Бата –
сөздің анасы
Ғасырлар бойы ауыздан ауызға тарап, көшпелі
өмірдің келбетіне айналған бата – қазақ салт-дәстүрінің ішінде әлі
күнге дейін қолданыста жүрген дәстүрдің бірі. Бата оқылған кезде
үлкен-кіші әр сөзін ықыласпен тыңдайды. Бата-ескірмеген салттың
бірі. Қазақ бала кезінен ұрпағын үлкеннің алдын кесіп өтпеуге, тек
ақ батасын алуға тәрбиелеген. Өйткені батаның адам өміріне тигізер
әсері зор болғаны тарихтан белгілі. Сенімге негізделген батада
айтылған әрбір сөздің қабыл болатынына халық ешқашан күмән
келтірмеген. “Батамен ер көгереді, жаңбырмен жер
көгереді” деген мақалымызға сай, оның халқымыздың рухани
өмірінде тұтастық пен бірлікті, адами қасиеттерді сақтаудағы орны
зор. Тарихи салт-дәстүрі, танымдық көзқарастары, адами қасиеттері,
отбасы жарастығы, әдепті ұрпақ тәрбиесі сияқты мағыналы көріністер
тапқан баталар жүйесі этикалық, эстетикалық,
педагогикалық тұрғыда ұлттық тәрбиенің бастау бұлағы бола
алады. Ақ батаның негізінде қазақ халқының сыйластық,
кішіпейілділік қасиеттері, ізгі ықыластары мен тілектестігі жатады.
Олар қандай жағдайда және кімдерге арналмасын, адамдарды
имандылыққа, мейірімділікке, ынтымаққа ұйытады; ел арасындағы
береке-бірлікті нығайтады; кейінгі ұрпақты әділеттікке, жақсылыққа
сенуге, салиқалыққа, әдепті болып өсуге баулиды, отансүйгіштікке
тәрбиелейді.
Қазақ
халқында бата берудің өзіндік орны мен жолы, жөні
бар. Әркім
қандай да бір іске кіріспес үшін, Алладан ризашылық тілеп,
үлкендерден бата сұраған. Батаны кез-келген адам бере
бермейді. Ол
құрмет көпті көрген, сыйлы ел ағаларының, игі
жақсыларының, қадірлі қариялардың, атақты батырлардың, дуалы
ауызды билердің, шешендердің үлесіне тиген. Ертеректе
ондай адамдарды алыстан болса да алдырып жатса, бүгіндері
той-қуаныштарға арнайы шақырады. Кей жағдайларда бата беруі
ортадағы «жолы үлкен» саналатын адамға, құрметті қонақтарға
ұсынылып жатады. «Ерлер отырғанда әйел бата бермейді» делінсе де,
ардақты әжелеріміз бен сыйлы аналарымыздың да бата беретін кездері
жиі болып тұрады. Ал өзің бата беру үшін абыройлы, салиқалы да
парасатты, басқаларға үлгілі өмір сүруің керек. Қадірлі саналатын
«пәленшенің батасын алған» деген сөз кімге болса да үлкен абырой
әкелген.
Бата берушілер оны
сұраушы адамдарға шын көңілімен, адал ниетімен, үлкен ықыласпен,
жүрекжарды тілектерімен барынша мазмұнды беруге тырысқан. Соған
қарап жиналғандар да оның пейілін
сезінеді, батагөйлік дәрежесі мен оған
лайықтығын бағалайды. Бұл жерде сөздік қорының жетімсіздігі,
жасандылық бірден байқалып, бата берушінің беделін, абыройын
түсіріп те жатады. Міне, осы тұрғыдан келгенде, ел арасында
көпшіліктің ниет еткен қимылдарының іске асуына рухани демеу болып,
жақсыларын қолдап, жамандарының алдын алуға мақсатталған тәрбиелік
ақыл-кеңестерін бере алатын, іздегенде
табылатын батагөй қариялар
баршылық. Оларды өз
ортасы жақсы біледі, сыйлайды, құрмет тұтады, қызметіне
жүгінеді.
Маған әрдайым ақ батасын беріп, адал ниетімен
бөлісіп отыратын нағашы атам «атаңнан бота қалмаса да, бата қалсын»
деп айтып жүреді. Өзі азды-кемді өлең шығарып, барған жерде шынайы
көңілін білдіретін. Туған-туыстарына арнап бата-тілекті өлеңге
қосып, жиын-тойларда оқып береді. Біз оның осы бала көңіліне мәз
боламыз. 3
баласы, 8 немересі бар сыйлы ата өзін қалың жұртқа былай
таныстырады:
Есназар баласы
Мырзабайдан туғанмын.
Өлең-жырды өрнектеп,
Әке
жолын қуғанмын.
2012 жылы сол бата-тілектерімен, өсиет сөздерімен
өзінің кітабын шығарды. Оны «Көгершін көңіл» деп атаған. Бір
сөзінде:
Көгершінін самғатып,
Көкке ұшырдым көңілдің.
Жыр
жазған кездер мен үшін
Бақытты сәті өмірдің,-деген өлең шумағын қоса
отырып, «үлкенге құрмет, жастарға өсиет, туған жерге сүйіспеншілік,
өмірге құштарлық, отбасыма деген махаббатымды осы кітап
арқылыхалқыма жеткізуді жөн көрдім»,-деген еді. Расымен, бізге
айтқан өсиет сөздері мен ізгі тілектері жүрегімізге сәуле шашып,
алға қарай жүруімізге ықпал етеді. Маған атамның жас көңілі мен
қазіргі заман толқынына ілесіп отыратыны қатты ұнайды. Тіпті
пандемия кезінде дастарқанда бата беріп, бізді бір күлдіріп, бір
ойға салған болатын. Сіздердің назарларыңызға сол батаны
ұсынамын:
Бата деген тілегі
Ана
менен аталым
Қабыл болсын барлығы
Мен
берген мына баталым:
Аман болып халқымыз
Тыныштық елден кетпесін.
Ұрпақтарым аман-сау
Өсіп-өніп көктесін.
Дәрігерге артпай өкпені,
Ектірейік екпені!
Ережені сақтайық,
Өзгеге кінә тақпайық.
Үкіметтің істеп айтқанын ,
Тәртіпті әркез сақтайық.
Шыдайық аз күн қиынға,
Бармайық үлкен жиынға.
Жалындаған жастарым,
Білімнің шықсын шыңына.
Денсаулық берсін бір Аллам,
Қазақтың қыз бен ұлына.
Бейбіт елдің көгінде,
Желбіресін жалауым.
Молшылық болсын елімде
Халқымның берсін қалауын.
Мен
қазіргі кезде М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары
колледжінің ІІІ курс студенті бола отырып, «Фольклорлық практика»
бойынша тәжірибе жинақтау мазмұнында атамның кітапқа енбеген
бата-тілектерінен шағын жинақ жасадым. Маған да атамның жолын
беріп, тілеген әр бата-тілегі қабыл болсын!
М.Мәметова атындағы Қызылорда
педагогикалық
жоғары колледжінің ІІІ курс
студенті
Мустафаева Гүлжан Акимжанқызы
Жетекшісі: Ахунов Бақытжан
Кенжебекұлы