жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
әКЕМНІҢ АЛТЫН ІЗІМЕН.......
Әкемнің алтын ізімен...
«Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін:әкемнен өмір алсам, ал Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым.» (А.Македонский)
Шыныменде! Ұстаз алдындағы қарызымыз өте үлкен. Ал, егер сол ұстаз әрі сіздің әкеңіз болса, онда бұл қарыз еселене түседі. Ес білгелі ұстаздық- менің өмірімнің ажырамас бір бөлігі болып келеді.
Анам, әкем, әпкелерім.... мен жалпы ұстаздардың отбасында дүниеге келдім. Балалық шағымнан анам мен әкемнің топ-топ дәптерлерді тексеріп, журнал толтырып, кітап оқып отырған кездерін көріп өстім. Анам бастауыш сынып, ал әкем физика пәні мұғалімі болатын. Жастайымнан ұстаздыққа құрметпен қарап олардың еңбектерін бағалап келемін. Мектеп кезінде жүргенде мен өзімнің болашақта әкем сияқты ұстаз болатындығымды көз алдыма елестететінмін.
Менің әкем Қыдыралиев Калшеріп Қыдыралыұлы – өмірінің 41 жылын осы салаға арнаған Ұлағатты ұстаз.
Кеңес үкіметі кезінде халыққа
білім беру саласындағы ұзақ жылғы адал еңбегі үшін "Еңбек ардагері"
медалімен марапатталған, түрлі дәрежедегі мемлекеттік медальдар мен
алғыс хат, мақтау қағаздарының иегері, ауылымыздың құрметті
азаматы. Әкем Қарақалпақ Мемлекеттік педагогикалық институтын 1961
жылы физика пәнінің мұғалімі мамандығымен бітіріп шығып, сол жылдан
бастап ұстаздық қызметін атқара бастаған. 1990 жылы менің ауырып
қалуымның себебінен әкем отбасымызды Қазақстанға көшіріп алып
келді. Біздер қазіргі Алматы облысы Қарасай ауданы Шамалған
бекетіне қоныс аудардық. Сол жылы Шамалғандағы ВЛКСМның 30 жылдығы
атындағы орта мектепке анам мен әкем жұмысқа орналасып алғашқы
қазақ сыныптары ашыла бастады. Біз келген жылдары ауылымда 99 пайыз
орыс, неміс ұлтының адамдары тұратын. Мектепте қазақ сыныптары аз,
ал көшеде қазақ балаларын кездестіру мүмкін емес еді. 1991 жылы осы
мектепке мен де 1- сыныпқа бардым.Уақыт өте келе мектебімізде қазақ
сыныптары көбейіп, жан – жақтан қандастарымыз көптеп көшіп келе
бастады. 1996 жылы қаңтар айынан бастап мектебіміздің атауы
Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп болып ауысты. Менің әкем маған
физика пәнінен сабақ беретін. Физика сабағында түрлі – түрлі
приборларды көрсетіп, қызықты зертханалық жұмыстар жасап,
тәжірибелер жүргізетініміз әлі есімде. Әкем ешқашан мектепке
автобуспен барған емес. Таң атпай қоңыр папкасын қолтығына қысып
жаңбыр болсын қар болсын, ауа – райының ыстығына, суығына қарамай
мектепке жаяу кететін. Жанына ілесе отырып ауыр сөмкемді арқалап
сабаққа менде ілесе шығатынмын. Сонда әкем бір дамылдамай, артына
қарамастан мектепке жеткенше мен артынан қалмауға барымды салып,
ентігіп, шалынып құлап, қайта тұрып жүгіріп жетіп еріп отыратынмын.
2002 жылы мен 11 – сыныпты аяқтаған жылы менің әкем зейнеткерлікке
шықты. Сол жылы мен өзім үшін «осы мектепте әкемнің жолын
жалғастырамын» - деп шештім. 2006 жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық
Педагогикалық Университетін физика пәні мұғалімі мамандығымен
бітіріп келіп өз мектебіме ұстаз болып орналастым. Содан бері 15
жыл өтті. Қазір мен отбасылы көпбалалы анамын. Ы.Алтынсарин
атындағы орта мектепте физика пәнінен сабақ беремін. Әлі күнге
дейін әкеме барып ақыл кеңесін сұрап, сөресінде тұрған кітаптарын
қолданып отырамын. Әкемнің бөлмесінде әлі күнге дейін Кеңес Үкіметі
кезіндегі физика пәнінен таптырмас оқулықтар жиналып тұр. Әкем биыл
85 жасқа толды. Қазіргі таңда 7 баласынан 28 немере 4 шөбере көріп
отырған ақ сақалды қария. Мереке сайын алтын ұямызға барып ардақты
әкемнің жүзін көріп, аяулы анамның иісін иіскеп, мәз мейрам болып
қайтамыз. Аллам осы кісілерге ұзық ғұмыр беріп алдымызда аман есен
жүруін нәсіп етсін деп тілей отырып төмендегі өлең жолдарын
арнаймын.
Әкемнің алтын ізімен.......

Ұстаздың көрдім жүзін мен.
Еңбегін жалғап келемін
Әкемнің алтын ізімен.
Заманның сақтап талабын,
Жалындап оттай жанамын.
Әкемнің салған ізімен
Ұстаздық етіп барамын.
Үстіне шығып ақ тайдың ,
Дамылдап тыным таппаймын.
Сеніммен артқан әкемнің
Үмітін сірә ақтаймын.
Өтеді күндер талай мың
Бақытқа мұны балаймын.
Алдымда Ұлы ұстаз боп
Жүргеніңізді қалаймын.
Шыңына әлі жетпедім,
Аларым сізден көп менің.
Толтырып жазып алайын
Ұстаздығымның беттерін.
Ардақты әкем бақытым
Ұсынған әркез сарқытын.
Келіп тұр еккен талыңның
Жемісін жейтін уақытың.
Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің физика пәні мұғалімі
Кыдыралиева Нуржайна Калшериповна
шағым қалдыра аласыз



Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген