсынұлы қазақ тілі білімін 20 ғасырдың бас кезінде қалыптастырып, оның ірге тасын қалады. Араб графикасына негізделген қазақ жазуының реформаторы болды.[28][29]
Фильмдер
-
1994 — «Алаш туралы сөз» Алашорда режиссері: Қ.Умаров
Жанры: “Деректі фильм” Өндіріс: “Қазақтелефильм”
-
2009 — «Алашорда» Алашорда режиссері: Қ.Умаров
Жанры: “Деректі фильм” Өндіріс: “Қазақфильм” Шәкен Айманов атындағы
жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
Ұстаз жолы – тарихындай бір елдің!

шағым қалдыра аласыз