Батыс Қазақстандағы денсаулық сақтау ісінің қалыптасуы

Тақырып бойынша 11 материал табылды

Батыс Қазақстандағы денсаулық сақтау ісінің қалыптасуы

Материал туралы қысқаша түсінік
Батыс Қазақстандағы денсаулық сақтау ісінің қалыптасуы туралы , денсаулық саласының дамуы туралы жазылған
Материалдың қысқаша нұсқасы


Батыс Қазақстандағы денсаулық сақтау ісінің қалыптасуы

(ХІХ-ХХ ғ.басы)


Қожағалиева Сағыныш Тұрарбекқызы

Жаңақала ауданы Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебінің оқу ісі жөніндегі орынбасары, ІІ санатты басшы орынбасар, тарих пәні мұғалімі «педагог сарапшы», магистр

Батыс Қазақстан облысы


Резюме. Мақалада Батыс Қазақстандағы ХІХ ғасырдың аяғы - ХХ ғасырдың басындағы денсаулық сақтау ісінің қалыптасуы мен дамуы туралы зерттеулер берілген. Ресей империясының соңғы кезеңіндегі қоғамдық-саяси жағдайларға талдау жасалып, оның қазақ даласына әсері талданған. Алғашқы қазақ дәрігерлерінің рөлі көрсетілген.

Кілт сөздер. Ресей империясы, денсаулық сақтау саласы, құжаттар, отаршылдық мемлекеттік саясат, медициналық мекемелердің қалыптасуы.



ХІХ ғасырдың аяғы-ХХ ғасырдың басында Ресей империясында орын алған қоғамдық-экономикалық қатынастардағы өзгерістер қазақ қоғамына да әсерін тигізбей қойған жоқ [1, 66-67 бб ].

Кеңес дәуірінде қазақтан сауаттылар, оқығандар болмаған деген тезис белең алып келген болатын. Ал, шын мәнінде, профессор Х.Әбжановтың мәліметтеріне сүйенсек, ХХ ғасырдың басында қазақ өлкесінде қазақтардан 3 мыңдай мұғалімдер, 600-ге жуық ауыл шаруашылық мамандары, ал 30-ға жуық қазақ азаматы жоғары медициналық мамандық алған [2, 84 б].

Негізгі іргетасы ХІХ ғасырдың ІІ жартысында қалыптасқан саяси-әлеуметтік жағдай, ендігі жерде қарудың күшімен азаттық жолындағы күресті жүргізуді мүмкін еместігін көрсетті. Міне, осы кезеңде, алдыңғы қатарлы қазақтың ойшыл тұлғалары күрестің жаңа түріне – ағартушылыққа иек артты. Олар туған халқын оқу-білімге, кәсіп қылуға шақырып, сонда ғана басқа халықтармен терезесінің тең болатындығын, өркениет жолына шығатындығын насихаттай бастады. Мысалы, ХІХ ғасырдың аяғы-ХХ ғасырдың басындағы Шоқан, Ыбырай, Абайларды ұлы ағартушылар қатарына жатқызамыз. Себебі, бұлар әрқайсысы өз шығармашылығында бұрын-соңды қазақ қоғамында болмаған жаңа үрдіске жол салды, жаңашылдыққа шақырды. Бірақ, тағы бір ескертін жайт, кеңес дәуірі кезінде бұл ғалым-ойшылдар ағартушы деп аталмақ түгелі, олардың шығармаларын толық жариялауға рұқсат етілмеген, немесе, тек кеңестік идеология тұрғысанан ғана түсіндіріліп, бұрмаланған. Жалпы, бұл кезеңде ешбір мұсылман баласы, түркі ұлтынан ешқайсысы ағартушы аталмаған.

Осылайша, ХХ ғасырдың басында қазақ ұлттық интеллигенциясының өсіп өркендеуі қиын жағдайда жүрді. Бір жағынан уақыты өткен ескі қоғамдық қатынастар аяқтан тартып, мешеуліктен шығуға кедергі жасаса, екінші жағынан халықтың дәстүрлі – үлгілі мәдени құндылықтарының сақталуына және дамуына қауіп төнді. Алдымен Патшалық Ресейдің, кейін Кеңестік болшевиктердің «әскери-полицейлік» тәртібінің күшеюі қазақ елінің алдағы болашағын күманды етті.

ХХ ғасырдың басында ұлттық идеяны ту етіп көтерген Әлихан Бөкейханов бастаған қазақ интеллигенциясы қалыптасқан ағартушылық үрдісін жалғастырушылар, бар білім, ақыл-ойын туған халқының игілігіне, бостандығына сарп етуге бел буған нағыз ұлт-жанды серкелер еді [1, 67 б ].

Патша үкіметі билігінің соңғы кезеңінде Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдайлар, оның ішінде денсаулық сақтау ісінің жағдайы өте төмен деңгейде еді. Себебі Қазақстан - қазан төңкерісіне дейін экономикалық және мәдени жағынан мешеулеп, артта қалған патшалық Ресейдің шеткі аймақтарының бірі болатын.

Тұрмыстың ауыр жағдайы, қиыншылық өмір, медициналық көмектің жоқтығы - міне осының барлығы еңбекші бұқараның арасында алуан түрлі аурулардың көп таралуына себепші болды.

Кеңес үкіметі орнағанға дейінгі қазақ халқының өмірінде мал шаруашылығы негізгі роль атқарды, халықтың тұрмыс жағдайлары мен еңбегі сол малды үнемі бағып-қағу, аман сақтап өсірумен тығыз байланысты болды. Көшпенді өмір салтымен, малмен күн көрген қазақ халқының саулығына осы малдан жұғатын аурулар әсер етті. Мысалы, бруцеллез, туберкулез, түйнеме, құтыру, туляремия т.б. аурулар қазақтар арасында кең етек алды. Сол кезеңде өлкеде жұмыс істеген орыс дәрігерлері аурудың шығу себебін санитарлық-гигиеналық жағдайлардың сақталмауынан көрді. Оның үстіне бұл аурулардың кең етек алуына қарамастан, оған тиісті дәрежеде медициналық көмектер де көрсетілмеді. Өйткені, патша өкіметі өзінің отар аймағы ретіндегі қазақ даласында медицинаның дамуына мүлде көңіл бөлмеген еді. Медициналық көмек көрсетудің аралас жүйесі халықтың қажетін, әсіресе көшпелі мал шаруашылығымен айналысушылардың қажетін өтей алмады. Мысалы, 1898 жылы 585894 шаршы шақырым жер көлемі бар бүкіл батыс Қазақстанның территориясындағы 587446 адамға 11 дәрігер, 28 фельдшер, 7 акушер (кіндік шешелер) болды [3, 75 б].

Ал «Кең байтақ қазақ даласында 1913 жылы небары 1800 төсегі бар 98 аурухана, 96 емхана болды, яғни 14 мың шаршы километр жерге бір медициналық орыннан келді. Қазақстандағы барлық дәрігерлердің саны 200-ге жетпейтін, ал олардың басым көпшілігі тек қалаларда ғана жұмыс істейтін. Мұндай көрсеткіштер сол кезеңде дәрігерлік көмектің тиісті дәрежеде көрсетілмеуін дәлелдейді. Осыған орай елді көптеген жұқпалы аурулар шарлады, әсіресе балалар өлімі өте көп болды. Мысалы, 1913 жылы Орал өңіріндегі көшпелі қазақтар арасында бір жылдың ішінде 7654 бала туса, сол жылы өлген балалардың саны 7702-ге жеткен, яғни өлім саны туғандардан асып түскен». Себебі бұл кезеңде қазақ халқы арасында дәрігер мүлде жоқтың қасы еді, бар орыс дәрігерлер қазақтардың жағдайын ұға алмады, әрі олар халық арасына далаға барып жұмыс істеуге мүдделі болмады [3,145 б.].

Қазақ төңкерісіне дейін Қазақстанның көпшілік аймақтары сияқты Батыс өңірдің ауылдық жерлерінде санитарлық пункттер болмады. Тек ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап 1867-1868 жылдардағы реформалардан кейін алғаш рет халыққа қызмет көрсету мақсатында уездік дәрігер, уездік фельдшер және акушер лауазымы белгіленді. Бірақ уездік медицина мекемелері әр аймақта бірдей құрылған жоқ. Сондықтан сол кезде қалыптаса бастаған фельдшерлік пункттер «теңізге тамған тамшыдай» болды. Олар денсаулық саласындағы халықтың ең аз деген мұқтажын өтей алмады.

Бұл кезеңде Батыс Қазақстан аймағындағы дәрігерлік қызметтің басты түрі земстволық медицина болды. 1898 жылдың 8 шілдесіндегі Мемлекеттік Кеңестің «Орал және Торғай облыстарының уездеріндегі дәрігерлік бөлімдерді дәрігерлік учаскелерге бөлу туралы» өкімінен кейін 1899 жылдан земстволық медицинаның дәрігерлік учаскелері Орал облысында да қалыптастырылады. Енгізілген штат санына қарай Орал облысы 1899 жылдың 1 қаңтарынан 11 дәрігерлік учаскеге бөлінеді [қосымша-1] (Орал облысының 1899 жылғы дәрігерлік учаскесінің картасы).


Қосымша 1


Орал облысының 1899 жылғы дәрігерлік учаскесінің картасы [4, 146 б.]



Әрбір учаскеге дәрігер, фельдшер және фельдшер-акушер бөлінеді [4].

Батыс Қазақстандағы 1894-жылдан бастап медициналық қызмет көрсете бастаған Жымпиты ауруханасы - қазақ жерінде ең алғаш ашылған үш аурухананың бірі болатын. Ол кезде де жоғары білімді дәрігерлері жоқ участоктерде орта буын медицина қызметкерлері жұмыс жасаған. Алғашқы жоғары білімі бар қазақ дәрігері Дәулетшах Күсепқалиев 1896 жылдан ауруханаға келіп еңбек ете бастайды. Ол кезде Дәулетшах әлі студент болатын және Жымпиты уезі 36 болысты қамтыған. Бұл кезеңдегі өлкенің санитарлық жағдайы өте ауыр болған. Халықтың өлімінің басты себебі безгек, оба, сүзек аурулары болды және ол аурумен ауырғандардың өліміне ең басты себептің бірі халыққа ауруханалық көмектің болмауы деп көрсетіледі. Тек Орал облысының өзінде 1899 жылы 1691 мерез ауруына шалдыққан жағдайлар тіркелген. «1899 жылдағы Орал облысына Шолуда» «бұл аурулардың өкінішке қарай қазақ халқының арасында күшейіп отырғаны, оның тез таралуына: 1) көшпелі тұрмыс пен қырғыздардың өзара кең араласуы; 2) халықтың бұл аурудың себебімен , оның жұқпалы кезеңімен таныс еместігі; 3) қырғыз даласында судың жеткіліксіздігіне орай үй тұрмысындағы қырғыздардың ластығы; 4) халыққа ауруханалық көмектің жеткіліксіздігі ықпал етіп отыр» деп көрсетілген [3, 60 б].

Осындай жағдайдың бел ортасында жүрген Д.Күсепқалиев сол кезеңде өзімен қызметтес болған дәрігерлер Т.Құдайқұлов, С.Қазиев, А.Маликовтармен бірге бірнеше рет ұсыныстар жіберуіне орай, 1899 жылы Жымпиты қырғыздық қоғамдық ауруханасы облыстық қырғыз земство басқармасына беріледі. Бұл аурухананың күтіміне жылына 4750 сом жұмсалса, дәрігердің жалақысы 800 сом, фельдшердікі 300 сом, фельдшер-акушердікі 360 сом болған [5, 47 б.].

1902 жылы өзінің туған жері Тайпақ ауылына крестянский начальник пен қатар дәрігер болып келіп, осы өңірде алғаш рет шағын аурухана ашуға ұйытқы болады. Алғашқы жылдары осы өзі ұйымдастырған ауруханада жемісті жұмыстар жүргізеді. Бүкіл Тайпақ өңірінде жалғыз дәрігер атанады.

1903 жылдан Орал облысындағы Гурьев уезіне қарасты 2-учаскінің Өлеңті, Қызылқоға, Ойыл, Сүрелі, Есбол, Қарабау, Сламихын, Керімақас, Қайығайшы, Жымпиты, Қиыл, тағы басқа болыстарға дәрігер етіп жұмысқа жіберіледі, әрі осы учаскіде крестьянский начальник, Кермеқас 1 кластық орыс-қазақ училищесінің қамқоршы-попечителі қызметін атқарады. Онда Дәулетшах тек дәрігерлік жұмысын атқарып қана қоймай, қара қазақтың сауатын ашуда үлкен үлесін қосады. Кейін Д.Күсепқалиев 1912 жылы Жымпиты земстволық ауруханасының меңгерушісі болып тағайындалады. Бұл аурухананың пайда болу тарихының 1888 жылғы 17 қазанда Курск -Харьков Азовск темір жолындағы Борки станциясында патша пойызы аударылған атышулы оқиғамен байланысы бар. Бұл апаттан патша мен оның отбасы аман қалуы құрметіне Ресейдің өзінде және оның аймақтарында қайырымдылық мекемелері ашу қолға алынды. Жымпитыдағы аурухана да осы қайырымдылық акциясының нәтижесінде пайда болды.

1912 жылдан бастап Жымпиты земстволық ауруханасының меңгерушісі болумен қатар, Д.Күсепқалиев өлкедегі қалыптасқан либералдық-демократиялық қозғалысқа белсенді араласа бастайды. Оның қоғамдық қызметтерді қатар атқарып, елдің саяси-экономикалық мәселелеріне араласа бастауы жергілікті халықтың әл ауқатын артыруға бағытталады. Облыстық земство жиынының қаржысын пайдалана отырып, ауруханада жүйке сырқатына шалдыққандарды емдейтін бөлімше, перзентхана ашуға ұйытқы болады. 1912 жылы Жымпиты земстволық ауруханасының меңгерушісі бола отырып, ол дәрігер Н.А.Селезневпен бірге Жымпиты поселкасының төңірегіне пайда болған жұқпалы аурулардың алдын алу және таралуын жою жұмыстарына белсене қатысады. Сол 1912 жылы Жымпиты земстволық ауруханасын басқарып жүріп, дәрігер Н.А.Селезневпен бірге Жымпиты поселкасының төңірегіндегі оба ошақтарын жою және алдын алу жұмыстарын жүргізеді. Ол үшін уақытша обаға қарсы лаборатория мен обаға қарсы дәрі дәрмектер қоймасы ашылады [6, 162 б].

Ол кезеңде Жымпиты ауруханасы земствоның қаржысымен жұмыс жасаған. Ол аурухананың меңгерушісі ғана болып қоймай, емдеумен бірге ауруды алдын ала болдырмау шараларын жүзеге асыруда белсенді рол атқарған. Әсіресе оба, шешек ауруларымен күресте өте көп еңбек сіңірген.

[қосымша-2] (1921 жылы 17 мамырда Орынборда өткен республиканың денсаулық сақтау бөлімі қызметкерлерінің І сьезіне қатысушылардың суреті).


Қосымша 2

1921 жылы 17 мамырда Орынборда өткен республиканың денсаулық сақтау бөлімі қызметкерлерінің І сьезіне қатысушылар





Үшінші қатарда сол жақтан бірінші Орал денсаулық бөлімінің меңгерушісі дәрігер Б.М.Лапук; екінші Бөкей денсаулық бөлімінің меңгерушісі дәрігер М.Ю Ниязов; алтыншы Орынбор денсаулық бөлімінің меңгерушісі дәрігер О.Н.Шишкина; бірінші қатарда отырған оңнан бірінші Ақтөбе губерниялық денсаулық бөлімінің меңгерушісі фельдшер Л.Н.Дерновой; үшінші оңнан Бөкей губерниясының Нарын уездік денсаулық бөлімінің меңгерушісі фельдшер Б.Б.Бижанов; Екінші қатарда ортада Қазақстанның денсаулық халық комиссары М.С.Шамов; одан солға қарай дәрігер Д.Ж.Күсепқалиев; оңға қарай дәрігер А.К.Қирабаев.


1915 жылы Батыс Қазақстанда оба ауруының 116, холераның 92 жағдайы тіркелген [6, 87 б.]. Бұл аурулармен күрес жергілікті дәрігерлердің күшімен жүзеге асырылады.

Өзінің жазбасында дәрігер Д.Кусепкалиев былайша баяндайды: «С 1911 года, до и после революции, помимо очередной врачевной работы, все время боролся с чумными эпидемиями в Уральской губерний. Бывали случаи, когда один в чумном оцеплении лечил, хоронил чумных (1912 г.). Противочумные отряды из тогдашнего Петербурга прибывали нередко к ликвидации чумного очага.» [7, 52-2 п]. Дәрігерлердің белсенді іс-қимылдарының арқасында 1915 жылы Жымпиты земстволық қырғыз ауруханасының қуаты 35 кереуетке ұлғаяды.

Саратовтық эпидемиолог-дәрігер Г.Кольцовпен бірге қазақ даласында обаға қарсы тұңғыш зертхана ұйымдастырып, жұқпалы ауруларға қарсы егу жұмыстарын жүргізді. 1914 жылы Самара қаласында өткен облыстық обаға қарсы күрес съезіне қатысып, жан-жақты баяндама жасады. Бұл оқиғаға байланысты Міржақып Дулатов «Қазақ» газетінде мақала арнады.

Алаштанушы, ғалым Д.Аманжолова кітабында: «Қазақ» газеті алғашқы жалпы халықтың орган ретінде мәдени-ағартушылық маңызды миссияны атқарды, саяси мәдениеттің элементтерін қалыптастыра отырып, халықтың санасын оятты. Зиялы жастар қауымы Ә.Бөкейхановты, М.Дулатовты және А.Байтұрсыновты аса құрметтеп, олардың маңына топтасты, өздерінің қазақ әдебиеттін қалыптастырды. М.Дулатовтың ұсынысымен газет жанынан қазақ студенттеріне көмек қоры ашылды. Газеттің степендиаттары Петербург, Варшава, Стамбұлда, Парижде және Берлинде білім алды. Жыл сайын газеттің алғашқы номері шыққан күні әлемнің түкпір-түкпірінен білім алушылар қазақтардан сәлемдемелер жазылды. 1913 жылы наурызда құрылған газет ширақ қимылдап, аяғынан тік тұрды, газеттің жабылуы қарсаңында 1918 жылы өзінің баспаханасы, жеткілікті қажетті қағаздары, шағын кітапханалары болған.Оның жалпы тиражы 8 мың дананы құраған. Ал 1913 жылдан газетпен ұлттық зиялылардың көрнекті өкілдері Ә.Бөкейханов, М.Дулатов (1914 жылы, кейін 1917-1918 жж газеттің редакторы болған), дәрігерлер А.Алдияров, А.Бочтаев, Х.Досмұхамедов, Д.Күсепқалиев, Бенкевич, Р.Мәрсеков, «Мұғалім» журналының редакторы Хасан Али, студент Е.Қасаболатов және басқалары тығыз байланыс жасап отырған [8, 79-80 бб].

Қазақ дәрігерлері Ішкі (Бөкей) қырғыз ордасының дәрігерлері сияқты бірнеше рет Ресейдің көрші губернияларындағы обаға қарсы сьездердің жұмысына қатысады. Дәрігер Д.Күсепқалиевтің «Орал облысындағы обаның шығуы» деп аталатын алғашқы баяндамасын (61ші бет) 1910 жылы Астраханьдағы Астрахань губерниясы мен Орал облысындағы обаға қарсы шараларға қатысушылардың сьезінде жасады. Бұл сьезд жөнінде және сол кезеңдегі халық үшін өте қауіпті болып отырған оба мәселесі «Астрахань дәрігерлері қоғамының хабарламасы» журналының №2 санында жарияланады [9, 52 б.].

Ал «Обаның алдын алу шаралары туралы» деп аталатын екінші баяндамасы 1914 жылы Самара қаласындағы сьезде жасалып, ол 1914 жылы «Самара қаласындағы обамен күрес жөніндегі сьезд еңбектері» деп аталатын жинақта жарияланады [10]. Өз баяндамаларында Д.Күсепқалиев қазақ далаларында дәрігерлік-бақылау пункттерін ұйымдастыру қажеттігін ғылыми тұрғыдан негіздейді. Мұның өзі көп ұзамай қазақ даласында дәрігерлік-бақылау пункттерінің ашылуына, дәрігерлер қатарпының артуына алып келді.

Нәтижесінде 1899-1915 жылдарда Орал облысы мен Торғай облысының екі уезін қосқанда дәрігерлік қызмет түрлерінің көлемі мынадай жағдайға жетеді:


Жылдар

Өлкедегі дәрігерлер саны

Оның ішінде селолық учаскелік дәрігерлер

Земстволық ауруханалар мен қабылдау бөлімдерінің саны

Ондағы кереуеттер саны

1899

35

17

9

60

1905

35

17

12

76

1908

33

15

13

106

1912

45

17

21

153

1913

48

16

21

168

1914

51

15

21

193

1915

67

19

21

204


Өлкедегі дәрігерлер саны: 1) империяның ұлттық шет аймақтарындағы халықтың білім алуына мүдделі еместігі; 2) қазақ жастарының басым көпшілігінде аяқталған гимназиялық білім мен университеттердің медициналық факультеттерінде оқу мүмкіндіктері жоғы; 3) орыс дәрігерлерінің арасында қазақ даласында жұмыс жасауға ықыластылардың аздығына орай, жеткіліксіз болды.

Аталған кезеңде, 1915 жылы Батыс Қазақстанда тек қазақ ұлтынан барлығы 6 дәрігер, 26 фельдшер, оның ішінде 2 дәрігер мен 13 фельдшер Ішкі (Бөкей) ордасында болды [11, 4 б].

Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архивіндегі құжаттарда 1913 жылы Батыс Қазақстанда жұмыс жасаған үш ерікті және бір мемлекеттік дәріханалар - Калмыков, Жымпиты селоларымен қатар сегіз ауылдық дәріханалар жұмыс жасағаны берілген. Жергілікті дәрігерлер осы дәріханалардан дәрілер алып халыққа жеткізіп отырған.

Қазақ дәрігерлері Батыс Қазақстанмен көршілес Ресей губернияларының дәрігерлер Қоғамының обаға қарсы сьездері мен мәжілістеріне қатыса отырып Н.Н.Клодницкий, И.А.Деминский, С.М.Никаноров т.б. сияқты көрнекті дәрігерлермен кездесіп, олармен ақылдасу, кеңес алуы оның эпидемиолог дәрігер ретінде қалыптасуына үлкен ықпал етті. Олардан алған үлкен дәрігерлік білімі мен тәжірибелерін қазақ халқының денсаулық жағдайын жақсартуға пайдаланды.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Байбулсинова А.С. Тарих және тұлға: Ғылыми зерттеулер. – Орал: М.Өтемісов атындағы БҚМУ РБО, 2016. – 311 б.

  2. Абжанов Х.М. Формирование и судьбы казахской интеллигенции // -Мысль, 1992, №2. - с 84.

  3. Душманов С.Х Очерки истории медицины и здравоохранения Казахстана.-Актобе:Раст,2000-75с.

  4. Байбулсинова А.С. Дәулетшах Күсепқалиев: қоғамдық-саяси қызметі. Монография. – Орал қаласы, «DANA орталығы», 2022. -214 б.

  5. Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. – Алматы, 2002. -592 б.

  6. Самарин Р.И. Очерки истории здравохранения Казахстана. – Алма-ата: Казгосиздат, 1958.

  7. Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архиві. 929 қор, 1 тізбе, 5 байлам, №1 іс

  8. Аманжолова Д. Очерки истории Алаш. Монография. – Актобе:ИП Жанадилов С.Т. , 2009. -182 с. 79-80 б

  9. Кусябгалиев Д.Ю. Труды Астраханского Противочумного съезда врачей//Ф-135, 52 л

  10. Душманова М.С., Душманов С.Х.Развитие медицины и здравоохранения в Западном Казахстане: от Букеевского ханства до наших дней. – Уральск, 2009. - 192с.

  11. Алаш азаматтарына. Қазақ газеті, 1914 ж. №45.

Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
14.11.2025
62
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі