Материалдар / Ә.Бөкейханның "Симонның әкесі" аудармасындағы өмір шындығы
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Ә.Бөкейханның "Симонның әкесі" аудармасындағы өмір шындығы

Материал туралы қысқаша түсінік
Алаш ардақтысы Ә.Бөкейханның әдеби мұралары зерттеуді қажет етеді. Осы бағытта өмір шындығы шағын әңгімеде шебер суреттелген. Ги де Мопассаннан аударған бұл әңгімеде жетім баланың оқиғасы ешкімді бей-жай қалдырмайды.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
04 Қараша 2024
118
0 рет жүктелген
9900 ₸
Бүгін алсаңыз
+495 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +495 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі

Абай облысы білім басқармасы


Дарынды балаларға арналған Ш.Уәлиханов атындағы

облыстық «Жас Ұлан» ерлер мектеп-лицей-интернаты





Бағыты: «Қазақстанның тарихи ескерткіштері және перспективалы туристік маршруттары»

Тақырыбы: Әлихан Бөкейханов аудармаларындағы өмір шындығы

Секциясы: Әдебиет



Орындаған: Айдаров Мирас, 11-сынып оқушысы,




Жоба жетекшісі: Нигметова Ляззат Тенеловна,

қазақ тілі мен әдебиет пән мұғалімі



Кеңесшісі: Кеңесбаева Шынар Сәкенқызы

Семей қаласының Шәкәрім атындағы унивсерситеті

қазақ филологиясы және журналистика кафедрасының

доценті, филология ғылымдарының кандидаты



2023 жыл

Мазмұны:

I. Кіріспе.

Әлихан Бөкейханов – талантты тәржімашы.....................................................3

1.1. Ә.Бөкейханов аудармаларының зерттелуі.................................................4

IІ. Негізгі бөлім

Әлихан Бөкейханов аудармаларындағы модернизм........................................6

2.1. Ә.Бөкейханов аудармаларының тілдік ерекшелігі....................................9

2.2. Аудармалардағы өмір шындығы...............................................................13

2.3. Ги де Мопассанның «Симонның әкесі» әңгімесіндегі заман бейнесі...16

ІII. Қорытынды …………………………………………………..........……19

IV Пайдаланылған әдебиеттер тізімі ............................................................. 20



























Кіріспе

Әлихан Бөкейханов – талантты тәржімашы

Зерттеу өзектілігі. Аударма тек ғылымның дамуы ғана емес, жалпы идеологияны насихаттаушы құрал, интеллектуалды дамудың алғышарты. Әлихан Бөкейханов аудармаларының өзектілігі сол дәуірдің емес, тұтас қазақ қоғамының басты мәселелерін көтеруінде. Аудармалары жеке сала ретінде әлі зерттелмеген. Әлихан аудармаларын жазба әдебиетіндегі аударматанудың негізі ретінде қарастырсақ, қазіргі калька аударма жаппай белең алмас еді. Аудармашы тек сөз аударумен шектелмей, аудармаға көркем шығарма ретінде қараса, ұлттық руханиятқа теңдессіз пайда әкелетіні сөзсіз. Ә.Бөкейхановтың аударма саласындағы еңбегін бағалау, аудармалардың идеялық ерекшелігін талдау қажеттілігі осыдан туындады.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың негізгі мақсаты – Әлихан Бөкейханов аудармалары. Шығармаларын әдеби тұрғыда талдап, оқу бағдарламасына енгізу.

Зерттеу жұмысымыздың міндеттері төмендегідей:

  1. Жазушының шығармашылық өмір жолы мен аударма мұраларына әдеби баға беру,

  2. Ә.Бөкейхан аудармаларының зерттелуіне шолу жасау.

  3. Аударма жанрына тән белгілерді анықтау.

  4. Ә.Бөкейханов аудармаларын өзара салыстыру;

  5. Ги де Мопассаннан аударған «Симонның әкесі» әңгімесінің тақырыптық-идеялық ерекшелігін ашу.

Зерттеудің нысаны – Әлихан Бөкейханов аудармалары, «Симонның әкесі» аудармасы.

Зерттеу жұмысының нәтижесі: Аударма дегеніміз классиктерді тәржімалау ғана емес, ой иірімдері арқылы халықты жақсылыққа, білімге, ғылымға негіздеу. Ә.Бөкейхановтың «Симонның әкесі» аудармасын талдай отырып, адами құндылықтар, отбасы нститутының өзектілігі, жасөспірімдердің арасындағы буллинг себептері анықталды.

1.1. Ә.Бөкейханов аудармаларының зерттелуі

Әлихан Бөкейханның интеллектуал жазушы атануы тек білімінен емес, бәрін үйлестіре білетін шеберлігінде деуге болады. Адамның тәні қозғалыстан тұрса, тәрбиесі де қозғалыста. Әр мемлекет азаматтарының тәрбиелі болуына мүдделі. Ақыл-ойдың кемелділігі, ғылым, білім арқылы ой-сананы кеңейтіп, ұлтқа қызмет ету. Осының бәрін көксеген Ә.Бөкейхан көркем әдебиетке кездейсоқ келмеді. Қылышынан қан тамған саясаттың ықпалы қазақ даласына да жетті. Қазақ қоғамының сауаттануына, көзі ашық жастардың көбеюін аңсаған Әлихан цензурадан айналып өту үшін, аударма әдебиетке барды. Цензура туралы автор 1905 жылы Мәскеуде өткен «Қалалық және жергілікті жер қайраткерлері» сьезінде былай дейді: «У нас тоже преследуются школы с киргизским языком, нас тоже давит цензура...» [2] Орыс тілін жетік білген жазушы өз білімін осылайша қазақ қоғамының дамуына жұмсайды. Ұлт көсемі цензурадан қаша жүріп, отыздан астам бүркеншік атпен мақала, әңгіме, аудармалар жариялап отырады бүркеншік аттарды екі тілде қатар қолданған. Орыстандыру саясатына қарсы шыға жүріп, 1917 жылғы Ақпан төңкерісі мен Қазан бүлігіне дейін де, Кеңес өіметінің алғашқы кезеңінде ұлт көсемі қазақ және орыс тілдерінде бүркеншік атын пайдалануға мәжбүр болды. Ең танымалы ретінде V, Ә.Н., Қ.Б., Қ., Ғали хан, Әли хан, Қыр баласы, Түрік баласы, Ғ.Б., Ә.Б., Арыс, т.б. Әлихан аудармаларына арналған бірен-саран мақалалар болмаса, тұтас зерттеу жұмысы жоқ. Бұл әлі де аударма саласына көңіл бөлмей келе жатқанын көрсетеді. Биыл ғана «Егемен Қазақстан» газетінде (2022 жыл, 22 тамыз) Батырхан Сәрсенханның «Бөкейханов аудармасы» мақаласы жарық көрген. Онда аудармаларына тоқтала келе, «Бөкейханов аудармалары – жеке тақырып, жеке зерттеу нысаны. Ұлт оқырмандарына тұңғыш рет Мопассанды таныстырған да Бөкейханов болатын.» деп түйіндейді.[3] Прозалық шығармаларының ішінде аударманың жүгі ауыр, мақсаты айқын. Автор шығарманы аудару кезінде оның сюжетін сақтап қалуға тырысады, екінші жағынан оқырман қызыға оқу үшін тілге жеңіл, жүрекке жылы тиюін басты назар аударады. Халықты ағарту мақсатында, интеллектуалды деңгейін көтеріп, ойлау диапазонын кеңейту үшін аудармаларды орнымен өте сауатты қолданған. Оны әлеуметтік-қоғамдық, саяси, рухани көзқарасында болып өткен қат-қабат эволюциядан байқауға болады. Ә.Бөкейхан талантының сан алуан қырлары оның тәжірибелерге, ғаламшарларға арналған ғылыми мақалалары мен өз басынан өткен жағдайларды талдаған естеліктерінен, достарына жазған жүрекжарды хаттарынан, Эзоп, Мопассан, Толстой, Чехов, Короленко шығармаларын аударуынан көрініс табады. Бөкейхан еңбектері толық жиналып бітпегені былай тұрсын, олар әр жердің архивінде жатыр. Мәскеу, Санкт-Петербург, Самара, Омбы, Семей, одан өзге басқа қалаларда шыққан баспасөз беттері мен түрлі архив қойнауларында.

Алаштанушы Әубәкірова Қарлығаш Әлиханқызы Алаш мұраларын зерттеу кезінде архивтен табылған құжаттарды бөлісе отырып, былай дейді «Ұлт мүддесіне қызмет еткен Әлихан Бөкейхан, Ахметжан Қозыбағаров, Тұрағұл Абайұлы, Райымжан Мәрсеков,Әбікей Сәтбаев, Ике Әділұлы, Халел Ғаббасов сынды жақсылардың есімін әп сәтте қылмыскерлерді іздеуге жариялаған тізімнен көрудің өзі ойтүрткі екен. Бүгін төбенің басында отырған адам заманы кері айналса, жердің астына да кіруі мүмкін ... Архивтен шыққан 1920-1921жж. мына бір тізімде ұлт мұраты жолында жантәсілім еткен асылдардың тағдыр тақтасынан үзінді... СПИСОК розыскиваемых лиц, подлежащих к задерживанию». (Сурет төменде. Ешқандай зерттеу еңбектеріне еніп үлгермеген).







IІ. Негізгі бөлім

Әлихан Бөкейханов аудармаларындағы модернизм

1922-1937 жылдар аралығында шетел әдебиетінің көрнекті шығармалары төл тілімізге аударылып, сол кездегі латын әліпбиімен кітап болып басылып шықты. Осылайша қазақ сахарасы тұңғыш рет әлем жауһармаларымен танысуға мүмкіндік алды. Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш қайраткерлері жасаған аударма еңбектері – бір сөзге сияр дүние емес. Ә. Бөкейхановтың әйгілі әңгімелерді қазақшалағаны сонша, қазақ есімдерінен ат қойып, атауларын да қазақы оқырманға түсінікті етіп, сөздердің аудармаларын таныс сөздермен алмастырған. Ол қазақтың аударма өнерінің, аударма кәсібінің бастауында тұрған, бұл саладағы алғашқылардың бірі ретінде өзіндік өрнегі бар, авторлық қолтаңбасы айқын көрініп тұрған алаш зиялысы.

В.Г.Короленкодан аударған «Түндегі от», «Жұмбақ қыз» әңгімелері (Мәскеу, «Кеңес одағы елдерінің Кіндік баспасы», 1926) жарыққа шықты. Аудармашы Әлихан Бөкейхан өзі аударған көркем шығармалардың кейбіреулерінің атауларын дәл автордікіндей сөзбе-сөз аудармай, мазмұнына қарай өзгертіп қояды. Мәселен, Қырым аңыздары мен әпсаналарынан «Мюск-джамиді» – «Жұпар иісті мешіт» немесе басқалай аудармай, «Азамат Юсуф» деп аңыздың негізгі кейіпкерінің атымен атайды. «Письмо Магомету» аңызын «Мұхаммедке хат» демей – «Пайғамбарға хат», «Святая могиланы» – «Махаббат» деп аударған. Ги де Мопассаннан аударған «Старуха Соваж» әңгімесін «Соваж кемпір» демей, оған әңгіме мазмұнына қарай «Жарасын жасырған (алдырған) ана» деген атау береді. Ә.Бөкейхан кейбір шығармаларды араға уақыт салып жаңаша аударып, олардың атауларын да өзгерткен. Мысалы, В.Г.Короленкодан аударған «Огонки» әңгімесін «От» деген атпен «Қазақ» газетінің 1915 жылғы №141 санында жарияласа, екінші рет «Шырақ» деген атпен 1923 жылы «Темірқазық» журналының №2-3 сандарында жариялаған. Шағын әңгіменің екі аудармасының атауында ғана емес, мазмұнында да елеулі өзгеріс бар. Бұл әңгіме бастан-аяқ қайта аударылған деуге болады. Н.Маркстің «Ескі Қырым сөздерінен» аударған «Гибель Гирея» аңызын «Қазақ» газетінің 1915 жылғы 135-ші санында «Герейдің жойылуы» деген атпен жарияласа, «Темірқазық» журналының 1923 жылғы 1-ші санында бұл тақырыбын өзгертіп, «Герейдің ажалы» деген атпен қайта жариялаған. Ә.Бөкейхан аудармалары Қазан төңкерісіне дейінгі «Дала уәлаятының газеті», «Қазақ» газеттерімен бірге төңкерістен кейінгі Кеңестік кезеңде ХХ ғасыр басында шыққан «Темірқазық», «Жаңа мектеп», «Кедей туы», «Әйел теңдігі», «Еңбекші қазақ», «Ақ жол», «Сәуле» және тағы басқа мерзімді басылым беттерінде жарияланып тұрды және жеке кітап түрінде де жарық көрді. Алаш көсемі өзі аударма жасаумен қатар өзге авторлар аударған көптеген еңбектерге де пікір білдіріп, рецензиялар жазып отырды. А.Байтасұлы аударған профессор Ю.Вагнердің, «Жануарлар туралы әңгімелер», М.Әуезов аударған «Жердің жаратылысы жайында әңгімелер», М.Томскийдің Ешмағамбетұлы аударған «Ресейде кәсіпшілер қозғалысы» туралы кітаптарына рецензиялар жазады. Осылайша ол отандық аударматанудың негізін қалауға, оның қалыптасуына елеулі үлес қосты. [1]

Ә.Бөкейханов діни адасушылық, діни өзім­шілдік, діни фанатизм мәселе­леріне де ерекше ден қойды. Оның «Сурат кафеханасы» немесе «Дін таласы» деп аталған аудармасында «Дiн турасында адасу түбi намыстан, өзiмшiлдiктен. Әр адам құдай өзiмдiкi, я отанымдiкi, я дiндесiмдiкi болса екен дейдi. Күллi дүниеге сыймайтын ұлығ тәңiрiн әр жұрт өзiнiң ғибадатханасына қамағысы келедi. Адамдар үшiн құдайдың өзi жасаған ғибаддатханасы – жиһан» деген жолдар бар. Бұл орайда онымен замандас алаш зиялыларының бірі Қошке Кемеңгерұлы ұлт көсемiнің бұл саладағы қызметі туралы «Ол өз серiктерiн, қазақ оқығандарын татардың дiни фанатизмiнен арашалап қалды» деген пікір айтады. Ғылыми, ғылыми-танымдық және саяси әдебиеттерді ол қазақ танымына сәйкестендіріп, тұпнұсқаға өз тарапынан өзгерістер енгізе отырып аударады. Түпнұсқа мәтініне байланбай, қазақ оқырманына лайықтап, өзінің сөз саптау мәнерімен, өз стилімен баяндайды. Осы еңбектерінде ол көптеген астрономия, география және қоғамдық-саяси терминдерді қазақ тілінде жасап, қолданады. Ә.Бөкейхан аудармаларының ХХ ғасыр басындағы жариялануы. Оның қазіргі уақытқа дейін әлихан­тану­шылар тарапынан жинақталып, жұртшылыққа ұсынылған мол мұрасының ішінде 1900 жылы «Дала уәлаяты» газетінің 10,11 сандарында жарияланған Л.Н.Толстойдан аударған «Сурат кафеханасы» («Суратская кафейная») атты көлемді әңгімесі алғашқы аудармасы деп саналады. Араға он үш жыл уақыт салып, бұл әңгіме 1913 жылы «Қазақ» газетіне жарыққа шыққанда оның 1, 3 және 4 сандарында «Дін таласы» деген атпен екінші рет жарияланды. Ал Л.Н.Толстой бұл шығарманы француз жазушысы Бернардин де Сен-Пьерден аударған.

1915 жылы «Қазақ» газетінің бір­неше санында Ә.Бөкейханның аудармалары жарияланды. Олар: Н.А.Маркстің «Ескі Қырымның сөздері» жинағынан аударған «Пайғамбарға хат» («Қазақ», 1915. №97.), «Азамат Юсуф» («Қазақ», 1915. №133), «Ешкі тау» («Қазақ», 1915. №134), «Герейдің жойылуы» («Қазақ», 1915. №135), «Құрбан қия» және «Сұлтан Сәли» атты екі әңгімесі («Қазақ», 1915. №136), Джеймс ­Барриден аударған «Ана күн» пьесасы («Қазақ», 1915. №115), Л.Н.Толстойдан аударған «Жұмыртқадай бидай» («Қазақ», 1915. №139), А.П.Чеховтан аударған «Қамелеуін» («Қазақ», 1915. №140), В.Г.Короленкодан аударған «От» («Қазақ», 1915. №141). Әлихан Бөкейхан Мәскеуде КСРО халықтарының орталық баспасында қазақ секциясының әдеби қызметкері болып еңбек еткен 1922-1927 жылдары көркем аудармаға көбірек ден қойған. Оның көркем аудармаларының басым бөлігі осы кезеңде 1923-1927 жылдары жарыққа шықты. Ә.Бөкейхан орысшадан аударған В.Г.Короленконың «Мақардың түсі» әңгімесі 1923 жылы Мәскеуде жеке кітап болып басылды.

Біз анықтаған аудармалардың барлығы да ескіні жаңартып, ұмыт қалғанды ояту мақсатында жарық көрген. Әлем әдебиетінің сол кездегі үздік шығармаларын қазақ қоғамына жылдам жеткізіп отырған Ә.Бөкейхановтың негізгі мақсаты орындалды десе де болады.



2.1. Ә.Бөкейханов аудармаларының тілдік ерекшелігі

Ә.Бөкейхан аудармаларының мәтіндеріне мән берсек, оның дәлме-дәл аударған жерлері басым. Ол – болмысынан ғылыми дәлдікті, нақтылықты ұнататын, шамалап, жуықтап айтып-жазуды жаны қаламайтын, шұбалаңқылықты, көпсөзділікті жек көретін тұлға. Алайда оның аудармаларын тұтастай алып қарағанда бейімделген аударма, барабар аударма (толыққанды аударма) үлесі басым деуге негіз мол. Себебі қай аудармасын алып қарасақ та, онда бастан-аяқ дәлме-дәл аударма талаптарын қатаң орындап, түпнұсқа мәтінге бағынышты болып отырмайды. Орыс тілін жетік меңгерген, оның тереңіне бойлап, ұңғыл-шұңғылына үңіле алатын, мәтін астарында жасырынып жатқан ақпаратты да ұға білетін, стиль ерекшеліктері мен талаптарын жақсы ажырата алатын білім иесі Әлихан Бөкейхан дәлме-дәл аударуға толық мүмкіндігі бола тұра неліктен кейде осындай қадамға, адекватты аудармаға, бейімдеп аударуға барды? Мұның сырын аударма талаптары мен аудармашы ұстанымының сәйкесу-сәйкеспеуін салыстыра айқындасақ қана ашуға болады. Дәлме-дәл аударманың негізгі мақсаты түпнұсқа тіл мәтініндегі барлық ақпаратты сол күйінде жеткізу. Аудармашы қыр баласы бұл мақсатты жақсы біледі әрі оны барынша орындауды көздейді. Алайда дәлме-дәл аудармада мәтін аударылған тілдің оқырманына, адресаттың қабылдауына бейімделмейді. Қайта түпнұсқаның пәндіклогикалық мазмұнын барынша сақтай отырып, аударылған тілдің жанрлық-стильдік қалпынан, стильдік және тілдік нормаларынан ауытқуға рұқсат етілдеі. Міне, дәл осы талапқа келген кезде аудармашыда мүдде қайшылығы пайда болады. Өйткені ол ең алдымен өзі қызмет етіп отырған елді, сол елдің тілін, мәдениеті мен наным-сенімін 130 Ш. Құрманбайұлы Turkic Studies Journal 2 (2023) 122-137 құрметтеп, сақтау және соған лайық өнім ұсыну қажет деп санайды. Әлихан Бөкейхан қандай аударма жасаса да, түпнұсқаны мағыналық-формалық тұрғыдан барынша дәл жеткізуді мақсат ете отырып, адресатты ойлайды. Ал оның адресаты – қазақ қауымы. Бейімделген аударма мен барабар (адекватты) аударма талабы бойынша адресаттың әлеуеті, талап-тілегі мен қабылдау мүмкіндігіне қарай мәтінді өңдеуге, оған өзгеріс енгізуге болады. Осы талап қазақ жұртының қамын жеп, оның мәдениеті мен тілінің таза сақталуын көздеп өткен ұлт зиялысының мүддесіне сай келеді. Тек осы себеппен ғана ол бір шығарманы басынан аяғына дейін дәлме-дәл аударып, аударманың осы түрінің талабын бұлжытпай орындап отырмай, мәтіннің кейбір жеріндегі өзге мәдениет пен өзге тілге тән ерекшеліктерді өз ұлтының танымы мен тілінің табиғатына икемдеуге мүмкіндік беретін аударма түрін – бейімдеп аударуды, барабар аударманы таңдайды. Аудармашы шығармашылық үдерісінде ешқашан өзіне жеңіл, қолайлы жолды іздемеген, ол тек аударманы оқырманына лайықтап беруді ғана ойлаған. Яғни, аудармашы Қыр баласы өз аудармаларында бейімдеп аудару әдісін мақсатты түрде қолданады. Олай етпеген аудармашыларды сын тезіне алады. Мәселен, Ю.Вагнердің «Су туралы әңгімелер» кітабының қазақшасы туралы: «Жазушы (аудармашы А.Байтасұлы – Ш.Қ.) Вагнерге мұрнын тесіп, көшке тіркелген тайлақтай еріп, 44, 45-беттерде Ленинградты, ондағы патша заманындағы ерлерді байлап, матап салатын қорғанды салған жерге Нева өзені құмды, топырақты, тозаңды жиғанын жазады». Одан әрі ол қазақ даласындағы Әмудария, Ырғыз, Қабырға, Торғай, Шідерті, Өлеңті, Қылшақты, Мойынты, Жәмші, Тоқырауын сияқты өзендерді мысалға келтіріп, «Тарбағатайдың терістігіндегі, Шыңғыстың терістік шығысындағы өзендердің көрген күні де осы. Қазаққа кітап жазып, Нева өзенімен басын не деп ауыртамыз?» – дейді (Бөкейхан, 2016: Т. 12.: 130). Қазақ баласына арналған кітапта өз жеріндегі қаптаған өзендердің бірін мысалға келтірмей, алыстағы Неваны, одан әрі қазаққа таныс емес Қырымдағы Салғыр өзенін алғаны дұрыс емес деп санайды. Жалпы Ә. Бөкейхан аудармалары туралы сөз қозғағанда, «ол еркін аударған» деп жалпылама сипаттамай, мәтіннің қазақ мәдениетіне жат, оқырманға бейтаныс, түсінуіне ауыр бөлігін бейімдеп аударған.

Алаш қайраткері орыс әдебиетінің өкілдері мен Еуропа әдебиетінен тек классиктердің шығармаларын аударып қана қоймай, көлемді шығармалардың үзінділері мен шағын әңгімелерін жариялап отырған. Ең бірінші рет бүркеншік атпен жарияланған шығармасы аударма екені анықталған. «Жас Қайрат» журналының 1924 жылғы 6-санында «Соқыр мен көзді кісі» мысалын аударып, астына «Қара жаяу» деп қол қойған. 1925 жылы «Жетпіс жеті мысал» деген атаумен Эзоп пен Толстойдың мысалдары мен қықа әңгімелерін жинақ етіп басып шығарды. Осылайша аударма саласына мол байлық қалдырды. Аудармаларында бір мән беретіні – адам аттары қазақшаланған. Ақбала, Боздақ, Роза, Бектір, т.б. қазақ тілінің дыбыстық үндестігіне мән бере отырып, кальканың алдын алды. Жеңіл әрі тез оқылады. Кей аудармашылар сөзбе-сөз аударуды жөн көрсе, Бөкейхан сөздің де мағынасын өзгертпей, сюжетті де бұрмаламай әдемі жеткізген.

Көркем аудармаларының басым бөлігі 1920-1930 жылдар аралығында үздіксіз жарияланып отырды. Аудармаларының ішінде орыс классиктері Л.Н.Толстой, П.Чехов, В.Г.Короленко, Д.М.Мамин-Сибиряк сияқты жазушылармен қатар, Еуропаның өркениетті елдерінің қаламгерлері Ги Де Мопассаннан бастап, үнді, түрік тектес халықтарының әдеби шығармаларын да аударды. Олардың ішінде мысалдан бастап, көркем әңгіме, көлемді повесттерге дейін кездеседі. Аудармаларының басты тақырыбы адам құндылығы, адамды кемелдендіретін кәсіби шеберлік пен өзіндік мінез. Болмысы бөлек жазушы ағарту тақырыбынан өзге саяси-әлеуметтік мәселелерді қозғаған. Аударма саны қаншалықты көп болса, тақырып жағынан да сонша алуан. Тіл, діл, махаббат, мемлекет, бауырмалдық, ұлт мәселесі, бәрі бір Әлиханның аудармаларынан табылады. Аударма сапасынан өзге лезде қазақ халқына жеткізіліп отыруы туралы Алаш әдебиетін зерттеп жүрген PhD докторы Қ.Әубәкірова былай деп пікір білдіреді:

«М.Горький «Всемирная литература» баспасын ашып, әлем әдебиетіндегі таңдамалы шығармаларды 1-2 жыл көлемінде орыс тіліне аударып, оқырманға ұсынып отырған. Соның пайдасы, алаш арыстары орыс тіліндегі тамаша туындыларды бірден қазақ тіліне тәржімалаған. Мысалы, Джек Лондонның 1911 жылы Хэмптон журналында шыққан «The Strength of the Strong» әңгімесі 5-6 жыл көлемінде қазақ оқырманына жетті. Ал, қазір, біз Хәрри Поттердің өзін 11 жылдан кейін әзер дегенде аударып, 11 жылдан кейін оқырманға ұсынып отырмыз. Он жылда Поттерды оқуға тиіс 13-15 жасар балалардың өзі отбасын құрып, ата-ана атанып кетеді немесе орыс тілінде оқиды. Сөйтіп, қазақ әдебиетіне деген сенімсіздік қылаң береді. Ал, аударылмай қалғаны қаншама?... Біз интернет дамыған ХХІ ғасырда алғаш мектеп ашып, сиямен жазу жазған ХХ ғасырдан артта қалып қойдық. Бүгінгі жалпы қазақ аударма саласының хәлі осындай. Мемлекет ұйытқы болуымен құрылған «Ұлттық аударма бюросы» енді ғана еңбек ете бастады. Оған да шүкір. Бірақ, тағы да бәз баяғы бірақ...» [4] Алаш арыстары алып империяны революциялық жолмен жеңе алмайтынын жақсы түсінді. Сондықтан интеллектуалды, сауатты шешім қабылдады. Ол – халықты дайындау, көзін ашу, білім-ғылымға жетелеп, біріктіру болатын. Осы бағытта талмай еңбектенді. Әрі қарай талдау, насихаттау – біздің, келешектің парызы.











2.2. Аудармалардағы өмір шындығы

Аударма жасау ісінде қазақта «Қыр баласы» деген бүркеншік атпен танылған Ә.Бөкейхановтың еңбегі зор. Үлгі алатындай алдында үлкен аудармашылық мектеп, қалыптасқан дәстүр, мол тәжірибе болмады. Соған қарамастан орысшадан қазақшаға аударудың хас шебері болуына әлемде елге танылып, оқырман сұранысына ие болған қадау-қадау шығармаларды аударды. Әлі игерілмей жатқан тың салаға бұл соқпақты кеңейту әрі жалғастыру Ә.Бөкейханның қолынан келді. Аудармашылықты кәсіпке айналдырған Ә.Бөкейхан еңбектері бүгінде әлі маңызды.

Ұлт көсемінің білімі, әрлі тілі мен қоңыр аурасы бөлек сезім. Аударма тілі бағзы қариялар көсіп-көсіп аңыз айтқандай, шешендер шер­леніп дауға түскендей шебер, бай тілмен қиюласқан. Шығармаларда аудармадан гөрі нәзиралық үлгі басым. Құдды Мопассанды бір ғана оқып шығып, өз сөзімен қайта жазып шыққандай. Мәсе­лен, «Жарасын алдырған ана» атты әңгі­менің аудармасына назар салалық.

«Бұл – менің өлгендегі сүйген же­рім. Мәжнүннің Ләйлісіндей көңілді ар­бап, өзіне тартатын жер. Пенде, шіркін, асыл жарымен қауышқан жерін қалай ұмытпайтын болса, мен де шаттыққа кенелген мына жерді, бұлақты тауды, сарқыраған өзенді, бұйраланған орманды ұмытпаймын. Шомылсақ, қо­ңыр салқын бұлағы бар, масатыдай жай­наған құрағы бар. Балығы тайдай тулайтын, бақасы қой­дай шулайтын, шырмауығы шөккен түйе таптырмай­тын, балығы көлге жыл­қы жаптырмайтын жанға сақтау болған жер еді». Міне, нәзиралық үлгі! Әлбетте, түпнұсқада Мәжнүн мен Ләйлі де, Қазтуғанның жырында келетін те­ңеулер де жоқ. Бөкейхановтың Абай үлгі­сімен автордың өзінен асырып ауда­ру қабілеті таңырқарлық.

Мопассанның «Ажал төсегінде» ат­ты әңгімесі неге екені белгісіз «Кү­зет­те» деп аударылған. Бәлкім, Бөкей­ха­нов ойдың тиянағын көздеп, кей­бір сөз­дерді сол уақыттағы қазақ ұғы­мы­на түсінікті, анық етіп аударса керек. Шы­ғармада аудармашының өзі қос­қан теңеулер, сөз тіркестері жетіп артылады. Шопенгауердің (Бөкейханов «Шепенгауер» деп аударған) өмірінің соңғы сәті, ажал жанын алған мезеті суреттелетін шығарма желісі қызықты, бірден еліктіреді. «Күйін де ашулан, ішің жарылсын, ол мықты Шопенгауер еді. Ойға ойды соққанда қарсы беттегі адамның тілін кесіп, жон арқасын дүре­леп, өшпес таңбасын басып жіберетін». Мәселен, осындағы екінші сөйлем Мо­пас­сан шығармасында кезікпейді. Бірақ сөй­лемнің қаншалық үйлесім тауып, жым­дасып тұрғанын бағамдап көріңіз.

«Ақсақ кемпір» атты шығарма­ның ажары тіпті де өңге. Бөкейханов Мопассан кеңістігінен тіпті алыстап кетіп, өзінше көсіледі. «Жастағы бір көргеннің жұртқа қайтқан қозыдай ойыңа келеді де тұрады. Асық аруды алғашқы құшқан жердей ойыңды ерке­летіп сипайды. Талай жасқа келдім. Екі жасымнан біздің үйде жүрген ақсақ кемпір есімнен кетпейді. Тұрсам да, жалғыз қалсам да ойымды жайлайды да тұрады». Әңгімеде Бөкейхановтың жанынан шыққан теңеулер кезігеді. «Ақсақ шешем аяңшыл аттың тымақты алшысынан тастаған аяңындай сусылдап ісін істеп, осындай әңгімені ісіне қосарлап, желдіртіп айта береді» немесе «Әнештің әңгімесі осы. Бұл Ақжүніс, Баян сұлу секілді әйелдің тобынан шыққан сұлу еді ғой» дейді бірде. Француз ұлты­ның өкілі Ги де Мопассан шығармасында Ақжүніс пен Баян сұлу қайдан жүрсін? Міне, аудармашы шеберлігі, аудармашы дегдарлығы.

Шығармаларда адам аттары да қазақ­шаланған. Ақбала, Боздақ, Роза, Бектір сынды есімдер бар. Байтұрсын­ұлы­ның шеттен келген әр сөз ұлттың диірмені­не салынып барып қолданылуы жай­лы айтқан тұжырымы бар-тын. Бөкейханов әр сөзді қазақ тілінің ды­быстық үндес­тігіне сәйкестендіріп, жеңіл, оқы­лымды етіп аударған. Қазіргі аударма кітаптардың көбіне ортақ қателік – көшірмеге (калька) ұрыну. Автор қалай жазса, дәл солай сөзбе-сөз аударумен шектелетін аудармашылар еңбегі қолтырауын арқасын­дай бұжырла­нып тұрады. Сондықтан да болар мүйізі қа­рағайдай авторлар­дың да аудармасын оқып шығу асқан сабырлықты қажет етеді. Егер әр шы­­­ғарма Бөкейханов ­аударма үлгісі негізінде аударылар болса, қазақ руханиятына өлшеусіз қа­зына болып құйылар еді.

Мәселен, Бөкейхановтың Мопас­санның «Франсуаза» атты шығармасын Толстойдың аудармасынан аударғанына сенемін. Толстой еңбектерін аударып, дана ақсақалды жақсы көргенін ескерсек, бұл күмән туғызбайды. Мүмкін алғаш рет Мопассанмен Толстой арқылы танысқан да болар. «Франсуазаның» Толстой аударған мәтінімен Бөкейхановтың аудар­масын салыстырып көрелік.

Толстойда: «Он поднялся, отстранил ее от себя и, схватив своими большими матросскими лапами ее голову, пристально стал вглядываться в ее лицо. Мало-помалу он узнал в ней, наконец, ту маленькую, тоненькую и веселенькую девочку, которую он оставил дома с теми, кому она закрыла глаза», деп аударылған жолдар Бөкейхановта: «Ағасы күрек­тей алақанымен қарындасының титімдей басын құшақтай алып, екі бетінен шө­пілдетіп сүйе бастады. Көкірегін қарс айы­рардай бір өксік тоқтаусыз құйылып жатты. Бұл нағыз еркектерде ғана болатын өзек өртерліктей ащы өксік еді. Жүрегін солқылдатып, бауырын өртеп, кеудесін қанжармен тілгілеп жатты», деп тәржімаланады. Толстойда «жүзіне тіке қарады» десе, Бөкейхановта «екі бетінен шөпілдетіп сүйе бастады» дейді. Әрі қарай тіпті аудармашы өз қиялымен, өз сезімімен, қазаққа тән аямшақ, жана­­шыр, кеңжүрек мінезбен негізгі мә­тін­де жоқ сөйлемдерді меруерттей тізбе­ле­ген. Сірә, қазақ оқырманы үшін, жал­пы халықты ағарту мақсатында жасал­ған еңбек екені осы тұста да тағы бір сезіледі. Қазақ ренессансын туғызып, қалғып кеткен қазақ даласын қайта оятып, қайта өрлеткен алаш оқығандарының қай-қайсы да ізденімпаз, шетінен білімдар, шетінен талантты еді. Сол себепті олардың бір-біріне берері де, бір-бірінен алары да аз болған жоқ. Елдік, еркіндік үшін жан аямай күресе жүріп, қазақ даласына білім шуағын шашып, ғылым сәулесін сепкен үркердей топтың арасынан маңдайы жарқырап ұлт көсемі Әлиханның шығуы кездейсоқ құбылыс емес.


2.3. Ги де Мопассанның «Симонның әкесі» әңгімесіндегі заман бейнесі

Ә. Бөкейханов аудармалары – жеке тақырып, жеке зерттеу нысаны. Ұлт оқырмандарына тұңғыш рет Мопассанды таныстырған да Бөкейханов болатын. Оның аудармаларындағы идея, бала тәрбиесі, отбасы құндылығын анықтап, қазіргі заманмен салыстыру, нақты статистика келтіру қазіргі таңда өзекті болып отыр. Қазақ қоғамына әлем классиктерінің шығармаларын ұсына отырып, автор өзімен рухтас, үндес тұлғалардың тәсілдерін әдемі қолданады. Аудармалардың идеялық ерекшелігін талдау қажеттілігі осыдан туындап отыр.

Ұсынылып отырған зерттеу жұмысы аударманың тақырыптық-идеясын ашуға негізделген. Француз жазушысы Ги де Мопасанның 1879 жылы жазылған «Симонның әкесі» әңгімесін орыс жазушысы Григорий Алексеевия Рачинскийден аударған – Әлихан Бөкейханов. Әлиханнан өзге Алаш арыстары аударманы қазақ оқырманының интеллектуалды деңгейін көтеру, ойлау диапазонын кеңейту және алаш идеологиясын насихаттау жолында өте сауатты пайдаланған. Оның бірі бүгінгі зерттеу обьектісі болып саналатын «Симонның әкесі» әңгімесі. Ги де Мопассанның да анасы жастайынан жесір қалғандығын, болашақ қаламгер әкесіз өскен. Шығарма тек бір автордың емес, сол қоғамдағы бірнеше адамның басындағы жағдай екендігі сөзсіз. Шығарма арқылы автор, мәселенің оң шешімін табуына, елді бір сәт ойлантуды көздегендей.

Әңгімеде негізгі мәселе – әкесіз өсіп келе жатқан ұл баланың әкені аңсауы, замандастарынан көрген әлімжеттігі, отбасы институты мен адами құндылықтар.

Аударма әкесінің кім екендігін білмей, тіпті, “әке” атты ұғым жайлы да аса түсінігі болмаған Симон атты мектеп табалдырығын енді аттаған баланың басынан өткен кезеңі жайында. Мектепке барған сәтінен ол жанындағы басқа балалардан “сенің әкең жоқ” деген сөзді естиді. Оған дейін әке жайлы сұрап та, біліп те көрмеген балаға бұл үстіне суық су құйып жібергендей әсер етеді. Тіпті, өзіне қол жұмсауға дейін барады. Өзге балалардың бұл қылығына олардың үйдегі аналарының сөз тасуы себеп еді. Еркек атаулыға реніші бар Симонның анасы Ақбаланы жерден алып жерге салып жүрген аналарының қылығын ешбір бала “өзгені жамандау дұрыс емес” немесе “менің анам да қателесіп, теріс пікірде” деп бағаламайтын. Анасының сөзі - заң, ісі - үлгі. Симонның “мәселені”- өзіне жасалған психологиялық қысымды өзіне қол салумен шешкісі келуі болса, бала өміріндегі қандай да бір кемшілікті көрсетсе керек. Бәлкім, ол - дәл осы әкесіз өсуі. Өзенге теріс оймен келген баланы айналадағы түрлі дүниелер алдарқатып, ойын өзгерткісі келгендей болады. Ақылын сезімі жеңіп отырған бала сол сәтте арқасына ыстық алақанның тигенін байқайды. Бұл оған көмекші болғысы келген болашақ әкесі Филип еді.Баланы үйіне апарған Филипті  баланың анасы күтіп алады. Жай-жапсарға қанық болған ол көз жасын тоқтата алмай, баланың бетінен сүйе береді.Осыдан кейін бала ішкі толқынысы басылмаған күйі Филипке өзінің әкесі болуын өтінеді. Филип болса, баланың көңілін жыққысы келмей, қалауын орындайтынын айтады. Кішкентай баланың бар арманы орындалғандай болып, мектепке “енді менің әкем бар” деп баратын болады. Алайда, мәселе онымен біте қоймайды. Балалар оған: “Ол сенің әкең болуы үшін, сенің анаңның байы болуы керек,” -дейді. Бұны да өтіну үшін бала әлгі Филип істейтін шеберханаға барып, болашақ әкесімен жолығады. Кешке баратынын айтқан ол, уәдесінде тұрып, кешкілік Ақбала мен Симонның үйіне келеді. Ақбала оны қабылдайды. Сөйтіп, бала Филиптің баласы болып шыға келеді. Одан кейін оны ешкім мұқатуға да, ренжітуге де батылы бармады. Шығармада елдегі өсек-аяң, балаға байқамай берілетін нашар үлгі, жалғызбасты аналар, әке қамқорлығына, тәрбиесіне мұқтаж балалар секілді аса өзекті мәселелер сөз болған.

Әлихан Бөкейханның «Симонның әкесі» аудармасында көтерілген мәселенің бірі – жалғызбасты ана және оның жағдайы. Бұл мәселе қазіргі кезде өте өзекті. Жалғызбасты ата-аналар түрлі жағдайдың құрбаны. Қазіргі уақытта Қазақстанда да жалғызбасты ата-аналар санының өсуі байқалады. Статистикаға сүйенсек, некелердің 40% дерлік бұзылады Ұлттық статистика бюросының соңғы мәліметі бойынша, Қазақстанда 18 жасқа дейінгі 4,7 миллион балалар мен жасөспірімдер тұрады. Оның 3,4 миллионы толық отбасында тұрады, 711 мың кәмелетке толмағандар тек анасының, 300 мыңы әкелерінің тәрбиесінде.

Аударма мәтініндегі бас кейіпкер Симонның қатарластарынан әлімжеттік көруі, қысмға ұшырауы, заман тілінде айтсақ, «буллинг» деп аталса, өз-өзіне қол салу «суицид» деп аталады. Бүгінде буллинг әлем мектеп­те­рінде кеңінен таралып отыр. Буллингтің бұл сатысын көтере алмаған кез келген адам суицид жасайды. Әңгімедегі Симон қазір арамызда, тіпті әр сыныпта болуы мүмкін. Себебі, статисткадағы ажырасқандар саны, жалғызбасты аналар саны күннен-күнге көбеюде.




















ІІІ. Қорытынды

Цензура – бақылау, шектеу. Ал әдебиеттегі цензура өз “үлесін” қосып келеді. Билік жүргізіп отырған саясаты, басқарушылардың өзіне қатысты жазылған ойлар кері әсер етеді, түпкі мақсаттарының орындалуына, беделдерінің сол күйінде қалуына кедергі болады сынды себептермен үнемі әдеби шығармаларға, суретке-өнер атаулыға цензура жасалып отырған. Бүгінгі бізге жеткен көп дүние сондай қатал цензурадан аман өткен шығармалар екенін және көп шығарманың дәл сол цензурадан өтпей, бүгінге жетпегенін ескеруіміз қажет. Цензураның екінші бір тұсы да бар. Ол оның әдебиетті жанрлық жағынан дамытуында. Мысалы, М.Жұмабаевтың “Жүсіп хан” атты әдеби ертегісі тойымсыз хан жөнінде. Бір қарағанда қарапайым хан болып көрінеді. Алайда Жүсіп дегеніміз  Юсуф, Юсуф дегеніміз Иосиф, Иосифіміз сол кездегі басқарушы Иосия Сталин екендігін бірі білсе, бірі білмейді. Міне, қаламгерлеріміз осындай көркемдік тәсілдер, жолдар арқылы цензураны айналып өтіп, ойындағысын бүкпелеп болса да қағазға түсіруді жөн көрген. Ал, ашық жазылған қарсылық жазаланатындығына тарих куә. Ә.Бөкейхан әкесіз өсіп жатқан отбасылар мен балалар тағдырын оы бір әңгіме арқылы баяндаса, әлі күнге өзектілігін жоғалтпады. Өйткені отбасы құндылығы – рухани құндылықтың шыңы. Басқа адамдардың тағдырынан үлгі алып, жақсылық пен мейірімділікке үндейтін шығарма әлі де нсихатталуы тиіс. Себебі махаббат пен мейірімді көркем суреттейді.

Аударма мәтінін терең талдау арқылы заманауи проблема ғана аталмай, аударматану ғылымына әлі мән берілмей, зерттелмей келе жатқан тұсын ашып көрсетуге тырыстық. Ұлт пен ұлысқа қарамастан, адам үшін басты құндылық отбасы, ал бала болашағымыз екенін тағы бір еске салуға жұмыстандық. Болашақта бұл тақырып әлі де талдауды қажет етеді. Және зерттеу жұмысы негізінде әдеби айналымға енгізіп, өз дәрежесінде насихаттау қажет. Аудармалар қазақ руханиятына қосылған шексіз байлық іспеттес. Ұсыныс: Ғылыми негізде жүйелеп, оқулыққа енгізу

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:


  1. Шерубай Құрманбайұлы, «Ана тілі» газеті, 15 маусым, 2017 жыл.

  2. https://adebiportal.kz/kz/news/view/22814?fbclid=IwAR2ovzdFrZCnkUHgJiGNeoFER-XicYfZS3clZ3xqzcJkzWCNYLhHDDFfJyA

  3. Ә.Бөкейхан шығармаларының 9 томдық толық жинағы, Астана-2013: 6-том, 461-б.

  4. https://qazaqadebieti.kz/30936/lihan-b-kejhan-audar-an-mopassanny-gimeleri

  5. https://islam.kz/kk/articles/atatanym/alihan-bokeihan-din-talasy-audarma-1626/#gsc.tab=0

  6. https://egemen.kz/article/321270-bokeykhanov-audarmasy

  7. https://egemen.kz/article/321270-bokeykhanov-audarmasy

  8. Б.Әбдіғали. Алашорда әскері. Астана – 2019, 560 бет.

  9. https://liter.kz/kazahstan-godami-ne-mozhet-reshit-problemu-suiczidov/

  10. https://liter.kz/kazahstan-godami-ne-mozhet-reshit-problemu-suiczidov/

  11. https://tengrinews.kz/kazakhstan_news/sta-podrostkov-pokonchili-soboy-nachala-goda-kazahstane-448653/

  12. https://mk-kz.kz/social/2021/09/22/strana-samoubiyc-kazakhstan-poprezhnemu-v-liderakh-po-chislu-suicidov-sredi-naseleniya.html

  13. https://ru.wikisource.org/wiki/Папа_Симона_(Мопассан)

  14. https://ust.kz/frontend/web/materials/pdf/files/1607855368.pdf

  15. Мұхамедханов, Қ. Әлихан Бөкейханов [Мәтін] /  Қ. Мұхамедханов // Семей таңы. - 1990. - 17 қаңтар. - Б. 3-4; Қазақ әдебиеті. - 1990. - 8 маусым - Б. 10-11; 15 маусым - Б. 10-11.

  16. «Алаш» қозғалысы. Алматы, 2008. ISBN 9965-32-715-7


Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!