жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
Абай өлеңдерінң тәрбиелік мәні
«Абай өлеңдерінің тәрбиелік мәні»
Нуркина Сауле Тогайбаевна
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Қостанай облысы, Қостанай қаласы
« Қостанай қаласы әкімдігінің
білім бөлімінің №19 орта мектебі» ММ
Аңдатпа: Бұл баяндамада өлеңдерінің тәрбиелік мәні көрсетілген. Өмір шындығы мен табиғатты ұштастыра қара өлең арқылы жеткізгендігі жайлы сөз етіледі. Сонымен қатар, ақынның өлеңдері қайшылығы мен қиындығы толық халық өмірінің бір көрінісі іспеттес екендігі баяндалады.
Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы, ерінбе.
Адамдықты көздесең,
Жаттап оқы көңілге,-деп қазақтың көрнекті ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров жырлағандай «Адамзаттың Абайы» атанған дара да, дана хакім Абай атамыз жайындағы мәліметтермен де, шығармашылығымен де таныспыз. Абай дәуірін көз алдыма елестетер болсам, үстем тап пен бұқараның арасындағы қайшылықтар шиеленісіп тұрған заманда «зар заман» ақындары шыққаны белгілі. Соның бірі Абай болғаны да ақиқат. Неге деймісіз? Себебі, отарлау саясаты қазақтарды қанаумен бірге бұртана елді де езіп отырғандығы бізге тарих беттерінен мәлім дүние. Ал, Абай атамыз сол қанаушылықты көріп, өлең арқылы жыр етті.
Абай дәуірін былай қойып, шығаршалығын сөз етер болсам, Абай атамыздың шығармаларының басылуын өзі көрмей кеткендігі мені қынжылтады. Бірен-саран өлеңдері болмаса, көзінің тірісінде Жүсіпбек Шайхыисламұлы Абай шығармаларының атын атамай бастырғандығын кітап беттерінен оқыған едім. Тіпті, бірталай өлеңдері Көкбай атымен шығып жүрген. Бүгінгі күнде плагиат өлеңдерді ұрлап, авторы мен дейтін ақынсымақтардан, өзі шығарған өлеңін мақтан қылмаған недеген дана тұлға десеңізші!? Содан болар, көп өлеңі басылмай, әнші, ақындардың кейбіреуінің қойны-қонышында кеткені. Бірде, М.Әуезовтың күнделік дәптерінде жазылған төмендегі сөздерді оқыған едім. Онда былай делінген: «Абай күнделікті көргенін сол жерде жазып отыратын дағдысы болған. Мысқыл өлеңдерді көп жазған, бірақ жинақталмаған». Не деген суырыпсалмалық қасиет деп таңданасың осындайда... Тіпті, елдің ішіндегі қазақтың қыздары өздеріне Абайдың қолжазбасын көшіртіп, ұзатылғанда бір данасын ала кететін болған. Бұл қазақ жастарының арасында Абайдың қандай болғандығын көрсетеді емес пе?
Өлең өрнегіне төселіп, елін жақсы жолға, мәдениетке жеткіземін деп орыс поэзияларын, батыс поэзияларын көріп Абайдың Абайлығы туады. Тіпті, орысша меңгерген Абай атамыз «Гоголь» кітапханасында қыр қазағының Толстой шығармасын сұрағанына таң қалып, Михаэлис өзі келіп танысады емес пе? Егер, «Қыс» өлеңінің мазмұнына терең бойлар болсаңыз, хакім Абайдың орыстың классик ақындарын жақсы білгендігін аңғарасыз. Міне, осы арқылы Абай өлең міндеті мен ақындықтың міндетін де көрсете білді. Сондықтан да алғаш өлеңдерінен-ақ қазақ ақындарының өлеңінен өзгеше болып көрінді. Қандай нәрсені айтса да бір пайда келтіретін болсын деген ойын «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» деген өлеңінен байқауға болады. Мұнда, қыздың көркін, қазіргі заманда белең алған әйелді мүлкім демей, қасиетте деп, қазақ ақындарынан өзгеше суреттеген. Ал, «Жасымда ғылым бар деп ескермедім»,-деп білімді жырлаған өлеңінде енді өз өкінішін білдіреді. Бірақ, менің ойымша, Абай атамыз өзін ғылымнан кеш қалдым деп өкінсе де, біле түсейін деп өз білгенін азсынғандық дер едім. Еріншектік пен өнерсіздікті, халық мінезінің азып бара жатқандығын, өмірінің сапасыз мастықта өткендей өткізіп жатқан ел адамдарын сынай жазған «Қартайдық, қайғы ойладық» атты өлеңін оқығаным да, көз алдыма бүгінгі қу заманның құлы болып жүрген, адамдық пен арамдықты айыра білмейтін пиғылында тіленшектік көбейген адамдар бейнесі елестеді.
Шыны керек, Абай өлеңдерінен адам бойындағы надандық, пәлеқорлықтың бәрін айтып тауыса алмастай ашу-ыза мен намыс отының ұшқынын сезгендей боламын. Ол ойға келуіме : «Көңілім қалды, достан да, дұшпаннан да» деген өлең шумақтарының мына жолдары түрткі болды:
...Көңілім қалды достан да, дұшпаннан да,
Алдамаған кім қалды тірі жанда.
Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім,
Жалғыз жарым болмаса анда-санда». Өлеңнің толық нұсқасында ақын болыс болған тұсында өзінің дос деп жүрген адамдарының жау болып шыққандығын улы тіл, ащы сиясы арқылы жеткізген.Жоғарыда Абай суреттеген жеке басының қамы үшін, жалпаңдап, жағымпазданатын доссымақтар қатары бүгінде баршылық. Әрине, көпке топырақ шашқаным емес. Осы орайда Жуалыдан қалықтап ұшқан қыран Шерағамыздың: «Қызмет деген Төлегенннің көкжорғасы, Ертең бір Бекежан шығып, мінеді де кете барады»,-деген сөзі ойға еріксіз оралады.Сол доссымақтар осы сөзді терең ұғынса деймін, шіркін...
Жеке басыма Абай Құнанбайұлының ел мінезін сынауда әуелі қоғам паразиттерін мінеуден бастаған өлеңдерімен қатар, маңындағы інілеріне, ақындарға арнап жазған шығармалары ерекше ұнайды. Солардың бірі- «Өлең сөздің патшасы» атты өлеңі. Мұнда ақын сөз патшасы ақынды ұлылық пен құрметке бөлейтіндігін асыл сөз арқылы жеткізген. Оған:
«...Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,
Сонда да солардың бар таңдамасы.
Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын
Қазақтың келістірер қай баласы»,-деген жолдары дәлел бола алады.
Тағы айта кететінім, Абай өз тұсындағы ақындар өз қасиетін түсіргенін, сөз басы болудан қалып, жалынышты, сатымсақ шашпау көтерер сөзге құл болғандығын айтады.
«...Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,
Мақалдап айтады екен,сөз қосарлап.
Ақындары ақылсыз надан келіп
Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап», -деген жолдарын қоғамдағы жол-жөнекей қосылған ағашауыз ақынсымақтарға айтқым-ақ келеді. Бірақ, бұл заман ақылдылардың емес, тақымдылардың заманы. Әттең, тақымымның бостығы-ай...
Абай өлеңдерінен жаңа ғасыр келді деп келешектің мақсатын көрсететін сарын сезіледі. «Мақсатым-тіл ұстартып, өнер шашпақ» деп, демек өлеңдерім тәрбие мәдениет үгітшісі болсын деген сөз өрбітеді. «Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ» деп ойлы жастар осыдан үлгі алсын дейді. Расында, Абай атамыздың қай өлеңін алып қарасақ та, тәрбие мен адамдық қасиеттерге баулитыны хақ.
«Мен адам тілінде және періште тілінде сөйлескенде, менің жүрегімде махаббат сезімі болмаса, онда менің сөзім мыс табақтың немесе жай кимвалдың даңғыры болып шығар еді»-деп үйреткен жоқ па еді қасиетті апостол Павел. Ғибраттық данышпанның сөзі де естілген сөзбен үйлесіп жатқандай. Осы қалпымен келіп, Абай Құнанбайұлы Әбдірахманға, яғни ұлына арнап өлең жазады емес пе? Бір жағынан тілек, бір жағынан шер толқытып жырлаған шығармасы әр жүректі тебірентері сөзсіз. Олай дейтінім, мұнда әкенің балаға деген мейірімі мен эстетикалық сезім бар. Дүниемен сырласу, мүлгу ретінде табысып барып, енді шығармалары өлңм күйіне ауысады. Мұның дәлелі: «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма» атты өлеңі. Бұдан, қу заманнан қажыған, жаны мәңгілік тыныштықты қалайтын ақын бейнесін көреміз.
Әлемдік деңгейде мұралары
зертттеліп, құрметтеуге Абай Құнанбайұлы өте лайық. Хакім бір ғана
ақындықпен, ойшылдықпен шектелмей, еліміздің музыка өнерін дамытқан
композитор. Абайдың қай әнін тыңдасаңыз да, терең сыр мен сезімге
толы. «Сегізаяғы» шырқалса, көңіліңді баяу толқын тербей
бастағандай болады. Әртүрлі ой әр қиырға ала қашқандай күйге
түсесіз. Өстіп отырып, еріксіз әуенге ілесіп, әннің сөзін жаттап
алғаныңызды да байқамай қаласыз. Бүгінгі таңда жеңіл, мағынасыз
әндер көбейді. Олардың көбісі екі күннен соң ұмытылып жатыр. Оның
туындылары бір жарым ғасырдан астам уақыттан бері жаңа шыққандай
жалғасып, ұрпақтан ұрпаққа алмасып
келеді.
Алты алаштың алыбы,
қазақтың маңдайына біткен дара тұлға, әдебиет әлемінде ерекше орны
бар ақынның шығармалары арқылы тұтастай бір ұлтты тәрбиелеуге
болады. Осыны ескерген Президент өз мақаласында Абай шығармалар
оқып, өскелең ұрпақты тіл білуге, ұлтжанды болуға, қоғамдық
тәртіпті сақтауға, ұлттың өресін өсіруге болатынын
айтты.
Сөзімді қорытындылар болсам, «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын» демеп пе еді ұлы Абай? Олай болса, жастарды еңбекқорлыққа тәрбиелеуде Абай мұрасын басшылыққа алған дұрыс. Әр мұғалімнің, әр тәрбиешінің қолында Абай өлеңдер жинағы жүрсе, тіптен жақсы. Олар сол ісімен шәкірттеріне үлгі болады. Мұхтарша айтсақ: «Абайды білмек керек ойлы жасқа».
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Абай. Энциклопедия. — Алматы: «Атамұра», 1995.
2. Қазақ әдебиет экциклопедиялық анықтамалық «Аруна» баспасы Алматы, 2007
3. «Шапағат нұр» журналы 2006
4. 2. Абай Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Өлеңдер мен аудармалар, поэмалар, қара сөздер. – Алматы: «Жазушы», 1995.
5 Тәжібаев Т. Абайдың философиялық, психологиялық, педагогикалық көзқарастары. — Алматы, 1957.
шағым қалдыра аласыз



Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген