Материалдар / Білім алушылардың жазылым дағдысын қалыптастыру бойынша әдістемелік нұсқаулар (11-сынып)

Білім алушылардың жазылым дағдысын қалыптастыру бойынша әдістемелік нұсқаулар (11-сынып)

Материал туралы қысқаша түсінік
МАЗМҰНЫ: 1. Білім алушылардың жазылым дағдысын қалыптастыру мәceлecінің зeрттeлуі........................... 2. Жазылым дағдысының лингводидaктикaлық нeгіздeрі....... 3. Жазылым дағдысын қалыптастырудың психологиялық негіздері................ 4. Білім алушылардың жазылым дағдысын қалыптастыруда жүргізілетін жaттығулaр түрлері 5. Оқыту мақсаттарын жүзеге асыруға ұсынылатын дидактикалық материалдар мен тапсырмалар 6. Ана тілім – айбыным Зерттеудің өзектілігі. Жаңартылған білім бағдарламасы негізінде білім алушылардың жазылым дағдысын қалыптастыру әдістемесі белгілі бір қағидаларды басшылыққа ала отырып, заңдылықтарға бағынады. Тілдік коммуникация парадигмалары ауызша және жазбаша түрде ойды жеткізу, түсінісу, пікір алмасу процестерін жан-жақты қамти келіп, сөйлесім әрекетінің түрлеріне байланысты дамиды. Сөйлесім әрекетінің түрлері: тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым, тілдесім – адамның ойын, пікірін, көзқарасын екінші адамға жеткізу арқылы тілдік қатынасты жүзеге асырады. Тілді
ЖИ арқылы жасау
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады

«Өрлеу»


Білім алушылардың жазылым дағдысын қалыптастыру бойынша әдістемелік нұсқаулар

(11-сынып)




Авторлары: Ж.М.Каирова, А.К.Жунусова


















Алматы, 2023



МАЗМҰНЫ:

    1. Білім алушылардың жазылым дағдысын қалыптастыру мәceлecінің зeрттeлуі...........................

    2. Жазылым дағдысының лингводидaктикaлық нeгіздeрі.......

    3. Жазылым дағдысын қалыптастырудың психологиялық негіздері................

    4. Білім алушылардың жазылым дағдысын қалыптастыруда жүргізілетін жaттығулaр түрлері

    5. Оқыту мақсаттарын жүзеге асыруға ұсынылатын дидактикалық материалдар мен тапсырмалар

    6. Ана тілім – айбыным


















КІРІСПЕ


Зерттеудің өзектілігі. Жаңартылған білім бағдарламасы негізінде білім алушылардың жазылым дағдысын қалыптастыру әдістемесі белгілі бір қағидаларды басшылыққа ала отырып, заңдылықтарға бағынады. Тілдік коммуникация парадигмалары ауызша және жазбаша түрде ойды жеткізу, түсінісу, пікір алмасу процестерін жан-жақты қамти келіп, сөйлесім әрекетінің түрлеріне байланысты дамиды. Сөйлесім әрекетінің түрлері: тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым, тілдесім – адамның ойын, пікірін, көзқарасын екінші адамға жеткізу арқылы тілдік қатынасты жүзеге асырады.

Тілдік коммуникация толыққанды жүзеге асуы үшін бұл әрекеттердің әрқайсысы өзіне тән қызмет атқарады. Осылардың ішінде жазылым – сөздің ішкі мазмұны мен сыртқы формасы, құрылымы мен құрамы, орфоэпиялық және орфографиялық нормалары тарапынан бірімен-бірі байланысты үдеріс. Себебі жазылым ұлттық рухани құндылықтарды әлемге танытуға жол ашады. Ол өркениетті елдердің мәдениеті мен білімін жан-жақты игеру барысында маңызды орын алады. Жазу графикасы туралы ілім түркі тілдес халықтардың салт-дәстүр, мәдениет, руханият саласын жақындастыруға, ортақ мәдениет пен ұстанымдарды жандандыруға әсерін тигізеді. Бұл болашақта гуманитарлық салалардың ғылыми-әдістемелік негізін айқындап, бірегей мәдени кеңістік қалыптастыруға көмектеседі.

Әр елдің жазу мәдениетінің, адам мен адамның, ел мен елдің ақпараттық байланысының, жалпы коммуникативтік актының күрделісі жазылымның әлеуметтік маңызынан, орфографиялық және орфоэпиялық ережелердің бір-бірімен байланысты жүйесінен көрінеді. «Жазу – адамның дүниені, қоршаған ортаны, жинаған білімі мен білігін ой-санасында пайымдап, белгілі бір заңдылықтарға сүйенген мағыналы тілдік бірлік (языковая единица) арқылы жазбаша көрсетуі. Бұл әрекет – дыбыстық жазудың жүйесімен, әр таңбаның белгісімен, жазбаша коммуникацияның ұғынықты үлгісімен жүзеге асатын күрделі процесс. Ол – ұлт мәдениеті мен адамзат құндылықтарының, елдің өркениетінің көрінісі» [1, 346 б.].

Сондықтан қазақ тілін оқытудың маңызды міндеттерінің бірі мектеп оқушыларының орфографиялық дағдыларын және сыни ойлауын қалыптастыру болып табылады. Сауатты жазу, яғни тіл мәдениетінің маңызды элементін меңгеру әр білім алушыға қажет. Себебі бұл – тілдің функциясымен анықталатын үрдіс. Адамның саналық дамуында қалыптасатын бұл дағды тұлғаның барлық дағдыны меңгеру алғышарты орындалған кезде немесе ішкі уәжі қатар жүрген уақытта қалыптасады. Жазылым жұмысының сәтті шығуы ең алдымен, оқушының сөздік қорының жеткілікті болуымен тікелей байланысты. Оқушыда тіл байлығы, сөздік қоры оқылым дағдысы дамыған кезде ғана қалыптасады, сондықтан олардың көркем әдебиет оқығаны аса маңызды.

Білім алушылармен жүргізілетін жазылым жұмыстары барысында өз бетінше жұмыс түрлерін ұйымдастырып, олардың ой-қиялына ерік берілсе, грамматикалық құзыреттілігін дамытып, коммуникативтік қабілетін қалыптастыра аламыз. Сонымен қатар әртүрлі жанрдағы жазу құрылымдарын да ескерген жөн. Қазақ тілі сабақтарында жазылым тапсырмалары білім алушылар тарапынан белсенділікпен жүзеге асуы мұғалімнің кәсіби біліктілігін талап етеді. Себебі мұғалім – адам қалыптастырушылық қызметті атқаратын, баланы ғаламмен үйлесімде өмір сүруге дайындайтын, қазақ тілі пәні арқылы білім алушылардың дүниетанымын қалыптастырып, оған өмір сүрудің ең тиімді амал-тәсілін меңгертетін бірден-бір жауапты адам. Сонымен қатар өз ана тілінің нәрімен сусындаған шәкірттерін пән мазмұнындағы ұлттық танымның терең иірімдерін тануды, дәйектей алуды қамтамасыз етеді. Оқыту барысында оқушылар орфографиялық сауаттылықты игеріп, дәйекті, дәл, анық және өз ойларын грамматикалық тұрғыдан дұрыс жеткізе білуі керек. Күні бүгінге дейін жазылым дағдысын қалыптастырудың бірізді жұмыс тізбегі нақтыланбағандықтан, бұл мәселе күрделі әрі өзекті болып отыр. Себебі ХХ ғасырда әлеуметтік руханият таразыға түсіп, ерекшеленіп, екшеленіп жатқан тұста білім алушылар үшін ана тілін біліп қана қоймай, ұлттық кодтың базасы болып табылатын сөздік қорды меңгерген, мәнерлі, дұрыс сөйлеп қана қоймай, сауатты жаза білетін, ұлттың, елдің, этностың болмысын танитын, бай рухани құндылықтарды игерген шәкірт тәрбиелеу – қазіргі уақыттың сұранысы болып табылады.

11-сынып білім алушыларының жазылым дағдысын қалыптастыру тақырыпты аша білу, грамматикалық сауаттылық, өз ойын сыни тұрғыдан дәлелдеу, қорытынды шешім шығарып, өз көзқарасын білдіру деңгейіне, сондай-ақ батыл болжамдар мен өткір ұсыныстар айтуға, таным көкжиегін кеңейтуге қозғау салу, ой бөлісу, мәселені еркін баяндау, дәлелді пікірлер ұсыну, пікір жарыстыруларға үйрету секілді жұмыстарға бағытталады. Жазылым түрлерінің әрқайсысының өздеріне сай ерекшелігі болады. Ол жазылым түрлерінің құрылымына және мақсаты мен шешуі тиіс міндеттеріне байланысты. Сондықтан 11-сынып білім алушыларының жаңартылған білім мазмұны аясында жазылым дағдысын қалыптастыру жолдарын зерттеу, ұтымды әдіс-тәсілдер ұсыну өзекті мәселе болып табылады.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы:

- жаңартылған оқу бағдарламасы негізінде білім алушылардың жазылым дағдысын қалыптастыру барысында қиындық тудыратын мәселелерді анықтау және шешу жолдары анықталды;

- білім алушыларға жазылымды меңгертуде қолдaнылaтын тиімді дe бeлceнді әдіc-тәcілдeр жүйeлeнді;

- білім алушыларды жазылым түрлеріне дағдыландыратын жаттығулaр жүйecі нaқтылaнды;

- жаңартылған оқу бағдарламасы негізінде білім алушылардың жазылым дағдысын қалыптастырудың тиімді әдіcтeмecі ұcынылды.

Зерттеудің мақсаты: Жаңартылған білім мазмұны негізінде білім алушылардың жазылым дағдысын қалыптастырудың ұтымды әдіcтeмecін жacaу.

Зерттеудің міндeттeрі:

-білім алушыларға жазылым дағдысын меңгерту мәселесінің зeрттeлуінe шолу жacaу;

-білім алушылардың жазылым дағдысын қалыптастырудың лингвиcтикaлық, пeдaгогикaлық, пcихологиялық нeгіздeрін анықтaу;

- білім алушылардың тілдік коммуникациялық дағдыларын жетілдіріп, алған білімдерін қоғамда орынды пайдалана білу арқылы өз орнын табуға ынталандыру;

-білім алушылардың жазылым дағдысын қалыптастырудың нeгізгі ұcтaнымдaры мeн әдіc-тәcілдeрін жүйeлeу;

- білім алушылардың жазылым дағдысын қалыптастыруға ұсынылған тапсырмалар жүйесінің тиімділігін эксперимент арқылы дәлелдеу.

Зерттеу пәні: Жаңартылған білім бағдарламасы негізінде білім алушылардың жазылым дағдысын қалыптастырудың әдістемесі.

Зерттеу нысаны: жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбында білім алушылардың жазылым дағдысын қалыптастыру үдерісі.

Қорғауға шығарылатын негізгі тұжырымдар:

- білім алушылардың жазылым дағдысын қалыптастырудың сәтті болуы ең алдымен, оқушының сөздік қорының жеткілікті болуымен тікелей байланысты;

- оқушыда тіл байлығы, сөздік қоры жазылым дағдысының жетілдірілуінде маңызды болып табылады;

- білім алушыларға жазылымды меңгертуде тиімді, бeлceнді әдіc-тәcілдeр дұрыс таңдай білу керек;

- қазақ тілі сабағында оқушыларды жазылым түрлеріне дағдыландыратын жаттығулaр жүйecі сараланып ұсынылуы керек.

Зерттеу жұмысының теориялық және әдіснамалық негізі:

Зерттеу жұмысының теориялық және әдіснамалық негізіне әдіскер-ғалымдар А.Байтұрсынұлының, С.Аманжоловтың, Р.Сыздықтың, Ф.Оразбаеваның, Ф.Абдразахованың, А.Рауандинаның, Ж.Балтабаеваның, Ж.Дәулетбекованың; орыс әдіскер-ғалымдары М.Голубков, В.Беспалько, М.Скаткин, Н.Кудряшевтың еңбектері алынды.

Тәжірибелік-эксперименттік база ретінде Қонаев қаласындағы Қ.Қайсенов атындағы №4 орта мектебі алынды. Экспериментке 11-сыныптың 20 оқушысы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері қатысты.

Зерттеу нәтижесінің апробациясы:

Бірінші кезеңде (2021 ж) зерттеу мәселесі бойынша библиографиялық жұмыс жүргізіліп, жұмыстың негізгі ережелері нақтыланды. Сонымен қатар экспериментті ұйымдастыру мен жүргізудің жолдары мен формаларын іздеуді қамтыды. Соның нәтижесінде зерттеу жұмысының мақсты мен міндеттері нақтыланып, жұмыстың теориялық және әдіснамалық негіздері айқындалды. Жалпы орта білім беретін мектептердегі 11-сынып білім алушыларының жазылым дағдысын қалыптастырудың жолдары қарастырылды. 11-сынып оқушыларының жазылым дағдысын қалыптастыруда туындайтын қиындықтарды анықтаудың эксперименттік материалдары жасалды.

Бірінші кезеңде (2021 ж) зерттеу тақырыбының ғылыми-әдіснамалық негіздерін анықтау мақсатында іргел еңбектерге: лингвистикалық, лингводидактикалық бағыттағы монографияларға, оқулықтарға, оқу құралдарына, ғылыми мақалаларға талдау жасалды. Тақырыпқа қатысты ғылыми тұжырымдар нақтыланды. Жазылым мәселесіне қатысты психологиялық, педагогикалық еңбектерге шолу жасалып, оның 11-сынып оқушыларының жазылам дағдысын жетілдіруге байланысты қырлары анықталды. Сөйлеу мен жазудың бірлігінен –тұратын танымдық зерттеулерге баса мән беріліп, психология, тіл білімі саласындағы еңбектер басшылыққа алынды.

Екінші кезеңде (2022 ж) жазылым дағдысын қалыптастырудың жолдарын айқындау үшін ғылыми-әдістемелік әдебиеттер, пән мұғалімдерінің республикалық жариялымдарда жарық көрген озық іс тәжірибелері, 11-сыныпта «Қазақ тілі» пәнін оқытудың жаңартылған оқу бағдарламасы мен оқулықтары зерделенді. Жазылым дағдысын қалыптастырудың тиімді жолдары сараланып, 11-сынып оқушыларының жазылым дағдысын қалыптастыруға арналған жаттығулар жүйесі әзірленді.

Үшінші кезеңде (2022-2023 оқу жылы) ұсынылған әдістеменің тиімділігін анықтап, дәйектеу мақсатында әзірленген эксперимент материалдары негізінде 11-сынып білім алушылардың жазылым тапсырмаларын орындау деңгейі тексерілді. Бастапқы эксперимент нәтижелерімен соңғысы салыстырылып, қорытынды жасалды. Зерттеу тұжырымдары мен қорытындылары жүйеленіп, алынған ақпараттар тұжырымдалып, әдістемелік нұсқаулық рәсімделді.

Зерттеудің құрылымы: Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Кіріспеде жұмыстың өзектілігі, мақсаты мен міндеті, нысаны, пәні, теориялық және әдіснамалық негізі, зерттеу кезеңдері мен қорытынды тұжырымдар қамтылған ғылыми аппараты берілген.

«Жаңартылған білім бағдарламасы негізінде білім алушылардың жазылым дағдысын қалыптастырудың теориялық негіздері» бөлімінде білім алушылардың жазылым дағдысын қалыптастыру мәceлecі бойынша лингвистикалық, психологиялық, педагогикалық, әдістемелік әдебиеттерге талдау жасалды. Сол талдаулар негізінде 11-сынып білім алушыларының жазылым дағдысын қалыптастырудың ғылыми-теориялық, әдіснамалық негіздемесі айқындалды.

«Жаңартылған білім бағдарламасы негізінде білім алушылардың жазылым дағдысын қалыптастырудың әдістемелік жүйесі» бөлімінде жалпы орта білім беретін мектептердегі 11-сынып оқушыларының жазылым дағдысын қалыптастыруда туындайтын қиындықтар анықталып, оларды шешу үшін тиімді әдіс-тәсілдер мен оқыту технологиялары жүйеленіп, жаттығулар жүйесі ұсынылды.

Қорытындыда зерттеу жұмысының нәтижелері негізінде тұжырымдар мен ұсыныстар берілген.
























Білім алушылардың жазылым дағдысын қалыптастыру мәceлecінің зeрттeлуі


Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту білім беру үдерісінің құрылымы мен мазмұнына елеулі өзгерістер енгізе отырып, пәнді оқытудың құрылымын басқа арнаға бұрды. Бұл еліміздегі білім беру жүйесін өркениетті елдердің білім беру жүйесіне негіздеп қана қоймай, орта білім беру жүйесі мен жоғары білім беру стандарттары арасындағы алшақтықты жақындатуға бағытталған алғашқы қадам еді, яғни білім беруді мақсат ретінде емес, әлеуметтік ортаны өзгерту үшін белсенді күресте жастарға қажет құрал және қару ретінде қарастыру. Білім беру міндеттерін өмір және бұқараның қажеттіліктерімен байланыстырады. Мектеп білім алушыларының ақыл-ой дамуы мен жеке басының адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруды қамтамасыз ететін нақты білім беру керек.

Жаңартылған білім мазмұны аясында қазақ тілін оқытудың мынандай мақсаттары айқындалды: бүкіл оқыту барысында коммуникативтік бағдар бере отырып, білім алушылардың ауызша сөйлеу (диалог, монолог), тыңдап-түсіну, оқу, жазудағы іскерлік пен дағдыларды қалыптастыру. Бұл С.Аманжоловтың «Қазақ тілі теориясының негіздері» еңбегіндегі мына ойға саяды: «оқыту сөзсіз тұрмысқа жанасқан, екінші сөзбен айтқанда, қоғамдық еңбекпен тығыз болсын, соның арқасында мектеп ой-қыры бірдей қоғамның адамын дайындайды» [2.20]. Ғалымның бұл пікірі орта білімнің негізгі мақсаты білім алушылардың алған білімін өмірмен ұштастыруы деген мәселесін нақтылай түседі.

Өмірдің түрлі қызмет салаларында мектеп түлектерінің қоршаған ортамен, бір-бірімен қарым-қатынас құралы ретінде оқылым, айтылым, тыңдалымды пайдалану өлшемі кең болады. Ал адамның саналық дамуында қалыптасатын дағдының ең күрделісі жазылым дағдысы болып саналады. Орфографиялық сауатты жазу жалпы тіл мәдениетінің маңызды элементі және оны меңгеру әр білімді адамға қажет. Бұл – тілдің функциясымен анықталатын үрдіс. Себебі жазылым тұлғаның барлық оқу дағдыларын меңгеру алғышарты орындалған кезде немесе ішкі уәжі қатар жүрген уақытта қалыптасады. «Жазылым әрекетін меңгеру дегеніміз – адам айтар ойын сөзбен, сөйлеммен жеткізудің амал-тәсілдерін игеру болып табылады»,- дейді Қ.Ж.Абдрахманова [3.164], яғни ана тілінде ойын еркін жеткізу үшін 11-сынып білім алушылары тілдік тұлғалардың бір-бірімен тіркесу, байланысу тәсілдерін, қолданылу тәртібін іс жүзінде түсініп, өз бетімен қажетіне қарай пайдаланып үйренуі керек. Өйткені заман талабы осындай қажеттіліктерді туындатып отыр. Әрбір мектеп бітіруші түлек ана тілінде сөйлеп қана қоймай, әртүрлі стильдегі жазбаша құжаттарды сауатты толтырып, ойын ауызша да, жазбаша да еркін жеткізе білуі тиіс. Тіл адам ойын жеткізудің құралы болса, 11-сыныпта білім алушыларға тек өз ойы мен пікірін емес, өзгелердің де пікірін саралап, салыстырып, соның негізінде қорытынды жасай білуді үйрету аса маңызды.

Ғалым С.Аманжолов тілдің коммуникациялық қызметінің өзі ойға байланысты өрбитінін айта келіп, «тіл – ойды талдаудың да, іске асырудың да құралы» [4.30],-деген пікір білдіреді.

Жазылым дағдысы тақырыпты аша білу, грамматикалық сауаттылық, өз ойын сын тұрғысынан дәлелдеу, қорытынды шешім шығарып, өз көзқарасын білдіру деңгейіне бағытталады. Оқыту мен білім берудегі жазылым дағдысы әрбір білім алушының жеке тұлғалық қабілеттерін ашып, өмірге бейім адамды қалыптастыруды көздейді. Себебі жазуды меңгерген бала оқуды да игереді. Мұндағы «Жазылым» термині «жазу» деген мағынаны емес, «жаза білу», «ойыңды басқа біреуге түсінікті болу үшін, қағаз бетінде сауатты жеткізе білу дегенді білдіреді [5.4-5].

Жазылым әрекеті тілдік және қатысымдық тұлғалардың сыртқы таңбалық және ішкі мазмұндық қасиетімен байланысты бола келіп, олардың көзге көрінетін тұрақты, арнайы заңдылыққа бағынған жүйесі арқылы іске асып, белгілі бір хабарды жарыққа шығаруға және қабылдауға ықпал етеді. Тілдік қатынас тұрғысынан жүзеге асырылатын жазылым әрекеті – адамдардың жүйеленген өз көзқарасын, басқа біреуге айтайын деген ойды түсінікті етіп, қағазға түсіріп көпшілікке жеткізілуі және оған қайыра жауап алуы. Жазылым әрекеті өмірдің барлық саласында кең қолданылып, қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді. Алайда, білім алушылардың жазылым дағдысын қалыптастыруда жоғарыда аталған жазылым тапсырмалары мен ЖОО-да, күнделікті тұрмыста, қоғамдық өмірде талап етілетін жазылым тапсырмаларының түрлері мен талаптарының арасында үлкен алшақтық орта білім мазмұнын түбегейлі өзгеріп қана қоймай, қазақ тілі пәнінің жаңа мақсатын айқындады, жазылым тапсырмаларының түрлері мен талаптарын өзгертті.

Орта білім мазмұнының жаңаруы жазылым тапсырмаларының арнасын екі кезеңге бөлді:

  1. Орта білім мазмұны жаңарғанға дейінгі кезең;

  2. Орта білім мазмұны жаңарғаннан кейінгі кезең.

Жаңартылған оқу бағдарамасына дейін жазылым тапсырмаларының шығарма (қазақ әдебиеті пәнінен), мазмұндама, диктант (қазақ тілі пәнінен) сияқты түрлері кеңінен жүзеге асырылып келген. Сондықтан жазылым әрекеті тапсырмалары екі пәннің негізінде қарастырылған.

Тіл мен әдебиет пәніне байланысты жазба жұмысының негізі бұл пәндерді оқытумен бірге дамып, қалыптасып келеді. Әдіскер-ғалымдардың мақалалары, сыни еңбектерімен таныса келе, жазба жұмысының белгілі кезең бойынша дамығанын байқауға болады. Білім алушылардың жазба жұмыстарына назар аударып, оны зерттеу, оларға алғашқыда шығарма, кейіннен эссе жанрымен алмасқан. С.А.Смирновтың пікірінше, бұл мәселенің дамуы шешендік өнердің классикалық бастамасын қорғау туралы пікірлерден, әртүрлі теориялық ой-тұжырымды жоққа шығарудан және оқытудың қажеттілігін мойындаудан өріс алған. 1913-1914 жылдары А.Д.Алферов оқушы шағармаларындағы шаблондық мазмұнды аңғара келіп, оларды шығарма жаздыруға төселдіре алмаған ұстаздар тәжірибесін сынайды [6.238]. Әдіскер В.П.Рыбакова осы мәселеге қатысты біршама тың пікірлей айта келіп, шығарманы жазып-үйретуде оның мазмұны мен жолдарын көсеткен. Ал К.Б.Бархин, М.А.Тюкалов, И.К.Грунский шығарма жазу барысында жоспар құру, яғни жазба жұмысының кіріспе, негізгі қорытынды бөлімдері болу керектігін айтып, оларға анықтама берген. Зерттеуші Н.М.Соколов өзінің «Оқушылардың жазбаша және ауызша сөзі» еңбегінде оқушылардың әдебиет теориясының элементтерін меңгере отырып, оны жазба жұмыстарында пайдаланудың қажеттілігін ұсынады.

М.А.Рыбникова өз еңбегінде жазба жұмыстарының жүйелі жүргізілуі тиімді нәтижеге жеткізетініне, оның білім алушылардың ойлау жүйесін дамытуға ықпалы жайлы мәселелерге тоқталады. Әдіскер 1923-1952 жылдардың өзінде кеңес мектептерінде тіл мен әдебиет сабақтарында оқушыларды іскерлік жазуға үйрету керек деген пікір айтады. «Өмірдің өзі іс қағаздарын жүргізуді талап етеді. Іскерлік тіл кәсіпорын үшін өте қажет, себебі ол – кәсіпкерлермен келісім-шарт жасау үшін керек құрал. Біз өз оқушыларымызды жоспар, ереже, келісім қағаздарын сөзбен көркемдеп жазуға жаттықтыруымыз қажет»,-деген пікірі оқушылардың жазылым дағдысын қалыптастырудың маңыздылығын аңғартады [7. 403].

А.А.Глазунова жазылым жұмыстарының төмендегідей түрлерінің мектеп тәжірибесінде жүзеге асып жатқанын дәлелдеп көрсетеді [8.150]:

- бір туынды бойынша образға талдау;

- туындыны толық талдау;

- белгілі бір көркем шығарма кейіпкерлеріне салыстырмалы талдау. Ғалым жоғары сыныптарда оқушыларды жазуға төселдірудің: жоспар құру, тезис даярлау, конспект, рецензия жаздырту тәрізді әдістеріне мән бере отырып, шығарманы алдымен оқушыларға дәлелдемесі бар тезистер жаздыртып, сосын жоспар бойынша жазылған тезистер жүйесі деп ұғындыруды ұсынады [8. 151].

Әдіскер М.Я.Мишлимович оқушыларды жазылымға даярлау кезеңінде олардың бойында эпикалық персонажға деген өз бағасын дәлелмен айта білудің қажеттілігін, туынды кейіпкеріне деген пікірін, сезімін білдірудің және авторлық позицияны қалыптастырудың біліктерін дамытуды басты назарда ұстады.

Г.И.Панкинаның диссертациясында шығарма жазуға төселген оқушы бойында болуы тиіс әдеби қабілеттердің төмендегідей жүйесі ұсынылған:

  1. Әсерленушілік немесе болмыс заттары мен құбылыстарын поэтикалық тұрғыдан қабылдай білу, образ тудырудың себепкері ретінде қабылдаудың сезіммен ұштасып жатуы;

  2. Кез келген затты, құбылысты, оқиғаны, адамды жаңа қырларынан көре білетін поэтикалық өткірлік;

  3. Жақсы жетілген ес қабілеті;

  4. Ойлау мен қиялдың күшімен жаңа ерекше образдар, сюжеттер тудыра білу қабілеті;

  5. Шығармашылық көңіл-күйдің пайда болу жеңілдігі, әсерге оңай бөлену;

  6. Сөздік қордың байлығы;

  7. Ой мен образды жеткізудің құралы ретінде ассоциациялық сөз байлығының молдығы;

  8. Әдеби образдарды түсіне білу [9.21].

Алайда, ғалым оқушылардың осындай дәрежеге жету жолын, шығарма жаздырудың әдістемесін, шығарма жазу машықтарын меңгертудің нақты бағыттарын көрсетпеген.

Қазақ тілі әдістемесі саласында көптеген еңбектер жазған С.Жиенбаев жазба жұмыстары мәселесін қарастырған. Бұл туралы профессор С.Рахметқызы «Шығарманың анықтамасын беріп, оның көркем шығармадан айырмашылығын ашып көрсеткен әдіскер – С.Жиенбаев» дейді [10.142].

Шығарма жазу жұмысы оқушылар тілін дамыту әдістемесінен басталды. Ғалым Т.Шонанұлының 1931-1932 жылдары шығарылған оқулығы оқушылардың тілін, ойын дамытуға бағытталған. Әдіскер еңбегінде тіл дамыту жұмысы грамматикалық тапсырмалармен байланысты ұсынылғанымен, жоспар құру, суретке қарап әңгіме жаздыру, тіл ширату сабақтарын өткізу шәкірттерді шығарма жазуға төселдірудің алғашқы элементтері іспетті. Ғалым бұл жерде оқушының тілін дамыту ойын да дамытуға қызмет жасайтынын аңғарып, оларға әртүрлі деңгейдегі тілдік тапсырмаларды орындатады.

Білім алушылардың жазылым дағдысын қалыптастыру жолындағы ізденістерге қоғамдық жайлар, әдебиетке келген еркін ойлы буынның эстетикалық талғамы мен батыл көзқарастары эссе жанрын қалыптастырды. Эссеистік жанрдың жүйесі осы үдерістің дамуымен тікелей байланысты. Өйткені жеке тұлға мен әлемнің барлық байланысын өзіндік авторлық оймен қорыту нақ осы эссе жанрында ғана іске асады. Авторлық таным аймағында өмірмен байланыса отырып, әдеби әлемде қалыптасқан эссеистік үдеріс кейде басқа жанрлардың дамуына ықпал етеді, кейде тұлға ерекшелігіне қатысты үдерістің белсенділігі артқан жағдайда эссенің белгілі бір жанрлық түрін туғызады. Әдеби эссені классификациялау осы жанрға тиесілі көптеген көлемді, әртүрлі тақырыптағы шығармаларды талдай отырып, жасалады. Бірақ эссе шығармашылық жұмыс ретінде өзге жазба жұмыстарына ұқсамайды. Ең алдымен эссеге қойылатын талап ол – белгілі бір тақырыпты, мәселені талдау, сипаттау, бағалау. Бұл автордың пікірі мен оны дәлелдеуі үшін қолданылатын фактілерін жүйелі түрде жазумен ерекшеленеді. Е.Оспанов «Эссе жазу оқушылардың, студенттердің тілдік деңгейін тексеру ғана емес, сондай-ақ ол тақырыпқа, берілген сұраққа байланысты ойын жүйелі, сыни тұрғыда талдап жеткізе алуын бағалау құралы»-[16.46] деп, эссенің де жазылым тапсырмаларының күрделі формасы екендігіне, оны жазып үйретудің маңызды ерекшеліктеріне тоқталады, эссе түрлерін классификациялайды.

Тіл – өмір сүрудің, тіршілік етудің ең басты құралы болса, сол құралды дұрыс жұмсауға үйрету сөз өнері мен сөйлеудің амал-тәсілін меңгерту жолымен ғана жүзеге аспақ. Әдіскер-ғалым Ж.Дәулетбекова айтқандай «Сөйлеу – өнер болса, тілді оқыту әдістемесі – сол өнерді меңгертудің жолын нұсқайтын өзгеше тұрпаттағы ғылым болуы тиіс» [17.7], яғни жазу— тілді жаңғыртудың, бекітудің құралы. Сондықтан жазу арқылы көптеген айтылмаған ойларды жеткізуге болады.

Алайда, жазба жұмыстарының даму тарихын саралай келе бұл мәселенің қазақ тілін оқытуда ғылыми-әдістемелік тұрғыдан толық жүйеленіп, зерттеу объектісі болмағанын көрсетеді. Демек алдағы уақытта білім алушылардың жазылым дағдысын қалыптастырудағы тиімді әдіс-тәсілдерді жинақтап, жүйеге түсіру біздің зерттеу обьектіміздің негізі болмақ.

Қорыта айтқанда, тілдік қатынас тұрғысынан жүзеге асатын жазылым әрекеті – адамдардың жүйеленген өз көзқарасын, басқа біреуге айтайын деген ойды түсінікті етіп, қағазға түсіріп, көпшілікке жеткізілуі және оған қайыра жауап алу. Сонымен жазылым әрекеті тілдік және қатысымдық тұлғалардың сыртқы таңбалық және ішкі мазмұндық қасиетімен байланысты бола келіп, олардың көзге көрінетін тұрақты, арнайы заңдылыққа бағынған жүйесі арқылы іске асып, белгілі бір хабарды жарыққа шығаруға және қабылдауға ықпал етеді.






Жазылым дағдысының лингводидaктикaлық нeгіздeрі

Дидактиканың тарихи даму сипатын бағамдасақ, оның бастау көзі әлемдік кеңістікте екені белгілі. Кейінгі XIX-XX ғасыр аралығының өзінде дидактиканың дамуына П.Ф. Каптерев, С.Т. Шацкий, П.П. Блонский, А.К. Гастев, А.П. Пинкевич, М.М. Пистрак және т.б. ғалымдар қосса, орыс тіл білімінің дидактикасында П.Н. Груздев, М.А. Данилов, Ш.И. Ганелин, Е.Я. Голант, Л.В. Занков, Б.П. Есипов, М.Н. Скаткин және т.б. ғалымдар табысты еңбек етті. Олар оқытудың ғылыми негіздемесін жасауға, дидактиканың нысаны мен пәнін анықтауға, педагогикалық ғылымдармен, сондай-ақ басқа ғылымдармен байланысын табуға, дидактикалық зерттеудің әдіснамасын нақтылауға, оқыту әдістерін жетілдіруге және т.б. зор үлес қосты. Сондықтан аталған ғалымдардың дидактикаға үлесі бүгінгі таңдағы педагогикада туындайтын өзекті мәселелерді шешуде негіз болып табылады. Ал еліміздегі педагогикалық теорияларды дамытып, білім беру мен оқыту үдерісін жетілдіру, оқулықтар даярлау, білім мазмұнын іріктеу, оқушылардың таным әрекетін белсенділендіру мәселелерін тереңінен зерттеп, дидактиканы дамытуға өз үлестерін қосқан А.Құнанбаев, Ш.Құдайбердиев, Ш.Уалиханов, Ы.Алтынсарин, С.Көбеев, С.Торайғыров, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, Х.Досмұхамедов, С.Қожахметов сынды т.б. ғалымдарды атап өтуге болады.

Бүгінгі таңда дидактика білім алушыларды оқыту мен тәрбиелеуде заманауи заңдылықтарды негізге ала отырып, олардың танымдық қабілетін дамытып, тілдік дағдыларын қалыптастыруға бағытталады. Ал өз кезегінде білім алушылардың жазылым дағдысын қалыптастыру мәселесі – көп қырлы тілдік құбылыс. Себебі оқушылардың жазба тілін дамыту үшін тілдік бірліктер туралы теориялық біліммен қатар, олардың қолданылу нормасын, заңдылығын меңгертіп, мазмұнға сай қолдана білу дағдысын қалыптастыру қажет.

Жазылым әрекетін қалыптастырудың лингводидактикалық негізі шетел ғалымдарының еңбектерінде де, қазақ тіл білімінде де зерттеліп, оның тіл үйренуде маңызды әрекеттердің бірі ретінде көрсетіп, ғылыми мақалалар мен құнды пікір білдірген ғалымдар көп. Мысалы, Джон Пек және Мартин Койльдің «Оқушының жазу нұсқаулығы» атты еңбегінде оқушыларды бағалау кезінде ұпай жоғалтуға итермелейтін қарапайым қателерден қалай арылуға болатындығы айтылған, онда оқушыларға жазылым дағдысын дамытуды үйрену үшін алдымен «дұрыс» сөйлем құрып үйрену керектігі айтылады [18]. Жазылымды үйретудегі тағы бір мәселе грамматика болып табылады. Соған сәйкес, ғалым Джеймс Д.Виллиамстің «Жазылымды үйретуге дайындалу» деген зерттеу жұмысын да атап өтсек болады [19].

Ал қазақ тіл білімінде Ф.Оразбаева тілдік қатынастың теориясы мен практикасын (оның ішінде сөйлеу әрекеттерін) [20], Ф.Ж.Абдразақова қазақ тілін шетелдік студенттерге жазылым әрекеті арқылы үйрету әдістемесін [21], А.М. Мұратбекова қазақ тілінің кәсіби бағытталған лексикасын жазылым әрекеті арқылы оқыту әдістемесін[22], Қ.Басымов грамматиканы оқыту қағидаларын [23], Ж.Дәулетбекова қазақ тілін оқушылардың оқу мативтеріне сүйене оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздерін [17] арнайы зерттеген.

Ал өз кезегінде бүгінгі қоғам шығармашылық қабілеті жоғары, өз ойын жүйелі де орамды тілмен, жасқанбай ашық айта алатын, қоғамға еркін сіңіп, өндіріске белсене араласатын азаматтарды тәрбиелеуді міндет етіп отыр.

Жеке тұлға қалыптастыруда әр пәннің өзіндік орны бар, десе де, барлық білімнің негізі оны игеру құралы болып саналатын қазақ тілі (ана тілі) пәнінің атқаратын қызметі өте үлкен. Себебі кез келген білімді игеруге қажетті ой қорыту, оны дәлелді түрде дәйектеп айта білу, оқығанын жүйелі баяндау, ойын жазбаша сауатты жеткізу секілді іскерлік дағдыларды білім алушылар тілдік фактілерді, оның ішкі заңдылықтарын тану арқылы игереді.

Оқыту – педагогика ғылымының категориясы. Сонымен қатар бұл көрсеткішті дидактика үдерісі дейді. Процесс – оқыту жүйесінің өзгерісі, бәрінің басын жинақтай отырып, ол – біртұтас іс-қимыл, нысана, әрекет. Атап айтсақ, дидактикалық процесс оқушылардың оқу процесіндегі ұстанымы, жұмысының сарыны, орындалу алгоритмі.

Белгілі ғалым А.Ысқақов «Ана тілі пәні балаларды ауызша да, жазбаша да, шын мәнінде толық сауатты етіп, шығаруды, ол тілді қайда және қашан да болмасын мүдірмей, еркін пайдалана білуге үйретіп шығаруды түпкілікті нысана етіп ұстауы қажет болатындығын» айта келіп, сөйлейтін, я жазатын адам ойын әрі айқын, әрі жатық, әрі әуезді етіп құруы қажеттігіне тоқталады. Ол үшін оқушының тілін жазбаша да, ауызша да дамыту керектігін, осы тұрғыдан қарағанда грамматиканы дұрыстап оқытудың өзі балаларға ана тілінің негізгі заңдарын білумен қатар, ережелерін оқу, түсіну, талдау үстінде олардың логикалық ойын кеңейтуге, дамытуға жетекші болады. Тәжірибелі мұғалім осы процесті тек қатесіз жазудың ережесі төңірегінде қалдырып қоймай, оқушыларға тілді пайдалана білудің ғылыми, практикалық жолын көрсетеді. Оларды ойын дұрыс, еркін айта да, жаза да алатындай етіп үйретеді. Осыдан балада тиісті дағды қалыптасады [15, 20 б.]- деп көрсетеді.

Білім алушылар жазылым тапсырмаларын орындау барысында тілдік бірліктерді орынды, жүйелі түрде қолдану арқылы байланыстырып жазады. Байланыстырып жазу үшін оқушылар мына нәрселерді білуі керек:

  1. Тақырыпты аша білу;

  2. Негізгі ойды аша білу;

  3. Көтерілген мәселеге байланысты ақпарат жинай білу;

  4. Жиналған ақпараттарды жүйелей білу;

  5. Жазылған жұмысты өңдей білу;

  6. Сөздерді белгілі тұлғада, құрылымда қолдана білу;

  7. Ойын анық, дәл жеткізе білу.

Бұл біліктер жазбаша ойды сапалы жеткізуге көмектеседі. Сондықтан білім алушылардың жазылым дағдысын қалыптастыру мәселесі де арнайы ұстанымдарға сүйенеді. Ол төмендегі кестеде көрсетілген.

1-кесте

Дидактикалық ұстанымдар


Оқытудың ғылымилығы


Оқытудың басты мақсаты – білім беру. Оқушылар пәндер арқылы ғылымның негіздерін үйренеді.

Оқытудың тәрбиелігі


Оқу үдерісінде оқушылардың білім алуымен қатар, олардың дүниеге көзқарасы, адамгершілігі қалыптасып, ақыл–ойы дамиды.

Оқытудың көрнекілігі


Көрнекілік – білудің, танудың, ұғынудың басты құралы.

Оқытудағы саналылық пен белсенділік

Оқушылардың оқуға ықыласпен, шығармашылықпен қарауы, оқу материалын өмірде қолдана білуі

Оқытудағы жүйелілік пен сабақтастық

Оқу материалы оқушылардың жас ерешеліктеріне, дүниетаным қабілеттеріне лайықты бірте – бірте күрделендіру принципімен құрылады.

Оқытудың түсініктілігі

Оқу материалы оқушылардың қабілетіне, ұғынуына лайықты болуы тиіс.

Оқушылардың білімді терең және тиянақты меңгеруі

Оқу үдерісінде оқушылардың алған білімін одан әрі дамытып, жетілдіруі.

Жеке оқушылардың ерекшеліктеріне сәйкес қарым–қатынас

Жеке адамдардың өздеріне тән ерекшеліктері оқушылармен дербес қарымқатынас жүргізуді талап етеді.


Осы аталған дидактикалық ұстанымдарды негізге ала отырып, ғалым Т.А.Ладыженская тілді оқытуға байланысты жазба жұмысының төмендегідей ұстанымдарын көрсетеді: көлем ұстанымы, сөйлемдегі сөз саны ұстанымы, қатенің саны ұстанымы; синтаксистік құрылымдарды қолдану ұстанымы [24, 35 б.].

Ал отандық тіл білімінде ғалым А.Жапбаров мынадай ұстанымдарды көрсетеді: сөйлеу мен ойлауды бірлікте қарау ұстанымы, қатысымдық ұстанымы, жағдайға, ахуалға лайық, ыңғайластық ұстанымы, сөйлеу әрекеттерін кешенді жүргізу ұстанымы, әдеби тіл нормасын сақтау ұстанымы [25, 18 б.].

Ғалым А.Әбілқаев ұстанымдарды жалпыдидактикалық және арнаулы ұстанымдар деп қарастырып, қазақ тіліне ғана тән арнаулы ұстанымдарға мыналарды жатқызады: тілді оқып үйрену мен ойлаудың арасындағы байланыс; грамматиканы оқып-үйрену мен тілдік дағдыларды игерудің арасындағы өзара тәуелділік; шығарманың құрамын, құрылысын белгілеу; шығарманың тәрбиелік мәніне назар аудару; үйрену, жаттығу жұмысы, өздік жұмысты байланыста өткізу [26, 17 б.].

«Үйрену мен үйретуден» тұратын оқу процесінің келелі мәселелері Ы.Алтынсарин еңбектерінен бастап, күні бүгінге дейін зерттеушілердің назарын аударып келеді. Ана тілінің бала дамуының қайнар көзіне айналуы пәнді оқытудың мақсат-міндеттерімен онда жүргізілетін әр бағыттағы жұмыстармен байланысты шешілетіні сөзсіз. Осыған байланысты Ы.Алтынсарин «тіл сезімін дамыту – оқушының мектеп қабырғасына келгендегі сөз қорын әрі қарай байыту, ол әбден ойланған жүйені (системаны) талап етеді»-деп тұжырымдайды [27, 285 б.].

А.Байтұрсынұлы «бала білімді тәжірибе арқылы өздігінен алуы керектігін», мұғалімнің міндеті балаға жұмысты әліне шағындап беру мен бетін белгіленген мақсатқа қарай түзеп отыру керектігіне көңіл бөледі [28, 448 б.].

Бүгінгі таңда «Қазақ тілі» пәнін оқыту екі бағыт бойынша ұйымдастырылады:

  1. Білім алушыларға қазақ тіл білімінің ғылыми негізі туралы арнайы білім беру;

  2. Білім алушылардың коммуникативтік дағдыларын жетілдіру;

Осыған байланысты А.Жұбанов «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулерінде» [29, 365 б.] қазақ тілі сабақтарында білім алушылардың тек тіл заңдылықтарын біліп қана қоймай, сөз бен сөйлеудің, тіл мен ойлаудың байланыстарын да танып отыруының қажеттілігіне тоқталады.

Қазіргі тіл білімінде тілдің грамматикалық негіздері мен коммуникацияны ұштастыруға үлкен көңіл бөлінуде. Мұнда сөйлеу дағдыларын дамыту міндеті бірінші орынға қойылады. Бұл мәселені шешуге тілдік материалды таңдау (сөйлем үлгілері, сөздер және т.б.), оны беру әдістері, тіл теориясы мен сөйлеу практикасының арақатынасы, жаттығулардың сипаты бағынады. Оқытудың ғылымилық ұстанымын басшылыққа ала отырып, ғалым Қ.Басымов «Грамматиканы оқыту жөнінде» мақаласында грамматиканы оқыту барысында сөйлеу тілі де, жазу тілі де қабаттасып, тіл білімінің әр тарауына ілесе, өз уақытында жаттықтырылып отырылатынын айта келе, қазақ тілін оқытудың, игертудің тәртібін төмендегіше сипаттап береді:

  1. Грамматикадан оқытылатын материалдар сатылы, жүйелі жолмен өтіледі;

  2. Ол материалдар бір-бірімен жалғасып, бірін-бірі толықтырып дамытылады;

  3. Жоспар бойынша өтілетін әр тақырыптың мақсаты түсіндіріліп айқындалады. Өтілетін тақырыптың беретін пайдасына оқушылардың көздері жеткізіледі;

  4. Грамматикалық материалдар тек түсінікпен шектелмейді. Сол білімі қолма-қол іс жүзінде практикада жаттықтырылады. Оқушылардың өзіне жұмыс істетеді;

  5. Грамматиканың өтілген материалдарынан бірте-бірте тілдің заңды құбылыс екендігі ашыла береді;

  6. Осы күнге дейін ала құла болып келген атауларды байланыстырып (фонетика, лексика, синтаксис, пунктуация) араларындағы жақын қатынастарды аша отыру қажет;

  7. Грамматика мен көркем шығарманы бірін-бірі пысықтауға

көмекші ету. Көркем шығарма арқылы оқуын, сөйлеуін өркендету. Дұрыс, таза жазуға, ойын еркін түрде қағаз бетіне түсіріп бере аларлық халге жеткізу [23, 26-27 б.].

Қ.Басымов көрсеткен бұл қағидалар күні бүгінге дейін қазақ тілін оқытуда өзекті болып отыр. Себебі білімнің белгілі бір жүйемен берілуі білім алушылардың тіл туралы білімдерін кеңейтумен қатар, олардың жалпы тілдік дүниетанымын қалыптастыруға да негіз болады.

Оқытудың ғылымилық ұстанымы. Жаңартылған оқу бағдарламасына дейінгі оқу құралдары тілдің жекелеген салаларынан теориялық білім беріп, оның қолданысына назар аударылмаса, қазір керісінше тенденция байқалады. Алайда, оқушылардың ауызша не жазбаша сөйлеу шеберлігін тілдік бірліктерге қатысты теориялық білімсіз қалыптастыру мүмкін емес екеніне көз жеткізіп отырмыз. Ғалым М.Балақаев тілдік нормаға «тілдегі бірізділік, тіл материалдарын нормалау деген сөз, белгілі бір тәртіп, заңдылыққа бағындыру» [31, 137 б.]-деген анықтама бере келіп, әдеби тіл нормасының бұзылмауы үшін әр оқушының тілдік бірліктердің ерекшеліктерін білу керектігін ескертеді. Ал біздің мақсатымыз білім алушылардың тілдік дағдыларын қалыптастырып, олардың өз ойларын жүйелі әрі әдеби тілде жеткізе білуі үшін теориялық білімді меңгерту болып табылады. Сондықтан оқушылардың ауызша, жазбаша тілдерін жетілдіруде қазақ тілінің салаларынан берілетін білімді де ұсыну қажет. Осы тұрғыдан келгенде білім алушылардың жазбаша тілдерін жетілдіруде теориялық біліммен сабақтастыру ұстанымы ең басты қағида болады деп есептедік. Сонымен қатар жазылым дағдысын қалыптастырудың өзіне тән ерекшеліктері бар. Әсересе, мына мәселелерге мән беру керек: сөздік қорды байыту, сөздің грамматикалық тұлғасын дұрыс қолдануды қалыптастыру; көркем шығармалар арқылы жазылымға төселдіру, сауатты жазуға үйрету;

Бұл мәселелер бір-бірімен тығыз байланысты. Себебі сөздік қорды байыту басты мәселе болса, оқушылардың сөздік қорына енген жаңа сөздер грамматикалық көрсеткіштер арқылы байланысқа түсіп, ойды жеткізу құралына айналады. Сөздердің грамматикалық тұлғалары орынды қолданылғанда ғана ауызша да, жазбаша да тілдік қатысым өз дәрежесінде болады. Оқушы өз ойын жазбаша дұрыс жеткізуге дағдыланады.

Оқытудағы саналылық пен белсенділік ұстанымы. Ғалымдар тілдік әрекеттің әрқайсысының өзіндік тәсілдері, ерекшеліктері бар екендігін айтады. Мысалы, ауызша сөйлеу тілі мен жазбаша сөйлеу тілі т.б. сондықтан оқушылар шебер сөйлеуге үйрене отырып, өз ойын басқаға ауызшамен қатар жазбаша да саналы түрде жеткізуге дағдыланады. Себебі бұл екі мәселе тығыз бірлікте саналылық деңгейінде нәтижелі болады. Олай болса, саналылық пен белсенділік ұстанымы оқушыларды саналы әрекет ете отырып, сөздік қорын толықтыруға мүмкіндік жасайды. Сол арқылы жүйелі жаза білуге дағдыландырады.

Оқушылар бойындағы саналылық пен белсенділік таным процесінің басты сипаты ретінде олардың жүйелі, тиянақты, сапалы жазылымға әкеледі. Бұндай қызығушылықты оқыту мақсатына сәйкес жасалған нақты тапсырмалар қамтамасыз етеді. Сондықтан мұғалім білім алушыларды ынталандыруда түрлі әдістерді орынды пайдалана білгені жөн. Бұл бағыттағы жұмыстар оқушылардың эмоционалды белсенділігіне әсер ететін болғандықтан жазылым алды тапсырмасы ретінде ойталқы, ойбөліс секілді әдістер тиімді.

Сонымен саналылық пен белсенділік ұстанымы білім алушыларды жазылым тапсырмаларына ынталандыратын әдіс-тәсілдерді орынды қолдана білуге байланысты.

Оқытудағы жүйелілік пен сабақтастық ұстанымы оқушылардың қазақ тілінің барлық саласы бойынша алған, игерген теориялық білімін өмірмен сабақтастыра отырып, тілдік қатынастың ауызша да, жазбаша да түрлерін меңгертуге бағытталады. Тілдің жүйелілік қызметін ұғындыратын жұмыс түрлері дұрыс ұйымдастырылса, оқушылардың жүйелі де тілдік нормаларға сай жазылым тапсырмаларын сапалы орындауға жағдай жасалады. Ал өз кезегінде жазылым тапсырмалары білім алушыларға түсінікті, нақты, қызықты бола отырып, оқыту мақсаттарына да сәйкес келуі тиіс.

Сонымен оқытудағы жүйелілік пен сабақтастық ұстанымында мынадай мәселелер қамтылады: жазылым тапсырмасын дұрыс ұсына білу, жазылым дағдысын қалыптастыруға бағытталған тапсырмаларды теориялық біліммен қатар жүргізу, жазылым тапсырмаларын орындау барысында өз ойын жүйелі әрі сабақтастыра жазуға дағдыландыру, жазылым тапсырмаларын, жаттығуларды оқыту мақсатына сай таңдай білу.

Оқытудың түсініктілігі. Адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасауы тіл арқылы болатыны белгілі. Себебі тіл – қатынас құралы. Бұл ұстаным ауызшамен қатар жазбаша да қарым-қатынас жасауға мүмкіндік жасай отырып, оқушы мен мұғалім, оқушы мен оқушы арасындағы қатынастың нәтижелі болуына мүмкіндік береді. Мектеп оқушысы шебер сөйлеп, өз ойын ауызша, жазбаша жүйелі жеткізе алмаса, оқытудың түсініктілігінің жүзеге аспағандығы. Сондықтан білім алушылар қазақ тілінің қай саласынан болсын теориялық білім алғанда, игерген білімін түсініп, оны күделікті өмірде пайдалана білуге дағдылануы тиіс. Әсіресе, жазылым тапсырмаларын ұсыну барысында түсініктілік пен нақтылық аса маңызды. Жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша жазылым тапсырмалары да жылдан-жылға күрделеніліп отырады. Оқулық «ресурс» деген ұстанымға негізделген оқу құралдарында жазылым тапсырмаларына түсінік, анықтама, орындалу алгоритімі ұсынылмаған. Сондықтан да білім алушылардың жазылым дағдысын қалыптастыру мәселесі қиындық тудырып отыр деген қорытынды жасалды.

«Өтілетін тақырыптың беретін пайдасына оқушылардың көздері жеткізілуі керек» деген ғалым Қ.Басымовтың жоғарыдағы пікірі біздің зерттеу тақырыбымыз бен жаңартылған білім мазмұнының өзекті мәселесімен ұштасады. Сондықтан тілдік фактілерді оқытуда оның әрқайсысының 11-сынып білім алушысына қажетті тұстары міндетті түрде айқындалып, оқыту үдерісінде танытылып отыруы керек. Мысалы, 11-сыныпта «Орфография. Ғылыми стиль» тақырыбы бойынша білім алушыларға 11.3.7.1 жазба жұмысын абзац пен бөліктерге бөлу, ойын (ақпарат, идея) дұрыс жүйелеп, логикалық және стильдік түзетулер енгізу, редакциялау деген жазылым мақсаты таныстырылып, жұмыс алгоритімі түсіндірілген соң, білім алушылардың оның «пайдасына көзін жеткізу үшін» қорытынды аттестаттау емтиханын ойдағыдай тапсырып, болашақта студент үшін ғылыми мақала, эссе жаза білудің маңызды екеніне назар аудартқанда мүмкін болады. Себебі 11-сынып білім алушысы – болашақ студент. Ал студенттерге әр семестр сайын емтихан тапсырмасы ретінде эссе жазу ұсынылатынын, зерттеу тақырыбы бойынша ғылыми мақала жазу керектігі түсіндірілсе, бұндай күрделі оқу мақсаттарын игерту жеңіл болары сөзсіз.

Тапсырманы эссе түрінде беру немесе эссе түрінде емтихан қабылдаудағы басты мақсат – білім алушылар мен студенттердің білімін ғана емес, ойын жеткізе білудегі қабілетін тексеру екендігін ұғынуы керек. Сондықтан да эссенің тақырыптары қарапайым сұрақтарға қарағанда ерекше болып құралады. Мысалы, «Қажетті ақпараттарды орынды қолдана отырып, оқылым мәтіндерінен дәйексөз келтіре отырып, «Күй – киелі де қастерлі, сырлы да сұлу өнер» деген тақырыпта эссе жазыңдар» /Оқулық, 14-бет/деген қарапайым тапсырмадан гөрі «Күй – киелі де қастерлі, сырлы да сұлу өнер» екендігіне оқылым мәтінінен дәйексөздер келтір. Күй өнерін қазіргі жастар арасында қалай насихаттауға болады деп ойлайсыз? Талқылаңыз» деп ұсынылса, бұл сұраққа жауап іздеу барысында білім алушылар оқылым мәтінінен дәйексөздер келтіре отырып, күй өнерін жастар арасында насихаттау жолын көрсетуге мүмкіндік алады. Сондай-ақ қазіргі жастарды не себепті ұлттық музыка өнері қызықтырмайтындығын анықтауға мүмкіндік береді. Оны шешу жолдарын ұсынады. 11-сынып білім алушылары тақырыпқа терең үңіліп, қосымша ақпараттарды оқып ізденеді. Ал мұндағы «талқылаңыз» деген сөз түрлі себептерін қарастыру қажет екендігін меңзейді.

Бұл алғашқы сабақтардың бірі болғандықтан жоғарыдағы оқу мақсатындағы «жазба жұмысын абзац пен бөліктерге бөлу» деген мәселе бойынша эссенің құрылымы бойынша түсінік берілгені дұрыс. Себебі эссенің әрқайсысы өз алдына тиісті мақсатымен жазылатын кіріспе бөлім, негізгі бөлім, қорытынды бөлім, пайдаланылған әдебиеттер (талап етілген жағдайда) бөлімдерінен тұрады.

Кіріспе бөлімінде тақырыпқа қатысты осы кезеңге дейінгі пікірлер беріліп, эсседе қарастырылатын нақты бағыт көрсетіледі. Негізгі бөлім жазылатын негізгі пікірлерге байланысты параграфтарға бөлініп, тақырыпқа қатысты ойлар өрбітіледі. Қорытынды бөлім негізгі бөлімдегі түйінді пікірлерді жинақтап, автордың нақты ойын көрсетеді. Ал қолданылған әдебиеттер (талап етілген жағдайда) бөлімінде жазылым барысында қолданылған, ciлтемелер жасалынған дереккөздер туралы мәліметтер беріледі.

Сонымен эсседе білім алушы өзінің білімін көрсетумен ғана шектелмейді. Мынадай қабілеттерін шыңдай түсуіне мүмкіндік алады: сабақ барысында алынған ақпараттан өзге ақпарат табу; өз пікірін дамыту және дәлелдеу; жазылым әрекетіне машықтану; өз білімін жетілдіру және әрі қарай іздену; есте сақтау қабілетін жақсарту; өз ойын жүйелі жеткізу; берілген тақырыпта көтерілген мәселелерді түсіну мен шешуге деген қабілетін қалыптастыру.

Білім алушылар жазу үшін берілген тақырыпты жақсы түсініп, оны сыни тұрғыдан талдай алса және эссенің жазылу құрылымын сақтай отырып, өз ойын анық жеткізе білсе, жоғары баға алатынына еш күмән келтіруге болмайды.

Эссені сәтті жазудың бірден-бір жолы берілген тапсырманы жақсылап түсініп алуда. Кейде эссе тапсырмасы, яғни тақырыбы көлемді болып немесе сұрақ күйінде келуі мүмкін. Сондай-ақ тапсырмада эссені қалай жазу керектігі жөнінде нұсқау берілуі де мүмкін. Мәселен, «талқылаңыз» деген сөз тақырыпқа қатысты мәселені жан-жакты қарауды білдіреді, яғни мәселенің пайдалы немесе зиянды жақтарын, тиімділігі мен тиімсіздігін қарастыра отырып өз пікірін білдіруді талап етеді.

Жоғарыда аталған принциптер – мемлекеттік стандарттар негізінде оқу үдерісін жүзеге асырудың қозғаушы күші. Себебі тәуелсіз елдің дидактикасы жаңа міндеттер мен мәселелер белгілеп беруде. Одан мынадай тұжырымдар шығады:

  • бүгінгі таңда дидактикалық мәселелерді тек дидактикалық тұрғыдан шешуге болмайды;

  • қазіргі таңда дидактиканың саласы бұрынғыға қарағанда өрісі кеңіп, мазмұны тереңдегендіктен ғылымдар арасындағы сабақтастығының негізінде қарастыру керек;

  • оқу үдерісіне талдау жасау барысында жаңартылған оқыту білім беру бағдарламасы аясында орта білім беру мектептерінде біржақты, дәстүрлі, үйреншікті оқытудан арылу қажет.

Себебі дидактикалық принциптер оқу–тәрбие жұмыстарының заңды жүйесін көрсете отырып, оқытуда табысқа жетудің қажетті шарты болып табылады.

Білім алушылардың жазылым дағдысын қалыптастыру және оның лингводидактикалық негіздері мәселесіне жіті көңіл бөліп, арнайы зерттеген ғалымдардың бірі– Ф.Ш.Оразбаева. Ғалымның «Тілдік қатынас: теориясы жəне əдiстемесi» атты еңбегінде қазақ тіл білімінде тілдік қатынастың негізгі сипаты, құрамы мен басты қағидалары, оны қолданудың əдіс-тəсілдері қарастырылып, терминдері ғылыми айналымға түсті. Еңбектің соңғы бөлімінде сөйлесім жəне сөйлесім əрекетінің түрлеріне талдау жасалады.

Ф.Оразбаева жазу дағдыларына мынадай анықтама береді: «Жазу – тілді оқытуға негізделген күрделі жұмыс. Жазылым – тілдік білім берудің графикалық, фонематикалық жүйесі негізінде, лингвистикалық, психологиялық, физиологиялық және әдіснамалық ерекшеліктерін ескере отырып, тілдік материалдың мазмұны мен нысанын қамтитын ұзақ мерзімді адами өзара іс-қимылды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін кешенді тарихи іс-шара. Жазылым, ең алдымен, әріптің, сөздің графикалық символы арқылы жүзеге асырылады; екіншіден, бұл графикалық белгілер белгілі бір фонематикалық, семантикалық қасиеттерге ие, үшіншіден, жазу құбылысына сөйлеу әрекетінің барлық түрлері қатысады; төртіншіден, тілді үйрену кезінде студент тек мағынасына ғана емес, сөйлем формасына да назар аударуы керек; бесіншіден, жазылым айқындық пен қағазда алынған материалдың дәйектілігі» [32, 196 б.].

Ф.Оразбаеваның пікірінше жазылым бірнеше құрылымдық кезеңнен тұрады да, көпсалалы болады: қажеттіліктен пайда болатын себеп, себептің ойда, санада бейнеленуі, ойдың сөз арқылы тізбектелуі; сөздің графикалық əріптермен таңбалануы; жазудың екінші адамға түсінікті болып, берілген хабарды білдіруі.

Ф.Оразбаеваның «Қажеттіліктен пайда болатын себеп» құрылымы Қ.Басымовтың «Өтілетін тақырыптың беретін пайдасына оқушылардың көздері жеткізілуі керек» пікірімен ұштасып тұрғандығын байқауға болады.

Ф.Оразбаеваның пікірінше жазылымның лингвистикалық мазмұнын белгілейтін мəселелер мыналар: графика, орфографика, жазып алу; жазбаша сөйлеу.

«Бұл салада үйретілетін ең басты мәселе-жазылымның графикасы. Графика, яғни, жазу таңбалары – жазу үшін қолданылатын барлық әріптердің таңбалық жиынтығы» [31, 26 б.]-дейді. Бұл ғалымның атап өткен мәселелері жазылымның тілдік қатынастағы қызметін анықтауға негіз болады.

Тілді оқытудың бастапқы кезеңінде негізгі міндет жазуды үйрету болып табылады, өйткені осы кезеңде каллиграфия дағдылары мен дыбыстық-әріптік сәйкестіктерге байланысты дағдылар дамиды. Оқытуда жазу үлкен рөл атқарады. Бұл оқытудың басында жазу техникасын игеру мақсатын құрайтын графика мен емле. Әрі қарай жазу тілді үйренудің маңызды құралы ретінде қарастырылады: ол тілдік материалды (лексикалық және грамматикалық) берік игеруге, сондай-ақ оқу мен ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға көмектеседі. Егер білім алушылар жазу техникасын меңгерсе: әріптерді жазуды үйренсе және сөздердің емлесін меңгерсе, жазу өзінің көмекші функциясын орындай алады. Жазу техникасын меңгеру процесінің өзі оқушыларға, олардың есте сақтау қабілеті мен ерік-жігерінің дамуына оң әсер етеді. Жазуды оқыту бірінші сабақтан, алфавиттің бірінші әрпінен басталады және оқытудың бірінші жылында тілдің каллиграфиясын, сондай-ақ лексиканы оқу шегінде орфографияны меңгеру бойынша белсенді жұмыс жүргізіледі.

Жазылымды меңгертуде келесі назар аударуды қажет ететін мәселе тілдің фонетикалық, грамматикалық жағынан тұрақталған, тұтасталған, қалыптасқан белгілі бір атау бірлігі – сөз екені белгілі. Демек, қатысымдық тұлғалардың ішіндегі жазылымды меңгертуде үлкен рөл атқаратын және басқаларына ұйытқы болатын басты тұлға – сөз. Сөз арқылы Баяншы айтар ойын Қабылдаушыға анық жеткізуге тырысады. Сөздің бұл қасиетін түсінбей қатысым құралы ретінде тілді меңгеру мүмкін емес. Себебі Ф.Оразбаеваның сөзімен айтқанда, «Сөзді жеке-жеке алып қолдансақ, онда олар тілдің дара тұлғалары болғанмен, қарым-қатынас тілі бола алмайды.» [32, 67 б.]. Олай болса, тілдік тұлғалардың қатысынан тұратын қарым-қатынастық мәні бар бірліктер қатысымдық тұлғаларды (сөз, сөйлем, фразалық тіркес, мәтін, диалог) ұтымды ұйымдастырылуы қажет. Адамның сөйлесуі, пікірлесуі үшін тілдік қолданысқа керекті лексикалық құралдардың жүйесі ерекше орын алады. Өйткені адам жазуды, сөйлеуді білуі үшін айтайын деген ұғымға қатысты сөздерді және сол сөздер өзара байланыспай, бір-бірімен тіркеспей жеке тұрғанда ойды жазбаша жеткізуде қабілетсіз екенін білуі керек. Ал сөздердің жүйелі, ретті айтылуынан жасалған сөздерден, сөйлемдерден ой бірден түсінікті болады. Демек, тілдің қатынас-құралы ретінде қызмет атқаруы үшін оның лексикадағы алуан түрлі сөздердің бір-бірімен қарым-қатынаста қолданылуы және олардың тіркесуінен сөйлемдердің құралуы шартты нәрсе.

Білім алушыларға жазылымды меңгертуде қазақ тілінің лексика жүйесіндегі сөздің төмендегі қасиеттеріне ерекше назар аудару қажет:

  1. Сөздердің қолданылу жиілігі;

  2. Сөздердің жеңіл-қиындығы;

  3. Сөздің синонимдік қасиеті;

  4. Сөздің тақырып қажетіне сәйкестігі;

  5. Сөздің білім алушының психологиялық ерекшелігіне сәйкестігі;

  6. Сөздердің оқулықта қолданылу жиілігі.

Көптеген ғалым-зерттеушілер өз еңбегінде лексикадағы жүйелік қатынасты бірінші орынға қояды. Лексиканың зерттеу обьектісі болған сөз жеке дара қарастырылмай, оны басқа сөздермен қатынаста, байланыста алып, екі жақты негізде зерттеуді міндет еткен: біріншіден, лексикалық материалдың білімдік негізін анықтау; екіншіден, тілдің ең кіші бөлігі сөзді, грамматиканы, пунктуацияны мектеп оқушыларының қабылдауына, ұғынуына мүмкіндік беру.

Тілші ғалым Н.Оралбаева былай дейді: «жазу тілдің дыбыстық жүйесін анықтайды, яғни сөздің лингвистикалық элементтерін сөйлем, абзац, мәтін, композицияны анықтайды. Жазу буындар, морфемалар, сөздер, сөйлемдер, абзацтар және мәтін сияқты тіл элементтерін беруге арналғандықтан, жазуды тілдің көмекші құралы ретінде қарастырған жөн. Жазу адамға идеяларды білдіруге, ойлауға, түзетуге және толықтыруға мүмкіндік береді» [33,424б].

Жазбаша қарым-қатынас тікелей жазылу операциясы арқылы жүзеге асырылады, ал лингвистикалық қарым-қатынас графикалық таңбалар арқылы өзінің ойын қағазыңызға сурет салу негізінде орнатылады. Жазу дағдылары арқылы тілді дамыту білім алушының білімі мен сауаттылығына ғана емес, сонымен қатар көркемдік және сыни ойлауға да ықпал етеді және шығармашылықты дамытуға негіз болады. Жазу дағдыларын меңгерген бала тілді қолдануда жан-жақты тұлға бола алады.

Жазу және жазбаша сөйлеу бойынша жұмыс сөйлеу әрекетінің түрлерін игеруге оң әсер етеді, оның лингвистикалық және тәрбиелік мәні бар. Сөйлеу әрекетінің осы түрінің лингвистикалық мағынасын қарастырайық:

а) дыбыстық-әріптік арақатынастағы жаттығулар оқу техникасын тезірек меңгеруге көмектеседі;

б) лексика мен грамматикалық материалды тезірек бекітуге ықпал етеді, өйткені барлық төрт сезім мүшелері бір уақытта жұмыс істейді — көру, есту (оқушы белгіні дыбыспен байланыстырады), сөйлеу қозғалтқышы, мотор (қол жазады);

в) қателерді анықтауға және түзетуге көмектеседі;

г) білімді, іскерлікті, дағдыларды бақылаудың тиімді құралы болып табылады.

Білім берудегі маңызы: филологиялық ой-өрісті кеңейтеді; жаңа ұғымдармен танысуға мүмкіндік бар.

Тәрбиелік мәні: жұмыс мәдениеті дағдылары дамиды, дәлдік; еңбекқорлық [34, 73 б.].

Қазіргі уақытта қазақ тілін оқытуда функционалдық мәтіндер негізінде жаңа коммуникативтік басымдықтар іске асырылуда. Осылайша, қазақ тілін оқытуға қойылатын заманауи талаптар тілдік бірліктердің мәтіндік және көркемдік функцияларына негізделген жаңа білім мазмұны мен функционалдық грамматиканы оқытуда ауызша және жазбаша сөйлеуді біріктіретін білім көзі ретінде мәтін тілін дамытуға бағытталған жаттығулар жүйесі болып табылады.

Соңғы онжылдықта білім алушылардың тілдік тұлғасын қалыптастыру және жетілдіру ретінде жазбаша тілді дамыту қазақ тілін оқытудың мектеп курсының маңызды аспектілерінің бірі болып саналады.

Жазбаша сөйлеуді оқытудың мақсаты оқушылардың жазбаша белгілерді, сөздердің емлесін, лексика мен грамматиканы, жазбаша мәтіндердің құрамын білуді, жазбаша хабарламалардың әртүрлі түрлерін жасай білуді, жазбаша сөйлеу шығармасының мазмұны мен формасын, жазбаша түрде ойды білдіру тәсілдерін қамтитын коммуникативті құзыреттілікті қалыптастыру болып табылады.

Қазіргі заманғы лингводидактика үшін шешуші мәселелердің бірі –ана тілінде жазуды жүйелі оқыту әдістемесін құру-жазу құбылысын әдіснамалық категория ретінде мақсатты зерттеу объектісі ретінде қарастыру. Айта кету керек, жазу және жазылым ұзақ уақыт бойы екінші орынға ие болды. Ғылымдағы бұл құбылысты жете бағаламаудың басты себептерінің бірі – лингвистикалық тұрғыдан жазбаша сөйлеуге «тілдің дыбыстық жағын бейнелеудің оптикалық құралы» ретінде екінші орында, яғни ауызша сөйлеуге туынды жүйе ретінде қарап келгендіктен еді.

Сөйлеу құзыреттілігін қалыптастыру сөйлеу әрекетінің барлық түрлерін жетілдірумен байланысты. Бірақ іс жүзінде біз сөйлеу мен оқуды қалыптастыруға басым көңіл бөліп, жазбаша сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға жеткіліксіз назар аударамыз. Жоғары сынып білім алушыларының жұмыс дәптерлерін, жазбаша жұмыстарын талдау арқылы, көбінесе олар орындаған тапсырмалар танымдық іс-әрекеттің репродуктивті деңгейімен байланысты екендігін байқаймыз.

Жазу сонымен қатар қоғамның жалпы дамуында ерекше орын алады: әртүрлі әлеуметтік желілердегі және баспасөздегі мақалалар арқылы адамдар өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдіреді, қоғамдық пікір қалыптастырады және кез-келген даулы мәселенің оң шешілуіне ықпал етеді. Бір қарағанда, жазуды үйрену оңай жұмыс сияқты көрінуі мүмкін, бірақ бұл өте жауапты және жоғары әлеуметтік мақсатпен байланысты қиын міндет болып табылады. Себебі жазуды үйрену, ол дағдыны жетілдіру – бұл хат жаза білу емес, өз ойлары мен идеяларын басқаларға жеткізе білу.

Осыған орай, ғалымдар қазір жазбаша жұмыстың бірнеше түрін көрсетіп жүр: жазбаша жаттығулар (аналитикалық жаттығулар), жүйелі жазбаша жұмыс, жазбаша бақылау жұмыстары, диктанттар (есте сақтау), эссе, шығармашылыққа негізделген тапсырмалар және т. б.

Мұндай жазбаша жұмыстар білім алушылардың теориялық білімін растау үшін жүргізіледі. Тақырыптың мазмұны мен жүйесіне байланысты бұл тапсырмаларды мұғалім өзі таңдап саралайды. Атап айтқанда, оны бұрын зерттелген ақпарат пен деректерді қайталау, оқушылардың санасында грамматикалық материалды қайта құру, алдыңғы тақырыпты еске түсіру үшін тиімді пайдалануға болады. Осы тапсырмалардың кез келгені сабақ бағдарламасына және сағат санына, оқушының жасына байланысты дайындалады. Осыған байланысты сабақ барысында жазбаша жұмысқа мынадай талаптар қойылады:

- барлық жазбаша жұмыстар оқушының жасына сәйкес келуі керек;

- жазбаша жұмыс терең білім беру құндылығына ие болуы керек (жеке тұлғаның рухани дамуына, ұлттық құндылықтарды ілгерілетуге бағытталған мәтіндер және т. б.);

- жазбаша жұмыстың міндеттері анық, ұғынықты әрі түсінікті болуы керек (бұрыс ақпарат пен түсініксіз жауап болмауы керек);

- ұсынылған жазбаша жұмыстар тілді дамыту мақсатында құрылуы тиіс;

- ұсынылған жазбаша жұмыстың тапсырмалары білім алушының шығармашылық қабілеті мен қызығушылығын арттыруға бағытталуы керек.

Қазіргі заманғы әдістеме тұрғысынан жазу үдерісі шығармашылық деңгей мен ақыл-ойдың өнімді әрекеті ретінде білім алушыларға қажетті тілдік бірліктерді таңдау, мөлшерлеу және ұйымдастыру арқылы өз ойларын тұжырымдауды үйретеді. Осылайша, оқыту практикасында жазу маңызды әдістемелік құрал болып табылады:

- жазу дағдыларын жетік меңгеру үшін тілдің графикасын, ондағы ерекше сипатқа ие дыбыстық-әріптік қатынастарды, сондай-ақ емлені меңгеруі керек;

-жазумен жұмыс лексика мен грамматика бойынша білімді шоғырландыруға, оқу дағдыларын дамытуға ықпал етеді;

- жазу оқушылардың білімі мен дағдыларын бақылаудың объективті әдісі бола алады.

Қорыта келе, жұмыс барысында оқытушы тілді үйреткенде сөйлесім əрекеттерінің төрт түрін: оқылым, жазылым, айтылым, тыңдалымды кешенді түрде қамтығанда өз мақсатына жететіндігін және соның ішінде жазылым дағдысының білім алушының функционалды сауатты болуындағы негізгі рөлін қарастырдық. Əрбір əрекеттің өз міндеті мен берер пайдасы айдан анық, оның ішінде жазылым əркетінің орны бөлек.

Көптеген жылдар бойы сөйлеу қызметінің түрлерін оқытудың көмекші құралы ретінде қабылданған жазу қазіргі лингводидактикада келесідей түсіндіріледі:

графикалық белгілердің көмегімен ақпаратты қашықтықтан жіберуге және оны уақытында түсіруге мүмкіндік беретін сөйлемдер түрі;

біреуге ақпарат беру мақсатында жіберілетін жазбаша хабарламаның, жазбаша мәтіннің түрі;

графикалық түрде ойды білдіруді қамтамасыз ететін сөйлеу әрекетінің өнімді түрі.

Алайда, кейбір зерттеушілер жазылым дағдысын кеңірек түсіндіретіндігіне де көзіміз жетті. Олар: жазу тілдің жазбаша жүйесі ретінде, жазбаша сөйлеу (жазу және оқу актісі), қарым-қатынас формасы, яғни барлық жазбаша тілдік материал ретінде қарастырылады. Ал біз бұл бөлімде білім алушылардың жазылым дағдысын қалыптастырудың лингводидактикалық негіздеріне тоқталдық. Нәтижесінде, жазу арқылы біз білім алушылардың ой-өрісінің қаншалықты дамығандығын, тіл үйренудегі бағытын анықтап бере алатын болсақ, екінші жағынан жазу дағдысын дамыту арқылы тіл үйренудің жоғары сатысына көтерілу əрекеттінің тиімді түрі деген шешімге келдік.

Қорыта келгенде, лингвистика тілдің байлығын, мәнерлілігін танытып, тілдік бөліктердің құрылысын, маңызын айқындайды. Лингвистика жазылым әрекеті мен оның түрлерін меңгеруде маңызды тілдік дағдыларды қалыптастыруда негіз болып табылады.

















Жазылым дағдысын қалыптастырудың психологиялық негіздері


Тілдік коммуникацияның келесі ерекшелігі – ол лингвистика ғана емес, сонымен бірге психология, философия, физиология ғылымдарымен де тығыз байланысты және осы ғылымдардың өзара бірлікте болуын талап етеді. Қарастырылып отырған мәселеде оқушылардың жазылым дағдысын дамытып, «функционалдық сауаттылығын» қалыптастыру болып табылады. Өйткені баланың болашақ тағдыры көбіне оның ауызша және жазбаша сөйлесу қабілетінің дамуына байланысты болып келеді.

Сөйлеу – адамның психикалық өзін-өзі басқаруы мен өзін-өзі реттеуінің қуатты құралы. Мәтіндік әрекеттегі сана мен әрекеттің, ойлау мен сөйлеудің, интеллект пен аффекттің, саналы және бейсаналық бірлігінің постулаттары біздің зерттеуіміз үшін концептуалды және әдістемелік тұрғыдан маңызды болып табылады.

Тілдің психологиялық негізі тіл, ойлау және сөйлеу процесіне келіп тіреледі. Осыған байланысты Ф.Оразбаева «Тілдік коммуникация адамға тән процесс бола келіп, адамның ойлау, сөйлеу, есту, көру мүшелері арқылы олардың қимыл-қозғалысы, қызметі, жұмысы арқасында жүзеге асады. Ғылымдар тоғысуынан пайда болған жаңа сала – психолингвистика» [31, 469 б.]- деген пікір білдіреді.

Психолингвистика адамның ішкі табиғаты мен сөйлеу қасиетіне байланысты көптеген мәселелерді анықтай келіп, тілдік қарым-қатынасты іске асыратын құралдарды, олардың ерекшеліктері мен қызметін қарастырады, яғни психолингвистика тілді үйретуге, оны сапалы оқытуға көмектеседі.

Лингвистика мен психолингвистиканың практикалық мәні – тілді оқыту мен сөйлеуге үйретудің психикалық процестермен байланысын табу, тілдік қарым-қатынаста сөйлеу құралдарын дұрыс пайдаланып, белгілі бір ақпаратты хабарлау мен қабылдаудың сапасын арттыру.

Тілдің психологиялық әрекеттермен байланысын қарастырған ғалымдардың бірі – Қ.Жұбанов. Ол тілдік қатынасты оймен байланыстыра келіп, сөйлеу процесі адамның қабылдауы мен пайымдауына байланысты жүзеге асатынын ғылыми тұрғыда дәлелдейді. Бұл ретте тілшінің басты көңіл аударатын мәселесі – ой. Ол: «Сөйлемдегі мақсат – біреудің екінші біреуге өзінің ойын білдіруі»,-дей келіп, сөйлеу барсына ерекше мән береді. Қ.Жұбанов адам ойының сөйлеу мен тілдесуге қатысын зерттей отыра, оның өзіне тән ерекшелігін айқындауға тырысқан.

Сөздің адамзаттың таным процесімен, ұғыммен байланысын айта келіп, ғалым ой мен сөздің арақатынасын ажыратқан: «Ой деген – адамның өзі жайлы, болмаса төңірегіндегілер жайлы білгені. Сөз деген – сол білген нәрселерінің аты»,- деп тұжырымдайды [35, 124 б.].

Тілдік қарым-қатынаста сөйлеу үдерісі, негізінен сөз арқылы, сөздің сөйлемдегі орны мен қызметіне байланысты орындалса, сөз адамзаттың ойлау, қабылдау, пайымдау процестерімен тығыз бірлікте іске асады. Сондықтан тілші-ғалымдар сөз бен ұғым, тіл мен ой, тіл мен сана мәселелеріне ерекше назар аударады.

Сөз сөйлем ішінде ұғымды білдіре отырып, бір-бірімен грамматикалық байланысқа түсу арқылы ойды білдіреді. Осыған орай білім алушы өзінің ойын жазбаша түрде білдіргенде сөздерді, сөз тіркестерін дұрыс іріктей білу шеберлігіне төселеді. Сөздің бар сипаты қолданылуда, яғни сөйлем ішінде айқындалады. Білім алушылар ойлау жүйесі арқылы тиісті тілдік тұлғаларды дұрыс қолдана отырып, бір-бірімен қарым-қатынас жасайды. Осыған байланысты қарым-қатынас үрдісінде тілдік тұлғалар алдымен есту арқылы қабылданып, саналы түрде ұғынады. Ал оларды дұрыс түсініп, қабылдау білім алушылардың психологиялық ерекшеліктерімен тығыз байланысты. Сондықтан жазылым тапсырмаларын жүзеге асыруда психология мен оның қағидаларының алатын орны ерекше. Өйткені жазбаша тілдік қатынас психологиялық тұрғыдан тіл, ойлау және жазбаша сөйлеу үдерістеріне негізделеді. Тілді психологиялық жақтан меңгеру тіл арқылы ойды жеткізу, қабылдау, айту және жазу құбылыстарымен байланыстырады. Сондықтан оқытудағы саналылық пен белсенділік ұстанымына негіздей отырып, білім алушыларда саналы оқу әрекетін қалыптастыру маңызды. Оқу үдерісін шәкірттердің әр кезеңдегі негізгі әрекетіне сүйене отырып жүргізу, оларды жеке тұлға ретінде бағалау және өз бойындағы икемділік-қабілеттерді жетілдіруге, өзін-өзі дамытуға бағыттау мектептегі үлкен міндеттердің бірі болып саналады. Сөз өнері дегеніміз З.Н.Ноблянскаяның пайымдауынша, жастардың жас ерекшеліктеріне сәйкес әрі алғашқы аналитикалық ойлаудың әрі сол кезеңде күшті өріс алатын эмоция мен жоғары сезімдерді жинақтаудың бірден-бір формасы ретінде көрінеді [36, 93 б.]. Оқушы бойында шығармашылық ой – талдауға бейімділік, ішкі дүниесіндегі сезімін оята білу, қиял, ой қызметінің ерекшелігі тәрізді қасиеттер болуы тиіс. Шығармашылық тұлға жөнінде И.С.Кон «Психология ранней юности» кітабында: «Ол (шығармашылық тұлға) жас ерекшелігіне, қызығушылығына қарамастан, өзгеден даралығымен шұғыл шешімділігімен, өз күшіне сенімділігімен, сезім ұшқырлығымен, табандылығымен, асқан шабытымен ерекшеленеді» [37, 56 б.] деген пікір білдіреді. Білім алушылардың бойындағы жан-жақты жақсы қасиеттердің туындауы, эстетикалық талғамның қалыптасуының негізі көркем шығарманы қабылдау, түсініп оқу және жазу процесімен тікелей байланысты деген қорытындыға келеміз.

Жазба жұмысын жазу барысында білім алушылар шығармашылық процестер сатысынан өтеді. Ал шығармашылық процесс төмендегідей кезеңдерді қамтиды:

  1. Өмірлік материалдарды жинап, қорыту;

  2. Идеяны, түпкі ойды кристалдық күйге түсіру және кейіпкерлердің ішкі жан дүниесінің нобайын жасау;

  3. Кейіпкерлердің сыртқы пішінін жарыққа шығару және көркем туындының бүкіл мазмұнын іштей белгілеу;

  4. Образды тірілту, жаңа түрге түсіру.

Сондықтан жазба жұмысы барысында білім алушы жинақталған білімді игеріп, ішкі сезімдерінің жазба жұмысымен сәйкес келіп, қиялын шыңдау үшін педагогтар тарапынан жүйелі жұмыс жүргізілуі тиіс.

Ақпаратты игеру – қабылдаудан басталатыны мәлім. Бала өтілген материалға сүйене отырып, жаңа білімді қабылдайды.

Қабылдаудың сөйлеу, жазу әрекетімен ұштасуын алып қарастырсақ, әрбір қадам сайын балалар дамуына жеке процесстер қызметі тығыз байланыста болатынын аңғарамыз. Баланың іс-әрекетіне қатысты жасалған тәжірибе қабылдаудың сөзбен, сөйлеумен, жазумен байланыста болатынын, бала қабылдаған нәрселердің мәні сөзбен, сөйлеу және жазбаша түрде бейнелеу әрекетімен ұштасатынын аңғартады, осының нәтижесінде оның дүниетанымы өсіп, санасы дамитындығын байқадық. Сонда қабылдау адамның көрнекі ойлауының бір бөлімі деген қорытындыға келдік.

Қызығушылық пен қабылдау оқу-тәрбие үрдісінде шәкіртті тиімді нәтижеге жеткізеді. Көркем шығарманы түсіне отырып қабылдау, оның табиғатын жазба жұмыста таныта білу мәселесі педагогика-психологиялық проблемалардың бірі екені даусыз.

Білім алушылардың жазба жұмысына қызығушылығын арттырудың бірі бақылау әрекетіне баулу болып табылады. Бақылау әрекеті дегеніміз- өмірдегі ең жарқын, ең қажеттіні аңғарту. Оқушылар өмірдің өзін байқау, салыстыру арқылы ғана танып-біледі, сондықтан кездейсоқ әсерді оқушының өзі өмірден іліп ала білуі шарттылыққа жатады. Оқушылардың зейінін шоғырландырып, оларды байқампаздыққа үйрету, әр нәрсеге байыптылықпен үңілту және ол құбылысқа әсерлену, қарағанда білгісі келетіндей, қызығушылық пайда болатындай көзбен бақылатуға үйрету, яғни синтетикалық әдісті іске асыру жазба жұмысымыздың барысында қолданылатын оңтайлы жұмыстардың бірі болып саналады.

Жазылым дағдысының психологиялық теориясы саналы немесе автоматты жүзеге асырылады. Қазіргі ғылыми парадигмада адам табиғаты мен қызметінің заңдылықтары антропоцентризм позициясынан зерттеледі. Тұлғаны зерттейтін сабақтас ғылымдар аясындағы интеграциялық процестер адамның өзін, оның қызметіндегі саналы және бейсаналықтың арақатынасын, тіл мен ойлаудың байланысын, стихиялық және мақсатты даму ерекшеліктерін, мәтін құру механизмдерін, т.б. қарастырады. Сөйлеу жұмысын жасай отырып, оқушы өз ойы мен сөзін, ойы мен сезімін бақылайды; белсенді ойлау, есте сақтау, қиялдау, зейін; жүйелі түрде қалыптастыру, тұжырымдау және дағдыларын пайдаланады. Пішін – мәтінді өңдеу; өз қызметінің мақсатын жүзеге асырады, оған жету жолдарын болжайды және таңдайды, жоспарлайды; өзінің «ішкі адамымен» психикалық диалог жүргізеді, онымен пікір таластырады, ой елегінен өткізеді. Іздену процесінде оқушы сезімдердің тұтас шеңберін бастан кешіреді: қайғыру, тітіркену немесе қуану; қиындықтарды жеңеді, өз іс-әрекетін бақылайды, табылғанын, белгілі бір стандартпен таңдалғанын салыстыра және салғастыра алады; бір нәрсені елестетеді; есте сақтайды, ойлайды, қарайды, жазады, жазылғанды ​​оқиды, түзетеді, қайта ойланады, т.б. Шығармашылық әрекетке бүкіл адам ішкі және сыртқы, рационалды және эмоционалдық бірлік ретінде қатысады, соның нәтижесінде өзін-өзі бақылау арқылы «тууға», «өзгеруге» арналған шығармашылық әрекетінде даму жүреді. Ойы сөзіне айналды. Шынында да, мәтіннің артында «тілдік тұлға» ғана емес, сол сияқты тұтас тұлға, оның барлық танымдық, ақыл-ой, сөйлеу, адамгершілік тәжірибесі, дүниетанымы т.б. бар. Тұлғаның психологиялық құрылымын не құрайтынын нақты білу дамуының қозғаушы күштерін түсінуге ықпал етеді. «Тұлғаның психологиялық құрылымы» деп жазады В.И.Селиванов, «көп деңгейлі, иерархиялық, дамушы жүйе, онда төрт өзара байланысты блоктар қызмет етеді: мотивациялық бағдар, ақыл, эмоциялар, ерік. Осы блоктардың қызметін біріктіретін орталық тұлғаның «Мені» болып табылады» [38,10б].

Пішін – мәтінді өңдеу; өз қызметінің мақсатын жүзеге асырады, оған жету жолдарын болжайды және таңдайды, жоспарлайды; өзінің «ішкі адамымен» психикалық диалог жүргізеді, онымен пікір таластырады, ой елегінен өткізеді. Іздену процесінде оқушы сезімдердің тұтас шеңберін бастан кешіреді: қайғыру, тітіркену немесе қуану; қиындықтарды жеңеді, өз іс-әрекетін бақылайды, табылғанын, белгілі бір стандартпен таңдалғанын салыстыра және салғастыра алады; бір нәрсені елестетеді; есте сақтайды, ойлайды, қарайды, жазады, жазылғанды ​​оқиды, түзетеді, қайта ойланады, т.б. Шығармашылық әрекетке бүкіл адам ішкі және сыртқы, рационалды және эмоционалдық бірлік ретінде қатысады, соның нәтижесінде өзін-өзі бақылау арқылы «тууға», «өзгеруге» арналған шығармашылық әрекетінде даму жүреді. Ойы сөзіне айналды. Шынында да, мәтіннің артында «тілдік тұлға» ғана емес, сол сияқты тұтас тұлға, оның барлық танымдық, ақыл-ой, сөйлеу, адамгершілік тәжірибесі, дүниетанымы т.б. бар. Тұлғаның психологиялық құрылымын не құрайтынын нақты білу оның дамуының қозғаушы күштерін түсінуге ықпал етеді. «Тұлғаның психологиялық құрылымы» деп жазады В.И.Селиванов, «көп деңгейлі, иерархиялық, дамушы жүйе, онда төрт өзара байланысты блоктар қызмет етеді: мотивациялық бағдар, ақыл, эмоциялар, ерік. Осы блоктардың қызметін біріктіретін орталық тұлғаның «Мені» болып табылады» [38, 10 б.].

Жазылымды іске асыратын тұлғалардың бірі – сөйлем. Ойдың жарыққа шығуы қатысымдық тұлға сөйлем арқылы іске асады. «Сөйлемнің негізгі түрі– бірнеше сөзден құралатыны. Сөйлем құрамына ену арқылы тілдің төменгі қабаттары жанданып, өз бойларындағы мүмкіндіктерін жарыққа шығарады. Сөйлем тілдік тұлғалардың ең жоғарғы құранды қабаты болумен бірге таңбалық жағынан да ең күрделі, жоғары тұлға болып есептеледі».

Демек, сөйлем – хабарды (ақпаратты) қабылдаушыға түсінікті етіп қана қоймай, оның жауап қайтара білуінің көрсеткіші. Қатысымдық тұлғалар ретінде сөйлем – сөйлеу құралы, адамдар арасындағы қарым-қатынасты жүзеге асыратын тілдесім жолы. Кез келген адам басқа біреуге ойын жазбаша жеткізу үшін сөйлем құруды ойлайды, онда айтайын деген ойын ұғынықты етуге тырысады.

Жазбаша қатынаста мәтін құрамындағы сөздер, сөз тіркестері, сөйлемдер бір-бірімен мағына жағынан сабақтасып, кейінгі айтылған ой алғашқысын жалғастырып жатады. Жазбаша тілдесімдегі ой желісі білім алушалардың іштей сөйлеуін жетілдіруге негізделеді. Іштей сөйлеудің негізінде туған ойдың толық көрінісі дыбыстап сөйлеуде іске асады. Сырттай сөйлеу ауызша және жазбаша болып бөлінеді.

Бұл процесс жазбаша сөйлеуді ауызша сөйлеумен салыстырғанда қалай жүзеге асады? Жазбаша сөйлеудің табиғатын түсіну үшін өте қажет бұл мәселені шешу үшін біз тәжірибе жасап, оны кейінірек "сөздердің бірігуі" деп атадық: балаларға көшіру үшін деформацияланған мәтін берілді (сөздердің бірігуі), онда жеке сөздер мен сөз тіркестері бөлінбейді және оны қажет жерлерге нүктелер мен бас әріптерді қойып, қайта жазу ұсынылды, содан кейін жазылғанды ​​​​оқу, нүктелерде тоқтау ұсынылды.

Кейбір жағдайларда, оқығаннан кейін мәтінді қайта жазу және оны қайта оқу ұсынылды. Бұл білім алушылардың сөйлем соңында қойған тыныс белгілердің дұрыс/бұрыс екенін саралауға мүмкіндік береді.

Нәтижелерді талдау барысында білім алушылар үшін негізгі қиындық - сөйлемдерді оқшаулау (сөйлем ішіндегі және сөйлем соңындағы тыныс белгілерді дұрыс қою) екенін көрсетті. Жеке сөздерді оқшаулау 11-сынып білім алушыларына ешқандай қиындық тудырмайтыны байқалады.

Алайда, білім алушылар бір сөйлемді екіншісінен дұрыс ажырата алмағаны байқалды, яғни нүктені қайда қою керектігін білмейді. Ал 11-сынып білім алушыларының осы қателіктерін өздеріне түзету ұсынылды. Оларға мәтінді көшіріп жазып, қайта оқып, қателерін аңғарды. Бұл жазылым мен оқылымның бір-біріне тікелей қатысын аңғартады.

Білім алушылардың жазылым дағдысын қалыптастырудың психологиялық негіздері өз ойын жеткізу үшін іштей ойлануды дағдыға айналдырумен тоғысады. Себебі іштей ойлау айтылатын не жазылатын ойдың дәл, нақты болуына және тілдік тұлғаларды дұрыс таңдап алуға мүмкіндік туғызады. Ішкі сөйлеу әсіресе, жазбаша мазмұнадама, шығарма жұмыстарына дайындық кезінде күшейеді: балалар не жөнінде жазу, қандай сөздер қолдану, сөйлемді қалай құрастыру керектігін ойланады. Кейде тіпті мәтіннің бөлшектерін де ойша құрастырып алады. Мұндай ойша дайындық балалардың сөйлеу дағдылары мен шеберліктерін жетілдіре түседі.

Жазба жұмыстарын жүргізу барысында пән мұғалімі білім алушының танымдық белсенділігін оның жеке тұлға әрекетінің сапасы ретінде қалыптастыруы керек, бұл сапа баланың іс-әрекет мазмұны мен көзқарасында, мінез-құлық, ерік-жігерін оқу танымдық мақсатқа жұмылдыруында көрініс табады. Эссе жұмысын жүргізудің кез келген кезеңінде болжау, алдын ала білу, оқиғаның қорытындысын сезу, білу, тәрізді әрекеттер жүзеге асады. Бұл әуелі ойлау танымы жоғары оқушылардың шығармашылық іс-әрекетінде байқалады. Біздің тәжірибемізде ойтолғау жазудың өзіндік ерекшелігін танытатын "құбылысты ойша біріктіру" тәсілі қолданылады. Бұл іс-әрекет оқушыларды толғана білуге, сыни тұрғыдан пайымдауға жетелейді. Оқу үрдісінде оқушыларға бесік, ағаш, жіп деген үш сөз беріліп, осы сөздердің негізінде сыр толғау жазу тапсырылды. Сонда оқушылар бір оқиғадан екінші оқиғаны құрастырып, тапқыр ой, жүйелі тілімен ойлы толғау жазып шықты. Бұл арада білім алушылардың танымдық іс-әрекеті қызығушылықтан туындады, себебі мұндай тәсілді пайдаланып, ой толғау, сыр толғау біздің тәжірибемізде дағдыға айналған. Төменде беріліп отырған оқушы сыр толғауының үзіндісі осыны аңғартады.

С.: Бесік, ағаш, жіп- бұл нақты өмірдің шындығы. Себебі, біз өмірге келгенде ағаш бесікке салынып, оны өзіміздің кішкентай ғана табиғи атмосферамыз ретінде пайдаланамыз. Осы бесікте ана әлдиін естіп, өмірдің көлеңке жағын, қысқа жіптей күрмеулі жағы барын сезінбейміз. Ақ бесіктен шығысымен, бала болып далаға шыққан күннен бастап біз өмірдің ызғары мен суығы барын аңғарамыз. Тұсауымызды кескенде байланатын ала жіп, ақ жіп, қара жіптердің мағынасын түсіне бастаймыз. Бұл өмір- күнгейі мен көлеңкесі қатар жүретін қара ала жіптердің қосындысы іспетті күрделі дүние. Кейбір адамдардың көңілдері де осы жіптердің түсіндей, өмір- бала бесік, ақ, қара жіп және жер бесік.

Бұл арада танымдық қызығушылық белгілі бір жағдайларға байланысты жеке тұлғаның іс-әрекетінің дамуына қуатты түрткі күш ретінде әсер етті, сол себепті білім алушы шығармашылық ойлаудың жоғары сатысына жетіп, шығармашылық сыр толғауды жарыққа шығара білді.

Мектеп оқушыларының эссе жазудағы білім, білік, дағдыларын жетілдіру арқалы біз олардың көркем туындыны шығармашылықпен қабылдау машығын да дамыта аламыз. Бұл жердегі пән мұғалімінің білім алушының көркем туындыдан әсер алуына жағдай жасап, оның эмоциясын тәрбиелеуі болып табылады.

Ғалым-психолог Т.Сабиров баланың шығармашылық қабілетінің негізі оның ойлау процесінде жатқанын анық көрсетсе [39, 110 б.], Ә.Алдамұратов ойлаудың дамушы құбылыс ретінде адам бойында үнемі жұмыс күйінде кездесетінін, оның негізгі қызметі жұмбақ мәселелерді шешу, жаңа ой айту үшін толғану екендігін дәйектейді [40, 73 б.].

Психолог Д.А.Рубинштейн баланың танымдық қасиеттерін қалыптастыруға мән бере отырып, проблемалық жағдай туғызу мәселелеріне баса назар аударады. Осының негізінде оқушы ой операцияларына жетудің жолдарын анықтайды [41, 147 б.]. Әсіресе, ой қайшылығы, пікір талас, білім алушының өзіндік ой қорытындысы нәтижесінде дұрыс шешім туындайтынын аңғаруға болады.

Білім алушылардың жазба жұмысын орындауға деген қызығушылықтарын ояту – үлкен проблема. Психолог Ә.Алдамұратов қызығуды зат пен құбылысты белсенділікпен танып-білуге бағытталған адамның біршама тұрақты жеке ерекшелігінің көрінісі ретінде сипаттайды. Қызығудың таңдау, зейін қою әрекеті жүреді. Білім алушының жазба жұмысын орындау сәтіндегі негізгі мотивінің бірі – қызығу. Жазба жұмысын жазу үшін білім алушы қабылдап-бақылағандарын ойша талдап, қорытындылауы тиіс. Бұл әрекет шәкірттердің білімді жете ұғынып, терең ойлауының нәтижесінде ғана іске асады. Бұл – ойлаудың формасы – ұғымды тудырады. Ұғым – зат пен құбылысқа тән негізгі белгілер туралы жалпы ой. «Ұғым – дегеніміз танымның белгілі бір сатысындағы қоршаған дүниені сәулеленуінің бір формасы. Бұл сәулелену тілді қолана отырып өтеді де, құбылыстар мен нәрселердің топтастырылған формасы болып табылады» [40]. Сонда білім алушыны жазба жұмысын жаза білу дәрежесіне жеткізудің бір жолы түрлі ой операциялары арқылы ұғымның табиғатын таныту болып табылады. Ол білім алушыдан ой операцияларын: талдау (анализ), синтез, дерексіздендіру (абстракция), жалпылауды талап етеді.

Жасөспірімдердің білімге қызығушылығын қалыптастырудың бір жолы олардың зейін ерекшелігін танумен де сабақтасады. Жоғары сыныптарда білім алушылардың зейіні тұрақтала бастайды. Себебі олар оқудың өзі үшін маңыздылығын сезініп, білімге саналы түрде ден қояды. Сондықтан осы кезде білім алушыларға проблемалық жағдаят туғызу – олардың сабаққа зейінін аударудың ең тиімді тәсілі. Проблемалық сұрақтар жасөспірімдердің психологиялык ерекшеліктері мен олардын таным денгейіне сәйкестендірілсе, білім алушылардың пәнге қызығуын күшейте түсері сөзсіз. Ойға күш түсіретін проблемалық жағдаят оқушының эмоциялық көңіл-күйіне де әсер етеді. Әрі таныс, әрі бейтаныс мәселелерді қатар камтитын проблемалық мәселе оқушы зейінін тез аударумен бірге баланың ынтасын, ерік-жігерін бір бағытқа жұмылдырады. Бұл баланың қиындықты түсініп, одан шығудың жолдарын іздестіруге, табуға итермелейді. Ол тапсырманы өз жолдастарынан бұрын шешуге мүдделі болады. Мұнда баланың ішкі мотиві өзінің қабілет деңгейін таныту болады. Дұрыс ұйымдастырылған проблемалық оқу нәтижесінде баланың ой операциялары /талдау, салыстыру, жинақтау, қорыту т.б./ зейіні, шығармашылық қабілеті қалыптасады. Мысалы:

«Бейбітшілік, қауіпсіздік және жаһандық экономика. Шешендік сөздер тарауы» бойынша берілген «Жаһанданудың пайдасы мен зияны» тақырыбында 11.3.4.1 қажетті ақпараттарды орынды қолданып, көтерілген мәселе бойынша өз ойын дәлелдеп эссе жазу (аргументативті эссе) мақсатын жүзеге асыру барысында білім алушылардың зейінін шоғырландырып, көтерілген мәселені анықтап, шешу жолдарын ұсына білуі үшін проблемалық сұрақтарды дұрыс құрастырылып, талқылауға ұсынылса, жазылым тапсырмасы да жоғары деңгейде жүзеге асады. Эссе жазу үшін берілетін сұрақтарды Е.Оспанов [16] төртке бөліп қарастырады:

  1. Мәселе бойынша қандай шешімдер ұсына алатындығын білу бағытында;

  2. Мәселеге байланысты шешімді қалай бағалайтындығын білу білу бағытында;

  3. Болжай немесе бағалай алатындығын білу бағытында;

  4. Өз сенімін немесе ойын дәлелдей алатындығын білу бағытында.

Біз осы тақырып бойынша жазылым алды тапсырмасы ретінде төмендегі сұрақталды талқылауға ұсындық:

  1. Жаһанданудың экономика, мәдениет, ғылым мен техника, медицина, білім салаларына қандай әсері етіп жатыр?

  2. Жаһандану процесінің салдары Қазақстанды неге алып келуі мүмкін?

  3. Елімізде жаһандану процесі қалай жүріп жатыр? Пайдалы және зиянды жақтарын кестеге тізіп жазғызуға немесе айтқызуға болады.

2-кесте

Көтерілген мәселенің пайдалы және зиянды жақтарын


Пайдалы жақтары

Зиянды жақтары

Халықаралық қатынастар реттеледі;

Экономика мен индустриялық дамуды күшейте отырып, халықаралық бәсекелестікке жол ашады.

Ұлттық дәстүрден қол үзіп барамыз;

Қоғам байлар мен кедейлерге бөлініп, аражігі ашылып барады.

  1. Сен бұл мәселенің қандай жолын (пайдалы/зиян) ұстанасың?

Бұл сұрақтар эсседе қандай мәселелер қамтылуы қажет екендігі жөнінде бағыт беріп тұр. Демек, эсседе «Жаһанданудың пайдасы мен зияны» жайында пікір білдіруі керек. Мәселен, эссенің негізгі бөлімінің бірінші параграфы «Жаһанданудың пайдасы» туралы, ал екінші параграфта «Жаһанданудың зияны»жөнінде пікір білдіруі тиіс. Ал қорытынды бөлімде өзінің ұстанатын позициясын көрсетеді.

Жазылымның бұл мақсатын жүзеге асыру білім алушының алдын ала іштей дайындығын талап етеді. Сондықтан проблемалық сұрақтарды талқылау арқылы, соның негізінде кестені толтырту арқылы олардың ішкі үрейін сейілту маңызды. Білім алушылардың көпшігі тақырып бірден берілген жағдайда жазып кете алмағанын тест нәтижесінен байқауға болады. Жазылым үдерісі оқырманның қатысуынсыз орын алады. Оқырман тек дайын жұмысты ғана көреді. Сол себепті 11-сыныптың білім алушыларын сапалы жұмыс (эссе) жазуға дағдыландырудың маңызы зор болып табылады. Эссені тек ауызша түсіндіру жеткіліксіз, өйткені жазылым дағдысы жазу әрекетін орындау арқылы ғана бекітіледі. Осы орайда біз аргументивті эссе жаздыру үшін келесі қадамдарды орындатуды ұсынамыз:

  1. Үлгі ретінде дайын аргументивті эссені көрсету (қажет болған жағдайда құрылымына талдау жасату);

  2. Пікірталас туындататын тақырыптың бірін алып, ауызша пікірталас жүргізу (Мысалы: Жаһанданудың пайдасы көп пе әлде зияны көп пе?);

  3. Аргументивті эссенің мақсатымен және оның жазылу құрылымымен таныстыру;

  4. Пікірталас барысында жинақталған аргументтерді сұрыптай отырып, эссенің бөлімдерін жазуға көмектесу (алғашқы нұсқасын жазу барысында білім алушыларға қателіктері туралы ескерту жасалса, олардың шығармашылық қабілетіне кері әсерін тигізуі мүмкін);

  5. Эссенің соңғы нұсқасын әзірлету (осы кезде грамматикалық, орфографиялық қателіктерін толық түзетіп, мазмұнын тексеру бойынша білі алушыларға бір-бірінің жұмысын оқып шығып, кері байланыс беріп, өзара талқылау жасатуға болады. Мұндай жұмыс түрлері оқушыларды бір-біріне сыни пікір айтуға және сын қабылдауға үйретеді. Нәтижесінде шынайы дискурсивті орта қалыптастыруға болады);

  6. Эссені тексеріп, білім алушыларға кері байланыс беру (эссені бағалап, қалай жетілдіруге болатыны жөнініде пікір білдіріп, эссе жазуға деген шығармашылық қабілетін шыңдап, сыни пікір қалыптастыру үшін мотивация беруге тырысу).

Эссе жазу – бұл білім алушылар үшін өз ойларын нақты және тиімді ұйымдастыруды талап еткенімен, олар үшін шығармашылық қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік. Себебі оқушылар эссе жазу арқылы сезімін, қажеттілігін, ойын, көзқарасын, ішкі сезімін, білімі мен қызығушылығын білдіреді. «Эссе жазу дегеніміз – белгілі бір аудиторияға, оқырманға қажетті деңгейде әсер ете алу мен тақырыпқа қатысты өз ойын білдіру үшін бірнеше параграфтарды жүйелі негізде қолдану арқылы бір немесе бірнеше идеяны нақты және дәлелді түрде жазбаша жеткізе білу» - деп тұжырымдайды ғалым Е.Оспанов [16, 51 б.].

Білім алушылардың эмпирикалық ойлау деңгейінен теориялық ойлауға көтерілу жолдарын зерттеген ғалымдар (Д.Эльконин, В.Давыдов) жоғары сынып білім алушыларының танымдық қызметінің белсенділігі олардың теориялық ойлау әдістерін меңгеруге ынтасын оятып қана қоймай, оларға белгілі бір дәрежеде қажеттілік те туғызады дейді. Сонда көркем туынды материалдарын игеру арқылы балаларға жазба жұмысын жаздыруды меңгерту ойлау жүйесі негізінде мүмкін болады. Ол өзі жазып отырған ой толғауды немесе эссені жүйелі, мағыналы түрде беруді алдын ала ойластыруы керек. Тақырыпты аша білудің логикалық жүйесін тұтастығын сақтай білу білім алушылардың ойлау қызметінің сапалы нәтижесін көрсетпек. Сонымен қатар білім алушы өз ойын дәлелдеп, өзгелерді сендіре алуы керек. Ой бір-бірінен дербес күйде өмір сүрмейді, керісінше, олар тығыз байланысқанда ғана сол байланыстан жаңа ой пайда болады. Сөйтіп, ойлау процесі жалғаса береді.

Қорыта айтқанда, жазба жұмыстарын ұйымдастыру күрделі ойлау процесін қажет ететін шығармашылық жұмыс екеніне, оның түрлі ой операцияларынан тұратындығына тәжірибе жасау барысында көзіміз жетті. Себебі шығармашылық – білім алушылардың танымдық қабілеттеріне мотивациялық тұрғыда басшылық жасау нәтижесінде туатын құбылыс. Бұл олардың тілдік дүниетанымы негізінде логикалық ойлау қабілеттерін арттырады. Ал 11-сынып білім алушыларының жазылымы дағдысын қалыптастырудағы психологиялық мәселе жазу біліктілігі мен дағдысын қалыптастырудан, ойды жазбаша формада жеткізу біліктілігінен, сөйлесім әрекетінің басқа түрлерімен жазылым әрекетінің өзара байланысу ерекшеліктерін білуден, оқушылардың қызығушылықтары мен мотивтерін ескеруден тұрады.




Оқушылардың жазылым дағдысын қалыптастырудың әдіс-тәсілдері

Өзге пәндер сияқты қазақ тілін оқыту әдістемесі де педагогикалық ғылымдар саласына жатады. С.Б.Жусабаевтың тұжырымдауы бойынша, білім алушылардың дұрыс ойлау мен сөйлеу, бірін-бірі дұрыс түсіну, сонымен қатар ауызша да, жазбаша да ойын дұрыс әрі жүйелі жеткізе білу қабілетін дамытып, қажетті дағдылары мен білігін, тұлғалық көзқарасын, дүниетанымын қалыптастыру жолдарын қарастырады [44, 201-205 бб.].

Пәнді оқыту әдістемесі – білім беру үдерісінің ажырамас бөлігі. Себебі білім алушыларға пән мазмұны негізінде білімді беру барысында әдістер жетілдірілмесе, білімнің сапасы төмен болары анық. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің жүйесінде тілді оқыту 3 бағыт бойынша жүзеге асырылады.


3-кесте

Қазақ тілін оқытудың бағыттары


Қазақ тілін ана тіліретінде оқыту

Қазақ тілінекінші тіл ретінде оқыту

Қазақ тілін шет тілі ретіндеоқыту


Осының ішінде біз «Қазақ тілін ана тілі ретінде оқыту» әдістемесін қарастырамыз. Орта білім беру мекемелерінде (мектептерде) қазақ тілі пәнін тиісті деңгейде оқыту өзге пәндер бойынша сапалы білімнің негізі болып табылады. Себебі білім алушылардың өз ойын тіл заңдылықтарына сай ауызша да, жазбаша да жеткізе білуі осы пән негізінде қалыптасады.

Ана тілімізді оқытудың педагогикадағы ғылыми теориялық негіздері – тілдің ғылыми салаларын меңгерту бағдарламаларымен, тақырыптық реттермен (ұзақ мерзімді жоспар), күнтізбелік жоспарлармен (орта мерзімді жоспар) бір жүйеге келтірілген. Бұларды тіл ғылымының әртүрлі салаларымен шұғылданған ғалымдар зерттеп, көптеген әдістемелік еңбектері жарияланған. Мысалы, фонетиканы оқытуда Ә. Исабаев, морфологияны оқытуда Б. Кәтенбаева, орфографияны оқытуда Қ. Жолымбетов, синтаксисті оқытуда Х. Арғынов т.б ғалымдар еңбектерін пән мұғалімдері әдістемелік құрал ретінде пайдалануда. Тілді оқыту мәселелерін зерттеуде И. Ұйқыбаевтың «Қазақ тілі методикасының мәселелері» еңбегіндегінде, Ф. Оразбаева мен Р. Рахметованың «Қазақ тілін оқыту әдістемесі» еңбегіндегінде, Ж.Дәулетбекованың «Әдістеме – шеберлік әлемі» еңбегіндегінде, Т. Әбдікәрімова, Т. Әбдіғалиева мен К. Шәймерденованың «Қазақ тілін оқыту әдістемесі» еңбегіндегінде қазақ тілін оқыту әдістемесіне байланысты құнды пікірлер айтылған.

Осыған байланысты білім алушылардың жазылым дағдысын қалыптастырудың бірнеше әдіс-тәсілдеріне тоқталайық. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқыту «Құндылық бағдарлы оқыту», «Дамыта оқыту», «Тұлғалық бағдарлы оқыту», «Саралай және даралай оқыту», «Коммуникативтік-функционалдық бағдарлы оқыту», «Ақпараттық-коммуникациялық бағдарлы оқыту» бағытында болғандықтан, осыған сай педагогикалық әдістер мен тәсілдер жүйесі қолданылады. Оларды қолдана отырып, оқушылардың ой-өрісін кеңейту және танымдық қабілетін арттыру мақсатында жазба жұмыстары жүргізіледі. Сол арқылы жазуды үйренудің дағдылары төмендегідей (кесте 3).


4-кесте

Жазылым дағдылары



Дағдылар

Дағдыларды дамытуға арналған жаттығулар

Каллиграфия

- көрсетілген графемалардың астын сызу;

- мәтінді, сөйлемдерді көшіру;

Лексика-грамматикалық дағды

Лексикалық дағдылар:

- белгілі бір сөздер тізіміне синонимдерді таңдау;

- жетіспейтін сөздерді қолдана отырып хатты толықтыру (сөздер шеңберде ұсынылуы немесе мүлдем болмауы мүмкін);

- әр төрт сөзден артық сөзді бөліп көрсету;

- лексикалық кроссвордты шешу (олардың анықтамаларына сәйкес сөздерді таңдау);

- сөздерді жұптастыру.

Грамматикалық дағдылар:

- етістіктерді қажетті шақ шақ категориясына қою;

- сөйлемдерді қосымшалармен толықтыру.

Құрылымдық дағды

- үлгі бойынша эссе жазу;

- мәтінді негізгі бөліктерге бөлу және т.б.


Жазу әдістемесінің тарихында орфографиялық дағдыларды дамытудың негізін анықтайтын екі тәсіл айқын көрсетілген: механикалық есте сақтау (сөздердің дұрыс бейнесін қабылдау мен есте сақтауға негізделген процесс) және саналы әрекет (грамматикалық заңдарды білуге негізделген процесс). Жазудың заманауи әдістемесі лингвистикалық синтезге (тіл заңдылықтары туралы білімге сүйену, лексика-грамматикалық ережелерді игеру) және психофизиологиялық (сенсомоторлық дағдыларды пысықтау), лексика-грамматикалық ережелер мен негіздерді игеруге негізделген. Бұл тәсіл мектеп тәжірибесінде сұранысқа ие жаттығулар түрін анықтауға, білім алушылардың жазылым дағдысын арттыруына жағдай жасайды. Бүгінгі таңда бұл лингводидактикада қатесіз жазу дағдыларын қалыптастырудың тиімді әдісі, жалпылау мен саралаудың әртүрлі тапсырмалары жаттығулар жүйесінің негізі ретінде қарастырылады.

Статистикаға сүйенсек бастауыш мектепке келгенде балалардың 60% - ға жуығы әртүрлі қиындықтарға тап болады, бұл қиындықтардың 90% - дан астамы жазумен байланысты. Егер оқытудың осы алғашқы кезеңдерінде мұғалім білім алушының жазу дағдысын қалыптастырудың қиындықтарын байқамаса, оларға назар аудармаса немесе дұрыс көмек тактикасын таңдамаса, кейін нәтиже оң болмайды.

Жазылым – оқу іс-әрекетінің кешенді түрі. Ол бірқатар құрылымдық компоненттерден, көптеген ережелер мен дағдылардан тұрады, оларды меңгеру бастауыш сынып оқушылары үшін күрделі және ұзақ процесс болып табылады. Оқушы жазуды үйрене отырып, үш негізгі дағдылар тобын игеруі керек (кесте 4).

5-кесте

Жазылымның үш негізгі дағдылары


Техникалық – жазу құралдарын дұрыс пайдалану, қол қимылдарын үйлестіру, гигиеналық ережелерді сақтау;


Графикалық – әріптерді, буындарды, сөздерді дұрыс бейнелеу, қажетті көлбеу, белгілі бір биіктігі мен ені бар әріптерді жазу, жұмыс жағына біркелкі орналастыру, оларды дұрыс қосу;

Орфографиялық – сөздердің дыбыстық және әріптік құрамын дұрыс анықтау, олардың сипаттамасына түсініктеме беру.



Жазудың саналы сипаты келесідей: біріншіден, дыбыс пен әріптің дұрыс арақатынасында, екіншіден, бірқатар ережелерді – графикалық және орфографиялық ережелерді сақтауда; соңында, өз ойларын, сезімдерін, ниеттерін жеткізу үшін жазу дағдысын қолдануда. Көріп отырғаныңыздай, үшіншісі ең маңыздысы болып табылады, өйткені ол жазудың жалғыз мақсаты, ал бірінші және екінші – білім алушылардың көмекші міндеттері, яғни мақсаттары емес, тек көмекші құралдары.

Демек, балалар бұл мақсатты неғұрлым тез түсініп, өз ойларын жазып көрсете алса, соғұрлым олар жазбаша сөйлеу дағдыларын қалыптастыра түседі. Дұрыс жазу дағдыларын қалыптастыру үшін оқушылардың бірінші жазған сөзі олардың бақылауларын, сезімдерін, өмірлік тәжірибелерін білдіретін өз сөзі болуы өте маңызды.Әріптік кезеңнің соңына қарай білім алушы сабақ барысында 20 сөзге дейін, яғни шамамен 100-120 таңбаға немесе жазбаша әріптерге дейін жаза алады (егер сабақта тікелей жазу шамамен 2/3 уақытты, яғни 30 минутты алатынын ескерсек, жазу жылдамдығы минутына шамамен төрт әріпке дейін).

Ал енді, мектепте тілді оқытудың бастапқы кезеңінде жазу мәдениетін меңгерудің жаңа схемасын ұсынып көрейік. Біз ұсынатын схема үш циклдан тұрады, яғни ол үш типтік мәтіндік модельді игеруді қамтамасыз етеді және төрт кезеңнен тұрады. Өйткені ол мәтіннің тууы мен семантикалық қабылдауының логикасын көрсетеді.

Жазылым дағдысының (хаттың) қарапайым түрлерінен күрделі түрлеріне қарай дамуының иерархиялық-деңгейлік динамикасы дамуының келесі деңгейлерін бөліп көрсетеміз.

6-кесте

Жазылым дағдысының дамуының иерархиялық-деңгейлік динамикасы


Деңгей


жазу-бекіту – мектеп оқушылары жай мәтіндерді көшіруді үйреткен кезде (бұл әртүрлі аспектілерді игерудегі әмбебап көмекші құралдың функциясы);


репродукция-хат – оқушылар хатты бір-бірімен айырбастауы арқылы жазбаша мәлімдемелер жазған кездегі деңгей түрі;


трансформация-хат – берілген үлгідегі сөздерді өздерінің сөз тіркестерімен (білімді тұжырымдау және жеке тұлғаны интеллектуалдау функциялары) алмастырады; 


жазу-өндіріс – оқушылар өз мәтінін құрастырады (рефлексия және өзін-өзі көрсету функциясы).


Оқыту мақсаты ретінде жазу оқытудың барлық кезеңдерінде әртүрлі типтегі мектептердің бағдарламаларында қарастырылған. Орта мектепте түпкілікті талаптар ретінде өз ойларын жазбаша түрде білдіру, яғни жазуды қарым-қатынас құралы ретінде пайдалану дағдыларын дамыту ұсынылады. Жазбаша мәлімдемелердің тақырыбы мен көлемінің кеңейтілуі, мәтіндердің сапалық сипаттамасы жақсартылуы тиіс. Осы кезеңдегі оқытудың мазмұны үлкен ақпараттылықпен ерекшеленуі керек және шынайы материалға негізделуі керек. Мысалы, жасөспірімдер үшін олар келесі дағдыларды дамытудың үлгісі ретінде қызмет етеді: досына өзінің отбасы, мектебі, қаласы, қызығушылықтары туралы ақпарат беру; ғылыми түрде өз ойын жазбаша жеткізу және т.б.

Осылайша, оқытудың барлық кезеңдерінде жалпы стратегиялық дағдылар дамиды. Оларға мыналар жатады:

  • үлгі мәтінін ақпараттық және тілдік тірек ретінде пайдалану;

  • анықтамалық әдебиеттер мен сөздіктерге жүгіну;

  • перефразаны қолдану;

  • жазбаша мәтінді жеңілдету;

  • жалпы ұғымдардың сипаттама сөздерін қолдану;

  • синонимдік алмастыруларға жүгіну;

  • өз тәжірибеңді серіктесіңнің тәжірибесімен байланыстыру және т.с.с.

Нәтижесінде, жазуды үйрену және жазылым дағдысын қалыптастыру бұл ең алдымен графикалық шеберлікті дамыту деген шешімге келеміз. Кез-келген дағды сияқты, ол оқыту үдерісінде дағдыларды қалыптастыру және олардың негізінде бірқатар жаттығуларды орындау нәтижесінде қалыптасады.

Әдіскер-ғалым Ә.Исаев «Қазақ тілін оқытудың дидактикалық негіздері» еңбегінде білім беру әдістерін екі топқа бөліп қарастырған:

  1. Білім алушылардың практикалық дағдысын қалыптастыру жолындағы мұғалім жүргізетін жұмыстарының тәсілі;

  2. Мұғалімнің басшылығымен оқушылар жүргізетін жұмыстың тәсілі.

Сондықтан білім алушылардың қазақ тілінен алған білімі мен білігін, тілдесім, оқылым, жазылым дағдысын қалыптастыру барысында мұғалімнің жүргізетін жұмыс жүйесі оқыту әдістерінің құрылымына тікелей байланысты болып келеді. Білім алушылардың жазылым дағдысын қалыптастыруда жaттығулaр жүйecін тиімді ұйымдастыру мен дағдыландыру аса маңызды. Жазылым сөйлесім әрекетінің ең күрделі түрі болғандықтан арнайы ұйымдастырылған жаттығулар жүйесін керек етеді. Бұған байланысты Р.С.Немов төмендегідей пікір білдіреді: «Білік, дағдылардың барлық түрлерін қалыптастыруда жаттығулардың маңызы зор. Олардың негізінде дағдылар автоматтандырылып, біліктіліктер жетіледі. Ал күнделікті жүйелі жаттығуларсыз білік, дағдылар өз қасиетін жоғалтады» [45,162 б.]

Ал Ә.Исабаев жаттығу жұмыстары арқылы білім алушылардың төмендегідей дағдылары жетіледі деп көрсетеді:

  • Алған білімі еске түсіріледі;

  • Теория бойынша алған білімі бекітіледі;

  • Көру қабілеті нығаяды;

  • Есту қабілеті нығаяды;

  • Қабылдау мүмкіндіктері молаяды;

  • Сенімділік қабілеті күшейеді;

  • Байқау қабілеті дамиды [46,30 б.].

Жаңартылған білім беру бағдарламасы аясында іске асатын әдістемелік жүйе оқыту мақсаттарына негіздерлеген.

Жалпы орта білім беретін мектептегі 11-сынып, қоғамдық-гумманитарлық бағыты бойынша ұсынылған оқулықтар:

  1. «Арман-ПВ» баспасы, оқулық авторлары: Т.Н.Ермекова, Г.М.Найманбаева, Б.М.Найманбаева;

  2. «Мектеп» баспасы, оқулық авторлары: Б.Қапалбек, Ш.Ерхожина, М.Жолшаева;

  3. «Атамұра» баспасы, оқулық авторлары: Ж.Балтабаева, Е.Арын, Г.Әбдіраман.

Тәжірибелік-эксперименттік база ретінде алынған Қ.Қайсенов атындағы №4 орта мектебінің 11-сынып оқушылары «Мектеп» баспасынан Б.Қапалбек, Ш.Ерхожина, М.Жолшаева авторлығымен жарияланған оқулықпен оқиды. Бұл оқулықта лексика-грамматикалық бөлімдерге байланысты жазылым дағдысын қалыптастыруға бағытталған оқыту мақсаттары төмендегі кестеде берілген.

7-кесте

Лексика-грамматикалық бөлімдердегі оқыту мақсаттары:

Лексика-грамматикалық бөлім

Оқыту мақсаттары

1. Қазақстан бейнесі. Қазақстанның өткені мен келешегі. Шешендік сөздер

11.3.4.1 қажетті ақпараттарды орынды қолданып, көтерілген мәселе бойынша өз ойын дәлелдеп эссе жазу (дискуссивті эссе);

11.3.7.1 жазба жұмысын абзац пен бөліктерге бөлу, ойын (ақпарат, идея) дұрыс жүйелеп, логикалық және стильдік түзетулер енгізу, редакциялау)

2. Жастар мәдениеті және мәселесі. Шешендік сөздер

11.3.5.1 оқылым және тыңдалым материалдары бойынша түртіп жазудың (конспектілеудің) әртүрлі жолдарын меңгеру арқылы негізгі ақпаратты іріктеу; 11.3.6.1 әртүрлі тақырып бойынша көркемдегіш құралдарды ұтымды қолданып, шығармашылық жұмыстар (өлең, әңгіме, естелік, шығарма) ұсына білу;

3. Қазіргі қоғам. Миграция. Зияткерлік миграция. Шешендік сөздер

11.3.2.1 таза ғылыми стильдің жанрлық және стильдік ерекшеліктеріне сай тілдік құралдарды орынды қолданып, интервью жазу;

11.3.3.1 мәтін құрылымын сақтай отырып, әртүрлі графиктік мәтіндегі деректерді салыстырып, маңызды тұстары мен үрдістерді талдап жазу, өзіндік тұжырым жаса

4. Әлемді өзгерткен өнертабыстары. Шешендік сөздер

11.3.1.1 жоспар түрлерін құру (күрделі, тезистік, тірек-схема түріндегі жоспар);

11.3.2.1 таза ғылыми стильдің жанрлық және стильдік ерекшеліктеріне сай тілдік құралдарды орынды қолданып, мақала жазу

5.Бейбітшілік, қауіпсіздік және жаһандық экономика. Шешендік сөздер

11.3.4.1 қажетті ақпараттарды орынды қолданып, көтерілген мәселе бойынша өз ойын дәлелдеп эссе жазу (аргументативті эссе);

11.3.5.1 оқылым және тыңдалым материалдары бойынша түртіп жазудың (конспектілеудің) әртүрлі жолдарын меңгеру арқылы негізгі ақпаратты іріктеу

6. Ұлттың тарихи жәдігерлерін сақтау. Шешендік сөздер

11.3.2.1 таза ғылыми стильдің жанрлық және стильдік ерекшеліктеріне сай тілдік құралдарды орынды қолданып, тезис, аннотация, рецензия жазу;

11.3.6.1 әртүрлі тақырып бойынша көркемдегіш құралдарды ұтымды қолданып, шығармашылық жұмыстар (өлең, әңгіме, естелік, шығарма) ұсына білу

  1. Табиғат және экология. Шешендік сөздер

11.3.3.1 мәтін құрылымын сақтай отырып, әртүрлі графиктік мәтіндегі деректерді салыстырып, маңызды тұстары мен үрдістерді талдап жазу, өзіндік тұжырым жасау;

11.3.6.1 әртүрлі тақырып бойынша көркемдегіш құралдарды ұтымды қолданып, шығармашылық жұмыстар (өлең, әңгіме, естелік, шығарма) ұсына білу

  1. Жаңа әлемдегі театр мен киноматография. Шешендік сөздер

11.3.2.1 таза ғылыми стильдің жанрлық және стильдік ерекшеліктеріне сай тілдік құралдарды орынды қолданып, рецензия жазу;

11.3.7.1 жазба жұмысын абзац пен бөліктерге бөлу, ойын (ақпарат, идея) дұрыс жүйелеп, логикалық және стильдік түзетулер енгізу, (редакциялау)

  1. Еңбек нарығы және сұраныс. Шешендік сөздер

11.3.1.1 жоспар түрлерін құру (күрделі, тезистік, тірек-схема түріндегі жоспар);

11.3.4.1 қажетті ақпараттарды орынды қолданып, көтерілген мәселе бойынша өз ойын дәлелдеп эссе жазу (дискуссивті эссе, аргументативті эссе)


Біз осы оқулық негізінде білім алушылардың жазылым дағдысын қалыптастыруға бағытталған тапсырмаларды екіге бөліп қарастырдық:

  1. Жазылым тапсырмалары. Оларға төмендегі үлгіде берілген тапсырмаларды жатқыздық. Мысалы:

  • Термин сөздерді теріп жазып, қай ғылым саласына жататынын анықтаңдар (5-бет, 1-тапсырма).

  • Мәтінді оқып, негізгі ойды анықтаңдар. Пікірталас мәдениетінің талаптарын жинақтап жазып, берілген мәтіндер мен пікірлерді толықтырыңдар (17-бет, 2-тапсырма).

  • Өлеңдегі қарамен берілген сөздерге лексикалық және морфологиялық талдау жасаңдар (22-бет, 3-тапсырма)

  • Оқылым мәтінінен ө әрпімен келген сөздерді теріп жазып, орфоэпия заңына сәйкес айтыңдар (30-бет, 4-тапсырма).

  • Берілген сөздерді орфографиялық нормаға сай жазыңдар (34-бет, 3-тапсырма).

  • Мәтіндегі негізгі ұғымдарды анықтап, әр абзац бойынша тезис жазыңдар (36-бет, 3-тапсырма).

  1. Жазылым дағдысын қалыптастыруға бағытталған тапсырмалар.

  • Қажетті ақпараттарды орынды қолданып, Ұлытауды туризм орталығына айналдыруға қатысты дискуссивті эссе жазыңдар (9-бет, 5-тапсырма).

  • Қажетті ақпараттарды орынды қолданып, оқылым мәтіндерінен дәйексөз келтіре отырып, «Күй – киелі де қастерлі, сырлы да сұлу өнер» деген тақырыпта эссе жазыңдар (14-бет, 1-тапсырма).

  • Қажетті ақпараттарды орынды қолданып, «Нұр-Сұлтан – болашақтың қаласы» тақырыбында эссе жазыңдар (22-бет, 4-тапсырма).

  • Оқылым мәтінінің идеясын негізге ала отырып, «Оқу – инемен құдық қазғандай» тақырыбында шығарма жазыңдар. Жазба жұмысында тақырыптың ашылуы мен ойдың жүелі берілуіне, өзіндік пікірдің болуына мән беріңдер (34-бет, 4-тапсырма).

  • Көркемдегіш құралдарды ұтымды қолданып, «Ұлы дала елінің мақтанышы» деген тақырыпта шығарма жазыңдар (49-бет, 5-тапсырма).

Алайда, жоғарыдағы кестеде көрсетілген оқыту мақсаттарында бұл тарау аясында дискуссивті эссе жазу мақсаты қамтылғаны көрсетілген. Ал ұсынылған эссе тақырыптары дискуссивті эссеге қарағанда сипаттамалық эссеге сай келеді. Сондықтан біз осы мәселені қарастыра келе, дискуссивті эссе тақырыптарын мәнмәтін (өлең, мәтін) ретінде ұсынудың тиімділігін анықтадық. Оқулықтағы «Қазақстан бейнесі. Қазақстанның өткені мен келешегі. Шешендік сөздер, орфография. Ғылыми стиль» бөлімі аясында жазылым дағдысын қалыптастыруға бағытталған тапсырмаларды мәнмәтін (өлең, мәтін) ретінде ұсынып, жаттығулар жүйесін құрастырдық.

Оқу бағдарламасындағы 11.3.1.1 жоспар түрлерін құру (күрделі, тезистік, тірек-схема түріндегі жоспар) оқыту мақсаты жоспар құрастыра білуді қарастырады.

Мұндағы жоспар ұғымы мақсаты‚ мазмұны‚ көлемі‚ әдістері мен құралдары‚ орындалу мерзімі көрсетіліп‚ нақты кезеңге межеленген шараларды жүзеге асырудың белгіленген тәртібі мен реті дегенді білдіреді. Оқулықта берілген күрделі жоспар құру, тезистік жоспар құру, тірек-сызба түрінде жоспар құру тапсырмалары оқылым мәтіндеріне негізделген. Оқылым тапсырмаларына жоспар құра білу мен жазылым тапсырмаларна жоспар құрастыру екі бөлек нәрсе. Себебі оқылым тапсырмасы негізінде жүзеге асатын жоспар – шығарманың әрбір бөлігіндегі мазмұнын қысқаша жеткізетін және рет-ретімен берілген түйінді тіркестер немесе тұжырымдар. Ол жоспар жұмысты жақсы есте сақтауға, негізгі нәрсені жіберіп алмауға және онда сипатталған оқиғаларды шатастырмауға көмектеседі. Дұрыс құрастырылған жоспар білім алушылардың оқылған мәтінді жақсы түсінгенін көрсетеді. Ал жазылым үдерісі де сәтті жүзеге асуы үшін жоспарлау аса маңызды. Себебі кез келген жазылым тапсырмасын орындамас бұрын оның жоспарын құрып, жазба жұмысының бағытын анықтап, ойды жүйелеп, дәлелденетін тұжырымдарды жинақтау керек.

Жазылым тапсырмаларына байланысты жоспар құру – әрбір жазылым тапсырмасының дайындық кезеңі. Білім алушылар жазылымды жоспарлау арқылы тақырыптан ауытқымауға, тақырыпта көтерілген мәселеге талдау жасай білуге дағдыландырады. Сондықтан біз білім алушыларға күрделі жоспар құруды меңгерту барысында ғалым Е.Оспанов ұсынған жоспар құру әдісін басшылыққа алық. Сол арқылы оларды тақырыпан ауытқымай жазылым тапсырмаларын тиянақты орындауға дағдыландырдық.

Ғалым Е.Оспанов жазылым тапсырмаларына қатысты жоспар құрудың төмендегідей әдістерін ұсынады:

  1. Ойшақырту;

  2. Топтастыру;

  3. Тізім жасау;

  4. Сұрақ қою.

Ойшақырту әдісі тақырыпқа қатысты ойға келген барлық сөздерді жазу. Содан кейін оларды тақырыпшаларға топтастыру.

Топтастыру әдісі барысында тақырыпқа қатысты ойларды қағаз бетіне түсіріп, тек тақырыпшаларына қарай топтарға жіктеп жазуға болады.

Тізім жасау әдісі – топтастыра жазудың жүйелі түрі. Мұнда негізгі ойдан бастап, тақырыпшаларға қатысты идеяларды жалғастырып жазу басты назарда тұрады. Бұл жазылым барысы қорытынды тұжырымға келуге мүмкіндік береді.

Сұрақ қою әдісі – жоспарлаудың бұл түрін жүзеге асыру барысында бір бөлім үшін негізгі деген бір сұрақ ойлап тауып, жазылым барысында жауап берілуі керек [16, 52 б.].

Жазба жұмысын жоспарлау барысында «неге баса назар аудару керек?» деген сұраққа жауап іздеу қажет. Мысалы, 11-сынып білім алушылары эссе жазу барысында оның негізгі сұрағы туралы ойланып, сол сұраққа толық жауап беруге тырысуы керек. Тақырып туралы басқа білетін нәрселерін жазып, тақырыптан ауытқудың, жүйесіздікке ұрынудың қажеті жоқ. Себебі жазылым тапсырмаларының негізгі мәселесінің бірі – тақырыптан ауытқымай нақты сұраққа жауап беру болып табылады.

Тақырыпқа қатысты толыққанды ақпарат жиналғаннан кейін «Осы ақпараттарды жүйелеп, қалай жақсы бағаланатын жұмысқа айналдыруға болады?» деген орынды сауал туындайды. Жоспар алғаш құрылғанда ретсіз болуы мүмкін, себебі білім алушылар ойына келген алғашқы идеяларды өз жазбасына қосу үшін жоспарға енгізуі мүмкін.

Ал тезистік жоспар құрудың жолдарын меңгертуде тезистік жоспар құру әдісін ұсындық. Бұл әдіс тәжірибе барысында оқушылардың жоспар құру, тезис жазу, эссе жазуда негізгі ойды айқындау, ойды тұжырымдау, қорытынды жасау және т.б. жазылым дағдыларын қалыптастыруға жол ашты.

Тезис – бұл дәлелдейтін немесе жоққа шығаратын тұжырымдама-пайымдаулар, яғни білім алушылар ұсынылатын дәйектерге дәлелдер келтіре білуі тиіс. Ал тезистік жоспар құрастыру дегеніміз – жазылым тапсырмаларының әр ойбөлігінде айтылатын тұжырымдарға дәлелдер келтіре отырып құрастырылатын жоспар түрі. Оқулықта білім алушыларға оқылым мәтіндерінің негізінде тезистік жоспар құрастыру ұсынылғанмен, жазылым тапсырмаларын орындау барысында басшылыққа алынатын, жұмыс ретін көрсететін үлгілер мен тапсырмалар берілмегендіктен біз осы диссертациялық жұмыста 11-сынып білім алушыларына теориялық ақпарат бере отырып, тезистік жоспар құру үлгілерін ұсынып отырмыз. Сонымен қатар ғылыми еңбектерді саралай отырып, тезистік жоспардың қарапайым тезистік жоспар, негізгі тезистік жоспар, күрделі және дәйексөзді тезистік жоспар түрлері болатынын анықтадық. Соңғы дәйексөзді тезистік жоспарға «мәтінннің бір бөлігіне байланысты пікірге қатысты дәлел жазады» деген анықтаманы «мәтіннің бір бөлігіне байланысты қанатты сөз, мақал-мәтел жазады» деп толықтырдық.

Shape4 Shape1

Мәнмәтін мазмұнының әр бөлігінде айтылатын ойды жазады.



Shape3 Shape2

1.Мәнмәтіннің бір бөлігіне байланысты пікірге қатысты дәлел жазады.

2. Мәнмәтіннің бір бөлігіне байланысты пікірге қанатты сөз, мақал-мәтел жазады.

негізгі және қарапайым тезистер қатар қолданылып, мәтіндегі ойға қорытынды жасайды.

Мәнмәтін мазмұнын тұтастай айқындайтын негізгі ойды жазады.



Shape5


2-сурет. Тезистік жоспар түрлері


Ал ғалым Е.Оспанов «Академиялық жазылым» еңбегінде тезистік жоспардың ақпараттық және сипаттамалық эссе жазу барысында қолданылатын «хабарламалық түрі» болады деп көрсетіп, «Онда автор эссе жазудағы ниеті мен эссе соңында келетін қорытындысы жайында баяндайды» деген анықтама береді.

Мақала немесе эссе жазуда басшылыққа алынатын тезистік жоспар үлгілері ғылыми стильде жазу әрекетіне дағдыландырудың алғышарты болып табылады. Осылайша, білім алушылар ғылыми стильді меңгере отырып, ғылыми жазылым, яғни академиялық жазылымға дағдыланады. Ғылыми жазылымның басты ерекшеліктері:

  1. Нақтылық;

  2. Объективтілік;

  3. Қисындылық.

Оқыту мақсатында көрсетілген таза ғылыми стильдің жанрлық және стильдік ерекшеліктеріне сай тілдік құралдарды орынды қолданып жазылым әрекетін іске асыру үшін білім алушылар ойы, пікірі ғылыми негізде сипатталып, дәлелденуі тиіс. Сондықтан бұндай жазылым тапсырмалары қалыптасқан құрылымды талап етеді. Сонда 11-сынып оқушылары жазылым дағдысын қалыптастыратын тапсырмаларды орындау барысында:

  1. Ұсынылған құрылымды таңдайды;

  2. Терминдерді орынды қолданады.

Ғылыми бағыттағы жұмыс барысында білім алушыларды жауапкершілік ұстанымына дағдыландырған жөн, бұл дегеніміз – өзге авторлар пікіріне, келтірілген дәйексөздерге сілтеме жасап үйрету. Осылайша, тезистік жоспар үлгілерімен жұмыс жасау арқылы оқушылар дәлелдемелер, тұжырымдар беріп, пікір білдіруге және сілтеме жасай отырып, дәйексөздер қолдануды үйренеді.

  • Тірек-схема түріндегі жоспар құрастыру В.Шаталовтың «Тірек-белгілер» оқыту технологиясынан бастау алады. Тірек-белгілер – ұйымдасқан іс-әрекет жиыны. Ол – сыртқы белгілер арқылы білім алушылардың психикалық ойлау жүйесінде белгілі бір түсініктер қалыптастыратын құрал, яғни В.Ф.Шаталов пікірінше, тірек-белгілер – «ассоциативный символ, который заменяет некое смысловое значение; он способен мгновенно восстановить в памяти известную и ранее понятую информацию» [47, 65 б.]. В.Шаталов тірек-белгілер арқылы оқыту технологиясында ақпаратты қабылдаудың психологиялық заңдылықтарын; білім алушыларға деген адамгершілік қатынас, яғни ынтымақтастық педагогикасын; белсенді бағалау жүйесін; ақпараттың жүйелілігін; білімнің үйлесімділігі мен өзара байланысын; танымдық дербестікті негізге ала отырып, білім алушылардың өзін-өзі бағалауы мен сенімділігін нығайтуды көздейді. Мұндағы басты қағида – оқушыны пәнді оқуға тарту, оны оқыту және тәрбиелеу. Ғалым өз еңбегінде тірек-белгілердің төмендегідей түрлерін көрсетеді:

  • Ассоциациялық (танымдық);

  • Тірек сөзді;

  • Сөйлемді;

  • Графикалық.

Тірек белгілер формалары:

  • Схема;

  • Таблица;

  • Диаграмма;

  • Ассоциациялық карта;

  • Анықтамалық конспект;

  • Алгоритмдер.

Осылайша, білім алушыларға тезистік жоспар немесе тірек-схема түріндегі түріндегі жоспар жасату үшін алдымен сол ұғымға түсінік беріп, оның түрлерімен жете таныстыру керек. Білім алушылардың теориялық түсініктері болса ғана жазылым тапсырмалары дұрыс орындалады. Сонымен қатар мұғалім тезистік жоспардың болсын, тірек-схеманың болсын нақты қай түрі жасалатынын айтып өткені жөн.

11-сыныпқа арналған оқу бағдарламасындағы жазымыл дағдысын қалыптастыруға бағытталған келесі оқыту мақсаты – 11.3.2.1 таза ғылыми стильдің жанрлық және стильдік ерекшеліктеріне сай тілдік құралдарды орынды қолданып, мақала, интервью, тезис, аннотация, рецензия жазу. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін біз алдымен мақала, интервью, тезис (жоғарыда қарастырылды), аннотация, рецензия ұғымдарын түсініп, түрлерімен таныстырамыз.

Аннотация – баспадан шыққан шығармалардың мазмұны жайында қысқаша түйін, сипаттама. Латын тілінен аударғанда «анықтама» деген мағына береді. Аннотацияда шығарманың мазмұны, құндылығы, кімдерге арналғаны, авторы туралы қысқаша мәлімет беріледі. Толық аннотацияда талап бойынша еңбектің түрі, тақырыбы, ғылыми мәселесі, нысаны, мақсаты, нәтижесі, жаңалығы жазылады. Біздің ойымызша, білім алушыларға аннотация екі түрлі қызмет атқарады:

  1. Білім алушылар монография, ғылыми кітаппен танысқанда, аннотация арқылы оның не туралы екенін біліп, оның өз мәселесіне қаншалықты қатысты екенін түсіндеі;

  2. Өз еңбегіне (мақаласына) аннотация жазуды үйренеді. Бұл болашақ студент үшін өте қажет.

Академик Р.Сыздықованың «Абай шығармаларының тілі» деген монографиясында мынадай аннотация берілген: «Кітапта Абай шығармалары тілінің (өлеңдерінің де, «Қарасөздерінің» де) сөздік құрамы мен грамматикалық ерекшеліктері талданады. Қазақ тілінің Абай қолданған байырғы төл сөздерімен қатар, ақын мұрасында кездесетін араб, парсы, орыс сөздері әңгіме болады. Ұлы қаламгер тіліндегі кейбір көне сөздермен бірге, әдеби тілімізге өзі коскан немесе жандандырган жана сөздердің сыр-сипаты танытылды. Қазіргі әдеби нормалармен салыстырғанда, Абайдын поэзиясының тілінде әсірece прозасында біршама ерекше болып көрінетін кейбір грамматикалык тұлға-тәсілдер талданып, олардың мән-мәнісі, қолданылудағы себеп дәлелі керсетіледі. Әрине, мұндай нақтылы талдауларға кіріспес бұрын автор қазақ әдеби тілінің ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы жай-күйін, ондағы Абайдың орны мен қызметін баяндайды. Автор өзінен бұрынғы зерттеушілердің Абай — қазақтың қазіргі жазба әдеби тілінің іргетасын калаушы деген пікірлерін қостап, әрі қарай дәлелдейді». [48, 3 б.].

Бұл аннотацияны талдауда оның толық жазылғанын, одан кітаптың мазмұны мен ондағы зерттелген мәселелерді аңғаруға болады. Сонымен, білім алушылар аннотация туралы мына мәселелер есте сақталуы тиіс:

- аннотация тақырып бойынша ғылыми еңбекті қысқартудың біржолы;

- тақырып мазмұны туралы қысқа мәліметпен бірге аннотацияда еңбектің жаңалығы, өзектілігі, тәжірибеде қолданылуы туралы айтылады;

- аннотация мәтіннің мазмұнын білдіреді.

Сондықтан біз аннотация жазуды оқылым мәтіні негізінде жүргізілетін қатысымдық тапсырмалар түріне жатқыздық. Сонымен қатар білім алушылардың дағдысы қалыптасқанша дайын шаблонмен жұмыс жасату тиімді екеніне көз жеткіздік.

Оқылым мәтіні негізінде жүзеге асатын келесі бір қатысымдық тапсырмалар түріне рецензияны жатқызуға болады. Рецензия (шолу) публицистикалық жанр ретінде жұмысты бағалауды көздейді, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін көрсетіп, оларды жоюға бағытталады. Рецензия – жаңа шығарма туралы хабар бері, оның қысқаша талдауы мен бағасын қамтиды. Ол – шет елдерде жиі қолданылатын жанр. Мемуарлар мен естеліктерде айтылады.

Рецензияның ұжымдық түрі бірнеше шығармаларды, ал монографиялық түрі бір шығарманы қарастырады. Бұл түрі көлеміне байланысты шағын, орташа немесе үлкен болып келеді. Үлкен рецензия (шолу) сын мақалаға айналады.

Отандық БАҚ-тың ең бір назар аударарлық ерекшеліктерінің бірі - олардың дәстүрлі түрде жаңалықтарды хабарлауға емес, процестер мен жағдайларды талдауға, зерттеуге, түсіндіруге бағытталғандығы. Осының арқасында БАҚ аналитикалық жанрлардың жеткілікті тиімді жүйесін жасады. Бұл жүйе біржолата берілген нәрсе емес – ол аналитикиқ журналистика алдында тұрған міндеттерге бейімделіп, үздіксіз дамып отырады.

Мәтінді талдау барысында білім алушы оны көркемдік үрдіске, көркемдік дәстүрге, көркемдік сәнге сыйғызуға міндетті. Мұны әртүрлі тәсілдер арқылы жасауға болады:

  • жанрық деңгейде – талданған романды жанр эволюциясымен корреляциялау;

  • өмірбаяндық деңгейде – қаламгердің шығармашылық өмірбаянында қарастырылатын нәрсені енгізу;

  • тақырыптық деңгейде – мәтінде көтерілген мәселені осы тақырып бойынша бұрын айтылғандармен салыстыру;

  • образдар деңгейінде – әлемдік көркем бейнелер жүйесінде (немесе берілген уақыт кезеңі) қаһарманның бейнесін көрсету.

«Өнер жалпыға ортақ емес. Оған мәдени «дәнекерлеуші» керек. Тіпті, бір мұқабаның астына жинақталған жылдың ең үздік 10 әңгімесі мен 20 өлеңі де кең аудиторияда бірден сенсация тудырмайды»,-дейді Л.Костюков «Журналистика мнений» кітабында және «рецензия бізді жаңа өнерге бағыттайтын мәдени нысан» деп қадап айтады. Ғалым рецензияның зерттеу нысаны төмендегі сұрақтарды қарастыратынын айтады:

  1. Рецензия беруші шығарманы толық оқыды ма?

  2. Сол шығарманы оқуға кеңес бере ме?

Бұл сұрақтың алдыңғысы соңғысындағы ойды анықтайды. Алайда, бұл сұрақтардың соңғысы қарыштап дамыған бүгінгі заманда актуалды емес. Ол Кеңес Одағында белсенді қолданылған, себебі бұл кезде барлығы шамамен бірдей нәрсені оқыған және оқырманды жаңа өнімдермен тез арада таныстыру, оған бағыт-бағдар беру қоғам талабы болатын. Жоғарыдағы екінші сұрақ бойынша Л.Костюков жағымсыз рецензияның қажет емес екенін кесіп айтады: «Я для себя так определяю место отрицательной рецензии в современном процессе: подойди к 637-му стеллажу, залезь на 8-ю полку, найди 268-ю книгу. Нашёл? Так вот, не бери её. Негативная ориентация в океане изданий абсурдна» [49, 127 б.].

Ғылыми еңбектерде зерттеу объетісіне байланысты рецензияның түрлері көрсетіледі:

  1. Музыкалық рецензия (шолу);

  2. Кинорецензия

  3. Әдеби шолу;

  4. Театрлық шолу;

  5. Өнімге берілетін рецензия (шолу).

Тақырыбы бойынша (автор):

  • Сараптамалық шолу. Тәуелсіз кәсіби сыншы жазған.

  • Тұтынушы шолуы. Өнімді тұтынушы (қызметті пайдаланушы) жазған.

  • Арнайы шолу. Шығарманы авторының бұйрығымен жазылған. Әдетте, тапсырыпен жазылған шолу біржақты болып табылады.

Көлемі бойынша:

  • Үлкен (үлкен шолу). Кеңейтілген шолу авторға тақырыпты терең және жан-жақты қамтуға мүмкіндік береді. Мұндай шолуларды, әдетте, қоғам алдында беделі бар, тұрақты әлеуметтік-саяси және философиалық көзқарастары бар беделді сыншылар дайындайды.

  • Шағын (шағын шолу). Бұл автордың оқырманға көрген фильмінен немесе оқыған кітабынан алған әсері туралы қысқаша хабарламасы болуы мүмкін. Мұндай шолу барысында сын жасалмайды. Ал сын айтылған жағдайда қысқа, нақты және мүмкіндігінше дәл болуы керек.

Қарастырылатын жұмыстардың санына байланысты монорецензия, полирецензия болып бөлінеді. Аты айтып тұрғандай бір немесе бірнеше шығарма бойынша жасалады.

Жоғарыда аталған рецензия түрлерінен «Қазақ тілі» пәнінің аясында 11-сынып білім алушыларының жазылым дағдысын қалыптастыратын жаттығудың бір түрі – әдеби шолу. Сондықтан диссертациялық жұмыста әдеби шолу жазуып үйретуді қарастырған жөн деген шешімге келдік. Себебі оқыту мақсатында көрсетілген таза ғылыми стильдің жанрлық және стильдік ерекшеліктері әдеби шолуда жинақтарып, синтезделінеді. Әдеби шолудың мақаладан айырмашылығы онда тақырыпқа қатысты зерттеулер ұсынылады. Ал оның библиографиядан ерекшелігі тізіммен берілген әдебиеттерді қорытындылайды, оған сыни баға береді. Сондықтан 11-сынып білім алушылары жеке мақала ретінде (кейбір жағдайда), эмперикалық бағыттағы мақаланың бір бөлімін немесе ғылыми жоба жазуда әдеби шолу жасай алады. Алайда, әдеби шолуды жазу уақытты, ауқымды зерттеу мен сыни талдауды қажет етеді. Сондықтан бұндай жазылым тапсырмасын 11-сынып оқушыларының белгілі бір бөлім бойынша білімдерін жинақтап, нәтиже сабақта жазғызғаны дұрыс деп ойлаймыз. Себебі олардың жазылым дағдысын қалыптастыру үшін тапсырманың шектеулі аймағы мен бөлім бойынша негізгі мәтіндер көрсетілуі керек. Сонда білім алушылар дереккөздерге сілтеме жасай отырып, қорытынды мен аргументтер жазады.

Оқу бағдарламасындағы келесі оқыту мақсатын, яғни 11.3.3.1 мәтін құрылымын сақтай отырып, әртүрлі графиктік мәтіндегі деректерді салыстырып, маңызды тұстары мен үрдістерді талдап жазу, өзіндік тұжырым жасау мақсатын жүзеге асыру үшін сыни тұрғыда ойлай білу маңызды. Сыни тұрғыда ойлау кез келген тақырып жөніндегі тұжырымдарды, пікірлерді, ұстанымдарды талдау арқылы түсінуге бағытталған сұрақтардан тұрады.

Сыни тұрғыда жазу дегеніміз – сыни пікірдің берілу талаптарын сақтай отырып, білім алушының өз ойын, тұжырымын түсінікті етіп жеткізуі және ондағы дәлелдерді анық, жүйелі құрылыммен жаза білуі. Әртүрлі графиктік мәтіндегі деректерді салыстырып, маңызды тұстары мен үрдістерді талдап жазу, өзіндік тұжырым жасау барысында сыни тұрғыда эссе, ғылыми мақала жазуға болады. Алайда, бұндай жазылым тапсырмалары көп еңбекті, уақытты, білімділік пен шығармашылық қабілетті талап ететінін ескерген жөн.

Сыни ойлау қашанда оқылатын не жазылатын тақырып бойынша терең ойлауға жетелейді. Көп жағдайда білім алушылар үстірт оқиды. Сондықтан үстірт оқу ақпаратты толық түсінуге, жан-жақты талдауға жеткілікті болмайды. Әртүрлі графиктік мәтінді сыни тұрғыда оқу тек қана оның мазмұнын түсіну үшін ғана емес, мәтіндегі ақпараттың қаншалықты маңызды екенін бағалау мен оны жазылым барысында дұрыс қолдана білу үшін қажет. Ақпараттарды қашан да жан-жақты сауалдар қою арқылы тексеру – сыни тұрғыда ойлаудың негізгі талабы. Сыни тұрғыда ойлаудың негізгі ерекшеліктері төмендегі кестеде көрсетілген.

Shape6

3-сурет. Сыни тұрғыда ойлаудың ерекшеліктері


Сыни тұрғыда ойлаудың басты мақсаты – талдау жасауға жетелеу. Себебі білім алушылардың басым көпшілігі сипаттамалық бағытты ұстанады. Ал жазылым тапсырмалары барысында сипаттаумен шектелмей, тақырыпты сыни тұрғыда талдай білу олардың емтихан тапсырмаларын тиянақты орындауына, жоғары балл алуына септігін тигізеді.

Білім алушылар әртүрлі графиктік мәтіндегі деректерді салыстырып, маңызды тұстары мен үрдістерді талдап жазу, өзіндік тұжырым жасау барысында:

  1. Негізгі мәселені анықтайды;

  2. Басымдық берілген бағытты бағалайды;

  3. Басқа да мәліметтерді қарастырып, дәйектейді;

  4. Таңдай себебін көрсетеді;

  5. Жаңа ақпаратты табады;

  6. Түрлі пікірлерді салыстырады;

  7. Оқылып отырған мәліметтер мен оның авторына да аса мән береді. Себебі берілген ақпараттар нақты болу керек.

Осылайша, білім алушылар өздерінің жоғары дәрежедегі талдау қабілеттерімен қатар, сыни көзқарастарын қалыптастырады. Мұндай жазылым тапсырмалары пікірталас, талқылау, тақырыпқа қатысты көзқарасты бағалау, білім алушының өз пікірін білдіру негізінде жазылады. Осыларды ішінде сыни жазылым үшін талдау, бағалау және пікірін білдіру өте маңызды рөл атқарады.

Талдау барысында ақпараттар себебі мен салдары, мысалдары мен дәлелдері, қарсы қойылуы мен салыстырылуы, фактілері мен пікірлерді ажыратуы, негіздерді далелдеуі бойынша жеке-жеке бөлшектенеді. «Олар бір-бірімен қалай байланысады? Өзара байланысын қалай байқауға болады? Оны қалай дәлелдей аласыз?» деген сұрақтарға жауап беру талдаудың негізгі мақсаттарының бірі болып саналады. Талдаудың түрлі элементтері колданылған жазылым үлгілерін келесі бөлімнен көруге болады.

Оқытудың 11.3.7.1 жазба жұмысын абзац пен бөліктерге бөлу, ойын (ақпарат, идея) дұрыс жүйелеп, логикалық және стильдік түзетулер енгізу, (редакциялау) мақсатындағы логикалық және стильдік түзетулер енгізу (редакциялау) мәселесі мұғалім тарапынан нақтылық пен дәлдікті талап етеді. Себебі мәтінге логикалық және стильдік түзетулер (редакциялау) енгізу «может быть одноплановым, когда текст совершенствуется в каком-либо одном направлении, и многоплановым, когда текст изменяется в нескольких направлениях с использованием различных способов правки. Второй вид редактирования более сложен. Особенно трудным для учащихся является редактирование собственных сочинений. Обычно требуется, чтобы к редактированию своей работы учащийся приступил спустя некоторое время после её написания: это повышает редакторскую зоркость»- дейді.

Стилистикалық сараланған сөйлеуді оқыту әдісі ретінде өңдеу шығармашылық дағдыларды қалыптастыруға ықпал этеді. Ол әртүрлі стильдердің сөйлеу құрылымын меңгеруге және тілдік құралдарды орынды қолдану дағдыларын дамытуға арналған. Бұл әдіс әртүрлі жаттығуларда жүзеге асырылады.

Логикалық және стильдік түзетулер (редакциялау) енгізуге ұсынылатын тапсырмаларда логикалық және стильдік қателер анық көрсетілуі керек: ғылыми баяндаудың қатаң, ерекше көрсетілген логикасын қамтамасыз ету астын сызып көрсету (қажет болған жағдайда), стильдік сәйкессіздікті, осы стильдегі сәйкес емес элементтерді беріп, оларды тапқызу сынды т.б. Сонымен қатар, мұғалім тапсырманы түсіндіре отырып, мәселені шешу үшін оқушылар арасында белгілі бір көңіл-күй туғызуы керек.

Қорыта айтқанда, қай пәннің болмасын оқыту әдістемесі тұрақты емес, себебі әдістеме – үнемі айналымдағы тоқтаусыз үдеріс. Сондықтан сабақта алға қойылған мақсатқа жету үшін қолданылатын әдіс-тәсілдер әрқашан да ауыспалы сипатта болады. Сабақтың дидактикалық құрылымы оның әр типтері мен түрлеріне байланысты. Бүгінгі таңда әдіскер-ғалымдар мен мұғалімдер қазақ тілі сабағын жаңартылған оқу бағдарламасына сай педагогикалық идеялармен ұштастырып жүргізіп жатыр.

Қорыта айтқанда, бұл әдістердің бәріне тән ортақ мақсат – 11-сынып білім алушыларының жазылым дағдысын қалыптастыру, тілдің грамматикалық құрылысын меңгерту, сөздің қолдану ерекшеліктері мен мағыналарын түсіндіру, жазбаша сөйлеу тілінің ауызша сөйлеу тілінен айырмашылығын түсіндіру. Бұл әдістерді қолданудың нәтижесінде білім алушылардың сөз байлығы дамиды, ойын ауызшамен қатар жазбаша дұрыс жеткізу қабілеті артады, тілдік тұлғаларды дұрыс оқып-жазуды игереді, осылайша, жазбаша сөйлеу шеберлігі қалыптасады. Пән мұғалімдері біз ұсынған әдістерді тиімді пайдалану арқылы білім алушылардың оқыту мақсаттарын түсіну, соған лайық әрекет ете отырып, жазылым дағдысын қалыптастыруға бағытталған тапсырмаларды тиянақты орындауға төселдіреді. Нақты осы тұрғыдан келгенде, ұстаз Қ.Бітібаеваның «Ой салу – ұстаз тарапынан, ойлану – шәкірт тарапынан, ойланту – ұстаз тарапынан, шешімге келу – оқушы тарапынан болу керек»-деген тұжырымы өте орынды.


Білім алушылардың жазылым дағдысын қалыптастыруда қолдaнылaтын жaттығулaр жүйecі

Ана тілін оқыту мен тілдік дағдыларды қалыптастыруда оқытудың нәтижелі болуы жаттығулардың тиімді ұйымдастырылуымен байланысты. Осыған байланысты ғалым Р.Әміров оқулықтарындағы жаттығуларға назар аудара отырып, «жаттығу дегеніміз – сіздің оқыту амалдарыңыздың мазмұны, кең тұрғыда, әдістемеңіздің мазмұны»,- деген тұжырым жасайды. Себебі дидактика мен әдістемеде оқытудың құралы оқулықпен қатар тиімді ұйымдастырылған жаттығулар кешені болып табылады.

Жаттығуларды жіктеу үшін әртүрлі тәсілдер қолданылады, оларға сәйкес тілдік және сөйлеу жаттығулары, жаттықтыру және шығармашылық, аналитикиқ және синтетикалық, дайындық және сөйлеу, шартты коммуникативті және коммуникативтік жаттығулар болып бөлінеді.

Оқушылардың сауаттылығын қалыптастыру – негізгі мектептегі қазақ тілі сабақтарының маңызды міндеттерінің бірі. Бұл білім алушылардың тілдік дағдыларды игеруі сөздің мазмұнын жазбаша түрде дұрыс жеткізудің, қарым-қатынас шарттарының бірі болып табылатындығына байланысты.

Сондықтан тілдің грамматикалық ерекшеліктерін жазылымды жете үйренудің маңызы зор. Грамматика – тілдегі барлық материалдың өзегі. Бұл туралы ғалым С.Исаев «Тілдің грамматикалық құрылысы тіл деңгейлерін көлемі жағынан да, мазмұны жағынан да әрі күрделісі, әрі ауқымды екені даусыз. Өйткені тілдің қоғамдық құбылыс ретіндегі өзіндік ерекшеліктері, атқаратын қызметіндегі сан алуан жүктері, даму барысында диалектикалық заңдылықтары - бәрі-бәрі тілдің грамматикалық құрылысынан анық көрінеді» [50, 3 б.].

Көп уақытқа дейін қазақ тілі сабақтарында жазылым дағдысын жүзеге асыру сапасыз болып келді. Себебі білім алушылар грамматикалық ережелерді жақсы меңгергенмен, оны жазылым тапсырмаларын орындауда тиімді пайдалана алмады. Мұның өзі тілдің негізгі өзегі болып табылатын грмамматиканың жазылым дағдысын қалыптастыру үшін емес, тек тіл білімінің жеке саласы ретінде оқытылғандығын көрсетеді. Ол сабақтар лингвистикалық білім бергенімен, жазылымды жүзеге асырмайды. Өйткені жазылымға қажетті өлшемдер меңгерілмей шет қалып, тиісті материалдар керек бағытта үйретілмейді. Осыған байланысты М.Мұқанов «оқытудың көздейтін негізгі мақсаты балаға білім беру ғана емес, білімді тиісті жағдайда қолдануға үйрету» екендігіне тоқтала отырып, осы оқу процесіндегі әрекеттің субъектісі, «оқитын баланың өзі болғандықтан, білімге талпынуы – оқытудың да негізгі тірегі» деп бағалайды.

Ойды жазбаша жеткізе білу үшін грамматиканы жеке дара бөлмей, жазылымның барлық шарттарымен бірге тұтас жүйе түрінде оқытылуы керек. Ф.Оразбаева «Тілдік қатынас» шығармалар жинағында сөйлеуге қатысты алғышарттарды: дыбысты құрам, сөз, грамматика деп көрсетеді [31, 445 б.]. Біздің ойымызша бұл тек ауызша сөйлеуге емес, жазбаша сөйлеуге де тікелей қатсты. Себебі жазылым әрекетін жүзеге асыратын бірлестікте негізгі орын алатын сөз, оны құрайтын – дыбыс; ал сөз бен дыбыстың барлық тілдік міндетін жүзеге асыратын грамматика. Өйткені грамматикалық жағынан бір-бірімен дұрыс байланыспаған сөздер, тіркестер білім алушының ойын жеткізе алмайды. сондықтан да сөздер белгілі бір мағынаны білдіре келіп, өзара байланысқан бір бүтінді құрайды, яғни тиянықталған ойды білдіретін сөйлемге айналады.

Жазудың, жазбаша сөйлеудің, жазба тілдің ойлап табылуы адамзаттың уақыт пен кеңістікті айналып өтіп, қарым-қатынас жасауына мүмкіндіктер ашты, бұл өз кезегінде адамның өзінің дамуына ықпал етті. Жазбаша сөйлеудің мәні нақылдарда мәңгі сақталады: «Verba volant – scripta manent» (лат.) - «Сөз ұшады – жазулар қалады»; «Қаламмен жазылғанды ​​балтамен кесуге болмайды» (орыс).

Л.С.Выготский жазбаша сөйлеуді «сөйлеу алгебрасы» деп атады, бір жағынан сөйлеу әрекетінің бұл түрін меңгерудің қиындығын көрсетуге тырысса, екінші жағынан адамзаттың даму тарихындағы жазбаша сөйлеудің маңыздылығын атап өтті. Сондықтан жазылым дағдысын қалыптастыруда қолдaнылaтын жaттығулaр жүйecі тиімді ұйымдастырылса, білім алушылардың еркін (шығармашылық) жазуы, эссемен өзге де жазылым тапсырмаларын орындауы, яғни мәтіндер негізінде жұмыс жасау арқылы, тұлғалық дамуы мен практикилық сауаттылығы қалыптасады. Білім алушылар ережені есте сақтау үшін емес, өз ойын сауатты жеткізу үшін жазады. «Правила начинают приобретать для него особую содержательность: его работа перестает быть письмом, а становится письменной речью в собственном смысле этого слова» [51, 46 б.].

А.Ф.Ломизов оқушылардың ақыл-ой әрекетінің сипатын ескере отырып, жаттығулардың төрт тобын анықтайды: 1) аналитикалық сипаттағы жаттығулар; 2) синтетикалық сипаттағы жаттығулар; 3) жаттықтырушы жаттығулар; 4) шығармашылық сипаттағы жаттығулар. Ал қазақ тіл білімінде Н.Құрманова «Қазақ мектептерінде сөз тіркесі синтаксисін дамыта оқыту технологиясының ғылыми-әдістемелік негіздері» атты еңбегінде жаттығуларды аналитикалық (теориялық материалдарды игеруде оны дағдыға айналдыру мақсатында), синтетикалық (грамматикалық ішкі заңдылықтарын тілде қолдана білуге), аналитика-синтетикалық (стильді ажырата білу, редакциялау, шығармашылығын арттыру мақсатында жаттығулар) деп бөлінеді [52, 76 б.].

Ғалымдардың пікірін ескере отырып, жаттығулардың ішкі мақсаты мен мазмұнына қарай ішінара талдау сипаты басым – аналитикалық жаттығулар және жинақтау, біріктіру сипаты басым – синтетикалық жаттығулар, сөз тіркестерінен сөйлем құрау, оны мәтінде пайдалана білу, мәтіндегі ойды білдіруге тірек болып тұрған сөз тіркестерін таба білуге бағытталатын – шығармашылық сипаттағы жаттығулар деп қарастырдық.

Орта мектеп оқушыларының жазылым дағдысын қалыптастыруда лексикалық және грамматикалық құрылымдарды қолдану дағдыларын қалыптастыратын және дамытатын дайындық жаттығуларының ішінде білім алушылар іс-әрекетінің сипатына қарай жаттығулардың бес түрі ажыратылады: еліктеу, дайындық, ауыстыру, түрлендіру және шығармашылық. Жаңартылған білім мазмұнына негізделген оқу бағдарламасын басшылыққа ала отырып, білім алушылардың жазылым дағдысын қалыптастыруда төмендегідей жaттығулaр жүйecін ұсынамыз.

Еліктеу жаттығулары. Олардың орындалуы дайын үлгілерді қайталап тыңдауды және қайталауды қамтиды. Оқушылар ештеңе құрастырмауы немесе өзгертпеуі керек. Өкінішке орай, педагогикалық тәжірибеде еліктеу жаттығулары көбинесе «механикалық» деп есептеледі. Бірақ бұл жаттығулар дағдыны қалыптастырудың аса маңызды кезеңін – жазуда үлгіні пайдаланудың еліктеу кезеңін қамтамасыз етеді, оқушыларға қиындық тудырмайды. Оларға диктант жазу, аннотация жазу сияқты жазылым тапсырмасын жатқызуға болады.

ТАПСЫРМА. Мәтінді түсініп оқып, тілдік құралдарды орынды қолдана отырып, аннотация жазыңдар.

Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын өткеннен өнеге алып, тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған терең толғам деп бағалауымыз керек. Мұнда тұңғыш президент «Әлемнің жеті кереметі» іспетті Ұлы Даланың ұрпақтары мақтаныш ете алатын жеті ерекше қырын қамтып отыр. Мұны жеті бөлікте қарастыруының өзі жеті атадан бастау алатын қазақ халқының этноерекшеліктерін көрсетсе керек.

Қазақтың дарқан даласын ежелден мекендеген бабаларымыз дүниежүзінің материалдык һәм рухани мұрасына өшпес із қалдырды. Оның негізгі түпқазығы көшпелі өркениет пен отырықшылық мәдениеттің тоғысында жасалды. Көшпелілер империясының әлем картасына елеулі өзгерістер енгізгені, материалдық мәдениет пен рухани мұралардың бай қазынасын қалдырғаны тарих беттерінде сайрап жатыр. Мемлекет басшысы өз мақаласында осы тарихымызға терең бойлап, түп тамырымызды халқымыздың рухани игілігіне айналдыру және мұны өзге мемлекеттерге таныстыру үшін бүгінгі өркениет жағдайында баршаға түсінікті әрі олардың сұранысына ие болуын қамтамасыз ету жолында жаңғыртуға қатысты маңызды жобаларды қолға алу кажеттігін айтып отыр.

Жұмыс алгоритімі:

  • Мақала авторы туралы қысқаша мәлімет бер;

  • Мақалада көтерілген мәселені анықта;

  • Мақаланың мақсатты аудиториясын көрсет.

Аннотация

И.Құттықожаев «Егемен Қазақстан» газетінде Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына байланысты өзінің көзқарасын білдіреді. Онда тұңғыш президенттің еліміздің өткені мен бүгіні туралы айтқан көзқарасына тоқталып, болашақ туралы мәселелер көтерілген. Мақала 11-сынып білім алушыларна арналған.

Білім алушыларды жазылым тапсырмаларын орындауға төселдіруді дайындық жаттығуларының орны ерекше. Оқушылардың басқа грамматикиқ формаларды қолдану дағдыларын қалыптастыратын, коммуникативті міндеті бар, бірақ жазылымның берілген формасын құрайтын жаттығулар деп аталады. Бұл жаттығулар түріне ұсынылған тақырыпқа қатысты эссе жазбас бұрын шамамен қанша сөз жазатынын бағамдату, әр ой бөлігінде жазатын ойын жоспарлау мақсатында күрделі және тезистік жоспар құрастыру үшін ойшақырту, топтастыру, тізім жасау жаттығуларын ұсына отырып, күрделі және тезистік жоспар құрастырға төселдіруге бақытталған жаттығулар және дәлелге негізделген тұжырымдар мен қарапайым тұжырымдардың ажырата білуге дағдыландыратын жаттығулар жатады. Сөзіміздің дәлелі ретінде жаттығулар жүйесі мен ықтимал жауапты ұсынып отырмыз.

ТАПСЫРМА. «Хандардың ізі қалған Ұлытау өңірін туризм орталығына айналдырудың маңыздылығы» деген тақырыпта көлемі 250 сөзден тұратын жазбаша тапсырма берілді. Кестеде жұмыстың бөлімдері көрсетілген, осы бөлімдерге шамамен қанша сөз жазу қажет екенін анықтаңыз.


Сөз саны

Кіріспе


20

Тиімділігі


Ұлытау өңірі – тарихи маңызды мекен.

50

Ел тарихын насихаттау жастардың бойында ұлтжандылық қасиеттерін қалыптастырады.

50

Тиімсіздігі


Қоршаған ортаның ластануынан тарихи жәдігерлердің жоғалып кету қаупі жоғарлайды.

50

Экономикалық тұрғыдан қомақты қаржыны талап етеді.

50

Қорытынды

30

Барлығы

250 сөз

Эксперимент аясында анықталғандай жазылым дағдысын қалыптастыруға бағытталған тапсырмалардың мәнмәтіндік үлгісін ұсынып, оған күрделі жоспар құрастыру барысында ғалым Е.Оспанов ұсынған жоспар құрастыру әдістерін негізге аладық.

ТАПСЫРМА. Мәнмәтінді түсініп оқып, күрделі жоспар құрастырыңдар. Құрастырған жоспарыңның негізінде дискуссивті эссе жазыңдар.

Бұл эсседе білім алушылар Ұлытау өңірінде Хан ордасы мен «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенін және т.б тарихи-мәдени ескерткіштер барын, мұнда «Азияның арыстаны» атанған Ақсақ Темір ат шалдырып, тасқа қашалған жазу қалдырғандығын негізге ала отырып, Ұлытауды туризм орталығына айналдыру қажет екеніне сендіруге тырысады.

МӘНМӘТІН. Ұлытауда қазір қарбалас. Өйткені мұнда игі істер қолға алынып, «Рухани жаңғыру» аясында  атқарылып жатқан жұмыстар көп. Жақында  Ұлытауда материалдық емес, мәдени мұраны сақтау мен дамытуға арналған алғашқы қазақ­стан­дық қоғамдық онлайн форум өтті. Қазақстан үшін маңызды іс-шараны ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен «Ұлы тағзым» Қарағанды қоғамдық қоры ұйымдастырды. Хандардың ізі қалған тарихи өңірді туризм орталығына айналдыру қаншалықты маңызды?

Ойшақырту жаттығулары тақырып аясында төмендегі мәселелерді қарастырады.

Shape7

4-сурет. Ойшақырту жаттығуы


Ұлытауды туризм орталығына айналдырудың тиімді және тиімсіз жақтарын саралай келе өзінің негізгі ұстанымен айқындайды.

Топтастыру жаттығулары барысында ұстанымына байланысты көзқарасты тарқатып жазады.




Shape9 Shape8

5-сурет. Топтастыру жаттығуы

Тізім жасау жаттығуларын жүзеге асыру барысында жоғарыда ұсынған пікірлерін дәйектейді.

6-сурет. Ойшақырту жаттығулары

Осылайша, білім алушылар қорытынды тұжырым жасап дағдыланады. Олар қалыптасқанша төмендегі дайын үлгіні ұсынуға болады. ҮЛГІ: Осыған байланысты, ................ жоғарыда талқыланған аргументтер ............ деген сенімділікті арттырады. Сондықтан ...................................

ТАПСЫРМА. Мәнмәтінді мұқият оқып, тезистік жоспар құрастырыңдар (қарамен берілген бөлігіндегі пікірге қатысты дәлел жаз), жоспар негізінде әңгіме эссе жазыңдар.

Бұл эссе мәнмәтінге қатысты маңызды ақпаратты қысқаша баяндауға құралады. Әңгіме эссе белгілі бір мотивпен жазылады. Мұнда белгілі бір жайт баяндала отырып, оқырманын әңгіме арқауы болып отырған оқиғамен қысқаша таныстыруға тырысады. Сол арқылы оқырманды ары қарай ізденуге жетелейді.

Әңгіме эссе адамдарды, олардың әңгімелері мен тәжірибелерін сипаттауға құрылады. Мұндай жазылым үлгілерін көркем шығармаларда жиі кездестіруге болады.

МӘНМӘТІН.

Қария, кешегі күйіңізді қайта тартып беріңізші,— деген.

Мақұл,— деген қария.

Енді, міне, Құрбан ақсақал дутарының күйін келтіріп болып, маңдайына шып-шып шыққан терді сүртті. Шай ішіп болған жігіттер шатырларына тарап, бір қатары ұйқыға кетті, бір қатары қартаға кірісті. Сырым ұйып қалған аяғын созып, түрулі іргеден көрінетін алыс көкжиекке көз тастады.

Сабы жіп-жіңішке түймешік бас дутардан үн шықты. Сырым сағым шалған сары далаға қараған күйі елітіп тыңдай қалды. Онсыз да бір бедер, бір өң жазық дала енді бұрынғысынан гөрі де бұлдырай түсті. Қостың қасындағы машина мен бензин құйдырған темір күбілер де, сол сағым боп сапырылысқан буалдырға кіріп жоқ болды. Күй тартып отырған Құрбан ақсақалдың өзі көз алдынан жоғалып, құлағында тек сай-сүйегін сырқыратқан ызың ғана қалды.

Бәрін де көріп, бәрінен де торығып, бәрінен де сырт айналып, іргеге қарап бүк түсіп жатып алған кәрі дананың үй ішінде өзінен басқа адам қалмаған бір сәтте көкірегін кеулеп, жүрегін сыздатқан мұң-наланы бір лықсытып оңаша күрсінгеніндей, өткен мен кеткенді, дәл қазір қасында кәрі жүрегін тілімдеп жатқан пәтуасыз көп күйбеңді, не күлдіретіні белгісіз, не бүлдіретіні белгісіз беймәлім ертеңді ойлап күрсінгеніндей, ыңылы баяу, лебі ыстық күй сазы шымыр-шымыр еніп, бірте-бірте ширығып барады. Күй көкірегі өрепкіген сайын түрі жоқ, тілі жоқ мынау мақау дала бетінде әдемі әшекейі болмаған соң ешкім көзіне ілмей, оқып та көрмей, бір шетке ысыра салған көнетоз сұңғыла кітап сияқтана түсті. Сиқыр күй мелшиіп жатқан меңіреу даладан таң атқалы бұның қиялын әр саққа сабылтып жүрген көмескі елестерді қайта тірілтті.

Күңіренген дутарды тыңдаған сайын құдды жер түбіндегі бірдеңені көріп отырғандай, Сырымның тұнжыр қара көздері кішірейе берді. Көз ұшында, көкжиекте сорайып-сорайып бейтаныс қарайғандар тұр. Өздері көк сүңгісін көтеріп, жер түбінен айбат шегіп келе жатқан қалың қол сияқты...

(Ә.Кекілбаевтың «Күй» әңгімесінен үзінді)

1-ҚАДАМ. «Күй – киелі де қастерлі, сырлы да сұлу өнер» деген тақырыптағы эссенің қарапайым тезисі:

  • Мен білетін күйшілер мен күйлер;

  • Күйдің менің көңіл-күйіне әсері;

2-ҚАДАМ. Қарапайым тезис негізінде негізгі тезистік ұғымды жазады.

  • Домбыраның күмбірлеген күйі адамның сай сүйегін елжіретеді.

3-ҚАДАМ. Қарапайым және негізгі тезистерді басшылыққа ала отырып құрастырылады.

  • Қазақ халқының ұлттық құндылығына негізделген күй өнері мені рухтандырып, жігерлендіреді.

4-ҚАДАМ. Бұл дәйексөзді тезис жазуды эссе жазуға дағдыландыру барысында жеке тапсырма ретінде де ұсынуға болады. Себебі мұнда бірінші мәнмәтіннің бір бөлігіндегі пікірге қатысты дәлел жазады. Екінші негізгі тезистік ұғымға дәйекөз, мақал-мәтел келтіру арқылы қорытынды тұжырымдар жасайды.

Дәйексөзді тезис:

  1. Құдіретті күй өнері адамның қиялына қанат бітіреді. Күйді ұйып тыңдаған сайын тереңіне жетелейді. Көз алдыңа бірде құлазыған елсіз даланы әкелсе, енді бірде сол даланың шаңын көкке ұшырған аттың дүбірін әкеледі. Сөзіме дәлел ретінде Құрманғазы Сағырбайұлының «Адай» күйін тыңдап, күй өнерінің тылсым құдіретін сезінуге кеңес беремін.

  2. «Әнге әуес, күйге құмар бала жаны сұлу, өмірге ғашық болып келеді»-деп Мұхтар Әуезов айтқандай жастар арасында ұлттық құндылықтарымызды дәріптей отырып, «жаны сұлу, өмірге ғашық бала» тәрбиелейік.

Тезис жазу эссе (аргументтік, дискуссивтік, салыстырмалы т.б) мен мақалада кеңінен қолданылады. Тезисті жаза білу – жазба жұмысын бастаудың алғашқы қадамын білумен тең. Себебі тезиссіз жұмыстың тақырыптық ұстанымы нақты болмай, автордың мақсаты анық көрінбей қалады. Тезис тұтас мәтіннің жазылу бағыты мен мақсатын ықшамдап көрсетеді. Тезис жазба жұмысының негізгі идеясы ретінде бір немесе екі сөйлемнен құралады. Ал эссенің тезисі негізінен кіріспенің соңғы сөйлемі ретінде жазылады. Өйткені осы сөйлем арқылы автор оқырманға нені баяндайтынын жеткізеді. Алайда, тезис эссенің мақсаты мен құрылымына байланысты әртүрлі жазылады.

В.Шаталов ұсынған тірек-сызба арқылы жопсар құрудың тәсілдерін жазба жұмысын жоспарлауда да басашылыққа алуға болады.

ТАПСЫРМА. Мәнмәтінді мұқият оқып, тірек-сызба түріндегі жоспар құрастырыңдар, жоспар негізінде аргументативті эссе жазыңдар.

Аргументативті эссе белгілі бір мәселеге қатысты пікірге қосылатынын немесе қарсы екенін білдіру үшін жазылады. Білім алушылардың негізгі ұстанымы оқырманды өз ойының дұрыс екеніне иландыру болып табылады. Аргументтерді нақты, сенімді дәлелдер арқылы беру оқырманға автор ойының не үшін дұрыс екенін түсінуге мүмкіндік береді. Аргументативті эссені жазу арқылы білім алушылар өзінің ойын нақты әрі дәлелді жеткізуге дағдыланады.

Аргументативті эссенің басты ерекшелігі білім алушылар тек өздері ұстанған пікірді ғана жазып қоймай, қарсы пікірге байланысты көзқарасын білдіруі тиіс. Қарсы пікірді дәлелдер арқылы жоққа шығару – аргументивті эссенің негізгі міндеті. Бұл оқырманның автор ұстанымына деген қызығушылығын тудырады.

МӘНМӘТІН.

Бүгінгі таңда жастардың сөйлеу мәдениетін дұрыс қалыптастыру өзекті мәселенің бірі болып табылады. Жастар сленг сөздерді көп қолданады. Сондықтан олардың арасында шешендік сөздерді насихаттау мәселесі туындап отыр. Сіз осы жастардың арасында шешендік өнерді насихаттауды қолдайсыз ба, қолдамайсыз ба?». Көпшілік жағдайда 11-сынып білім алушылары тақырыпты өз бетінше таңдай алады. Тақырып бүгінгі таңдағы өзекті мәселелерге негізделіп, оқушылардың қоғамдағы келелі мәселелерге көзқарасын көрсетуі керек.


Shape10


Тезистерді эссе, мақала жазуда тиімді қолдана білуді үйрету маңызды. Себебі тезистер әлемі кең, олар ғылыми жазуда да, қарапайым диалогта да қолданылады. Оларды дәлелдермен бірге қолдану жазбаша сөйлеуді дәлелді және қисынды етуге мүмкіндік береді.

Түрлендіру жаттығулары. Бұл жаттығуларда оқушылар ұсынылған лексикалық бірлікті қажетті формада қолдана отырып түрлендіреді. Жазылымға қатысты зерттеу тақырыбына сұрақтар құрастыру немесе керісінше зерттеу сұрақтарына тұжырымдалған жауаптар жазғызу сынды тапсырмалар орындату ұсынылады.

ТАПСЫРМА. Кестеде берілген зерттеу тақырыптарына зерттеу сұрағын құрастыңдар.

Зерттеу тақырыптары

Зерттеу сұрақтары

Хандардың ізі қалған Ұлытау өңірін туризм орталығына айналдырудың маңыздылығы

Ұлытауды туризм орталығына айналдыру қаншалықты маңызды?

Еліміздегі қоқыс қалдықтарын қайта өңдеудің пайдасы

Қоқыс қалдықтарын қайта өңдеу еліміздің экологиялық проблемаларын шешуге ықпал ете ме?

Өзге тілді ерте жастан меңгеру өзінің ана тілін толық меңгеруге кедергі келтіреді

Ерте жастан бірнеше тілді меңгеру баланың ойлау қабілетіне қалай әсер етеді?

Сонымен қатар әдіскер Е.Оспанов ұсынған «Сұрақ қою әдісі» негізінде сұрақ қою жаттығуларын орындату оқушыларға тақырыптан ауытқып кетпеуге көмектеседі. Жазылым дағдысын толық қалыптаспаған оқушылар үшін таптырмас құрал. Себебі олар жазылым тапсырмасының әр бөлімі үшін негізгі деген бір сұрақ ойлап тауып, жазылым барысында жауап береді. Білім алушылар қалыптасқанша дайын сұрақтар ұсынуға болады. ҮЛГІ:

  1. Ұлытауды туризм орталығына айналдыру қаншалықты маңызды?

  2. Неліктен туристер Ұлытауға баруы керек?

  3. Жоғарыда келтірілген аргументтерің қаншалықты сенімді болды?

Жазылым тапсырмаларын орындау стратегиясын таңдау - бұл әрекетті ішкі жоспарлау, өзінің ұстанатын позициясын айқындау, оның дұрыстығын бағамдай білу, грамматикалық нормаларды дұрыс қолдана білу сынды мәселелерді тоғыстырады.

Графиканың жазу мүмкіндігінің арсеналы болатыны белгілі, ал мәтіннің емлесі мен пунктуациясы осы ойды адекватты түрде жеткізуге қажетті жалғыз нұсқаны таңдауды талап етеді. Жазу барысында оқушы қарқынды ойланады, жазуды орындаудың түрлі жоспарларын құрастырады. Сондықтанда жоғарыда келтірілгендей жоспар түрлерін құрастыру арқылы оқушылар жазба жұмысында көтерілетін мәселені ғана емес, оған қатысты өзінің позициясын айқындайды. Бұндай жаттығулар жүйесін жазылым алды жаттығулары деп қарастыруды ұсынамыз.

Е.Оспановтың «Академиялық жазылым» еңбегінде 11-сынып білім алушыларына мәтіннің маңызды тұстарын айқындап, өзіндік тұжырым жасату үшін ақпаратты ұсынудың төмендегідей түрлерін көрсетеді:

1. Салыстыруға арналған ақпараттар;

2. Қарсы қоюға арналған ақпараттар;

3. Артықшылығы мен кемшілігін көрсетуге арналған ақпараттар;

4. Бағалауға арналған ақпараттар;

Ұсынылған ақпараттың (мәтіннің) осындай нақты түрі көрсетілген жағдайда білім алушылар ұсынылған ақпараттарды салыстыра отырып, қарсы қоя отырып, артықшылығы мен кемшілігін көрсете отырып, ұсынылған пікірлердің ішіндегі құнды пікірді бағалай отырып пікір білдіреді, тұжырымдайды, саралайды, талдайды. Өзіндік тұжырым жасау барысында ақпараттардың, қолданылған дәлелдердің, айтылған пікірлердің қаншалықты құнды екендігіне мән беріледі. Сонымен қатар жүргізілген зерттеулердің шынайылығы, маңыздылығы, пікірлерді құндылығы таразыланады. «Осы әрекетпен немесе нәтижемен келісесі бе? Ол қаншалықты маңызды?» деген сұрақтарға жауап беріледі.

Автор өзі оқыған және білген идея жөнінде өз көзқарасын жазуы тиіс, яғни бағалауы кажет. Ол өзге пікірді қолдайтынын немесе қолдамайтынын түсіндіріп кетеді.

Жоғарыда айтқанымыздай жазылым жұмысы сапалы әрі нәтижелі болуы үшін ұсынылатын мәтіндер мен тапсырмаларда нақты жүзеге асырылатын әрекеттер қадам-қадаммен беріліп, орындалу жүйесі көрсетілуі керек. Сондықтан біз оқушыларға сыни жазылымның төмендегідей жаттығу түрлері мен жұмыс қадамдарын (ретін) ұсынамыз:

ТАПСЫРМА. Графиктік мәтіндердегі деректерді саралап, кестедегі тұжырымдардың қайсысы дәлелге негізделген, қайсысы қарапайым мәлімдеме екенін анықта. Олардың нақты немесе күмән туғызатынын қалай білуге болады?


7-сурет. Графиктік мәтін


Тұжырымдар

Дәлелге негізделген

Қарапайым мәлімдеме

«Болашақ» бағдарламасымен білім алуды көздеген жастардың 37,7%-ы инженерлік-техникалық мамандықты таңдайды.

+


«Болашақтықтардың» ең көп таңдайтын мамандықтары – әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы мамандықтар.


+

Олардың көпшілігі Ұлыбритания мен Ирландияны таңдайды.


+

«Болашақтықтардың» 25,4 %-ы АҚШ пен Канадада білім алғысы келеді.

+









ТАПСЫРМА.

8-сурет. Графиктік мәтін


Бұл тапсырма оқулықтан алынған. Өзге да жазылым тапсырмалары сияқты шағын мәтінді жазу бағыты көрсетілмеген. Сондықтан біз мынадай жаттығулар жүйесін ұсынамыз.

1 ҚАДАМ. Тақырыпқа қатысты жалпы мағлұмат______________________

  1. ҚАДАМ. Негізгі мәселені анықтау__________________________________

  1. ҚАДАМ. Мәселенің маңыздылығы_______________________________

Осы мәселелерді анықтаған білім алушылар 4 ҚАДАМда ғана ұсынылған тақырып бойынша өз тұжырымын жасайды (пікір білдіреді).

Ауыстыру жаттығулары. Бұл жаттығуларды орындау барысында оқушылар ұсынылған құрылымға басқа лексикалық бірлікті ауыстыруы керек. Бұл жаттығу түрлері жазылымнан кейінгі кезеңде жүргізілуі тиіс. Себебі ауыстыру жаттығуларын іске асыру барысында сөздер мен конструкцияларды синонимдермен алмастыру; мәтінге тілдік бірліктерді енгізу; мәтіннен қажет емес тілдік бірліктерді анықтау; мәтіндегі ой бөліктерін немесе сөйлемдерді ықшамдау сынды жаттығулар орындатылады.

Ал оқыту мақсатындағы 11.3.7.1 жазба жұмысын абзац пен бөліктерге бөлу, ойын (ақпарат, идея) дұрыс жүйелеп, логикалық және стильдік түзетулер енгізу, (редакциялау) мақсаты жеке зерттеуді талап ететін мәселе. Себебі оқулықта бұл мақсатты жүзеге асыруға байланысты бағыт-бағдар берілмеген. Тапсырмалар төмендегі үлгіде берілген. ҮЛГІ:

Оқылым мәтіні, қосымша дереккөз материалдары негізінде дала өркениетіндегі жылқының рөлі туралы жазыңдар. Бір-біріңнің жұмыстарыңды оқып, қажет тұстарына логикалық және стильдік түзетулер енгізіңдер (оқулық, 6-бет)

Бір-біріңнің эсселеріңді оқыңдар. Қажет тұстарына түзетулер енгізіп, редакциялаңдар (оқулық, 14-бет).

Бұл «Қазақстан бейнесі. Қазақстанның өткені мен келешегі. Шешендік сөздер» бөлімі аясында ғана берілген тапсырмалар. Біздің пікірімізше, жоғарыдағы үлгіде берілген тапсырмалар қолжетімсіз. Егер тапсырма осы формада ұсынылатын болса, білім алушылар тарапынан «Логикалық және стильдік түзетулер дегеніміз не?», «Логикалық және стильдік түзетулерді қалай енгіземіз?» деген орынды сауалдар туындайды. Сонымен қатар 11-сынып оқушыларына бір-бірінің жұмысын редакциялау ұсынылатын болса, оларды міндетті түрде алдымен мұғалім тексеріп, қандай сөздерді, сөйлемдерді, тіпті, ой бөліктерді өңдеу (редакциялау) керектігі көрсетілуі керек. Бұл өте ауқымды жұмыс. Сондықтан мұғалім тарапынан алдын-ала дайындалған бір мәтінді сыныпқа ұсыну тиімді. Сол кезде ғана оқытудың бұл мақсаты қолжетімді болады. Себебі пән мұғалімі өңдеу (редакциялау) әдістеріне сәйкес жаттығулардың келесі түрлерін ұсынуы мүмкін:

  1. Сөздер мен конструкцияларды синонимдермен алмастыру;

  2. Мәтінге тілдік бірліктерді енгізу;

  3. Мәтіннен қажет емес тілдік бірліктерді анықтау;

  4. Мәтіндегі ой бөліктерін немесе сөйлемдерді ықшамдау.

Синонимдік алмастырулардың көмегімен оқушылар сөйлеуге қажетті қасиеттерді саналы түрде жеткізуі керек. Бұл кезде сөзікпен жұмыс жасату маңызды. Сонымен қатар білім алушыларға ұсынылған мәтіннің немесе басқа функционалдық стильге тән конструкцияларды көрсету қажет.

ТАПСЫРМА. Синонимдік алмастырулардың көмегімен сөйлемнің эмоционалдылығын арттырып, мәтінді өңдеңдер.

Аспанмен тілдескен ақбас шоқылар есімде. Күн шығып келе жатса керек. Ақ шоқылар алаулап көз қарығар алмастай жарқырап ала жөнелді. Тау бөктерінің таңғы самалы тіс сақылдатады. Мына күннің шығып келе жатқан суретіне қадала қарап қалған қалпымды салқын самал да бұза алмаған болар. (Б.Момышұлы «Ұшқан ұя» 10-бет)

Ықтимал жауап: Аспанмен тілдескен биік тауларды кім көрді? Әсересе, күн шығып келе жатқандағы алаулаған оттай шоқылар кімнің де болса жадында қалары сөзсіз. Сондықтан болар, шуағын шашқан күнге қадала қарап тұрған мені таудың салқын самалы да селт еткізе алмады.

ТАПСЫРМА. Ұсынылған мәтінді оқып, мәтінге тілдік бірліктерді енгізіңдер.

Бүгінгі таңда ғылым мен білім, техника мен өнер салалары қарқынды даму үстінде. Сондықтан болар, осы қарыштап дамыған замана көшімен ілесе даму, оның талаптарына лайықты тұлға болып қалыптасу жолында әлеуметтік желілер өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Мұндағы әлеуметтік желі деп отырғанымыз – жердің түкпір-түпкіріндегі адамдардың ғаламтор арқылы өзара қарым-қатынас жасап, байланысуына мүмкіндік беретін платформалар. Бұл платформалар желі пайдаланушыларына өзі туралы ақпаратты жариялауға және басқа пайдаланушылармен ақпарат, фотосуреттер, хабарламалар мен бейнежазбалар, тіпті, әртүрлі файлдармен алмасуға мүмкіндік береді. Осы ретте, «Әлеуметтік желілердің жақсы жақтары мен жаман жақтары қандай?» деген орынды сауал туындайды.

Әлеуметтік желілердің пайдасы қандай дегенде ең алдымен ойға санаулы секундтарда кез келген ақпаратқа қол жеткізуге болатындығы, жердің кез келген нүктесіндегі адамдармен жылдам хабар ауға болатындығы ойға оралады. Сонымен қатар бүгінгі таңда елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып, шағын және орта бизнесті, мемлекеттік мекемелерді, бастауыш және орта білімді цифрландыру қолға алынып, «Ақылды үй», «Ақылды қала» жобалары жүзеге асырылуда.

Мен сияқты жеткіншектер ұялы телефондарына әртүрлі әлеуметтік желілерді жүктеп, қоғамда орын алып жатқан оқиғалардан құлағдар бола отырып, оларға байланысты пікір білдіре алады. Осылайша әр оқушының заманнан қалыс қалмай, бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Алайда, әлеуметтік желілердің жоғарыда айтылған пайдасымен қатар зияны жетерлік. Әсіресе, ондағы ойындар балалардың денсаулығына, жүйкесіне зиян келтіреді, яғни: жүйкеге салмақ түседі, шаршағыштық, әлсіздік пайда болады; тіпті, омыртқалардың қисаюына, көздің көру қабілетінің төмендеуіне әкеледі. Дәрігерлердің айтуынша, балаларға екі сағаттан, ал ересек адамдарға бес сағаттан артық желіде отыруға болмайды. Менің ойымша, әлеуметтік желіде ұзақ отырған балалар шынайы өмір мен виртуалды өмір арасындағы шындықты жоғалтып, өзіне ғана мәлім «Жабық әлем» құрасунда қамалып, ашуланшақ болады.

Қорыта айтқанда, «Білім қалар артыңда, ғұмыр сырғып жоғалар» дегендей заман талабына сай білікті маман болу үшін уақыттың өзі ұсынып отырған әлуметтік желілерді тиімді пайдалана білген абзал. Себебі әлеуметтік желілер қызметтің көптеген салаларында берік орнығып, адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы айтқандай «Өзін тәрбиелей алмаған, өзгеге өнеге көрсете алмайтыны» белгілі. Сондықтан әлеуметтік желілерді ақылмен пайдаланғанда ғана оның зиянынан пайдасы мол болатыныны ұмытпаған жөн.

Ықтимал жауап: оқылым тапсырмасы ретінде эссе берілгендіктен, білім алушылар өзінің жеке көзқарасын көрсету мақсатында қыстырма сөздермен толықтыруы мүмкін.

ТАПСЫРМА. Ұсынылған ғылыми мәтіннен ғылыми стильге тән емес элементтерді тауып, қайта өңдеңдер.

Соңғы деректерге қарағанда, оның шығу тарихы 4 мың жылдық кезеңді қамтиды. Ал кейбір мамандардың айтуынша, оның пайда болған кезі бұдан да көп уақыт болуы әбден мүмкін.

Менің ойымша, тоғызқұмалақ өткен ғасырларда қазақ даласындағы ең кең тараған ойын болатын. Қазақи аңыздарға сенетін болсақ, тоғызқұмалақ ойынын қарапайым қойшылар ойлап тапқан. Тоғызқұмалақ тақтасы ретінде олар жерді қазып, арнайы шұңқырлар жасаған. Ал, құмалақтарды дайындау үшін қойлардың құмалағын кептіріп, дәл сондай 162-сін қолданған. Ауызба-ауыз таралып келген аңыздарда тоғызқұмалақ ойыны қойшылар үшін керемет ермек болды.

Соңғы деректерге қарағанда, тоғызқұмалақ сынды ойындар ертеректе арифметикалық есептер үшін пайдаланылып, кейін келе есептеу әдістері ұмытылғанға ұқсайды. Тоғызқұмалақ тақтасы тек 18 отаудан емес, 14, 10 отаудан да тұруы мүмкін. Мұнда тек ойынның басында бір ұяшық отауға 9-дан артық құмалақ салуға болмайтыны маңызды. Себебі, тоғыздан кейінгі он және одан үлкен сандарды тек ондық санау жүйесінде ғана белгілеуге болады. Мысалы,он саны бір құмалақ пен бос отаудан тұрады. Сонда бос отау нөл белгісінің қызметін атқаратындығын көреміз.

Менің білуімше, тоғызқұмалақта есеп шығару кілтін 2017 жылдан бері зерттеуші А.С.Бейсенбаев насихаттап келеді. Бұл цифрсіз есеп шығару кілті арқылы кез келген тоғызқұмалаққа ұқсас ойын тақтасында қосу, алу, көбейту және бөлу амалдарын шығаруға болады деп ойлаймын.

Ықтимал жауап: Меніңше, менің білуімше, деп ойлаймын сөздері эссе жанрына тән. Себебі ғылыми стиль баяндаушының жеке көзқарастарына негізделмейді.

ТАПСЫРМА. Ұсынылған мәтіннің екінші ойбөлігін бір сөйлеммен ықшамда.

Соңғы деректерге қарағанда, оның шығу тарихы 4 мың жылдық кезеңді қамтиды. Ал кейбір мамандардың айтуынша, оның пайда болған кезі бұдан да көп уақыт болуы әбден мүмкін.

Тоғыз-құмалақ өткен ғасырларда қазақ даласындағы ең кең тараған ойын болатын. Қазақи аңыздарға сенетін болсақ, тоғызқұмалақ ойынын қарапайым қойшылар ойлап тапқан. Тоғызқұмалақ тақтасы ретінде олар жерді қазып, арнайы шұңқырлар жасаған. Ал, құмалақтарды дайындау үшін қойлардың құмалағын кептіріп, дәл сондай 162-сін қолданған. Ауызба-ауыз таралып келген аңыздарда тоғызқұмалақ ойыны қойшылар үшін керемет ермек болды.

Соңғы деректерге қарағанда, тоғыз-құмалақ сынды ойындар ертеректе арифметикалық есептер үшін пайдаланылып, кейін келе есептеу әдістері ұмытылғанға ұқсайды. Тоғыз-құмалақ тақтасы тек 18 отаудан емес, 14, 10 отаудан да тұруы мүмкін. Мұнда тек ойынның басында бір ұяшық отауға 9-дан артық құмалақ салуға болмайтыны маңызды. Себебі, тоғыздан кейінгі он және одан үлкен сандарды тек ондық санау жүйесінде ғана белгілеуге болады. Мысалы,он саны бір құмалақ пен бос отаудан тұрады. Сонда бос отау нөл белгісінің қызметін атқаратындығын көреміз.

Тоғызқұмалақта есеп шығару кілтін 2017 жылдан бері зерттеуші А.С.Бейсенбаев насихаттап келеді. Бұл цифрсіз есеп шығару кілті арқылы кез келген тоғызқұмалаққа ұқсас ойын тақтасында қосу, алу, көбейту және бөлу амалдарын шығаруға болады.

Ықтимал жауап: Қазақ халқы тоғызқұмалақ ойынын ойлап таба отырып, оның тақтасы ретінде жерді қазып, арнайы шұңқырлар жасаған және қойдың құмалағын кептірген.

Мәтінді өңдеу – 11-сынып білім алушыларының жазбаша және ауызша тілін жетілдіруге көмектесетін әдісі. Себебі нағыз сауаттылық тек орфографиялық және тыныс белгілерінен қатесіз оқу мен жазуда ғана емес, өз ойын ауызша және жазбаша дұрыс жеткізе білуде. Адам барлық жағынан мәдениетті болуы керек, халықтың рухани байлығын, оның ішінде ұлттық тілдің байлығын, ана тілінде сөйлеу мәдениетін меңгеруге ұмтылуы керек.

Сонымен қатар жазылым жаттығуларының ішінде шығармашылық жаттығуларды бөліп көрсету керек деп ойлаймыз.

Шығармашылық жаттығулар. Оларда оқушылардың мәлімдемелері ұсынылған жағдаймен тынталандырылады. Жағдайды сипаттай отырып, мұғалім оның мүмкін болатын құрамдастарын (жағдайлар, қатысушылардың әлеуметтік рөлдері, олардың бір-бірімен қарым-қатынасы) анықтап, оқушылардың алдына шешуді қажет ететін тапсырма қоюы керек. Мұндай жаттығудың мақсаты – тақырыпты сипаттап жазу емес, белгілі бір мәселенің өзара қолайлы шешімін табу.

Байқап отырғанымыздай, жазылым дағдысын жүзеге асыруға бағытталған тапсырмалар қадам-қадаммен жүргізілуі керек. Сонда ғана олар нәтижелі болады. Кез келген мәселеге байланысты пікір білдіру - сыни жазылымның негізгі талаптарының бірі. 11-сынып оқушысы өз пікірін қарапайым түрде білдірмейді, ол қашанда нақты бір фактіге сүйенеді және өзгелердің көзқарас-пікірлерін дәлел ретінде келтіреді. «Мәселеге байланысты менің жеке пікірім қандай? Мен оның қандай шешімін ұсынамын?» деген сұрақтарға жауап береді. Көп жағдайда бір оқушының пікірі дау тудырып, өзгелер онымен келіспеуі мүмкін. Сол себепті, бұндай жазылым дәлелдермен жазылады. Мысалы:

Ұйқы мен ми жұмысының арасында үлкен байланыс бар екені анық. Ұйқының қанбауы мидың қалыпты жұмыс жасауына кері әсерін тигізеді. 1950 жылдардың басында көптеген ғалымдар ұйқы мен ми жұмысының арасындағы байланысты анықтау үшін біршама зерттеулер жүргізіп, аз ұйықтаған адамдар мен қажетті мөлшерде ұйықтаған адамдардың ми жұмысының айырмашылықтарын анықтаған. Нәтижесінде ұйқысы қанық адамдардың миының жұмыс жасау көрсеткіші бірнеше есе жоғары болған.

Сонымен қатар сыни жазылымда тақырыпқа қатысты идея түсіндіріледі, оқушы жағдаяттың не үшін болғанына тоқталып, түсінік береді. Мәселен, Бүгінгі таңда жастар өз білімдерін шетелдерде жалғастыруда. Бұл - жағдаят. Ал маселенің төркіні олардың елге қайтып оралмауы. Аталған жағдаяттың болуын мынадай мәселелер арқылы түсіндіріп жазуға болады:

Қазіргі қоғамда білімді жастар көп. Олар өз білімдерін шетелдерде жалғастырып, білікті маман болып қалыптасуда. Алайда, олардың басым көпшілігі елге оралмайды. Оған әсер ететін бірнеше фактор бар. Оның ішінде шетелде мүмкіндіктердің көптігін айтуға болады. Соымен қатар оларға төленетін жалақы мөлшері біздің елісмізге қарағанда әлдеқайда жоғары. Менің ойымша, сонын салдарынан біздің халықтың әлеуметтік жағдайы төмен. Мен бұл мәселені шешудің төмендегідей жолдарын ұсынамын:

  1. Шетелде білім алған жастарды белгілі бір мерзімге елде қызмет етуге міндеттеу;

  2. Олардың білім деңгейіне сай жұмыспен қамтамасыз ету;

  3. Жастарға арналған әртүрлі бағдарлама аясында төмен несие бере отырып, тұрғын үймен қамтамасыз ету;

Сонымен 11-сынып оқушыларын жоғарыдағы жазылым тапсырмалары мынадай екі түрлі мақсатта ұсынылады:

  1. Ізденуді қажет ететін тапсырмалар, яғни білім алушыдан өздігінен ізденіп, тапсырманы орындау талап етіледі.

  2. Ізденуді қажет етпейтін тапсырмалар, яғни орындау үлгісі беріледі.

Жазылым тілдік тұлғалардың таңбалық қасиетімен байланысты бола келіп, олардың қалыптасқан жүйесі арқылы іске асады. Жазылымды жүзеге асырудың түп негізі грамматикаға келіп тіреледі. Өйткені ойды жазу арқылы жеткізудің басты мәселесі – грамматикалық материалдарды жазылым дағдысын іске асыру кезінде дұрыс меңгеріп, қолдана білу.

Жаттығу түрлері арқылы оқушылардың оқу материалын қалай ұғынғаны айқындалады, яғни жаттығу әдісі оқыту ісінің теориясын практикасымен байланыстыру ұстанымын жүзеге асырады. Шәкірттердің алған білімдерін бекіту мақсатында жүргізілетін жаттығуларды орындауда мынадай талаптар қойылады:

1. Белгілі бір жаттығуды орындау үшін оқушылардың сол жаттығуларды орындай алатындай білімі болуы шарт;

2. Жаттығу оқушының тілге қызығуын, ынтасын арттыруы тиіс;

3. Жаттығу кездейсоқ болмай, белгілі бір жүйемен келуі керек;

4. Өз бетінше жұмыс істеуге дағдыландыру қажет;

5. Шығармашылықты талап ететін жаттығулар көбірек болуы керек. Жаттығуды іріктеу барысында шамамен мынандай талаптар қамтылуы тиіс: 1) жаттығудың өтілген тақырыпты пысықтауға, бекітуге бағытталуы;

2) жаттығудың талаптарының түрлі болуы оқушылардың бойында түрлі дағдыларды қалыптастыратыны ескерілуі керек.

Қорытындылай келе, білім алушылардың жазылым дағдысын қалыптасытурыға бағытталған жазылым тапсырмалары мен оқылым мәтіні негізінде жүзеге асатын көшіріп жазылатын тапсырмалардың аражігін ажырату керек. Себебі жаңартылған білім беру мазмұны аясында жазылым дағдысын қалыптастыруға бағытталған тапсырмалар білім алушының жоғары денгейде ойлануына және өзіне кажетті білімді игеруіне ықпалын тигізеді. Сондықтан 11-сынып оқушыларының жазылым дағдысын дұрыс қалыптастыру үшін орындалу ретін түсіндіріліп, ақпарат берілуі керек. Жазылым барысындғы пікірді дәлелдеу, көзқарасын анықтау, бағалау, талдау, өңдеу – бәрі күрделі болғанымен, оларды білудің маңызы зор.














Ана тілім – айбыным

Еліміздің тәуелсіздігін жариялап, өз тағдырын өз қолына алуы, бір жағынан зор мақтаныш, қуаныш болса, екінші жағынан, үлкен тарихи жауапкершілік. Отыз жыл ішінде Қазақ елі осы бір маңызды жауапкершілікті сезіне отырып, болашаққа нық сеніммен қарады. Артта қалған үш онжылдық кезең­ге бүгіннің биігінен қарайтын бол­сақ, еліміз үшін өте сындарлы және айтулы кезеңдер екені анық. Қазақ елінің болашағына күмәнмен қараған алпауыт елдерге үшмыңжылдық шежіресі бар еңселі ел екенімізді дәлелдедік. Ел Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел Тәуелсіздігінің отызжылдық мерекесіне байланысты 2021 жылдың қаңтар айын­да «Egemen Qazaqstan» газетінде жа­рия­лаған «Тәуелсіздік бәрінен қым­бат» атты мақаласындағы мына пікірмен үндес еді: «Биыл қас­терлі Тәуел­сіз­дігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекетінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес», деп тебірене жазған еді. Мемлекет бас­шысының «Қайта жаңғырған қазақ мемлекеті» деп отырғаны қазақ халқы­ның ежелгі және орта ғасырларда өз мем­лекеті болып, тарихтың бір кезеңін­де оны жоғалтып алғанын, ал осыдан отыз жыл бұрын оны қайта құрып, жаң­ғырт­қанын меңзейді. Сондай-ақ «ата-бабалары­мыз аңсаған азаттық» дегені тәуелсіздік үшін күрестердің ел аумағында бір ға­сы­рдай уақыт бойы толастамағанын білдіреді» - деп ой қорытады.

Қазақстанның тәуелсіздік алуы оның алдына мемлекеттіліктің саяси, әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және мәдени негіздерін ресімдеу бойынша күрделі міндеттер қойды. Барлық тарихшыларда ел тарихын қайта қарауға деген ұмтылысы байқалды. Кеңес Одағының ыдырауы республикалар арасындағы ғылыми байланыстың толық дерлік жойылуына, Ресейдің көшпелі қауыммен тарихи байланысы, оның ішінде отарлау саясаты мәселелерін зерттеудегі орыс зерттеушілерінің белсенділігінің төмендеуіне ықпал етті. КСРО ыдырап, Қазақстан Республикасы құрылғаннан кейін Қазақстанның тарих ғылымы жаңа өлшемде– тәуелсіз Қазақстандық тарихи-ғылыми-тарихнамалық тұрғыдан дамып, яғни ел тарихы сапалы жаңа кезеңге тән белгілерді түсіну мен анықтаудың ең маңызды құралына айналды. Осы ретте, өзекті мәселелердің бірі – тіл мәселесі болып табылады.

"Ана тілі – халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі. Жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқынын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазына",-деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай ана сүтімен санамызға дарыған сарқылмайтын байлық – ана тілімізі. Қатпар-қатпар, астар-астар болып томданған тарих қойнауына көз жіберсек ұлт болып қалыптасуымыздың, мемлекет болып ұрандауымыздың басты қаруы қашанда ана тіліміз болған екен.

Ана тіліміз тағдырымызды тамырсыздық індетінен қалқалап, мазмұнсызық пен жойылып кетуден сақтаған. Себебі тілінен айырылған ұлт – жойылған ұлт. Сондықтан болар, тіл мәселесі мені қатты толғандырады. Өйткені менің тілім – адамдар арасындағы қарым-қатынас тілі ғана емес, ұлттық ерекшелігімнің іргетасы. Ол – осынау, көп ұлтты мемлекетіміздің басты қаруы, халқымыздың даналығы, мәдениеті, мінез-құлқы, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы.

Кеңес империясы дәуірінде А.Байтұрсынов есімін атаудың өзі қылмыс саналса, еліміз тәуелсіздік туын тіккеннен кейін халқымыз өзінің ұлы перзентімен қайта қауышты. Бұл да тәуелсіздіктің жемісі еді. Себебі ол – сөз өнерінің жоғары руханиятын болашақ ұрпаққа мұра етіп қалдырған ұлы ақынның бірі, «Алаш» орда үкіметінің белді тұлғасы. Саналы ғұмырын ұлттың жарқын болашағына арнап, «тәуелсіздік жаршысына» айналған ұлт көсемі өзінің өмірлік ұстанымын: «...Өзіміздің елімізді сақтау үшін бізге мәдениетке, оқуға ұмтылу керек. Өз алдына ел болуға, өзінің тілі, әдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауға тиіспіз» деп сабақтайды.

Сондықтан болар, жыл өткен сайын «Алаш» тұлғаларының есімін тарих көші уақытпен көмкеріп жатса да, жеткіншек ұрпақ санасында жаңғырып, елдігіміз бен егемендігіміздің, бостандығымыз бен берекеміздің тұғыры іспетті жаңғыруда. Қазіргі жастарға нағыз патриот болу үшін, өз халқына адал да әділ қызмет ету үшін ұлы тұлғалардың өмір жолы үлгі болады.

Менің ана тілімнің басты артықшылығы – түсінікті болуында. Бойына білім тұнған қазақ тілі еш жерде мүдірмесі хақ. Себебі тек тілі мәңгі жасаған халықтың өзі де өлмейді. Ықылым замандардан шешендік өнер мен тіл байлығым қатар өмір сүріп келеді. Ана тілім – халық болып қалыптасқаннан жан-дүниемнің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі. Ал ұлт болудың ең негізгі шарты – ұлттық тілі. Осы ретте, қорғанудың ең жақсы тәсілі – шабуыл болса, тіл жанашырларын тіл саласында пайда болған жат нәрселерге шабуыл жасауға шақырамын. Әр адам өз ана тілін жетік меңгерген кезде ғана өзге тілді еш қиындықсыз меңгереді. Тарихқа көз жіберсек, басқыншылар жаулап ала сала, ана тілінің қолданылуын бірден шектейді. Не үшін? Тіл болмаса, халық болмайды. Оның құндылықтары алынып, жерді жаңа меншік иелері пайдаланады. Тілсіз халық - жаны жоқ адаммен, тамырсыз ағашпен тең. Мұндай адамның іші бос, ол ештеңнің қадірін түсінбейді. Тілсіз халық - іргетасы жоқ үй. Жел соқса, адамдары бүкіл әлемге кірпіш сияқты шашылды. Менің ойымша, «ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді». Ғылым мен білім, техника дамыған мына замана көшіне ілесу үшін шәкірттерімнің өз тілін, әдебиетін жетік меңгерту үшін тынбай еңбек етіп келемін.

Бұл жолда ұйытқып соғар дауыл, көл боп жауар жауын тағы бар. Соған қарамастан А.Байтұрсыновтың «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген сөздерін ту етіп ұстап, елімнің сары уыз балапандарын қаймағы бұзылмаған ана тілімнің тереңіне бойлатып, сауатын ашып, білімнің нұрын шашып, ұлтжанды азамат тәрбиелеу азаматтық парызым деп түсінемін.

Мен өз тілімді қуана зерттеймін, бұл маған халқымыздың жұмбақ жанын жақсы түсінуге көмектеседі. Алайда, жеткіншек ұрпақ үшін бірнеше тіл білу маңызды. Сондықтан мен орыс, ағылшын тілдерін меңгеремін. Бұл тілдер де – өзінше әуезді. Көп тіл білудің артықшылығын ескере отырып, ана тіліме деген сүйіспеншілікті жұдырықтай жүрегімнің түкпірінде сақтап, Абай өлеңдерін жаттап, содан біраз өнер сөзді хаттап шәкірттерімнің санасына сіңірудемін. Өйткені мен бір кездері Абай әрлеген, Жамбыл жырлаған «қазақ тілі – мәңгілік елдің мәңгілік тілі» болуын армандаймын. «Мен жанбасам, лапылдап, сен жанбасаң лапылдап, аспан қалай ашылмақ?» дегендей егер жеткіншек ұрпақтың арман-мақсаты бір арнаға келіп тоғысса, біз алмайтын асу, бағындырмайтын шың болмайтынын түйсінемін. Тілімнің тағдыры – менің тағдырым.













Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Сыздық Р. Жазу (графика) және емле мәселелері. Қазақ әдеби тілінің тарихы (ХV-ХІХ ғасырлар) ІІІ том. – Алматы: Ел-шежіре, 2014. – 494 б.

  2. Аманжолов С. Қазақ тілі теориясының негіздері. – Алматы, Ғылым, 2020. – 368 б.

  3. Абдрахманова Қ.Үздіксіз экономикалық білім беру: оқытуды жаңарту және әдістемелік қамтамасыз ету/ ІІІ Республикалық оқу-әдістемелік конф.мақалалары. ІІІ бөлім. – Алматы, 2008. Б. 164-166

  4. Аманжолов С. Тіл және жазу. – Өскемен: С.Аманжолов атындағы ШҚМУ, 2005. – 403 б.

  5. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысымен бекітілген Жалпы орта білім беру деңгейінің қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 10-11-сыныптарына арналған «Қазақ тілі» пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасы. https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1300008424/links

  6. Алферов А. Письменные работы. https://studme.org/179363/literatura/alferov_tekstualnoe_izuchenie_proizvedeniy

  7. Рыбникова М. Методика преподавания литературы. – Москва: Просвещение, 1958. – 610 с. http://elib.gnpbu.ru 

  8. Глазунова А. Письменные работы по литературе. – Ленинград: Учпедгиз., 1961. – 131 с.

  9. Панкин Т.И. Творческие сочинение как средство закрепление сведении по теории литературы. (4-7 кл.)/ Конспект лекций – Казань: 2014. – 355 с.

  10. Рахметова С. Бастауыш сыныптарда оқушылардың тілін ұстарту (для русской школы). – Орал: РБО М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті, 2021. - 55б.

  11. Әуезов М. Қазақ шаруа жастар мектебінің бағдарламасы. -Таңд.шығарма. 20-том. – Алматы: Рауан, 1985. – 496 б.

  12. Қоңыратбаев А. Әдебиетті оқыту методикасы. – Алматы: Қыздар университеті, 1966. – 242 б.

  13. Көшімбаев А. Қазақ әдебиетін оқыту методикасы. – Алматы: Мектеп, 1969. – 239 б.

  14. Дайрабаев Е. Мектепте шығарма жаздыру методикасының кейбір мәселелері. – Алматы: Казмемоқупед., 1963. – 202 б.

  15. Ысқақов А. Ана тілін оқытудың міндеттері. Қазақ тілі мұғалімдерінің іс-тәжірибелерінен. – Алматы: Мектеп, 1972. – 248 б.

  16. Оспанов Е. Академиялық жазылым негіздері. – Алматы: ОНОН, 2022. – 322 б.

  17. Дәулетбекова Ж. Әдістеме – шеберлік әлемі. – Алматы: Үшқиян, 2021. – 220 б.

  18. «Preparing to teach writing» research, theory, and practice by James D. Williams, 4th edition, 2014, published in New York https://www.amazon.com/Preparing-Teach-Writing-Research-Practice/dp/0415640571

  19. «Let’s write» by John Foster, published in 2014, New York. https://www.taylorfrancis.com/books/mono/10.4324/9781315818498/let-write-john-foster

  20. Оразбаева Ф. Тiлдiк қатынас: теориясы және әдiстемесi. – Алматы: Ы.Алтынсарин атындағы қазақтың білім академиясы, 2000. – 208 б.

  21. Абдразахова Ф. Қазақ тілін шетелдік студенттерге жазылым әрекеті арқылы үйрету әдістемесі (жоғары оқу орындарының филология факультетіне арналған): пед. ғыл. канд. автореф. – Алматы: Әл-Фараби атындағы ҚҰУ., 2003. – 120 б.

22 Мұратбекова А. Қазақ тілінің кәсіби бағытталған лексикасын жазылым әрекеті арқылы оқыту әдістемесі. – Алматы: Мектеп, 2003. – 254 б.

  1. Басымов Х. Грамматикалық оқыту жөнінде. https://emle.kz/books/72ce58acd772d50d47062b92a3cba92a.pdf

  2. Ладыженская Т. Русский язык. – Москва: Просвещение, 2019. – 239 с.

  3. Жапаров А. Оқушылардың тыныс белгілерді дұрыс қою икемділігі мен дағдыларын қалыптастырудың ғылыми-әдістемелік негіздері.– Шымкент: ИП Валиев, 2011. – 249 б.

  4. Әбілқаев А., Бейсенбайқызы З. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. – Алматы: ЖШС «Інжу-Маржан», 2009.  – 239 б

  5. Алтынсарин Ы. Таңдамалы шығармалары. – Алматы: Ғылым, 1994. 288 б.

  6. Байтұрсынов А.Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі, 1992. – 448 б.

  7. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы: Ғылым, 1990. – 465 б.

  8. Балақаев М. Тіл мәдениеті және қазақ тілін оқыту, – Алматы, Ғылым, 1989. – 224 б

31 Оразбаева Ф. Шығармалар жинағы ІІ том. Тілдік қатынас. Ғылыми монография. – Алматы: Ән арыс, 2019. – 584 б.

  1. Оразбаева Ф. Шығармалар жинағы Vтом. Деңгейлік қазақ тілі. Ғылыми-әдістемелік зерттеу. – Алматы: Ән арыс, 2019. – 584 б.

  2. Оралбаева Н. Проблемы казахского языкознания. – Павлодар: Типография Сытина, 2011. – 424 с.

  3. Ш.Т.Таубаева, С.Т.Иманбаева, А.Е.Берикхпнова. Педагогика. – Алматы: ОНОН, 2018. – 357 б.

  4. Жұбанов Қ. Қазақ тілінің ғылыми курс жөнінен лекциялар. – Алматы, 1966. – 124 б.

  5. Новлянская З.Н. Стихи – продолжение мое и начало. – Москва: Знание, 1982. – 249 б.

  6. Кон И. Психология ранней юности. – Москва: Просвещение, 1989. – 304 с.

  7. Селиванов В. Психология волевой активности. Рязань: Наука. 1974. – 396 с.

  8. Сабиров С. Оқушылардың оқу белсенділігін арттыру жолдары. – Алматы: Мектеп, 1978. – 249 бет.

40 Алдамұратов Ә. Қызықты психология. – Алматы: Қазақ университеті, 1992. – 112 б.  

  1. Рубинштейн Д.А. О мышлении и путях его исследования. – Москва: Акад.наук ССР, 1958. – 143 с.

  2. Әбдікәрімова Т. Әбдіғалиева Т. Шәймерденова К. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. – Алматы: Ана тілі, 1999. – 195 б.

  3. Жиенбаев С. Қазақ тілін оқыту методикасы. – Алматы. Ғылым, 1946. – 120 б.

  4. Жусанбаева С.Б. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің кейбір өзекті мәселелері// Әл-фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің Хабаршысы. №3. 2015. – 201-205 бб.

  5. Р.С.Немов. Общие основы психологии. – Москва: Гуманитарный. – 2003. – 395 с.

  6. Исабаев Ә. Қазақ тілін оқытудың дидактикалық негіздері. Алматы: Арыс, 1993. – 230 б.

  7. Шаталов В. Точка опоры. – Москва: Педагогика, 1987. – 378 с.

  8. Сыздық Р. Абай шығармаларының тілі. І том. – Алматы: Ел-шежіре, 2014. – 350 б.

  9. Костюков Л.Журналистика мнений. – Москва: Педагогика, 2004. – 320 с.

  10. Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар. – Павлодар: С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, 2010. – 178 б.

  11. Талызина, Н.Ф., Е.В Габай. Пути и возможности автоматизации учебного процесса / Н.Ф.Талызина, – Москва: Просвещение, 1977. – 158 с.

  12. Құрманова Н. Қазақ мектептерінде сөз тіркесі синтаксисін дамыта оқыту технологиясының ғылыми-әдістемелік негіздері: п.ғ.д.автореф. – Астана: Мемлекттік тілді жеделдете оқыту орталығы, 2007. – 160 б

  13. Б.Қапалбек, Ш.Ерхожина, М.Жолшаева. «Қазақ тілі» оқулық. – Алматы: Мектеп, – 216 б.






ЖИ арқылы жасау
11 Желтоқсан 2024
489
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі