Материалдар / Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт ұстазы
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт ұстазы

Материал туралы қысқаша түсінік
Барлық оқушыларға арналған
Материал тегін
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт ұстазы

Сан қилы салада еңбек еткен Алаш арыстарының саны өте көп. Оларды әмбебап болуға үйреткен – заманы. Ұлт мәселесі талқыға түскен заманда елді қалай болмасын біртұтас қылуды мақсат еткен Алаштықтардың есімі еске оралғанда, Ахмет атамызға соқпай кету – үлкен сын. Бар ғұмырын халық жолына арнаған Ахмет Байтұрсынұлы халықтың тілі мен өзіндік мәдениеті қалыптасқанда ғана елдің ертеңі жарқын боларына үлкен сенім білдірді. Ұлт болмысын сақтап қалу үшін әрбір салаға өлшеусіз үлес қосты.

   Ахмет атамыз жайлы жазбау, Алаш ұрпақтарына үлкен сын. Оның ерлігі, азаматтығы, адалдығы, отансүйгіштігі талай азаматтың бойына шабыт беріп, жанына қуат сыйлады. Ахмет ақырғы сәуле көзден жылт еткенше қазақ деп, Алаш деп өтумен болды. Бұл сөзімізді Сәкен Сейфуллиннің «Өзге оқыған қайраткерлер атақ қуып жүргенде, ұйқыдағы қара халықтың жоғын жоқтап, мұң —мұқтажына көңіл бөлген Патшалық Ресей заманында бір ғана тұлға болды, ол — Ахмет Байтұрсынұлы болатын», [1] — деген сөзі ағасына деген шынайы пейілмен айтылған інілік көзқарас болатын. Сол кезеңдегі бар ауыртпашылықты арқасына артып, бойына қазақилықты сіңірген Ахмет атамыз – бүгінгі ұрпақтың кемеңгері. Оның әр істеген ісі, әр сөзі келешек ұрпақтың санасында мәңгілік оттай жанып тұрмақ. Әр қазақ Ахаңның аманаттаған сөзін арқалап, жетер жеріне дейін жеткізері анық.

  Ахаң – ұлттың ұстазы, халық жанашыры. Ахметтің артында қалдырған еңбектері, келешек ұрпақтың аманаты, жемісі. Бүгінгі ұрпақ А.Байтұрсынұлыбастаған Алаш азаматтарына қарап бой түзейді. Оның өмір жолы ауыр да, азапты болды. Аласапыран кезеңде Алаш жұртына түзу жол көрсетіп, дөңгеленген дүниеден қазақтың өз үлесін алып беруді көздеді. Көкірек көзі ашық, көңілі көлдей қазақ жастары Ахмет атамыздың артынан еріп, ақылын тыңдап, автономия құрды. Ахмет Байтұрсынұлының басшылығымен қазақзиялылары қазақтың шекарасын бекітіп, керегесін кеңейтіп, әдебиетінің іргесін қалады.

 А.Байтұрсынұлы — ұлт мақтанышы. Оның әр еңбегі бүгінгі ұрпақтың болашағы үшін жазылған. Асыл азаматтың алтын қаламынан тамған ақ өлеңдей сөздері ұлт жадында. Ахмет атамыздың аудармалары – түпнұсқадан ерекшеленіп, өзгеше өң мен бояу арқылы жаңа бір өнер туындысы деңгейіне дейін көтерілген көркем туындылар. Оның Крыловтан аударған мысалдары барлығымызға етене таныс. Крылов та өз заманында ежелгі грек мысалшысы Эзоптан аударған мысалдары жетерлік. Крылов мысалдарында жануарлардың іс-әрекетін көрсете отыра, түп-тұқиянында адамдардың іс-әрекетін жасырып қояды. Онда орыс ұлтының өзіндік бояуы, ұлттық танымы мен өзіндік мәдениеті айқын байқалып тұрады. Ахмет Байтұрсынұлының аудармаларын аударма деуге ауыз бармайды. Құдды ұлттық мүддені ой елегінен өткізе білетін, елінің келешегін ойлаған қазақ ақынының кезекті бір өлеңі ме деп ойларсыз. Ахмет атамыздың мысал жазуына себеп болған бірден-бір мәселе, ол сол уақыттардағы қазақ халқының қараңғы түнекте ұйқыда жатуы, яғни надандық дәуірі өршіген сәтте, халықтың ілім-білімге ден қоймай, ел ісі, жер ісі дегенде кері тартуы. Өзі надан болып қана қоймай, ілім қуған қазақ зиялыларының аяғынан қазақтың шалғанына қатты ренішін білдіреді. Ойды қорыта келе, Ахмет атамыздың аудармаларынан этнолингвистикалық теңеулерді топтастыруымызды өзіндік ерекше мәні бар. Қазақ тілінде теңеулер  жайлы ең алғаш пікір айтқан Ахмет Байтұрсынұлы еді. Аударма саласының үздіктеріне Пушкин: «Аудармашылар – ұлттық ағарту ісінің негізгі күретамырлары», — деп баға берген [2, 3].

   Аударма жайлы түрлі-түрлі анықтамалар берілген. Солардың ішінен ең ұғынықты анықтама ретінде мына бір нұсқасын қарастырып отырмыз: «Аударма – ұлт пен ұлтты, мәдениет пен мәдениетті жақындастырудың рухани құралы». Ұлттың ар жағын қозғасаңыз тіл шығады, тіл – ол халықтың рухы, ұлттың жаны.  Ахмет Байтұрсынұлы қаламынан туған екі сөздің бірінің негізгі идеясы – ұлттық идея

    Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіл білімінің іргетасын қалап,  әдебиеттанудың негізін қалыптастырды. А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» еңбегі жайлы З. Ахметов «Әдебиет танытқышта» қазақ өлеңінің ырғақтық құрылыс-жүйесін айқындайтын өлең сөздің бунақ, тармақ, шумақ сынды категорияларының алғашқалыптасқандығын атап айтады [3,64]. Ахметтің «Әдебиет танытқыш» еңбегі – қазақ әдебиеттануының алғаш қаланған іргетасы еді. Оны әрмен қарай қазақ ғалымдары жалғастырып, бірізділікке салды.                                                                

   Ахмет Байтұрсынұлы жазған «Тіл – құралды», «Оқу құралы», «Тіл жұмсар», «Жаңа әліпби» еңбектері бүгінгі ұлттың асыл қазынасы. Бұл еңбектердің барлығын бүгінгі күнде бір институт атқара алмайтыны анық. Ахмет жазғандай ұлттық құндылықтарымызды болашаққа дәріптейтін оқулықтар көп болған жағдайда ғана елдің ертеңі жарқын болмақ. Ал, ұлттық болмысынан айрылған елдің ертеңі бұлыңғыр. Өз заманында елінің бағы үшін туылып, елінің жоғын түгендеумен өтетін есіл ерлер қашанда туылары сөзсіз. Бірақта, Ахмет қазақта жалғыз. Оның жазған бір мысал өлеңінің өзі бір ұрпаққа қырық жыл азыл боларлық үлгі, қайталанбас өнеге. Асыл мен жасықтың, саф алтын мен сары жездің айырымын ажырата білетін ұрпақ Ахметтің жасаған көзсіз ерліктеріне, ғылыми ізденістеріне, ғаламат аудармаларына, отты көсемсөздеріне ғылыми тұрғыдан лайықты бағасын береді деп сенеміз. Бар ғұмырын ұлтының болашағы үшін қиған, өз кіндігінен тараған ұрпағы болмаса да, әр қазақ баласы кішкене болсын білім мен өнер үйренсін деп, ауыр да азапты, қамшының сабындай ғұмырын ғылым жолына, ұлт жолына арнаған Ахмет Байтұрсынұлы – біздер үшін идеал тұлға! Ұлтты сүйсеңіз, Ахметтей сүйіңіз! Бұл сөзді қайта-қайта айта беруден жалықпассыз.

Ахмет Байтұрсынұлы ұлтының бол­мысын терең таныған ғалым. Яғни барша мұң-қайғысының, арман-тіле­гі­нің, жарқын болашағының қайдан екенін терең зерделеген және оған же­ту­дің жолдарын да жақсы білген. Біздіңше, Ахаңның ғалымдығын екі түрлі ерекшелік бойынша бағалауымыз керек: біріншіден, ұлт қажеттілігін өтеу­ге арналған көркем шығармаларын жинақтап, жүйелеуде де ғылыми ойлау әлеуетінің кейбір қырлары көрі­ніс береді. Халықтың сол тұстағы эко­но­­микалық, әлеуметтік-тұрмыстық, қо­ғам­дық-психологиялық ахуалын терең зерделеп, соған лайық тақырыптардағы шығармаларды ұсынады. Екіншіден, қазақ ғылымының алтын бастаулары ретінде ғылыми-теориялық еңбектерінің маңызы аса жоғары.

Қазақтың арғы-бергі тарихынан терең сауатты болғандықтан, оның басындағы ахуалдың себеп-салдарын да жақсы тү­сін­ген. Қиындықтан құтқарудың жол­дары ең бірінші халықты ояту мен білімге жетелеуде деп білді. «Халыққа не керек?» деген сұрақтың жауабын іздейді. Бодандықта тұрған жұрттың баршасына ортақ қиындық пен қазақ халқының басындағы ерекше тағдырдың арасында үлкен айырмашылық бар. Отарлаушы ел мен бодандықтағы халқының тұрмысы да, салты да, өмірлік ұстанымдары мен дүниетанымы да бір-біріне ұқсамайтын. Мұндай жағдайдағы қайшылықтың салдары бодан елге аса ауыр соққы бола­тыны белгілі. Тұрмысы, дәстүрі, тілі, жалпы алғанда, барша мәдениеті мен ұлттық психологиясы дағдарысқа ұшы­­рай­ды. Ғасырлар бойы санасына сіңген дәс­түрлері қолданыстан ығысып, жа­рам­­сыз күйге түскенде халық үлкен ты­­ғы­рыққа тіреледі екен. Тегі бөтен шаруа­шылыққа адамның бірден икемделе кетуі қиын, ақыл мен денеге тосын салмақ түскен соң қиналады, жасиды, оның ақыры бойкүйездікке алып келеді. Осылайша, қазақ халқының үстінен зіл қара күш басты, «қараңғылық» міні та­ғыл­ды. Бүгінде «қазақ неден осындай болды?» деп, біз іздеп жүрген көптеген сұрақтардың жауабын Ахаң сол тұста терең түсінген еді.

Не істеу керек? Халықты ояту керек! Тың серпіліс керек! Қазаққа ең бірін­ші қандай әдіс қолданған жөн? Сөзбен әсер ету! Өйткені ұлы даланың батысы мен шығысын, оңтүстігі мен солтүстігін тұтастырып, бір ұлт ретінде сақтап келген сөз құдіреті болатын. Қазақ сөзге тоқтаған халық еді, сол қасиеті ешқандай заманауи техника мен технологиясыз-ақ халықты бір рухани орталыққа топтастырып отырған. Өзге жұрттың дәстүріне негізделген уақыт талаптарының құшағында жұтылып кетпес үшін өз дәстүрін, өз құндылығын жаңа заманға бейімдеу тәсілін қолға алды. Қазақ «қараңғылығы» неде? Қазақ тумысынан сауатсыз, өркениетке бейім­ді­лігі төмен емес, керісінше табиғи мә­де­ниетке негізделген дүниетанымында адамзаттық деңгейдегі құндылықтар ұялаған, терең білімді игерген халық болатын. Батыстың материалдық құнды­лық­тарға негізделген мәдениеті мен оның артындағы өз өктемдігін орнатуға құ­рылған қарулы күштердің алдында дәрменсіз күй кешкен халықтың ен­ді­гі үміті жаңа заманға бейімделуде ғана тұрған еді. Бұл тұрғыдан алғанда, «Қараңғылық бұлтын сейілту немесе ояну» деп жүргеніміздің өзі жаңа за­ман­ға бейімделу болатын, бізге басқа жол жоқ еді.

Осының бәрін ой елегінен өткізе келе Ахмет Байтұрсынұлы «Қырық мысал», «Маса» атты еңбектерін жариялады. Мұнда түрлі тақырыптағы мәселелер қамтылды. Мысалы, ынтымақ-бірлік туралы «Аққу, шортан һәм шаян», ойсыз мақтаншақтық туралы «Шымшық пен көгершін», «Емен мен қамыс», күн­шіл­дік туралы «Өгіз бен бақа» секіл­ді аудармалар қазақ қоғамының сол кез­де­гі жағдайына сай таңдалып алын­ған мысалдар болатын. Сол секіл­ді маса болып ызыңдап, халықты ояту мақ­са­тында жазылған «Маса» жи­на­ғын­да да халықты оятып, жаңа заман ұйықтап жатқанды кешірмейтінін және келер ұрпақтың қамы үшін жаңаша түлемесе болмайтынын ескертеді. «Сөз иесінен» атты өлеңінде:

Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,

Қаққы жеп, қанаттары бұзылғанша,

Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен,

Қоймастан құлағына ызыңдаса?! – деп, тоқтаусыз насихат, үндеу, шақы­ру­лар жүргізе беру керектігін ескертеді.

Ахмет Байтұрсынұлының өткен ға­сыр басында қолға алған басты қар­уы сөз өнері еді. Сөз өнерін ғылыми тұрғыдан саралап, теориялық негіздерін қалады, қолданбалық тұрғыдан халықты жарқын болашаққа шақыру құралына айналдырды. Тіл білімінің негізін қалады, тілді теориялық тұрғыдан жүйелеп, бі­лім мазмұнына енгізді. Қазақ тілінің таза­лы­ғын сақтау үшін орасан зор еңбек етті. Ол өзінің «Өмірбаянында»: «...Орынборға келгеннен кейін, ең алдымен, қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын зерттеуге кірістім; одан кейін қазақ әліпбиі мен емлесін ретке салып, жеңілдету жо­лында жұмыс істедім, үшіншіден, қазақ­тың жазба тілін бөтен тілдерден келген қажетсіз сөздерден арылтуға, синтаксистік құрылысын өзге тілдердің жат әсерінен тазартуға әрекеттендім; төртін­шіден, қазақ прозасын жасанды кітаби сипаттан арылтып, халықтық сөйлеу тәжірибесіне ыңғайластыру үшін ғылыми терминдерді қалыптастырумен айналыстым» деген екен. Осы сөздердің бәрі де адал көңілден шыққан, шын ғалымның қалың бұқара алдындағы есебі іспетті.

Ұлт ұстазы қазақ әліпбиінің тамаша үлгісін жасап ұсынды және оны алмағайып заманда барша қазақ баласы өзінің тарихи төл жазуы ретінде қабылдады. Кирилл үлгісіне негізделген қазақ әліпбиі ХІХ ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап ұсыныла бастаған болатын. Осы қауіптің алдын алу үшін Ахаң араб әліпбиіне негізделген өз үлгісін ұсынды. Өйткені араб әліпбиінде қазақтың тарихы, бір­не­ше жүзжылдықтарға созылған жазу мәдениеті, діні мен ділі тұр еді. Соны қор­ғау үшін бар мүмкіндігін жұм­сап, жан­кештілікпен еңбек етті. Өкі­ніш­ке қарай, бұл жазуды біз сақтап қала алмадық, қазіргі кезде тек Қытай, Иран, Ауғанстан жерін мекендейтін қазақтар арасында қолданылып жүр.

Оның тілдік ұғымдарға берген анық­тамаларының ғылыми тереңдігі, дәл­ді­гі қазіргі ғылым үшін өте маңызды. Сонымен қатар зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, бастауыш, баяндауыш, пысықтауыш, шылау, сөз таптары, сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз т.б. ол жасаған жүздеген терминдер бүгінгі қазақ тіл білімі және басқа да пәндерге ұлттық сипат беріп тұрған баға жетпес құндылық. Ғалым ретіндегі басқа да ғылыми әлеуетін айтпағанда, осындай ұлы құндылықтарды дүниеге келтіру үшін аса үлкен жүрек және терең па­йым мен парасаттың керек екенін ойша сезі­неміз.



 Пайдаланылған әдебиеттер:

1) Ахмет Б. — «Тіл құралы»

1) Ахмет Байтұрсынұлы туралы айшықты ойлар //Ұлт болмысы.- 2012.-  

9.- 47 б.

2) Юсуп К. — «Көркем аударма: қыры мен сыры». — Астана: «Фолиант»

баспасы — 2011. — 469 б.

 3)Ұ.О.Еркінбаев. «Әдебиет танытқыштың» теориялық негізі».-Алматы,

            2008.



Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!