жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
Абай шығармаларының қыр сыры
Абай шығармаларының қыр-сыры
Тұрсынбек Берік Жүнісбекұлы
Berik 0910 @mail.ru
Сайрам колледжі, Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы
Астана, Қазақстан
Аннотация: Бұл мақалада Қазақтың бас ақыны Абай шығармаларының қыр-сыры туралы сөз етіледі.
Кілттік сөздер: дүниетаным, тезис, мораль, ғылым, концепция
Аннотация: В данной статье рассматриваются сложности творчество великого казахского поэта Абая
Ключевые слова: мировоззрение, тезис, мораль, наука, концепция
Abstract: This article discusses the compleхities of the works of the great Kazakh poet Abai
Keywords: worldview, thesis, morality, scine, concept
Абайдың әдеби мұрасын өз деңгейінде тереңірек, анық ұғынуымыз үшін, алдымен Абай өмір сүрген, ұлы ақынды қоғам қайраткері етіп қалыптастырған отбасы тәрбиесі сол заманның әлеуметтік болмысын, қоғамдық ортасын жете танып- білудің мәні айрықша болмақ. Абай адамгершілікті моральдық философияда жоғары қояды.
Абай ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен. Абай Шығыс пен Батыс мәдениетін жетік білген. Бірқатар әлем ойшылдарының еңбегімен таныс болған. Философиялық трактат стилінде жазылған «Қара сөздері» - тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен, саяси - әлеуметтік салмақтығымен құнды. Абай бір жағынан шығыс классиктері Низами, Сағди, Қожа, Хафиз, Науаи, Физули, Жәми тағы басқаларды оқыса, екінші жағынан А.С.Пушкин, А.И.Герцен, М.Е. Салтыков – Щедрин, Н.А.Некрасов, Л.Н.Толстой, И.А. Крылов, Ф.М.Достаевский, И.С.Тургенев, Н.Г.Шернышевский мұраларын оқып, терең таныс болған, Батыс әдебиетінен Гете, Джордж Байрон сияқты ақындарды оқып, Дрепер, Спиноза, Спенсер, Льюис, Дарвин сынды ғалымдардың еңбегін зерттейді. Абай өлеңдері түгел дерлік лирикадан құралады, поэма жанрына көп бой ұрмағаны байқалады. Қысқа өлеңдерінде табиғат бейнесін, адам портретін жасауға, ішкі-сыртқы қылық қасиеттерін, мінез-бітімдерін айқын суреттермен көрсетуге өте шебер. Қай өлеңінен де қазақ жерінің, қазақтың ұлттық сипатының ерекшеліктері көрініп тұрады. Ислам діні тараған Шығыс елдерінің әдебиетімен жақсы танысу арқылы өзінің шеберлігін одан әрі шыңдайды. Шығыстың екі хикаясын «Масғұт» және «Ескендір» деген атпен өлеңге айналдырады. Ислам дініне өзінше сенген діни таным жайындағы философиялық көзқарастарын да өлеңмен жеткізеді. Абайдың дүниетанудағы көзқарасы ХIХ ғасырдың екінші жартысында Қазақ халқының экономикасы ой-пікірінің алға ұмтылу бағытта даму ықпалымен қалыптасты.
Кез келген халықтың тарих сахнасына шығуы – жүйеге бейімделген біртектес өмір салтының ғана нәтижесі емес, сонымен бірге қасиеттік деп саналатын – арман-аңсардың да тұтастығына айғақ. Олай болса Абай сынының тәлкегіне түскен еріншектік, дарақылық, жалқаулық, күншілдік, өтірікшілік, өсекшілдік, мақтаншақтық, жағымпаздық сияқты қазақ баласының кейбірінің бойындағы туа біткен кемшілік емес, сол замандағы саяси-әлеуметтік қатынастардың нәтижесі екеніне ден қою қажет. Сонда, Абай бұрынғы бабаларымыздың бойынан көрген кемшіліктерді себеп ретінде емес, сол замандағы саяси-әлеуметтік қатынастардың салдары ретінде қалыптастыруға жол ашқан. Абайдың көркемдік, әлеуметтік гуманистік және дінге көзқарастары терең білінген еңбегі – қара сөздері. Абайдың қара сөздері (Ғақлия) – ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядаға даналық дүнетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасы. Жалпы саны қырық бес бөлек шығармадан тұратын Абайдың қара сөздері тақырыбы жағынан да бір бағытта жазылмаған, әр алуан. Оның алты-жеті үлгісі қысқа болса, қайсыбіреуін мазмұн, тақырып жағынан өзгешелеу, ауқымды болып келеді. Ақын өзінің қара сөздерінде шығарманың ажарына ғана назар аударып қоймай, оның тереңдігіне, логикалық мәніне зер салған. Сөйтіп көркемдік шеберлік пен ғылыми зерделік арқылы көркемдік сана мен философиялық сананы ұштастырады. Абайдың қара сөздеріндегі гуманистік, ағартушылық, әлеуметтік ойлары дін туралы пікірлерімен бірігіп, тұтас қазақ халқының философиялық концепциясын құрайды. Абайдың қара сөздері сондай – ақ жалпы адамзат баласына ортақ асыл сөзге айналды.
Абайдың «Жетінші сөзінде» ұшырасатын «жанның тамағы» деген күрделі философиялық ұғым бар. Оны Абай біздің санамыздан тыс өмір сүретін объективті дүниенің санада сәулеленуі нәтижесінде пайда болатын ғылым-білімнің жинақталған қоры ретінде қарайды. Осы себептен де Абай: ...құмарланып, жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді, - деп қайыра түсінік беріп отыр... Абайдай ұстаз ақынның бұл «Жетінші сөзде» көздеген мақсаты адамның бойында туа пайда болатын жан құмары арқылы өз ұрпағының санасына тек қана жанның пайдалы тамақтарын сіңдіру еді.[21]. Міне, Абайдың ағартушылық көзқарасының тамыр алған бір саласының қайнар көзі осы жақта жатыр.
Ұлы Абай шығармашылығын, абайтану мәселелерін жан-жақты сөз еткенде назар аударатын мәселелер бар, ол Абайдың ақын шәкірттері, Абайдың ортасы, ақындық мектебі тәрізді құбылыстар. Мұның бәрі Абайтану мәселесін тек тереңдете түсетіні сөзсіз. Бұл жайында Зәки Ахметовтің келесі бір пікірін келтіре кеткенді дұрыс деп санадық. «Абайды ұлы ізашар ақын деп қарағанда қазақ поэзиясының біртуар көрнекті қайраткерлерінен Шәкәрім Құдайбердіұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовты алдымен айтамыз. Әрине, бұл топқа бірталай ақындарды қосуға болады. Кең мағынасында Абай дәстүрлерін дамытқан деп, Сәкен мен Ілиясты да, ал жеке бір қырларынан келсе М.Әуезовті де, кейінгі атақты ақындардың қайсысын болса да қарауға мүмкін екені талассыз. Жаңа реалистік жазба әдебиеттің негізін салған, ұлттық сөз өнеріміздегі жаңа дәстүрді бастаушы болған осындай ақын тұлғасы жан-жақты болуы да тегін емес дейміз.
Абай саласының қиын да күрделі бір арнасы ол – сөз жоқ, Абай шығармаларындағы Шығыстық қайнар көздер. Абай мұрасының шығысқа қатысы жайлы баспасөзде алғаш жарияланған пікірлер Кәкітай Ысқақовтың «Уақыт газетіндегі» (1908, №388) мақала еді. Осы тұрғыда Абай шығармаларының Шығысқа қатысы жайлы түбегейлі қарастырып, ғылыми деңгейге көтерген Әр уақыт оралып соғып, жаңа таным, пікір ұсынып мәселені тереңнен зерделеп отырғаны белгілі. Абайдың Шығысына байланысты М.Әуезов пікірлері үздіксіз, жанды ізденіспен толығып, байып, дамып отырды.
Абай ұғымында оқыған, білген адам сөз ұғатын, көкірегінде сәулесі жанған жан. Алайда, Абай заманы мен біздің заманды салыстырар болсақ, әрине жер мен көктей. Әйтсе де, ұлы ақынның оқыған, білген адамы нағыз зиялы, білімдарлығы мен адами қасиеттері ерлік, елдік қасиеттерге толы. Данышпан Абай біліммен қатар ғылымның пайдасын ерте сезінген. Өзі сүйген еліне емірене жеткізгенде
Бір ғылымнан басқаның,
Кеселі көп асқанға, - [219]
Деп, «Мәз болады болысың» атты мақтанға салыну, босқа желігіп шабу, шенді шекпен жапқанға мәз болу секілді шынайы ғылымға жат мінездерін атап көрсетіп, болыстыққа таласу психологиясының терең әрі қитұрқы иірімдерін жасырмай, талдап көрсетеді.
Ақын «Жиырма бесінші сөзінде»: Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылымда бәрі орыста тұр. «Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең көкірек көзің ашылады».[59]. Рас, қазірде әлемдік өркениеттің білім мен ғылым экономика мен саясат, әдебиет пен мәдениет саласындағы қажетті мағлұматтарды алуда орыс тілді ақпараттарды көбірек оқимыз.
«Отыз екінші сөзінде» білім-ғылымды үйрену үшін, ең алдымен білу керектігіне тоқталады. Білу үшін іздену, білім мен ғылымға құмарлану, ынтық болу, білгенді берік ұстау, білейін деп алға ұмтылу нәтижесінде оған деген махаббат пайда болатынын сипаттайды.[78]. «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім – ғылымның –өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі. «Шала мейір шала байқалады» дейді Абай осы сөзінде. Ғылымды үйренгенде шынайы мақсатты алға қояды. Талас-тартысқа бола үйренуді қажет санамайды. Ғылым нақтылықты, анықтықты сүйетіндігін, ал өзімшілдік талас-тартысқа бастайтынын, қалайда жеңу жолын таңдайтынын ұлы ойшыл бүгінгі оқырмандарына да алдын – ала ескертіп тұрғандай. Хакім Абайдың өлеңдері мен қара сөздері жас ұрпақ үшін өмірлік бағдаршамдай. Қазақ даласы енді-енді ағартушылық идеясымен сусындай бастаған шақта, ақын әрі кемеңгер ойшыл білім мен ғылымға қозғау салды, зор серпін берді.
Ғалымдардың зерттеуі бойынша, Абай өз заманын, қазақ қоғамын, мәдениетін, экономикалық жағдайын тарихшы немесе өнертанушы болып айтпаған, ақын болып сөзден сурет салып, сөз кестесін, өлең өрнегін құрастырды. Данышпан Абай өз шығармаларында «Ісім өнсін десең ретін тап» - деп кәсіпкерлік туралы да айтқан. Кәсіпкерлік еңбекті насихаттау мақсатында көңіл бөлген. Абайдың арманы – қазақ халқын бай елдердің қатарында көріп, малды адал жолмен тауып баю, басқа біреуге тәуелсіз болу. Бүгінгі кезде егер еліміз, бәсекеге қабілетті елу елдің қатарынан орын алса, Абайдың арманы орындалғаны. Абай: «Адамды нағыз адам қылатыны – сезім, ой, рух, білім, өнер, адамгершілік, сана, әрекет, -дейді. Осылардың бәрі болса, адам өз-өзімен табыстырады, өзін өзгемен жарыстырады, қала берсе халық игілігіне сай келтіреді». Ойшыл ұлы Абай білім алу саласына да өз көзқарасын болашақ ұрпаққа үлгі болсын деп, білімнің екі түрі боладыдеген ұғымын берген. Білімнің біріншісі – материалдық түрі; екіншісі – рухани. Материалдық білімге табиғатты зерттейтін барлық ғылымдар, оның ішінде қоғамдық қатынастар жөніндегі көпшілігі жатады. Рухани білімге – табиғатты және олардың арасындағы қарым – қатынасты қамтиды. Материалдық білім – рухани білімнің бір бөлігі сондықтан рухани білім материалдық білімді қамтиды. Бұл Абайдың өзінің зерттеген ұғымдары.
«Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе», - деп Сұлтанмахмұт айтқандай, хакім Абайдың шығармашылық мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы. Абайдың ақындық әлемі мағыналық ауқымы өте кең. Абай поэзиясы – өз заманындағы қоғамдық өмірдің ең көкейкесті, ең күрделі және маңызды мәселелерін қозғаған, толғаған поэзия. Ол өмірінің соңына дейін қазақ халқының жарқын болашағы үшін күресті. Оның өлеңдерінде, қара сөздерінде сол замандағы қазақ халқының өмірінің көркем бейнеленген шындығы жатыр. Артына қалдырып кеткен аса құнды мұраларында Абай адам бойында кездесетін жаман мінез-құлықтарды сынады, адамдықты, ақыл мен білімді алға қойды және жастарға ақылға, еңбекке сүйеніп өмір сүруді, жамандық жасамауды, адамгершілікті сақтауды өсиет етті.
Абай шығармаларына арқау болған тақырыптың бірі – масылдықпен күрес. Ақын үнемі уайымсыз, салғырттыққа, ойын-күлкіге салынбай, сергек болуға үндейді. Оны ұдайы еңбек арқылы шыңдап отыруды құп көреді. Сонымен қатар орынды әрекеттің уайым-қайғыны жеңетінін дәлелдеп, масылдықпен күрестің психологиялық қырларына терең бойлайды. Мақтан мен масылдық психологиядан арылып, қайраттанып еңбек етуді, талаптанып білім іздеуді насихаттаған. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» - деген қазыналы ойлар бәрімізге жақсы таныс. Әр адам осы түйінді тұжырымдарды санасына берік тоқып, өзінің тынымсыз адал еңбегімен айналасына үлгі болуы керек.
Абайды өз заманындығы іскерліктің ұйытқысы, еңбекқорлықтың мотиваторы деуге болады. Ол бастамашылдықты, кәсіптегі адалдықты жоғары қояды. Оның ойынша, табыс табу үшін қолөнер үйрену керек. Себебі «мал жұтайды, өнер жұтамайды» (отыз үшінші қара сөз). Ақынның бұл ойлары бүгін де Қазақстан қоғамы үшін де өзекті деп санаймыз.
Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады. Абайдың ақындық қуатының терең тамырына үңілген зерттеушілеріміз оның қазақ фольклорынанан, Шығыс пен Батыс сөз өнерінен, орыс әдебиетінен және тарихи еңбектерден сарқылмас нәр алғанын айтады. Абайдың рухани өресіне баға берген дінтанушы философ ғалымдар оның кәміл мұсылман ұғымы тек қазаққа ғана емес, бүкіл мұсылман әлеміне қатысты айтылса керек. Міне, біздің ойшыл Абай, хакім Абай – әлемдік деңгейде осы діни көзқарасы арқылы да биіктей беретін тұлға. Оның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығы - қазақ халқына ғана емес жаhан жұртына да үлгі-өнеге. Абайдың адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, табиғат пен қоршаған орта, мемлекет пен билік, тіл мен қарым-қатынас туралы айтқан ой-тұжырымдары ғасырлар өтсе де маңызын жоғалтпайды. Өйткені ақынның мұрасы – бүкіл адамзат баласының рухани азығы. Қазақ елі барда Абай есімі асқақтай береді. Ең алдымен Абайды ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттауымыз керек. Ойшыл ақынның ағартушылық тұрғыдағы педагогикалық тұжырымдары негізінен жастарды халқына қызмет ететін нағыз азамат – «Толық адам» етіп тәрбиелеу мақсатынан туындаған. «Адамның білімі, өнері - адамшылықтың таразысы деп санаған Абай білімді барлық атақ, құрмет пен бедел, байлықтан жоғары қояды. Ақын адамның ең қымбат кезі жастық шақты оқуға, ғылымға жұмсау деп есептейді. Ойын-сауықты кейін қоя тұрып, алдымен ғылым жолында еңбек ет, ізден, білімдіден үлгі ал, солардай болуға тырыс дей келе:
«Дүние де өзі мал да өзі
Ғылымға көңіл берсеңіз...» - деген тұжырым ұсынады.
Адам болудың бір шарты – ұят деген ұғымды бойға сіңдіру. Ұят дегеніміз-адам бойындағы адамгершілікке жат, жаман қылықты істі өз мойнына алып өзіңді-өзің дұрыс, әділ, адал жолға салу. Ар, ұятпен қатар саналы қазақтың табиғатына сіңген бір ұғым – намыс. Абайдың адамгершілік туралы, адам деген атқа лайық сілтеген бағыттары, көрсеткен жолдары ақынды бізге жақындата түседі. Абай өткеннің ғана Абай емес, біздің қасымызда жүрген, қазақ халқының басына қиыншылық түскенде дем беруші, рух беруші пайғамбарымыз, рухани көсеміміз. Абай ХIХ ғасырдың ортасында дүниеге келіп, ХХ ғасырда бұл дүниеден кетіп қалған жоқ. Ол заттың адамы емес, рухтың адамы. Оның адамгершілік туралы этикалық ойлары, пікірлері өз халқының ұрпақтарына әрқашан қуат бермек. Поэзияда, музыкада, қоғамдық азаттық ой-пікір саласында өлмес-өшпес шығармалар қалдырған Абай қазақ халқының өткен замандағы өмірін зерттеуші біздің ұрпаққа таңғажайып тұлға болып көрінеді. Абай шығармаларының биік мұраты - махаббатпен сүю, адамды сүю, Алланы сүю. Кемеңгер ақынның жақұт жырлары мен ғибратқа толы туындылары жас ұрпақтың санасында мәңгі жаңғырады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
-
«М. Әуезов және Абайтану проблемалары» Мекемтас Мырзахметұлы
-
«Абайтану тарихы» Мекемтас Мырзахметұлы
-
«Абайдың толық адам ілімі» Мекемтас Мырзахметұлы
-
«Қара сөз» Көшпенділер баспасы, Алматы 2011 ж.
-
Абай (Ибраhим) Құнанбаев. Шығармаларының толық жинағы. 2-том
-
М.Әуезов «Абайды білмек парыз ойлы жасқа». Алматы, «Санат» – 1997 ж.
шағым қалдыра аласыз



Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген