БАСТАУЫШ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІН ЖАҢАША ҰЙЫМДАСТЫРУ ҰСТАНЫМДАРЫ

Тақырып бойынша 11 материал табылды

БАСТАУЫШ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІН ЖАҢАША ҰЙЫМДАСТЫРУ ҰСТАНЫМДАРЫ

Материал туралы қысқаша түсінік
мақала
Материалдың қысқаша нұсқасы

БАСТАУЫШ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІН ЖАҢАША ҰЙЫМДАСТЫРУ ҰСТАНЫМДАРЫ


Байманова Светлана Шайзадиевна

Есет батыр атындағы мектеп-бақша, бастауыш сынып мұғалімі


«Білімнің бастауы – мектеп болса, келешек ұрпақтың алғашқы баспалдағы – бастауыш білім беру саласы» екені баршамызға белгілі. Қай кезде, қай қоғамда болсын жеке тұлғаның қалыптасуы ұстаздан басталады. Білім саласындағы түбегейлі өзгерістер ұстаздан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының “Білім туралы” заңына сәйкес «Әр баланың жеке қабілетіне қарай интеллектуалдық дамуы, жеке адамның дарындылығын, талантын, қабілетін дамыту» сияқты өзекті мәселелер енгізіліп отырғаны белгілі. Өйткені ғылым мен техниканы, өндірісті әлемдік деңгейде дамыту үшін елімізге шығармашылықпен жұмыс жасайтын білімді, жоғарғы дайындығы бар білікті мамандар қажет.

Бүгінгі таңда балалардың қабілеттерін жоғарғы деңгейде қанағаттандыратындай білім беру көптеген өркениетті елдерде саралап оқыту принципінің негізінде одан әрі дамытылуда. Ол Франция, Америка, Германия, Англия, Жапония т.б. елдердің білім беру жүйесінде қазір жоғарғы деңгейде жүргізілуде. Осындай сұраныстарға сәйкес біздің еліміздің мектептеріне де оқытудың жаңартылған әдістері тәжірибе жүзінде енгізіліп келеді. Осы орайда бүгінгі жобам арқылы мына мәселелер жайлы ой қозғамақпын:

-Қазіргі таңдағы білім беру жүйесінің жаңа мүмкіндіктері мен оқу үдерісін ұйымдастыру

-Бастауыш білім беру жүйесінде педагогикалық технологияларды қолдану;

-Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша оқытудағы жаңа әдіс-тәсілдер.

Қазіргі таңдағы білім беру жүйесінің жаңа мүмкіндіктері мен оқу үдерісін ұйымдастыру. Жаңартылған білім беру жүйесінің ең басты мақсаты – оқушы тұлғасына қолайлы білім беру ортасын құра отырып сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау, АКТ – ны қолдану, коммуникативті қарым-қатынасқа түсу, жеке, жұппен, топта жұмыс жасай білу, функционалды сауаттылықты, шығармашылықты қолдана білуді және оны тиімді жүзеге асыру үшін қажетті тиімді оқыту әдіс-тәсілдерді (бірлескен оқу, модельдеу, бағалау жүйесі, бағалаудың тиімді стратегиялары) қолдану.  Оқушылар алған білімдерімен келешекте белгілі бір мәдени ортада өмір сүруі үшін, яғни тез бейімделе алуы арқылы функционалдық сауаттылыққа қол жеткізеді. Әрбір сабақты өту барысында шынайы өмірмен ұштастыру оқушылардың функционалдық сауаттылықтарын және келешекте өз мамандықтарын дұрыс таңдауына әсер етеді.

Ал бұл бағдарламаның жүзеге асыру міндеттері төмендегідей:

1. Пән бойынша жаңартылған білім беру бағдарламасының құрылымымен, ондағы материалдардың күрделілігініғң өсу ретімен, мазмұнымен және мақсаттарымен таныстыру;

2. Пән бойынша жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес келетін педагогикалық тәсілдерді түсінуін және қолдана білуін қамтамасыз ету;

3. Пән бойынша жаңартылған білім беру бағдарламасындағы оқу мақсаттарына қол жеткізу мақсатында критериалды бағалау жүйесін түсініп, қолдана білуін қамтамасыз ету;

4. Мұғалімдердің бойында орта білім мазмұнын жаңарту жағдайында пән бойынша жаңартылған білім беру бағдарламасын іске асыру үшін қажетті дағдыларды қалыптастыру.

Жаңартылған білім беру бағдарламасы оқушының сөйлеу әрекетінің төрт түрін: тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылымды жетілдіруге бағытталған. Бұл сөйлеу әрекетінің түрлері бойынша түйінді дағдылар оқу жоспарында «спиральді» тәсілмен берілген. Қарапайымнан күрделіге қарай, бірте-бірте білім, білік пен дағдылары кеңейтіліп қалыптасады. Оқу мақсаттары оқушылардың зерттеу дағдыларын, қарапайым бақылауға тәжірибе арқылы білімі қалыптасуына, алған білімін қайта өмірде қолдана білуіне бағытталған. Оқушы бойында әлеуметтік дағдылар, жалпы білімнің іргетасы, танымдық белсенділігі, жүйелі оқу әрекетінің қалыптасуына бастауыш сынып оқу бағдарламаларында көңіл бөлінген.

Оқушылардың дербес ерекшеліктерін анықтау үшін оқытушы алдымен, олардың ықылас — жігерін, еске сақтау мен ойлау қабілеттерін, ынтасын, жалпы білім денгейін зерттеуі қажет. Бұл ерекшеліктерді айқындау үшін білімді меңгеру деңгейін анықтауға арналған тапсырмалар дайындау; оқушы біліміне диагностика жүргізу, оқушыларға сауалнама, психологиялық тәжірибе жасау, ата — аналармен әңгіме жүргізу керек. Оқушылардың жеке ерекшеліктері сабақта сұрақ беру, кіріспе әңгіме, оқыған материалды т.б. тиянақтау сатыларында ескерілуі тиіс. Мәселен, үлгерімі жақсы оқушыларға берілген сұраққа тікелей жауап беру талап етілсе, орташаларына ойланып, қажетті есептеулер жасауға, суреттерін салуға уақыт беріледі, ал улгерімдері төмендеріне нақты сұрақтың тізімі, жауап берудің жоспар үлгісі ұсынылады.

Оқушыларды топтарға бөлгенде олардың оқуға және жұмысқа деген қабілеті ескеріледі. Оқуға қабілеттік деп оқушының неғұрлым қысқа мерзім ішінде білімнің биік деңгейіне жету қабілетін түсінеміз. Бұл белгі бойынша оқуға қабілеті жоғары, орташа және төмен деп үшке бөлуге болады, Сыныпта барлық балалардың ойлау қабілеті бірдей емес. Сондықтан, сабақ кезінде әрқайсының деңгейіне қарай жұмыстың түрін таңдап, сол тақырыпты игеру көзделсе, өте пайдалы. Біз өз іс — тәжірибемізге осыларды енгізіп, жұмыс жасап келеміз. Біздің басты мақсатымыз — сынып оқушыларының ерекшелігін анықтау.

Бұл тұрғыдан алғанда, әрбір оқушыны өз мүмкіндігіне қарай білім, дағды алатындай етіп окытқан жөн. Мысалы, қабілетті оқушылар сыныпта логикалық ойлауы жетілген, оқулықпен жұмыс істей алатын оқушылар үшін жаңа материалды түсіндіргенде проблемалық ізденіс әдісін қолданған дұрыс. Ал орташа, нашар оқушылары көп сыныпта репродуктивті әдісті қолдана отырып, сабақты ойын, әңгімелеу түрінде өткен ұтымды. Саралап оқытудың ең басты шарты — сынып оқушылары үш топқа бөлу.

Бірінші топ: қабілеті жоғары, білім, білік дағдылары қалыптасқан, өз бетімен ойлау кабілеті бар, сабаққа деген белсенділігі күшті, мұғалім көмегін қажет етпейтін топ. Бұл топта жүргізілетін жұмыстың мақсаты — оқушы бойында ғылыми бағытта ойлау қабілетін калыптастыру.

Екінші топ: орташа қабілетті оқушылар - Білім, білік дағдылары әлі тұрақсыз, өзіне — өзі көп сене бермейтін, мұғалімнің белгілі мөлшерде көмек көрсетуін қажет ететін оқушылар. Мұнда алға қойылатын мақсат — білім, білік дағдыларының тұрақты болуына, өз бетімен жұмыс істеу қабілетінің дамуына ықпал ету, олардың бірінші топқа көшуіне көмектесу.

Үшінші топ: үлгерімі төмен оқушылар. Олар тұрақты назарды ұстауды, білім, білік дағдыларын қалыптастыруда мұғалімнің үлен күш жігер жұмсауын, жүйелі жұмыс жүргізуін, яғни мұғалім көмегін көп қажет ететін оқушылар.

Оқушы мүмкіндігіне қарай мұғалім оларды араластырып топтар құрастыруы керек. Үшінші топтағы оқушылармен саралап жұмыс жүргізу үшін дайын сызба — нұсқаларды, жоспарларды, тезистерді, алгоритмді, есептердің үлгілерін т.б. пайдалануы керек. Үй тапсырмасын орындату — маңызды нәрсе. Үй тапсырмасын бергенде оны оңтайландыру критериіне сүйене отырып, оқушының нақты мүмкіндігін ескерген жөн. Үй тапсырмасы нашар оқушыны жетілдіре түссе, ал қабілетті оқушы ең жоғары деңгейде дамуы тиіс. Мысалы, қабілетті оқушыға күрделі есеп берсек, әлсіз оқушыларға сызу, есептеу тағы басқа да ережелерді берген дұрыс.

Бастауыш білім беру жүйесінде педагогикалық технологияларды қолдану. Бүгінгі күні барлық елдер жоғары сапалы білім жүйесімен жұмыс істеуде. Өйткені қазіргі заманда елдің бәсекеге қабілеттілігі – азаматтардың парасаттылығымен анықталады, сондықтан білім беру жүйесі болашақтың талабына сәйкес дамуы тиіс. Оқушыларды заманауи әдіс – тәсілдермен оқытып, ой – өрісі кең, саналы, еркін азамат етіп тәрбиелеу қажеттілігі де осы себептен туындап отыр. Оның үстіне білім берудің жүйесін қарқынды дамытқан бұл үрдістің жалпы білім беретін мектептерге де енгізіле бастауы көңілді қуантады.

Бастауыш сынып пәндеріне арналған оқу бағдарламаларындағы оқу мақсаттары оқушылардан шынайы проблемаларды анықтап зерттей білуді талап етеді.Жаңартылған білім беру бағдарламасының ерекшелігі – спиральді қағидатпен берілуі. Оған оқу мақсаттарының жүйесін талқылау барысында көз жеткіздік. Бағалау жүйесі де түбегейлі өзгеріске ұшырап, критериалдық бағалау жүйесіне өтеді. Критериалды бағалау кезінде оқушылардың үлгерімі алдын ала белгіленген критерийлердің нақты баллдары бойынша өлшенеді. Оқушылардың пән бойынша үлгерімі екі тәсілмен бағаланады: қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау. Критериалды бағалау, кері байланыс тәсілі ХХІ ғасырдағы қарқынды дамып келе жатқан зияткерлік және техникалық ортада табысты болу үшін қажетті дағдыларды меңгертуге бағытталған. Олар оқушыларды сын тұрғысынан ойлау, бірлесіп жұмыс істеу, ақпаратты өңдеу, проблемаларды шешу сияқты анағұрлым жоғары деңгейдегі көптеген дағдыларды өз бетінше меңгеруге және зерделеуге дайындайды және ынталандырады.

Бастауыш сынып оқушылары жалпы алғыр, шапшаң, сезімтал,ештеңені жасырмай еркін айтады. Мақтау сүйгіш, мұғалімнің жетегіне тез ілескіш, үлкендердің ой-пікіріне сүйенеді. Сондықтан баланың шығармашылығын дамытуда ұстаз көп еңбек сіңіруге тура келеді. Баланың қиялын дамытып, ойын ілгері жетектеуде мұғалім оқушыға үнемі шығармашылық қабілетін дамыту жолдарын нұсқап көрсетсе, онда балалардың өздері де ізденіске түседі.

Бүкіләлемдік тәжірибеде білім беру саласында білімнің де, дағдының да маңыздылығы кең. Заманауи тәсілдің басты ерекшелігі- білімді алып қана қоймай , оны орынды жерде қолдану. Топтық жұмыс барысында оқушының бойында оқушылық кезеңіне ғана емес, кейін де пайдасын тигізетін әлеуметтік өзара әрекет ету дағдысы, қарым- қатынас дағдысы, проблемаларды шешу дағдысы қалыптасады. Қазір осы мәселе төңірегінде әріптестеріммен іс- тәжірибе алмасып, оқушылармен жұмыс жүргізіп жатырмын. Оқу үдерісінде топпен жұмыс жүргізуге оқушылар қалыптасып, дағдыланып қалды. Тапсырма топқа беріледі. Тапсырма орындау барысында топтың әрбір мүшесінің жеке үлесі ескеріледі. Топпен жұмыста күшті оқитын оқушы әлсіз оқушыға көмектеседі де, басқаларды тыңдағанда ол білімін арттыра түседі, бір сөзбен айтқанда ынталанады.

Мектептегі сабақ беру әдістемесіндегі диалогтік оқытудың да маңызы үлкен. Диалогты оқытуды таңдаудағы себебім –баланың сөйлеу тіліне көп көңіл бөлу және баланы сыни тұрғыдан ойлауға үйретудің бірден-бір тиімді тәсілі деп ойлаймын. Оқушылар жұппен не топпен жұмыс жасау барысында, әуелі идеялармен өзара бөліседі, содан соң бір-біріне сұрақ қою, яғни диалог арқылы жұмыстарын жүйеге келтіреді. Жұмыстарын қорғау кезінде, оқушыларға өмірде кездесетін қиындықтарды жеңе алу, кез-келген іс-әрекеттің белгілі бір жағдайға тигізетін әсері жөнінде ойларымен бөлісуге мүмкіндік беру мақсатын көздеп, қосымша сұрақтар қоямын. Екінші немесе үшінші адам көмегімен бала түсініктерді меңгереді және өмірлік дағдыларды шынықтырады. Балалардың жауаптарына сүйене отырып, оқушылардың мәселелерді шешудің тиімді жолдарын іздеп таба алатынын, болашаққа болжам жасай және шешім қабылдай алатынын байқадым.

5-6 жастағы балаларда сөйлеу жақсы дамыған, олар өз пікірлерін еркін айта алады және болып жатқан жағдайларға қатысты өз қатынасын білдіре алады. Тең дәрежелі диалог бала үнін естуге мүмкіндік береді. Мәдениеттің жаңа типі балалар білімді желілік кеңістік пен түрлі гаджеттер арқылы құрдастарынан алатынын қарастырады. Баланың өте құнды сапасы – ойнауы, ойында көшбасшылық пен басқару тәрбиеленеді, өз әрекетінің субъектісіне айналады. Онымен бірге, бала осы жаста эксперимент жасаудан және сынап көруден, өз күштерін және басқа адамдармен қатынаста өз шекараларын сынауға қорықпайды.

Жаңа технологияны жүзеге асыру, тиімділігіне қарай пайдалану үшін, әр мұғалім өзінің алдында отырған оқушыларының жас ерекшеліктерін ескере отырып, педагогикалық мақсат - мүддесіне байланысты, өзінің шеберлігіне байланысты таңдап алады. Жаңа технологияны жүзеге асыруда мұғалім белсенділігі, шығармашылық ізденісі, өз мамандығына деген сүйіспеншілігі, алдындағы шәкірттерін бағалауы ерекше орын алады. Дамудың негізі білім мен ғылымға келіп тіреледі. Сондықтан да, әлемдегі дамыған елдер сияқты Тәуелсіз елімізде білім жүйесі сапасын жетілдіру ең негізгі өзекті мәселелердің бірі болып отырғаны белгілі. Осыған орай, білім беру жүйесінде жастарға сапалы білім беріп, олардың үйлесімді дамуы мен тұлға ретінде қалыптасуында ұстаздың кәсіби шеберлік көрсеткіштерінің бірі — жалпы педагогикалық, ғылыми- теориялық, әдістемелік жаңалықтар мен озық тәжірибені жетік меңгерудің маңызы зор.



Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
23.12.2023
320
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі