жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз

Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
"Бір тойым болатыны сөзсіз менің..." атты поэзия кеші
«Бір тойым болатыны сөзсіз менің...»
/Ақын Төлеген Айбергеновтің туылғанына – 80 жыл/
1-жүргізуші:Төлеген Айбергеновтің «Бір тойым болатыны сөзсіз менің» атты жыр кешіне қош келдіңіздер.
І бөлім Үлкен жолдың үстінде
1 жүргізуші: Ол – Біз мәңгі Сағынып жүретін Жыр перзенті,
2-жүргізуші: Ол бар болғаны Отыз-ақ жыл Ғұмыр кешті.
1-жүргізуші: Ол бас-аяғы он жылдан аса өлең жазды.
2-жүргізуші: Ол келте ғұмырының екі-үш-ақ жылын Алматыда өткізді.
1-жүргізуші: Ол жарық дүниемен қоштасқалы бері зымырап біраз жылдар өтіпті.
2-жүргізуші: Ол тірі болғанда биыл сексеннің сеңгіріне шығар еді...
1-жүргізуші: Ол деп отырғанымыз – Төлеген Айбергенов есімді қазақ өлеңінің пірлі перзенті, асқақ үнді ақын, біртума талант.
…Жасы енді ғана отызға іліне бергенде өмірден өте қыршын кеткен, бірақ наурыздағы найзағайдай жарқ еткен сол қас-қағым өмірінде - соңына, көп ақын, көбең ақындар үш отыз ғұмырында да жаза алмас жалын жырлар қалдырған ақиық ақын Төлеген Айбергенов...
2-жүргізуші: Қазақ поэзиясының биігіне айналған біртума ақын Төлеген Айбергеновті бір минут үнсіздікпен еске алайық. (Бір минут үнсіздік жарияланады)
2 жүргізуші: Мәңгілік тарқамайтын тойы бар екенін, толассыз ағыстармен жағаласып, халқымен бірге ғасырлардан ғасырларға сапар шеге беретінін айтқан ақын. Ешкімнің алар асуын күндемей, өз биігінде, ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты қаз қалпында қалған ақын.Тылсым дүниемен күні бұрын серттесіп, тіл табысқан ақын да солТөлеген Айбергенов...
1 жүргізуші: Рас, көзі тірісінде ақын Айбергенов миллиондармен тілдесіп үлгере алған жоқ. Алайда алғашқы жинағымен-ақ Абайы, Сұлтанмахмұты, Ілиясы, Аманжолы бар қасиетті қазақ поэзиясы табалдырығын ақын болып аттаған Төлеген Айбергенов «Өмірге саяхатынан» кейін-ақ қалың жұртшылыққа өзгеше бітімді ақын болып танылып, өзіндік үнімен, басқа шайырларға ұқсамас ерекшеліктерімен, қайталанбас төл қолтаңбасымен айрықша көзге түскен-ді.
Ал, «Құмдағы мұнаралар» Айбергеновтің үлкен ақынға – суреткер, күрескер ақынға айналғанын әйгіледі. Ол бұдан кейін күллі қазақ халқына мәлім болып, миллиондармен тілдесе бастаған болатын…
Енді осы топтамалардан ақын шығармаларына кезек берейік:
-
Мейірбек: Ақын Төлеген Айбергеновтің басты сипат-қасиеті – ағынан жарылған сыршылдық, көзімен көрген, көңілімен сезген, басынан өткерген барша оқиғалар мен құбылыстарға қатысты шыншылдық, тек ақиқатты айтатын жүректілік. Өзіне-өзі сенген, туған жерді шексіз сүйген перзент ақын ғана былай деп айта алса керек:
О, менің байтақ мекенім,
Жанымның қаршығасы сен!
Шырқағым келіп кетеді,
Жазбаған ән шығарсың сен.
Құстарың мәңгі ән салсын деп,
Жат қолға ілгізбедім мен.
Қызарып мәңгі қалсын деп,
Қырыңнан гүл де үзбедім мен.
Даланың тербеп өскені,
Қызғыштай шыр айналдым кеп.
Толқып бір көл де кешпедім мен,
Тұнығын лайлармын деп…
Келемін таласа гүлдеп,
Алдында кіршіксіз едім.
Бір сенің болашағың деп,
Мың ойға кірпік сүземін…
Жауынды кескілермін де,
Қас етпен ешкімді ешкіммен.
Бағың боп естілермін де,
Сорың боп естілмеспін мен!
Айша: Төлегенге ақындық қасиет анасы Жібектен дарыған екен. Ақынның анасына арнаған өлеңі. «Ана»
Арманыңды ақтарам ба жүрегімде
тербесем,
Айға сіңлі, қарындассың қасиетті Жерге сен.
Мен өзінді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем,
Сендік қуат мың есе артық Жердің тарту
күшінен.
Сұлу әлем, әлем сұлу сен
жаратқан адаммен,
Көк жолының қарсылығын қағып тастап барам мен.
Сендік қуат болар, бәлкім, басын иді көк маған,
Әр кез сенен туғанымды есіме алсам, тоқтаман.
Ал ұмытсам, ұмыт болып қаларымды білемін,
Ұмыт қалмау үшін менің шарқ ұрады жүрегім.
Шат жүріп-ақ қас қаққанша
боламын мен шерменде,
Жетім емес кей ананың жетімдігін көргенде,
Көз алдымда жас дөңгелеп булығам да ызадан,
Маған тіпті сөз келмейтін ұяттардан
қызарам.
Бұл дүниеге онсыз-дағы кеткен
жоқ па көп есең,
О, аналар, кей пасықты жаратасың неге сен!
Тасбауырлар дүниеге келсін де, тез кетсін де,
Әлде өзгелер ондайлардан жиіркенсін дейсің
бе?
Қай кеудені жылытады
лапылдаған отпенен,
Өз кеудесін жылытуға құдіреті жетпеген.
Анаң саған керек болса, балаңа да сен керек,
Кезекпенен ауысатын ғұмыр ғой бұл
дөңгелек.
Ана керек, о, адамдар, ана
керек адамға,
Анасыздар аң сияқты күн кешіп жүр ғаламда.
Пікірімді ұнатпаған таптық та дер дананы,
Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін
ананы.
Айдана: Ақынның алғашқы туындыларының бірі – табиғат туралы өлеңі:
Күн – бикеш көкжиектен құлап кеткен,
Самал жел сыбырлайды құрақты өпкен.
Сүңгітіп тереңіне жұлдыздарды,
Сақылдап қайнап жатыр бұлақ біткен.
Тосшы сен құлағыңды аңдай қалып,
Барады кең дүние әнге айналып.
Нар қамыс суылдаса жер бауырлап,
Бақалар тамсанады таңдай қағып…
Мұндағы табиғат әсем қозғалысымен тірі. Таза тұнық сазды, жанды дірілдерді, сұлу тіршілік тынысын тап басқан ақынның көңіл көрегендігі разы етеді. Кейіннен көруге көз, айтуға сөз керек – небір кенен керуен-керуен көркемдіктерді тоқып, небір нәзік те сылқым сұлулықтарды нақыштаған ғажап суретші ақын Айбергеновтің бастауы осындай өлеңдерде жатқаны анық.
-
Дина: Ал, Айбергеновтің мына бір тікелей «Жолдар, жолдар» деп аталатын өлеңінде – оның күллі адамдық болмысы, ақындық стихиясы, арман-мұраты мен алдағы күллі өмірінің мән-мағнасы жатыр десек ешбір қателеспейміз:
Жолдар, жолдар, мені алыс апарыңдар,
Апарыңдар, ұзаққа сапарым бар.
Қаламдаймын мен әлі ұшталмаған,
Өткізіңдер шөлдерден құс қонбаған,
Сын тақпасын дос түгіл дұшпан маған.
Қайғың болса – тартайын тақсыретін,
Ғұмыр болса – көрейін пәк суретін…
Алысым бар жетпеген, парызым бар,
Қарызым бар, минутпен жарысым бар,
Кел, қиындық менімен алысыңдар!..
Баста, жолдар, жанға арман ұялат та,
Теңізді әкеп сен жаққан құям отқа,
Егер мені бастасаң қиянатқа!
Төлеген Айбергеновтің ақындық сапарында осының бәрі кездесті. Бұл жолдар – себебі, көшенің немесе даланың жолы емес, өмір-өнердің сан тарау жолдары еді. Жолдар бақыт пен қайғыға, қиындық пен қиянатқа, алыс пен арманға бастаса бастаған да шығар, бірақ соның бәрінен құламай, жеңіп өткен – ақынның өзі.
Ерлан: Осы жайлардың бәрін де Төлеген ақынның бауырмалдығының арқасы деп білеміз. Өзінің төрт қызы мен бір ұлы сияқты, өзі де әкеден үш апалы бір ұл болған екен, соған жазған «Апаларым» атты жырын еске алайық:
Мен ұл ем. Сендер ең үш тамаша елік,
Төртеуіміз бір әкенің баласы едік.
Төрт тағдыр қайғысы мен қуанышын
Өстік біз, бір омыраудан таласа еміп…
Жігерін жетті жылдар қайрап маған,
Сонда да амалым жоқ; ойлап қалам!
Төрде үлкен шарайна тұр, айдынында
Бір кезде алты бұрым ойнақтаған..
…Бар болған кездеріңе сүйінемін,
Жоқ болған күндеріңе күйінемін.
Мен жалпы ақ перзенті болсам керек.
Үміті үзілмейтін дүниенің.
1 жүргізуші: Осыдан бірнеше жылдар бұрын жап-жас Төлеген ең атақты, ең сүйікті ақындардың бірі болды. Ақынның газетке басылған әрбір жаңа өлеңі желкілдеген қауымға қатты әсер етіп, әдебиетті сүйетін, өздері де өлең өлкесіне талпынып жүрген жастар арасында дүбірлі қозғалыс туғызатын. Сол тұстағы жастар ақынның «Қаратау», «Ақ қайындар», «Аттану» сияқты өлеңдерін жаттап алып қана қоймай, жалғастыра жазып, ауызша фольклор үлгісіне айналдыра жазды.
-
Тахмина: Ақын өлеңдеріндегі солғын сұлулықтар, орман образдар, жарасымы тереңнен тамыр тартқан телегей тебіреністер, түйдек-түйдек толқындардай бірін-бірі қуалап, алға аршындай басқан асқақ ағысты серпін – тек Айбергеновке ғана тән ақындық айрықшалық, өзгеше өрнек-өрімдер болатын.
Есен сау бармысыңдар, армысыңдар,
Армысыңдар, қария қарлы шыңдар!
Төсінен керуен-керуен көш өткен тау,
Сен менің керуен-керуен алғысымды ал.
Сенбісің сияқты орман күй ақтарған,
Ұзатқан қыздың көркі сияқтанған,
Жанында саз қалды ма, наз қалды ма,
Сан тұлпар дүбірлеткен тұяқтардан…
Мұнша мал, мұнша дария, мұнша баумен
Тұрсың сен дүние көзін тұмшалаумен.
О, шіркін, тусам-ау мен биік болып,
Өзіңдей жер мен көк боп тұрсам-ау мен!..
-
Мерей: Қандай ғажайып құпиясы, не сыры бар екенін; әйтеуір Айбергенов ақынның табаны тиген, қаламы тиген жердің, елдің бәрі ағарып, жапырақтың, жұлдыздың бәрі жарқырап кетеді, жақсарып қазынаға толып сала береді. Міне, бәріміз сан көріп жүрген, рас, кейде жақсы, бірақ кейде сағал-сағал вокзалдар:
Абзал жар, ару ақ залдар,
Ақ залдар, аппақ вокзалдар.
Тілеулес жерге аттандым,
Тілеңдер маған ақ жолдар!
Міне, бәріміз сан көріп жүрген, кейбірі рас, әдемі, бірақ кейбірі шаң-шаң қайыңдар
Аққу мойын, ақ көйлекті қайыңдар,
Дәл сендердей менің де аппақ айым бар.
Бақытымды шулап көкке жайыңдар,
Шулап көкке жайыңдар, ақ қайыңдар.
-
Айдана: Бір ғажабы – ақын Төлеген Айбергенов үшін қиялы, құзды, қиын тақырып жоқ. Ол, мейлі, саяси-әлеуметтік тақырыпқа қалам тербесін, мейлі, халықтар достығын нысана етсін, мейлі өндіріс пен еңбекті жырласын – өзін аспандағы қырандай, судағы балықтай еркін сезінеді. Бұлардың қай-қайсысы да Айбергенов поэзиясында тағылымды қасиетке ие болып, тамаша қазынаға толып жүре береді. Оны айтасыз ақша бұлттай жеңілдеп, тіпті табиғаттай сұлуланып жастық шақтай базарлы болып сала береді.
Кезім менің!
Жатырсың жырақты ашып,
Қызыл гүлді барады қыр ап қашып,
Жиырмасыншы ғасыр жүр Маңқыстауда,
Мұнаралар басына шырақ тасып…
Табанымның астында қара дария,
Тас-төбемде тайгасы мұнараның
Жер бетінің жақұты – Мұнаралар,
Маңдайдағы бақыты – Мұнаралар.
Мұнаралар жарығы сөнбесін деп,
Кірпік ілмей шығады ғұламалар…
1 жүргізуші: Төлеген Айбергеновтың соңғы үшінші жинағы «Құмдағы мұнаралардағы» қайсы бір туынды да осындай ой-орамдар, сыр-шығармалар десек артық айтпаймыз. Ал, «Ағыстар мен ғасырлар» аталатын туындысы – ақынның жеке басының қысқа ғұмыры емес, күллі адамзат өлімінің мәні мен өмірінің сәні хақында сыр шертетін, жалпы жұмыр Жер жұртшылығына ортақ философия түйіп, ой қозғайтын өмір-өлең. Керек десеңіз, бұл – Пушкиннің «Ескерткіші», Қасым Аманжоловтың «Өзім туралысы», Мұқағали Мақатаевтың «Жан азасы» секілді өмір-өлең.
2 жүргізуші:
Құзар шыңдар таң жалап алқымдарын,
Сарқыратып құяды салқын қарын.
Ормандардың бояуы өзгереді,
Дүмпуімен кейінгі толқындардың.
Жетектейді өмірді озған ағын,
Мен де соның жолымен қозғаламын.
Дидарынан зымырап заманалар,
Дидарына көшеді бозбаланың.
Шақтарда да азынап оқ бораған,
Бұл дарияның шабысы тоқтамаған.
Мен өтемін жолдардан әлі талай,
Жүрегімнен дүңкілдеп ақ барабан!
Ол: «Бір кездері бұл күн де көшер менен?» – деп бекер айтады. Себебі, «өз ғасыры өзінің иінінен түспей», жүрегінде ақ барабан дүңкілдеп тұрғанда жолдар оны алысқа – болашаққа бастай береді. Қашанда Айбергеновтей шын ақын сапары – мәңгілік сапар.Мәңгілік осындай. Ол үлкен жолдың үстінде келеді.
1жүргізуші: Ақынның Маңқыстауға барғанда сапарлас досы, өмірдегі досы Шәмші болатын.Бірі әннің, бірі жырдың сыршыл сазын төккен екі дарынның бұл сапарының бірегей айдарлы ажары – атақты «Ақ ерке – Ақ жайық», әні ғой, шіркін!.. Сөз қандай, саз қандай!...Әуен қандай, өлең қандай!.. Жүректері табысқан, армандары жарасқан қос ғашықтай-ау, шіркін!...
«Ақ ерке – Ақ жайық» әні.
ІІ бөлім САҒЫНЫШ
1 жүргізуші: Дүниеге қарақалпақ жерінде келген Төлеген тал бесікте тербеліп жатып-ақ, алыста қалған ата жұртқа деген құтаймас сағыныш мұңына суарылған бесік жырымен көз ашты. Балалық шағы шығыс шайырлары шарлаған шайырлы, құнарлы топырақ Харезмде өтті. Жас Төлеген Новаи, Мақтымқұлы, Бердақтардың рухы тұнған, ізі қалған қасиетті өлкені шарлады. Балаң санасын қашан қалыптасқанша үздіксіз де үзіліссіз күмбірлеген бабалар үні, жыраулар сарыны тербетіп тұрды. Ғасырлардан ғасырларларға көшкен жыр дәстүр осылайша бала құлағына, санасына ұя салды. Мектеп табалдырығын аттасымен Абай, Жамбыл, Махамбеттермен қауышты. Сөйтіп, бала сана, бұла сана өлең сөздің тұма бұлақ, тұнбасынан жүзіп жүріп ішті, сімірді. Тереңге тамыр салды.
2 жүргізуші: Ата-салт, тіл, дін, діл қаймағы бұзылмаған қазақы орта, ұлы Тұран төрі оның бойына елдік пен ерлікке толы мыңдаған жылдық ұлы бабалар өсиетін, қасиетін екті. Жаратқан ие елпең-елпең жүгірген қағылез қара баланың маңдайына ақын болуды жазды. Бұғанасы қата келе жас дарын күмбірлеген әулие бабалар әуезіне әуейленіп, өзі де күбірлеп тақпақ жаза бастады. Осылайша, тарихи жады шытынамаған Тұран топырағының төсін тесіп тағы бір қайнардың көзі ашылды.
Аяжан: Қанша құнарлы десек те Қазақстаннан шет өлке қазақы өршіл рухы көкірегіне симаған Айбергеновтей арқалы ақынға өсе келе тарлық ете бастады. Анау бір қиырда толықсып аламан бәйгелер мекені - ұлан-байтақ Қазақстан жатыр. Қазақтың қалың елі тербетілген тал бесік. Шетте, жат елде жүрген қазақтың көз салар құбыласы, мәңгілік Меккесі, мәңгілік сағынышы.
Аруана жаудың қолына түссе
ботасын шайнап өлтіріп,
Қаралы мойнын қайтадан артқа бұрмастай халге келтіріп.
Жеріне тартып отырады екен моншақтап жасы боздаумен,
Омырауын шерге толтырып.
Апталап- айлап таңдайын мейлі
тасбауыр шөлдер құрғатсын,
Қазығын таппай тоқтамайды екен мәңгілік тіпті Күн батсын.
Туған жер төсін аңсаумен өткен аруана-бауыр дүние,
Сен маған осынау ақ жүрегіңмен қымбатсың.
Кеудемде жүрген, зердемде
жүрген ынтызар ықылас от өріп,
Сен мұны менен бетер ұқ!
Түкпірімдегі дір ете қалғыш осынау құйттай жүрекпен
Келем мен бүгін қасиетті байтақ Қазақстанды
көтеріп!
Туған жер төсін аңсаумен өткен
аруана – бауыр дүние,
Сен маған осынау ақ жүрегіңмен қымбатсың.
Бірақ мен оны жыр қылып қалай жаза алам,
Жетер ме адам сөзі оған!
Өмірде ұзақ жасауың үшін
болғаныменен қайғың қас,
Туған жер, сен деп қайғыра алмасам, тағдыр да мені бай
қылмас.
О бастан саған ынтызар аруана тектес ұл ем
мен
Қазығын таппай қайырылмас.
Дина: Ай маңдай тұлпар еншілегендей, Маңғыстау сапарының ұлы жемісі – «Құмдағы мұнаралар» дүниеге келді. Ақындық арқаның шын қозуы, шабыттың арнадан шалқуы, көкірек көрігінде балқыған ой-сезімдердің кесек-кесек жыр-толғауларға, циклдарға айналуы шын мәнінде қазақ поэзиясындағы ерекше құбылыс секілді болды. Тың образдар, соны теңеулер, тосын ырғақтар, бірде ерке, бірде адуын келетін саздар, сарындар толқыны… Мұның барлығы ақын Төлеген Айбергеновтің Атажұртқа деген лапылдап жанған Сағынышынан, шын перзенттік аңсаудан туған телегей теңіздей терең сезімдері болатын.
Көрсең ғой шіркін, бәрін де көзбен көрсең ғой,
Жатыр-ау менің жазира далам өлшенбей,
Осынша сазбен ынтызар қылған аймаққа
Бір әсем дария керек-ақ екен дәл сендей!
Қуаты керек мендегі асқақ арынның,
Құдыреті керек Әбділдадағы дарынның.
Қара орман керек, қап-қара орман, түп орман,
Көзіндей менің жарымның.
Өр ағыс керек теңізді тентек тербеген,
Құс Жолы керек омырауы толған зерменен.
Бәрін де тастап осылай қарай ағар едім-ау,әттең – ай,
Дария болып жаралған болсам Жерге мен!..
Жандарға біздей шаңырағында дастарқан да кең, қол да кең,
Мұнаралардан басталар болар жол деген.
Ақын боп туып өз бақытымды жасырар болсам дүниеден,
Тілімді кесіп тастауым керек онда мен!..
Тахмина: Төлеген лирикасының ең басты қаһарманы – сағыныш. Ол оқушысымен әр кездескен сайын сөзін сағыныштан бастайды.
Ей, адамдар, айналайын, туғандар,
Жалғыз минут тыңдаңдар!
Мен сендерге көп болды сыр шертпедім,
Қазір түгел көкірегім өрт менің!
Шартарапқа жүрегіммен жүз аттап,
Бұрын мұндай көрмеп едім ұзақтап.
Бір сағыныш мәңгі-бақи дос еткен,
Қазір мені жұлып алды төсектен…
Оның қай жырын оқысаңыз да осындай сағыныш сазы еседі. Туған жерге деген сағыныш, достарға деген сағыныш, өлеңге деген сағыныш… Шындап келгенде, бұл сағыныштың бәрі де ақын көкірегін өртеп бара жатқан алай-дүлей махаббат.
Мейірбек: «Құмдағы мұнараларда» өртеніп сүймей отырып жазылған бірде-бір өлең жоқ.
Қажет жерінде қатігездік пен қаталдық керек, десек те,
Адамның заңғар ұлылығын сен сағынышымен есепте…
Сағынбай барсаң теңіз де сенің тебіренбес жастық шағыңдай,
Бұлбұлдың даусын есіте алмайсың
бауларға кірсең сағынбай.
Сағынбай барсаң таулар да сенің алдыңнан шықпас асқақтап,
Ойлауың мүмкін дүниені мынау кеткен екен деп тас қаптап.
Бұл – ақынның суреткерлік кредосы. Сағынбай тұрып барма, сүймей тұрып жазба! Ол үшін қаншама ерлік, қаншама кеңдік, қаншама рухани байлық керек.
1 жүргізуші:Жақында мектебімізде ақын Мұхтар Шахановпен кездесу өтті. Кездесуде Айбергеновтің сыйлас інісі, досы Мұхтарға арналған «Сағыныш» өлеңі оқылған кезде Мұхтар аға әлсін әлсін, көзін сүртіп отырды. Бұл ақынды ақын жоқтаған сағыныш жастары еді.
Айша «Сағыныш» өлеңін оқиды
8 «А» сынып оқушысы Мұрат Мақсаттың орындауындағы ақын сөзіне жазылған
«Мені ойла» әнін қабыл алыңыздар.
ІІІ бөлім. Ақынның қызы С.Айбергеновамен сыр-сұхбат бөлімі
ІV бөлім Ақын рухына арнау
1жүргізуші: Өмір дегенің, тағдыр дегенің кейде қызық-ау дейсің. Тіпті, ойламасаң да ойдағыдай боп «бір-екі ақынды ертіп, бүгін-ертең Қарақалпақстанға жүрмекпін» – дегені бар еді ғой… Бұрыннан науқастылау боп жүрген Төлеген Нүкісте қатты ауырып, ауруханаға түскен. Ақыры үлкен қайғымен бітті!..
Қазақтың аймаңдай ақын перзенті Төлеген Айбергенов Нүкіс қаласында Мұқағалидың қолында мәңгілікке көз жұмған…Нағыз трагедия!.. Мұқағалидың бар қолынан келгені, елге айтқаны:
Тұңғыш көрдім өлгенін шын
ақынның,
Қызарып батты ертеңгі шығатын
күн.
Торғай-өлең шырылдап бара
жатты
Аузында ажал дейтін
сұрапылдың.
Торғай-өлең өлмеді, аман
қалды
Әкетті
ажал...
Жыр емес, адамды
алды.
Бір өмірдің дастаны басталды
да,
Шорт үзілді,
Шоп-шолақ
тамамдалды.
Қаралы лек.
Бозғыл шаң
шұбатылды.
Бара жатыр жерлеуге шын
ақынды.
Маржан - жырдың мөп-мөлдір бір
түйірі
Құмға түсіп кетті де,
уатылды.
Тұңғыш көрдім қайтқанын шын
ақынның,
Қаталы-ай жыл дейтін
сұрапылдың!
Сұңқар - төсі томпиып қарсы
қарап,
Қаршығадай қылшылдап тұратын
кім?!
Енді жоқ азаматым,
аймаңдайым,
Жоқ болды құмға сіңген
айрандайын.
Асығыс, ылғи жортып жүруші
еді,
Бетпақтан су іздеген
жайрандайын...
II
Бармаңдар ақынды жұрт
жерлегенде,
Көрмеңдер көрдің аузы
жабылғанын.
Көтеріп сендер оны
келмегенде,
Көмусіз қалмайды ғой
бауырларым!
Көмбеңдер!
Топырақты
тастамаңдар!
Жабыла толтырыңдар кұмды
ұдаиы.
Ақынды көмсін білмес басқа
жандар,
Басына бармаңдар да,
құрбылары!
Ет жүректің езілмес кезі ме
бұл...
Жылай білсең, шын
жыла!
Жасыма тек,
Кезек күтіп тұрғандай сезіне
біл,
Алдыңдағы апанның басына кеп.- деп
жырлаған Мұқағали ақынның өз
көзімен көргенді айтудан басқаға шарасы
болмады.
2 жүргізуші: Қаралы хабар, сөз жоқ, одақтағылар үшін төбеден жай түскендей әсер еткен болуы керек…
Төлегеннің өлеңдегі сол кезде ширығып, шымыр өсіп келе жатқан інісі Жарасқан Әбдірашев жайсыз хабарды естігенде жүрегі оқыс солқ ете қап, сосын барып бойын жинап ала қойғандай болып:
Мінбеден сені көргенмін,
Кей сөздеріңнен қорыққам…
Аққусың тағдыр – мергеннің
оғына ерте жолыққан. – деп аза тұтты.
1 жүргізуші: Үні – жыры жадымызда, бейнесі көз алдымызда. Тірі жүрсе жарқылдап мерей тойларын ортамызда отырып, тойлар еді-ау, дейсің… әрине. Тойлар еді… Төлеген тектес пірлі перзенттің әр өлеңін бір той ғып, әрбір еске алуды бір той ғып өткізуге лайық-ақ.
Қалай деген күнде де Ол өз өмірінің түбінде дүбірлі тойға ұласарын білген, сенген, бірақ дәл қай Күні екенін білмеген. Сол себепеті Өзі де ағынан жарылып:
Бір тойым болатыны сөзсіз менің,
Дәл қай күні екенін айта алмаймын, – деп еді ғой. сол үшін бақытты деп ойлаймын!
2 жүргізуші: Бәрібір Күні анықталды. Тойы баяғыда-ақ басталып кеткен…Бір ғана өкініштісі Төлегеннің ортамызда жоқтығы. Оны біз толқып, тебіреніп еске аламыз. Ал еске алу – Сағыныштың жетіліп піскен мәуесі. Нағыз Ақын ғана Елдің Сағыну бақытына ие бола алған. Төлегеннің өлмес рухы соған риза, сол үшін бақытты!
***
Аяжан.Жер бетіндегі сапары небәрі 30-ақ жылға созылған айберен ақын Айбергеновты қазақ баспасөзі жыл он екі ай жоқтады. Бұл қаза жақын-жуық, жора-жолдастарына қатты батты. Төкең төбесіне көтере дәріптеген сол кездегі жас ақын, бүгінгі бас ақындарымыздың бірі Мұхтар Шаханов былай деп толғады:
Бәйшешектің ғұмырындай тағдыр кешкен мәрт батыр,
Өлеңінде ешбір ғасыр өшіре алмас өрт жатыр.
Намысыңды дәуіріңе еткізбедің қақпақыл.
Міне, содан, ұлтымызды рухсыздан күзетіп,
Сенің жырың шекарада әлі күнге
сапта тұр.
Пайымдаймын, мойындаймын, сен данасың, мен – бала,
Ұлтына кім жақын, алыс, айқындайтын ел ғана.
Он том өлең жазғандарды кетті ұмытып кең
дала.
Бірақ шағын он өлеңмен он
миллион қазақты
Толғандырған, таң қалдырған
Махамбет пен Сен ғана.
Заманының ыңғайына жүрмей кеткен іңкәрім,
Саф өнерде қызғанышты білмей
кеткен іңкәрім,
Иығына бүтін бешпет ілмей кеткен іңкәрім,
Жер астынан сәлем жолдап жатырсың сен күн сайын,
Қазағымның маңдайына сыймай кеткен
сұңқарым.
Не жақсылық болса алдымен елге болсын дегенсің,
Сондықтан да сенің даңқың, сенің салтың көгерсін.
Сайын далаң жырыңды еске ап күлкісін сәл шегерсін.
Әр жүректе бұлтқа оранған қасиетті бір шың бар
Ол - ақындық мәрттік шыңы, Айбергенов деген шың... *
Ұлт рухы қай кезде де қанаттыға астана,
Айбергенов шыңын көрсең атыңнан түс, жас бала!
Аяжан ақынға арнаған өлеңін
оқиды
2 жүргізуші: Асылдардың артын күту – азаматтық белгісі. Ерте кеткен ерлерді ескеру – елдік белгісі. Алтынды жылтырауықтан ажырата білетін азаматтар Төлеген мұрасын дәріптеуді доғарған емес. Егер жыр жұлдызы бүгінде тірі болғанда 80 жасын тойлар еді. “Бір тойым болары сөзсіз менің” деп басталатын алты алашқа мәшһұр өлеңінде арман еткен айтулы күнге ақын жете алмай кетті. Алайда өзінің өлең өлкесіндегі салтанатының “мәңгілік тарқамауы мүмкін оның” дегені шындыққа айналды. Жер бетінде қазақ деген ел бар да, қазақ тілі мен жыры бар да жыр жұлдызы Төлеген Айбергеновтің өлең тойы мәңгілік тарқамасы анық. Құрметті достар, Ақиық ақын Айбергеновке арнаған жыр кешімізді осымен қорытындылаймыз.
Қатысқан оқушылар сахна төріне шығады, «Атамекен» әні орындалады
Сөз Мектеп директоры Кашкинбаева Жанат Штықпанқызына беріледі
Сценарийді дайындаған Үштерек орта мектебінің кітапхана меңгерушісі Тұрысбекова Райхан Қалдыбекқызы
Сыр-сұхбатты жүргізген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бакисова Диана Жонысқызы
Жүргізушілер:
Жұмашева Аида – 10 «А» сынып оқушысы
Сабаз Айеркем – 10 «А» сынып оқушысы
Жыр оқығандар:
Дастан Мейірбек - 7 «А» сынып оқушысы
Назарбаева Дина - 7 «А» сынып оқушысы
Сарсенғалиева Айша - 9 «Ә» сынып оқушысы
Колбергенова Айдана - 8 «А» сынып оқушысы
Тогаев Ерлан - 8 «А» сынып оқушысы
Телемисова Тахмина - 7 «Б» сынып оқушысы
Агусова Мерей - 7 «Б» сынып оқушысы
Таласбаева Аяжан - 9 «А» сынып оқушысы
Әндерді дайындаған музыка пәнінің мұғалімі – Шапиева Бағлан Шәкенқызы
Ән айтқандар:
«Ақ ерке Ақ жайық»
Қосдаулетова Ләйлә - 7 «А» сынып оқушысы
«Мені ойла»
Мақсат Мұрат - 8 «А» сынып оқушысы
«Атамекен»
Шапиева Бағлан - музыка пәнінің мұғалімі
Асхатқызы Іңкәр - 2 «А» сынып оқушысы
Мақсат Мұрат - 8 «А» сынып оқушысы

