Мазмұны
Кіріспе ........................................................................................................................... 3
І – бөлім. А. Байтұрсынұлының қазақ тіліндегі алатын орны
1.1. Қазақ тілінің тұңғыш әліппесі мен оқулықтарының авторы .................... 7
1.2. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің негізін салушы ......................................... 17
1.3. Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ грамматикасының реформаторы ............ 25
ІІ – бөлім. Практикалық бөлім
2.1. Ахмет Байтұрсынұлы шығармашылығын сабақта пайдалану ............... 28
Қорытынды ............................................................................................................... 39
Пайдаланылған әдебиеттер ................................................................................... 40
Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі. Зерттеу жұмысында қазақ тіл білімінің негізін қалаған реформатор Ахмет Байтұрсынұлының іргелі ғылыми зерттеулері негізінде танылып, ғылыми айналымға түскен лингвистикалық ұғым атауларына қатысты мәселелер қарастырылды. Атап айтқанда, ғалымның авторлық терминдерінің қатары анықталып, соның негізінде бұл пән атауларының қазіргі қазақ тілінде пәрменді, пәрменсіз қолданылу өрісі ғылыми – теориялық тұрғыда сараланды.
Қазақ жерінде алғаш қолданылған жазулардың шығу төркіні жөнінде көптеген еңбектер жазылса да, әлі де болса зерттелмей жатқан түрлері бар.
Біздің зерттеу еңбегімізге арқау болып отырған ірі қоғам қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиет тану ғылымының негізін салған данышпан ғалым, дарынды ақын Ахмет Байтұрсынов – республикамызда 20 – 30 жылдары орын алған әділетсіздіктің, зорлық – зомбылықтың құрбаны болып, жазықсыз ұсталған аса ірі тұлғалардың бірі.
Жарты ғасырға жуық «жабық қорда» жатқан ғалымның еңбектерімен танысудың сәті енді түсті.
А. Байтұрсыновтың қайраткерлік, ақындық, ағартушылық, ғалымдық қызметі өз заманында – ақ аса жоғары бағаланған. Оған тек қазақ оқығандары ғана емес, орыс, түркі ғалымдарының берген бағалары, тарихи тұжырымдары дәлел. Ол оқу – ағарту жүйесін жаңа қырынан танытты.
Белгілі тілші ғалым Р. Сыздықова А. Байтұрсынұлының қазақ тілі мен педагогика салаларына қатысты мұралары ахметтану жүйесінде мықтап қолға алынатын, монографиялық көлемде бірнеше зерттеу объектісі боларлық тақырып екенін нұсқай келіп, бұл бағытта тек алғашқы пікірлер, жалпы тұжырымдар, ішінара жеке тараулардан әрі аса алмай жүргенімізді айтады. А. Байтұрсынұлының қазақ тілі мәселелері жайындағы ғылыми еңбектері және оның бүгінгі оқыту ісімізде ойланарлық, әжетке жарарлық тұшымды пікірлерінің молдығы, әдістемелік қағидаларының қазіргі кездің өзінде құндылығын жоймауы - оны арнайы зерттеудің қажеттігіне дәлел.
Зерттеу жұмысының мақсаты: Курстық жұмыстың негізгі нысаны – А. Байтұрсынұлының әліппе, оқулықтары және қазақ тілінде алатын орнына қатысты пікір - тұжырымдарды сараптай отырып, ғалымның әдістемелік пікірлерінің арналарын ашып көрсету, қазақ тілін оқыту әдістемесінің ірге тасы болып қаланған ғылыми қағидаларын анықтау, оларды ғалымның тәжірибеде қолданғанын дәлелдеу.
Зерттеу жұмысының міндеттері:
- А. Байтұрсынұлы өмір сүрген кездегі әдістеме ілімінің дамуы, тұстастарының әдіскерге (немесе, керісінше) әсерін аңғарту;
- әдіскердің әдістемелік ізденістерін тарихи – ғылыми тұрғыдан байыптау, әдістемелік еңбектеріне жан – жақты талдау жасау;
- А. Байтұрсынұлының қазақ тілі әдістемесінде қолданған дидактикалық принциптерді, әдіс – тәсілдерді, көрнекіліктерді айқындап көрсету;
- әдістердің ана тілінде сауат аштыру, оқулық құрастыру, әліппе жазуда негізге алған әдістемелік әдіс – тәсілдеріне талдау жасау;
- әдіскер ғалым ретінде оқу – ағарту саласында атқарған рөлін, қосқан үлесін нақты мысалдар арқылы дәлелдеу;
- әдістемелік еңбектерінің бүгінгі ісімізбен сабақтастығын, өміршеңдігін аңғарту.
Зерттеу жұмысының проблемасы. А. Байтұрсынұлының қолымызда бар әдістеме мәселелері жөніндегі еңбектерінің өзі ғалымды қазақ әдістемесі ілімінің негізін салушы, ірі әдіскер, нағыз педагог деуге толық құқ береді. А. Байтұрсынұлы қазақ тілін оқыту әдістемесінің ірге тасын қалаушы ретінде зор қызмет атқарғанымен, ол жөнінде әлі арнайы зерттеу жұмысы жүргізілген жоқ. Бұл жағдайда осы мәселені зерттеудің зәрулігін анық дәлелдейді. Осы мәселенің зерттелуінің қажеттілігі, оның ғылымдағы маңызы зерттеу объектіміздің проблемасын көрсетеді.
Зерттеу жұмысының болжамы. Әдіскер ғалым жазған оқулықтың сапасы қашанда жоғары болуы керек. Өйткені әліппе, оқулықтардағы мәліметтер оқытуға ыңғайлы, оқушыға түсінікті, мұғалімге қалай оқытуды аңғартқандай болу керек. Ендеше, оқулық дидактикалық принциптерге негізделіп жазылады. Ал бұл мақсат орындалу үшін оқулық авторы әдіскер ғалым болумен бірге, мол оқыту тәжірибесі бар, ол тәжірибеден қорытынды жасай алатын, оны оқулық жазуда қолдана алатын өте іскер болуы қажет.
Зерттеу нысаны: Қазақ тілі пәні.
Зерттеу пәні: А. Байтұрсынұлының қазақ тілін оқыту әдістемесіне қосқан үлесі, көзқарасы, әдістемелік еңбектері.
Зерттеу әдістері. Жұмыстың алға қойған мақсаттарын іске асыруда аналитикалық, индуктивті, дедуктивті, салыстыру әдістері пайдаланылады.
Зерттеу көздері: А. Байтұрсынұлының қазақ тілін оқытудағы әдістемелік еңбектері мен педагогикалық мұралары; А. Байтұрсынұлы туралы жазылған ғылыми – зерттеу еңбектері мен мерзімді басылым материалдары; Батыс Қазақстан облыстық ғылыми - әмбебап кітапханасы қорындағы А. Байтұрсынұлына қатысты әдебиеттер, ҚР «Білім туралы» заңы, тұжырымдамалар.
Жетекші идея: Мұғалімдерге А. Байтұрсынұлының әдіскерлік идеяларын пайдаланудың оқу әдістемелік кешенін ұсына отырып, А. Байтұрсынұлының әдістемелік мұраларын оқу – тәрбие үрдісінде пайдалану арқылы оқушыларды жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу.
Зерттеудің әдіснамалық – теориялық негіздері: Философиялық таныс жеке тұлға және іс - әрекет туралы философиялық, психологиялық, педагогикалық теориялар, тәрбие мен білім берудің педагогикалық және этнопедагогикалық негіздері туралы ғылыми – зерттеу еңбектері, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңы мен тұжырымдамалары, басқа да мемлекеттік маңызы бар құжаттар.
Зерттеудің ғылыми – педагогикалық әдістері: Жұмыстың алға қойған мақсаттарын іске асыруда аналитикалық, индуктивті, дедуктивті, салыстыру әдістері; оқушылар,мен, мұғалімдермен сұхбаттасу; сұрақ – жауап жұмыстары алынды.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Курстық жұмыс А. Байтұрсынұлының қазақ тілін оқыту әдістемесі бойынша ғылыми ізденістері мен еңбектеріне арналған тұңғыш зерттеу жұмысы. Зерттеу жұмысында А. Байтұрсынұлының қазақ халқының тарихында қазақ тілін оқыту әдістемесінің түрлі мәселелері туралы алғаш рет ғылыми еңбектер жазып, әдістемелік пікірлерін, тұжырымдарын әліппе, оқулықтар жазуда, тәжірибеде қолданған ғалым екені жан-жақты, нақтылы деректермен дәлелденген. Зерттеу жұмысында А. Байтұрсынұлының әдістемелік теориялық қағидаларының өз заманында ғана жаңалық болып қалмай, қазіргі кезде де құндылығын сақтағаны анықталады. А. Байтұрсынұлы қазақ тілін оқыту әдістемесінің ірге тасын қалаған тұңғыш әдіскер ғалым екені алғаш рет дәлелденді.
Зерттеу жұмысының практикаға пайдасы. Алдағы уақытта А. Байтұрсынұлы әдіскерлігі қазақ әдістемесі ілімі тарихында өзінің лайықты орнын алуға тиіс. Міне, осы орайда зерттеу жұмысын студенттерге арнайы курс оқуда, әдістеме тарихынан практикалық материал ретінде пайдалануға толық болады. Әдістеме тарихы бойынша оқулықтар құрастырғанда, жоғары оқу орындарында арнайы семинар оқыту барысында курстық жұмыстағы ой-пікірлерді басшылыққа алуға болады. Сонымен бірге бұл зерттеудің әдістеме іліміне ден қойған мамандарға, мектеп мұғалімдеріне тигізер көмегі де аз емес.
І – бөлім
А. Байтұрсынұлының қазақ тіліндегі алатын орны
1.1. Қазақ тілінің тұңғыш әліппесі мен оқулықтарының авторы
А. Байтұрсынұлына дейін қазақ тілін оқытуға арналған арнайы әдістемелік еңбектер болған жоқ, тек аздаған мақалалар ғана болды. Сол кездегі «Дала уәлаяты», «Айқап» секілді алғашқы газет – журнал беттерінде қазақ даласындағы оқу – ағарту, мектеп мәселелері көбірек әңгімеленді де, оларда оқытудың әдістемелік қырлары бірер сөздермен ғана айтылып кетіп отырады.
Қазақ әдістеме ғылымының тұңғыш қадам басқан сәбилік жылдарында халқымыздың аса көрнекті ағартушысы, жаңашыл педагогы Ы.Алтынсариннің атақты «Қазақ хрестоматиясының» (1879), «Мәктубаттың» (1889) жазылуының әдістемелік қыры мен сыры өз алдына бір төбе мәселе. Бұл орайда А.С.Сытдықовтың ғылыми зерттеулерімен бірге, С.Рахметова, Т.Әбдікәрімовалардың еңбектерінде де біраз деректер берілген.
Ы. Алтынсариннің «Қазақтарды орыс тіліне оқытудың бастапқы жетекшісі» (Начальное руководство кь обученію киргизовь русскому языку) еңбегі (1879) әдістемелік нұсқаудың да рөлін белгілі дәрежеде атқара алды.
Ы. Алтынсарин мен А. Байтұрсынұлы аралығында біршама әліппе, оқу құралдары болған, алайда олардың басым көпшілігі қазақ балаларын орысша оқытумен байланысты.
А. Байтұрсынұлына дейінгі, кейінгі әліппелерді, оқу құралдарын саралау, жазылу құрылымына, әдіс – тәсілдеріне үңілу де - әдістеме тарихының бір алуан қыры. Сол дүниелердің бір шоғыры мыналар: «Қазақша букварь» (М.Нұрбаев,Уфа,1910); «Әліфбе яки төте оқу» (И.Арабаев, Х.Сәрсекеев, Уфа, 1911); «Қазақша ең жаңа әліппе» (М.Малдыбаев, Қазан, 1912); «Қазақша ең жаңа әліппе» (Ж.Андамасов,Уфа, 1912); «Қазақша әліппе кітабы». Қазақ балаларына жәрдем (Ғ.Сырғалин, Қазан, 1913); «Үлкендер үшін әліппе» (Жиюшылар: Ш.Сарыбаев, Е. Қожантаев,Ташкент, 1921); «Европалықтар үшін 2 жылдық оқу құралы» (Қ.Кемеңгеров, Қызылорда,1929); т.б. Аталмыш еңбектердің қай – қайсы да әдістемелік жағынан олқы тұстары бола тұра, өз кезеңіне сәйкес шәкірттердің білім деңгейін көтеріп, белгілі дәрежеде ұлттық тәлім – тәрбие беруге ұмтылысымен құнды, олардың тәжірибесін А. Байтұрсынұлы ескерді деп санауға болады.
А. Байтұсынұлын ана тілін оқыту әдістемесін жаңа сипатта ұсынушы деп бағалаған профессор Р. Сыздықова «Оның ғылыми концепциясы - әр тілді өз табиғатынан шығарып сипаттау» - десе, біз де А. Байтұрсынұлы қазақ балаларына арнап тұңғыш әдістемелік нұсқаулар жазу үстінде де дәл осы концепцияны ұстанған демекпіз.
А. Байтұрсынұлы өз заманындағы батыс, шығыс, орыс әдіскерлерінің озық әдістемелік еңбектерімен таныс болған. Ал, А. Байтұрсынұлы әліппелерінің, оқулықтарының, әдістемелік еңбектерінің осы озық ғылыми үрдістен шыға білуі оның толық дәрежесінде әдіскерлігін аңғартады.
А. Байтұрсынұлы озық әдіскерлердің тәлімді дүниелерін өнеге тұта келіп, олардың жақсы, ұтымды тұстарын ескере отырып, халқымыздың ұлттық тілді оқыту әдістемесінің негізін қалаған. Ол тілдің төл табиғатына сәйкестендірілген дыбыстық оқыту жүйесін тәжірибеге кіргізіп, әліппе, оқулықтар жазып, араб әліпбиіне негізделген қазақ алфавитін жасап шығарды.
А. Байтұрсынұлының тұстастары, яғни, өзге қазақ ағартушылары да әдістемелік өз тұжырым – ойларын әркез білдіріп, азды – көпті қалам тербеп отырған. Олардың бір – біріне тигізген ықпал – септігін де жоққа шығара алмаймыз. Көбіне – көп өзгелері А. Байтұрсынұлың өздеріне ұстаз, көшбасшы аға санағандығын ағартушы - әдіскерге әр кезде берген бағалары дәлелдейді.
А. Байтұрсынұлының ағартушылық, әдіскерлік саласындағы тұстас – тұрғыластары, замандас – пікірлестері сапына Ғ. Қараш, Е. Омарұлы, Ж. Аймауытұлы, Ғ. Мұсағалиев, Н. Төреқұлов, Ә. Байділдин, М. Молдыбаев, Қ. Кемеңгерұлы, М. Жұмабайұлы, Т. Шонанұлы, М. Дулатұлыларды қосуға болар еді.
А. Байтұрсынұлының үлгісін Ж. Аймауытұлы, М. Жұмабайұлы, М. Дулатұлы, Т. Шонанұлы секілді ізбасарлары жалғастырып, осы саладағы ісін толықтырып, дамытып, өз үлестерін қоса білген. Ал бұл қазақ тілін оқыту әдістемесі ілімі тарихында атамай кетуге, аттап кетуге болмайтын ерекше тұс.
А. Байтұрсынұлының қазақша әліппесі 40 беттік көлемде «Оқу құралы» деген атпен тұңғыш рет 1912 жылы Орынбор қаласында М. Ш. Кәрімов, Ш. Құсайыновтар баспасында жарық көрді.
«Оқу құралы» - біздің алғашқы әліппеміз. Осы ретте ағартушы ғалымдарымыздың бірі Т. Шонанұлы: «Бұған дейін бізде өз әліппеміз болған емес, дүмше молдалар әліппе жасай алмай, балаларды әліп – би шартымен қағаз жүзінде оқытса, ал миссионерлер Васильев, Алекторов, Рожинский және басқалар қазақ әліппесін орыс транскрипциясымен берді», - деп жазды.
А. Байтұрсынұлының «Оқу құралы» 1912- 1925 жылдар аралығында 7 рет қайта басылып, оқу – ағарту жұмысында біршама ұзағырақ әрі кеңірек пайдаланылады. Негізінен ағартушы әліппелері Орынбор, Семей, Ташкент, Қызылорда қалаларында басылып шықты. Соның ішінде Орынборда – 9, Ташкентте – 1(2), Қызылордада – 5 (6) рет басылды.
Әдіскер 1913 жылы Орынбор қаласында басылған 52 беттік «Оқу құралын» қазақтан басқа түркі, ғараб, фарсы сөздеріне жазылатын әріптерді үйрету үшін һәм оқуға төселу үшін тәртіп еткен. Бұл еңбекті «Алифбаға» жалғас кітап деп көрсетеді. Яғни, әдіскер оқытудың, сауаттанудың бұл қырына да көз жүгіртіп, бойлап қараған. Сондай – ақ, бұл тұста қара танушылар сапында тек бүлдіршін жасындағылар ғана емес, ересектер де бар екені белгілі. Ал олардың сауат ашу жолы да ерекше болары сөзсіз. Ендеше, А. Байтұрсынұлы бұл процесті анық танып, ара жігін ажырата білген. 1921 жылғы Семейде (30 беттік), Орынборда (90 беттік) басылған «Оқу құралы» осы бағыттағы алғашқы ұмтылыстан туған қадам. Біріншісінің титул бетінде «Жаңа жолмен тәртіп етілген қазақша әліп – би. Бірінші кітап. Үлкендер үшін», екіншісінде «Усул сотие жолымен тәртіп етілген қазақша әліп – би. Бірінші кітап» деген жазулар бар.
А. Байтұрсынұлы үнемі ізденістің нәтижесінде 1926 жылы «Әліппенің» жаңа түрін жазып ұсынады. Бұл жаңа құрал түрлі суреттермен берілген оқулық еді. Кітап «Әліп – би» деген атпен 1926 жылы Қызылорда қаласында басылып шығады. Ал 1927 жылы тап көлемде «Әліп – бидің» екінші басылымын Қызылорда – Ташкент баспалары бірігіп шығарды. Ақырында 1928 жылы Қызылорда қаласында оқулықтың үшінші басылымы 20 000 таралыммен жарық көрді.
Оқу – ағарта саласында ол кезде осыншама таралыммен басылым көріп, ұзақ қолданысқа ие болған өзге бірден – бір әліппе, оқулық жоқ . басқа авторлардың әліппелері бір рет басылым көруден аспады. Ал, А Байтұрсынұлының әліппе, оқулықтары сол тұстағы жинақталған алдыңғы қатарлы тәжірибелерге сүйене отырып, озық әдістемелік теорияларға негізделіп, жасөспірімдердің психологиялық жас ерекшеліктерін, тіпті ұлттық ерекшеліктерін ескере жазуымен құнды.
А. Байтұрсынұлының «Тіл құралдары» қазақ тілінің грамматикалық құрылысын ана тілінде талдап беру мақсатынан туған. Ғалымның «Тіл құралдары» - сол кездегі қазақ қауымы үшін бұрын болмаған дүние, тың құбылыс.
«Тіл – құрал» оқулықтарын өз кезеңінде тек Қазақстан территориясында ғана емес, қырғыз, түркімен, өзбек, татар жеріндегі бауырларымыз да пайдаланғаны бүгінде айқындалуда. Тіпті, А. Байтұрсынұлы еңбектерін теріп жинақтап жүргенімізде, әдіскердің 1924 жылы Орынборда басылып шыққан «Тіл – құралының» мұхит асып, АҚШ – тың Нью –Йорк университетінің кітапханасынан шығуының өзі еңбектің құндылығына бір айғақ. Ғалымның «Тіл танытқыш» еңбектерінің тіл білімі ғылымындағы, тәжірибе ісіміздегі бағалылығы жөнінде белгілі ғалымдар Р. Сыздықова, Ә. Қайдаров, Т. Қордабаев, Н. Оралбаева, Қ. Есеновтердің пікірлері бар.
Әдіскер ғалым жазған оқулықтың сапасы қашанда жоғары болуы керек. Өйткені әліппе, оқулықтардағы мәліметтер оқытуға ыңғайлы, оқушыға түсінікті, мұғалімге қалай оқытуды аңғартқандай болу керек. Ендеше, оқулық дидактикалық принциптерге негізделіп жазылады. Ал бұл мақсат орындалу үшін оқулық авторы әдіскер ғалым болумен бірге, мол оқыту тәжірибесі бар, ол тәжірибеден қорытынды жасай алатын, оны оқулық жазуда қолдана алатын өте іскер болуы қажет.
А. Байтұрсынұлы әліппелері – мектепте жасаған көп жылдық (14 жыл -1895 – 1909 жылдар) педагогикалық эксперименттік еңбегінің қорытындысы, нәтижесі. Әдіскердің «Әліп – би», «Оқу құралдары» балаларды неге және қалай оқытамыз деген сауал төңірегіндегі жан – жақты ғылыми – педагогикалық, әдістемелік ізденістерінің куәсі іспеттес. Әдіскер ғалым әліппе, тіл құралдарында қандай принцип ұстанса да, әдіс – тәсіл қолданса да ұтымды, нақты да дәл болуын көздеген. Демек, оқулық атаулының сапасы оның әдістемелік негізіне байланысты. Сөзсіз, А. Байтұрсынұлы өз оқулықтарын сол заманның алдыңғы қатарлы әдістемелік жетістіктеріне сүйене отырып жазған. Егер оқу – тәрбие ісінде басшылыққа алынатын педагогикалық қағида дидактикалық заңдылықтарын терең білген және оның әліппе, тіл құралдары белгілі дидактикалық принциптерге сай жазылған.
Курстық жұмыста А. Байтұрсынұлының әліппе, тіл құралдары төмендегідей дидактикалық принциптерді сақтай отырып жазғаны нақты дәлелденеді: 1) ғылыми принцип; 2) көрнекілік принципі; 3) оқытудағы саналылық принципі; 4) түсініктілік принципі; 5) жүйелілік принципі; 6) білім, білік беріктігі принципі; 7) білім мен тәрбие берудің бірлігі принципі; 8) теорияның практикамен байланысы принципі.
Педагог ғалымдардың пікірінше, тілді дамытудың негізі – ойды дамыту. Тілді меңгеру, сөз байлығын арттыру және грамматикалық формаларды игеру – ой дамуының алғы шарты. Балаларды ойлауға үйрету, ойын дамыту – қазіргі мектептің басты міндеттерінің бірегейі.
А. Байтұрсынұлы «Әліппе», «Тіл жұмсарларында» оқушыларды сөздің мағыналарын аңғарып, дұрыс қолдана білуге баулитын, тіл дамыту мақсатын көздейтін жаттығулар үлгілері мол. Әдіскер ғалым үш кітаптан тұратын «Тіл – құрал» оқулығында қазақ тілінің грамматикалық жүйесін мектепте ғылыми тұрғыда оқытуды, оқушылардың сөздік қорын байытып, сөйлеу дағдысын дамытуды, ана тілінің шұрайлы байлығын танытуды, сөз үйрету, сөз мағыналарының алуан түрлі қырларын аңғартуды әркез есте ұстайды. Мысалы, «Тіл жұмсар» кітабында сөздің құрамындағы дыбыстардың өзгеруіне сәйкес сөз мағыналарының да өзгеретінін жуан, жіңішке дыбысты ұқсас сөздерді салыстыру арқылы байқатады. Мысалы, қозы // көзі, қорық // көрік, сұр // сүр,т.б.
Ал, ғалым «Тіл –құралында» ұсынылған тілдің теориялық ұғымдарын тәжірибеде таныту үшін көбіне қазақтың мақал – мәтелдерін, құнарлы сөз орамдарын жаттығу ретінде алған. Сондай – ақ, әдіскер ғалым қазақ тіліндегі сөздерді тоғыз топқа жіктей отырып, атауыш сөздерді (зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік) түсіндіру барысында сөз мағыналарына ерекше мән берген. Мәселен, «Сын есімді» түсіндіру және оларды қолдануға оқушыларды дағдыландыру мақсатында ұсынылған жаттығуларда қарама – қарсы мәндегі сын есімдер алынған. Бұл ғалымның қазақ тіліндегі антоним сөздерді оқыту мақсатындағы тиімді ұмтылысын аңғартады. Мысалы: Қатты // жұмсақ, қою // сұйық, бай // жарлы, жақын // алыс… Дағдыландыру үшін: Ұзын арқан, қою қатық, сұйық сүт, бай қазақ, жарлы мұжық ,.. немесе, Аш бала тоқ баламен ойнамайды. Бай кісі балпаң келер, жарлы кісі қалтаң келер… т.б.
Тіл дамыту жұмысы А. Байтұрсынұлы әліппелерінде барлық дыбыстарды өтуде, оған жаттығуда, игерген білімді бекітуде жүйелі де үздіксіз жүргізілген. Әдіскер әліппелеріне енген материалдардың қызғылықты болуы арқылы да бала тілін дамытуды есте ұстаған. Мәселен, әліппеге енгізген өлеңдердің айтуға қызғылықты, оқуға, жаттауға жеңіл, ықшам болып келуі осының бір айғағы. Ал, ағартушы тұсында қазақ әдебиетінде әліппеге енгізерліктей, балалардың жас ерекшеліктерін ескере жазылған өлеңдер аз еді. Ендеше, А.Байтұрсынұлының бұл салада да аз еңбектенбегендігін көреміз.
А.Байтұрсынұлы әліппе, тіл құралдарынан ауыз әдебиетінің ерекше бір түрлері мақал – мәтел, жұмбақ, жаңылтпаштарды шоғырымен жолықтырамыз.Әдіскер бұл іспеттес материалдарды белгілі бір жүйемен, орынды кірістірген. Олардың балғындардың жас мөлшеріне сәйкес тіл дамытуда, ой ширатуда таптырмас құрал әрі қажетті тәсіл екенін жоғары бағалай білген. Мәселен, мақал – мәтелдегі терең мағына мәтін мазмұнын, тақырып тынысын кеңейте түскен. Көп жағдайда мәтін мен мақалдың арасындағы мағыналық үйлесімділік те ескерілген. Екеуінде де үйретілер дыбыс, дағды бір арнадан шығып отырады, оған қызмет етеді. Бұдан іштей үйлесімділік, өзара сабақтастық, байланыстылық, айналып келгенде, әдістемелік жүйелілікті де аңғартса керек. Мысалы, «Жарлы жалаңаш тойы» мәтінінен (ауыл баласының қалаға алғаш келуі, көрген, естіген жаңалығы айтылған) соң, «ылғи қойшы болсаңдар,құл боларсың, ылғи тойшы болсаңдар, қу боларсың» («қу» - кедей мағынасында) деген мақал ілесіп келеді. Немесе, «Менің міндетім» мәтінінен (шәкірттің мектептегі қоғамдық жұмысқа араласуы жөнінде) кейін «жігіттің ерінгені – көрімнің көрінгені» мақалы орналасқан. «Күзет» мәтінінен (қойға қасқыр шабуы турасында) кейін «құтты қонақ келсе, қой егіз табады, құтсыз қонақ келсе қойға қасқыр шабады» мақалы берілген, т.б.
Ағартушы қолданған мақал – мәтелдердің қай – қайсы да бүгінгі қолданысымызда да, оқулықтарымыздан да қалыс қала қойған жоқ. Бұл арада қазақ әдіскерінің ел аузындағы мақал – мәтелдерден ағартушылық бағыттағы баланың жас ерекшелігіне сәйкестілерін іріктеп ала білуін жоғары бағалауға тиіспіз.
Балғын жастағы баланың ой - өрісін, дүние тануын дамытуда, белгілі бір құбылыс, зат атаулының сын – сипатын, сапа – белгісін салыстыру, ұқсату арқылы танытуда, оны ауызша суреттеп жеткізуде жұмбақтардың мүмкіндігі мол. Жалпы, жұмбақ атаулыда белгісіз затқа немесе табиғат құбылысына тән бір белгі қасиеті көрсетілетіні белгілі. Ал оқушы осы белгі немесе қасиетті иеленетін затты табуы тиіс. Бұл жерде оқушылар белгілі бір заттарды салыстыра қарап, өз тұжырымын дәлелдеудің қарапайым түріне үйренеді. Ендеше, жұмбақ баланың ақыл – ойын дамытады, қиялын шарықтатады, тапқырлыққа баулиды. Ақырында бұның өзі бастауыш сынып оқушыларының ауызша тілін дамытуға бағытталады. Мәселен, А. Байтұрсынұлы қолданысында табиғат құбылыстары, тұрмыста қажетті құрал – саймандар атаулары, жыл мезгілдері, адамның дене мүшелері турасында жұмбақтар кездеседі.
А.Байтұрсынұлы жаңылтпаштарды шәкірт тілін дамытудың таптырмас, баға жетпес құралы деп есептейді. Әдіскер жаңылтпаштардың алуан үлгілерін ұсына отырып («Қосет атам ет асатар, ет асатса бес асатар», «Бай Тайқарбай, Қойыңды ақ шағылға жай, Тайқарбай!», т.б.), көбін өзі құрастырған (Зор Ораз, ор Ораз! Ора Ораз, зор Ораз! Ораз орар, аз орар. Ораз озар,аз озар, т.б.)
Әдіскер оқушы ойын, тілін дамыту құралдарының даяр үлгілерін бере келе, жаңылтпаш жасауға арналған сөздерді, сөз тіркестерін, сөйлемдерді де әдейі тапсырма ретінде ұсынады. «Қайсысын қайда қоясың?», «Кім жаңылтпаш жасайды?» деген дүниелер осы саланы қамтыған.
Әдіскер «Оқу құралында» (1912) әріптерді тегіс үйретіп біткеннен кейін алғашқы кезекте танымдық материалдар ұсынған. Әліппеде бұл сөздермен жүргізілер жұмыс түрлері көрсетілмесе де, осы арада шәкірттің әріптерді меңгеруін пысықтап бекітумен бірге, лексикалық сөздік қорын нақтылау бар. Ендеше, олар шәкірттің сөздік қорын байытып, тілін дамытуға арналғанын да байқаймыз. Танымдық материалдардың тақырыптары мынадай: «Туысқан – туған іліктес» (21 сөз), «Дене мүшелері» (31 сөз), «Үй саймандары» (20 сөз), «Ыдыс – аяқ» (29 сөз), «Малдар аты» (Түйе – 10 сөз, жылқы – 14 сөз, сиыр – 11 сөз, ешкі – 6 сөз), соңында адам сөйлейді, түйе боздайды, жылқы кісінейді, сиыр мөңірейді, қозы маңырайды, ит үреді, мысық мияулайды – деген қысқа сөйлемдер беріледі. Ал, жан – жануарлар қалай дыбыстайды, қандай іс - әрекеттер жасайды, оларды тілімізде қалай айтады дейтін жайт танымдық, тілдік маңызы зор мәселе. Тегінде, іс - әрекеттерді дұрыс сипаттай білу – тіл мәдениетінің бірінші шарты болса керек. Мұны өмірге жаңа қадам басқан балдырғанның санасына сіңіруді мақсат етуі өте орынды.
Жалпы әліппе, оқулықта ұсынылған материалдар мазмұны мен оқыту әдісінің арасында белгілі бір дәрежеде өзара байланыс болуы тиіс. Бұлай болудың өзі айналып келгенде оқыту, сауат ашу ісінің тиімді болуының бір шарты да. Тек мұғалім оқулықта берілген материалдарды мазмұнына, сипатына қарай оны меңгертудің қолайлы әдістерін белгілеуі тиіс. Ал, оқулықта ол ескерілсе, мұғалімге көп жеңілдік туатыны сөзсіз. Бұл орайда А. Байтұрсынұлы әліппелеріндегі материалдар талдау – жинақтау әдісіне лайықты екені көзге түседі. Бұл әдіс оқушыларға хат танытудың алғашқы кезеңінен бастап қолданылғанын көру қиындық келтірмейді.
А. Байтұрсынұлы «Тіл – құрал», «Тіл жұмсар» оқулықтарына енген материалдарды меңгеруде индуктивтік және дедуктивтік әдістерді қолданады. әдіскер бірде тіл құбылыстарын жеке – жеке түсіндіріп, сонан соң жалпы тұжырым шығартып, материалды индуктивтік әдіспен ұғындырады. Тіл құбылыстарын жекелеп түсіндіруде әдіскердің талдау және жинақтау әдістеріне сүйенгені де анық көрінеді. Енді бірде анықтаманы не ережені әуелі хабарлап алып, кейін соған сәйкес сөздерді, сөйлемдерді, тексті талдауды ұсынады. Осылайша, берілген теориялық мәліметті дедуктивтік әдіспен меңгертеді.
А. Байтұрсынұлы әліппелерінде жинақталған материалдарға сүйеніп айтсақ, әдіскер оқу процесін ұйымдастыруда әңгіме әдісін, сұрақ – жауап әдісін, өзіндік жұмыс әдісін, берілетін білім көздерінің деңгейіне сәйкес түсіндіру әдісін, берілетін білім көздерінің деңгейіне сәйкес түсіндіру әдісін, салыстыру әдісін, оқулықпен жұмыс істеу әдісін, көрнекілік әдісін, ойын әдістерін шебер қолданған. Мәселен, әңгіме әдісін бастауыш сынып оқушылары үшін қолданылатын негізгі әдістердің бірі ретінде білеміз. Бұл ретте сұрақ қоя білу ерекше рөл атқарады. А. Байтұрсынұлы сауалдың қысқа да түсінікті, ауызекі сөйлеу түріне бейімдеу болғанын тәуір көрген. Бұл дұрыс та. Өйткені жете ойластырылмаған сұрақ шәкірттерге қиындық туғызады. Сабақ мазмұнын ашу орнына, оның мәнін кетіреді. Сол себептен де әдіскер сұрақ қоюға аса жауапкершілікпен қараған. Бұған дәлел ретінде әліппедегі «Ойнаңдар! Ойлаңдар!» тапсырмасынан кейін берілген сауалдарды, не болмаса, «Тіл жұмсар» әдістемелік еңбегінің өн бойында берілген сұрақтарды айтуға болар еді. Жалпы, әңгіме әдісі оқу материалының мазмұны ашылуына, баланың түсіну дәрежесінің айқындалуына үлкен сеп. Бұған қоса оқушыларды сабақта еркін сөйлеу процесіне қатыстыру арқылы тіл байлығын жетілдіру мақсаты да жүзеге асырылады.
А. Байтұрсынұлы тіліміздегі дауысталардың жуан – жіңішке, ашық – қысаң , дауыссыздардың қатаң – ұяң болып жұптану табиғатына сәйкес салыстыру әдісін тиімді қолданған.
Әдіскер тіліміздің жалғамалық қасиетіне байланысты дыбыстар мен буындар санын үдету әдісімен оқытуды өнімді пайдаланған. Себебі тілімізде бір мағыналы сөзге біртіндеп қосымша қосу арқылы екінші мағыналы сөз шығаруға мол мүмкіндік бар.
Әдіскер А. Байтұрсынұлы дыбыс таңбаларын танытқаннан кейін шәкірттердің өздігінен орындайтын практикалық жұмыстарын ұйымдастыруға да елеулі мән бергендігіне «Ермек – еңбек бағытындағы тапсырмалар дәлел. Ал өзіндік жұмыстарды орындау арқылы оқушылар белгілі бір дағды алары сөзсіз.
«Ермек – еңбек», «Ойнаңдар! Ойлаңдар!» қалпында ұсынылған жұмыста
жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
А.Байтұрсыновтың қазақ тіліндегі алатын орны. Дипломдық жұмыс

шағым қалдыра аласыз