Тақырып бойынша 11 материал табылды

АЛАШ ЖӘНЕ БҮКІЛРЕСЕЙЛІК ҚҰРЫЛТАЙ ИДЕЯСЫ

Материал туралы қысқаша түсінік
Мақалада Ресей империясындағы ХХ ғасыр басындағы саяси өзгерістер кезеңінде Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы идеясы аясында «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің ұстанымдары мен қызметі қарастырылады. Олардың демократиялық мемлекет құруға, ұлттық автономияға қол жеткізуге, халықтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге бағытталған көзқарастары талданады. Сонымен қатар, Алаш зиялыларының саяси күрес жолындағы әрекеттері мен бағдарламалық ұстанымдарының мазмұны ашып көрсетіледі. Зерттеу барысында тарихи деректер мен ғылыми еңбектер негізінде олардың қоғамдық-саяси қызметіне баға беріледі. 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейінгі Ресей империясы көлемінде орын алған саяси оқиғалар мен осы ХХ ғасырдың соңында, яғни кеңестік империяның ыдырау кезеңінде болып өткен қозғалыстар арасында көптеген ұқсастықтар айтылады. Алаш өкілдерінің Құрылтай жиналысын Ресейдің болашақ мемлекеттік құрылымын айқындайтын негізгі институт ретінде қарастырғаны дәлелденеді.
Материалдың қысқаша нұсқасы

Сағындық Нұрай

6В02211 – Тарих

М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті

Ғылыми жетекшісі: аға оқытушы, тарих магистрі - Н.Н.Биназарова


АЛАШ ЖӘНЕ БҮКІЛРЕСЕЙЛІК ҚҰРЫЛТАЙ ИДЕЯСЫ


Аңдатпа. Мақалада Ресей империясындағы ХХ ғасыр басындағы саяси өзгерістер кезеңінде Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы идеясы аясында «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің ұстанымдары мен қызметі қарастырылады. Олардың демократиялық мемлекет құруға, ұлттық автономияға қол жеткізуге, халықтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге бағытталған көзқарастары талданады. Сонымен қатар, Алаш зиялыларының саяси күрес жолындағы әрекеттері мен бағдарламалық ұстанымдарының мазмұны ашып көрсетіледі. Зерттеу барысында тарихи деректер мен ғылыми еңбектер негізінде олардың қоғамдық-саяси қызметіне баға беріледі. 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейінгі Ресей империясы көлемінде орын алған саяси оқиғалар мен осы ХХ ғасырдың соңында, яғни кеңестік империяның ыдырау кезеңінде болып өткен қозғалыстар арасында көптеген ұқсастықтар айтылады. Алаш өкілдерінің Құрылтай жиналысын Ресейдің болашақ мемлекеттік құрылымын айқындайтын негізгі институт ретінде қарастырғаны дәлелденеді.

Кілт сөздер: Үш жүз, Алаш, құрылтай, партия, демократия, буржуазия, революция, үкімет.


Қазіргі таңда қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы күресінің бір кезеңі болған Алаш қозғалысына бір ғасыр толып отыр. Ақпан төңкерісінен кейінгі кезеңдегі қазақ зиялыларының Уақытша үкіметтің билік орындарына тартылуы, ұлттық қоғамдық - саяси ұйым – Қазақ комитеттерінің өмірге келуі, «Алаш» партиясы мен оған оппозиция ретіндегі «Үш жүз» партиясының құрылуы, мұсылман комитеттерінің әрекеттері, қазақ өлкесіндегі буржуазиялық және социал-демократиялық партиялар комитеттерінің қызметі біртұтас демократиялық өзгерістердің орныға бастауының кепілі болатын.

Аталмыш партиялар мен қоғамдық қозғалыстардың алға қойған мақсаттары алуан түрлі болды. Алаш партиясы мен қазақ комитеттері мүшелері Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидаттар іріктеуде, Құрылтайға аманат мәселелерін анықтауда халық сеніміне ие болды. Сайлау жақындаған сайын олардың беделі арта түсті. Мұсылмандық қозғалыс өкілдері де Құрылтай жиналысында жалпымұсылмандық фракция құрамында болуды ұрандап, мұсылман қауымына ортақ мәселелерді талқыға салды. Ал, қазақ өлкесіндегі буржуазиялық және социал-демократиялық партиялар комитеттері Орталық Ресейдегі идеяларын жергілікті жердегі қалыптасқан жағдайға қарай бейімдеуге тырысты. Бірақ, оңшыл бағыттағы партиялар көзқарасында ұлы орыстық шовинизм басым болды. Либералдық-демократиялық бағыттағы партиялар комитеттері «Алаш» және мұсылмандық қозғалыс өкілдерімен келісімге келуге тырысты. «Үш жүз» партиясы большевиктік позицияға ауытқуына байланысты халық сеніміне ие бола алмады.

Сондай-ақ, 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейінгі Ресей империясы көлемінде орын алған саяси оқиғалар мен осы ХХ ғасырдың соңында, яғни кеңестік империяның ыдырау кезеңінде болып өткен қозғалыстар арасында көптеген ұқсас, өзара сабақтас жайлар бар. Бұл тарихи сюжеттерді арнайы зерттеп тану, өз ретінде бүгінгі болып жатқан түбегейлі өзгерістердің шынайы мазмұнын тура түсінуге жол ашары хақ. Өйткені бүгінгі қоғамдық процестердің түп тамыры тарихта. ХХ ғасырдың басында мемлекеттік дербестікке ұмтылып, қапы қалған халқымыз осы ғасырдың соңында тағы да осы мазмұндағы әрекетін қайталап отыр. Осы екі тарихи кезеңдегі халқымыздың мүмкіндігі мен жағдайын өзара салыстыра зерттеу сөзсіз үлкен практикалық маңызы бар теориялық тұжырымдарға апармақ.

Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына әзірлік қызу жүріп жатқан кезде Петерборда большевиктер бүлік шығарыпты деген хабар тарай бастады. Көп ұзамай олардың үкімет билігін өз қолдарына алғандығы, астаналық газеттердің біртіндеп жабыла бастағаны туралы да мағлұматтар келіп жетеді. Ал, өздері жасаған төңкерісті ақтап алуға тырысқан большевиктер бүкіл Ресей халықтарына үндеумен қайырылады. Онда: «Петроград қаласында үкімет билігі Петроград кеңесінің әскери-революциялық комитеті қолына көшті. Керенский үкіметі құлатылды... жергілікті үкімет билігі жұмысшы, солдат және шаруа депутаттары кеңестеріне беріледі» - деп жазыла келе, халықтың бұл әрекетті қолдаған жағдайында Петроград советі тез арада әділ соғыс бітімін ұсынып, жерді шаруаларға беріп, Бүкілресейлік Құрылтай жиналысын шағыратындығы тілге тиек етіледі [1, 12 б.].

Бұл өзара қайшылыққа толы үндеуді талқыға салған қазақ өлкесіндегі қоғамдық-саяси ұйымдар мен партиялар өз пікірлерін де айта бастады. Өлкедегі жұмысшы және солдат кеңестерінің бірі «Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы таянып қалғанда үкіметті басып алу әділетсіздік, үкімет құрылымын белгілеу тек Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы құзырында» десе, екіншісі «кеңестер үкіметін уақытша түрде Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына дейін мойындай тұратындығы» жөнінде қаулылар қабылдайды.

Павлодар қаласы мен уезіндегі үкімет және қоғамдық ұйымдардың 1917 жылғы 29-қазанда шақырылған төтенше жиналысы «большевиктердің Уақытша үкіметті құлатып, Бүкілресейлік Құрылтай жиналысын кешеуілдетуін» айыптай келе, оларға қарсы енді «сөз орнына іспен» жауап беретін уақыт таянғанын ескертеді. Семей облысы Қарқаралы уезінің барлық ұйымдарынан келген өкілдері де бас қосып, «большевиктердің үкіметті басып алуына теріс көзқарас білдіре келе, Уақытша үкіметке толық сенім білдіретіндігін» жария етеді. Большевиктердің шұғыл түрде үкіметті басып алуы жөнінде өз пікірін білдіргісі келген «Туркестанские ведомости» газеті: «Олардың бұл асығуы Бүкілресейлік Құрылтай жиналысымен байланысты еді. Себебі, Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы сайлауында көпшіліктің большевиктерді қолдамайтындығы туралы ащы шындықты басқалардан гөрі өздері ерекше сезінді», - деп түсіндіреді [2, 9 б.].

Большевиктердің жасаған төңкерісінің мәнін әшкерелеу хақында «Қазақ» газетінде мақала жариялаған М. Дулатов олардың ұстанған саясатының дәйексіздігін, «бай мен жарлы болмасын, ХХ ғасыр біткенше жұрттың бәрі тату болады деу» асығыс айтылған көркем қиял екендігін тілге тиек ете келе, қазақ халқына «мемлекет пен бостандық қыл көпір үстінде тұрғанда өзара тыныш һәм көрші халықтармен тату тұру керектігін және ... земство һәм Учредительное собрание сайлауын көңілдегідей өткізіп, әскерге азық-түлік беруден бас тартпасаңдар Учредительное собраниеде сыбаға бөліскенде депутаттардың жүзі жарқын, сөзі өтімді болатындығын» айтады. Бүкіл Ресей көлемін қамтыған саяси тұрақсыздық ел қамын ойлаған қазақ зиялыларын уақыт талабына сай іс-шаралар атқаруға итермеледі. Сол жылғы қараша айының соңында Қоқан қаласында Түркістан автономиясы жарияланса, желтоқсан айында Орынборда шақырылған екінші Жалпықазақ съезі «Ұлт кеңесін» сайлап, Алаш автономиясын жариялауға бел байлады. Ресей мен бұрынғы отар аймақтардағы кез-келген мемлекеттік деңгейде қабылданған қаулыларды негіздейтін және жариялаған автономияларды бекітетін Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы деп танылған болатын. Бірақ, қазақ өлкесінен сайланған депутаттар барып үлгермей-ақ, большевиктердің ықпалымен мерзімінен кешігіп шақырылған бұл «мемлекет негізін құрайтын кеңес» 1918 жылдың 5-қаңтарында қарудың күшімен қуып таратылды. Бұл оқиға туралы өз пікірін жазған Ә.Бөкейханов: «Николай түскеннен бері жұрттың сүйенгені, таянғаны ... Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы еді. Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы ашылған күні көп жұмысшылар, өзге көп қала кісілері «хакімшілік Құрылтайға» деп ту алып, көшеге шыққан. Осы топты большевик әскері пулемет астана алып, көп кісіні өлтіріп, қуып тастаған», - дей келе, 1905 жылғы 9 қаңтардағы «қанды жексенбі» оқиғасын большевиктердің де тағы қайталайтындығын, ...Николай патшаның да, большевиктердің де пулеметтеп жатқаны жалпы жұрт, екеуінің де сүйенгені қараңғы солдат» [3, 37 б.] екендігін тарихи сабақтастық арқылы дәлелдейді.

Бүкілресейлік Құрылтай жиналысының күшпен қуып таратылуы Ресейдегі саяси тұрақсыздықты одан әрі ушықтырып, азаматтық теке-тірестікке алып келді. Ал, бұл құбылыстың қазақ өлкесіне таралуынан сақтанған ұлт зиялылары алдын-ала екінші Жалпықазақ съезінде Ұлт кеңесін сайлаумен қатар, Ұлттық милиция, яғни қазақ әскери қарулы күштерінің негізін қалау туралы қаулы алған болатын.

1917 жылғы желтоқсан айының 5-13 жұлдыздары аралығында Орынбор қаласында өткен сол съезде милиция түзудің уақытша тәртібі жарияланады.

Бүкілресейлік Құрылтай жиналысын қайта шақыру бағытын таңдаған Алаш зиялылары Ресейдегі ірі саяси орталықтармен байланысқа шыға бастады. Алғашқы байланыс Москвадағы Кеңес үкіметі басшыларымен жасалады. 1918 жылдың наурыз айында Оралдан Мәскеуге Алашорда үкіметінің тапсыруымен Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер аттанып, барған бетте Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы В.И. Ленинмен және ұлт істері бойынша халық комиссары И.В.Сталинмен кездесіп, оларға екінші Жалпықазақ съезінің (Орынбор, 1917 желтоқсан) қаулысын табыс етеді. И.Сталин қаулымен танысқан соң, 19 наурыз күні Семейге телеграфпен хабарлап, Ә.Бөкейханов және оның орынбасары Х.Ғаббасовты телефон арқылы келіссөзге шақырады. Ертеңіне, 20 наурыз күні Сталинмен телеграф арқылы келіссөзді Х.Ғаббасов жүргізеді. Әңгіме «Алашорда» үкіметінің статусы жөнінде болады. И.Сталин халық комиссарлары шығарған Ресей халықтарының құқықтары туралы декларация Кеңес үкіметінің ұлт мәселесі қызметінде негізгі құжат болып отырғандығы, жалпықазақ-қырғыз съезінің қаулысы да жоғарыдағы құжатпен астарлас келетіндігі жөнінде айта келе, Алашорданың өз ретінде Кеңес өкіметін тануға қарсы болмағандығын қалайтындығын білдіреді [3].

1918 жылдың қаңтар-мамыр айларында большевиктер Орынборды басып алып, Орал облысының бірқатар уездерінде кеңес өкіметін орнатты. Кеңестердің Торғай облыстық съезі «Қазақ» газетінің баспаханасын жапты.

1918 жылдың 31 сәуірінде Алашорда Ұлт кеңесі Орал әскери үкіметімен әскери одақ құрып, қазақтардың кеңестер съездеріне қатысуына қарсы шықты. Осы жылғы сәуір айының соңында атаман А. И. Дутов Торғай далалық аймағына шегіне отырып, Сібірдегі Чехословак корпусының бүлігін пайдаланып, Орынборды қоршады.

Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы большевиктердің күшімен қуылып, таратылғаннан кейін Самара қаласындағы Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутат болып сайланғандар Ресейдегі өкімет билігін негіздеу өздеріне тиесілі екендігін халыққа таныта бастайды. Бұл әрекеттер 1918 жылдың қаңтар айының ортасынан бастап маусым айына дейін созылады. Қызыл армияға қарсы тұратын нақты әскери күш жасақтау шараларының барлығы да сәтсіздікпен аяқталады. Ал, сол жылғы мамыр айының бас кезінде Чехославак корпусы толқуы дайындалып жатқандығы туралы хабар алынып, олармен келіссөзге Бүкілресейлік Құрылтай жиналысының мүшесі И.М.Брушвит Пенза қаласына аттандырылады. Нәтижесінде, чехтар бас көтеруі жақын арада болатындығы және олардың Самара жері арқылы өтетіндігі айқындалады. Бірақ, чех қозғалысы өкілдері өздерінің саясаттан тыс екендігін және олардың мақсаты Владивосток бағытында сапар шегіп, жолында кедергі болғандармен соғыса отырып, өз Отанына жету екендігін мәлімдейді. Бұл мәлімдеме чех қозғалысы өкілдерінің орыс демократиясына сенімсіздік танытып, олардың қандай да бір халық билігі үшін күреске шығуға дәрменсіз деп бағалануынан да туындағаны даусыз.

Самарадағы Құрылтай жиналысы мүшелерінің Комитеті (Комуч) сол жылдың 3 маусымынан бастап Орта Еділ бойын, Оңтүстік Орал өңірін және Екатеринбург губерниясын басқарды. Ол заң шығарушы орын ретінде қызмет атқарды. Ал, атқарушы билік өзі құрған мекеме басшыларының Кеңесіне берілді. Барлық мекеме басшылығында эсерлер отырды, тек еңбек мекемесін ғана меньшевик И. М. Майский басқарды. 15 шілдеде Комуч құрамына атаман А. И. Дутов және Орал облыстық үкіметі қосылды. 1918 жылдың қыркүйек айының ортасына қарай Комитет 100-ге жуық мүшелерінің басын қосты. Оның құрамында қазақ зиялыларынан А. Байтұрсынов, С. Досжанов, С. Қадырбаев, А. Бірімжанов, Жанша мен Халел Досмухамедовтар, У. Танашев, М. Тынышбаев, М. Шоқай, Н. Ипмағанбетов, Г. Алибеков бар еді. Алибеков пен Жанша мен Халел Досмухамедовтар қазақ атқару комитеттерінен, ал қалған зиялылар «Алаш» партиясы атынан ұсынылғандар болатын.

Алашорда үкіметін қорғап, оны Бүкілресейлік Құрылтай жиналысын қайта шақырғанға дейін жеткізетін ұлттық әскер біршама қалыптасады. Енді Алашорда үкіметі мүшелері екінші Жалпықазақ съезінде қабылданған

Бүкіл Ресейді қамтыған азамат соғысы орбитасына қазақ ұлтының да тартылуы заңды құбылыс болатын. Барлық сайланбалы үкіметтерді қолдаған Самара Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы мүшелерінің комитеті де қазақ ұлтының тәуелсіздік үшін жүргізген күресіне өз үлесін қосады. Бірақ, Ресей демократиясы өте әлсіз болатын. Оның жүргізген саясатын, яғни жалпыға бірдей демократиялық бостандықтарды уағыздауын Ресей халқы өз дәрежесінде бағаламады. Қазақ ұлтының зиялылары да халық пен мұсылман қауымдары тараптарынан үлкен қолдау тапқанымен, Ресей демократиясының тағдырына байлаулы еді. Осы кезден бастап Ресей демократиялық күштері талқандалып, монархиялық билікті жақтаған оңшыл күштер мен большевиктер арасындағы аяусыз күрес кезеңі басталады деп айтуға біршама негіз бар. Себебі, самодержавиелік Ресей империясының негізгі әскери тірегі казактар болғаны белгілі. Енді олар большевиктермен күрес барысында өздерінің саяси күш екендігін толық сезінеді. Демократиялық қозғалыс өкілдерін жаппай тұтқындау арқылы олар оңшыл күштер үстемдігін орнатуға тырысқан еді.

Большевиктер өзінің 70 жылдан астам билігінің барысында тоталитарлық жүйе орнатып, қазақ зиялыларының тәуелсіздік жолындағы күресіне мән бермей келді. Тәуелсіздік жылдарындағы Алаш қозғалысы тарихын зерделеу, өз ұлтына егемен мемелекет қалыптастыруға ұмтылған зиялылардың майталман ерліктерін паш етуге жол ашты. Қазір мерейтойын атап отырған зиялылардың күрес жолы болашақ ұрпаққа үлгі болып табылады.


Әдебиеттер:

  1. Аманжолова Д. На изломе. Алаш в этнополитической истории Казахстана.- Алматы: Издательский дом «Таймас», 2009.- 412с.- С. 243.

  2. Алаш ардагерлерінің бірі Алимхан Ермеков.-Қарағанды, 2010.- Б. 141.

  3. Дулатбеков Н. Алаш ардақтылары: Санкт-Петербург іздері.- Қарағанды: Болашақ – Баспа, 2012.- 188б.-Б. 25.



Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
20.05.2026
0
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курс саны 12