М.Қозыбаев атындағы Солтүстік
Қазақстан университеті
Тіл және әдебиет
институты
«Қазақ тілі және әдебиет
кафедрасы»
ЭССЕ
«Абайдың 31 қара
сөзі»
Естігенде бір нәрсені
ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі - көкірегі байлаулы берік
болмақ керек; екінші — сол нәрсені көргенде я естігенде ғибрәтләну
керек , көңілденіп , тұшынып ,ынтамен ұғу керек; үшінші — сол
нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып,ойланып , көңілге бекіту
керек;төртінші ой кеселдерінен қашық болу керек.Егер кез болып
қалса,салынбау керек.Ой кеселдері : уайымшы салғырттық,
ойыншы-күлкішілдік, я қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда
болу . Бұл төрт нәрсе - күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын
нәрселер.
Адам баласының есту арқылы
біліп–танудың қаншалықты қажеттігін әдемі түсіндіріп береді.
Абайдың бұл ғибратты ойлары білімді де ойлы, зерделі де саналы,
көкірек көзі ашық болатын жас ұрпақты тәрбиелеуде айрықша маңызды
екендігін біле түсеміз. Адам бойында, Абайша айтқанда, «Толық адам»
болып қалыптасу үшін естіген нәрсені ұмытпаудың төрт түрлі себебін
үнемі ойға түйіп жүруді еске салады.
Отыз үшінші қара сөзінде
Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек,» – дей
келе, талапты болудың бірнеше шарттарын түсіндіріп береді. «Әуелі
білім-ғылым табылса, ондай-мұндай іске жаратар едім деп, дүниенің
бір қызықты нәрсесіне керек болар еді деп іздемек керек” деген
сөзінің астарына үңілер болсақ, мұнда жастарды білімге ұмтылдыра
отырып, алған білімін махаббатпен, сүйіспеншілікпен іске асыра білу
керек дегенді айтады. Абайдың осы ғылым-білім үйренудегі алты шарты
қазіргі таңдағы жастарымыздың бойында болар қасиеттер болу керек
деген ойда боласың, себебі қазіргі жастарымыз шет ел асып, сол
елден алған білімін, ғылымын елімізде іске асырар болса, елдің
экономикасы да, мәдениеті де, ғылымы да дами түсер
еді.
Абай адам бойындағы ұнамсыз
мінездерді де көп сынға алады. «Мал тілейсіңдер, неге керек қылайын
деп тілейсіңдер? Әуелі құдайдан тілеймісің? Тілейсің. Құдай берді,
бергенін алмайсың. Құдай тағала саған еңбек қылып мал табарлық қуат
берді. Ол қуатты адал кәсіп қыларлық орынға жұмсаймысың.
Жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарып қыларды білерлік ғылым
берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса, ұғарлық ақыл берді, қайда
жібергеніңді кім біледі? ... Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе,
орнын тауып істесе, кім бай болмайды? – деп, адамның ұнамсыз
істерден аулақ болып, адам баласына Алланың берген сыйын қадірлей
біліп, оны жамандыққа емес, еліне ғылымы мен өнерін, экономикасын
көтеретін ғылым мен білімді үйренуге шақырады. Сонда ғана Абайдың
айтқан мал тапқың келсе, өз кәсібіңді көтеретін жолды ізде дегені,
оны ұрлықпен емес, таза жолмен табуды үйретеді. «Тегінде адам
баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен
озбақ, одан басқа нәрсемен оздым дегенінің бәрі ақымақтық», − деп
ғылым, білім жайын сөз ете отырып, ең алдымен орыс ғылымын насихат
етеді. Себебі күнкөрістің де, мақсатты тіршіліктің де, мал табудың
да жолын орыс өнерімен байланыстырады. «Орысша оқу керек, хикмет
те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр. Залалынан қашық
болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек ...
Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Орыстың ғылымы, өнері
– дүниенің кілті» дейді. Абайдың бұл өсиетін ақыл таразысына салар
болсақ, қазіргі жастарымызға экономикасы дамыған, ғылым мен
техникасы алда жүрген батыс пен шығыстың ғылымы мен білімін
үйреніп, оны іске асыр дегенді айтса керек. Абай орыстың ғылым,
білімінің залалынан сақтан, жақсысынан үйрен десе, қазіргі кезде
батыстың залалынан (батыстың залалды нәрселері өте көп қой)
сақтанып, өзімізге қажетті жақсы жақтарын алуды ойлану керектігін
айтуға болады. Міне, Абай қара сөздеріндегі еңбек, ғылым,
адамгершілік, әдептілік мәселелерді сөз еткені, оның адам баласын,
әсіресе, жастардың, ғылым мен білімді үйрене отырып, өз еліңді
көркейте біл дегені болса керек. Сондықтан да Абайдың қара
сөздерінен әлі де ғибратты ақыл-кеңестерді аларымыз мол, қара
сөздерін тұшынып оқып, Абай айтқан жолмен жүрер болсақ, қазақ
елінің жастары өнегелі, ақылды, алған білімдерін еліміздің
экономикасын көтеретін саналы жастар болары
сөзсіз.
ОТЫЗ СЕГІЗІНШІ ҚАРА СӨЗІНДЕ
НЕ ЖАЙЛЫ БАЯНДАЛҒАН
Абайдың адамгершілік
тәрбиесіне арналған қара сөздерінің бірі – «Отыз сегізінші» қара
сөзі. Абай осы қара сөзінде ғылым басқа есеп емес, адамның бас
қасиеті өсуі үшін, арлы, мінезді толық мағыналы адам болуы үшін
қызмет етсін дейді. Адамгершілік тәрбиенің негізі саналатын ынсап,
ұят, әділетті адамзат баласы Абайдың қара сөздерін оқып, пайымдау
арқылы санасына түйсе деп ойлаймын. Ойымның дәлелі ретінде «Отыз
сегізінші» қара сөзіндегі: «Бәлки ғәдаләт барша ізгіліктің анасы
дүр. Ынсап, ұят – бұл ғәдаләттен шығады. Ол һәмма жақсылықтың басы
емес пе?» деген ойларын келтіремін. Абай осы қара сөзінде толық
адам қандай болу керектігін жазады.
«Көп сөйлеме, аз айт бірер
түйірін, Бір сөзбен шеш түмен сөздің түйінін» деп Ж.Баласағұн
айтпақшы, мен эссемде ойшыл Абайдың қара сөздеріндегі адамгершілік
тәрбиесінің тегін ағытып, түйінін түйдім деп ойлаймын.
М.Мырзахметов: «Ойшыл ақын Абай «Қара сөздерінде» нағыз кемел адам
болудың жолдарын көрсетіп, оған қол жеткізудің жолдарын танытады.
Кемел адам шам сияқты, өзі жанып түгесілсе де, басқаларға жарық
шашып кетеді. Абайдың өзі – кемел адамның нақ үлгісі» деген екен.
Абайдың қара сөздеріндегі адамгершілік тәрбиесіне қатысты ойлары
бүгінгі таңда маңызды деп ойлаймын.
Абайдың қара сөздеріндегі
гуманистік, ағартушылық, әлеуметтік ойлары дін туралы пікірлерімен
бірігіп, тұтас бір қазақ халқының философиялық концепциясын
құрайды. Абайдың кара сөздері сондай-ақ жалпы адамзат баласына
ортақ асыл сөзге айналды.
Абайдың жолы, ол тәрбилеген
ұрпақ, қалыптастырған орта - қазақ қоғамындағы ерекше бір алабөтен
институт. Басқасын айтпағанда, Шәкәрім мен Мұхтар - сол институттың
түлегі. Алашорда үкіметін құрып, сол елдік жолында, азаттық жолында
өлімге басын тіккен ұрпаққа Абайдың ықпалы зор болғанына күмән жоқ,
дәлелі - Абай өлеңдерінің алғашқы жинағын Петерборда шығаруға
Әлихан Бөкейханның ат салысқаны және насихаттағаны айта кетер жайт,
Әлиханның Тұзқаладағы тұтқындалу хаттамасында оның дүние-мүлкінің
ішінде Абайдың сол аталмыш жинағы көрсетілген. Тағы да бір дәлелін
Ахмет Байтұрсынның «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласынан
байқаймыз. Семейдің «Алашорданың» астанасы болуында да сол Абай
атамыздың әсері болды десек артық айтқандығымыз
емес.
Елге жаны ашып, берісі
«қазаққа күзетші болу» мақсатында, әрісі «адамзаттың бәрін бауырым»
деп сүю үшін, әуелі шынайы иман керек екен. Кәміл иманға жету жолын
пендеге жеткізу - «38 қара сөз» - «Ғақлиат-тасдиқаттың» мұраты
еді.
Хакім Абайдың үш білім
бастауларының біреуі әрі бірегейі Құран мен хадистер және шығыс
араб - парсы мұсылман әдебиеттері екені
белгілі.
«Ғақлиат-тасдиқат» о баста
«Қара сөздерден» бөлек болған, ол тіпті кезінде Абай ауылында
ұзатылған қыздардың дүние-мүлкіне қосылып беріліп те отырған.
Қазіргі біз білетін «Қара сөздердің» рет сандары бастапқыда басқаша
болғандығы, Кеңес үкіметі тұсында «Ғақлиат-тасдиқат» діни трактат
болғандықтан цензурадан өткізу мақсатында «Қара сөздердің» құрамына
енгізілгені белгілі.