ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ ТАРБАҒАТАЙ АУДАНЫ
Тақырыбы: Жанат Әскербекқызы поэзиясының көркемдік қуаты.
Жоба авторы:
Ақанов Расул Манарбекұлы
«Қ.Билялов атындағы гимназия»
КММ- нің 10- сынып оқушысы.
Жетекшісі: Зарипова Меруерт Қуандыққызы
«Қ.Билялов атындағы гимназия» КММ- нің
І санатты қазақ тілі пәнінің мұғалімі
Ғылыми жетекшісі:Қазақ инновациялық
гуманитарлық-заң университеті,
филология кафедрасының аға оқытушысы
п.ғ.к., Нұргүл Қазанбайқызы Тлебалдина.
2017
Мазмұны:
І. Кіріспе. ...........................................................................................3-4.
ІІ. Өмірін өлеңмен өрнектегін ақын...............................................5-15.
2.1.Ақын өмірі және шығармашылығы.............................................5
2.2.Ақын өлеңдерінің тақырыптық-көркемдік ерекшеліктері.........6-9
2.3 Ақын поэзиясындағы ұлттық рух.............................................9-12
2.4.Ақын лирикасына тән фольклорлық нақыш............................13-15
2.5.Ақын аудармалары ...................... ...............................................15-16.
ІІІ. Қорытынды ...................................................................................17.
ІV. Пайдаланған әдебиеттер .............................................................18.
Жанат Әскербекқызы поэзиясының көркемдік қуаты.
«Жанат ақын – әдебиет әлеміне бес қаруы сай келген талант».
Әбіш Кекілбайұлы.
КІРІСПЕ
Поэзия- ұлы әлем, тылсым күш. Мұңайғанның жүзіне күлкі сыйлатқан, бейқам көңілді тұңғиық ойға шомдырған не құдірет?... Әрине, ол-поэзия.
Өлең - сөздің патшасы екендігі ықылым заманнан бері айдан анық. Сонау замандағы «Алып Ер Тұңғаны жоқтау» жырынан бастап, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған Абай атамызға дейінгі һәм одан кейінгі барша ақындар осыны дәлелдеп берді емес пе?!
Абай ата көрсетіп кеткен ұлы жолдың үстімен жүріп, поэзия көгінің ай- қанат қырандарына айналған қаншама ата-апаларымыз, аға- әпкелеріміз бар:
М.Жұмабаев, С.Торайғыров, С.Сейфуллин... бертін келе М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов, Қ.Мырзалиев, Ф.Оңғарсынова, К.Ахметова, М.Шаханов... Осы аталған ақындардың (аты аталмаған қаншама жыр жампоздары бар) жыр-жауһарларының куәсі ХХ ғасыр.
Аты аталған ақындар шоғырының бел ортасында қазіргі кезде қазақ поэзиясының қызыл гүлі атанған Жанат Әскербекқызы бар.
Жанат Әскербекқызы – қазақ поэзиясына 80 –жылдардың бел ортасында келген үркердей топтың белгілі өкілдернің бірі. Ақын өзінің әр жылдары жарық көрген «Ғарыш билер ғұмырымды», «Қаңтардағы қызыл гүл», «Көне түркілер әуені», «Қаз қанатындағы ғұмыр», «Ай-тамғы» тәрізді жинақтарымен танымал.Ұлттық поэзиясының патшайымы Фариза апамыз бастаған қазақтың талантты ақын қыздарының көш керуенінде тұрған Жанат Әскербекқызы өз шығармалары арқылы ұлттық поэзия дәстүрін терең меңгеріп, шебер жаңғырта білудің үлгісін көрсетіп келеді.
Жұмыстың өзектілігі:
Ақын өлеңдері нақты зерттеу нысаны ретінде бұрын соңды алынып, қарастырылмаған. Ақынның өлеңдерінің идеялық мәнін ашу, жырларының оттылығы мен ойлылығын көрсету жұмыстың өзектілігі болып табылады.Сондықтан бұл ғылыми жоба алдағы уақытта жалғасын таба бермек.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері:
Зерттеудің басты мақсаты Тарбағатайдың киелі топырағында дүниеге келіп, қияға қанат қаққан атақты ақынымыздың ақындық әлемін өлеңдері арқылы қарастыру болып табылады.Сол арқылы ақынның шығармаларын мектеп оқушыларына,ауыл тұрғындарына кеңінен насихаттау.
Зерттеу нысаны: Ғылыми жұмысқа зерттеу нысаны реттінде алып отырған Тарбағатай ауданының тумасы Жанат Әскербекқызы поэзиясы.
Зерттеу
кезеңдері: (2017 – 2018 ж): Жанат
Әскербекқызының өмірі және шығармашылығымен оқып-танысу. Ғылыми
жобаның зерттеу дәрежесі, мақсаты, тақырыбы анықталды. Жобаға
қатысты деректер жинақталды. Кітапхана, интернет материалдарына
жүгіну арқылы зерттеу жұмысына тұжырым
жасалды.
Әдістемесі: Жоба жұмысына теориялық,
практикалық талдаулар жасау, пайдаланылған әдебиеттер арқылы
жобаның жоспарын жасақтау, пән мұғалімінің әдістемесіне
сүйену.
Зерттеу жұмысының
құрылымы:Жұмыс кіріспеден, іштей
тармаққа жіктелген негізгі бөлімнен,қорытындыдан және пайдаланылған
әдебиеттер тізімінен тұрады.
ІІ.НЕГІЗГІ БӨЛІМ.
Өмірін өлеңмен өрнектегін ақын.
2.1. Ақын өмірі және шығармашылығы.
Жыр әлемінде өз ойын, өмір шындығын көркем тілде ақындық биік тұрғыдан тұтас шеберлікпен жырлау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл тек шабыты жоғары, өзін жыр жолына арнаған үлкен таланттың ғана қолынан келеді.Сондай таланттың бірі – аты алты алашқа танымал Тарбағатай ауданының тумасы Жанат Әскербекқызы .
Жанат Әскербекқызы 1966 жылы 1
қаңтарда Шығыс Қазакстан облысы Тарбағатай ауданы Қарасу ауылында
дүниеге келген. Ақын, Еуразия Ұлттық университеті қазақ әдебиеті
кафедрасының доценті, филология ғылымдарының
докторы. Қазақстан Жазушылар одағының
мүшесі. «Әлем әдебиеті» журналында поэзия бөлімінің
меңгерушісі.
1982-1987 жылдар аралығында Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы
Қазак мемлекеттік университетінің филология факультетінде қазақ
тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім
алған. 1987-1995 жылдары Шығыс Қазакстан облысы
Тарбағатай ауданы Құйған ауылындағы орта мектепте
мұғалім болып қызмет атқарды. 1995-2000 жылдары
Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде аға оқытушы болды. 1999
жылы ҚР ҰҒА академигі С.А.Қасқабасовтың жетекшілігімен "Оралхан
Бөкей прозасындағы мифологизм мәселесі" атты тақырыпта кандидаттық
диссертация, ҚР ҰҒА академигі Р.Нұрғалидың кеңесшілігімен «Мифтің
поэтикадағы қызметі (қазіргі қазақ поэзиясы арқауында)» тақырыбында
докторлық диссертация қорғаған. Республикалық «АҚҚҰС» жыр
мүшәйрасының (1993) жүлдесін алған. Шығармашыл жастардың
республикалық «Шабыт» фестивалінің Гран-при жүлдегері (1999),
Президент стипендиясының иегері (1999), Қасым Аманжоловтың 90
жылдығына арналған республикалық жыр мүшәйрасының (2001),
Республика тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай өткізілген мүшәйраның
жүлдегері (2001), Қазақстан аграрлық партиясы тағайындаған
Әбдіраштың Жарасқаны атындағы сыйлықтың лауреаты (2004), «Шығыс
шынары» халықаралық жыр мүшәйрасының жүлдегері (2010, 2011). ҚР
БҒжМ «ЖОО үздік оқытушысы – 2011» мемлекеттік грантының,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Күлтегін» төс белгісінің
иегері.
1995 жылы «Қарлығаш» жас ақындар жинағына өлеңдері енген. «Ғарыш
билер ғұмырымды» (1999), «Қаракөз бұлақ» (2001), «Қаңтардағы қызыл
гүл» (2001), «Көктүріктер әуені» (2002), «Қаз қанатындағы ғұмыр»
(2007) жыр жинақтары шыққан. Орыс ақындары М.Лермонтовтың,
Н.Гумилевтің, жапон ақыны Сайгёнің, тәжік ақыны Фарзонаның
өлеңдерін қазақ тіліне аударған. Өз өлеңдері қырғыз тілінде шыққан
«Қазақ поэзиясының антологиясы» жинағына енген.
Ғылыми еңбектер: «Даңғыл». Ғылыми зерттеу. Алматы, 2007; «Көркемдік
өріс». Ғылыми зерттеу. Алматы, 2009; «Мифтің поэтикадағы қызметі».
Монография. Алматы, 2010; «Әдебиет әлемінде». әдеби зерттеулер.
Астана 2012;
2.2. Ақын өлеңдерінің тақырыптық ерекшелігі.
Дүниедегі бар құбылысты, адамзат санасындағы сан қырлы сезімді сөз арқылы жеткізуге болады.Сондықтан да осы сөз құдіретінің мән- мағынасына терең бойлап, мың сөзден бір сөз таңдап, сөз маржанын бейнелі өрнекпен кестелеу ақыннан үлкен шеберлікті қажет етеді. Осы шеберлікті жақсы меңгерген Жанат Әскербекқызының тілі көркем де шұрайлы.
Қазақтың танымал ақын ұлдарының бірі Қалқаман Сарин ақын жайлы ойын былай білдіреді:«Жанат ақынның әдебиет хақындағы ғылыми еңбектері танымал профессорлармен баяғыда-ақ мойындалған.Ол сондай-ақ, Байронды, жапон ақыны Сайгены, түрік,орыс ақындарының бір шоғырын қазақша сөйлеткен шебер аудармашы. Қазақ мифологиясына алғаш түрен салған бірден-бір ақын».
Жанат Әскербекқызы – өмір жолын жыр әлеміне арнаған, қолынан жүйрік қаламы түспеген үлкен дарын, үлкен талант иесі. Ақын жырлары – қазіргі қазақ поэзиясында бітім- болмысымен ерекше тұрған өз алдына бір дүние.Оның өлеңдерінің ерекше сипаты- қиялыңды қыдыртып, ой- теңізіне жүздіріп жіберуінде. Жанат Әскербекқызы өзінің поэзияға деген махабатын мына өлең жолдары арқылы жеткізген екен.
Өзім жайлы ақпарды не деп берем...
Пенде емеспін тірлікті өбектеген.
Қалжыраған жұмбақтау жүрегімді,
Қара өлеңнің күшімен демеп келем [3,81 бет]
Ақын өмірдің бар құбылысына қалам тартқан. Соның ішінде табиғат,туған жер лирикасы ақынның арналы тақырыптарының бірі. «Әркімнің туған жері – жерұйығы» дегендей ақынның шығармаларынан туған жеріміздің таңғажайып табиғаты анық көрініп тұрады. Табиғаттың әдемі сұлу бейнесі ақын жырында жай суреттеле салмайды, онда адам мен табиғат арасындағы нәзік байланыс философиялық таным тұрғысынан талданып, ерекше шабытпен жырланады. Табиғаттың әрбір сәтін көңіл-күйімен үндестіріп, сол табиғатқа жан-тәнімен сіңіп кететін ақын жанының жаратылысқа деген ынтықтығы әдемі тіркес, астарлы сөздермен, нәзік те сыршыл тұспалдаулармен өріледі.
Көп ұзамай тіршілік басталады,
Табиғаттың жылиды қас-қабағы.
Қонақтайды қайыңға мың жапырақ
–Былтырғы емес бірақ та, басқа бәрі. [3,18 бет]
Жанат Әскербекқызының табиғат лирикасында жел, қар, шың, бұлақ, тал образдары жиі көрініп қалып отырады. Мысалы, соның ішінде Алтайда өсетін арша, шынар, қайың, қарағай, терек, тобылғы сынды ағаш атаулары мен олардың поэтикалық бейнелері ақын шығармаларының негізгі арқауы.
Арша жылады,
Қанша жылады,
Білмедім,
Аршаға ауып аңсарым әлі жүр менің...
Жұбаныш болмас жабыққан менің жаныма
Арғанатысыз, аршасыз сұрғылт күндерім... [3,25 бет]
Ұшар басында бір шынар,
Тәкаппар қарап тұр сыңар,
Тілдесіп қана қайтуға
Төзімі жетіп кім шығар?! [3,42 бет]
Жазықты жайлы, еп көріп,
Жан-тәнімен жек көріп,
Шыңдағы жалғыз шынарға
Теректер қарар кектеніп. [3,65 бет]
“Кеудесін керген сылқым” деп,
Қайыңдар тұрар күңкілдеп,
Шыбықтың аузы ашылар
“Жетем бе соған бір күн” деп. [3,71 бет]
Тұрмайды неге жерге кеп,
Керек пе оған, төр бөлек?
Шыршалар кетті жетуге
Найзадай шыңға өрмелеп. [6,34 бет]
Шынар тұр бойын тік ұстап,
Жапырағымен тыныстап.
Күңкілін жұрттың не қылсын,
Кімімен қалай ұғыспақ... [3,34 бет]
Ақын жырларында көзге жиі түсетін табиғат образдарының бірі Ай образы. Мысалы,
Күнге –қонақ,
Айға мұңдас болармын. [6,120 бет]
Ай шағады көкке мұң.
...Көз алдымда тек менің
Таңға ілесіп келгенің,
Күнге ілесіп кеткенің. [6,20 бет]
Қапыға қадам басқанда,
Соғылам зілдей тастарға,
Аңыра қарап қаламын,
Ай аунап кеткен аспанға. [6,86 бет]
Жерге қарап үн-түнсіз мұңайды Көк,
Көңіліндей солғындап тұр Ай жүдеп.
Тұнжыраған жанарын шайып түннің
Бозғылт сәуле кеудеме құлайды кеп [6, 22 бет]-деген өлең тармақтары кез келген оқырманның көкірегінде жатталып қалатын айшықты да мазмұны терең жолдар. Ай образын сомдауда ақынның көп ізденгенін, фольклордан бастап бүгінгі әдебиетке дейін оқып, тоқып қана қоймай, оны өз лирикасында орнымен пайдалана алғанын да ақынның тапқырлығы демеске шарамыз жоқ.
Айдың сыр-сипатын сөзбен құбылтуда ақын әр алуан бейнелі сөздерді жиі қолданған. Оның әр өлеңінен айға қатысты айшықты теңеу мен ұтымды метафораларды, метонимияларды, синекдоха мен сәтті шыққан параллелизмдерді жиі ұшыратамыз.
«Ай – жалғыз да, жұлдыз көп», «ай көңілі қаяулы», «қиық ай көктен қиылып қарады», «ай туыпты тігінен», «айға қарап түнімен, ақ қағазға төктім мұң», «ай жылады, білдің бе, айнығаның бұл сенің», «ішкі дүнием – ай тұтылған түн әлем», «ай үнсіз, тіл қатпайды», «ай сұп суық, үнсіз», «сағынған ай, жұмбақ ай, налыған ай», «ақын жаны санамас айды бөтен», «мен адаммын айға айналған екенмін», «ай бесікте әлдилеймін сонан соң», «ай нұрынан ақшыл желек бүркеніп», «аймалаған айға қылып құлшылық», «ай, жұлдызсыз түн ғаріп болады екен», «жарты ай жатыр ойға шомып бір ауыр», «ай көзінен жұлдыз тамшы сырғыса», «сен күнаһар, салып кеткен айға дақ», «ал, ай үшін Темірқазық – бір нүкте» деген суретті сөздер соның дәлелі бола алады.
Ақын әрдайым өз жырында туған жерін рухани тірегі ретінде қабылдап, оның қадыр –қасиетіне бас иеді.Оның көңілі, ойы туған жерінен бір сәт болса да ажыраған емес.Оған ақынның мына өлең жолдары куә:
Сағым жөңкілген белім аман ба,
Жалпақ жұрт - жайлау - төрім аман ба?
Аңыз боп жеткен ата қонысым –
Қос Арғанаты, желің аман ба? [6,24 б]
Ынтызар едім желіңе бұла,
Демеу жетпей жүр деміме мына.
Кеудемді жарған керімсал өлең
Тіріге сәлем, өліге дұға [1,4 б]- деген өлең жолдары жүректі елжіретері сөзсіз.
Сондай –ақ:
Кеудемнен шырқыратып жанымды үзіп,
Ақ сағымда барады ауыл жүзіп.
Жүрегімді шеңгелдеп қысып алып,
Тамырымда ойнайды қаным қызып, [1,33 б]- деген жолдардан ақынның туған жеріңе деген сағынышың «кеудеңнен шырқыратып жаныңды үзетін» қимас сезімді әсем де әдемі суретпен шебер жеткізе білгендігін көре аламыз.
Көмкеріліп сұлбасы сағымменен,
Алыстап бара жатыр ауыл менен.
Қайта-қайта бұрылып қарай бердім,
Қарай бердім, тербетіп жанымды өлең, [1,33 б]- деген жолдар расында да ауылдан ұзап шыға бергенде әркімді-ақ мазалайтын көңіл-күй құбылысы екенін айтып жатудың өзі артық. Ал ақынның сол бір құбылысты мөлдіретіп өлеңге айналдыруы, сол арқылы көптің көңілінде жүрген сағыныштың сырын сөзбен кестелеп жайып салуы тек шынайы ақынға ғана тән ерекшелік деп білемін.
2.3. Ақын поэзиясының көркемдік өрісі.
Өлең құрылысы.
1.Жанат Әскербекқызы- қазіргі қазақ әдебиетінде өзіндік беті айқын, дәстүрі мен жаңашылдықты ұштастыра білген, тіл қолданысы ерекше талантты ақын .Оның өлең жолдарында қазақтың оралымды да бай тілінің көркемдік құралдары мол да шебер пайданылған.
Әдеби шығармалардың ажарын келтіретін нәрсе- дыбыс қайталаулар.Бұл тәсілдер әдебиет теориясында аллитерация және ассонанас аталатыны белгілі.Өлеңнің үнділігіне көп көңіл бөлген ақын бұл тәсілдерді өнімді пайдаланған.Оны ақын өлеңдерінің әрқайсысына да табуға болады.
Бағзы заман... шіркін ай, баяғы күн,
Баяғының бар сырын жаяды кім.
Бастауынан адасқан болмысы бар
Біздер үшін баяғы саялы ұғым. [6,7 бет]
Жалғызтал,
Жапанға бітіп, жабықтың ба екен,
Жалғыздық көріп, қамықтың ба екен,
Жапырақтарың жамырай жылап,
Жалғыз жолаушыны налыттың ба екен...
Жанат Әскербекқзы өз өлеңдерінде эпитеттерді өте көп пайдаланған.
ӨЛЕҢГЕ АРЗУ
Аялда, өкпелетсем, кешір, өлең,
Ала кет, не болса да көшіңе ерем.
Түңіліп ақынынан бұ заманның,
Аспанға кетпексің бе, есіл өлең?!
Тұлғаңның іші қандай, сырты қандай!
Тұрғанда сол қалпыңды құртып алмай.
Көшсең көш, хас өлеңнің қадіріне
Жете алмай ақындықтың жұрты қалғай. [6,10 бет].
Жалған дүние бәрін де ұмыттырды,
Тұнық күнді, тағы да тымық түнді.
Өмірзая... көз жұмған кешпен бірге
Таң алдында Шолпан боп күліп тұрды.
Жүзі шерлі, жаны мұң, аппақ әлем,
Сорлы жүрек –төсінде қап-қара мең.
Қап-қара мең ғайыпқа ағып түссе,
Сол бағытқа мен бірге аттанар ем...
Кеудемді жарған керімсал өлең
Тіріге-сәлем, өліге-дұға.
Қаңқылдап ұшқан қараша қазы
Қамыққан үннен наз ұғар ма екен?!
Тарбағатайым –тәу етер жерім,
Топырағыңнан өнген дәніңмін.
Бұлдыр дала шерленіп қол бұлғады,
Көк сағымда жоғалып жолдың бәрі.
Кебін киген киелі арман,
Кебенекке ие жалған.
Итінеді ит тіршілік
Иеге иек сүйеп алған.
2.Ақын өз шығармаларында көркем бейне жасауда, сөзбен сурет салуда теңеу сөздерді талғампаздықпен шебер пайдаланып, заттың, құбылыстың ерекше ұқсас белігілерін екінші нәрсемен салыстырып, құбылтып, түрлендіріп, эстетикалық әсерін одан әрі күшейтіп отырған. Ақын шығармаларында –дай, дей,- тай, -тей жұрнағы арқылы жасалган теңеулерді жиі қолданған.
Оған ақынның мына өлең тармақтарынан байқауға болады.
Алаңсыз күлкінің сыңғыры
Ауаға күмістей шашылған.
Бар ма еді адамдардың сенде де өші,
Сұлулық озбырлыққа жем бе деші.
Қасқырдай қызыл көрген көзі жанып,
Жұтынар майланардай енді өңеші.
Жетім көлдей көңілім бар,
Толастамас солығым бар.
Қап-қара түске құмармын,
Түннің перзенті шығармын.
Қара жер басар баурына
Қанаты сынық сыңармын.
3.Ақын шығармаларында көркемдік тәсілдердің бірі ауыстыру (метафора) кең қолданылған. Ақын шығармаларында жалғаусыз, жұрнақсыз бір нәрсені екінші бір нәрсеге балау арқылы жасалатын метафораның жай түрі жиі қолданылады. Өлеңдерден мысалдар келтіретін болсақ;
Терең мұңмен астасып сыңғыр үні,
Тұнығына тұншыққан сыр дүбірі.
Түн құшағын ашқанда жылайтын ол
Нәзік жанын ауыртып гүл-ғұмыры.
Маңдайында алаштың –шер таңбасы,
Таңдайына татыды сордың дәмі
Үш жастағы сәби онда не білсін,
Боп жатқанын өлім –оңай, өмір –сын,
Өмір–жалған, қалайша білмей өтем.
Егіле ойлап, ертеңді түндей етем.
Өткен күндер –үзілген жапырақтар,
Көретұын тағдыры бірдей екен.
Мен –тылсыммын...
Тілімді түсінбей
Сен күрсіндің..
Мен -өлеңмін,
Көктен қол созып,
Қуат берермін.
Ақын жырларын оқысаң көз алдыңа керемет бір көркем сурет галереясы елсетейді. Ақын өзінің көптеген өлең – жырларын табиғат атты сұлулық әлеміне арнайды. Оның әрбір өлеңінен табиғатқа деген құштарлық сезімін байқауға болады.
Көріп отырғанымыздай, ақын көңілі табиғатқа құмар, онымен сырласуға құштар жан.Табиғатты өзінен немесе өзін табиғаттан бөлек деп санамайды.Содан да ол табиғатты кейіптендіреді, жан бітіреді, табиғатпен сырласады.
Түн дегенің... өксіп, өксіп жылаған,
Өксігенін естімейді бір адам.
Сүріндім кеп мүрдесіне абайсыз
Тылсым көктің шырқауынан құлаған.
Кірпігіне мұз қатқан қыс-құданың
Болар ма екен пейілі бізге лайық.
Қас-қабағын қар шалады
–Көктем-қыз ғой аңсағаны.
...Ақбоз атын ойқастатып,
Ақпан-жігіт ән салады.
Қара тастың сия алмай ұғымына,
Риза болмай тентек жел қылығына,
Үні шықпай жылайды бейкүнә гүл,
Нала болып бір сәттік ғұмырына
2.4.Ақын поэзиясындағы ұлттық рух.
Жанат Әскербекқызы –бүгінгі поэзияның дамуына өзіндік үлкен үлесін қосқан дара стильді, ерекше болмысты ақын. Ақын поэзиясында тарихи деректер мен оқиғалардың мәні мен маңызы жоғары.Ата- бабамыздың тарихы ақын өлеңдерінде жеке тақырып ретінде жиі көрініс беріп отырады. Және де ақын әр бір тарихи оқиғаға әрдайым өзіндік ой- пікір тұрғысынан баға беріп, өзінің қиялы арқылы көп назар аудара бермейтін нәзік тұстарына барлау жасап жаңаша ой түйіп, тың тұжырымдар жасайды.Халқымыздың терең тарихи тамырынан сыр тартатын «Бұрынғы әуен», «Кешегі әуен», «Сұлтанмахмұтпен сұхбат», «Баба жұртына оралу», «Тастағы таңба», «Білге қағанның Күлтегінді жоқтауы», «Маңғыстау деген өлке бұл» деген эпикалық сарында жазылған өлеңдерінде ақындық қиялға ерік берген. Сол арқылы осыдан талай ғасыр бұрын өмір сүрген ата-бабаларымыздың қарапайым адам ретіндегі жан дүниесіне еніп, олардың арман-мұраттарын сыршылдықпен жырға қосады. Біз ақын өлеңін оқи отырып олардың ойын мазалап, жанына тыныштық бермеген не нәрсе екеніне жауап тапқандай боламыз. Олардың ойлағандары елдің бірлігі, болашақ ұрпақтарының қамы екеніне имандай сенеміз. Ақын ол ойды жеткізуде де өзіне тән жаңаша жол тапқан. Ол көне дәуір трагедиясын сол заманға сай ырғақпен, өздері қолданған жыр өлшемімен жеткізеді.
Ата-бабамыздың еркіндік таңын аңсаған арманының тамыры көктүркілердің тынымсыз майдан, азаттық жолындағы арпалыс дәуірінен бастау алады. Оған тарихи айғақ - Тоныкөктің, Білге қағанның, Күлтегіннің тасқа таңбаланған жырлары. «Күлтегін» жырында көрінетін тәуелсіздік идеясы халқымыздың арман-тілегі қазіргі таңдағы азаттық таңының алауынан от боп өріліп көрінеді. Ж. Әскербекқызының шығармаларын оқи отыра оның көк түріктердің дүниетанымы мен ойлау ерекшелігін, тұрмыс- салты мен тіршілік қарекетін әбден зерттеп, зерделеп алғандай сезімде боласын.Өйткені оның жырларындағы көк түріктердің бейнесі көз алдында менмұндалап, өздерінің тіршілік, ойлау әлеміне еркісіз тартып әкетеді.Ақын түркілік сарын бағытында көптеген өлеңдер жазған.
Көктүріктің ұланы неге болмадым,
Бөрілі туды көтеріп,
Бөрідей жауға тиетін
Шығыршығы торғай көз сауыт киетін. [5,38 б].
Көк бөрі болып ұраным,
Көк көлді көктей өтер ем
Асау көк болып пырағым,
Балқан көкке жетер ем,
Төсегінен түнілген
Адам жүрер жерлерге
Көк байрақ тігіп кетер ем…[5,19 б].
Көктүріктің аруы болып тумадым,
Ұмай анаға сыйынып,
Ерлерге сәлем қылар ем
Басымды жерге жерге жеткізе иіліп,
Қажет те болса
Қолыма садақ алмас па ем
Жауатын бұлттай түйіліп-[5,16 б]- деп, бабалар заманын аңсай отырып асыл арманын айтады. Көктүркінің арда ұланы жауға бөріше тиітін, тым болмаса сол көктүріктің аруы болып туып, асқақ ерлерді ардақтап, қажет болса садақ алып жауға да шабар едім дейтін өлеңнің екінші бөлігінде ой қисынын сабақтай келіп басқа арнаға түседі де:
Көк байрақ қылып көтерер едім арымды,
"Көк бөрі тегім, қолда" деп,
Қамалмас едім
Қайраттан ада сорға көп,
…Көк түсті дәуір сағым боп кеткен, қайтейін,
Күңіреніп тұрмын
Көк бөрінің қаңқасы қалған орға кеп,
Күңіреніп атар Шығыстан [5,51 б]-
Көкбөрідейін таң ұлып,
Киесі болып ұғысқан
Адамнан көрді-ау қатігездікпен тағылық...
Көңілім қалды...
Көне ғасырға аттанам,
Көгілдір шәйі жамылып…[5,46 б]- - деп,бүгінгі тірліктен баз кешіп,өткен күннің елесінен бақыт іздейді.
Ал «Білге қағанның бақұлдасуы» деген лирикасында ақын қағанның ішкі монологын былайша сипаттайды:
Бастыны жүгіндірдік,
Тізеліні шөктірдік,
Тоңғанды жылындырдық,
Өштіні – жоқ қылдық.
Деген ем қақырамайтын
Қағанат құрам,
Байтақ жұртымды намысы барға
Аманат қылам... [5,6 б ]
Бұл жыр шумақтарынан ақынның көне түркілер сарынын терең түсініп-танығаны байқаймыз. Іргелі поэманың «Бұрынғы әуен» деп аталатын бөлімінде «Білге қағанның бақұлдасуы», «Күлтегіннің қаһары», «Тоныкөктің толғауы», «Иоллығ-тегіннің аманаты» атты тараулары топтастырылған.Өлеңнің құрылымының өзі сол баяғы көне түркілік тас жазуындағы жыр үлгісіне ұқсас сипатта құрылған. Мазмұны да сол жырдың жалғасы секілді, Білге қағанның өкінішін, мына жалғанда бәрін жасауға адам өмірінің жете қоймайтын қысқалығын айтып, болашақ ұрпағының қамын ойлаумен өтетінін ұтымды жеткізген. Осыдан мың жарым жыл бұрын өткен ұлы атамыздың арманы қара басының қамы емес екен, оның бар арманы өзі құрған алып қағанаттың мәңгілік өмір сүруі, азат елдің мәңгілік елге айналуы.
Ақын шығармашылығының өн бойында ылғи да қазақ тарихында өздерінің өшпес ізін қалдырған батырлар мен ақындар, ел бастаған көсемдер мен шешендердің образдары бізге беймәлім жаңа қырларынан көрініп, өзгеше ой салып отырады.Тарихи тұлғалардың өлмес образдарын сомдай отырып, олардың бүгінгі ұрпағын ерлікке, мәрттікке, ірілікке үндейді.
Шалкиіз жырау шалған жұрт,
Қазтуғаннан қалған жұрт,
Доспамбеттей қыршын ер,
Соңғы демін алған жұрт,
Ақтамберді толғанып,
Махамбет атой салған жұрт.
Дауға түскен ептінің,
Жауға түскен тектінің,
Таңдайына түйірлеп,
Сөз асылы тамған жұрт. [5,22 б ]
Бұл жыраулар өмір сүрген дәуірдің шындығын поэзия тілімен өрнектеген өлеңі. Әр жыраудың өмірі өзінше бір дәуір, өзгеше бір тарих. Ақын он бесінші ғасырдан бергі кезеңдегі күллі тарихи кезеңдердің хронологиялық жылнамасын бере отырып, сол батыр жыраулардың ұрпағы біз – қазақтар екендігімізді мақтанышпен жырға қосады. Ол текті ұрпақ, таңдайына сөздің асылы тамған шешен ұрпақ, ел бастайтын көсем ұрпақ деген ойға жетелейді.
Жалпы алғанда Ж. Әскербекқызы өз туындысында бабалар сөзінің асыл қасиеттерін сақтай білген. Сол арқылы көркемдік қуаты зор, жаңа сипатты шығарма жазып шығарған. Елім-жұртым деген перзенттің, халық мүддесін қорғаған қағанның жан тебіренісі көрінетін шығарманың құндылығы қашанда жоғары.
2.5. Жанат Әскербекқызы лирикасына тән фольклорлық нақыш.
Жанат Әскербекқызының ақындық дүниетанымы ұлттық таныммен соның ішінде ұлттық әдебиетіміздің қайнары ауыз әдебеиетімен тығыз байланысты.Ақын лирикасында бізге бала күнімізден таныс ауыз әдебиеті мен ертегілердегі образдар басқаша қырынан, өзгеше мінездерімен есте қалады. Қазақ эпостарында сомдалған Қыз Жібек, Төлеген, Ақжүніс, Ер Тарғын, Қартқожа, Қарлыға, Едіге, Тоқтамыс сынды бейнелер ақын поэзиясында символдық мән иеленіп, өлеңнің идеялық-көркемдік қуатын арттыруға қызмет етеді.
«Қыз Жібек» жырындағы Қособа – Төлегеннің өмірмен ерте қоштасып, арманда кететін, мөлдір махаббатты зұлымдық мерт ететін жер. Жанаттың жырында бұл мекен:
Қособаның түбінде...
Күн батқан шақ,
Зулай ұшты сұр жебе зұлматты аңсап,
Ту сыртыңа, боздақ-ай бұрылмадың,
Өкінбес пе ек... соңғы сөз тыңдап қалсақ... (5,91 б.), - деп эпостағыдай етіп суреттеледі. Ту сыртынан қадалған жау оғынан қаза тапқан Төлегеннің ажалы да нанымды бейнеленген. Дегенмен келесі жолдардағы:
Жат тақымда боз жорға келеді аңдап,
Бір үмітті мың күдік келеді арбап,
Қособаның түбінде арман қалған
Аңдаусызда... аңдыған жебе қандап... (5, 92 б.), - деген ойлардан мерт болған Төлегеннің бейнесі арқылы лирикалық қаһарманның үзілген үмітінің, орындалмаған арманының сөз болып отырғанын аңғарамыз.
«Қыз жібек» жырының сюжетіне құрылған бұл өлеңдерде автор жыр сюжетін толық пайдалануды мақсат тұтпаған,керісінше ұлттық нақышты өз сезімімен ұштастырып, көріктендіріп, өңдеп, оқырманына қайта ұсынған.
Қаламгердің эпостық сюжетке құрылған енді бір өлеңі «Ақжүніс ару жылап оянды...» (3, 150 б.) деп аталады. Бұл өлеңде лирикалық қаһарманның жүдеген көңіліне көне ғасырдан келіп жеткен Ақжүніс ару медет болады.
Ақжүніс ару жылап оянды
Түсімде сені көрдім деп.
Алладан түйсік бір аян алды,
Жанары жасты шерлім деп...
... Аруға айтар зар-мұңым көп - ті,
Қан жылап тұрып көрістім,
Тәңіріме болды тағдырым кекті,
Талақ қылам ба жер үстін,.
Қожағы – арсыз, Тарғыны – нәрсіз,
Кер кеткен заман – бұл заман.
Жеңіліс табар ар құны – даусыз
Желді ауыз болса кіл жаман.
Нәсіп етіп ед Тәңірі нені,
Жанымды жеген жара –мың,
Түйсіктен шыққан ар үні еді
Қасірет шеккен қаралы үн.
Сауғаға көктен сұрап аянды,
Кінәмшіл көңіл солмақ па?!
Ақжүніс ару жылап оянды
Арыма жоқшы болмаққа. [3,44 б ]
Ақын жүрегі «Ер Тарғын» жырындағы Ақжүніс арумен сырласқандай.Адамдар арасындағы риясыз сезім, кіршіксіз көңілге деген сенімнің азайып, қоғамның рухани жағынан жұтаңданып бара жатқаны эпос сюжетіне арқа сүйеу арқылы бейнелі тілмен жеткізіледі.
Күллі әрекеті, болмысы ғасырлар бойы тыңдармандары мен оқырмандарының көкейіне қорқыныш ұялататын, бір кездері жағымсыз образ деп қарадай ат-тонымызды ала қашатын Бекторыға ақынның өлеңін оқығаннан кейін кімнің де болса рақымы түсіп, аяушылықпен қарайтыны бекер емес. Бекторы ақын лирикасында адамға тек қана қастық ойлайтын пері емес, жай ғана жолы болмаған пенденің бірі ретінде суреттеледі. Ақын жырындағы лирикалық кейіпкер Бекторының романтикалық сарындағы мифтік қасиетінен арылып, реалистік сипатқа көшкенін аңғарамыз.
Пендеге айтпа
өкпені,
Перінің қызы Бекторы.
Қайтесің мыстан-пиғылды
Тәңіріңе сиын көктегі.
Сынықси күлмей сыр бүгіп,
Көрсеттің несін сұм қылық.
Шаңына көміп кетті ме,
Шалқұйрық мінген бір жігіт.
Сорқұдық кімге сор мекен,
Сорлы жер, сірә, шерге тең.
Төстіктей ерді қай күні
Шыққыр да көзің көрді екен?!
[5,98 ]
Ақынның өз кейіпкеріне «мыстан пиғылдан жеріп, тәңіріңе құлшылық ет» деген сөздерінің астарынан да оны райынан қайтуға шақырып, қарапайым адам ретінде қабылдайтынын аңғарсақ, ал сол перінің қызының «сынықси күліп сыр бүккен» мінезінің өзі өмірде жиі кездесетін арамызда жүрген шайпау мінезді жандардың бірі ғана екенін айғақтай түседі.
Ж. Әскербекқызы поэзиясында сыршылдық басым. Ол өзінің басынан өткізген көңіл-күй құбылыстарын әрдайым өзіне ғана тән нақышпен, сезімді қозғайтын нәзік иірімдерді суретті сөзге айналдыруда өзгелерде көп кездесе бермейтін қарама-қайшы құбылыстарды салыстыра суреттеу тәсіліне жиі жүгінеді. Сол қарама-қайшылықтың әсерінен шындықтың бейнесі айқын да әсем көрінеді.
2.5.Аудармалары.
Ж.Әскербекқызы аударма саласында да жемісті еңбек етіп жүрген майталман аудармашы. Ол қырғыз, орыс ақындарымен қатар өлеңдерінің өлшемі мен мазмұны бөлек ертеректе өмір сүрген жапон ақындарының да біраз шығармалдарын қазақша сөйлетті. «Сакура гүлдегенде» деген атпен қазақ тілінде жарық көрген шағын жинаққа жапондардың он екі ақынының өлеңдері топтастырылған. Өзіндік пішінімен, дәстүрімен ерекшеленетін жапон поэзиясының асыл қазынасына айналған Аривара-но Нарихираның лирикалық өлеңдері, ежелгі және жапон жырларының жинағы «Кокинсю» антологиясын құрастырушы ақындар: Ки-но Цураюки, Ки-но Томоно-ри, Осикоти-но Мицунэ, Мибу-но Тадаминэ, орта ғасырдағы жапон ақындары ұстаз тұтқан атақты Сайгё, үш жолдан ғана тұратын хокку жанрының көрнекті өкілдері: Фудзивара Садайэ, Мацуо Басё, Еса Бусон, Кобояси Исса, Масаока Сики жырлары аталмыш жинаққа енгізіліпті. Біздің халықтан тұрмысы мен салт-дәстүрі, дүниетанымы бөлек халықтың жан дүниесіндегі нәзік сезімді өлең тілімен қайта туғызу, тәржіма барысында поэзиялық туындының өзіндік өлшемдерін сақтай отырып, бес, үш жолға сыйғызылған жапон поэзиясына тән образдылықты сақтау
қаншалықты ауыр екені белгілі.Десек те, аудармашы көркемдік әсер қалыптастыруға, ырғақ пен өлең өлшемдерін барынша сақтауға тырысқандығы байқалады. Ж.Әскербекқызы өлеңді тәржімалау барысында әр жолды сөзбе-сөз аударып сірестіріп қоймай, көркемдік ерекшелігін, поэтикалық құрылымын бұлжытпай беретін сөздердің баламасын, ұғымдарды нұсқаға сай береді.
Мысалы, сегізінші ғасырда өмір сүрген Отомо-Но Якамотидің махаббат поэзиясын былайша тәржімалайды.
Қараша қаздай... аспандай ұшып,
Қаңқылы бұлттан әрі асқан,
Сен алыс кеттің...
Кездескім келіп өзіңмен
Жеткенше ұзақ адасқам...[4,5 бет]
Ал 1162-1241 жылдары өмір сүрген тағы бір Жапон ақыны Фудзивара Садайэнің танкаларындағы табиғат сұлулығын ана тілімізде былайша сөйлетеді.
Ай , сакура, ақша қар –
Қайғылы бұл қандай түс!
Ұмытылған қуанышты еске алып,
Ескі әуенге саламын да
Шарап ішем мен байғұс [4,81 бет]
Ең бастысы автордың айтпақ болған түпкі ойын көмескілендірмей, поэзия тілімен нақты береді. Оқырманның көңіл-күйіне ерекше әсер ету үшін көркем мәтінде эстетикалық қызмет атқаратын бейнелеуіш құралдарды сәтімен қолданады. Табиғат құбылыстарын образды тіркестермен әсерлі жеткізеді. Аударманы оқығанда қарапайым ғана орыс тіліндегідей емес, сөздерді кестелендіріп, өрнектеп барып өлеңге жан бітіре салғандай әсер аласың. Бұл Ж.Әскербекқызының аудармашылық стиліне тән нәрсе. Өзі ақын болса да, аударманы қазақтың қара өлеңіне айналдырмай, түпнұсқа мейлі бес жол болсын, мейлі үш жол болсын қазақ тілінде де дәл солай жол санын сақтап отырады. Қай аударманы алып қарасақ та оқырманды эстетикалық әсерге бөлейді. Әсіресе, аудармашы жеке сөздердің баламасын сәтімен тауып, дәл қиыстырады. Бұл, әсіресе хокку жанрында жазылған өлеңдерде анық байқалады. Мацуо Басё суреттейтін әр мезгілдің табиғат көріністерін нәп-нәзік етіп көз алдымызға әкеледі.
Байқап отырғанымыздай, жыл мезгілдерінің ерекше бір көріністерін тың баламалы образдармен суреттейді. Мұндай шашылып түскен образды тіркестер Жанат Әскербекқызы аудармаларында молынан кездеседі. Жанат Әскербекқызы бұл жинақта өлең аудармасымен шектеліп қана қалмай, әр ақын жөнінде мәліметтер келтіріп, авторлар жөніндегі тың деректерге кеңінен тоқталған. Өлеңдерге ғылыми тұрғыда талдаулар жасап, өзіндік көзқарасын да беріп отырады. Жинақ осынысымен де құнды. Кейбір қазақ ұғымында жоқ сөз тіркестеріне сілтемелер арқылы түсінік беріп отырған. Жапон халқының символы болып есептелетін сакура – шие ағашының құрметіне жинақтың атауын «Сакура гүлдегенде» деп атауы да жарасымды.
Жалпы ақын кез-келген аудармаға жайдан-жай бара салмайды. Ол қай тілден болсын ең бастысы өзіне ұнаған, ой салған өлеңдерді ғана аударады. Оны шебер аудармашы деп айта аламыз.
ҚОРЫТЫНДЫ
Қорыта айтқанда, Жанат Әскербекқызы қазіргі қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі.Ақын өзінің жауһар жырлары арқылы қазақ поэзиясының көркемдік көкжиегін өзіндік ізденістерімен кеңіте білген.Ақынның адам жанын бірден баурап алатын нәзік,сырлы, жүрек елжіретер өлеңдері кеудене күйсандық сазындай күйге толтырып, ой –санаңды дауылдай сыпыратын сиаптымен ерекшеленеді. Сонымен қатар, ақынның ақындық дүниетанымы соның ішінде әдебиетіміздің қайнары ауыз әдебиетімен, көне жазблармен тығыз байланысты екенін көреміз. Ақын жырлардың көркемдік ерекшеліктерін сақтай отырып, көркемдік қуаты зор шығарма тудыра білген.
Ақын ата-бабаларымыздың салған сара жолы мен салт-дәстүріне үңіле отырып, өткеннің өнегелі сабақтарын бүгінге жеткізуді, адам жанының құпия қалтарыстарын, сезім дүниесін өрнектеуді мақсат тұта отырып,асыл қазынаны өзіндік поэзия тілімен қайта өңдеп, жырлаған.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Қабдолов З. Сөз өнері / З. Қабдолов. - Алматы: Ғылым, 1993.
2. Негимов С. Ақын-жыраулар поэзиясының бейнелілігі. – Алматы, 1991.
3. Әскербекқызы Ж. Қаңтардағы қызыл гүл. – Астана: Елорда, 2001.
4. Әскербекқызы Ж.Сакура гүлденгенде (жапон поэзиясы).Астана.2010.
5. Әскербекқызы Ж. Көне түркілер әуені. – Астана, 2003
6. Әскербекқызы Ж. Қаз қанатындағы ғұмыр.Астана,2005.
7. Амангелді Кеңшілікұлы. Қаңтардағы қызыл гүл.Мақала.
ШҚО Тарбағатай ауданы Ақжар ауылы «Қ.Билялов атындағы гимназия» КММ
10-сынып оқушысы Ақанов Расул Манарбекұлының
«Жанат Әскербекқызы поэзиясының көркемдік қуаты»
тақырыбындағы зерттеу жұмысына
ПІКІРІ
Ақанов Расулдың ғылыми зерттеу жұмысында Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданының тумасы, Еуразия Ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Жанат Әскербекқызының поэзиясының тақырыптарын қарастыру негіз болып отыр.
Зерттеу жұмысында ақынның өлеңдеріне жан-жақты талдау жасалынып, сараланып, жүйеленіп берілген. Олардың тақырыптық-көркемдік ерекшеліктері айқындалған. Оның ұлттық рухта жазылған өлеңдерінің құндылығы танылып, тереңінен сипаттама жасалынды.
Ғылыми жоба жұмысы барлық талапқа сай орындалған.
Оқушы зерттеу жұмысын орындауда үлкен жауапкершілік танытты. Берілген тапсырмаларды уақытылы орындап, өз ізденімпаздығын байқатты.
Өз еңбегінде оқушы жасаған жоспарына сай ойын жүйелі баяндау арқылы ақын өлеңдерін талдап, тақырыптың өзектілігін айқындап, мақсат-міндеттерін толық қамтуға тырысқан.
Зерттеу жұмысын жазу барыснда БАҚ материалдары, әдебиетші зерттеушілерілердің ой-пікірлері жан-жақты талданып, қарастырылғанды.
Соңында жұмыстың жалпы мазмұнына байланысты пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілген.
«Қ.Билялов атындағы гимназия» КММ
Қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Зарипова М.Қ.
«Қ.Билялов атындағы гимназия» КММ
директоры Ислямов Қ.А.
ҒЫЛЫМИ КЕҢЕСШІНІҢ
РЕЦЕНЗИЯСЫ
Оқушы: Ақанов Расул
Ғылыми еңбектің тақырыбы: «Жерлес ақын Жанат Әскербекқызының лирикасы»
Ақанов Расул «Жерлес ақын Жанат Әскербекқызының лирикасы» тақырыбына ғылыми зерттеу жұмысын жүргізген.
Негізгі бөлім жан-жақты талданған, теориялық материалдар мен шығармашылық зерттеулерінің нәтижесі негізінде қарастырылған.
Кіріспе бөлімінде ғалым, жерлес ақын Ж.Әскербекқызының еңбегі мен шығармашылық мұрасы, әсіресе, поэзиялық туындылары қарастырылып, зерттеуші ғалымдардың еңбектеріне талдау нәтижесінде сараланғандығы мысалдармен көрсетіліп берілген.
Ғылыми зерттеу жұмысында Жанат Әскербекқызының оқырманға танымал лирикалары: «Керімсал өлең...», «Көне Ғұн тауын аңсадым, аға», «Білге қағанның бақұлдасуы», «Алтай. Алты қыз аңызы», т.б өлеңдері сараптаудан өткізілген.
Ақын өлеңдеріндегі символдық образдар, құбылтудың түрлерін қолданудың жолдары қарастырылып, мысалдармен көрсетіліп берілгендігі байқалады.
Жанат Әскербекқызының еңбектеріне талдау жасап, құнды пікір білдірген Нұрғали Р, Негимов С. Келгембаева Б. Қ.Сарин т.б зерттеуші ғалымдардың еңбектеріне талдау жүргізіліп, айтқан пікірлерге назар аударылып, оларда айтылған пікірлер мен бағалар талданып, құнды деректер келтіріп, зерттеушілердің көзқарастарын жаңаша пайымдауға тырысып, өзіндік ой-тұжырым ұсынған.
Ж.Әскербекқызының қазақ поэзиясында алған өзіндік орны, өзіндік стиліне талдау жүргізе отырып, лирикалары нақты мысалдармен дәлелденгендігі байқалады.
Расул ғылыми зерттеу жұмысын жазу барысында ақын поэзиясындағы тарихи тұлғалардың өлмес образдарына талдау жасап, олардың бүгінгі ұрпағын ерлікке, мәрттікке, ірілікке үндейтіндігіне баса назар аударған.
Ғылыми кеңесші Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті, филология кафедрасының аға оқытушысы п.ғ.к., Н.Қ.Тлебалдина.
«___________»_________________2017
26
жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
Ғылыми жоба "Жанат Әскербекқызы поэзиясының көркемдік қуаты"

шағым қалдыра аласыз