Материалдар / Диктант мәтіндері

Диктант мәтіндері

Материал туралы қысқаша түсінік
Диктант мәтіндері
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады

5-сынып

Нөлдік бақылау диктанты


Жақсы бала


Сабақ арасындағы үзіліс кезі. Самбырлаған сөз, сыңғырлаған

күлкі.

Сабақтан шыққан екі мұғалім апай ұстаздар бөлмесіне қарай бет алды. Қарғашты сөмкесімен ұрып қашқан тентек Теміртай бұларды да екпінімен келіп, қағып кете жаздады. Жақтырмаған пішінмен қабақтарын шытып бұрылып қарады да, екі ұстаз әңгімелесіп өте берді. Теміртайдың әдепсіздігіне басқа балалармен бірге, дәліздің анау шетінде тұрған Оңалбек дейтін бала қатты ұялды. Ол мұғалім апайлар өзіне жақындағанда, қылмысты адамдай қызарып кетті. Бар тапқаны – сыпайы шегініп, құрметпен жол берді. Мынадай жағымды қылық мұғалімдерді жалт қаратты. Олар: «Қандай жақсы бала еді мына бала! Қайсы сыныптың баласы екен бұл?» - деді.

(92 сөз)
















6-сынып

Нөлдік бақылау диктанты


Қаныш аға


Қаныш Имантайұлы Сәтбаев - жаны жайсаң адам. Екеуміз ақбөкен аулауға шыққанбыз. Маған алты аңды ғана атуға рұқсат берілген еді. Ақбөкенді машинамен қуып бердік. Табыннан бір текені бөліп алдық. Мылтығымды Қаныш Имантайұлына беріп, атыңыз дедім. Ол мылтықты кері итеріп: «Ақбөкен көріксіз аң дейді жұрт. Сөз емес! Ақбөкен сүйкімді. Қарашы, әне қалай орғиды. Бұдан мыңдаған жылдар бұрын біздің жерімізде мамонттар жайылып жүрген. Олар жойылып кетті. Ол кезде ақбөкендер де өмір сүрді. Әлі күнге дейін тіршілік етіп келеді. Осы сұлу аңға қалай ғана қол көтере алам? Жайыла берсін,» - деді. Содан кейін мен де атуды тоқтаттым. Теке жайына кетті, бірақ ажалдан кім арашалап қалғанын білмей кетті.


(103 сөз)
















7 – сынып

Нөлдік бақылау диктанты


Ән

Абай жайлаудағы ең әнші, өнерлі жастарды жиып әкеп, соларға бар пейілін беріп отыр. Осындай ойын – сауық жиынның ортасында ең қадірлі бір топ қонақ бар. Бұлар – қазір төрдің тап ортасында, жағалай көрпе үстінде ақ жастықтарды шынтақтаған сал – серілер. Солардың ішіндегі ең көрнектісі және бар жиынға қадірлі, сүйіктісі – мынау қос ішекті домбыраны безілдетіп отырған орта бойлы, қызғылт жүзді, кең, ақ маңдайлы, нұрлы жігіт еді.

Ол – Арқаға аты шыққан, бүкіл елді асыл саз, әсем әнімен ұйытқан Біржан сал. Өзі ақын, өзі әнші, өзі сері Біржан. Үстінде қара мақпал, кең, жеңіл шапаны бар. Омырауы ағытылған, ақ көйлектің сыртынан киген сарғылт түсті, қытайы жібек қамзолы бар. Оқалы тақиясының жібек шоғы ырғала түседі. Оның құйқылжыған әнін жасы мен кәрісі бар қалың жиын қыбыр етпей ұйып, мүлгіп тыңдап отыр.

М.Әуезов. (122сөз)















8-сынып

Нөлдік бақылау диктанты


Өмір жорығы


Күміс қылыштай жарқылдап, найзағайдай ағып келе жатқан атабалық – Көкқасқа осылай бір жүйткитін кезең таянып қалғанын бірталайдан бері сезінген еді. Оқтаудай жұмырланып алған жарау дене көк болаттай иіліп-бүгіліп әрі күшті, әрі оңтайлы сырғиды. Көздері жалтылдап, барлық денесіне маржандай қызғылт бөрткен шығып кеткен. Әшейіндегі күнкөрісте Көкқасқаның сырт бояулары су астының балдырымен реңдес күңгірт болушы еді, енді, міне, құммен аршылған ескі күмістей жарқ-жұрқ етеді.Түнгі қара көк аспанды аққан жұлдыз қалай тіліп өтсе, теңіз астының қара көк тұңғиығын Көкқасқа да солай тілігілеп жүр. Ол бүгін жарқыраған ағынға, қажымасталмас екпінге айналған.

Бүгін ол теңіз астын кең орай жүзіп, дамылсыз кезіп жүр.Күн көрістің бақай қимыл, баяу қозғалыстарын, қапы қалтарысын аңдитын дағдылы бой тасаларын біржола ұмытқандай, оқшау орғып әдейі көзге түседі.Теңіз астындағы әлемнің бәрі көрсін дегендей, өңешті мен тістілердің бәрінен де қаймығар емес.

(Ғ. Мүсірепов) (131сөз)













9-сынып

Нөлдік бақылау диктанты


Аққулы көл


Жаз. Жер жүзі көгеріп, жасыл ала жібекке оранып құлпырады. Аққулы көлдің жағасында тізіле қонып алты ауыл отыр.

Жаздың алтын нұры ойнаған шуақ күні еді. Аққулы көлдің жасыл ала қамыстары көк жібекке тіккен жасыл ала кесте сияқты. Аққулы көлдің жағасы жасыл кілем жайғандай балбыраған кезі еді.

Көл ортасында қалың жасыл ала қамыстың айналасы – айнадай жалтылдаған кең жайқын. Сол жайқында аппақ болып шаңқиған екі аққу сыланып, ақырын әсем жүзіп көлеңдейді. Екі аққу ұзын, сұлу мойындарын иіп, көл ортасында сұңқылдап, аппақ денесін күміс суға төсеп, әсем жүзіп, күміс судың айнадай мөлдірін шымырлатып сызады.

Екі аққудың нәзік сұлу үнмен сұңқылдап жүзген күміс сызығынан сылдырап, меруерт, гауһар моншақ тізіледі. Сұңқылдаған дауысты, ақ маңдайлы қасқалдақтар, қырқылдап ойнаған қоңыр үйректер, теріс аяқтар, маржан көз сүңгуірлер. Қаңқылдап ұшып-қонған қоңыр қаздар, шулаған шағалалар. Көкке шығып, зыр қағып безектеп сұңқылдаған ұзын аяқ, бізтұмсық тауқұдіреттер, тағы да толып жатқан неше түрлі құстар көл басын сұлу күйлі думан қып жатты.

(С.Сейфуллин) (150 сөз)













10-сынып

Нөлдік бақылау диктанты

Байұлы


Байұлы жеті жасар күнінде ел көшіп, көп балалар: біреу тайына, біреу атына мінгенде, бір бала жыламсырап қарап тұрып қалды. Мұны көріп, Байұлы қасына барып:
- Сен неге атыңа мінбейсің? - деді.
Бала қамығып:
- Атым жоқ, көшкенде әжеммен түйеге мінуші едім, - деді.

Сонда Байұлы аттан түсіп, жаяу әкесіне барып:
- Мен атқа мінгенде, ер-тоқымымен маған бір жорға тай атап едіңіз, сол тайымды біреуге берсем сіз ұрыспайсыз ба? - деді.

Әкесі:
- Кімге бересің? - деді.

Бала қысылыңқырап тұрып, жаяу жылап тұрған жарлының баласын көрсетті. Бұған әкесі де түсініп, бетінен сүйіп:
- Тайыңды кімге берсең де, ерік өзіңде,- деді.

Сонан соң Байұлы қуанып, тайды ерттетіп, манағы балаға әкеп беріп, қасына ертіп алды да, шауып кеп, көп балаға қосылды. Сол уакытта бір ақсақал, жақсы кісі қонақ болып жатыр екен, Байұлынын әлгі мырзалығын көріп, разы болып, сыртынан бата берді:
- Ей, құдайым, бұл балаға ұзақ жас бер, мал мен бас бер, - деп. Сол кісінің батасы қабыл болып, ақырында Байұлынан он екі ұл туып, бәрі де асқан бай, руға бас болды. Он екі ата Байұлы деген ру сонан болды деседі.

Ы. Алтынсарин. (167 сөз)





11-сынып

Нөлдік бақылау диктанты


Ғылым артық па, мал артық па?


Әзіреті Әлі шешен, әрі білгір адам болған екен. Бірде он жөйіт сынамақ болыпты. Біз оған бәріміз бір сұрақ берейік, егер ол шын шешен болса, оған түрлі жауап табар деген екен.

Сөйтіп олар:

Ғылым артық па, мал артық па? – деп сұрапты.

Сонда Әзірет Әлі былайша он түрлі жауап беріпті: біріншіден – ғылым артық. Өйткені ғылым – әулие-әмбиелердің мирасы, ал мал – перғауын мен Қарынбайдың мирасы.

Екіншіден – ғылым артық. Өйткені, ғылым сені сақтайды, ал сен малды сақтайсың.Үшіншіден – ғылым артық. Өйткені, ғылымның досы көп, малдың қасы көп. Төртіншіден – ғылым артық. Өйткені, ғылымды жұмсасаң арта береді, малды жұмсасаң азая береді. Бесіншіден – ғылым артық. Өйткені, ғылым саған құрмет-атақ береді, ал мал қатты, сараң деген атақ қалдырады. Алтыншыдан - ғылым артық. Өйткені, өзін-өзі сақтайды, асырайды, ал малды бағу, күту керек. Жетіншіден – ғылым артық. Өйткені, қиямет күні иесіне шапағат қылғызады, ал мал иесіне қисапсыз жауап бергізеді. Сегізіншіден – ғылым артық. Өйткені, ғылым тозбайды, жоғалмайды. Ал мал – қолдың кірі, өледі, жоғалады. Тоғызыншыдан – ғылым артық. Өйткені, ғылым көңілді нұрландырады, адамға ақыл-ой қосады; ал мал қоңыз етеді.Оныншыдан – ғылым артық. Өйткені, ғылым құдайға зәһәт, таупиық, ғибадат қылады; ал мал иесінің көңіліне тәкәппарлық салады.

Бір ауыз сұраққа он түрлі жауап берген Әзірет Әліге жөйіттер содан соң мойын ұсынған екен дейді.

(199 сөз)


14 Ақпан 2025
177
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі