Бурабайдың қазіргі кездегі
экологиялық жағдайы.
Алматы қаласы Алатау
ауданы
№152 мектеп -
гимназия
География пәні
мұғалімі
Омарханова Ақбота
Нұрғалиқызы
«Арқада жер жетпейді
Бурабайға!» деп ғасыр бұрын жырланса, содан берменгі уақыт ішінде
осынау ғажап мүйістің мәртебесін арттырып, экологиялық табиғи
жүйесін дамытып, жетілдіру бағытында сол сұлу аймақтың айдарынан
жел естірер іргелі шара қолға алынбаған екен. Көкше өңіріндегі
осынау табиғат жауһарына тек Тәуелсіздік тұсында ғана шындап көңіл
бөлудің мүмкіндігі туды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тапсырысымен,
шешімдерімен арнаулы іс – шаралар қолға алынды. Сол іс – шаралардың
нақты іс жүзінде орындалуы қай дәрежеде? Бурабай – Щучье курортты
аймағы бастан кешіп келген уақыт көш – керуенінің он бойындағы
ақтабан жол сорабына үңілер болсаңыз адамдар тарапынан жасалынып
жатқан жабайы тағылық шабуылдар үдей түспесе әсте сабыр – саябыр
тартып, толас көрмегендігін аңдар едіңіз. Сонау Абылай дәуірінен
басталған арайлы аймақты игеріп, өз кәдесіне асыру қам –
қаракеттерінен қамқорлықтан гөрі қорқаулық, қорғаштап сақтаудың
орнына аяусыз тонау сипаттары елес беріп отырады. Абылай ғана
Бурабайдың іші – тысын сақтау, аймақпен іргелес жатқан Қызыл ағаш,
Хан көлі, Бүркітті, Қарақалпақ тауы, Қылшақты өзені, басқа он сан
көлдер мен бұлақ бастауларынан аяқасты қалмауын қатты қадағалап,
күзетіп, оспадар әрекеттерге тыйым салған. Кезінде біздің «тасына
таңба салуға Абылайдың өзі баптаған» деп толғануымыз содан болатын.
Ұлы хан бұл өңірден өкше көтергеннен соң – ақ Бурабайды көкпарға
түскен серкедей бор –байдан іліп алып, әр тұсқа жұлмалай тарту,
тонау, тағылықпен талау басталды. Осы үрдістің тізгін бермей үдере
дүрлігуі Омбыдағы орыс ұлығының Бурабайдың кіндік тұсынан ойып
алып, Ресей солдаттары мен ақсүйектерін құрт ауруынан емдеу,
сауықтыру орнын ашумен орайлас келді. Сібір өлкесі мен алапат қазақ
жерінің бір де бір пұшпағында кездеспейтін ғажап, мөлдір,
көкірегіңе емдауа болып сіңіп ктер шайырлы, эфирлі ауасы құрт
ауруының бетін қайырар қуатымен оқшауланды. Осы бір ғаламат сырдың
тетігін таныған орыс ұлықтары Бурабайды игеріп қана қойған жоқ,
иектеп иелік етті, ойларына не келсе соны істеп бақты. Аз ғана жыл
ішінде өз тарихын тоқсан жылдың әр жағынан бастайтын бүгінгі
Қарағайлы (Бурабай) шипажайы түбегейлі оранып, қанатын кеңге жая
түсті. Аспанмен астасқан ғасырлық қарағайлар оталып, сауықтыру
орындары, оларға қызмет ететіндердің баспаналары бой көтере
бастады. Сөйтіп аз ғана жыл ішінде бірнеше мыңдық тұрғыны бар
Бурабай қыстағы ірге бекітті. Казачество тасқыны бұл кезде Бурабай
төңірегіне өз шеңгелін батыра салып емін – еркін иелікке көшкен.
Станица бекеттер тұрғыза бастаған. Сонымен ғасырға жетпес келеңсіз
кезеңде Бурабайдың аядай аумағы төрт құбылысын түгел қымтай қаусыра
қысқан қоныстармен құрсауланды. Кеңестік кезеңде бұл құрсаулы
шеңбер одан әрі ширатылып Бурабайдың қылта мойнына түскен қыл
арқандай тынысын одан әрі тарылтып тұншықтыра тұралата бастаған
еді. Бурабайдың күншығыс қапталындағы күре жол бойына келіп құс
фабрикасы ірге тепті. Көкшетаудағы курортты аймақтың саф ауасына уу
болып араласқан құс саңғырығын саңғытып жатқан фабрика дүрілдеп
шыға келді. Қолдан рекультивациялау, фильтрациялап залалсыздандыру
ешкімнің ойына да кіріп шықпады. Кезінде көрнекті ғалымдар
В.А.Александров, Н.Д.Беклемишев, И.А.Владинский, В.Д.Владинский,
В.Д.Дудецкий Бурабай аймағынан адамдар денсаулығына араша түсер
емшара орталығын ашып, халыққа қызмет етуді көздеген ізгі – мұратты
көздеді. Жүйрік көлікпен бірер сағатта – ақ Бурабайдың іші – тысын
адақтай аралап шығуға болатын Арқа төсіндегі ұлтарақтай ғана
мүйісте бүгінде 70 – тен астам санаторийлер мен сауықтыру орындары
жұмыс істеп тұр, осындайда қазақтың «көк қарға артына қарамай әулие
ағаштың басына саңғиды» дегені еске түседі. Бурабайды әулие ағашқа
теңей алсаңыз, табиғатымызды аялайық, табиғи ландшафттарды ұтымды
пайдаланайық.