АБАЙ ЖӘНЕ
ФОЛЬКЛОР
Аннотация
Ғылыми
мақалада студент Абай Құнанбаевтың шығармаларындағы ауыз
әдебиетінің үлгілері көрсеткен. Абай өлеңдеріндегі фольклорлық
жанрлар мен поэзиялық көріністерін, поэмаларындағы фольклорлық
сюжеттердің пайдаланылуы мен мақал-мәтелдер туралы пікірлеріне
тоқталған.
Аннотация
В научном
докладе рассматриваются фольклор в творчестве Абая Кунанбаева. В
стихов Абая исследованы научные труды
про жанр фольклора и явлений
поэзии, сюжеты в фольклоры и пословицы и
поговорки.
Abstract
The report examines the
scientific works of folklore in Abay. In Abai poems studied
scientific works about the folklore genre and poetry event ,
stories in folklore and proverbs.
Қазақ халқының бай ауыз
әдебиеті халық тудырған көркемдік ақыл-ойдың жемісі, қайнар бұлақ
көзі. Сол бұлақтан сусындап, өмірлік нәр, қуат алмаған бірде-бір
ақын, жазушы жоқ. М.Әуезов өзінің Абай туралы зерттеуінде: «Дана
ақынның өз халқынан және жалпы адам баласының өнер байлығынан алған
үлкен салалы түп-төркіні барын байқаймыз. Мұның біріншісі – қазақ
халқының есте жоқ заманнан жиып, сақтап келген өз даналығы,
халықтың ауызша әдебиет қоры. Ақын Абай осы қордан көп нәр алып,
сол арқылы өз поэзиясын көркейтті », - [1. 261б] деп жазған еді.
Шынында да ауыз әдебиетінің үлгісі, ғасырлар бойы қалыптасқан
дәстүрлері қашан да болмасын үлкен әдебиет үшін негіз, нәр алар
жанды өзек болып қала береді. Жазба әдебиеті қанша дамығанымен
өзінің туған топырағынан қол үзіп кете алмайды.
Абайдың фольклорлық дүниемен
танысуы өте ертеде басталып, ақын онымен өмір бойы айналысып, әр
бағытта жұмыс істеген, оны творчестволық түрде пайдланған.
Біріншіден, ол қазақ ертегілері мен аңыздарын, өлеңдері мен
жырларын, мақал-мәтелдері мен жұмбақтарын бала кезінен естіп,
бойына сіңіріп өсті және ұдайы қалың елдің ішінде, өмір бойы
фольклолық дәстүр арасында болды. Небір әдемі айтыстардың, шешендер
мен билер дауының куәгері болды. Жезтаңдай әншілер мен бала бармақ
күйшілерді тыңдады, яғни халық творчествосын өле-өлгенше көзімен
көріп, фольклор шығармаларын соңғы демі біткенше естіді. Екіншіден,
сол кезде әртүрлі мақсаттармен, һәм түрлі себептермен жарық көрген
фольклорлық жинақтар мен ауыз әдебиеті үлгілерін оқыды, оларға
айтарлықтай көңіл аударып отырды. Үшіншіден, араб, парсы, түркі
тілдерінде жазылған шығыс әдебиеті классиктерінің шығармалары мен
алуан түрлі қисса-хикаятттарды, дастандарды, тәмсіл-мысалдарды
оқыды, ал олардың дені фольклорлық үлгілерімен де жақсы таныс
болды, тіпті олардың кейбіреулерін қазақшаға аударды. Бесіншіден,
Абай өз бетінше орысша білім алып, ғылымның пайдалы екенін
түсінгендігінің арқасында ел ішінен қолөнер бұйымдарын жинастырып,
Семей музейіне тапсыртады, маңайындағы ақын жырауларға айналасында
кең тараған жырларды қайта жырлауды, оларды хатқа түсіруді
жүкетейді. Осының бәрі ұлы ақынның фольклорға деген көзқарасын
қалыптастырғаны күмәнсіз және оның фольклористік еңбегін
мінездейтініде даусыз. [2. 245б].
Абайдың фольклористігі бірнеше
тараптан байқалады. Біріншісі – қазақтың төл халық поэзиясының
бүкіл поэтикасы мен сюжеттік элементтерін ақан шеберлікпен
пайдалануы. Екіншісі – қазақтан басқа елдің фольклорлық сюжетін
творчествосына арқау етуі. Үшіншісі – қазақ халқының кейбір
мақал-мәтелдері мен нақыл сөздерінің мән-мағынасын ашуы. Міне,
Абайдың фольклорға деген көзқарасы, қатынасы, яғни фольклористік
еңбегі осы үш сала бойынша қарастырылады. [2.
245б].
Ауыз әдебиетінде қолданып
келген қанықтық теңеу, баламалардың Абай өлеңдері мен дастандарында
жарасымды жалғастық табатыны да осыған сабақтас. Ауыз әдебиетінде
ежелеп қолданылып келген 7, 11 буынды өлең өлшемдерін пайдалана
отырып, Абай поэзия мәдениетін жоғары сатыға көтере білді. Дәстүрлі
жұбату, жоқтау, арнау, сын-сықақ үлгісіндегі шығармалары да ақынның
ауыз әдебиетінің қайнарынан қанып ішкенін дәлелдейді. Ақырында арғы
түбі ауыз әдебиетінен тараған дастан, ертек, тәмсіл-мысал, аңыз
сарынын өз шығармаларында жетілдіре, өңдеп пайдаланғаны, ескі өлең
мен жырдағы қайталама (формулалы) тіркестерді де қажеттігіне қарай
қолданғаны классик ақын танымы мен талғамының жан-жақты болғанын
байқатады. [3.103б]
Абай жастайынан білім алып,
шығыс шаирларын оқып өзіне үлгі алады. Кітап жүзінен алған тәрбие
мен жазба үлгілер бойынша ол уақыттағы өлеңге жарайтын тіл жалғыз
ғана араб, парсы тілдермен Физули, Аллаяр, Бабырша айтады. Балалық
шағындағы өлең жазамын деген талабын:
Физули, Шамси,
Сайхали,
Науи, Сағди,
Фирдоуси,
Қожа Хафиз бұ
һәммәси
Мәдәт бер иә шағири фарияд!
–
деп, өзі қадірлеген ескі
ақындардың әруағына сыйынумен бастайды. [4. 74б].
Шығыс кітаптары арқылы танып
білген аңыз дастандар негізінде Абай «Масғұт», «Ескендір» «Әзім
әңгімесі» тәрізді көлемді шығармалар жазды. Ақын шығыс аңыздарын
жаңаша мақсатқа пайдалануды, өз заманының ділгер сауалдарына жауап
беруді көздейді. Мысалы «Масғұт» поэмасында ақын әйел қауымын
құрматтеуді үлкен түйінді ой ретінде ұсынады. Сондай-ақ шығармады
ел билеушінің тағдыры жайында да қызықты аңыз
келтірген. [5.
75б].
Осындай мол меңгерілген рухани
мұра Абайдың болашақ туындыларында, бүкіл творчествосында көрініс
таппай қалған жоқ. Осы тұста бірінші кезекте айтылатын нәрсе –
халық тілі, оның лексикалық байлығы, алуан түрлік идиомалық
тіркетер, бір қалыпқа түскен дәстүрге айналған формулалар мен нақыл
сөздер, мақал-мәелдер, афоризмдер. Бұл әсіресе, ақынның алғашқы
өлеңдерінде көбірек кездеседі. Мысалы жырау олғаулары үлгісінде
жазылған «Сап, сап, көңілім, сап көңілім»
өлеңінде
Сап-сап, көңілім, сап
көңілім!
Саяламай, сай
таппай,
Не күн туды
басыңа
Күні-түні жау
таппай?
.......................................
Сабыр түбі – сары
алтын.
Сабыр қылсаң
жайыңды
...........................................
Ағын судай
екпіндеп,
Лайы жоқ
суатым.
Ауру да емес, сауда
емес,
Құрыды әл-қуатым. – деген
үзіндіде «не күн туды басыңа», «сабыр түбі – сары алтын», «ауру да
емес, сауда емес», «ағын судай екпіндеп» деген тіркестер халықтың
ежелден келе жатқан образдық сөздері фольклор үлгілері мен
жыраулардың, ақындардың шығармаларында ескі заманнан қолданылып
келген сөйлемдер. Сондай-ақ мына тұрақты сөз тіркестері мен нақыл
сөздерді де көрсетуге болады: «аузымен орақ орған», «талапты ерге
нұр жауар», «алты бақан алауыз». «Біздің қазақтың
мақалдарының, - дейді Абай, - көбіне іске татырлығы да бар. Іске
татымақ түгіл, не құдайлыққа, не адамшылыққа жарамайтыны да бар:
«Жарлы болсаң, арлы болма» дейді. Ардан кеткен соң тірі боп жүргені
құрсын... «атың шықпаса, өрт сал», - дейді. Жер өртеп шыққан аттың
несі мұрат?! [6.
158б]. Абай қазақтың мақал-мәтелдерін
біліп қана, жақсы, жаманын талдап қана қоймайды. Ол өзінің кейбір
шығармаларында, әсіресе өлеңдерінде, өз пікіріне қазық ретінде
мақал-мәтелдерді алып отырды. Мысалы қазақ мәтелінде мақтаншақты
«аузымен орақ орады» деп сипаттайды, Абай елдің надан салтын сөгіп
жазған өлеңінде , өз пікіріне қазақ ретінде мақал, мәтелдерді алып
отырады.
Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа
сөзді,
Ауызымен орақ орған өңкей
қыртың! –
дейді. Қазақ берекесіз елді
«алтыбақан, ала ауыз» десе, Абай да :
Сабырсыз, арсыз,
еріншек,
Көрсеқызар,
жалмауыз,
Сорлы қазақ сол
үшін
Алтыбақан, ала ауыз,
-
дейді.
Осындай
халық мақалынан, халық мәтелінен пайдаланған мысалдар Абайдың
өлеңдерінде толып жатыр. [6. 159-160б].
Қорыта айтар болсақ, Абай
фольклорға ақын ғана емес, ойшыл, зерттеуші ретінде де барған. Оның
шығармалары ауыз әдебиетімен біте қайнасып жатыр. Сол арқылы ақын
жаңа қырынан көрінеді. Қазақтың мақал-мәтелдерін талдап, олардың
дұрыс-бұрыстығын айта кеткен. Тіпті поэмалары да сұлу сөзбен
өрнектеліп, шығыс классиктерін өзіне үлгі еткен.
Пайдаланған
әдебиеттер:
-
Әуезов М . 20 томдық
шығырмалар жинағы. Алматы. Жазушы 1998-480б.
-
Қасқабасов С. Таңдамалы екінші
том. - Астана «Foliant» баспасы 2014 жыл 344бет.
-
Абай энциклопедиясы. Бас
редактор Р.Н. Нұрғалиев. Алматы «Атамұра» баспасы, 1995. – 720
бет.
-
Әуезов М. Шығармаларының елу
томдық толық жинағы. – алматы: «Дәуір» , «Жібек жолы», 2014.
15-том. Мқмлмлмр, зерттеулер, пьесалар. 1937-1940. – 392
бет.
-
Ысмағұлов Ж., Мыңбаев Д.,
(құрастырушы және жауапты шығарушы) Абай және қазіргі заман:
зерттеулер жинағы. – Алматы: Ғылым, 1994. – 336
бет.
-
Мұқанов С. Жарық жұлдыз:
Монография және ғылыми мақалалар, 2-басылуы (Құрастырып, баспаға
әзірлеген С.Мұқанов мұражайының ғылыми қызметкері Жанат
Дәулетбекова). – Алматы, «Санат», 1995. – 272
бет.