Уақыт — өмірдің өлшемі
Адамзат өмірінде ең құнды нәрсе не? Ақша ма, байлық па, атақ па?
Жоқ. Шын мәнінде, ең бағалы нәрсе – уақыт. Уақыт – бізге берілген
өмірдің өлшемі. Ол тоқтамайды, кері қайтпайды, күтпейді. Оны ешкім
сатып ала алмайды, ал жоғалтсаң – қайтара алмайсың. Әр адам өз
уақытына қалай қараса, болашағы да солай қалыптасады. Бұл, әсіресе,
біздің – жасөспірімдер үшін өте маңызды.
Біз – мектеп оқушыларымыз. Алдымызда үлкен мақсаттар, асқақ
армандар бар. Біріміз дәрігер болғымыз келеді, біріміз журналист,
ал енді біріміз мұғалім немесе инженер болуды армандаймыз. Осы
арманға жету жолында бізге ең бірінші қажет болатын нәрсе — уақытты
дұрыс пайдалану.
Көпшілік ойлайды: "Қазір жаспын ғой, үлгеремін, кейін оқимын, кейін
тырысамын" деп. Бірақ уақыт ешкімді күтпейді. Әр минут, әр сағат —
өміріміздің бір бөлшегі. Егер бүгін бір бет кітап оқымасақ, ертең
өкініп қалуымыз мүмкін. Егер бүгін дайындықты шындап бастамасақ,
ертең ҰБТ-да көздеген баллды жинай алмай қалуымыз да ғажап емес.
Қазірден бастап уақытты бағалап, әр сәтті мақсатпен өткізуді
үйренсек, ертең өзімізге риза боламыз.
Қазіргі жастардың көп уақыты әлеуметтік желіде өтетіні рас. TikTok,
Instagram, YouTube сияқты платформалар бізді өзіне тартып,
сағаттарымызды "жеп" қояды. Өзім де кейде "екі-ақ минут қараймын"
деп кіріп, бір сағат уақытымды жоғалтып қойған кездерім болды.
Артынан өкініп қаламын. Бірақ өзіме бір ереже қойдым: алдымен —
оқу, сосын — демалыс. Сол кезде ғана шынайы жетістікке жетуге
болады.
Уақытты дұрыс пайдалану дегеніміз — күн тәртібін жоспарлай білу.
Мысалы, кешке ертеңгі күнге жоспар құрып қою пайдалы. Сағат нешеде
тұрамын? Сабаққа қашан дайындаламын? Қай кезде тынығамын? Осы
сұрақтарға жауап тауып, соған сай әрекет етсек, уақытымыз да,
күніміз де мәнді өтеді.
Мен, мысалы, өзіме "Таңертең 1 сағат дайындық, түсте 30 минут
серуен, кешке 1 сағат әдеби кітап оқу" деген күн тәртібін жасап
алдым. Бұл жүйе маған уақытты тиімді пайдалануға көмектеседі. Және
бір қызығы – уақытты осылай жоспарлап үйренсең, күйзеліске де аз
ұшырайсың, бәріне үлгеретін боласың.
Тек оқу мен дайындық маңызды емес. Өміріміздің бір бөлігі – жақын
адамдармен өткізген сәттер. Ата-анаңмен бірге шай ішу, әжеңе
көмектесу, достарыңмен серуендеу – бәрі де өмірдің ең құнды
мезеттері. Осы сәттер кейін есте қалады, жүрекке жылы естелік
болады. Сол себепті уақытты тек жұмыс пен сабаққа арнамай, рухани
дамуға, отбасымен араласуға да бөліп отыру қажет.
Кейде өз-өзімізге сұрақ қоюымыз керек: мен бүгін уақытымды дұрыс
өткіздім бе? Қандай пайдалы іс істедім? Арманыма бір қадам
жақындадым ба? Егер бұл сұрақтарға "иә" деп жауап бере алсақ,
демек, күн босқа өтпеген. Ал егер "жоқ" десек – бұл келесі күнді
жақсырақ өткізуге мүмкіндік береді.
Өмір – бір ғана мүмкіндік. Сол мүмкіндікті дұрыс пайдалану – өз
қолымызда. Уақытты қалай өткізсек, болашағымыз да солай
қалыптасады.
Уақыт – көзге көрінбейтін, бірақ жүрекпен сезілетін байлық. Оны
бағалай білу – үлкен өнер. Біз, жастар, дәл қазірден бастап әр
күнімізді, әр сағатымызды қадірлеп үйренсек, болашағымыз нұрлы
болатыны анық.
Мектеп бітіру – жаңа өмірдің бастауы. Ал сол өмірдің іргетасы
бүгінгі күнмен қаланады. Қай іспен айналыссақ та, уақытты тиімді
қолданайық. Себебі бүгінгі бір сағат – ертеңгі табыстың кепілі.