Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз

Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
1 жыл бойы тегін жүктеу мүмкіндігіне ие болыңыз!
жеңілдік
Ғылыми жоба: Дала данышпаны- Мөңке би
«ҚАЛАЛЫҚ ЖАС ТУРИСТЕР СТАНСАСЫ» МКҚК
Ғылыми жұмыс
Тақырыбы:
Мөңке би-дала данышпаны
Ғылыми бағыты: тарих және өлкетану
Орындаған: Сәрсенова Айдана
Жетекшісі: ҚББП Мерекеева Айжан Байғалиқызы
Ақтөбе - 2021 жыл
Мазмұны
I.Кіріспе……………………………………………………………………3
II.Негізгі бөлім
2.1.Тілеу батырдың ұлының дүниеге келуі……….......…………………4-5
2.2. Мөңке бидің күйшілігі халқында ……………………………..…….6
2.3.Аузына халқын қаратқан ……….....………………………………...7-10
III.Қорытынды…………………………………………………………….11
IV.Пайдаланылған әдебиеттер тізімі……………………………………12
V.Қосымша……………………………………………………………….13
1.Кіріспе
Тәңірі артық жаратқан,
Аузына халқын қаратқан,
Қара қылды қақ жарған,
Алдынан топты таратқан,
Мөңке, Төле, Қазыбек,
Әйтеке-Алшын, би Кебек.
Қазақ халқының жадында сақталған батырлар жыры мен аңыз-әңгімелер аз емес. Дала данагөйі Мөңке би жайлы да ел аузында хикая көп. Оның есімі көзінің тірісінде-ақ аңызға айналып, ел ішінде кең тарады. Ел аузында ол болашақты болжағыш көріпкел, құт дарыған, яғни Жаратқанның ықыласы ауған киелі кісі атанды. Ұлы далада ондай адамдарды әулие дейді.
Мөңке биді ХVІІ – ХVІІІ ғасырлардағы қазақтың ең танымал тұлғасы десе де болар еді, алайда қазақ даласында одан асқан жұмбақ жан болмаған. Ол кісінің өміріне қатысты нақты дәлелдер тарихшылардың өзінде тым тапшы. Дей тұрғанмен, Мөңке бидің өмірі мен атқарған істері туралы үзік-үзік болса да, бүгінге жеткен мәліметтердің бары рас.
Белгілі бір тарихи кезеңде өмір сүрген әрбір ақын- өз дәуірінің , қоғамының перзенті, сондықтан да ол өз заманының әлеуметтік күйін, тұрмыс -тіршілігін өлең сөзге айналдырады. XV ғасырда өмір сүрген кеніш ойдың иесі Асанқайғы Алтын Орданың орнына пайда болған хандықтардың бәрінің құрып бітетінін болжап бере алған. Қазақ тарихындағы осы үрдіс сабақтастығын XVII ғасырда Ақтөбе өңірінде туып-өскен ойшыл Мөңке Тілеуұлы өз заманында билікке араласқан қоғам қайраткері еді, бұл жөнінде белгілі жазушы Әбіш Кекілбаев «Елең- алаң» атты тарихи романында атап өткен. Сол дәуірдегі қоғамдық болмыс пен қоғамдық сананы терең зерттей алған Мөңке қазақ халқын келешекте не күтіп тұрғанын да айтып кеткен. Болжаудың әрбір сөзінде суреткерлік сипат бар.
2.Негізгі бөлім.
2.1.Тілеу батырдың ұлының дүниеге келуі.
Саясат қанша көлеңкелегенмен, жоқ қылып жібермек болғанмен ел- сақталған асыл текті ардақтылар болады. XVII ғасырда өмір сүрген, 1681-1684 жылдары астанамыз Түркістанды қорғаған, Сайрам соғысының қаһарманы, Әз Тәуке таққа отырғанда хан сайлауына қатысқан көреген саясаткер, сайыпқыран қолбасы, Ақтөбе өңірінің перзенті Тілеу Айтұлы осындай адам еді.
Тілеудің арғы атасы- Едіге. Едіге тарихи деректерде «Дешті Қыпшақ әміршісі», «Татария императоры», «Алтын Орда билеушісі», ал халық санасында «Ел қамын жеген ер Едіге» атанған ұлы бабаның ұрпағы. Түркілерде «Едіге» дейтін көркемдік қуаты өте күшті таңғажайып халық эпосы бар. Ноғай, татар, қарақалпақ, башқұрт, өзбек, түрікмен халықтарында сақталған. Эпосты Шоқан Уалиханов, В.М.Жирмунский зерттеген.
Тілеудің бергі атасы-Ноғай Ордасының билеушісі Мұса. XV ғасырда Алтын Орда ыдырап, 7хандыққа бөлінгенде ағайынды жігіттер Мұса мен Жаңбыршы- Ноғай Ордасын билеген. Бұл да тарихта аққа қарамен таңбаланған, Мұсадан Сидақ(Сейдахмет), Орақ, Мамай, Алшағыр туған. Сидақтан Мәку(Қалу), одан Бөлек, одан Айт пен Бұжыр, Айттан Тілеу мен Қабақ туған. Сарышолақ шайыр шығарған атақты «Тілеу-Қабақ» әніндегі есімдері аталған осы батырлар. Әйгілі «Орақ-Мамай» эпосы да баршаға мәлім. Міне, Тілеудің арғы аталары осындай текті болған!
Тілеу мен Қабақтың бергі ұрпақтары- Қалдыбай хан, Әзберген хан, 1000 жылдығын болжаған Мөңке әулие, Сары Шоңай, Мырзағұл би мен Сарышолақ шайыр, Ұранға шыққан Бақтыбай,Есет, Дәрібай, Көтібар батырлар.
Мұса әулеті Бұжырдан-XX ғасырда қазақ мәдениеті мен ғылымының бір бұрышын тіреген Жұбановтар тараған.
Бұл 1675 жылдың желсіз тымық бір кеші болатын. Шағыл құм төбенің етегінде күндізгі аптап титығына жеткен аттар бастарын төмен салып, сұлық тұр. Сарбаздар күннің ми қайнатар ыстығынан сексеуіл бұтақтарына ілген шекпендерінің болмашы көлеңкесін паналап, қисая- қисая кеткен.
Осы кезде құм төбенің басында тұрған қарауыл:
– Салт атты келе жатыр, – деді дауыстап.
Тілеу мен Аман төбеге көтерілді. Екеуі алысқа көз тігіп ұзақ тұрды. Жалғыз атты күн күйдірген қуаң даламен желдіртіп келеді. Атының аяқ алысы ширақ емес, ұзақ жолдан шаршағандай. Шапанында кепкен қан дақтары байқалады. Басындағы қалпағы күміс жіппен зерленген.
– Мынау біздің шектінің жігіті, – деді Тілеу сенімді дауыспен. – Бас киімінің пошымы бөлек, оны тек біздің ауылда ғана тігеді.
– Көзің қырағы екен. – Аман таңданысын жасырмады.
– Ендеше ұлыңның бауы берік болсын!
– Оны қайдан шығардың? – деп Тілеу оған қасын кере қарады.
Сар желдіртіп, төпеп келеді. Ағасы Қабақ екен, жазбай таныды. Садақ, жебесін жиып, бұл да тебіне түсті. Тілеу алыстан амандасып, сәлеміне жауап күтпестен:
– Шынымен ұл тапты ма? – деді қоңыр даусын созыңқырап.
– Сенің көріпкелдігің бар ма немене? Сонша жерден басымды қатерге тігіп, бекер сабылған екем ғой... Ағайынды екі жігіт қосыла күліп жіберді.
– Қариялар ұлыңды атақты Мөңке ханның есімімен атады.
Тілеу батыр тұнық ауаны басына көтере қарқылдап жібергенде, астындағы бедеу ат ала жөнелердей боп ауыздығымен алысты.
Сүйінші хабарды естігенде Тілеу жоңғарлармен шайқаста жүрген болатын. Оншақты күнге созылған шайқаста жеңіп үйге қайтатын күнге жетіп, сәбиді қолына алғанда, кеудесін шаттық кернеп, бойындағы бұлқынып жатқан әкелік сезім бұрқ етті. Ол жұлдызың жоғары болсын деген ырыммен баласын басынан асыра көтеріп еді, Мөңке шалықтады. Тілеу жеңіл қағып, одан да гөрі биіктетті, сәби сықылықтады. Әкесі тағы әуелете қаққанда, Мөңкенің күлкісі үдей түсті... Қариялар бастарын шайқап, таңдайларын қақты. Бірі «мына баланың болашағы зор болады екен» деп қалды сонда. Оның айтқаны айнымай келді. Алайда ертеңгі күні Мөңкенің жарық жұлдызы Ұлы даланың қай түкпірінде болмасын жарқырап тұрар-ау деп ешкім болжаған жоқ...
2.2.Мөңке бидің күйшілігі халқында.
Аузы дуалы Шекті Мөңке би атышулы Тана, Түрке тәрізді кіші жүздегі әйгілі билермен, жыраулармен, дала данышпандарымен, сондай- ақ жасы кіші болса да алты Алашқа танымал әрі батыр, әрі би Байбақты Сырыммен замандас болған. Олармен сөз сайыстырып, билік таластырып, әділ қазылығымен ел арасында абырой- атаққа бөленген. Сондықтан оның би шешендігі бір қыры болса, халыққа әлі беймәлім емшілік, күйшілік өнері тағы болғанын сөз етеміз.
Мөңкенің жастау кезі, Атырау мен Ақтөбенің арасындағы айқай құмның ішінде жолаушылап келе жатады. Алдынан кезіккен ауылға ат шалдырып, шөлін басып алмақшы болып бұрылады. Сөйтіп, ауылға кіре бергенде алдынан қария ілбіп шығып тоқтатып, ауылдың түгелдей обадан қырылып қалғанын, қария да қызы екеуінің ауырып, күндерінің жақындағанын айтады. Мөңке сол бойда аттан түсе салып, бір үйден шұбар аяқ тауып алып, оған қос уыс қара тұзды салып, суға қосып езіп, шалға және қызға ішкізеді. Өзі де ішіп, көп аялдамай жүріп кетеді. Кейін араға апта салып әлгі ауылға қайта соққанда қария да, қызы да аман қалғанын көреді.
Бізге Мөңкенің күйлерінен сақталғаны ма,әлде бары сол ма, жеткені 4 күй ғана.Былай алып қарағанда, төрт күй де аз дүние емес. Айтайын дегенім, қазаққа осындай төрт жауһар күйді сыйлаған Мөңкенің басқа да күйлерді шығаруы әбден мүмкін. Небір күйшілердің күйлері ғасырлар белесінде басқа біреулерге ауысып кеткен жағдайлар да кездескен. Сондықтан Мөңкенің күйлері де біреулерге телініп кетуі мүмкін. «Өттің, жалған-ай», «Шалқыма», «Қиқу дәурен», «Жиын-алқа, кеңес» - бұл төрт күйдің Мөңкенікі екеніне дау жоқ, себебі өзіндік қолтаңбасы бар.
Мөңке бидің «Жиын-алқа, кеңес» күйін батыстағы Қызылқоғаның тумасы, қазақтың талантты композиторларының бірі- Мәкәлім Қойшыбаев өзінің үш бөлімнен тұратын «Ре-Мажор» симфониясында негізгі тақырып ретінде пайдаланылған. Қазір бұл күй Құрманғазы ұлт-аспаптар оркестірінің репертуарында және симфониялық үлкен оркестірдің алтын қорына мәңгілік сақтауға алынған.
2.3.Аузына халқын қаратқан.
Қазақтың би-шешендері жайлы деректерге қарағанда Мөңке би Сырым Датұлымен жиі араласқан. Бұған «Мөңке мен Сырым бала», «Сырым бидің батасы», «Мөңкенің сұрағына Сырымның жауабы» әңгімелері дәлел бола алады.
Ғалымдар арасында Мөңке биге алғаш назар аударған Ахмет Байтұрсынұлы. Ол өзінің әйгілі «Сауат ашқыш» деген еңбегінде Мөңкенің бір билігін үлгі есебінде ұсынады, әрі ол билікті басқа емес, Шекті Мөңке айтқанына куәлік берген. Мәтіні мынадай:
«Шекті ұлы Мөңке би жеті жасында билік айтып, кісі құны дауды бітірген екен»,- дейді.
Бір судың бойына бір бай ауылы келіп қонады. Су бойында бір топ бала ойнап жүрсе, балаларды бай қуалайды. Байдың астындағы асаулау байтал балалардан үркіп кетеді, байдың бөркі аспанға ұшып, байталдың алдына түскен кезде, байтал тулап, бай жығылып жан тапсырады.
Байдың елі балаларды кіналап, құн алмақ болады. Екі жақты бітімге келе алмай дау аптаға созылады. Сонда 7жасар бала Мөңке айтады: « билікті маған берсеңіздер, менің айтатын билігім мынау дейді: Ердің құны 100 жылқы, бұл істе тентек төртеу: әуелі ойнап жүрген бала тентек, екінші оны қуған бай тентек, үшінші үріккен байтал тентек, төртінші бастан ұшқан бөрік тентек. Төрт тентекке 100 жылқыны бөлу керек»,- дейді.
Сонда жүз жылқының үш бөлімі байдың өзіне түсіп, бір бөлігін ғана бала жағы төлейді. Жұрт бала билігіне ырза болады.
Бірде Мөңке би түс көріп, сол түсін Сырым батырға жорытпақ болады.
Бір жолы бәйгеге 40 ат қостым, біреуі де бәйгеден келмеді. 30 ат қостым -біреуі де бәйгеден келмеді. 5 ат қостым, төртеуі бәйгеден келмеді де, біреуі ғана қарақшыға аман жетті. Аман жеткені сол, келе сала пышаққа ілікті. Әлгі аттың ішін жарып жібергенімде қасқыр шықты, қасқырды жарғанда түлкі шықты. Түлкіні жарғанда қоян шықты. Осыны жорып берші, — дейді Мөңке би.
Сырым түс жорудың жолын Мөңкенің ұзатылып кеткен қызына беруді ұйғарады. Бірақ, ол би үш рет шақыру жібергеннен кейін әрең келеді. Қыз түстің жайын білген соң Сырымға:
— Түсті жездеңе жорытпа, жиеніңе жорытпа, әйелге жорытпа деген сөз бар еді… Сонда да айтайын — дейді.
—Түс – адал түс, қияли түс, шайтан түс деп үшке бөлінеді. Мұны қай түске жатқызарымды білмеймін бірақ оның шешуі мынадай:
“40 ат дегеніңіз – мұсылманның 40 парызы орындалмай қалатын заман болады екең 30 аттың бәйгеден келмей қалатыны – 30 күн ораза ұстамайтын заман туады екен. 5 аттың төртеуі келмей, біреуі келгені – бес уақыт намаз қаза болып, оны біреу оқып, біреу оқымайтын кез келеді екен; қасқырдың шыққаны – кісінікін тартып алып, ұрлап жейтін зорлықшыл заманның туатыны шығар; түлкі шыққаны – алдаушы мен арбаушы көбейетің түлкідей бұлаңдаған заманның күтіп тұрғаны шығар; қоян шыққаны – ұрпақ үрейленіп өсетін, көлеңкесінен қорқып жүретін заман болар”. Осыны айтып болғаннан кейін Мөңке бидің қызы:
— Маған түс жорытқандарыңыз қате болды, күндердің күнінде әйел билейтін заман келеді. Ол заманда әйелден ұят кетеді, еркектен намыс қашады, менің үш рет шақырғанда зорға келуімнің сыры осында еді, — депті. Осы жазбадан Мөңкенің қызы Шынарға әкесінен әулиелік қабілеті дарығанын білуге болады.
Мөңке биді тани түсуге жетелейтін тағы бір жайт, атақты би Мырзағұл Шыманұлының айтқан сөзінен бастау алған ой дер едік. Ол кісі кезінде: “Алдағы жүз жылдығын болжаған Мөңке би өткен бізден”, — деген екен. Иә, Мөңкенің қайраткерлік билігінен де, тауып айтар шешендігінен де дәл осы алдағыны болжай білген сәуегейлік болмысы кім-кімді болса таңғалдырғаны сөзсіз.
Бір кезде елдің ертеңін ойлаған Асан қайғы:
Мұнан соң қилы-қилы заман
болар,
Заман азып, заң тозып жаман болар.
Қарағайдың басына шортан шығып,
Бабалардың дәурені тәмам болар, - деп
таусылса,
Бұқар жырау:
Ай заман-ай, заман-ай,
Түсті мынау тұман-ай,
Істің бәрі күмән-ай.
Баспақ-тана жиылып,
Фәни болған заман-ай,
Арғымағын жоғалтып,
Тай жүгірген заман-ай, - деп толғанса, Мөңке толғамдары да белгілі бір дәрежеде солармен үндес. Ол осы айтылғандарды қисынды жалғастырып, Асан қайғы мен Бұқар жырау бейнелеген заманға тереңдей түседі, заманның зары не болмақ дегенді болжауға тырысады. Сөйтіп мұндай мезгіл туғанда:
Көлдің суы бітіп, табаны
қалар,
Аттың жүйрігі кетіп, шабаны қалар.
Жақсының атағы кетіп, азабы қалар,
Әулиенің аруағы кетіп, мазары қалар.
Сөздің маңызы кетіп, самалы қалар,
Сөйтіп, ақылы жоқ, санасыздың заманы болар, - деп
толғанады.
Мөңке әулиенің бұл айтқандары кейін қазақ басына айнымай келді. Өз халқының эпикалық, эстетикалық, ұлттық салт-санасынан өгейленіп өзгенің көлеңкесінде кетер күнді Мөңке қазақтар үшін ақырзаманның орнауы деп біледі. Әулие атамыз болашақта ұрпақтарының дәстүр мен ата-баба салтынан алщақтайтынын, жас ұрпақтың еліктегіш көңілі келеңсіз жат қылықтарға ұрынарын дөп басып айтқан. Ойлап қарасақ бәрі рас, жетімдер үйі мен жесірлердің көбеюі, азартты ойындардың қаптап, бозбала мен бойжеткен жиналатын себепсіз жиын орындары артып жығылады.
Құрамалы, қорғанды үйің
болады,
Айнымалы, төкпелі биің болады.
Халыққа бір тиын пайдасы жоқ
Ай сайын бас қосқан жиын болады.
Ішіне шынтақ айналмайтын
Ежірей деген ұлың болады.
Ақыл айтсаң ауырып қалатын
Бедірей деген қызың болады.
Алдыңнан кес-кестеп өтетін,
Кекірей деген келінің болады.
Ішкенің сары су болады,
Берсең итің ішпейді,
Бірақ адам оған құмар болады,
Қиналғанда шапағаты жоқ жақының болады.
Ит пен мысықтай ырылдасқан,
Еркек пен қатының болады.
Ертеңіне сенбейтін күнің болады,
Бетіңнен алып түсетін інің болады.
Алашұбар тілің болады,
Дүдәмалдау дінің болады,
Әйелің базаршы болады,
Еркегің қазаншы болады,
Жылқы жұлдыз болады,
Қой құндыз болады,
Кебір – жерге теңеледі,
Әйел – ерге теңеледі,
Көл – теңізге теңеледі.
Сиыр – өгізге теңеледі.
Ақырзаман адамы –
Сағынып тамақ жемейді,
Ащыны – ащы демейді,
Тапқанын олжа дейді,
«Алһам» білгенін молда дейді.
Бір-біріне қарыз бермейді,
Шақырмаса, көрші көршіге кірмейді.
Сарылып келіп тосады,
Құны жоқ қағазды судай шашады.
Заманақыр болар да,
жер тақыр болар,
Халқы пақыр болар.
Балалар жетім болар,
Әйелдер жесір болар,
«Ә» десе «мә» дейтін кесір болар.
Бас қосылған жерлерде,
Әйел жағы ден болар,
Жаман-жақсы айтса да,
Өзінікі жөн болар.
Орай салып бастарын,
Жалпылдатып шаштарын,
Тақымдары жалтылдап,
Емшектері салпылдап,
Ұят жағы кем болар,
Сөйткен заман кез болар,
Түзелуі қиын болар.
Қорытынды
Мөңке би дүниеден озғалы үш жүз жылдай уақыт өтті. Ұрпақтарының айтуынша, әулие сексен бір жасында дүниеден өткен. Алайда халық оның толғау, жырларын қай кезде де өз қажетіне жаратып отырды. Мөңке би көркем ойын сиқырлы сөзбен өрнектеген шашасына шаң жұқпас шешен болды. Оның сөзінен рух күші сезіледі. Оның қисынды тауып айтқан шешендік, нақыл сөздері сөз өнерін асқақтата бермек.
Ол халық жадында мәңгі сақталады. Бүгінгі саналы ұрпақ ұлы бабаның асыл бейнесін жаңғырта түсуде. 2003 жылы Ақтөбе қаласы 101 атқыштар дивизиясы көшесінде Мөңке бидің еңселі ескерткіші қойылған. Тұғырдың биіктігі 2,7 м, ескерткіш биіктігі 1,5 м, жеңіл мәрмәрдан жасалған. Мүсінші К. Егізбаев, суретші С. Әлімбетов.
2006 жылы Шалқар ауданындағы ауылға Мөңке би атауы берілген. Әулиенің есімін көшелерге де беру ойда бар.
Қорыта келгенде, Мөңке би болжаулары қазақ елін жамандықтан қашуға тәрбиелейтін, адамға ой салып, жақсылыққа бастайтын өшпес бағдаршамдардың бірі демекпін. Сондықтан Мөңке бидің шығармаларын терең игерудің, оқып білудің жолдарын қарастыруларды қажет деп есептеймін. Жас ұрпаққа дала данышпаны- Мөңке биді дәріптеп, еске алу мақсатында іс-шаралар жиі өткізіліп тұрса, қазақ әдебиетінде көбірек айтылса нұр үстіне нұр болар еді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
-
«Мөңке әулие ұрпақтарының шежіресі» Алматы, 2014ж
-
«Шекті Мөңке би Тілеуұлы» Астана-2001 ж
-
«Шығыстың ұлылары» Аруна- 2006 ж, 92 бет
-
«Мөңке» Ел шежіре, Алматы 2007ж
-
Интернет желісі.
Мөңкенің әкесі Тілеу мен анасы Сұлу
Мөңке би ауылы, ауылдағы Мөңке би ескерткіші

