Мінез адамның ішкі әлемінің
айнасы. Жүсіп Баласағұн «Кісіге екі дүниеде пайдалы – ізгі іс
немесе мінезі түзулік. Екіншісі – ұят, Үшіншісі – әділдік. Бұл
үшеуі арқылы адам шын бақыт табады» - деген. Бұл тұста ұят пен
әділдік мінездің сыңары екенін ойда ұстау қажет. Білім ізгілікке
жұмсалмаса, оның пайдасынан зияны артуы әбден мүмкін. Сондықтан
Шығыс даналығы адам мінезінің көркемдігін алдыңғы орынға шығарса
керек. Адамзатты өркениет шыңына жетелеген ойшыл Әбу Насыр әл
Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек.
Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте
оның өміріне қауіп әкеледі» - деген екен. Елге адал қызмет етер
адам – әділдік, жоғары моральдық жауапкершілік, кәсіби білім,
оларды тәжірибеде қолдана білу, адалдық және парасаттылық, белсенді
өмірлік ұстаным сынды қасиеттерге ие болуы басты міндет. Еліне
қызмет етерде алар үлесі басым мінез-құлық жайлы сөз болғанда Хакім
Абайға тоқталмай кете алмаспыз. Алаштың Абайы «Тегінде адам баласы,
адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» -
деген сөзін тілге тиек етіп, білім мен мінездің, ардың адам
өміріндегі орнына ерекше тоқталған. «Ғылымды, ақылды сақтайтын
мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзылмасын! Көрсе қызарлықпен,
жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа
шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады», - деп
ескертеді. Дана Абай әсіресе адамның танымдық қызметін арттыратын
мінездің қырына баса көңіл бөледі. Ол жастарды білім-ғылымға шақыра
отырып, төк қажырлылықтың, құштарлықтың арқасында ғана ғылымға қол
жеткізуге болатынын айтады. Адамның көңілін көтеріп, бойына қуат
беретін сезімдердің бірі – өзгеге еш міндетсінбей қол ұшын
беру. Ар-ожданы таза адам ғана бар шынайы көңілімен өзгенің
керегіне жарайды. Адамды көздеген мақсатына, асыл арманына
жеткізетін, ғылым-білімді меңгеруге мүмкіндік тудыратын жан
қуаттарының бірі – ерік-жігер, қажыр-қайрат. Ерік-жігер адамның ез
мінез-құлқын меңгере алу қабілеті, оны әр түрлі кесапаттардан,
пайдасыз құмарлықтардан қорғайды. Абайдың айтуынша «жан қуаты деген
қуат бек көп нәрсе... Бұл қуаттың ішінде үш артық қуат бар... ол
жоғалса, адам баласы хайуан болды, адамшылықтан шықты» - деп,
адамның өзі таңдап түскен жолынан таймауына ерік-жігері мен
қажыр-қайратының ғана кезектесетінін еске салады.
5
Өмірде мамандықтың түрі көп.
Әр мамандықтың өзіндік ерекшелігі бар. Дәрігер адамдарды емдесе,
мұғалім оларды оқытады, әнші ән айтады, құрылысшы үй салса, тігінші
киім тігеді. Тағы басқа да мамандықтар туралы айта беруге
болады.
Адамдар
мамандықты жүрегінің қалауы бойынша таңдауы керек.
Өйткені, әрбір адамның болашағы таңдаған мамандығына тікелей
байланысты. Өз ісін жақсы көріп, үлкен жауапкершілікпен
атқарғанда ғана адам өзін бақытты сезінеді екен. Жас
ұрпақты білім нәрімен сусындатар, шәкірт жүрегіне гүл егер, бала
жанының бағбаны аяулы ұстаздар емес пе? Иә, ғылым иесі ғалым
да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақындар да, тегеуріне
темір балқытқан жұмысшы да, егін еккен дихан да, мал бағып терін
төккен шопан да бәрі-бәрі ұстаздан білім алған. Сондықтан ұлағатты
ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас
иеді.
Ұстаз - таудан арқырай аққан
тау өзені секілді, айналасына қуат беріп, жолында кездескендерді
суымен нәрлендіріп, таудай қиындықтарды тастай домалатып, білімнің
сар даласында тыныштық тауып, дамылдайды. Ұстаз - Жер деген әлемнің
бетін көркейткен, шәкірттеріне шуақ төккен Күн-Ана. Ұстаз – ақылдың
тозбайтұғын асылы. Қасиетті мамандық иелерінің ішіндегі жауһары.
Өзге мамандық атаулылары өздерінің түр-сипатын мың құбылтып жатса
да, еш өзгеріссіз сол бәз баяғы қалпында жас ұрпаққа адамгершілік
қасиеттердің дәнін еккен диқаншы.
Менің мамандығым –
мұғалім. Қиындығы мен қызығы мол осы мамандықты бала
күнімнен армандадым. Адам баласына көмектесу – игілікті істердің
бастамасы. «Бала жүрегі- кішкентай күй сандық. Сол сандықтың кілтін
тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт тұру
керек» - деп, М. Шаханов ағамыз айтқандай, әр баланың
жүрегіне жол табу, бала бойындағы дарынды ашу мұғалімнің ең басты
міндеті деп ойлаймын. Күнделікті таңертең мектеп ауласына
жақындағанда, балалардың сыңғырлай күлген дауыстары мені қуанышқа
бөлейді. Алдымызға келген балалар - біреудің маңдай алды жарығы,
енді бірі – жал дегенде жалғызы, бірі – ерке, бірі – қой аузынан
шөп алмас момыны. Маңдай алды жарығын Таңшолпандай жарқыратып, жал
дегенде жалғызды көпшілдікке үйретіп, қой аузынан шөп алмасты
ортада жарқылдап сөйлер шешен қылып тәрбиелеу үшін қажымас қайрат
пен батырлық қажет.