Абай Құнанбайұлы
шығармаларындағы оқу-білім тақырыбы
Абайдың әдеби мұрасы - ешқашан
ескірмейтін, құнын жоймайтын асыл қазына. Ақын танымында
сәулеленген заман болмысы адам келбеті, ақынның адам мен заман
хақында түйген ойлары, ұсынған қағидалары белгілі бір дәуір
сипатын, сол дәуірдің адамдарының құлкын танып, бағалау негізінде
туған. Ал ақынның осы нақты өлшемді болмыс шегінде айтып отырған
ойы, насихаттары, қағидалары тұжырымдары, нақты заман үшін, барша
адам үшін маңызды ғибратты жалпы адамзаттың рухани құндылықтар
қатарына жатады.
Оқу-білім, өнер тақырыбы қай
ғасырда болсын өзектілігін жоймайтын мәңгілік дүниелер екені
белгілі. Дегенмен, Абай өмір сүрген кезеңде оқу- білім, өнер
тақырыбын қозғау аса маңызды еді. Қоғамдық сананы ояту Хакім
Абайдың ең биік мақсатының бірі болғандықтан, ол көптеген
шығармаларында ғылымның мәнін ашып көрсетеді. Ұлы Абайдың ұланғайыр
бай мұрасының iшiнде педагогикалық бағыттағы “Жасымда ғылым бар деп
ескермедiм” , “Интернатта оқып жүр”, “Ғылым таппай мақтанба”,
«Әсемпаз болма әрнеге», «Өкінішті көп өмір кеткен өтіп», «Біреуден,
біреу артылса», «Білімдіден шыққан сөз» шығармалары жастарды оқуға
өнерге, ғылымға шақырып өмiрде босқа өткiзбей еңбек етiп, бiлiм алу
керектiгiн насихаттайды.
Жасымда ғылым бар деп
ескермедiм,
Пайдасын көре тұра
тексермедiм.
Ержеткен соң түспедi
уысыма,
Қолымды мезгiлiнен кеш
сермедiм» - деп ақын Абай жастарға өнеге ғибрат болсын деп өз
өмiрiндегi өкiнiшiн жасырмайды, жастық шағында бiлiм алып үлгерiп
қал, кейiн өкiнiп жүрме деп ескертедi.
«Ғылымсыз дүние жоқтығын»,
ғылымның «дүние де өзі, мал да өзі» екендігін баса айта отырып,
оған жетудің жолдарын да ұсынады. Ғылымға жетудің бір жолы - талап,
еңбек екендігін
«Еждиһатсыз,
михнатсыз,
Табылмас ғылым сарасы»
немесе,
«Пайда ойлама, ар ойла, Талап
қыл артық білуге» - деп баса айта отырып, мақсатқа бағыттылған
еңбектің ғана жеміс беретінін айқындап береді. Ғылымға жетудегі
мақсат - алған білімді өзіңе ғана жарату емес, сол үйренгеніңді
басқаға да үйрету, яғни Абай сөзімен
айтқанда:
«Біреу білмей, сен
білсең,
Білгеніңнің бәрі - тұл»,
немесе
«Өзің үшін еңбек кылсаң, өзі
үшін оттаған хайуанның бірі боласың...»,
«Әкесінің баласы -адамның
дұшпаны, адамның баласы- бауырың» - деп өнер, білімді үйренудің
коғамдык мәнін ашып, оны келешек ұрпақ мүддесі тұрғысынан
түсіндіреді. «Ғылымды ақикат мақсатпен білмек үшін үйренбек
керектігін» баса айтады. Ал, «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде
адамгершілік касиеттерді:
«Өсек, өтірік,
мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ
-
Бес дұшпаның,
білсеңіз.
Талап, еңбек, терең
ой,
Қанағат, рақым ойлап кой
-
Бес асыл іс, көнсеңіз»- деп
екі жікке бөле отырып, саралап көрсетеді. Бұлар адамшылықтың екі
жағы, адам касиеттерінің екі қыры іспетті. «Адамшылықтың алды -
махаббат, ғаділет, сезім. Бұл ғаділет, махаббат, сезім кімде
көбірек болса, ол кісі - ғалым» - деп, ақын ғылым жолында да
адамшылық қасиеттің жетекші екендігін айқындап көрсетеді. Адам
жаратылысынан бойында жақсылық пен жамандық қасиеттері болады. Ал,
адамның өзін сынға алуы, бойын билеуі - жақсылыққа жетудің де
кепілі. Сондықтан да Абай:
«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей
ұста,
Сонда толык боласың елден
бөлек»- дейді. Ақын үшін ар, иман, әділет
маңызды. Абай оқу-білім, өнер
үйрену өмір атты құрылыста «кетігін тауып
каланудың» бірден-бір жолы деп
біледі.
«Түбінде баянды еңбек егін
салған,
Жасынан оқу оқып, білім
алған
Би болған, болыс болған өнер
емес,
Еңбектің бұдан өзге бәрі
жалған», - деп, жастарға өнегелі жол
сілтейді.
Хакім Абай өнер түрлерінің
ішінде сөз өнерін ерекше қастерлейді. Ол өзінің шығармаларында
ғылым мен білімді адамшылықтың негізі ретінде таныта отырып, кемел
адам болу идеясын ұсынады. Абай өзіне дейінгі шығыс ғылымында
белгілі болған адам болудын философиялык негіздерін түсіндіреді.
«Мұны жазған білген құл - Ғұламаһи Дауани» деп шығыс ғұламасына
сілтеме жасайды. Мысалы: «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде ғылымның
қоғам мен адам өміріндегі мәнін “дүние де өзі, мал да өзі” дей
отырып, оған жетудің жолдарын ұсынады. Ғылым жолында мақсатқа
бағыттылған еңбектің ғана жеміс беретінін анықтай түседі. Ғылымға
жетудегі мақсат - алған білімді өзіңе ғана сіңіру емес, сол
үйренгенінді басқаға да үйрету, яғни Абай сөзімен
айтқанда:
“Біреу білмей, сен білсең,
Білгеніңнің бәрі - тұл”,- деп өнер, білімді үйренудің
қажеттілігіннің мәнін ашып, оны келешек ұрпақ мүддесі тұрғысынан
түсіндіреді.
Данышпан Абай жастарды оқуға
шақырғанда қай жолды таңдап, қай соқпақпен жүру қажеттігін, қай
елмен жақын араласып, қай елдің оқуын үлгі тұтсақ ұтатындығымызды,
тәп-тәуір табысқа кенелетіндігімізді нұсқаған, тіпті, талап еткен.
Қателікке ұрынып қалудан, оғаш-оспадар қылықтардан
сақтандырған.
Ұлы Абайдың өлеңдерінде
білдірген ой-толғаныстарының құнар-нәрі қазіргі тәуелсіз жаңа
заманымызда өрісі кеңіп, өлшеусіз өсе түспесе, мысқалдай да кеміген
жоқ. Өзіміз куәсі болып отырғандай, бүгінде ұл-қыздарымыз Европа
шарлап, мұхит асып — Америка, Австралия, Жапония, Үнді, Араб
мемлекеттерінде оқып жатыр. Ендігі жерде сол үміт еткен
өскіндеріміз Абай атамыз айтқандай, барған елдерінің жақсысынан
үйреніп, жаманынан жиреніп қайтса дейміз.Өйткені, жан дүниенің,
ақыл-естің мертігуінен, кемістігінен асқан зардапты, апатты қасірет
болмайды! Сондықтан, оқу қуған жастарымыздың кемеңгер Абай
аманаттаған қадір-қасиет, адамшылық үдесінен шыққаны абзал
дейміз.
Алматы қаласы №178
лицей
қазақ тілі мен әдебиеті пәні
мұғалімі
Рапилова Эльмира
Жанатовна