Материалдар / А.Байтұрсынұлының қазақ ғылымына қосқан үлесі
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

А.Байтұрсынұлының қазақ ғылымына қосқан үлесі

Материал туралы қысқаша түсінік
Мақала А.Байтұрсынұлының қазақ ғылымына қосқан үлесі туралы жазылған
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
03 Маусым 2024
173
0 рет жүктелген
450 ₸
Бүгін алсаңыз
+23 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +23 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

А. БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ ҚАЗАҚ ҒЫЛЫМЫНА ҚОСҚАН ҮЛЕСІ


Сарсенбаева С.Ж., тарих пәні мұғалімі, saulet_1974@mail.ru


Ақтөбе қаласы, Әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған гимназия


Ғалым-тілші, әдебиет зерттеуші, түрколог, дарынды ақын-аудармашы Ахмет Байтұрсынұлы қазіргі Қостанай облысы, Торғай атырабындағы, Сартүбек деген жерде ел арасында беделді, қайратты кісі Шошақұлы Байтұрсын шаңырағында 1873 жылы 18 қаңтарда дүниеге келген.

Табиғатынан аса дарынды туған талапты бала Ахмет 1882-1884 жылдары әуелі көзіқарақты адамдардан өз үйінде хат танып, артынан жақын жердегі ауыл мектебінен сауат ашады да, 1886-1891 жылдары Торғай қаласындағы екі кластық орыс-қазақ училищесінде, 1891-1895 жылдары Орынбордағы мұғалімдік мектепте оқып, білім алады. 1895 жылдың 1 маусымынан бастап мұғалімдік қызмет атқарады: Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы атырабында бала оқытады, өмірге араласады, әділет үшін күреседі, шенеуніктерге қарсылық білдіреді, патшаның отаршылдық саясатын айыптайды. Кейін екі кластық мектептерде қызмет жасай жүріп, 1901 жылдан бастап өзі ізденіп, түрлі бағыттағы кітаптар оқиды, әдебиетпен айналысады, оқу құралдарын жинайды. Ел ішінде оқыған, еркін мінезді батыл ойшылдың беделі өсе бастайды. Полиция тыңшыларының арызы бойынша губернатор Тройницкийдің жарлығымен Қарқаралыдағы  екі кластық училище меңгерушісі Ахметі 1909 жылы 1 шілдеде Семей абақтысына қамап, сотсыз, үкімсіз 8 ай бойы ұстайды. Түрмеде азап-қорлық көріп, торығады, қиналып ширайды, күреске белді бекем буады. Бостандық аңсаған, күреске шақырған өлеңдер жазады. Ақыры 1910 жылы 21 ақпанда түрмеден шығып, наурызда Орынбор қаласына келеді. Бұдан кейін Ахмет Байтұрсынұлы өміріндегі ең күрделі, қызықты, қажырлы кезеңдер басталады. 1913-1918 жылдар арасында «Қазақ» газетінде редактор болып, орасан зор әлеуметтік-тарихи қызмет атқарады, халық өмірінің сан-алуан көкейкесті мәселелерін көтереді, елді прогреске, өнер-білімге үндейді. [1]

Ахмет Байтұрсынұлының ғылымға қосқан жеті жаңалығы. Ол - кемеңгер, кемел тұлға. Алашордасы және қоғам қайраткері, ағартушы, зиялы, журналист, педагог, идеолог, ғалым деп ұлы тұлғаның сан қырын сипаттап кете беруге болады. Бірақ бұлардың арасында бәрінен де биік тұратыны – ол Ахмет Байтұрсынұлының ғалымдығы. Қазіргі қазақ академиялық ғылымының түп бастауында тұрған ғұлама ғалым. Қазақ ғылымының атасы.

Ұлттық қаріпті қалыптап, құрастырған ленгвист Ахмет Байтұрсынұлы – жаңадан жазу түрін қалыптастырған адам. Қазақ тілінің төл дыбыстарын дәл көрсететін әрі оқуға жеңіл әліпби құрастырған. Орыс және татар ғалымдары мұны «Байтұрсынұлы жазуы», «ұлттық жазу», «тәртіпті жазу» десе, Ахметтің өзі «Қазақ жазуы» деген. Ал, халық оны «төте жазу» деп атап кетті. Ғалым бұл жазуды түзуге 1910 жылы бастап, 2 жылда дайындап шықты. 1912 жылы халыққа таныстырылды. Ғасырлар бойы өзгертілмеген араб графикасына алғаш рет өзгерту жасады. 16 жылдай қолданыста болды. 1924 жылы бұл жазу ресми түрде «қазақ жазуы» болып бекітілді. Бірақ 1929 жылы кеңес идеологиясының күшеюіне байланысты елге латын қарпі күштеп енгізілді.

Ахмет Байтұрсынұлы араб алфавитіндегі қазақ тілі дыбыстарына қажеті жоқ таңбаларды алып тастап, қазақ тіліндегі дыбыстардың әрқайсысына жеке таңба белгіледі. Сөздің жіңішкелігін білдіретін «дәйекшені» енгізді. Ғалым Еуропа мен Азия халықтары алфавиттерінің жасалу, қалыптасу тарихын едәуір тексеріп шыққан өте зерек лингвист болатын.

«Байтұрсынұлы әліпбиін» ең озық әліпбилердің қатарына жатқызуға болады. Өйткені, жазу теориясы бойынша белгілі бір тілдегі фонемалардың санынан оны таңбалайтын әріптердің саны көп болмаса, тіпті аздау болса, ондай әліпбилердің жүйесі өте жақсы деп бағаланады. «Байтұрсынұлы әліпбиі» – осы қағидатқа сай мұнтаздай таза әліпби. Мысалы, қазақ тілінде 9 дауысты, 17 (19) дауыссыз, барлығы 26 фонема десек, «Байтұрсынұлы әліпбиіндегі» әріптердің саны 26-дан аспайды. Ғалым қазақ тіліндегі дыбыстардың санын 24 деп көрсетеді. Оның бесеуі – дауысты: а, о, ұ, ы, е. 17 дауыссыз дыбыстар: б, п, т, ж, ш, д, р, з, с, ғ, қ, к, г, ң, л, м, н. Жарты дауысты дыбыстар: у мен й. [2] [3]

ХХ ғасыр басында Ресей академигі Я.Яковлев «Байтұрсынұлы жазуы әліпби құрылымының математикалық жүйесі» деп бағалаған. Қазақ ұғымына икемделген, барынша қарапайым да түсінікті Байтұрсынұлы жазуын жұртшылық, әсіресе мұғалімдер қуанышпен қабылдады. Бұл жазу 1912 жылдан 1929 жылға дейін қазақ-орыс мектептерінде, мұсылман медреселерінде қолданылды. Тіпті бұл жазуды өзге түркі тілдес елдер де үлгі тұтып, ұлттық жазу деп таныды. Төте жазуды қазір Қытай, Иран, Ауғанстан және Түркия қазақтары қолданады.

Қазақ тіл білімінің негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ лингвистикасының, тіл білімі ғылымының негізін салған адам. Алғашқы филолог әрі лингвист. Ғалым 1912-1915 жылдары Орынборда «Тіл - құрал» атты ірі теориялық еңбек шығарады. Кітап үш бөлімнен тұрады: фонетика, морфология және синтаксис.

«Тіл – құрал» – қазақ тілінің бүкіл грамматикалық құрылысын (фонетикасын, морфологиясы мен синтаксисін) бір бүтін жүйе ретінде алып зерттеген тұтас еңбек. Мұнда қазақ тілі алғаш рет өзінің бай төл материалы, болмыс-бітімі негізінде, бастан-аяқ қазақ танымы тұрғысынан қарастырылған. Осындай ғылыми терең негізде жазылған, біртұтас, мүлдем жаңа мазмұнды, бөлек типті грамматика. Соның арқасында қазақтың тұңғыш грамматика ілімі бастау алды.

Ғалым өзі жасаған ұлттық әліпбиді халыққа үйрету үшін балаларға арнап «Әліпби», ересектерге арнап «Әліпби. Жаңа құрал» атты кітап жазады. Қазіргі әліппеміз де осы Ахмет Байтұрсынұлы ғылыми еңбектерінен бастау алады.

Ахмет Байтұрсынұлы - әдебиеттану ғылымының негізін салған, теориялық ілімін қалаған ғалым. 1926 жылы «Әдебиет танытқыш» атты іргелі еңбек жазады. Мұнда көркем сөз өнерінің табиғаты, сыры, мазмұны, ерекшеліктері, жанрлары, жаңа терминдер, ұғымдар жайлы жан-жақты зерттеулер, тұжырымдар сөз болды. Бұл кітаппен бірге тағы «Нұсқаулық» атты әдістемелік кітапша да болған. Алайда ол жоғалып кеткен. Әлі күнге табылмай жатыр. 

Академик Рәбиға Сыздықова «Бүгінгі бүкіл қазақ ғылымының көген басы ретінде әуелі тіл білімі мен әдебиеттану бой көрсетті» деп дәл айтқан.

Ахмет Байтұрсынұлы - қазақ оқулықтарының негізін қалаған педагог. Қазір мектепте оқытылып жүрген қазақ тілі оқулықтарының алғашқысын жазған. 1914, 1925 жылдары қазақ тілі оқулықтарын жазып шығарды. 1910 ж. «Баяншы» кітапшасын, 1912 ж. «Оқу құралы» мен 1926 жылы «Сауат ашқыш» іргелі еңбектерін, 1928 ж. «Тіл жұмсар» әдістемелік нұсқауын шығарады.

Ахмет Байтұрсынұлы – ұстаз, ағартушы педагог, этнопедагогика мен этнопсихологияны игерген жан. Сол арқылы қазақ ұлттық мектебін қалыптауға, қазақ балаларының сыни ойлауын қалыптастыруға ұмтылған.

Ахмет Байтұрсынұлы – мәдениеттанушы ғалым. Мәдениеттану бойынша курс оқыған. «Мәдениет тарихы» атты кітап жазған.

Ахмет Байтұрсынұлы – географиядан да хабардар болған жан. Ғалымның «Шаруа өзгерісі» атты шағын еңбегі бар. Онда Қазақстанның жағырапиялық орналасуы мен климаты, табиғаты мен топырағы жайлы кең мағлұмат беріледі. А.Байтұрсынұлы қазақ даласының географиялық ерекшелігін туралы терең білген әрі оны үнемі зерттеп, ұдайы назарда ұстаған. Тіпті, ХХ ғасыр басында қазақ даласының географиялық ерекшелігін дәл Ахметтей терең білген қазақ зиялысы болмаған.

Ахмет Байтұрсынұлы – өте күрделі кемеңгер тұлға. Ол - алғашқы ғылым және білім министрі болған жан. 1920-1922 ж.ж. Өлкелік Халық Комиссариаты жанындағы Академиялық Орталықтың төрағасы қызметін атқарады. Бұл орталық қазіргі білім министрлігімен тең ұжым. Халық ағарту комиссиариаты жанынан құрылған Академиялық орталықтың (Академцентр) тұңғыш төрағасы ретінде Қазақ елінің ғылымын академиялық жолмен басқаруды ұйымдастырудың негізін қалады.

ХХ ғасыр басында Ресей академиктері – А.Самойлович, Е.Поливанов, Н.Яковлев, А.Кононов өз зерттеулерінде А.Байтұрсынұлының еңбектерін жоғары бағалаған. Қазіргі таңда оның еңбектері АҚШ-тың Колумбия университетінде, Жапонияның Хоккайда университетінде, Түркияның Ыстамбұл университеті мен Ресей Ғылым Академиясында сақтаулы тұр. [4] [5]

Ел арасында қоғам қайраткерінің өмірбаяны жайлы көптеген қызық дерек тараса да, көпшілік ұлт ұстазы өмірінің елге беймәлім тұстарын біле бермейді. KAZ.NUR.KZ ұлы ұстаздың өмірі мен шығармашылығын зерттеп, ол жайлы қызық мағлұматтарды назарға ұсынады. Ахмет Байтұрсынұлы жайлы e-history.kz тарихи танымдық сайтында төмендегідей ерекше мақала жарияланған.

  1. Ахмет Байтұрсынұлының нақты туған күні ұзақ уақыт бойы белгісіз болып келді. Қазақ әліпбиін латын қарпінде жасаушы Ербол Тілешов бұл шешімді былай деп түсіндірді: «Ахмет Байтұрсынұлы 1873 жылы 29 қыркүйекте дүниеге келді деген мәлімет бар. Алайда кейінірек мен тілдерді дамыту басқармасында жұмыс істеп жүрген кезімде Ахмет Байтұрсынұлының қолжазбалары бар үш құжат табылды. Солардың бірінде «Мен 5 қыркүйекте дүниеге келдім» деген жазба болды. Сондықтан осы шешімге келуді жөн көрдік».

  2. Ахметтің 13 жасында, оның ауылына полковник Яковлевтің басшылығымен полиция қызметкерлері келіп, ауылдың тас-талқанын шығарған. Ахметтің әкесі - Шошақұлы Байтұрсын мен Ахметтің үш ағасы полковниктің мұндай озбырлығына шыдамай, оны соққыға жыққан. Осы әрекеттері үшін олар Сібірге 15 жылға жер аударылған.

  3. Қостанай уезінде жұмыс істеген шағында ол Аманқарағай орман шаруашылығы басшысының үйінде тұрып, оның қызы Александраға ғашық болған. Александра 1878 жылы Челябі ауданында дүниеге келген. Ол Ахмет Байтұрсынұлымен Әулиекөл ауылындағы орыс-қазақ мектебінде мұғалім болып жұмыс істеген кезде танысқан. Жастар мұсылман әдет-ғұрпына сай Троицк қаласындағы мешітте некелерін қияды. Атақты дін қызметкері Зейнолла-ишан үйлену тойынан кейін Александраны Бадрисафа Мұхамедсадыққызы Байтұрсынова деп, татар қызы ретінде жазған.

  4. Көсемсөз шебері 1905 жылғы «Қарқаралы петициясының» авторларының бірі. Петиция авторлары қазақ жерін экспроприациялауды тоқтатуды, қоныс аударушылар легін азайтуды және земствоны қалыптастыруды талап еткен.

  5. 1912 жылы Ахмет Байтұрсынұлы қазақ жазба ғылымын реформалады. Ол қазақ тілінде қолданылмайтын араб әріптерін алфавиттен алып тастап, қазақ тілінде бар, жаңа, айрықша әріптерін енгізді. «Жаңа емле» әліпбиін бүгінде Қытай, Ауғанстан, Ресей, Иран қазақтары қолданады.

  6. Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетінің алғашқы редакторы болған. Басылымның 3 мыңнан астам оқырманы болды және оны қазақ даласында, Қытай мен Ресейде оқыды. Газет беттерінде Ахмет Байтұрсынұлы өзінің пікірлестерімен бірге қазақ тілінің даму мәселесін көтеріп, халықты бірлікке және саяси күреске шақырған.

  7. 1917 жылғы революция кезінде Ахмет Байтұрсынұлы қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғаған Алаш қайраткерлерінің тобын басқарып, ұлт интеллигенциясының рухани көшбасшысы атанған. Ол өзінің жақтастары Әлихан Бөкейханұлы және Міржақып Дулатұлымен бірге қазақ халқының бостандығы үшін күрескен.

  8. Ғалым өзін ақын ретінде сынап көрген. Ол Эзоп, Лафонтейн, Крыловтың мысалдары негізінде, олардың ұлттық ерекшелігін ескере отырып, Ресей билігі мен отаршылдық саясатын әшкерелейтін шығармалар жазған.

  9. Торғай тұрғыны Жүсіпбек Салықов Ахмет Байтұрсынұлы туралы былай деген: "1923 жылы Ахмет пен Бадрисафа Орынбордан Торғайға жол жүріп бара жатқанда Құмкөл деген жерде, Хазірет Нәуен Нұртазиннің үйінде тоқтаған. Қазір сол жерде Жангелдин ауданының Шиелі ауылы орналасқан. Жас айырмашылықтарына қарамастан (хазірет Ахметтен бірнеше жас үлкен) олар жақын дос болды". Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы жайлы ел білмейтін деректер: YouTube/ҚР Білім және ғылым министрлігі

  10. Ахмет Байтұрсынұлының асырап алған қызы ата-анасымен бірге шамамен 4 жыл айдауда болған (1929-1933 жж.), содан кейін балалар үйіне түскен.

  11. Ахмет Байтұрсынұлының тек асырап алған балалары ғана болған. Ресми дереккөздерде оның балаларының тек үш есімі ғана сақталған – Аумат, Қазихан және Шолпан. Үшеуі де ағартушының жиендері және соның үйінде тәрбиеленген. Алайда ұлт ұстазының тағы бір асырап алынған ұлы болды деседі, оның есімі ұзақ жылдар бойы құпия сақталған – Самырат Кәкішев. Ол туралы ешкімге айтпай, жасырып ұстаудың негізгі себебі - Самырат Байтұрсын әулеті шаңырағының иесі болған және ғалым оның өмірін сақтап қалуға тырысқан. Ахмет Байтұрсынұлы тұтқындалғаннан кейін оның ауылына солдаттар келіп, ұрпақ жалғастыратын ұл балаларды іздеген. Содан ауылдағы әйелдердің бірі Самыратты қазан астына жасырып, өмірін сақтап қалған деседі.

  12. Ахмет Байтұрсынұлының замандасы Нұрзипа Әмірованың сөзіне сенсек, 1937 жылы Бадрисафа Қостанайда болған. Бадрисафаны Қостанайда екінші рет Ұлы Отан соғысы жылдары көрген. Нұрзипа Әмірованың айтуынша, сол жылдары Бадрисафаның бұрынғы сұлулығының ізі де қалмаған, ол өз жасынан әлдеқайда үлкен көрініп, денсаулығы сыр беріп жүрген екен.

  13. Қостанайлық өлкетанушылар Ахмет Байтұрсынұлының жесірінің одан кейінгі тағдыры туралы мәліметтерді біле бермейді, десе де оның өміріне қатысты екі нұсқа бар. Солардың бірі бойынша Бадрисафа Қостанай ауданының Александровка ауылында емделіп, сол жерде қалған, ал екінші нұсқаға сәйкес, ақсақал Есімхан Тұрлыбековтың айтуынша, 1947 жылдың қараша айында ол Меңдіқара ауданының Қасқат ауылында тұрған. Себебі сол шақта ауылда Александра есімді орыс әйел пайда болып, оны Ахмет Байтұрсынұлының жеке танысы Қасым Тоғызақов ертіп жүрген. [6]




Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Имаханбетова, Р.    Ғасыр саңлағы: Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық ғұмыр баяны [Текст]: (мұрағат деректері негізінде): монография / Имаханбетова, Райхан. — Астана: Педагогика Пресс ИД, 2010.

  2. Рәбиға Сыздық. Ахмет Байтұрсынұлы - қазақтың ұлттық ғылымының көшбасшысы. Ұлттық кітапханада өткен «Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасы: зерттеу, жүйелеу, насихаттау» атты ғылыми конференция. Материалдары [Текст]. - Алматы, 2022.

  3. Байтұрсынов, А. Тіл тағылымы /Құрастырған Г.Әнесов, А.Мектепов.-Алматы: Ана тілі, 1994.

  4. Ақпарат дереккөзі: https: //massaget.kz/layfstayl/madeniet/persona/ 71483

5. «Ахмет Байтұрсынұлы оқулары»: А. Байтұрсынұлы тағылымы: тіл, терминология, әдістеме [Текст]: республикалық ғылыми-теориялық конференция материалдары. - Астана: Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы, 2010.

6. Алпаров Ж. Нелегкая судьба борца за справедливость / Ж. Алпаров // Литер. — 2015. — №231.

Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!