Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
Баяндама. Қазақ Ордасындағы хан сайлау дәстүрі.
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
Тақырыбы: Қазақ Ордасындағы хан сайлау дәстүрі.
Көне түрік заманынан басталып, Алтын Ордаға ұласқан одан Қазақ Ордасына жалғасқан мың жарым жылдық ұлы тарихымызда әлем халықтарының қадым замандардан бергі ұлағатты істерінің қатарынан орын алуға лайық, өткенді тану ғана емес, бүгінгі барымызды бағалау үшін де аса мәнді қоғами және саяси үлгілер мол. Соның бірі – қазақ еліндегі далалық демократияның көріністері. Біз бұл жолы Қазақ Ордасындағы хан сайлау рәсімі және оның мән-мағынасы туралы айтпақпыз.
Жер жүзі халықтарының бұрынғы-соңғы тарихына қарасақ, ордалы жұрттардың барлығында дерлік ел билігі әкеден балаға көшетін дәстүр берік ұсталған. Мұндай ұрпақ жалғастығы тек билеуші әулет біржола алмасқан жағдайда ғана бұзылған. Әдетте шах, халифа немесе патша ия король дүние салғаннан соң оның үлкен ұлы таққа көтерілген. Әміршінің артында қалған ұлдың билік басына шығуына оның ақыл, қабілет дәрежесі, жасының кәмелетке толу - толмауы ешқандай бөгесін болмаған. Тарихтағы үлкен империялардың өзінің шежіресін байыптасақ, айбарлы патшадан соң оның есалаң баласы, билікті корольден соң оның бесіктегі баласы тақ иесі деп жариялаған мысалдар көп. Мұндай, әмір жүргізуге мүмкіндігі жоқ әміршілердің тұсында ханым-ана, немесе оған жақын ірі феодалдар билік құратын, орталық өкіметтің босаңсуы нәтижесінде жұрт тозған, халық күйзелген, шапқынға түскен, тіпті ел ішін өзара қырқыс жайлаған жағдайлар да ұшырасыпты.
Біздің Қазақ Ордасы деп аталған ежелгі мемлекетімізде билік алмасудың бұдан өзге бір түрі қалыптасты. Қазақ дәстүрінде әрбір жаңа хан өзінің тумысымен емес, болмысымен билікке жеткен, яғни, ханның ұлы емес, халықтың ұлы ретінде танылған ел ағаларының бірі көпшіліктің қалауы бойынша хан сайланған.
Қазақ Ордасының мемлекеттік құрылымындағы мұндай ерекшелікті өткен замандағы орыс дипломаттары мен оқымыстылары бірден байқапты. XVIII ғасырдың 30-40 жылдарында Ресей мен Қазақстан арасында елшілікте жүрген атақты Мәмет мырза Тевкелев: «Қырғыз-қайсақта… мұрагерлік жолымен хан болмайды, сайлау арқылы ғана хан болады», – деп атап көрсетеді.
Қазақтың ханы сайланады. Бұл жақсы ма, жаман ба?
Коммунистік отаршылдық заманында біздің бабаларымыздың бұрынғы ісінің бәрі жаман деп жарияланды.
Кейбір ғалымдарымыз қазақта феодализмнің өзі болған жоқ, жартылай ғана феодалдық бірдеңелер көрініс берді, соның айқын мысалы – қазақтар ханның өзін қолдан сайлады дейді. Яғни, советтік сайлаудың үлгісіне келмеген сайлаудың бәрі жаман. Бұл – қазақ - совет ғалымының пікірі.
Ал сонау XVIII ғасырда жасаған, Ресей патшалығының Қазақстанды біржола отарлау саясатын тікелей жүзеге асырушы, Орынбор губернаторы И. Неплюев 1748 жылы 26 тамызда Ресей Сыртқы істер коллегиясына жасаған ресми хабарламасында мүлде басқаша байыптайды: «Бұл қырғыз-қайсақ бойынша ежелгі хан-сұлтан әулетінің өкілдері мұрагерлік жолымен емес, халықтың сайлауы бойынша ғана хандыққа жете алады. Ел ағалары және халық қай сұлтанды қаласа, сол хан болып сайланады, ал ханның өкімі мен беделі оның хандық дәрежесіне емес, халықтың қамын жеген ой-парасаты мен өнімді іс-әрекетіне байланысты», – дейді губернатор, жандарал һәм сенатор И.Неплюев. Яғни, ханның мұрагерлік жолымен таққа отырмай, халықтың қалауымен сайлануы – басқасын былай қойғанда, әміршіге айрықша міндет жүктейді екен, ханның көктен түсе қалмай, көптің ортасынан көтерілуі оның бұра тартпауына себеп екен, ел-жұрттының мүддесін жоғары ұстауына негіз екен. М.Тевкелев пен И.Неплюев келтірген деректерден осындай қорытынды шығады. Советтік империализмге дейін отаршылдың өзі ақиқаттан аттап кете алмапты.
Біртұтас Қазақ Ордасының тарихында Керей ханнан Абылай ханға дейінгі аралықта бізге аты мағлұм жиырма хан өтіпті. Солардың барлығы да ашық сайлау жолымен, халықтың қалауы бойынша хан көтерілді. Қазақ Ордасының ең соңғы ханы Кенесары да туған жұртының ежелгі озық дәстүрі негізінде билікке жеткен болатын.
Қазақтағы хан сайлау дәстүрінің түп тамыры біздің эрамыздың IV-V ғасырларына – көне ғұн дәуіріне барып тіреледі. Ежелгі түрік Ордасы заманынан, VI ғасырдан жеткен нақты деректерге қарағанда, қағанат тарихындағы төртінші әмірші Мұған хан тақ билігі ағадан ініге, одан соң ағаның баласынан інінің баласына көшетін дәстүрді заң жүзінде негіздепті.
Билік алмасудың мұндай өзгеше үлгісі еркіндігі мол әскери феодалдық ортада айрықша ұтымды болып шығады, ағайынның татулығын, елдің бірлігін қамтамасыз етеді; өлген әміршінің артында қалған балалардың немесе көлденең үміткерлердің өзара қырқысына жол бермейді. Ең бастысы-ұлыс билігі барлық уақытта да кәмелеттен озған, біршама тәжірибе жинақтаған, беделді, жауынгер адамның қолында болады.
Әйткенмен, тақ билігінің ағадан ініге белгілі бір тәртіп бойынша ғана алмасуының да кемістік жағдайы көрініс береді. Қағандық ауысқан кезде әлі кезегі жетпеген, бірақ заңды мұрагерден атақ-абыройы артығырақ інілер наразылыққа ұласқан жағдайлар да бар. Осыны бәрі ұлы мемлекеттің әлсіреуіне, ақыры, бөлшектене келе мүлде ыдырауына себеп болды. Бұл турасында біздің асыл мұратымыз, VІІІ ғасырдан жеткен Күлтегін бітігінде ашық айтылған.Түрік жұртының өткендегі ұлы қағандарын мадақтай келе: «Одан соң інілері қаған болды, ұлдары да қаған болды, бірақ інілері ағасындай бола алмады, ұлдары әкесіндей бола алмады »,- дейді ежелгі ескерткіш.
Ұлы Түрік қағандығының мұрагері,одан соңғы Батыс Түрік қағандығының тарихи жалғасы болып есептелетін Алтын Орда заманында бұл кілтипатының да емі табылады.Алтын Орда ұлысында да ежелгі түрік дәстүріне сай, тақ билігі ағадан ініге көшетін заң берік сақталады,алайда билік міндетті түрде келесі ініге ауатын салт қабылданбайды, келесі іні- ол туған іні емес, немере, шөбере, шөпшек іні болуы да мүмкін, әйтеуір билеуші әулеттен шыққан үміткер тек сайлау жөнімен ғана таққа жетеді. Сөйтіп, осыған дейін жалпы жұртқа білігімен, ерлігімен танылған, тұрғылыстар арасында зор бедел алған, бүкіл әулет мойындаған адам хан көтерілуге тиіс болады. Әрине, жаңа хан сайлауда белгілі бір саяси күштер мен топтар, ірі шонжарлар, кейде үлкен билікке жеткен әскер- басы бектер шешуші қызымет атқарған.Қайткенде де ел тұтқасын ұстап отырған игі жақсыл ардың басым көпшілігінің ырқынан тыс, кездейсоқ адамның таққа көтерілуі мүмкін емес еді.
Алтын Орда мемлекетінің дәуірлеу кезеңіндегі тақ алмасу ретінде қарасақ, әлемдегі ешбір халықтың тарихынан ұшыраспайтын, тек біздің жұртқа ғана тән өзгешелік анық байқалады.Ұлығ ұлыстың негізін салған- Бату хан екені белгілі. Бату өлген соң оның ұлы Сартақ хан аталады. Бұл- ежелгі түрік дәстүріне қайшы келетін, әрі көпшіліктің қалауынан тыс шешілген іс болатын. Сартақ ел тізгінін алар-алмастан-ақ биліктен тайдырылады.Алтын Орданың астанасы Сарай қаласында Батудың туған інісі Берке хан көтерілді.Ұзақ жасаған Беркеден соң Батудың екенші баласы Тоқанның ұлы Мөңке-Темір хан болады.Мөңке-Темірден соң хандық оның туған інісі Тұда-Мөңкеге көшеді.Бұдан кейін осы екеуінің туған ағасы Тарбудың ұлы Төле-Бұқа хан болады.Одан соңғы ұлыс иесі –Мөңке-Темір ханның ұлы, яғни, Төле-Бұқаның немере інісі Тоқты. Келесі кезекте осы Тоқты ханның інісі Тоғрылшаның ұлы Өзбек хан көтерілген.
Яғни,Ұлығ Ұлыста бұдан жеті-сегіз ғасыр бұрынғы, Көне түрік дәуіріндегі, ел билігі ағадан ініге, одан ағаның баласынан інінің баласына көшетін өзгеше дәстүр қайта жаңғырғанын көреміз. Бірақ Түрік қағандығындағы реттік тәртіп аттамалы жолмен, дәлірек айтсақ, іріктеу арқылы жүзеге асады, жасы кіші інінің келесісі емес, үлкен-кішісіне қарамай, ең беделді, айбарлысы хан көтеріледі.
Бұл озық салт Қазақ Ордасы заманында одан ары жалғасып, жетіле түседі. Алтын Орда тұсында қалыптасқан жүйе берік сақталумен қатар, болашақ хан ашық сайлау арқылы ғана таққа жететін, қазіргі ұғымдағыдай болмаса да, біршама демократиялық дәстүр біржола бекиді. Қазақ Ордасының әуелгі ханы – Керей, Керейден соң оның шөбере інісі Жәнібек, Жәнібектен соң Керейдің ұлы Бұрындық, Бұрындықтан соң Жәнібектің ұлы Әдік, Әдіктен соң оның інісі Қасым… Осылай жалғаса береді.
Қазақ Ордасының төрт ғасырға жуық ұзақ тарихында ұлыс билігі ағадан ініге көшетін ежелгі дәстүр екі-ақ рет бұзылыпты. Мұның соңғысы – 1781 жылы дүние салған Абылайдан кейін оның ұлы Уәлидің хан көтерілуі. Бұл сәйкессіздікті Ресей өкіметінің жол-жорасымен ғана емес, Уәлидің Абылай билеген үлкен ұлыстың бір бөлігінде – Орта Жүзде ғана хан аталуымен ақтауға болады. Бірақ нақты тарихи құжаттарды таразылағанда, бұл жолы да қазақтың хан сайлау дәстүрі бұзылмағандығы көрінеді.
Енді Қазақ Ордасында қалыптасқан хан сайлаудың жөн-жорасы туралы айтайық. Әлбетте, хандықтан үміткер адам біреу, екеу емес, әлденешеу болады. Қазіргі тілмен айтқанда хандыққа кандидат ретінде тіркелудің, яғни санатқа енудің ең басты шарты – үміткердің Шыңғыс хан әулетінен болуы.
Ежелгі түріктің қият руынан шыққан Шыңғыс хан ұрпағы Қазақ Ордасында ақсүйек, яғни айрықша текті әулет деп саналған. Бұл әулеттің қазақы тілдегі атауы – негізінде төре. Қазақ Ордасының туын көтерген Керей мен Жәнібек ханнан тараған ұрпақ уақыт оза келе өсіп-өніп, көбейіп, тұтас бір руға айналған. Және қазақтың үш жүзіне ортақ саналған. Бұл – ел бірлігі үшін аса мәнді рәсім болды. Осының нәтижесінде хан сайлау – ру таласынан тысқары, барлық ұлыс үшін тең жағдайдағы ортақ біртұтас жауапкершілік, ортақ игілікке айналды.
Жаңа ханды сайлау ашық түрде, жария жағдайда өткізілген. Әуелі бүкіл ұлысқа сауын айтылады. Жұртшылық белгілі бір жерге көбіне-көп Түркістанға, Әзірет-Сұлтан дүрбесінің саясына жиналады.
Хан сайлау рәсімін көруге, белгілі бір мөлшерде сырттай болса да атсалысуға ұлыстағы кәрі-жастың бәрінің де хақысы бар. Әйелдер мен бала-шаға ең жақсы, сәнді киімдерін кисе, кемел жастағы еркек атаулы жарақтанып, қаруланып келуге міңдетті болған. Бақыр басты әрбір кісінің кеңесші дауысы бар. Бұлар белгілі бір үміткерді қостап, мақұлдап немесе әлде біреуіне наразылық білдіріп, хан сайлаудың өзі қалаған бағытта өтуіне ықпал жасауға тырысқан. Яғни, Қазак Ордасындағы халықтың, қарулы әскердің ой-пікірі жауапты кезеңде үлкен күшке айналған. Әйткенмен, шешуші дауыс – ел ағаларына тиесілі. Бұлар – жұрт ұстаған сұлтандар, ру басы билер, әскербасы батырлар және ерлігімен иә білігімен топтан озған игі жаксылар.
Әлбетте, ел ағалары алдын-ала акылдасьш, кеңесе келе белгілі бір шешімге тоқтайды. Содан соң ғана жалпы жұрттың мақұлдауымен хан көтеру рәсімі өткізілмек.
Біздің заманға қазақтағы хан көтеру рәсімі турасында накты суреттеме деректер жеткен.
Хан көтеру рәсімі жұма күні, ашык аспан астында өткізіледі. Жиналған жұрт аттылы – жаяулы, алқақотан тұрады. Ортаға кымбат кілемдер, түрлі – түсті текемет, сырмақтар төселген, жібек көрпелер жайылған. Бұл – ең сыйлы жер, төр деп есептеледі. Төрде хан сайлауға тікелей қатынасқан ел ағалары мансап – дәрежесі, атақ-беделіне қарай, үш қатар,төрт қатар болып дөңгелене отырады. Қақ ортада, яғни төрдің төбесінде – осы салтанатқа орай арнайы басылған, алтын әдіпті жұқа ақ киіз. Жұрт орнығып, дабыра басылған соң, бүкіл Ордаға танымал, атақ – абыройы зор ақсақалдардың бірі орнынан кетеріліп жиналған жұртқа Ұлыстың ұлы кеңесінің шешімін жариялайды, хандыққа кімнің сайланбағын айтады. Бұдан соң елге танымал екі адам екі жағынан қолтықтап әкеп, балашақ тақ иесін төрдің төбесіне – ақ киіздің үстіне шығарады. Әлі хан емес, үміткер жалпы жұртка бой көрсеткен соң, ақ киіздің қақ ортасына құбылаға бет беріп, қол қусырып малдасын құрып отырады.
Енді хан сайлаудын екінші, көпшілік қауымға арналған және ең шешуші бөлігі басталады. Ел ағалары-шешен билер, әскербасы батырлар, өздері де тақтан үміткер болған кейбір сұлтандар кезекпе- кезек тұрып, жамағатқа қарата сөз сейлейді. Барлық сөз болашақ ханның абзал қасиеттеріне арналады. Оның нұрдан жаралған хан Шыңғыстан бастау алатын ата-тегінің асылдығы айтылады, оның берідегі аталарының ұлыс мерейі жолында атқарған ұлы істері еске алынады; болашақ ханның өзінің жеке басының қасиетіне айрықша назар аударылады; ақыл-парасаты, әділдігі, мәрттігі мадақталады, қол бастаған көсемдігі, жұртка мәлім ерлік істері атап көрсетіледі. Міне, осындай асылзада хан болса, алаш ұлының көсегесі көгереді, «сондай да жақсылыктар, игіліктер, болады» деп насихат айтылады.
Осыдан соң ұлыстағы дінбасы, ғұлама кәләмшәрифтан дұға оқиды, шартараптан жиналған жұртты пәтуаға келтіріп, хаңдыққа көтерілмек пеңдесіне аруақ пен құдай атынан, бүкіл ұлыс жұртының атынан бата жасайды. Бұдан кейін ұлыстағы айрықша беделді алдын-ала белгіленген төрт кісі ортада малдас құрып отырган үміткерді ақ киіздің төртбұрышынан алып, бастарынан асыра жоғары көтереді де қайтадан жерге түсіреді. Хан сайлау рәсімінін ең түйінді шешімі – осы. Билікке жетті, таққа мінді деген мағынада айтылатын «ақ киізге көтерілді, хан көтерілді» деген сөздердің түп төркіні осы рәсімде жатыр.
Осы орайдағы, баска жұртта жоқ тағы бір рәсім – хан атқа мініп, ордаға түскен кезде әр тайпадан, әр тараптан арнайы іріктелген қаншама адам ханнын өрістегі малын, қозы-лақ, құлын-тайына дейін түк қалдырмай бөліске салады. Бұл рәсім «Хан сарқыты» деп аталады. Ханға малдың керегі жоқ. Хан – ел иесі, жұрт түлғасы, елде бар болса, ханда да бар, ханның халықтан бөтен тілегі болмауға тиіс деген сөз. Сонымен қатар-жақсы ырым. Сайлауға келе алмаған жұрт тойдан дәм татады, хан малының тұқымы қалған елге құт әкеледі. Ырым, наным ғана емес, мақтан. Өзінің ұлттық мемлекетінің басында отырған халық қалауымен көтерілген ханға деген биік құрмет белгісі. Арада апта өтпей бұл мал он есе көбейіп кері қайтады. Бірақ бұл – ханның емес, қазынаның малы.
Ал казақ халқы бұлыңғыр заман, тайғақ кешулердің бәрінен аман-есен өтіп, бүгінгі күнге жетіпті. Бұл-қазақ қоғамының өміршеңдігінің нәтижесі. Орталық Азиядағы Алтын Ордадан соңғы, ең байтақ ұлыс Қазақ Ордасының өткен тарихын нақты байыптасақ, ежелгі ғұн-түрік заманынан бастау алатын асыл қазыналарымызды қастерлеп сақтау жөне одан әрі өрістету арқасында біздің ұлы халқымыз өзінің берік мемлекеттік жүйесін қалыптастырғанын көреміз. Соның өзекті бір саласы – хан сайлау дәстүрі.