жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
«АБАЙ МҰРАСЫ-АДАМЗАТ ҚАЗЫНАСЫ»
«АБАЙ МҰРАСЫ-АДАМЗАТ ҚАЗЫНАСЫ»
Ағзұмова А.Ғ.
қазақ тілі мұғалімі
Қотанай облысы.Қостанай ауданы әкімдігі білім бөлімінің
«Жамбыл жалпы білім беретін мектебі» КММ
Ұлтымыздың ұлы тұлғасы, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының сөзі, ойы мен өнегесі уақыт сынынан сүрінбей өтті. Абайды тани алмаған қазақ, дүниені де танып жарытпайды дегендей заман өзгерсе де, қиындық пен тұтқиылдан алып шығар жолды нұсқаған Абай:
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Ақылың мен қайратың екі жақтап... –
деп бүкіл пенде атаулыға күш-жігер беріп, жол көрсеткен. Осы жолда ақын өсиеті туған халқы үшін өркениеттің өріне жүргізетін маңдай түзер темірқазығы болды.
Абай - халықты білімге, ғылымға, еңбекке көп үндеген ақын. Ғылымды ол әлеуметтік жағдайды жақсартудың құралы ғана емес, бүкіл прогреске апаратын жол деп түсінді. Ғылымның әлеуметтік орнын адамдардың жақсы қасиеттерімен байланыстыра қарады.
«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жол да жоқ жарыместі «жақсы» демек...
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек», -деп ақылды тереңдетіп, шалқыта
түсетін, адамның жігерін, қайратын өсіріп, жөніне жұмсауға жол көрсететін, оны тасыта түсетін, жүректі де ізгілікке, адалдыққа, адамдыққа баулитын, адам бойындағы осы үш қасиеттің басын қосып, оны үлкен әлеуметтік ізгі күшке айналдыратын осы ғылым деген қорытындыға келеді. Абай ғылымның әлеуметтік рөлін терең талдап, қайрат, ақыл және жүрек үшеуін айтыстыра келеді де ғылымға жүгіндіреді. Ғылым жүректің әділеттілік, ұят, рақымшылық, мейірбандық қасиеттерінің артықшылығын қолдайды. Бұдан, Абайдың топшылауынша, әлеуметтік жағдайдың жақсаруы, әділеттің орнауы адамдардың ұятына, рақымшылдығына, мейірбандығына, әділдігіне байланысты. Ғылымды оны бақталастық үшін емес, ақиқатты білмек үшін үйрену керек екенін баса айтады. Өйткені, бақастық адамды бұзады, «жүз тура жолдағыларды шатастырушы кісі, бір қисық жолдағы кісіні түзеткен кісіден садаға кетсін», - деп қорытады Абай. Ақын бірқатар шығармаларында еңбекке немқұрайлы қараушылықтың, жалқаулықтың, еріншектіктің қоғамды жұтатып, тоқыраушылыққа ұшыратып отырғанын, соның нәтижесінде әлеуметтік жүдеуліктің орын алып отырғанын сынайды, еңбек етуге шақырады. «Еңбек жоқ, қаракет жоқ, қазақ кедей, Тамақ аңдып қайтеді тентіремей...» - деп еңбексіздік пен қаракетсіздікті ашына шенейді. Өз тұсында қулықпен, сұмдықпен, ұрлықпен мал тапсам деген әлеум. топтың қалыптасқанын сипаттай келе, ақын: «Қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиылмас, Сұм нәпсің үйір болса тез тыйылмас... Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас, Қардың суы сықылды тез суалар...» - деп еңбексіз тапқан олжаның құтсыздығын ескертеді. Абай адал еңбекпен мал тап, еріншек болма деп үйретеді.
Ақын ұлттық дәстүрімізді сақтап, имандылық, ар, ұят, қанағат, мейірім деген түсініктерді тәрк етпеген саналы жанды ұлық тұтады.
Абайдың сөзі мен өсиеті өмірдің барлық саласында өзекті, бойына сіңірген әр адамға, бірі ойын, бірі бойын өсіретін қасиет қайнары. Қалай өмір сүріп, еңбек етуге үйрететін өмір оқулығы. Ұлы ақын ұлағаты да осында.
Бүгінгі күні де кездесетін дүниеқорлық, кейбір қызметтегі адамдардың өз пайдасын ойлап, түрлі жолдармен ақшаны күреп табуды көздеген мансапқорлардың біртіндеп барып жемқорлық сырқатына шалдығатыны Абай өлеңін оқып, соны зердесіне тоқымағандықтан да болар. Сондықтан әрбір қазақтың үстелінде Абайдың жинағы жатса, ұлы ақын өлеңдері мен ғақлия сөздерін қазақ баласы тегіс танып, тегіс білсе, құба-құп.
Көзі ашық, көкірегі ояу кез-келген азамат Абайға жүгінсе, жол таппай қоймайды. Дара да, дана ақынның асыл мұрасынан сусындаған адам жаманнан жиреніп, өтірік, ұрлық, бекер мал шашпақ сияқты ұятты істерден бойын аулақ ұстары сөзсіз.
Тәрбие берудің ең көрнекті құралының бірі, амал-тәсілі әдебиет үлгілері, көркем шығармалар болған. Онда көрініс табатын авторлық суреттемелер, жасалған образдар оқырманды ойға жетелейді, түрлі әсерге бөлейді. Тағылымдық, танымдық қасиеттер бой көрсетеді. Бұл орайда өзінің ағартушылық мақсатына сәйкес әдеби шығармаға тәрбие құралы ретінде қалам тартқан Абай өнегесі орасан зор. Бар сұлулықты, эстетикалық көркемдікті бойына жинаған Абайдың өлең жолдары кімді де болса рухани биіктерге жетелеп, болашаққа деген құштарлыққа ұмтылдырады, саналылыққа тәрбиелейді. Бұл құндылықтар дарынды ақынның сөз шеберлігі, даналық ойлары, парасаттылығы арқылы ерекше сұлуланып, өзгеше биікке көтерілген. Өр ұғым, өр қағида бүкіл адамзаттың жүрегіне жол тауып, есінде мәңгі сақталатындай қалыпқа келген.
Хәкім Абай туындылары бүгінде халқымыз үшін үшін, ұлттық тәлім - тәрбиенің негізгі, жастарымыздың адаспай, білімді һәм білікті, тәрбиелі де тәлімді тұлға болып қалыптасуының алтын темірқазығы рөлін атқаруда десек артық айтқанымыз емес. Осы сөзіміздің айқын дәлелі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал. Абайдың өсиет-өнегесі ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанды осындай биіктерге жетелейді» - деп ерекше атап өткен болатын. Абай атамыздың әдеби мұрасы өзінің көркемдік құндылығымен заманауи ұлттық өнердің қайнар бұлағына айналып, ел тарихында өшпес із қалдырды. Ұлы ағартушының асыл туындылары қанша уақыт өтсе де өз маңызы мен құндылығын жойған емес. Керісінше, Абай мұрасы – күннен-күнге нәр алып, өз ұрпағының рухани қазынасына айналып отыр. Абай шығармаларында ұлы Далада өмір сүрген қазақ халқының бар болмыс-тіршілігі, ұлтымыздың салт-дәстүрлері мен жан-дүниесі суреттелген. Абайдың туындыларына зер салсақ, елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал, ілгерілеудің негізі - білім мен ғылымда жатыр.
Кемеңгер Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. Ақын «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын баса айтты. Ағартушы ақынның сол замандағы тұжырымдары қазір де аса өзекті. Себебі, ХХІ ғасырдағы ғылымның мақсаты - биікке ұмтылу, алысқа құлаш сермеу екенін көріп отырмыз. Ал, біздің міндетіміз – осы ілгері көштен қалмай, алдыңғы қатардан орын алу. Кемеңгер Абай білімі терең болғандықтан, оның шығармаларында дүние, өмір, тіршіліктің мағынасы, қоғам мен заман, болашақ туралы толғаған ойлары да аса терең. Ендеше осы тереңдікті жастарымызға ұғындыру біздерден талай дүниені талап етеді.
Абай мұрасы - адамды адам етіп тәрбиелеудің, жан - жақты дамыған зияткер тұлға қалыптастырудың қайнары. Ақынның толық адам туралы айтқандары – жас өскінді Адамды сүю, құрметтеу, елжандылық, биік адамгершілікке бастайтын жол. Сондай – ақ, әлемдік деңгейдегі білім талаптарына қол созып қана қоймай, соның ұшар басынан көріне білу - бүгінгі таңдағы ұлттық болмысымыздың, адами мақсат - міндеттеріміздің бұлтартпас бағыт, бағдары. Абай шығармасының сая бағында өсу, тәрбие алу – қазақ халқының бүгінгі ұрпақтарының алдағы тұрған міндеттерінің бірі. Абайға әр оралған сайын «көкірек көзің ашылады», азаматтық ірілік пен адамдық ұғымдардың жаңа қырларына, сырларына жолыққандай боласың. Қазақ халқының алдында енді қазақтың Абайын әлемге таныту, оны Адамзаттың Абайын айналдыру тұр.
Абай – құбылыс, ғасырларда біртуар ғұлама. Туысы бөлек, бесігі өлең, өсуі еркін. Оқуды өмірден алған. Оқуға зерек, ұғымға ұшқыр болған. Сондықтан да оның түрлі айтыстар мен даулардағы, мәжілістер мен кеңестегі айтқан пікірлері – дара өнеге, нақыл. Ойланып жазғандары өлең өнер болған. Абай дүниеге өз көзімен қарап, көргені мен сезгенін жалтақтамай айтқан. Бойындағы даналық оны даралық жолына, данышпандық шыңына бастады. Өмір мен қоғамды барлап, болашақты болжап жазған әр шығармасы – осы шыңға шығар жолындағы баспалдақ.
Ақынның көптеген шығармаларының жастарға арналуы – заңды. Елді түзеу, бесікті түзеуден басталады. «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат» деген өлеңінде қырықтан асқан Абай тағдырынан тағылым етіп, айтар ойларының біразын қосқан. Жаманнан жиренсе, жақсыдан үйренсе деген ниетпен жастарға ұсынатын тәрбиелерінің сан алуан түрлерін сараптасақ, ақын айтатын жігітке тән мақтаулы қасиеттер: тұрақтылық, шынайылық, табандылық, адалдық, талаптылық, татулық, сыйластық болып шығады. Осының бәрі жиылып, бірлік деген кең мағыналы ұғымға айналады. Ол жастарға, достарға, ағайындарға тән татулықтан басталып, бүкіл ел, халық өміріндегі ынтымақтастыққа, түсіністікке, тыныштыққа әкеледі. Жаны да жақсы адам ғана жаман мінездерден, бақталастық пен қызғаншақтықтан бойын аулық салып, олардан жоғары тұрады.
Ұлы ұстаз шәкірттің бүкіл ақыл ойын, ынта-жігерін оқуға бағыштаса ғана естігендерін түсініп, ұмытпайтындай болады деп сенеді. «Өзгеге көңілім тоярсың» атты өлеңінде «ғылым да жоқ, еш ди жоқ» адамды даладағы аңға теңей келе, ондайларға «жүрегіңмен тыңдамай құлағыңмен қармарсың» деп ренжиді.
Абай данышпандығының басты көрінісі – қазақ халқының жолын байыптап, болашағын анықтап беруінде. Оның көрегендігінің өзі де заманындағы қалыптасқан саяси-экономикалық, әлеуметтік жағдайды жете түсініп, оның елге тигізетін зиянды себептерін айқындап біліп, тығырықтан шығудың жолдарын көрсетуінде.
Абай қоғамының тәрбиесін жеке адамнан басталатынын көрсетеді, өйткені «адам түзелмей заман түзелмейді» деп анық айтады, тобырдың ішінде тұлға жүрмесе мәнінен айырылатынын мегзеп, «не болады өңкей нал» деп налиды.
Абай тәрбие мәселесіне ерекше көңіл бөледі. «Әне оны берем, міне мұны берем деп, балаңды алдағаныңа мәз боласың, соңынан балаң алдамшы болса кімнен көресің? «Боқта» деп біреуде боқтатып, кәпір қияңқы,осыған тимеңдерші!-деп, оны массаттандырып тентікке үйретіп қойып, «қу, сұм бол» деп «пәленшенің баласы сенің сыртыңнан сатып кетеді деп, тірі жанға сендірмей жат-мінез қыласың» -деп, теріс тәрбие беретін ата-аналарды қатты сынға алады. «Ақыл ардың сақтаушысы» деп қарап, адамгершілік мәселелерін жоғары бағалап, ар тазалығы үшін күресуді дәріптеген ұлы ағартушы.
Жаңғыру – өткеннен қол үзіп, тек жаңа құндылықтарға жол ашу деген сөз емес. Шын мәнінде, бұл – ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үрдістермен үйлестіре дамытуды көздейтін құбылыс. Бұл ретте, біз Абайды айналып өте алмаймыз. Себебі ұлы ойшыл осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған. Елбасымыздың: «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы Қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді», – деген өнегелі сөзі ақын мұрасының мәңгілік өсиет ретінде бағаланатынын айқын аңғартады. Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», – деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды.
Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет. Бұл тұжырымдар қазір де аса өзекті. Тіпті бұрынғыдан да зор маңызға ие болып отыр. Себебі ХХІ ғасырдағы ғылымның мақсаты биікке ұмтылу, алысқа құлаш сермеу екенін көріп отырмыз. Ал біздің міндетіміз – осы ілгері көшке ілесіп қана қоймай, алдыңғы қатардан орын алу. Ол үшін ең алдымен, білім беру саласын заманға сай дамытуымыз керек.
Әдебиет:
1. Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы
2. Қазақ әдебиеті. Энциклопедия. А., Білік, 1999
3. Абай және қазіргі заман. А., Ғылым, 1994, -336.
4. Ысмағұлов Ж. Абайтану белестері.// Абай және қазіргі заман. А., Ғылым, 1994

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген