Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
"Әже - отбасының алтын қазығы" зерттеу жобасы
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Қызылқоға ауданы Тасшағыл орта мектебі
Жанас Шұғыла
7-сынып
Әже – отбасының алтын қазығы
(Мағжан Жұмабаевтың «Әже» өлеңі бойынша талдау)
Жетекші: қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің
мұғалімі А.Құбашева
Тасшағыл - 2024
Тақырыбы: Әже – отбасының алтын қазығы
Өзектілігі: Мағжанның қай өлеңіндегі болсын құнды ойлар қаншама уақыт өтсе де маңызын жойған жоқ. Ол шығармаларында бүкіл ұлтымызды, тіпті бүкіл адамзатты ойлантар мәселелерді қозғайды. Соның бір дәлелі «Әже» өлеңінде жатыр. Қазіргі таңда әр отбасында немереге әже тәрбиесінің берілуі өте өзекті. Ұршығын иіріп отырып, немересіне айран, көжесін ішкізіп қойып, ертегі, жыр, қисса – дастан айтып беретін Әже мейірімі ұлт болашағын ойлайтын ұрпақтың бойына молынан сіңірілуі керек.
Мақсат-міндеті:
М.Жұмабаевтың «Әже» өлеңін талдау
Жиналған зерттеудің нәтижесін қорыту
Әже тәрбиесін жаңғырту.
Әдіс - тәсілдері: Жинақтау, топтау, баяндау, өзіндік ой қорыту, салыстыру, түсіндіру
Жаңашылдығы: Балаға ең алдымен құндылық берілуі қажет, ол тіпті білімнен де маңызды. Балаға жастайынан берілген рухани құндылық қана оған даналық дарытып, мән жүктеп, арманын ұштай алады.
Күтілетін нәтиже: әжелер немере тәрбиесіне көп көңіл бөледі;
Мектептерде ертегі, аңыз, қисса-дастан, батырлар жырын оқытатын үйірмелер ашылады.
Жоспар.
І Кіріспе. Жас Қазаққа жол сілтеп тұр.
ІІ Негізгі бөлім.
1. Мағжанның «Әже» өлеңінің басты идеясы.
2. Әже әлемінің құдіреті
3. Тарихи тізбекті жалғау
ІІІ Қорытынды.
Түп төркінге шегіну
Өткен тарихымыздың біз үшін қаншалықты маңызды екенін Алаш арыстарына қарап бағамдауға болады. Егер де қазіргі ұрпақ «Біз қандай ел болуымыз керек? Кімді үлгі тұтамыз? Мемлекеттің ең салауатты үлгісін ұсынған қазақ қайраткері бар ма? Қай дәуірді табан тірейтін мызғымас нүктеміз деп білеміз?» дейтін сұрақтарға жауап іздейтін болса, онда бізді теріс бағыттардан, тек ұраншыл ұлт болудан қорғап тұрған бір фактор бар. Ол – Әлихан мен Ахмет бастаған Алаш арыстарының қалың шоғыры. Олардың рухты фотолары, ұрпағының зиялылығы, әрқайсысының төрт – бес тілде еркін сөйлеуі, демократиялық принциптерді дұрыс түсінгені, ұлттық мемлекет құру туралы түсініктерінің тереңдігі, ағартушылық іспен өлгенше айналысуы қазіргі жас қазаққа жол сілтеп тұр. [4.15]
Әрине олардың бірі әрі бірегейі - Мағжан ақын. Елдің, ұлттың, мемлекеттің болашағы – өскелең ұрпағына Мағжанның елжіреп мейірімін төгуі, болашағына сенуі, қамын тереңнен ойлауы ерекше. Бір ғана «Педагогика» кітабының өзі осыншалық мейірімнен, жанашырлықтан, ұлтжандылықтан туған теңдессіз дүние. Онда қазаққа баланың дүниеге келген күнінен бастап төрт түрлі тәрбиенің қалай берілуі, тамақтануы, киім киюі, ұйқысы, күлкісі, жұтар ауасы – бәрі – бәрі бүге – шүгесіне дейін түсіндіріледі.
М.Жұмабаев ұлттық тәрбиенің мақсаты мен міндетін белгіледі. Ұлттық тәрбие мақсаты - ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпы адамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу, ұлттық тәрбиенің діңгегі - ана тілі болып қалатынын негіздеу екендігіне айрықша тоқталады. Ендеше ана сүтімен бойға сіңген ана тілінің қадыр-қасиетін одан әрі ұғындыратын - отбасындағы тәрбие, дастархан басында айтылатын құнды әңгіме.
Оның ең құнарлысы – Әжелер айтатын ертегі, жыр, қисса-дастандар, аңыз-әфсаналар.
Әже
Сығырайған көзі көрінбей
Томар-томар былшықтан,
Отырса, бойы аспайды
Қолындағы ұршықтан, - қазақы әженің шынайы бейнесі. Көзін былшық басып, сығырайып кеткен, бойы ұршығынан аспай қалған немере алдындағы әженің соншалықты сүйкімді, соншалықты жылы, дұрыс қалыптасқан образы. Ал кіріссе ертекке,
Басы қалт-қалт етеді:
«Ертек-ертек, ерте екен…» –
Аузы балп-балп етеді.
«Ерте, ерте, ерте екен… аузында тісі жоқ болса да, немересінің кеудесіне құяр құндылығы бар.
Алдындағы көженің
Көрінбес беті қылшықтан.
Көжесін татпай әженің,
Жан болмайды құр шыққан.
Көжесін қойшы, кеңесін
Тыңдамай үйден кім шыққан?! Түтіп отырған жүні көжесіне түскенін байқамайтын үлкен кісі, қария. Алайда сол әженің көжесінің тәттілігі қандай?! Бәрі сол көжеден ауыз тигісі келеді. Ал әженің айтар кеңесін тыңдамай өскен немере болмайды.
Ертегі айтса, ұршығын
Ұмытып әжең кетеді.
Жерде жатқан жүнді алып,
Қайта-қайта түтеді.
Су сепкендей сап болып,
Тоқтайды сонда жөтелі.
Былшықтан көзі жылтырап,
Ту арқаңнан өтеді.
Қоя қойды Кенжетай
Жылаған жаңа нан сұрап.
Тыңдап отыр тентектер
Алма беті албырап,
Ауыздары аңқиып,
Сілекейі салбырап.
Қалғып бірақ барады
Кенжетай тентек маужырап.
Ұршығын да, жөтелін де ұмытып немересіне ертегі айтуға кіріскен әженің ендігі бейнесі мүлдем басқа. Жөтелі сап тыйылып, былшық басқан көздері ту арқаңнан өтердей шоқтай жайнап, жүзінен ешқайдан таба алмайтын ерекше мейірім төгіліп: «Ерте, ерте, ерте екен…
Тыңда енді ал, шырақ!
…Сұр мергенде болыпты
Сүліктей бедеу бір сұр ат…» деп немересінің кеудесіне құндылықты құйып жібереді. Алма беттері албырап, сілекейлері салбырап тыңдап, маужырап ұйқыға кететін тентектер не түсініп отыр деп ойлауыңыз мүмкін. Тереңіне үңілмеуі мүмкін дерсіз. Бірақ сол тентектер ержетіп, ат жалын тартып мінгенде, кеудесіне әже еккен ізгіліктің дәні өз жемісін берері даусыз.
«Бір жылдығын ойлаған ел бидай егеді, он жылдығын ойлаған ел ағаш егеді, мәңгілігін ойлаған ел ұрпағының санасына ізгіліктің дәнін егеді» дейтін халық даналығы Мағжан өлеңінің айтқысы келген ойын айқындай түседі. Басында ақ жаулығы, елжіреген үнімен бесік жырын айтқанда, қазір ұйқысын ашқан сәбидің өзі қайта маужырап кетеді. Қарттық шалған қолдарымен ұршық иіріп, балдай тәтті көжесін беріп, мамықтай түбіттен шұлық пен қолғап тоқып кигізген, ертегі мен қиссаның құдіретін немересінің бойына кішкентайынан сіңіріп айтып, құндылықты өзгеше дарытатын - әже. Әже тәрбиесі әр бала үшін ерекше әрі естен кетпестей болады. Ол бала өміріне үлкен көмек әкеледі. Әже тәрбиесін көрген бала өз-өзіне деген сенімділігі артып, сөйлеу мәнері өзгеріп, түрлі құндылықтарды бойына жинайды. Ата-анасы түсіндіре алмаған тыйымдарды әже түсіндіргенде бала көңіліне ерекше сезім ұялайды және бұл сезім баламенен мәңгілік болады. Әженің қызықты қисса, ертегілері бала көкейіндегі «неге?» деген сұраққа жауап табады. Сұраққа жауап тапқан бала ол тыйымдарды сақтап, салт-дәстүрге берік болады. Өз-өзіне деген сенімділігі арта түседі. Сондықтан да жас ұрпақ үшін әже тәрбиесі өте маңызды.
«Әжемнің «осылай болған екен» деген сөздері мені бірде ғасырлардың шыңырауына сапар шектірсе, бірде құс қанатындай демеп, ілгері ұмтылдырады, биікке самғатады», -дейді Бауыржан Момышұлы атамыз өзінің «Ұшқан ұя» кітабында. [2.21] Бауыржан атамыздың өмірінен ерекше орын алатын жан - Қызтумас әжесі. Жас кезінен әженің бесік жырын, ертегісін тыңдап өскен Бауыржан атамыз жыл аттарын, мезгілдерді, жұлдыз атауларын әжесінен үйренген. Балалар арасындағы кикілжіңді ұрыссыз шешу үшін әжесі балаларды еркелетіп «құлыным», «ботам» деген сөздермен ертегісін айтатын болған. Әженің қызықты қиссасын тыңдап отырып, балалар кикілжің туралы ұмытып та кететін. Міне, осылай әжелеріміз балалар арасындағы ұрысты айқайсыз, ренішсіз шешетін болған. Тентек балалардың әдепсіз қылықтарын әжелер ертегі арқылы тәрбиелеген. Үйге ұя салған қарлығашқа тас атқан Бауыржанды әжесі «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» ертегісін айтып, қателігін қайталамауға тәрбиелеген.
«Әжем жарықтық сол батырлар жыры мен ертегілерді тыңдатып қана қоймай, оларды бізге жатқа айтқызатын. Яғни, сол жырларды тыңдаған сайын іштей қайталап отырып жаттап, әжеміздің алдында «тест» тапсырамыз. Сынағынан сүрінбей өтсек, өзіміз қалаған тәттілерге тойдырады», -дейді журналист Нұрсұлтан Мықтыбай «Әжемнің әлемі» мақаласында. [4.109]
Бала жастайынан бесік жырын, ертегілерді, қиссаларды естіп, санасына құйып өссе, кеудесінде «неге?» деген сұрақ туындамайды. Бала өз сұрағына жауапты өзі тауып, болашаққа нық қадам басады.
«Ертексіз өскен бала – рухани мүгедек адам. Біздің қазіргі балаларымызға әжелері не шешелері ертек айта бермейді. Содан қорқамын. Менің қазіргі келіндерім немерелеріме бесік жырын айта білмейді. Бесікте жатқанда құлағына анасының әлди әні сіңбеген баланың көкірегі кейін керең болып қалмаса деп қорқамын» [2.15] дейтін Бауыржан атамыздың қорқынышы бүгінде жүзеге асып жатыр. Қазіргі таңда ұршық иірген әжені де, ертегі айтқан әжені де көрмей өсіп жатырмыз. 5-сыныпта оқыған Нұрдәулет Ақыш атамыздың «Нағыз әже қайда?» әңгімесіндегі нағыз әжені ауылдан да таба алмай жүрміз. «Нағыз әже қайда?» әңгімесінде қарт адамның мейрім шапағатын сезінбей, туылғаннан қалада әке - шешесінің қасында өскен қыздардың нағыз әжені іздеуі жайында баяндалады. Нағыз әже қандай болады? деген сұраққа қыздар әкелерінен «Әже-сендер сияқты балалардың папалары мен мамаларын өсірген кісі. Үні де, қолы да, көзқарасы да жұмсақ. Ылғи шаруа істеп жүреді. Ештеңе істемеген күннің өзінде де ұршық иіріп отырады. Үстіне қамзол, басына кимешек, шылауыш киеді» деген жауап алады. Осыдан кейін кішкентай қыздар нағыз әжені көруге ынтық болады. Әкесі де уәде береді. Ауылдан әже келді дегенді естіген әкесі қыздарына берген уәдені орындайтын сәттің туғанына қуанды. Алайда қуанышы ұзаққа бармады... Міне, әңгіме осылай өріле береді.
Мағжанның «Әжесі» нағыз әже ғой. Бірақ ауылда өсіп жатқан біз де «нағыз әжені» көруді армандаймыз.
Себебі ертегі айтатын әжелер өте аз. Ертегі түгілі ұршық иіріп, жүн түткен әжелер жоқ десе де болады. Барлығы ұялы телефонға тәуелді. Еңбектеген баладан бастап, еңкейген қартқа дейін ұялы телефонның көмегіне жүгінеді. Күнделікті бала тәрбиесінде әже тәрбиесі емес, телефонның алатын орны жоғарылады. Бала ертегілерді, ұйқыға кетер алдында тыңдайтын бесік жырларын әже аузынан емес, телефоннан тыңдайды. Осының бәрі ұлтымыздың рухани және мәдени тамырынан ажырағандығынан болып жатыр деп ойлаймын. Мыңдаған жылдан бері кие ұғымын қалыптастырып, көшпенді халқымыздың тұрмыс – тіршілігіне мағына беру үшін сан түрлі рухани аңыздарды ауыздан – ауызға жеткізіп отыратын абыз ақсақалдар мен әжелер өткен ғасырдың отызыншы жылдары опат болыпты. Көненің көзін көрді деген қарттардың өзі тоқсаныншы жылдардан соң күрт кеміді. Одан бергі қазақ жұрты салт-дәстүрді там-тұмдап тұрмыста ұстанғаны болмаса, олардың қайнар бұлағына үңіле алмады. Кәмпескеге ілінбей қалған көне кітаптар сандықтарда сарғайып қалды. Осылайша жаңа ұрпақты өткен тарихы мен төл мәдениетіне жалғайтын алтын көпір жойылды. Дүниеге келген сәбиді көзін ашқаннан құшағына алып, бесік жырымен әлдилеп, ес білгенде ертегі-жырларымен сусындататын әженің орны ойсырап, бейнесі көмескіленіп кетті. Көп қазақтың отбасында әже тәрбиесі деген ұғым өшіп, ұрпақ жалғасы үзіліп қалды.Бұл тарихи тізбектің үзілуі тәуелсіздік алған жылдарда тіптен күшейді. Кеңес кезінде мектептен «құдай жоқ» деп оқып, салт-дәстүрге тыйым салғанды көрген ата-ана істеуге болмайтын жаман әрекеттерді істеген баласына ұрсып әрі кетсе ұрып сабақ беретін болды. Бірақ бала көкейіндегі «неге олай істеуге болмайды?», «істесе не болады?» деген сұрақтар жауап таппайды. Міне, осылайша бала тыйымдарды бұзуын тоқтатпайды. Одан әрі істеген ісін мойындамай ата-анаға өтірік айта бастайды. Осылай жалғаса берсе, болашақ қуыскеуде ұрпақты елестету тіпті қорқынышты. Әже ертегісін тыңдап, көжесін ішкенге не жетсін?! Сол кереметті сезінбей өткен ұрпақтан қорқам.
Бала бұрынғысынша ата-әже тәлімін алып өссе, мықты, қайсар, өзіне сенімді болады. Әже айтқан бесік жыры кейін ертегілерге, ертегілер түрлі қазақ жырларына ауысады. Батырлар жырын тыңдап өскен бала сол батырларға еліктеп қайсар болып өседі. Баланың сөздік қоры дамып, қазіргі кезде көп кездесетін «қазақ баласының қазақ әріптерін дұрыс айта алмауы» кездеспейді. Әрі бала мәдениетті сөйлеп, сөзге шешен болады. Бала тез ойлап, ақылды шешім қабылдай алатын болып өседі. Қазіргі таңда өздігінен шешім қабылдай алмайтын ынжық ұл мен қыз көп кездеседі. Жастайынан ата-ана балаға мән бермей, бала үшін көп нәрсені өздері істейді. Бұның өзі болашақта баланың өздігінен шешім қабылдай алмауына әкеледі. Өздігінен шешім қабылдай алмайтын жас ұрпақтың болашағы қиын болады. Ал әженің ертегісі мен мақал-мәтелдерін, жұмбақтарын әжесімен жарыса жаттап, ертегілерін, жырларын тыңдап өскен балада бұндай қиындықтар кездеспейді.
– Әже – отбасының алтын қазығы. Шаңырақтағы қарым-қатынасты реттейді, балаларды мейіріммен, ақылымен өмірге бейімдейді. Әжелер үнемі "арыңды аяқ асты етпе, үлкеннің жолын кеспе, біреуді жамандама, бөтен адамның ала жібін аттама" деген сияқты адамгершілікке баулитын сөздерді қайталаудан жалықпайды.
Бірақ, қазір мұндай әжелер саусақпен санарлық. Өйткені бүгінгі ұрпақтың үлкендермен қарым-қатынаста өздерін ұстауы, жаман қылықтарға жақындығы әже тәрбиесінің жетіспей тұрғанының айқын дәлелі, – дейді этнограф Құралай Сәрсембина.
Әженің емірене маңдайдан сүйіп, бауырына қысып еркелеткеніне жетер ештеңе жоқ. Балаларды әже мейірімінен айырмау керек.
Белгілі драматург Сая Қасымбек балаға да, немереге де өнеге болу үшін алдымен ата-ананың өзін тәрбиелеу керек дейді.
– Бала үйдегі үлкендердің әрбір іс-әрекетін айнытпай қайталайды, бойына көргенін сіңіріп өседі. Кітапта оқығаныңды, өмірде көргеніңді айтқанның, күні бойы қақсап, ақыл айта бергеніңнен пайда жоқ. Үйдегі-түздегі өзіңнің ісің мен қылығың қандай болса, сол, тіпті жүріп-тұрғаныңа дейін, әдет-әдебіңнің бәрі балаға өнеге, берген тәрбиең. Өзім әже атанған уақыттан бастап, сол атқа лайық болу үшін, ең әуелі үсті-басымды түзедім. Әжеге лайық киімді киіне бастадым. Шерхан Мұртаза, Ақселеу Сейдімбек сияқты үйге келген сыйлы қонақтармен бірге бала-немерелерімді дастархан басында отырғыздым. Ол кісілердің ғибратты әңгімелерін тыңдаудың өзі бір ғанибет емес пе?! -дейді. Ендеше жас ұрпақты үзілген тарихи тізбекпен қайта жалғау үшін әжелер мектебін қайта жаңғырту керек деп ойлаймын. Ол үшін жоғарыда драматург Сая Қасымбек айтқандай, әр отбасында әжелердің киім үлгісі, сөйлеу мәнері өзгерсе;
дастархан басында әжелер тарапынан құнды әңгімелер айтылса;
әжелер немерелеріне ертегі, аңыз, қисса-дастан, батырлар жырын айтуды жүйелі түрде қолға алса;
мектептерде ертегі, аңыз, қисса-дастан, батырлар жырын оқытатын үйірмелер ашылса деген ұсыныстар айтқым келеді.
Қорыта келе айтарым, балаға ең алдымен құндылық берілуі қажет, ол тіпті білімнен де маңызды. Балаға жастайынан берілген рухани құндылық қана оған даналық дарытып, мән жүктеп, арманын ұштай алады. Көкірегі құндылыққа толған баланың қиялы ұшқыр келеді. Ал ол құндылықтың бастау бұлағы – Әже мектебі.
Пайдаланған әдебиеттер:
-
Мағжан Жұмабаев 3-том.Алматы «Жазушы»-2002
-
Б.Момышұлы «Ұшқан ұя». «Жазушы» Алматы-1975
-
Салт – дәстүр сөйлейді. Отбасы хрестоматиясы. Алматы - 2022
-
С.Керімбай «Қуыскеуде» Алматы – 2023
-
С.Мырзабай «Балалықтан даналыққа» Алматы – 2022
-
Қазақ әдебиеті 5-сынып Алматы «Атамұра» 2017