400 000+ дайын материалды
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар және авторлық материалдар
4 990₸/ 1 жыл
🔥Арнайы баға ·10.12.2026 дейін
Одан кейін - 29 990 ₸
Бір рет төлейсіз · Автотөлем жоқ
Тақырып бойынша 31 материал табылды

Әдептілік адамдықтың белгісі

Материал туралы қысқаша түсінік
Оқушыларды әдептілікке баулу
Материалдың қысқаша нұсқасы



















Shape1



















Әдептілік-адамдықтың белгісі


Сөйлей білу – үлкен өнер;
Шын сөйлеу – әдептіліктің ең негізгі белгісі; Сөйлеу әдебіне қатысты айтылған ұлағатты сөздер

Адамның адам болып тұлғаланып, кемелденуінде сөздің атқарған рөлі баға жеткісіз. «Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» дегендей, адамдар бір-бірімен сөз арқылы ұғысып, танысып, жақындасып, өзгені де, өзін де сөз арқылы танытады. Сөз – адам үшін тәрбие құралы, білім-білік, мәдениет, өнер бастауы, түп-тұқияннан бері жасалынып дамып келе жатқан ақыл-ой жәдігерлігі, әсемдік қазынасы.

Ел бастау қиын емес –

Қонатын жерден көл табылады.

Қол бастау қиын емес –

Шабатын жерден ел табылады.

Шаршы топта сөз бастаудан қиыны жоқ, – деп Бұқар жырау айтқандай, қазақ халқында «Өнер алды – қызыл тіл», «Тіл тас жарады, тас жармаса, – бас жарады», «Сөз жүйесін тапса, мал иесін табады» деген мақалдар бар. Бұл – халқымыздың тіл құдіретін танып, әрі өте ардақтағанын көрсетеді. Халық қашан да сөздің адамдар арасындағы атқаратын қызметіне, сөйлеудің нарқына және қай жерде қалай сөйлеуге айрықша мән берген.

Қалай да сөздің адамға жағымды немесе жағымсыз әсері орасан зор екені даусыз. Біздің халықтарымыздың «Жылы-жылы сөйлесең, жылан да іннен шығады» деген тамаша мақалы жылы, жағымды сөйлеудің қаншалық керемет күшке ие екендігін аңғартады. Халық жырларымызда азуын айға білеген айтқыш ділмарларымызды тілінен «тәтті айтқанда, – бал тамған, ащы айтқанда – қан тамған» деп сипаттаған.

Адамның қоғамда өз орнын табуында, көпшілік құрметі мен сеніміне ие болуында, кемел ғұмыр кешуінде орнымен, дәмді, дәйекті сөйлей білуі, тауып айтатын тапқырлығы үлкен рөл атқарады. Өйткені, ақылы, кемел, кісілігі зор, білімі мол адам ғана солай сөйлей алады. Ондай қисынды, қысқа қайыратын қызықты, айшықты да әділ сөзді халық ұйып тыңдап, «тура сөз» деп уәжіне тоқтаған.

Орынды сөйлеу, қисынды сөйлеу – ол да бір дара бақыт. Сондықтан, әр елден шыққан арғы-бергі заман даналарының, ақылгөйлерінің сөзі мен сөйлеулерінің маңызын аса жоғары бағалап, ой толғамағаны жоқ десе де болады. Ұлы ақын Абай тіл құдіретін:

Өткірдің жүзі,

Кестенің бізі,

Өрнегін сендей сала алмас, – деп тамсана бағалаған.

Дегенмен, адамның мейірін қандырып, мерейін өсіретін – құр жағын жанып, тілін безеп сөйлей беру емес. XI ғасырда өмір сүрген тәжік шайыры Кайкавус: «Ұқыптылық атаулының ішіндегі ең жақсысы – ұқыпты сөйлеу», – дейді. Бұл жерде әңгіме сөздің тұжырымды, айқын, бейнелі болуы жайында екені түсінікті. Сөйлеудің тағы бір аса маңызды қасиетін аша отырып, өзбектің ұлы ойшыл ақыны Ә.Науаи: «Ас тұзбен дәмді, су мұзбен дәмді. Ал адам салиқалы, сапалы сөзімен мәнді», - деп көрсетеді.

Сыпайы, келісті сөз сөйлеушінің абыройын арттырады, жақтастарын көбейтеді, көптің ықыласына бөлейді.

Әрине, сөйлей білу – үлкен өнер. Ол арымай-талмай шешендік сырын зерттеуді, жаттығуды, мол білімді, ой өрісі мен қиял кеңістігін қажет етеді. Абай: «Тіл өнері – дертпен тең», - деп өткеннің сабағын, өз басынан кешкеннен шығарып айтып отыр.

Әсем сөйлеуге көп тыңдап, көп оқып, халықтың ауыз әдебиетін, әсіресе айтқыштық пен терең ойдың інжу-маржандары – мақал-мәтелдерді жетік біліп, сырына үңілу арқылы, кітапты көп оқу арқылы жаттығып төселеді. Халықтағы «Ақылды адам сөзді нақылсыз айтпайды. Бір айтпаса нақылды – ақылсыз айтпайды» деген тұжырым содан шыққан. «Жүздің көркі – сақал, сөздің көркі – мақал» деген де соған меңзейді.

Сөйлеудегі ең жақсы қасиет – ой-пікірін қысқа әрі дәл айтып жеткізушілік. Алтын, күміс, гауһардың қымбат саналуы – олардың аздығы, тазалығы десек, қысқа, қоспасыз, ұғымды сөз де қадірлі. Орыстың аса шебер жазушысы А.П.Чеховтың: «Қысқалық – таланттың сыңары», - деуі де сондықтан. Ғұламалар көп нәрсенің қадірі болмайды дегенді айтады. Мұның сөйлеуге де тікелей қатысы бар. Бұрынғының даналарынан қанша көп сөйлесең, сонша аз айтасың деген нақыл қалған. «Көп сөйлеген езбе болады, көп қыдырған кезбе болады», «Көп сөз – көмір, аз сөз –алтын», «Көп сөйлеген я жолдасынан, я құрдасынан айрылады», «Жақсы байқап сөйлейді, жаман шайқап сөйлейді», «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі», «Сөз қуған бәлеге жолығады», «Жақсы сөйлесе, аузынан гүл төгіледі, жаман сөйлесе, аузынан жын төгіледі», «Бір жақсы сөз мың сөгістен артық», «Жақсы сөйлеген ас жер, жаман сөйлеген тас жер», «Жақсының сөзі назалы, жаманның сөзі ызалы», т.б. халық мақалдарында сөйлеудің алуан түрлі сипаттары тамаша бейнеленген.

Әйтеуір сөйлей алады екем деп тасыраңдамай абайлап сөйлеу – ақылдылық, инабаттылық белгісі, өзің опық жеп, өкініп жүрмеу үшін, өзгенің жанына жазықсыздан жара түсірмеу үшін байқап, бағамдап сөйлеудің мәні ерекше зор. Қазақтардың «Айтылған сөз – атылған оқ», орыстардың «Сөз шымшық құс емес, ұшса, қайтып қонатын» деген мақалдары мен ежелгі скиф елінің шешені Анахарсистің: «Тіліңді, тәбетіңді, нәпсіңді тиып ұста», - дегендерінің түп төркіні бір жерден шығып жатуы тілге абай болудың жүрдім-бардым қарайтын мәселе емес екенін көрсетеді. «Тілімнен жаздым» деп кейіп, пұшайман болып жүрмес үшін, алдын-ала ойланып алуды әдетке айналдыру жақсы қасиет саналады. Бұл өзі – ғылымда да дәлелденген шындық. Атақты академик-ғалым И.П.Павлов адамдардың денсаулығын сақтауда, әсіресе, жүрек-қантамырларының сырқатына шалдықпауда айналадағы адамдар сөзінің әсері зор екенін анықтаған. Сондықтан, шәкірттерге айналасындағы адамдарға «ей», «сен» деп дөрекі тіл қатпай, «сіз» деп сыпайы сөйлеудің мәдениеттілік, ізеттілік қана емес, қарым-қатынасқа жұмсақтық, жайдарылық дарытатын күш екенін ұғындырып отырған жөн.

Жылы шырай – тек сәлемдескенде ғана емес, адамдарға тіл қатқанда, сөйлескенде де керек нәрсе. Сөйлеуге «ғафу етіңіз», «құлағым сізде», «ләббай» деген сияқты сөздерді орнымен кірістіріп отыру жағдайды жайландырып отыратыны есте болуға тиіс. Ондай жұмсақ, жайдары жүзділік сәлем беру, тіл қату, сөйлеуде қандай қажет болса, тыңдау үшін де сондай қажет сипат. Халықтың аса жоғары бағалап, «иман жүзді» дейтіні де содан шығады. «Жүзінде күлкі шырайы жоқ адам дүкен ұстауға тиіс емес» деп тектен-текке айтылмаса керек.

Отбасы мен қоғамда бұрқ ете түсетін үлкен-кіші ұрыс-керістер мен кикілжіңдердің түпкі себебі дөрекі, қопал айтылған түрпі сөз екеніне зер салып тексерген кісінің көзі айқын жетеді. Және дөрекі де, анайы ауыр сөз, дүт мінез бен тұрпайы қылық, тәрбие көрмеген, тас-бауыр, төмен адамдардан шығатыны белгілі. «Бұлттан шыққан күн ащы, жаман адамның тілі ащы», «Қорқақтың көзі үлкен, ақымақтың сөзі үлкен», «Білген тауып айтады, білмеген қауып айтады» сияқты мақалдар халық тәжірибесінен қорытылған шындық екені даусыз. Ондай сөздер қоғам ісіне ауыр зардап тигізіп, жеке адамның да көңілін қалдырып, жанын күйзелтеді. Ә.Науаидың:

Аузына келгенін айту – наданның ісі,

Алдына келгенін жеу – хайуанның ісі, – деуі де сондықтан. Тәрбиесі аз адамдар мәнсіз, орынсыз, дөрекі сөздердің ауыр зардаптар келтіретінінде шаруасы болмайды. Жас ұрпақты ондайлардан бойын аулақ ұстап, қандай жағдайда да «сұрқия сөздерді» (Абай) қолданбауға үйреткені абзал.


  1. 2. Әдепсіз сөйлемеу, дөрекі сөз айтпау, үлкендерге кішілік ізетпен тіл қату әдептіліктің негізгі шарттарына жатады. Тіпті, үлкен кісілер отырған жерде ділмарсып орынды сөз айтудың өзі де оғаш, ерсі көрінетін кездері болады.

    Сөйлеудің қасиеті әдептілігі мен әдемілігіне қоса сайып келгенде, шындығында. Жалған айту, өтірік сөйлеу кісілікке жатпайды. Тегінде шын сөйлеу – әдептіліктің ең негізгі белгісі.

    Сөйлеу кем дегенде екі адамның тілдесуінен тұрады. Кейде мұндай сөйлесуде әркім өзі көбірек айтып қалуға тырысады, екінші адамның да айтқысы келіп отырған сөздері барын ескере білмейді. Ал сөйлеу әдебі сол екінші әріптесіне үнемі назар аударып, оның да қалаған кезінде өз ой-сезімін білдіруіне мүмкіндік беріп, сезімталдық көрсетуде. Бұл – сөйлесудің мәнін арттырып, екі жақтың да қанағат сезімін тудырады. Көпшілік жағдайда сөйлеуге қатысқан адамдар өздері өте мәнді санаған ой-пікірлерін ортаға салып, бір-біріне жаңалықтарды, тың деректерді жеткізгісі келеді, өзін толғандырған мәселелер жөнінде басқалардың салиқалы, дәлелді пікірін білуге талпынады. Сондықтан, ондай сөйлесуге жеңіл-желпі қарамай, өз тарапынан лайықты ілтипат көрсетіп, ұстамды, ойлы жауап беру парасаттылық болып табылады. Өтіп жатқан әңгімеге қашан, қай мезгілде қатысуды бажайлай білу де – әдептілік белгісі.

    Жалпы алғанда, сөз орынды іске бағытталған, адамды рухани байытуға септігін тигізетін және сындарлы сипат та болуы тиіс.

    Сөйлесетін адамның мінез-құлқын, мәдени деңгейін өзіндік ерекшеліктерін білген, ескерген жөн. Мәселен, орынсыз әзіл айту, немесе оған қызықсыз әңгімені суыртпақтап тұрып алу, көңіліне дақ түсіретін жөнсіз мақтау не кінәлау, әйелдердің, айталық, жеке басына қатысты жайларды тәптіштеп сұрау, т.б. әдептілікке жатпайды.

    Сөйлесіп тұрған екі адамға үшінші адам қосылғанда, ол осыған дейінгі әңгіменің қысқаша мазмұнынан хабардар етілуі керек. Ал оны әңгімеге тартудың, араластырудың қажеті болмағанда, сөзді бірден шорт тоқтатпай «әншейін, өткен-кеткенді айтысып тұр едік», «жұмыс жайында сөйлесіп тұр едік» десе де жөн болады. Әңгіме үстіне үшінші адам келіп қалғанда оны қатыстырудың қажеті жоқ жәйтті ары қарай астарлап, жұмбақтап сөйлеу жараспайды. Әрі ол кісіге жайсыз, ыңғайсыз соғады, әрі күдік-күмән тудырады. Көптің ішінде сыбырласып жату да ерсі. Бұл басқаларға қолайсыз тиеді.

    Сөз арқылы өз ой-пікіріңді, сезіміңді, қуаныш-қайғыңды айтып жеткізу, басқаның да жан дүниесіне еніп, сыр-сипатын танып, өзара түсінісу жүзеге асады. Сөйлесу барысында біреуді риза етуге, көңілін жайландыруға, қиын-қыстау жағдайда дем беріп, жігерлендіруге, инабаттылық жолына бағыттауға болады.


    3. Әр адам өз ана тілінде сөйлей білуі керек. Ана тілінде сөйлеу, оған деген көзқарас адамгершілік, мәдениеттілік, тәрбиелік, әдептілік өлшемі болып табылады. Қай кезде де сөз құдіреті жоғары бағаланған. Сөйлеуге, тілге қатысты халық даналығында көптеген мақал-мәтелдер, тұщымды ой-дәлелдемелер, мәні жоғары ұлағатты, нақыл сөздер бар. 

    Тіл – ұлттың жан дүниесі. Тіл – идеяның, сезімнің, ойдың жанды көрінісі (Л.Н.Толстой).

    Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллегент емес деуге болады. Себебі, ол қандайлық мамандық білімі болса да рухани, ой тәрбиесінде сыңаржақ азамат болады (М.Әуезов).

    Әдемі сөз астың дәмін келтіретін тұз іспетті (Құтып).

    Тіріні көрге салатын да сөз,

    Өліні тірілтіп алтын да сөз (Ә.Науаи).

    Сөзіне қарап кісіне ал

    Кісіге қарап сөз алма.

    Шын сөз қайсы біле алмай, 

    Әр нәрседен құр қалма (Абай).

    Қажет сөздің бәрін айту, бірақ артық сөз айтпау, - нағыз шешендік деген, әне, сол (Ф.Ларошфуко).

    Әдептіліктің алды – абайлап сөйлеу (А.Югнаки).

    Анық түсініктілік – сөйлеудің басты қасиеті (Аристотель).

    «Тіл байлығы – елдің ерлігін, жұртшылығын, ғылыми әдебиетін, өнеркәсібін, мәдениетін, қоғамдық құрылымын, салт-санасын, жауынгерлік дәстүрінің қай дәрежеде екенін көрсететін сөзсіз дәлелді мөлшері», - деп Б.Момышұлы да тіл байлығы қашанда мол болу керектігін, сол арқылы өзгеге өз дәрежемізді таныта алатындығымызды айтып кеткен. 

    Міне, осы ұлылардан тараған ұлағатты сөздермен қатар қазақ әдебиетінде сөйлеу әдебіне қатысты, сөйлеу мәдениеті жөнінде ақын жазушыларымыздың жазған өлеңдері де аз емес. Әр адам өзінің сөйлеу әдебін сақтап, өз орнымен, тартымды негізді сөйлеуге дағдылануы арқылы бірінші кезекте өзінің мерейін арттыратындығын түсінуі керек. Қазақта «киімімен қарсы алып, ақылымен шығарып салады» деген жақсы сөз бар. Қазіргі қоғамымызда да осы айтылған сөздің шын мәнінде солай екендігіне көз жеткізіп жүрміз. 









Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
1 ұстаз жүктеп алған
5 қараша
771
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі