15 890₸ үнемдейсіз
жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
Ұстазы жақсының ұстамы жақсы
Андақұлова Назгүл Бодыққызы
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы
№229 жалпы орта мектебінің оқу ісі жөніндегі орынбасары
Ұстазы жақсының ұстамы жақсы
Ұстаз ұлылықтың үлгісі болуы тиіс. Алайда ұстаз деген ұлы атқа ие болу да оңай емес.Ол үшін ерінбей еңбек етіп,талай тер төгу қажет.Оның үстіне қазіргі балалардың психологиясы өте қиын да күрделі. Олардың тілін тауып,біліммен сусындатып, өз пәніңе қызықтыра білу үшін аянбай еңбек етсең ғана нәтижеге жетесің.Ұстаз болу мықты төзімділікті талап етеді. Әлемнің екінші ұстазы атанған Әл-Фараби: «Ұстаздық мінез-құлық нормасы мынадай болуы тиіс: тым қатал да болмауға тиіс, тым ырыққа да жығыла бермеу керек,өйткені тым қаталдық шәкіртті өзінің ұстазына қарсы қояды,ал тым ырыққа көне беру ұстаздық қадірін кетіреді, оның берген сабағы мен оның ғылымына шәкірті селқос қарайтын болады. Ұстаз тарапынан барынша ынталылық пен табандылық қажет. Өйткені бұлар ,жұрт айтқандай, тамшысымен тас тесетін бейнебір су сияқты, »-дейді.
Мұғалім-оқушы үшін ең жоғары адамгершіліктің үлгісі,оған тым қаталдық та, бостық та сын.Ол оқушы жүрегінде ұмытылмас із қалдыруға талпыну керек.Мұғалім бір сөзді,уәдесінде тұра білгені жөн. Ұстаздың ісі мен сөзі сәйкес келмесе, ол-ұстаз емес. Сөзі көп, ісі жоқ ұстаздың беделі де жоқ, ондайларды шәкірттер де сыйламайды. Оқытушының сөзі берік, мінезі көрік, ісі тиянақты болмаса,ол шын мәніндегі оқытушы бола алмайды.Кей мұғалім талап қойғыш, бірақ оның орындалуын қадағаламайды. Содан барып оқушыда жауапкершілік деген қасиет жойыла бастайды
Егеменді еліміздің тағдыры-жас ұрпақтың тағдыры-бүгінгі ұстаздардың қолында. Сондықтан әрбір мұғалім өз ісінің шебері бола біліп, өзінің оқушы алдындағы жауапкершілігін сезінсе деймін. Әсіресе, жаңадан келген жас мамандармен көп жұмыс жасау керек. Жастарды өз ісіне баулитын тәлімгер ұстазы да , әдістемелік кеңес мүшелері де,оқу ісінің меңгерушісі де оларға бағыт-бағдар , әдістемелік кеңестер беріп отыруы тиіс. Сол мақсатта мектепте жас мамандармен түрлі семинарлар, сайыстар, әдістемелік сағаттар, коучингтер, тренингтер ұйымдастырып отырамыз. Мектебіміздегі барлық жас мамандар бір-бірімен жан-жақты тәжірибе алмасып, білікті ұстаздардың тәжірибесімен бөлісіп, өздерінің көкейінде жүрген көптеген сауалдарға жауап алады. Олар осы іс-шаралар барысында бір-бірінің жақсы жақтарын көріп, қызығып, бір-бірімен ой бөлісіп отырады. Жаңадан келген жас мамандарға көп көңіл бөлу, олардың өз ісіне деген жауапкершілігін арттыру, өз пәніне қызықтыра білу үшін ұйымдастырылған жұмыстар олардың келешекте жақсы ұстаз болуына жол ашады деп ойлаймын. Мұғалімнің киім киюінен бастап, оның жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, ойлаған ойы, білімі, тапқырлығы, мәдениеттілігі -барлығы оқушыға үлгі болуы тиіс. Жас мамандарға Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов,К. Ушинский, Я.Корчак секілді атақты педагогтардың еңбектерінен, өмірлерінен мысалдар келтіре отырып, олардың өз ісіне деген сүйіспеншілігін оятуға болады.
Януш Корчак-нағыз мұғалімінің үлгісі. Ол өз ғұмырын тек балаларға арнаған. Өз тәжірибесінде үлкендер балаға ашуланбауы тиіс дейді. «Ашу ол баланы түземейді, керісінше бұзады, сондықтан мұғалім оқушы жүрегіне жол таба білуі керек,»- дейді. Ал бізде кей мұғалімдер оқушыларға ұрыссам, қорқытсам, мерейім үстем болады, оқушы мені тыңдайды деп түсінеді Әрине, ол-қате пікір.
Мұғалім -адамзатты тәрбиелеуде басты тұлға. Мұғалімге елдің болашағын қалыптастыруда ең құнды рөл берілген. Мұғалім – бұл ақылдың шектеулігін жоятын, сонысымен жер бетіндегі тыныштыққа ықпал ететін және өзіңді-өзің ұстай білуге үйрететін адам. «Егер оқушы өзін жаман ұстаса, онда бір адамның мінезі жапа шегеді, ал егер оқытушы өзін дұрыс ұстамаса, көптеген оқушының мінезіне зиян келеді. Егер мұғалім өз ісіне берілген және таза болса, онда оның мыңдаған оқушысы жақсара түседі және де еліміз мінезі жетілген білімді ұл-қыздарға ие болады. Егер мұғалім өз ісін ғана сүйсе, ол- жақсы мұғалім. Егер мұғалім ата-анасы сияқты оқушыны сүйсе, онда ол бүкіл кітапттарды оқып шыққан мұғалімнен де артық болады. . Егер мұғалім өз ісі мен оқушыға сүйіспеншілігін біріктірсе, онда ол кемел мұғалім деп тұжырым жасайды,- Лев Толстой.
Мұғалімге арналған бір ғана ереже бар, сол ереже адамзатты тәрбиелеуде басты ұстаным болу керек. Ол ереже: басқаларға үйреткеніңді, алдымен өзің орында. Бүгінгі таңда мектепті емес, мұғалімнің рухани дүниесін жаңғырту керек. Егер мұғалімнің жан дүниесі жаңғырып, реформаланса, онда кез келген мектептің барлық бұрыштары шуақ шашып, нұрын себелеп тұрар еді. Сол ізгілік нұрынан барша бала нәр алар еді.
Ойымды қорытындылай келе айтарым, тәрбиенің қайнар көзі болып саналатын ата-бабамыздан қалған асыл мұралар мен дана сөздер екенін ескерсек, оны насихаттайтын, әрине, ұстаздар екені даусыз. Сондықтан ұстаздар, ең алдымен, мәдениеттілікті, тәрбиелілікті, әдептілікті өзімізден бастауымыз керек. Сонда ғана жас ұрпақтың тәрбиесі де өз жемісін берері сөзсіз.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген