Абайтанудың негізгі қайнар көздері

Тақырып бойынша 11 материал табылды

Абайтанудың негізгі қайнар көздері

Материал туралы қысқаша түсінік
Бұл мақалада Абайтану ғылымының қалыптасуы мен дамуындағы негізгі қайнар көздері қарастырылады. Абайдың өмірі мен шығармашылығын зерттеудегі деректердің маңыздылығына, олардың түрлеріне және әрқайсысының ерекшеліктеріне баса назар аударылады. Мақалада Абайдың қолжазбалары, хаттары, замандастарының естеліктері, ауыз әдебиеті үлгілері және архивтік құжаттар сияқты қайнар көздерге талдау жасалады. Сонымен қатар, Абайтанудың қалыптасуына ықпал еткен алғашқы зерттеушілер мен олардың еңбектеріне шолу жасалады. Бұл зерттеу Абай мұрасын тереңірек түсінуге және оның қазақ әдебиеті мен мәдениетіндегі орнын айқындауға бағытталған. Түйін сөздер: Абайтану, қайнар көздер, Абай, қолжазбалар, естеліктер, архивтік құжаттар, зерттеушілер.
Материалдың қысқаша нұсқасы

Абайтанудың негізгі қайнар көздері

Нұридін Сейітғани, Жасұзақ Жанарсыс, Жарқынбекұлы Қалижан

Ғылыми жетекшісі: Бабашов Азат

Акакдемик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті


Қазақ әдебиеттану ғылымындағы - әдебиет тарихының үлкен бір саласы – Абайтану. Абайтану ғылымына академик Зәки Ахметов былай деп баға береді: «Абайтану кемеңгер ақынның өмірі мен шығармашылық өнері, философиялық, қоғамдық, эстетикалық көзқарастары, қазақ поэзиясындағы өлең жүйесін, ақындық тілді дамытудағы үлесі, музыкалық мұрасы жайлы сан-салалы зерттеу еңбектерді қамтиды»[1, 18].

Абайдың өмірі мен шығармашылық өнерін зерттеудің алғашқы өнімді кезеңі деп А.Байтұрсынов, К.Ысқақұлы, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, І.Жансүгіров, Қ.Жұбанов, Ы.Мұстамбайұлы, Ғ.Тоғжанов секілді әдебиет пен мәдениет қайраткерлерінің зерттеу еңбектерін, мақалаларын атауға болады.

Мұхтар Әуезовтің еңбегінің арқасында Абайтану дербес ғылым ретінде қалыптасты. Ол «Абай жолы» эпопеясы арқылы ұлы ақынның бейнесін әлемге танытса, ғылыми салада да теңдессіз жұмыстар атқарды. Әуезовтің Абай туралы зерттеулері осы ғылымның іргетасы болып саналады. 1933 жылдан 1957 жылға дейін ол Абай шығармаларын жариялауға және олардың ғылыми басылымдарын дайындауға көп күш жұмсады. Бұл басылымдар 1909 жылғы ақын жинағы мен Мүрсейіттің қолжазбаларына негізделді. Әсіресе, 1957 жылы «Ғылым» баспасынан шыққан, Әуезовтің тікелей қатысуымен дайындалған Абай шығармаларының екі томдық толық жинағы Абайтану ғылымының үлкен жетістігі болды. Бұл ғылыми басылым болашақта да негізгі тірек болуы тиіс. Ұзақ жылдар бойы ізденіп, көптеген деректерді зерттеп, жүйеге келтірген Әуезов Абайдың ғылыми өмірбаянын жазып шықты.

Абайтану ғылымының қалыптасуы мен дамуында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сынды Алаш қайраткерлерінің еңбегі зор. Абай шығармашылығын зерттеуде олардың мақалалары мен зерттеулері негізгі қайнар көздердің бірі болып табылады. Бұл үш тұлғаның Абай мұрасын зерделеуге қосқан үлесі орасан зор, олардың еңбектері арқылы біз Абайдың ақындық әлеміне терең бойлап, шығармаларының мән-мағынасын толыққанды түсіне аламыз. Сондықтан да, абайтану мәселесін қозғағанда, алдымен осы үш алыптың еңбектерін еске алуымыз заңды. А.Байтұрсынов, 1913 жылы «Қазақ» газетінде басылған «Абай – қазақтың бас ақыны» атты мақаласында: «Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ», - деп Абайды аса жоғары бағалады» [2, 5].

Абай шығармашылығының қайнар көздеріне үңілсек, оның поэзиясы мен ой-толғамдары үш негізгі арнадан сусындағанын көреміз. Біріншіден, ол қазақ халқының ұлттық рухы мен дүниетанымын, арман-мұратын эпостық жырлардан үйреніп, абыздық даналықпен өлеңге түсірді. Екіншіден, Шығыс мәдениетінің рухани қазынасы Абайдың ой-өрісін кеңейтіп, дүниетанымын байытты. Ол араб, парсы тілдеріндегі классикалық әдебиетті, тарихнамаларды, философиялық трактаттарды терең меңгеріп, Әл-Фараби мұрасынан нәр алды. Үшіншіден, орыс және Батыс Еуропа мәдениеті Абайдың эстетикалық көзқарасын қалыптастыруға ықпал етті. Ол антикалық дәуір ойшылдарының еңбектерімен танысып, Батыс философиясы мен ғылымының жетістіктерін зерделеді. Осылайша, Абай Шығыс пен Батыс мәдениетін синтездеп, адам болмысы, өмірдің мәні туралы терең философиялық ойларға толы шығармалар жазды. Оның шығармаларындағы "толық адам" концепциясы ислам философиясымен тығыз байланысты екендігін байқауға болады.

Бұл туралы Әлихан Бөкейханұлының 1905 «Семипалатнский листок» газетінің №250-252 сандарында ғылыми негізде жарияланған «Абай (Ибрахим) Кунанбаев» мақаласында Абай шығармашылығының рухани көздерін былай көрсетеді:

1) Халық даналығы, алық ауыз әдебиеті

2) Батыстан елген Еуропалық ғылым білімі

3) рухани нәр алған тағы бір саласы – шығысқа қатысты, оның ішінде Абайдың Исламятқа қарым-қатынасы [2].

Абай Құнанбайұлының шығармашылығы мен тұлғасын зерттеуде Әлихан Бөкейханның еңбегінің орны ерекше. Ол Абайды халық ауыз әдебиетінің қайнарынан нәр алған, дала даналарының мұрасын бойына сіңірген біртуар тұлға ретінде сипаттайды. Бөкейханның Абай туралы мақаласында ақынның халықтың аңыз-әңгімелерінен, мақал-мәтелдерінен, ертегілерінен және даналық сөздерінен шабыт алғаны айтылады. Бұл Абайды терең түсіну үшін тек ауыз әдебиетіне ғана емес, сонымен қатар ұлттың этно-мәдениетіне де көңіл бөлу керектігін көрсетеді. Сондықтан да Әлихан Бөкейханның бұл мақаласы Абайды зерттеушілер мен оқырман қауым үшін Абай әлеміне жол ашатын шамшырақ іспетті.

Ал, М.Әуезов «Сонымен балалықтан асып, боз балалық, жігіттік шағына жеткен уақытта, қазақтың ескі сөз, ескі жол-жора, мәтел-тақпақ, ескі биліктерінде елдің маңдай алды кісілерімен қатар түсетін білім алған. Бұл уақыттарда қазақтың ескі ақылды, кемел билері, жорықшыл батырлары, хандары болсын-барлығының жайындағы әңгімелер Абайға таныс болған. Бір айтқанды ұғып алу, ұққанын ұмытпау, ел сөзіне соларды керекке жаратып, әңгіме арасында кірістіріп отыру, Абайға парыз сияқты болған», – деп жазады [3, 119].

Ғалым өз мақаласында рухани бастауларды тереңінен ашып, талдамаса да, Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығының рухани негіздерін тануға бағыт бере алды деп сенімді түрде айтуға болады. Абайтанушы ғалым М.Мырзахметов «Абайтану» ғылымын негізінен үшке бөледі: Мұхтар Әуезовке дейінгі жылдар (1889-1910) Мұхтар Әуезов кезеңі (1918-61) Мұхтар Әуезовтен кейінгі жылдар (1962-2014) [4].

Абай шығармаларының Қазақстанда алғаш рет оқытылып, зерттеле бастауы 20-шы ғасырдың 20-30 жылдарына сәйкес келеді. Бұл кезеңде В.И. Лениннің «Пролетарлық мәдениет туралы» мақаласында қабылданған қаулының әсері зор болды. Алайда, сол уақыттағы «пролеткультшылдар» тарапынан Абайдың шығармашылығына қатысты теріс пікірлер де айтылды. Олар Абайды феодалдық табының ақыны, буржуазияшыл ұлтшылдық әдебиеттің өкілі ретінде сипаттады. Дегенмен, М.Әуезовтің «Абай ақындығының айналасы» атты мақаласы, профессор Қ.Жұбановтың «Қазақ әдебиетінің классигі» және Есен Тұрсынның «Түркістанның ұлы ақыны – Абай Құнанбайұлы» сияқты ғылыми еңбектер Абайдың шығармашылығын терең зерттеуге жол ашты. Бұл мақалалар Абайдың ақындық мұрасын жан-жақты қарастыруды талап етті.

М.Әуезовтің ғылыми жұмыстары Абайтану саласында жаңа серпін туғызып, қазақ әдебиетінің классигі ретінде Абайдың орнын айқындауға ықпал етті.1930 жылдардан бастау алатын «Абайтану» ғылымының өсу, даму жолдарыда осы М.Әуезов есімімімен тығыз байланысты. Бүкіл ғұмырын Абай мұрасын зерттеуге арнаған М.Әуезов,дүниежүзіне белгілі «Абай жолы» роман-эпопеясын айтпағанда, Абайдың замандас шәкірт-ақыны Көкбайға, баласы Тұрағұл мен інісінің баласы Кәкітайға Абайдың өмірбаяны мен Абай туралы естеліктер жаздырып, өзі «Абай ақындығының айналасы», «Абай қазақтың ұлы ақыны», «Абай (Ибрагим) Құнанбаев» секілді ғылыми монографиялар жазып, Абайдың ғылыми өмірбаянын төрт рет, бірінші рет 1927-1933 жылдары, екінші рет 1940 жылы, үшінші рет 1944 жылы, 1950 жылы төртінші рет толықтырып басып, Абайдың шығармашылығы, жеке өмірі және ақынның айналасы мен оның заманы туралы өте мол ғылыми мағұлмат жазып қалдырған, ол 1940 жылы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетінде «Абайтанудың» арнайы курсын ашып, өмірінің соңына дейін өзі сонда лекция оқып, дәріс жүргізді. Сондықтан да, біз қазақ әдебиетіндегі «Абайтану ғылымының негізін қалаушы Мұхтар Омарханұлы Әуезов» дейміз.

Ақынның рухани, даналық мұрасы терең мағыналы философиялық идеяларға толы. Ол күллі Шығыста философияның негізгі мәні болып табылатын «жетілген адамды» өзекті және басты проблема етіп қарастырып, соған айрықша көңіл бөлді. Адамгершілік туралы ілімді дамыта отырып, адамды адамгершілік, кісілік тұрғысынан жетілдіру принциптерін, ұлттық эстетика мәселелерін алға тартты. Адамның шексіз танымдық мүмкіндіктері жөнінде, білім мен ғылымның әлеуметтік рөлі туралы, адамтану мәселелерін көтерді.

Абайдың дүниетанымын қалыптастыруда Отырардан шыққан ғұлама Әбу Наср әл-Фарабидің философиясы маңызды рөл атқарды. Ақынның философиялық ойлары шығыс ойшылдарының терең пікірлерін шеберлікпен игергендігін көрсетеді. Орыс философиясы да Абайдың эстетикалық көзқарасының қалыптасуына әсер етті. Батыс Еуропа мәдениеті, соның ішінде Сократ, Платон, Аристотельдің еңбектері, Абайдың дүниетанымының дамуына ықпал етті.

Абай адамды зерттеудің негізгі объектісі ретінде қарастырып, оның эстетикалық, этикалық талғамы, өмірінің мәні, сезімі мен түйсігі, ұлттық ойлау ерекшелігіне терең үңілді. Ол адам табиғатын этикалық тұрғыдан зерделеп, «толық адам» концепциясын алға тартты. Абайдың философиялық көзқарастары Ислам философиясымен тығыз байланысты, оның «жан сыры», «жан қуаты» секілді ұғымдары Абайдың терең философиялық ойларын айқындайды. Ол адамды тек физикалық болмыс ретінде емес, рухани, моральдық, әлеуметтік аспектілерде де қарастырады. Абайдың «толық адам» концепциясы – бұл адамгершілік, білім, мәдениет, рухани байлық, этикалық құндылықтар мен эстетикалық талғамның үйлесімділігі. Ол адамды жан-жақты дамыту, оның ішкі әлемін байыту, рухани және моральдық тұрғыдан жетілдіру қажеттілігін алға тартады.

Даналықтың өлшемі бола білген философ-ақынның рухани мұрасы шын мәнісінде, қазақ халқының зерделі ойы мен өмірі тұрғысындағы энциклопедия секілді. Абайды танып, белсенді игере отырып, сол кездегі қазақ қоғамының экономикалық, саяси, құқықтық, отбасылық, мәдени-тарихи, моральдық хал-жайынан айқын да толық мағлұматтар алуға болады.

Абай Шығыс мәдениетінен ақындық пен шешендік өнерін, мұсылмандық ғақлияларды танып, оны халыққа ұсына білді. Сонымен қатар Абай Батыс мәдениетінен ғылым негіздерін, көркем әдебиетті үйренуді уағыздады. Абай өлеңдерінің эстетикалық тәрбиелік мәні зор. «Табиғат лирикасы – Абайдың ұлы талантын, биік мәдениетін танытатын өлеңдер» [5, 6]. Абай шығармаларындағы табиғат лирикаларында табиғат пен адамның бейнесі, іс-қимылын ақын үйлестіре жырлап, әрі табиғат көркемдігіне оқушы мен тыңдаушыны қызықтырады, әрі сол кездергі адам бейнесін суреттеп көркемдікті, адамгершілікті сезіндіре, әсерлендіре тәрбиелейді.

Абай қазақтың салт-дәстүрін сөз қылғанда белгілі мақсат көздеген дәстүрдің озығын дәріптеп, дәурені өткен тозығын үнемі айыптап отырған. Мысалы, «Аса, тойға баратұғын» деген он ауыз өлең жолында қазақтың қыз айттыруы, ел шетіне жау шапты дегенде ел намысын қорғауға аттанған ердің қапыда жау қолынан қаза табу, оң жақта отырған қалыңдықтың зар еңіреп жесір қалуы, адал махабаттың иесін арудың сүйген жарының қазынасына шыдай алмай өлуі жырланады. Ақын осы арқылы жастарды елді, жерді сүюге тәрбиелеуді, шынайы махаббат жолында жанын пида еткен жастарды өзгеге үлгі-өнеге етуді мақсат тұтады.

Бұл Абайдың, біріншіден, ақындық шеберлігін білдірсе, екінші -халық дәстүрін дәріптеп, ел жақсысының жақсылығын кейінгі ұрпаққа өнеге-үлгі етіп ұсынуының айғағы.

Абайдың ақын боп қалыптасуына әдеби ортаның әсері дегенде ақынның өз әулетінің ықпалына екпін берілді. Бесіктен бастап бойға сіңірілген рухани тәрбие Абайдың болашақта үлкен дарын иесі болуына жол ашты, әженің ізгілікке толы әлдиі, анасының тауып айтқыштығы, әкеден келген суық ақыл мен асқан білімдарлық Абайды ақындыққа бастар жолдың алғашқы алғышарттары еді. Есейіп, ақылы толысқан шағына дейін Абай ауыл-аймағының ең танымал деген ақыны мен жырауынан, биі мен шешенінен сөз маржандарын сүзді, халықтың бай ауыз әдебиетін бойына сіңірді. Абайдың әдеби ортасын сөз еткенде ақынға ықпал еткен аға ұрпақ ақындардың орны дара тұр. Абайдың ақындық табиғатына шама-шарқынша нәр құйған Дулат, Шөже, Жанақ, Сабырбай, Байкөкше сынды ақындардың сөз өрнегі, үлгі-өнегесі оған мол азық болды. Қазақтың өлең әлемінде алдына қара салмаған Абай ұлттық құндылықтарды жасаушы аға буын өкілдерін, солардың мол мұрасын барынша пайдаланып, ақындық жолында мәнді баспалдақ ете білді. Бойына сіңірген рухани нәрлерді өз домнасында қорытып, қазақтың әдебиеті мен мәдениетіне, философиясы мен өнеріне тың, жаңа қалыпта құйылған кесек дүниелерді ұсынды.

Ұлы Абайдың қара сөздері қазақтың ұлттық педагогикасына асыл арна болып қосылған педагогикалық (тәлім-тәрбиелік) тұжырымдар. Данышпан ақын көсем сөз арқылы да өзінің дүниетанымдық, тәрбиелік ойларын оқушыларына қарапайым баяндап, әсіресе ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, іршіліктен іс-әрекеттік кемшіліктерді кесіп айтып, елді түзеп, ерді тәрбиелеуге терең ой жұмсаған. Бірінші сөзінде ойшыл адам отты ойларын қағаз бетіне түсірсе, ол да тәрбие десе, екінші сөзінде халықтың қасіретсіз өмір сүруі үшін басқа халықтардан үлгі алып, ұрпағын еңбекке тәрбиелеуін уағыздайды. Ал үшінші сөзінде қазақ халқының «бірінің – біріне қаскүнем болатынын, бірінің тілеуін бірі тілдеспейтінін, рас сөзі аз болатынын, қызметке таласқыш, өздерінің жалқау болатындарының себебі не? деп оның ұлттық кемшіліктерін атап көрсетеді, мұның бәрі тек малды ойлап, малға бейімделіп бара жатқан халықтың достықты ойлап, бірлікке бейімделіп, еңбекке дағдыланып, жағымпаздық пен жалқаулықтан аулақ болу керек екенін уағыздайды. Абайдың қара сөздеріндегі гуманистік, ағартушылық, әлеуметтік ойлары дін туралы пікірлерімен бірігіп, тұтас бір қазақ халқының философиялық концепциясын құрайды. Абайдың қара сөздері сондай-ақ жалпы адамзат баласына ортақ асыл сөзге айналды. Оның қара сөздерінің бірнешеуі ең алғаш 1918 ж. Семейде шыққан «Абай» журналында жарық көрді. Кейіннен, Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз, т.б. көптеген әлем тілдеріне аударылды.

Ұлы Абай шығармашылығын, абайтану мәселелерін жан-жақты сөз еткенде назар аударатын мәселелер бар, ол Абайдың ақын шәкірттері, Абайдың ортасы, ақындық мектебі тәрізді құбылыстар. Мұның бәрі абайтану мәселесін тек тереңдете түсетіні сөзсіз. Бұл жайында академик Зәки Ахметовтің келесі бір пікірін келтіре кеткенді дұрыс деп санадық.

Абайды ұлы ізашар ақын деп қарағанда, оның шығармашылық дәстүрлерін дамытып жалғастырған ізбасар ақындар деп қазақ поэзиясының бір туар аса көрнекті қайраткерлерінен Шәкәрім, Сұлтанмахмұт, Мағжан, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовты алдымен айтамыз. Әрине, бұл топқа басқа бірталай ақындарды қосуға болады. Тікелей шәкірті болған балалары Ақылбай, Мағауия, немесе Абайдың айналасында болған, жақын жүрген Әсет, Көкбай ақындар туралы бұрынды-соңды айтылмай жүрген жоқ. Бұл - өз алдына мәселе. Кең мағынасында Абай дәстүрлерін дамытқан деп, мысалы, Сәкен мен Ілиясты да, ал жеке бір қырларынан келсе М.Әуезовті де, кейінгі атақты ақындардың қайсысын болса да алып қарауға мүмкін екені талассыз. Біздің сөз етпегіміз - нақтылы мәселе, қазақ әдебиетіндегі Абай дәстүрлерінің ұлы ақыннан кейінгі дәуірде тікелей жалғастық табуы, одан әрі өрістеп, дамуы. Абайдың ақындық дәстүрлерін тікелей жалғастырған осы ірі тұлғалар туралы ғана айтсақ та, ұлы ақын өмір сүрген XIX ғасыр мен оның өнерпаздық өнегесін өркендетіп, дамытқан XX ғасырдың бас кезіндегі әдебиеттегі дәстүр мен жаңашылдық мәселелерін талдап баяндауға толық мүмкіндік туады.

Жаңа реалистік жазба әдебиеттің негізін салған, ұлттық сөз өнеріміздегі жаңа дәстүрді бастаушы болған ақын тұлғасы осындай жан-жақты болуы да тегін емес дейміз. Сонда оған ілесе шыққан аса көрнекті ақындардың – Шәкәрім, Сұлтанмахмұт, Мағжан, А. Байтұрсынов пен М.Дулатовтың қайсысы болсын алдындағы ізашар ақынның дәстүрлерін өз шығармашылық өнерінің өзгешелік сипатына сәйкес өзінше жалғастырғаны заңды құбылыс болып шығады. Сонда біз Шәкәрімді Абайдың оқу-білім, ғылымды, адал еңбекті, талаптылықты, адамгершілікті уағыздау өнегесін фәлсапашыл ойшылдығын өзінше өрістеткен ақын десек, Сұлтанмахмұтты әсіресе әлеуметтік өмірдің қайшылықтарын, өз заманының шындығын нақтылы түрде, үлкен сыншылдықпен ашып көрсетуі жағынан Абай дәстүрлерін дамытуда өзіндік тың, жаңа өріс тапқан дей аламыз. Ал Мағжанды айтсақ, ол теңдесі жоқ лирик ақын ретінде Абайдың өз көңіл күйін және жалпы адамның жан дүниесін, ішкі сезімін суреттеудегі дәстүрлерін өзінің сыршылдық шеберлігіне тірек етіп, өзінше жалғастырған деу орынды. Дана ақынның өз халқынан және жалпы адам баласының өнер-ой байлығынан алған үш үлкен салалы түп-төркіні барын байқаймыз. Мұның біріншісі – қазақ халқының есте жоқ ескі заманнан жиып, өсіріп келген өз даналығы, халықтың ауызша әдебиет қоры. Екінші бір қол артқан қазынасы – араб, парсы, түрік тіліндегі шығыстың көркем классик поэзиясы. Үшінші, үлкен өнер, мол азық алған зор саласы - орыс халқының мәдениеті және сол арқылы Еуропа мәдениеті. Осы соңғы өріске құлаш созған Абай өз заманы үшін әрі жаңа тарих, жаңа дәуірдің басы, әрі кең майдан келешек еді.

Бүгінгі таңда әдебиеттану және басқа да қоғамдық ғылымдар идеологиялық шектеулерден арылып, кеңінен дамуға мүмкіндік алды. Бұл Абайтанудың жаңа биіктерге көтерілуіне жол ашады. Абай шығармашылығының танымдық, көркемдік және тәрбиелік құндылықтарын жаңа қырынан ашатын зерттеулер ғана осы ғылымды дамыта алады. Абайдың еңбектері әлем тілдеріне аударылып, халықаралық мойындауға ие болды. Мысалы, Қытайда Абайдың шығармалары қазақ тіліндегі нұсқаларымен қатар, қытай тілінде де жарық көрді.

Абайтану ғылымы көптеген әдебиетшілер, тіл зерттеушілер, музыка мамандары және басқа ғылым салаларының өкілдерінің еңбектерімен толыға түсті. Абайтану ғылымына әдебиетшілер, тіл мамандары, музыканттар және басқа да сала өкілдерінің еңбектерімен байыды. С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Т.Тәжібаев, Қ.Мұхамедханов, М.Сильченко, Ы.Дүйсенбаев, З.Ахметов, Б.Ерзакович, М.Мырзахметов, Ғ.Есімов, Ж.Ысмағұлов сынды ғалымдардың еңбектері осы салаға қомақты үлес қосты.

Абай – ұлттық әдебиетіміздің негізін қалаушы, тарихымызда ерекше орын алатын тұлға. Оның есімі Шекспир, Пушкин, Гете сияқты әлемдік әдебиет классиктерімен қатар аталады. Ақынның мұрасы – тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы. Қазақстанда Абайдың есімі көптеген жерлерге берілген, ескерткіштер орнатылған, конференциялар ұйымдастырылады.

Абай – ұлттық мақтанышымыз, ұранымыз және идеологиямыз. Оның мұрасын танып, әлемге таныту – біздің міндетіміз. Абайды әлемге таныту – қазақты әлемге танытумен тең. Абайдың шығармашылығына әсер еткен дүниетанымдық кеңістік өте ауқымды. Ол өз дәуіріндегі ақпараттық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, әлемдік мәдениетті бойына сіңірген.


1 Ахметов З. Абайтану белестері. // Абайдың ақындық әлемі. А., Ана тілі, 1995-272 б

2 Бөкейхан.Ә. Таңдамалы. Алматы, «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы,1995 - 478 б

3 Әуезов.М. Абайды білмек парыз ойлы жасқа. Алматы, «Санат»,1997 -416 б

4 Рымғали Нұрғали. Жеті томдық шығармалар жинағы. Екінші том. Сөз өнерінің эстетикасы. «Фолиант» баспасы. Астана, 2005, 470 б.

5 Соболев Л. Абайдың рухани інісі / Кітапта: Мұхтар Әуезов әлемі. Ред. басқ. З.Ахметов, Т.Әкім, Л.М.Әуезова. – Алматы: Жазушы, 1997. – 352 б.



Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
doc
15.06.2025
147
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі