Замануи тәрбие құндылықтарының өзекті проблемалары
Ғаламдық жаһандану
жағдайындағы қарқынды өзгерістер қоғам дамуының қозғаушы күші болып
табылатын білім жүйесіне орасан ықпалын тигізіп отыр. Бүгінгі қоғам
алдында тұрған ең жауапты міндет–тәуелсіз мемлекетіміздің уығы боп
қадалатын қоғам мүшелерін, жас ұрпақты, адамгершілікке тәрбиелеу,
тиянақты білім беру. Адам бойында адамгершілік құндылықтар
болмаса, олардың орнын ешқандай терең білім толтыра алмайтынын
өмірдің өзі дәлелдеуде.
Ғалымдар білім беру ісіндегі
жастардың әлеуметтену мәселелерін қозғайды. Өкінішке орай, бұл
толығымен қазақстандық кеңістікте де орын алған: әлеуметтік-мәдени
үлкен өзгерістер біздің жастарымызды, оқушыларымызды батысқа
еліктіріп әкетуде. Төл мәдениеттерінен бас тартып, басқа ұлттың
мәдениетін тануға күш
салуда.
Кең педагогикалық
мағынада, тәрбие дегеніміз – оқу орындарында жүзеге асатын және
бүкіл оқу-тәрбие процесін қамтитын ұжымның, мұғалімнің оқушыға
берілген қасиеттерді қалыптастыру мақсатында арнайы ұйымдастырылған
ықпалы.
Бүгінгі таңда жалпы
тәрбиенің басты мақсаты-жеке тұлғаның психикалық, адамгершілік,
эмоционалдық және физикалық дамуына ықпал ету, оның шығармашылық
мүмкіндіктерін жан-жақты
ашу.
Отбасы–тәрбиенің
іргетасы. Ата-аналар баланың өмірдегі
іс-әрекетіне, оның мамандығына, достарын немесе жарын таңдауға жиі
әсер етеді. Баланың дүние есігін ашқан
күнінен тәрбие басталады. Бала жастайынан ата-анасының
мінез-құлқын, іс-әрекетін, сөздерін үлгі
тұтады. Ал ата-ана тәрбиелі болса,
бала да сондай болмақ.
Адамды тәрбиелеуде
мектептің де алатын орны зор. Мұғалім балаға
білім ғана
емес,
қоғамда
өзін-өзі
ұстау,
адамдармен тіл
табыса
білу,
адал
өмір
сүру,
өз
Отанының лайықты азаматы болу
қабілеттерін береді. Қазіргі кезде тәрбие құндылығы-аса өзекті
проблемалардың бірі.
Себебі біріншіден, қазіргі
таңда көптеген ата-аналар балаларын дұрыс тәрбиелей
алмауда.
Бүгінде бұл мәселемен күнделікті бетпе-бет кездесіп келемін.
Әркімнің тәрбиесі әрқалай. Тәрбие отбасының материалдық
жағына қарай бөлінбейді. Ең әуелі баласына тәлім-тәрбие бергісі келетін ата-анада талпыныс, сүйіспеншілік, махаббат болуы
керек.
Екіншіден, ұлттық салт–дәстүр мен құндылықтарды
бойына сіңірген отбасында өскен бала да ұлтжанды,
намысшыл, салт-дәстүрді құрметтейтін болып өседі. Бірақ заманның қарқынды дамуына байланысты, ата-аналар басқа елдің мәдениетін
ұлықтап, баланы басқа жолға бағыттайды. Сол себептен,баланың ішкі
жан дүниесінде бұндай қасиеттер көрінбейді.
Үшіншіден, технологиялық
құралдардың дамуына байланысты, бала ғаламторға тәуелді болады. Балалар ақпараттар ағымын дұрыс ажыратып, пайымдай
алмайды. Олар өмірге қайшы әрекеттерді бірінші қабылдауы мүмкін.
Сондықтан балаға ақ пен қараны ажыратып, оның дұрыс жолға түсуіне
ықпал етуіміз керек. Мұның бәрі–ата–ана мен ұстаздың бірлескен
жұмысы нәтижесінде қол жеткізуге болатын дүниелер. Қазіргі
жаһандану дәуірінде өзге елдің кейбір салт – дәстүрінің қазақ
болмысына жат болса да еніп жатқаны жасырын емес. Сондай–ақ тіл
мәселесінде де ойланарлық жағдайлар көп.
Бір кездегі қабылданған «Үш тұғырлы тіл» саясаты
бізге ешқандай пайда әкелмеді. Керісінше, тіліміздің құрып бара
жатқанының куәсіміз.
Қазіргі таңдағы білім саласындағы өзгерістерге
көңіл толады. Мысалы, Әліппенің қайта оралуы, 1–сыныптағы ағылшын
мен орыс тілінің алынып тасталуы өте дұрыс жасалған деп есептеймін.
Себебі, тіліміз жоғалса, біз де жоғаламыз. Ахмет Байтұрсынұлы
айтқандай «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады». Ұлы Абай: «Адам
баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез арқылы озады. Басқа
нәрсемен оздым деу – ақымақтық» - деген екен. Демек, болашақ
ұрпақты ақыл арқылы ғылымға ұмтылдырып, арлы адам болуына жол ашып,
мінезін тәрбиелеуіміз қажет. Көркем мінез–бұл ең жақсы қасиет. Сол
арқылы ортаға сыйлы, елмен тіл табыса алатын азамат шығару-біздің
міндетіміз.
Қорыта кетсем, ел болып ұлттық құндылықтарға
толы, дүниетанымы кең ұрпақ тәрбиелеуде әрбір қазақ атсалысуы тиіс.
Ертеңгі жастардың бойына ұлт нәрін сіңіретін ұстаздар қауымына
артылар жүк те ауқымды. Сондықтан, заманауи тәрбие құндылықтары
қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеуді негізгі міндетіміз деп
білемін.
№82 «Дарын»
мамандандырылған лицейінің география пәні мұғалімі Мұрат
Қ.Р.