Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
Абай шығармашылығының жас ұрпақты рухани құндылықтарға тәрбиелеудегі маңызы
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-экономикалық колледжі
Абайдың қара сөздерінің тәрбиелік мәні
Шалабаева Кульшара Абдуатовна,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы
Аннотация
В данной статье рассматриваются человеческие ценности в "Словах назидания" Абая. Гуманистические, просветительские, социальные размышления поэта, пропагандирующие единство и солидарность, добродетель и человечность, в сочетании с его мнениями о религии составляют философскую концепцию всего казахского народа.
Annotation
This article discusses human values in Abai's "Words of Edification". Humanistic, educational, social reflections of the poet, promoting unity and solidarity, virtue and humanity, combined with his views on religion constitute the philosophical concept of the entire Kazakh people.
Абай – ағартушы, аудармашы, философ, қазақтың ұлы ақыны. Ол өз ғұмырын тек өлең жазуға, орыс және басқа да тілдерден аудармалар жасауға ғана арнаған жоқ. Сонымен қатар публицистикалық шығармалар, яғни қара сөздерін жазып қалдырды. Өз заманындағы қоғамда, соның ішінде қазақ халқының өмірінде болып жатқан өзекті мәселелерді осы қара сөздері арқылы жеткізді.
Ақынның гуманистік, ағартушылық, әлеуметтік ой-толғаулары дін туралы пікірлерімен ұштасып, тұтас қазақ халқының философиялық тұжырымдамасын құрайды. Адамзат баласын, оның ішінде жастарды білім алуға, мәдениетке, өнерге ұмтылуға шақырады. Халықты бірлік пен ынтымаққа, ізгілік пен адамгершілікке, имандылыққа үндейді, болашақ ұрпақтың бойына тәлім-тәрбие мен рухани азық сіңіруге тырысады.
Абай өзінің қара сөздері арқылы оқырманмен сырласады, пікірлеседі, мәнді де мағыналы өзіндік ой-пікірін білдіреді. Бірінші қара сөзінде «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын»,- дейді. Ел бағу, мал бағу, ғылым бағу, софылық қылып дін бағу, балаларды бағу - бұлардың ешбірін кәсіп қылғысы келмейтінін айта келе, «ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ»,- деп ойын түйіндейді. «Атымды адам қойған соң, үндемей қалмайын, өмірден көрген-түйгенімді кейінгі жастарға айта отырайын, егер де шалыс басып жүрген жастар болса, келеңсіз іс-әрекеттерін түзетер, ой-елегінен өткізер»,- деп жазады.
«Алтыншы», «Сегізінші», «Он бірінші» сөздерінде жоғарғы ілім-білімге ұмтылуға бөгет жасайтын надандық, мақтаншақтық мінездерді сынға алады. «Бірлік, тірлік» деген ұғымдардың мәнін аша отырып, алтыншы қара сөзінде: «Бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес», - десе, тағы бір жерінде: «Ырыс алды – тірлік» деп жазады. Жанын қорғалап, жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек етуден, қызмет жасаудан қашып жүретін еріншек, ез адамдарды дүниеде әлгі айтылған ырысқа дұшпан болатынын түсіндіреді.
Оныншы қара сөзінде: «Біреулер құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады? Өлсем орнымды бассын дейді, артымнан құран оқысын дейді, қартайған күнімде асырасын дейді. Осыдан басқасы бар ма?»,- деп ой қозғайды және бұл бекер болмаса керек. Шын мәнінде, дүниеге ұрпақ әкелу тек сонымен шектелмейді. Әрбір ата-ана балаға дұрыс тәрбие беріп, оның бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру қажет. Абай атамыз айтқандай «толық адам» етіп қалыптастыру – үлкен жауапкершілік екенін түсінуіміз керек. Осы сөзінде ақын «...Құдай тағала саған еңбек қылып мал табарлық қуат берді. Ол қуатты орнын тауып сарып қыларды білерлік ғылым берді. Ол ғылымды оқыса, ұғарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі? Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды?»-деп, адамның ұнамсыз істерден аулақ болып, адам баласына Алланың берген сыйын қадірлей біліп, оны жамандыққа емес, жақсылыққа жұмсауға, еліне қызмет етуге, ғылымы мен өнерін, экономикасын көтеретін білімді үйренуге шақырады.
Отыз үшінші қара сөзінде «Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек,» – дей келе, талапты болудың бірнеше шарттарын түсіндіріп береді. «Әуелі білім-ғылым табылса, ондай-мұндай іске жаратар едім деп, дүниенің бір қызықты нәрсесіне керек болар еді деп іздемек керек»,- дей келе, жастарды білімге ұмтылуға шақырады және сол алған білімін махаббатпен, сүйіспеншілікпен іске асыра білу керектігін түсіндіреді.
Абайдың қара сөздерін сыншылдық, ойшылдық, көбіне адамгершілік мәселесіне арналған өсиет деуге болады. Өйткені, бүкіл адамзаттың болмысы, дүниеге адам болып келіп, адам болып өтуі, тірліктегі жаман-жақсы харекеттері, соқтықпалы-соқпақсыз өмірден адаспай, адам қалпында өтуі толық баяндалып айтылған. Бәрінің жалпы түйіні – адам болу, адами құндылықтарды сақтап қалу.
Ақынның адамгершілік мәселесін қозғайтын тағы бір шығармасы – отыз алтыншы қара сөзі. Онда ақын ұяттан, ардан безгендерді сынай отырып, ұят және оның түрлерін сөз етеді. Ұяттың бір түрі – адамның балалық дәуірінде болатын табиғи құбылыс та, екіншісі – жасықтық, ынжықтықпен байланысты. «Ұялмас нәрседен ұялу – ақымақтық, жамандық», - дей келіп, шын мәніндегі ұят қандай болу керектігін түсіндіріп береді. «Ұят деген – адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіп, қылған қылмысының аты. Ол уақытта тілге сөзге де түспейді, көңілге ой да түспейді. Көздің жасын, мұрынның суын сүртіп алуға да қолың тимейді, бір ит боласың. Көзің кісі бетіне қарамақ түгіл, еш нәрсені көрмейді. Мұндайлыққа жетіп ұялған адамға өкпесі бар адам кешпесе, яки оның үстіне тағы аямай өртендіріп, сөз айтқан кісінің өзінің де адамшылығы жоқ десе болар», - дейді.
Қорыта айтқанда, Ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлының адамгершілікке баулитын, бірлікке, тірлікке, ізгілікке шақыратын, тәлім-тәрбиеге негізделген қара сөздерінің мән-маңызы орасан зор, ұрпақ тәрбиесінде алар орны ерекше. Ақыл, жүрек, қайрат үшеуін бірге ұстап, Абай атамыздың нұсқауымен жүрсек келешегіміз жарқын, болашағымыз баянды болары сөзсіз!
Пайдаланған әдебиеттер:
-
Абай шығармаларының академиялық толық жинағы. Алматы: Жазушы,2020
-
Абай. Қара сөздері. - Алматы: Өнер, 2006
-
Абай энциклопедиясы. – Алматы: Атамұра, 1995
-
Мырзахметұлы М. «Абайтану» 1,2-том. Астана: 2014
-
Мырзахметов М. Абайдың адамгершілік мұраттары. – Алматы: Рауан