жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз

Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
ғылыми жоба "Құмалақтың шығу тарихы мен мәні"
Кіріспе
Егемендікке қол жеткізіп, еліміздің экономикалық, саяси-мәдени дамуы бір бағытқа түскеннен кейін, негізгі көңіл бөлініп отырған мәселе - білім беру. «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау» болып табылады. Демек, білім – қоғамды әлеуметтік, мәдени-ғылыми прогреспен қамтамасыз ететін ғажайып құбылыс, адам үшін де, қоғам үшін де ең жоғарғы құндылық. Білімнің осындай ғажайып мүмкіндігіне қол жеткізгенде ғана еліміздің негізгі мақсаты болып отырған әлемдік білім кеңістігіне еніп, бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясна үн қоса аламыз. Өйткені «Ұлт пен ұлтты, ел мен елді теңестіретін бір-ақ нәрсе, ол – білім» (М.Әуезов).
Оқушылардың дүниетанымы, білімін тереңдету, дамытуда тек туған әдебиетін оқыту, білгізу ғана емес, шетел әдебиетінен де сусындату, оның жалпы адамзаттық асыл мұраттарын игертудің маңызы ерекше.
Менің қарастырайын деп отырған жұмысымның тақырыбы құмалақ жайында болмақ. Яғни, құмалақ қазақ халқында ғана емес, сонымен қатар басқа елдердің дәстүрінде кездесетіндігі жайында.
Ғылыми жұмыстың мақсаты. Біріншіден, балаларға қазақ салтын білу, сақтап қалу. өздерінің төл әдебиетінен білім бере отырып, жергілікті халыктардың үңдестік, ұлтаралық достық, дәстүр-ғұрыптарының жақыңдық мәндерінің, олардың республикамыз мәдениетіне қосатын, толықтыратын, байытатын үлестерінің жаңа көзін ашу.
Екінішден, оқу-тәрбие процесінің, эстетикалық, адамгершілік, мейірімділік мазмұндарын молайтып, жастарды парасаттылыққа, имаңдылыққа тәрбиелеу.
Үшіншіден, қазақ қоғамында болып жатқан өзгерістерге қарап, жан тыныштығын сақтау мақсатында қазіргі балгерлердің қоғамдағы орнын көрсету.
Ғылыми жұмыстың міндеті.
• Құмалақ ашу ежелден келе жатқан өнер екенін, ата – бабадан қалған үлкен тарихтың тамыры екенін дәлелдеу;
-
Құмалақ ашу – тек қазақ халқында ғана бар ырым емес, басқа халықтардың өнерімен салыстыра білуге үйрету арқылы оқушының дүниетанымын кеңейту.
-
Бұл ғылыми жоба арқылы әлем дәстүрлерін өзіндік табиғатын даралай, саралай отырып, ондағы дәстүр мен жаңашылдық, жалғаспалық, әдеби кезеңдер, оның адамзат тарихымен тығыз байланысы жайындағы білімдерін қалыптастыру;
Ғылыми жұмыстың құрылымы: жұмыс үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім кіріспе бөлімі, онда жұмыстың өзектілігі, мақсаты мен міндеті және құрылымы берілген. Негізгі бөлім екі тарауға бөлінген, бірінші тарау «Құмалақтың шығу тарихы» деп аталады да, екі тараушыға бөлінеді. Ал екінші тарау «Құмалақты зерттеушілер» деп аталады. Қорытынды бөлімінде орындалған міндеттер көрсетілді.
Бұл зерттеуді 9-сынып оқушысы Калав Амина қызығушылықпен өз қолына алды. Құмалақ ашу дәстүрі арғы әжелерінен келе жатқан өнер болғандықтан, Аминаны осы жоба қызықтырды. Өйткені, тек сабақта ғана емес, сабақтан тыс уақытында Амина өзіне керек мәліметтер жинап, дереккөздерге сүйеніп, ғаламторға шолу жасап, ауыл тұрғындарымен сұхбат жүргізіп ізденімпаздығын көрсете білді. Оқушының бойында құмалақ ашу өнеріне деген және пәнге деген қызығушылықты айқын аңғардық. Амина салмақты, сабырлы, мектепте жақсы оқитын оқушылардың бірі. Амина қызығушылықпен зерттеу жұмысын атқарып, жазып шықты. Жазу барсысында жан-жақты дайындық үстінде болды. Сондықтан біз Аминаның жұмысын өте жақсы деп бағалаймыз. Келешекте қаламы қарымдай жазушы, не болмаса ғұлама ғалым болмаса да, әдебиет өнерінде өз таңбасын қалдырады деген сенімдеміз.
Негізгі бөлім
Құмалақтың пайда болуы
Құмалақтың шығу тамыры ата-бабамыздың мифологиялық танымында жатыр. Құмалақшылық өнері халқымыздың көне тарихынан бері жалғасып келеді. Қорқыт атадан бастап бүгінге дейін жалғасқан баксылық өнері балгерліктің негізгі мектебін ашып өркендетіп келеді.
Құмалақшыны кейде балшы немесе "Балгер" деп те атайды. Бұл жаратылыстың таңба-белгілерін, табиғаттың құбылыстарын ұдайы бақылау нәтижесінде пайда болған сәуегейлік ілім.Бал ашу негізінен астрономиялық және астрологиялық болып екі үлкен топқа бөлінеді. Олар іштей түр-түрге жіктеліп, салаланып кетеді. Мысалы: геомантия – жердегі өзгеріс әрекетті, қимыл-қозғалыстарды бақылайды әрі болжайды; хиромантия – алақан саусақ сызықтарына қарап, болашақты болжаса; арифмантия – нақты есепті ой болжамын жасайды.
41 құмалақпен бал ашу тек Қазақстанда ғана емес, Орта Азия, Кавказ, Иран, Үндiстан, Корея, Тибет, Жапония, сонымен бiрге Американың бiр қатар елдерiнiң тарихында, салт-дәстүрi, тұрмыс-тiршiлiгiнде ұшырасады екен.
Қырық бiр құмалақ салып, бал
ашуға ұқсас дәстүр Фирдоусидiң әйгiлi "Шахнама” дастанында да сөз
болады. Мәселен, мәңгi өлмес дастанда:
"Отырып үкамалар құрға салды,
Құрғаның құралдарын қолға алды.
Қарасып, сiз баяндап берiңiз деп,
Кошауаттың үйдi алдына өңшең
палды”,
–деп жырланған. Және осыған
ұқсас жайттар жырдың өн-бойында бiрталай рет ұшырасады. Осыдан
10-11 ғасыр бұрын (970-1000 жылдар) жазылған дастанда осылай
өрнектелуi де бал ашудың баяғы замандардан бар екенiн көрсетсе
керек.
1.1 Құмалақ жанның тыныштығы, болашақтың болжамы
Құмалақ - қазіргі кездің жұлдыз жорамалы. Бүгінде бірқатар ел жұлдыз жорамалды асыға күтсе, бағзы замандарда жұрт басына іс түскенде, құмалақшыларға имандай сенген.
"Алмағайып заманда, алаяқтың бәрi әулие” дегендiк емес, рухани әлсiз, босбелбеу адамдардың көбi, торыққан жандар өмiрдiң қатал да ащы шындығынан баз кешiп, қамыққан көңiлiне жұбаныш, әйтеуiр бiр демеу тапқысы келiп аласұрғандықтан едi. Кейбiреулер көңiлiне жұбанышты түрлi дiни секталардың уағызынан, сандаған адамдар шарап пен есiрткiден, ал бiраз кiсiлер шын көрiпкелдер мен сан алуан шарлатандардан көмек күтуi заңды да.
Мұның бәрi шарасыздықтан. Адамды уақытша тыныштандыратын, жанға жайлы, құлаққа жағымды сөздер айтатын құмалақшылар мұндайда әркiмге ең жақын адамындай болып, сол "әулие” арқылы аспандағы мейiрбан перiштелер үн қатқандай көрiнсе мұның еш сөлекет-сөкеттiгi жоқ. Жүнжiген, еңсесi езiлген пенде әрқашан жылы сөздерден жанына демесiн, сүйеу тапқысы келерi ықылым заманалардан қалыптасқан әдет. Құмалақ ашқызуға құмарлық та есiрткi сияқты. Әлгi құмалақшының дегенiне ғана шын иланып, әрбiр iс-әрекетiн солардың ашқан балына сәйкестендiруге құмарлардың қоғамда көбейе түсуiнiң бiр мәнiсi осында. Мынау қатал өмiрде төрт құбыласы түгел, айы оңынан, жұлдызы солынан арайланып туатын қарапайым пенделер азды-кем. Сондықтан, ұжмақтай қиял дүниесiнiң жұмсақ құшағынан ажырағысы келмейтiн кiсiлер құмалақшылардың көмегiне ерiксiз жүгiнедi.
-
2 Құмалақтың түрлері, құрылымы
Құмалақ тартуға қойдың қырық бір құмалағы пайдаланылған. Сондай-ақ, ұсақ тастар, құрма дәні, өрік сүйегі, өсімдік дәндері арқылы құмалақ ашады. Қойдан басқа түліктің құмалағы "сөйлемейді".
Құмалақтың бірнеше түрі бар деседі: ырым құмалақ, шашпа құмалақ, біртартар құмалақ т.б. Ақпан айының ортасында құмалақшы таңертең қар үстіне құмалақ шашып, алдағы ауа-райын болжаған. 22 наурыз күні күн мен түн теңелген шақта, болашақты көру үшін құмалақ шашқан. Біртартар құмалақты жаугершілік замандарда майданның бетін бағамдау үшін салған. Шашпа құмалақты есіктен төрге дейін шашып жіберіп, келер күнге жорамал жасаған.
Құмалақ салудың құпиясы өте көп. Оның өзіндік атау, тәсілдері бар. Тартқан кезде құмалақтың түсуіне қарай, “ашпас әліп”, “жеті әліп”, “оң көз”, “кез түсу” деген түрлері бар. Сондай-ақ, “маңдайы ашық”, “босаға берік”, “албарлы”, “күпті”, “құйысқаны көтеріліп тұр” деген сияқты көріністері де болады.
Балшылардың негізгі құралы қырық бір құмалақты ұсақ тастардан, өсімдіктің, жүгері (бүршақ) ірі дәнінен және қойдың қырық бір құмалағынан санап алып пайдаланады. Дегенмен, кейбір құмалақшылардың айтуынша тастардың да жақсы ашылып немесе ашылмай сөйлейтіні болатын сияқты. Бұл киелі жердің тасы деген атауды туғызады. Құмалақшылық тума тұқым қуалайтын тектік қасиет. Құмалақты үйренуге болғанымен, тума қасиеті жоқ, оның сандық моделінің сырын білмейтіндер жобалап болжаушы ғана.
Құмалақтың өзінің түрлері де болады. Мысалы:
-
Құмалақты ашу жолы
Ертеде қырық бір құмалакты ақ киіз (арнайы) үстіне шашып қойып, асықпай араластырып, бір жерге үйген. Бұны "құмалақ араластыру" деген. Одан кейін "құмалағым ақ сөйле, бисмилла" – деп, құмалақты мүмкіндігінше үшке бөледі. Бұны "құмалақ басы" дейді. Бұл үшке бөлінгеннің алдымен оң қол жағындағы бөлігін төрт санына бөліп, одан қалған калдықты оң қолмен жоғары апарып қояды. Бұл – "оң қабақ" не "оң шеке" деп атала-ды ("Құмалақ шаршысындағы" 1-орын). Бұдан соң ортадағы бөлікті төртке бөліп, қалдықты "құмалақ маңдайына" апарып қояды (2-орын). Соңын-да үшінші бөлікті де төрт санына бөліп, қалған қалдықты "сол қабақ", "жау шекеге" апарып қояды. Бұдан соң қалған құмалақты бірге жинап қайта араластырып, тағы үш бөлікке бөледі. Алдымен оң қол жақтағы бөлікті төртке бөліп, қалған қалдықты "оң бүйрекке" (4-орын) қояды. Ортадағы бөлігі қалдығын "құмалақ жүрегіне" (5-орын), шеткі бөлігі қалдығын "сол бүйрегіне"кояды (6-орын). Ең соңында қалған құмалақты тағы жинап алып араластырып, "құмалақ өкшесіне" деп жоғарыдағыдай үшке бөледі. Алдымен оң жақтағы бөлікті төртке бөліп, қалған қалдықты "оң босаға" (7-орын), ортаңғы бөлік калдығын "құмалақ құйысқанына" (8-орын), шеткі бөлікті мүшелеп, қалдығын "сол босағаға" (9-орын) орналастырады. Осымен құмалақ бөлу аяқталады. Құмалақшы қалған құмалағын тағы үшке бөліп, қалған қалдық санына қарап барып болжамын бастап кетеді.
Құмалақшы қалай болжап сөйлейді?
Құмалақ қабағы – бұл құмалақ басының оң және сол қол жағындағы бірінші және үшінші мүшелері. Бұлардың жоғарыдағы атауына қарай құмалақ басының оң жақтағысы – "оң қабақ", "оң шеке", ал сол жақтағысы "сол қабақ", "жау шеке", "дұшпан басы" деп аталады.
Осы шекелердің жұп, тақ болуына қарай құмалақ салғызушының көңіл күйінің қуаныш әрі ренішін құмалақшы бақылай білген.
Оң қабағы жарылу – бұл құмалақтың оң қабағына қалдық құмалақ бір тал болып түсуі. Оны – "талабы жоғары" дейді. Құмалақ салғызушының дұшпаннан мерейінің үстемдігін көрсетеді.
Оң қабақ қатыңқы – бұл оң шекеге екі тал құмалақтың түсуі. Бұл құмалақ салғызушының ашумен келгенін, үй ішінде ұрыс-жанжал болғанын көрсетеді. Ол құдайы тамақ беру керек.
Оң қабағы тарту – бұл құмалақтың оң қабақтағы калдығының үш тал болып мүшеленуі. Бұл құмалақ аштырушының қайғысы жоқ, қарны тоқ және дүшпанынан мерейі анағұрлым үстемдігін көрсетеді.
Оң қабақ қату – оң шекеге төрт тал құмалақтың орналасуы. "Кұмалақ аштырушы ауыр ой үстінде". Көп азап шеккен адам. Оған құдайы беру керек. Дүшпан басы – құмалақтың сол шекеге бір не үш тал болып түсуі. "Құмалақ аштырушының дұшпаны өзінен өлдеқайда басым. Онымен күш сынаспай күте тұрған жөн".
Құмалақ маңдайы – бұл құмалақтың басындағы ортаңғы топ атауы. Құмалақ маңдайы арқылы кісі "болашағын" біле алады.
Қырық бірінші құмалақтың бетке шығуы (Қамбардың қара қасқасы) – Бұл құмалақ маңдайына бір тал құмалақтың келуі. "Құмалақ салдырушының алдында олжа күтіп тұр. Жол жүрсе жолы болады".
Маңдайы қарысу – бұл құмалақ шаршысының маңдайына екі құмалақтың орналасуы. "Ауыр ой қинап жүр. Жалпы жолы ауыр. Алдында оны күтіп тұрған кедергі бар".
Маңдайы ашық – бұл құмалақ маңдайына үш тал құмалақтың мүшеленуі. "Маңдайдағы үш, көңілі қош. Ойлағаны орындалады".
Маңдайы жабық – бұл құмалақ маңдайына төрт тал құмалақтың келуі. "Болашағы жоқ, маңдайының соры бес елі адамға түседі".
Құмалақ бүйрегі – бұл құмалақ жүрегінің оң қол және сол қол жағындағы мүшелері. Жүректің оң жағындағысы – "оң бүйрек" сол шетіндегісі – "сол бүйрек" деп аталады. Балгер осы екеуін салыстырып барып, өз шешімін айтады.
Аш бүйрек – бұл оң бүйрекке бір тал құмалақтың келуі. "Адамды бір жағынан қаражат, екінші жағынан ауру қысып, дұшпанның алдында еңсесі төмендігін көрсетеді. Дауласпай істің артын күту керек".
Оң бүйірі тоқ – бұл оң бүйірге үш не төрт құмалақтың бөлінуі. "Бүйірі тоқ, қайғысы жоқ, дұшпаннан мерейі үстем, туған-туысқандары, бірауызды, өзі сыйлы адам".
Аш бүйірден қадалу – бұл сол бүйірге үш тал құмалақтың келуі. "Дұшпаны мықты, айтысса жеңіп, күрессе жығып, жауласса жол алып кетеді".
Құмалақ жүрегі – бұл құмалақ өзегіндегі екінші мүше. Балгер құмалақ жүрегін "адам тағдырының алтын діңгегі" деп те атайды.
Құмалақ шаршысындағы барлық ой тізбегі жүрекке жинақталып, осы жүрек арқылы өз шешімін табарын көрсетеді.
Жүрек сүйінішті – бұл құмалақ жүрегінде бір не үш тал құмалақ-тың үйлесуі. "От басы аман. Көңіл-күйі жақсы, мерейі үстем. Алдында қуаныш күтіп түр".
Жүрек күпті – бұл құмалақ жүрегіне екі не төрт құмалақтың бөлінуі. "Бұл құмалақ жүйкесі жүн, жігері құм болып, алға басқан аяғы кері кетіп жүрген адамға түседі. Құдайы беру керек".
Құмалақ босағасы – бұл құмалақ өкшесінің оң жақ қол және сол жақтағы мүшелері. Құмалақшылар тілінде "босаға – өз үйің, отаның –алтын бесігің". Қос босаға арқылы от басы, ел іші, отанынада болатын іс жайлы алдын-ала хабардар болады. Бір жаққа жол жүру не жүрмесін де білуге болады.
Оң босаға берік – бұл құмалақтың оң босағаға екі не төрт тал болып бөлінуі. "Үй-ішің аман, ауру-сырқаудан сау. Отаның мықты. Әзірше жолаушы жүрмейсің".
Босағадан кету – бұл оң босағаға қарағанда сол босағаға құмалақтың көп бөлінуі. "Бір жаққа жол жүресің. Құйысқаның көтеріңкі, аяғың үзеңгіде түр". Егер осы құмалакты қыз бала аштырса, онда ол көп ұзамай тұрмысқа шығады.
Оң аяғы табалдырықтан аттады – құмалақтың оң босағаға сан жағынан көп болып орналасуы. "Жакын арада жолаушы жүрмейсің. Үйіңе конақ келеді. Егерде ер жеткен ұлың болса келін түсіреді".
Құйысқан – бұл құмалақ өкшесіндегі ортаңғы мүше. "Құйысқан – қонақ хабаршысы".
Құйысқаны берік – құмалақтың екі босағаға теңдей бөлінуі. "Жо-лаушы жүрмейсің, үйіңе қонақ та келмейді".
Құйысқаны көтерілу – құмалақтың сол босағаға көп болып мүше-ленуі. "Жол жүресің".
Құмалақ басы – құмалақ шаршысына көлденеңінен орналаскан ең бірінші үш мүшенің есімі. "Құмалақтың құмалақ басына жұп не тақ болып түсуіне карай адамның алға қойған мақсаты орындалатынын, орындалмайтынын және оған кездесетін қуаныш пен реніш, сәттілік пен сәтсіздік туралы баяндайды".
Пешенесі бестен түсу – құмалақтың қос қабағына екі-екі талдан және маңдайына бір талдан, яғни құмалақ басына жалпы саны бес құмалақтың түсуі. "Екі құлағы езуінде. Алдыңда бесіктегі балаға дейін қуанатын қуаныш күтіп түр".
Пайғамбардың қара қасқасы – бұл құмалактың кос шекеге бір-бір талдан және маңдайға үш тал болып бөлінуі. Құмалақ санының жалпы саны бес. Бұл құмалақ өзінің дәрежесі жағынан – "апшас әліппен" тең саналады. Сондықтан бұл құмалақты "Дүниеге оң аяғыңмен келген екенсің, бәрі жақсы", – деп әрі қарай салмай жинап алады. Жаугершілік заманда құмалаққа "Пайғамбардың қара қасқасы" түскен күні жорыққа аттанып, жауды жеңіп қайтады екен.
Үй тұйық – бұл құмалақтың қос шекеге үш-үштен, маңдайға екі тал болып, құмалақ басына жалпы саны сегіз тал құмалақтың мүшеленуі. "Ауру да емес, сау да емес, сары уайым есеңгіретіп тастаған адамға түседі".
Ашпас әліп (қарт құмалақ) – құмалақ басының әр мүшесіне үш-үштен "ашпас әліп" түссе, балгер құмалақты ары қарай тартпай, "бәрі жаксы болады" деп жинап алады.
Құмалақ жүрегі – бұл құмалақ шаршысын көлде-неңінен алғандағы екінші қатар атауы. "Адам тағдырына байланысты жақсы мен жаманнан, саулық пен аурудан, өлім мен өмірден хабар етеді".
Құмалақтың кесе түсуі – құмалақ тізбесіндегі көлденең алғанда екінші қатар мүшелерінің тек жұп болып түсуі. "Бұл құмалақ ауру кісіге арналса, ол адамның өлуі мүмкін. Жас балаға түссе, онда ол балаға біреу-дің тіл көзі тиюі мүмкін".
Құмалақ өкшесі – қүмалақ тізбегін көлденеңінен алғандағы ең соңғы қатар атауы. "Адам еңбегінің нәтижесі, іс-әрекеті корытындысынан мәлімет алуға болады".
Құмалақтың жайылып түсуі – бұл құмалақтың қос босағаға бір-бір тал болып түсуі. "Бұл құмалақ ауру адамға түссе, ол аламның жаны көп ұзамай көкке ұшады. Сау адамға ашылса, ол кісі көз көріп, құлақ естімеген жаққа көшіп кетеді".
Оразаның он екі құмалағы – бұл құмалақ аяғының әрбір мүшесіне төрт-төрттен он екі құмалақтың жіктелуі. "Бұл бір сирек түсетін құмалақ. Көбінесе талабына нұр жауар, ізденгіш, ойшыл адамдарға түседі. Алдына қойған мақсаты ерте ме, кеш пе, бәрібір орындалады".
Құмалақтың оң қанаты – бұл құмалақ шаршысын тігінен алғанда оң жақтағы үш мүше есімі. "Оң қанаттан өз басы, үй-іші,отаны, ел басқарушысы жайлы мәлімет алуға болады".
Үш бөрі – бұл құмалақтың оң канатына бір-бірден үш не үш-үштен тоғыз құмалақтың мүшеленуі (суретті қараңыз). Үш бөрі түскен адам жәй кісі емес, әруақты кісі деп есептеледі. Үш бөріні "Ақ дегенің алғыс, қара дегенің қарғыс. Айтқаның келеді, тілегеніңболады. Әлемнің төрт тарапы-на сапар шексең де, жолың болады", – деп жориды.
Албары – бұл құмалақтың оң қанатына жалпы саны 6 құмалақтың түсуі. "Албарлы түссе – аласың".
Жетіскеннің жетеуі – бұл құмалақтың оң қанатына жалпы саны 7 құмалақтың бөлінуі. "Күрессе жығады, айтысса жеңеді, жол жүрсе, олжа-лы болады".
Ойындағы келу – бұл құмалақтың оң қанатына 10 құмалақтың бөлінуі. "Ойлаған ойы орындалады".
Құмалақ өзегі – бұл қүмалақ тізбегін тігінен алғандағы ортаңғы үш мүшесінің жалпы есімі. Құмалақ-шылар құмалақ өзегін "жақсылықтың есігі" деп те атайды.
Жол басы – бұл құмалақ өзегіне бір-бірден үш құмалақтың мүшеленуі. "Көп кешікпей жол жүресің".
Есіктен төрге дейін сүйінші құмалақ – бұл құмалақ өзегіне үш-үштен тоғыз құмалақтың жіктелуі. "Алдыңда куаныш күтіп түр".
Құмалақтың сол қанаты – бұл құмалақ тізбегін тігінен алғанда сол қол жағындағы бірінші қатардың жалпы есімі. "Сол қанат дұшпан жайында сөйлейді".
Кез тесу – бұл құмалақ тізбегін қиғаш алғанда оңынан да, солынан да қиып өтетін түзу атаулары. "Кез тесу адамның біреумен кездесетіні не хат-хабар болатыны жайында мәлімет береді".
Оң кез – бұл құмалақтың оң қабақ, жүрек және сол жақ босағаға бірыңғай жұп не тақ болып бөлінуі. "Біреумен кездесесің, бірақ оны көп күтесің".
Сол кез – бұл құмалақтың сол қабақ, жүрек, оң жақ босағаға бірыңғай жұп не тақ болып мүшеленуі. Біреумен тез арада кездесесің. Хат не хабар келеді.
Тоғысу – (оңнан да, солдан да кез түсу) – бұл құмалақ тізбегіне оң кезбен сол кездің бірдей түсуі. "Жолы болар жігіттің оңынан да, солынан да кез түсер".
Қос табан – бұл құмалақ қатарын тігінен алғанда бір сызық бойына құмалақтың тек жұп болып орналасуы.
Қос аумас – бұл құмалақ шаршысында жұп санды орындар құмалақтың оңы мен солына бірдей бөлінуі. "Бәсекелесіңмен дәрежең тең. Екеуің де бір-біріңе сайма-сайсың".
Шаң тимес – бұл құмалақтың құлақ басы мен құмалақ өзегіне тек тақ болып орналасуы. "Басыңа бақ, қолыңа дәулет қонатын кісіге түседі".
Жеті әліп –құмалақ тізбегінің өзегіне, маңдайына және оң қанаты-на тек бірдей тақ құмалақтың мүшеленуі (41-суретті қараңыз).
Бұл – құмалақ ашуда ең сирек ұшырасатын құбылыс. Сондықтан "Жеті әліп жерге түспейді, жерге түссе де ерге түспейді" дейтін мақал бар. Бұл құмалақ бақ, дәреже қонатын адамға мың-миллион адам ішінен бір-ақ рет түседі. "Жеті әліп түсер адам өте сирек туады".
Тігінен 3, 7, 9 және көлденеңінен 4 деген атаулық дүниетанымдық сандары негізінде қырық бір құмалақ ашу дәстүрі қалыптасыпты. Қырық бір құмалақтың үшке бөлініп ашылуы жаратылыстың тігінен үшке бөлінуіне негізделген. Құмалақты тек қана үшке дейін ашу да осының дәлелі. Қырық бір құмалақтың үшке бөлінген әрбір тобы төрт санына мүшеленеді. Бұл жаратылыстың көлденеңінен төртке бөлінуіне негізделген. Қырық бір құмалақты бір үш ретке бөліп, төрт мүшелеген соң, тоғыз топтан құраған "құмалақ тізбегін" тізеді. Бұл тіршілік әлемнің "тоғыз қат көк" немесе "тоғыз өлшем бірлігіне" дәл келеді.
Құмалақты арнайы күндері ашады. Құмалақты көбінесе күндіз құбылаға қаратып (кейде күнге) ашады. Кейбір құмалақшылар тек қана бейсенбі, жұма күндерді ашуды жөн көреді. Құмалақшы құмалақты таза ақ мата бетіне ашуы керек. Құмалақшы мен құмалақ салдырушының ойлары бір ортаға тоғысқанда, құмалақ ашылып сөйлейді екен.
2. 1 Зерттеу жұмысын жүргізген зерттеушілер
Ғылым мен бал ашудың арақатынасы мен айырмашылығы туралы алғаш зерттеу еңбекті ұлы ғұлама Әбу Насыр Әл-Фараби жазды (А.Машанов. Әл-Фараби. 1970. «Алматы». 215-6.). Ол ел ішіндегі балшылық ашатын (жауырыншы, тамыршы, есепші, алақан-саусаққа қараушы т.б.) және болжайтындардың түрінің көптігіне қарамастан, халық күнделікті өмірінде көбінесе құмалақшыларға, оның қырық бір құмалағының болжамына ерекше баға берді. Көнеден сақталып, бүгінге жетіп өз орнын тауып отырғаны сондықтан да болар.
«Қырық бір құмалақ – Данияр Пайғамбардан қалған мұра», – дейді Ш.Уәлиханов («Таңд. Шығармалар», Алматы, 1985, 159-бет). Қырық бір (кей жерлерде қырық төрт) құмалақпен бал ашу Орта Азия мен Кавказ, Үнді мен Иран, Тибет пен Корея, Жапония мен Америкада болғандығын растайды. Ш.Уәлиханов өзінің «Тәңірі (Құдай)» атты тағы бір мақаласында «бал ашу», «жауырыншы», «елті» туралы жазады: «Бал ашушылар. Бақсылардың бәрі де балгерлер. Рухы бар, жоталы әйелдерді елті деп атайды, олар да бақсы. Жауырыншы балгерлер қойдың жауырынымен, құмалақпен бал ашады. Қойдың құмалағын ретімен қояды, олардың саны қырық бір болуға тиіс. Жауырынмен бал ашу және қырық бір құмалақпен бал ашу – қазақтар арасында ең кең тараған балгерліктердің түрлері» -дейді.
Ел егемендігі орнағалы қазақ елінде де бұл өнерге ғалымдар мен жазушы және оқырман халық мән бере бастады. Құмалақ ашу жөніндегі зерттеулер құпиясын академик Ақжан Машанов, тілші-этнограф Тоқтасын Мыштайұлы Өмірзақов пен жазушы Мағира Қожахметова (Марал Зерендина) болды. Мағира Қожахметова алты жылдан бері Қызылордалық құмалақшы Қамалбек Арыстанұлының болжамдық қасиетін зерттеп келе жатыр.
Т. Өмірзақов «Қырық бір құмалақ» атты еңбегінде былай дейді: «18 мың ғаламда 41 мұсылман елi бар. Осы мұсылман елдерiнiң санына сай 41 тас алып, Жақып пен Дәуiт пайғамбар құмалақ ашуды дәстүрге айналдырыпты» деп түсiнiк бередi. Ертедегі қазақ халық емшілігі мен бақсылық өнерін зерттеген академик Әлкей Марғұлан, ғалым-жазушылармен қатар орыстың да және басқа ұлттардың да зерттеушілері халықтың құмалақшылық өнеріне үлкен баға берген.
Алматылық журналист Асқар Беков апта бойы әзірлеген журналистік зерттеуінде құмалақшылар өмірін ашып көрсетуге бел буды.
Сол жердегі ең танымал Қалимаш апа деген құмалақшымен әңгімелесіпті. «Фотоға түскеннен қашпайтын жалғыз балгер кісі екен. Екі тілге де судай. Сөзге шешен. Алдына барсаң, айналшықтап қаласың. Балгер емес, психолог па деп қаласың. Сондықтан ел оның алдынан тез өтіп кетуге тырысады. Өзі Ресейде туып, сол жақта білім алған қазақ қызы. «Кіші жүздің адуын қызымын» дейді. Айтуынша, алдына қарапайым тұрғыннан бастап, бизнесте өзін танытқан азаматқа дейін келеді. Тіпті, ел басқарып отырғандар да бұл кісінің көмегіне жүгінетін көрінеді. Соңғылары, әлбетте, түнде хабарласады, көбіне шақыртып алып алдыңғы өмірін болжатқанды ұнатады екен». Журналистің зерттеуі бойынша, сол бір Алматы базарында бірнеше құмалақшы-балгерді көріпті. Көбі фотаға түспей, тіпті журналист дегенді естіп, қашып кеткен. Бір апай: «Кімдер келеді» дегеніне «жаны қысылып қиналғандар, отбасының берекесі қашқандар, малын жоғалтып мұңайғандар» келеді деп айтыпты.
Бірақ та, құмалақ ашатындардың дені – қазақтар екенін аңғарыпты. Демек, бұл – ата-бабамыздың дәстүрі, қазақ халқының жаңаршылығы, адамгершілігі.
Осы зерттеу жұмысында елімізде танымал құмалақшылар бар екеніне көзім жетті. Мысалға алсам, Қызылордалық құмалақшы Қамалбек, алматылық Мергенбаев Ысқақбек, алматылық (бұрынғы семейлік) медбике Құлатаева Рыскүл.
Менің де туған жерімде, өзімнің туған әжелерім де құмалақшы екенін көрсетіп, тарихта олардың есімі қалса деп үміттенемін.
Менің нағашы әжем Шингужинова Шамшия Абуталипқызы 40 жастан бастап құмалақ ұстапты. Сұхбат алғанда әжем: «Қазиза деген абысыным бақсы болған, содан үйрендім. Қыздарға берме, олар ұстамайды деп, құмалағын маған берді», -дейді. «Өзім құмалақ ашуды тез үйрендім, өйткені әке жағымнан Сенкубаев әулетінен Қанапия деген әжем құмалақшы болыпты, менің екі жасымда қайтыс болған екен, мүмкін, сол әжемнен маған да осы қабілет қонған шығар».
-
Құмалақ ашуға қандай адамдар жолығады?
-
Көбінесе мал, ақша немесе бір заттарын жоғалтқан адамдар келеді. Кейде ауырған адамдар, болашақты жоруға келгендер. Оқушылар да, емтиханды қалай тапсырамын деп келеді. Полиция қызметкерлері де келеді.
-
Сонда құмалақтың «сөйлегені» келе ме?
-
Ия, келеді. Құмалақ салдырған адамдар кейін хабарласады, ризашылығын білдіреді.
-
Құмалақ ашу сізге қандай пайда әкеледі?
-
Пайда деп айтуға болмайды, бұл ата- бабамыздан келе жатқан дәстүр, қазақтың адамгершілік, жаңашырлық, бір-біріне көмек көрсету сезімі. Адам құмалақшыға қиналғанда келеді, көмек сұрап келеді.
Құмалақты арнайы ашатын әр балгердің күні болады. Құмалақты көбінесе күндіз құбылаға қаратып (кейде күнге) ашуды ұсынады. Кейбір құмалақшылар болса, тек қана бейсенбі, жүма күндерді ашуды дұрыс көреді. Құмалақ-шының жұмыс орны таза әрі құмалақты ақ мата бетінде ашқан жөн. Құмалақшы кейде түсінде де болжам алуы мүмкін. Кұмалақ ашқызушы да адал ниетімен таза түрде толық сеніммен келу қажет. Құмалақшы мен құмалақ салдырушының ойлары бір ортаға түйіскенде құмалақ ашылып сөйлейді. Құмалақты лас орында, көшеде, жолдар бойында, түнде салуға болмайды. Арнайы таза орында салған оң шешімін береді. "Құдайдан қорықпаған ғана құмалақ тартады" деген халық даналығы өтірікші, алдампаз, араққүмар, лас, темекі тартып, насыбай атушылар, есі ауысқандарға арналған болу керек. Құмалақтың балгер-лермен арақатынасының ғасырлар бойы жалғасуы, оған күмән туғызуға болмайтын ескі ұлт қазынасы екенін дәлелдейді. Құмалақпен бал ашу ол сырткқы тылсым күштермен сырласу, табиғаттың құпия сырын ашу мен адамның жаңа ғарыштық ойлау жүйесі танымын ояту болып табылады.
Құмалақпен бал ашып болжаудың құпиялық шежіресін ашып әрі дамыту ғалымдарымыздың, зерттеушілеріміздің және балгерлердің басты міндеті.
Ата-бабалардың көзіндей болған "қырық бір құмалақтың" қадірін білейік.
Қазақ халқының ежелден көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан қасиетті гауһар дүние асылдары бар. Олар, әрине, мал-мүлік емес. Өйткені «мал бір жұттық, дүние деген құр құттық»,- дегендей, жыландай жылжыған өмір аса береді. Ал енді осы қазақ жұртының бір иіріле қалар дәстүрінің бір парамы – құмалақ ашу болса керек.
Бұл бүгінгі ұрпаққа қырық бір құмалақты
үйрету емес тек қызыл қанымыз тектес болған ұлы халқымыздың
осындайда індеті бар екендігін сездіру
еді.
Сонымен қырық бір құмалақты да еске ала
жүрген мақұл-ау дейміз.
Бұл ұлттық дарын-қабілеттің ерекше бір түрі болғандықтан құмалақ, құмалақшы, құмалақ ашу атауы өз қадірін жойған емес.
Қазақтың қанымен бірге ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан көп тектік қасиеттері жетерлік.
Қорытынды
Қорыта айтатын болсам, бұл жұмысты жазу барысында құмалақтың мәнін, маңызын өз жеке басым түсініп, қазіргі жастарға, келешек ұрпаққа ата –бабаларымыздың салты, дәстүрін сақтап, білсек екенімді білдіргім келді. Сол себептен мен ғылыми жұмысымды бастаған едім. Ғылыми жұмысымда құмалақ ашу арқылы қазақ халқы бір – біріне жәрдем беру, көмектесу кішіпейілділіктерін көрсетуге әрдайым дайын тұратындығын көрсеттім.
Ұлы дала көшпенділерінің тарихымен тығыз байланысты. Бізге көшпенділер бірнеше мыңдаған жылдар бойы сақтаған салт дәстүрін, мәдениетін, ғажайып өркениетін мұраға қалдырып кетті. Осы ата –бабаларымыздың өткен тарихы, олар жасап кеткен дүниелер күні бүгінге дейін маңызын жоймай, мұрагер біздің қызығушылығымызды тудырып отыр. Осы мақсатта бүгінгі жас ұрпаққа қазақ халқының салтын танытып, жаңғыртқым келді. Болашақта тарихымызды, әдет-ғұрыпымызды ұмытпас үшін, мұражайларда құмалақ туралы мәлімет беріліп, тарих беттерінен ізін жоймаса екен деймін.
Пайдаланылған әдебиеттер және сілтемелер тізімі:
-
www. myprofession. Kz
-
Қарлыға Бүйенбай «Құмалақ түрлері»
-
http: //www.turkystan.kz
-
gazpsi.ucoz.kz
-
massaget.kz
-
А.Машанов. Әл-Фараби. 1970. "Алматы". 215-6.
-
2. "Таңд. шығармалар", Алматы, 1985, 159-бет.
10

