жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
Бұл жерде мақала түрінде автор ойы толық берілген
Ұстаз атың биік, әрі мәңгілік...
«Адамның адамгершілігі – жақсы ұстаздан болады».
Дүниедегі барлық табысты тұлғалар да, қарапайым жандар да, бәрі де ұстаздың алдын көргендер. Нендей дәрежеге жетсе де, бастау алған қайнары – сонау бала кезгі арманымен ұштасып жататыны шындық. Себебі алғашқы ұстаз – адамға өшпес рух, мұқалмас жігер, шабыт сыйлай отырып, келешекке деген сенімді бірінші боп ұялатады. Бұл – сірә да, бұлжытпас ақиқат шығар. Олай дейтінім, кім де болса дәлелді өз айналасынан, өз басынан өткерген дүниеден табады емес пе?
Бала күнгі арман жайында сөз болса, алдымен бастауыш сыныпта оқып жүрген балаң кезім ойыма оралады...
Көз алдымда шағын мектеп... Аттап дәлізге аяқ бассаң, оң жақтағы бірінші бөлме – біздің 1-сынып. Сол бөлмеге кім де болса асық: іші сәулеге толы секілді. Шүпірлеген сары ауыз балапандарға ұқсап мұғалімнің айналасына топталған біздер үнемі у да шумыз.
-
Тәйт!-деп жекіру, сабырға шақырып, тыныштық талап ететін бір қатқыл үн де болмайды. Қашан да қызу қайнаған, қозғалысқа толы сынып едік. Ортада нұр жайнаған ақша жүзді, талдырмаш, қолаң шашы айрықша сән беретін, қоңырау үнді аяулы ұстаз әлдене түсіндіріп тұратын. Үстелінің бетінде кітап, қалам, сызбалар, сандаған көрнекіліктерге толып жататын. Сырттан түйіліп кірген қабағымыз, бейне анамыз құшағына алғандай, дереу мейірлене, шырайлана қалатынбыз.
Сол анамыз, ақылшы ұстазымыз әлі күнге сол жылуға толы бейнемен көз алдымызда. Мұсабаева Гүлжаһан апай – бала қиялына қанат берген, арманына қуат, мұқалмас жігер сыйлап, қанша қыранды түлетіп ұшырды.
Бүгінде тырнақтай болсын жетістікке жолыққан болсам, Гүлжаһан апайдың берген тәлімі, артқан үміті, білдірген сенімінің арқасы дер едім. Және бұлай бір мен ғана айта алмаймын. Еліміздің әр қаласында түрлі салада еңбектеніп жүрген Гүлжаһан апайдың шәкірттерінің барлығы әуелі Аллаға, кейін ұстазға алғысы шексіз.
Бейнесі, сөздері, болмысы жүрегіме жақындығы сол, тиянақты ісін, абыройлы ізін жалғамақ ниетте өзіме серт бергем. Гүлжаһан апай сияқты әр баланы шексіз сүйіп, болашаққа дұрыс бағыттап, тәрбиенің тұнығына өрлетпек ниеттемін. Мақсатымды тәуба, бүгінгі таңда жүзеге асырып жатырмын. Түскен жолымның дұрыстығы шығар, бағындырған белестерім де баршылық. Тек осы жолда Темірқазықтай жөн сілтеген білімнің кемесі, мені ешқашан жалқаулыққа салынбай, мақсатыма тура бағыттап апарса екен.
Түрлі байқауларға қатысып, шығармашылығымды шыңдап жүрген жетекші ұстаздарыма да дән ризамын. Менің тұлға боп түзу қалыптасып, алдыма кітап беріп, өмірдің білімсіз қараңғы екенін жадыма ұқтырып әлі де мықты ұстаздар жанымда келеді. Солардың арқасында демеуімен, қолдауымен білім мен өнер бәйгелерінде оза шауып, жүлдемен қуантып жүрмін. Қарапайым адамға бұл да бір азық. Көпке масаттанбай, қанағат, шүкірлікті де үйреткен кезінде Гүлжаһан апайдың өзі. Сондай-ақ, тоқтаусыз еңбек, табанды болу, қашан да ізденіс. Осы менің өмірлік ұстанымдарымның да иесі сол кісі.
Кең жүректі асыл апайым жайлы таңнан таңға айтудан жалыққан емеспін. Келіп жеткен кезекті мерекесі қарсаңында онлай болса да, құттықтауымды жеткізуге асығып жүрмін. Еңбегіне екі дүниеде де Алланың рақымы жаусын, шексіз рахмет! Қатты жақсы көремін!
№40 А.Қыраубаева атындағы
орта мектептің 9-сынып оқушысы
Нұртай Уәлихан
Қызылорда облысы
Шиелі ауданы
1 Май ауылы
Сәрсенбаева Рая
1 Май ауылдық клубының көркемдік жетекшісі
шағым қалдыра аласыз



Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген