Қырықшы жылдардың
келіншектері......
Алақандай ақ шытқа мұңын
шағып.
Хат жазатын, кешкісін,
кестеменен.
Қарайып, кешегі аппақ
маңдайлары,
Аңызақта қаңситын
таңдайлары.
Көздерінде тұратын
Күндерімнің
Көктегені даланың
сарғайғаны.
Қайран біздің өмірдің -
балқаймағы
Қайран
жандар!
Қайран
жандар!..
Ұлы Отан соғысы –
жалпыадамзаттың басына келген үлкен нәубет еді ! Бұл –1939 жылы
басталып, 1945 жылы аяқталған, алмағы да, салмағы да басым –
гитлершіл фашизмге қарсы күрес болатын.
Соғыс туралы ойласам, көз
алдыма Үлкен енем (балаларым Шеке дейтін ) келеді. Бүгінде о
дүниелік болып кеткен кейуананың қарқыраған ақ жаулығы мен қызыл
мол қазақы көйлегі және жасыл, көк бешпентін киіп, қолына білезігі
мен жүзіктерін салып жүретін. Руы Жақау Мақта руы Ескелді Жабас
зайыбы. Зұлматты жылдары соғыстың қиын күндері туралы Үлкен енем
түнді таңға ұрып, әңгіме шертуші еді. Майданға үш арысты шығарып
сап, үш отбасының ауырлығын көтеріп, еліне бас боп, бірінші
қайнысының келіні қайтыс болып, оның үш жастағы баласын өз
баласымен тел өсіріп, екінші келінінің сыртында бір қыз, іште
қалған баласы олда қыз болып,содан қайнысының «оты сөнбесін»- деп,
баяғы бірінші қайнысынан қалған баланы 18 жасында үйлендіріп,
тұңғышы қыз болса, өзінің бауырына басып,екіншісі ұл болса,оны ұлы
жоқ келінінің бауырына басып, үш ошақты өшірмей, ел қатарына қосқан
қажарлы, қолынан түйе бағу келсе,тілімен алыс-жақынды иіріп
ұстаған, жарықтығым-ай! «Әй,сендер білсеңдер, мен сендерге
Аруақпын, әулиені алыстан іздемеңдер»деп отырушы еді, жарықтығым
ай! Күйеуі туралы тамсана әңгімелегенде, белгісіз бір сұлу, көркем
келбетті жігіт бейнесі көз алдымызға көлбеңдейтін. Бейнесі де
белгісіз. Тек үлкен немересінің сұлу келбетінен де көркем еді-деп
отырушы еді. Өмірі түрін көрмеген атамызды Үлкен енем өле-өлгенше
күтті. Үлкен енем Көрнекті қаламгер Шерхан Мұртазаның «41 жылғы
келіншегінің» Хадишасы тұп-тура менің Үлкен енемнің көшірмесі
секілді. Ал жауынгер Мақсұт – атамның
бейнесі.
Әңгімеде мынандай бір
эпизодтар болушы еді ғой.
Шалабай шіркін, сенің інің,
менің қайным ғой, қайын болмай қата қалғыр, қоржынды ұстатуға
жарамады ғой» деп егілуші еді ғой Хадиша Мақсұтқа. Дәл сол
эпизодтар әжемнің де өмірінде кездесетін. Өз-өзінен күбірлеп,
алыстағы ағайынына өкпелегенін айтып, мұң шағатын. Ұлының
жалғыздығы да жанына батушы еді. Ағайынның кейбір қылығына ренжіп
те алушы еді. Әсіресе 2003 жылы баласы «әкесіне ас берем ,оған қоса
Дербес (артында ұл қалмаған) ағамды қосып берем-деп Үлкен енеме
айтқанда, қатты ашуланып:-« оның қалай, дәулетің жетеді, үшеуін
айырма,тірісінде айырылмай кетті ғой, асында неге айырасың,
үшіншісін де қос»-деп еді,баласы (менің қайны атам) «оның орны
бар,баласы бар»-деп тыңдамады.Сонда жарықтық,қатты налып:
«қайратымның қайтқаны-ай,әйтпесе өзім-ақ жасар ем,қу кәрілік-ай»
дегені есімде. Оның бірін түсіндік, бірін түсінбеген де шығармыз.
Тек білеріміз, бұл соғыстың тылдағы аналар мен балаларға оңай
соқпағандығы еді. Ауыр тұрмысты арқалаған Аналар денсаулығының да
қадірін білген жоқ. Күні-түні табандарынан тозып, соғыстағы
жарлары үшін еңбек етті. Түйе бағып, табандары тілінгенше тезек
теріп жүрді. Емшектегі балаларына да дұрыстап қарай алған жоқ.
Жесірлер іштей егіліп жүріп, жетімектерін
жетілдірді. Ол
заманда жетім бала, жесір әйел
дегенді бастықсымақтар адам қатарына
қоспайтын. Шекеміз қолында енесі және соңынан ерген
бес отауды, екі қайынсіңлісі мен екі қайнысының үйін
асырау үшін таңның атысы, күннің
батысына қарамастан үкімет
малын бағумен тірлік көрді.
Бай, бастықсымақ бала-шаға, әйел атаулыны
бақылаудан шығармай, ұрып-соғып
жұмсайтын. Азық түлікті көрші Бесқала елі
мен Шағадамнан ай жүріп түйемен әкелетін , керуен шығатын адам осы
Шекеміз екен. Жол торуылдап керуенді тонаушыларда болады екен.
Бірде сондай керуенге шыққанында Шекемізге бір жерорта жастағы ер
адам иектей беріпті, сөйтсе Шекеміз шалқасынан түсіріп астына
басып, қылғындыра салыпты. Содан ұлы елдің иіріне, қысқа елдің
қиырына аңыз боп тарап, Еркек қатын атаныпты. Атан түйені қомдап
мніп, Қауынды Қорғанбай ойында колхоздың түйесін бағып, бір ауылды
қасында бірлікте ұстаған екен.
Ел арасында
да ұрыс, жанжалдан аулақ, алдыңғы қатарлы
адал жұмыскерлердің бірі болып
танылды. Сол бір жылдардан бастап барлық ауыр жүкті анамыз
өзі арқалап келді. Тынымсыз тіршіліктің
қойнауында күндемей, түндемей
қыстың суық ызғарына төзіп, жаздың
аптап ыстығына қарамастан
еңбек етті. Ол кездегі ауыл
тұрғындарының тірлігі күні-түні
малдың соңында жүру. Қазіргідей техника жоқ. Бәрі
де қолмен жасалады. Өгіз арбамен немесе
шанамен су тасиды, шөп тасиды.
Жаздың жалпағында таң атпастан тұрып,
өрістегі малдың жемін, шөбін
дайындап, күні бойы майданда жүрген жауынгерлерге
азық ретінде құрт,
майын толтырып, жүн тоқып, басқа
да қолда бар
заттарын жіберетін.
1941-45 жылдардағы Ұлы отан
соғысына 1 млн 200 мыңға жуық қазақстандық қатысқан. Соғыстың заңы
сондай: өлім мен өмірден ғана тұрады. Соғыс аяушылық танытпайды.
«Кебенек киген оралар» деп соғысқа кеткен сүйіктілерін күтіп,
сағыныштан сарғайған жандар қаншама?! Соғысқа аттанған ұлын аңсап,
өмірден қанша Ана өтті? Мұның бәрі соғыс салған нәубеттің салдары
емес деп айта аламыз ба? «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі».
Кебенек киген әйтеуір бір келеді деп күтті. Күйеулері үйінен кебін
киіп кетпегенін бәрі білді. Бастысы, үміт үзілген жоқ. Үміт –
үзілмейді де. Белгілі ақын Сырбай Мәуленовтің «Соғыстан қайтқан
солдаттар» атты өлеңінде:
– Жаутаңдап қарап дала
тұр,
Көз жасын сүртіп жаңа
бір.
Хабарсыз ұлын
сұрауға,
Жолыңды тосып ана
жүр.
Қанша үйдің ұрлап
адамын,
Қанша үйде сөніп қалды
оттар.
Көрдің бе ұлын
ананың,
Соғыстан қайтқан солдаттар? –
деген жолдар бар.
Өткен азапты жолдағы ауыр
сабақтарды халық ешқашан да ұмытпайтыны белгілі. Соғыстың ауыр
салмағы кез келгенге оңай тиген жоқ. Жетімдерге де, жесірлерге
де...
1995 жылы Құланды совхозының
орталығына «Боздақтарға» оралмаған,хабарсыз кеткен жауынгерлерге
арналып тізімдері жазылып тақтаға ескерткіш қойылып, «Боздақтар»
деген кітапты сол соғыс жесірлері мен соғыстың жетім балаларына
үлестіріліп берілді, сол жерге келген кейуаналар жоқтауларын айтып,
жүрегімізді тербетті.Сонда Үлкен енем жарықтық «ойбу уу, сені мен
әлі тірі деп жүрмін-ау, әйтеуір ел есінде болсаң болды да, «шал»
балам (өз баласы) аман болсын»дегені, ананың жүрегі тек бала
үстінде екен-ау... Шекеміз 25 жасында
жесір қалса да, жан азабын, тән азабын
көрсе де бар күш қуатын еліне, тыныштық заманға,
балаларына арнады, соларға сенім артты.
Жаста болса отбасын құруды
ойына алмады. Жас қыршындарының
біреуге жалтақтап өсуін
қаламады.
«Сорлысың, сорлы,–деп Ақшай
ернін шығарды, ерніңе күйдіргі шыққыр. – Тағы отыз жыл күт, келеді
Мақсұт! – деп кекетті. – Күтемін, – дедім. – Жүз жыл
күтемін.
Сөйттім де, ызаға шыдай
алмай, айқай салып, далаға атып шықтым». Хадишаның жан сыры. Менің
Үлкен енем де Хадиша секілді өле-өлгенше күтті. 25 жасында жесір
қалу – кез келген Анаға оңай емес. «Басқа түссе – баспақшыл» деген
осы. «Мүгедек болса да аман келсе» деп тілеген енемнің үміті
ақталған жоқ. Өмір бойы күткен жары оралмады. Көзі жұмылғанша
сүйген жарын ардақтап өтті. Мына қоғамда ше? Біз аялай аламыз ба?
Ер-азаматтың басына қиындық түссе, күте аламыз ба? Әй, қайдам!
Кешегі Арды ойлаған секілді парасаттылық бізден табыла қоймас,
сірә?! Жоқ, жоқ табылады екен. Менің күйеуім қайтыс болғанда Үлкен
енем: -Айман «етектің зарыннан» әйел өлмейді.Етегімді жел
көтермесе,жан көтерген жоқ. Мен бір баланы бір ауыл қылдым, сен бір
ауылмен қалып отырсың, құс екеш құста балапанын қорғайды. Бала
жалтақ өссе,өмірде әлсіз , қиынға тез сынады.-деді. Сол сөз жаныма
қамшы болды, төрт баламның жағдайы мен жайын жасауда Үлкен енемді
Темірқазық қып алғанмын. Көзі тірісінде қанша қадірлеп, сыйлап
жүргенімен ол өмірден өткенде іште бір «әттеген ай» қалмай тұрмайды
екен. Шекеміз ішіндегісін сыртына көп шығара бермейтін, негізі
тұйықтау адам еді. «Тартып жесең,тай қалар, қоя жесең қой қалар,
қоймай жесең не қалар?!» деп үнемділікке үйретуші еді. Жұрт білетін
болмысы- тентек, бір беткей. Ал, біз білетін болмысы аңғал,не
естісе соған сенгіш, көңіліміз қалмасын дегендіктен бе, барлық
баласына «сенікі жөн» дей беруші
еді.
Жалғызын бәйтеректей ауылға
айналдырып,шаруа соңында кешегіге дейін жүріп, баласының алдын төрт
түлікке толтырып берді, қайран Ана... Рухының мықтылығының
арқасында бір ауылды сақтап қалды. Бүгінге дейін азапты жылдарда,
ашаршылықта, елдің басына түскен зұлматта, соғыста елді сақтаған
Ұлы Аналар екенін ұмытпауымыз керек. Үлкен енем марқұм тоқсаның
үшеуінде көз жұмды. 25 жасында жесір қалған келіншек кебенек киген
күйеуін келеді деп неге алпыс жылдан астам уақыт күтті?! Оның да
өзгемен бақытын құруына болар еді ғой. Себебі, ардан аттаған жоқ.
Бақытын өзгеден іздегісі келмеді. Әрі қара шаңырақты кие тұтты.
Шаңырақтың түтіні өше ме деп қорықты. Жалғыз шырағын мәңгілікке
жақты. Ол шырақтан ерген ұл мен қыз үлкен бір әулетке айналатынын
жүрегі сезді.
Мұқағали Мақатаевтың «Қайран
біздің аналар арды ойлаған!» деген бір ауыз сөзі зұлмат соғыс
жылдарында белі қайысып, қабырғасы майысып, тылдағы тірліктің
барлық ауыртпалығын арқалап, бала-шағаны аман-есен өсіріп,
жеткізген; сонша қиындықтың бәріне шыдап төзген, өле-өлгенше Ар
алдында адалдық танытқан абзалдығына берілген әділ
баға.
Жар алдындағы міндеті мен
парызын Ар алдындағы парызы мен қарызына сай мүлтіксіз өтей білген
қазақ аналарының рухы пейіштің төрінде
шалқысын! Бізді де ақырғы күніне
дейін бір Аллаға сенім артып, жаманшылықтан
аулақ болуға
үйретті.
Ұлттың келешегі – қазақ
қызының қолында! Қызды тәрбиелеу арқылы бүтін бір ұлтты
тәрбиелейміз! Кешегі қиын-қыстау заманда Аналарымыз ұлтты сақтап
қалса, бүгінгі өркениетті қоғамда ұлтты сақтау – тағы да
аналарымыздың қолында!
Бекетаева Айман Нұрлықызы
Жаңаөзен қаласы