Материалдар / Ғылыми жұмыс "Сегіз сері мұралары-өшпес қазына"
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Ғылыми жұмыс "Сегіз сері мұралары-өшпес қазына"

Материал туралы қысқаша түсінік
Ғылыми жұмыс Сегіз серінің шығармаларын зерттегісі келетін оқушыларға қосымша материал ретінде пайдалануға болады.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
12 Қазан 2018
1071
2 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі

Солтүстік Қазақстан облысының білім басқармасы

«Петропавл қаласының білім бөлімі» ММ

7 орта мектеп КММ









Сегіз сері мұралары- өшпес қазына



Бағыты: «Қазақстанның тарихи ескерткіштері және болашақ дамуы бар саяхат маршруттары»




Секциясы: қазақ әдебиеті





Ғылыми жұмыс иесі: Б.Е.Бекматова

қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі.


















Петропавл, 2018ж

Мазмұны

КІРІСПЕ

1. Сегіз сері Баһрамұлының ата тегі

1.1 Сегіз деп атап кеткен мені халқым

2. Сегіз сері әндерінің тарихы

2.1 Жырлары жан тербеткен Сегіз сері

3. Сегіз сері мұрасы-сарқылмас жыр жауһары

Қорытынды

Пайдаланылған әдебиеттер


































Аңдатпа

Зерттеудің өзектілігі: Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы арқылы ұлттық идеологиялық бағытымызды айқындап берді. Рухани жаңғырту кезеңде халық тағдырының шынайы көрінісін, ұлттық мүдде мен болмыс-бітімін айшықтап берер әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелерін қайта сын елегінен өткізу қазіргі таңда әдебиеттің тарихын, қазақ поэзиясын қайта қарау қажеттілігі туындап отыр. Соның ішінде арнайы қарастыруды қажет ететін мәселенің бірі – сал-серілер поэзиясындағы ұлттық құндылықтар.

Зерттеудің мақсаты:

  • жастардың бойында ұлттық қазақстандық патриоттық сезімдерді қалыптастырудың педагогикалық мүмкіндіктерін ғылыми­­-теориялық және практикалық тұрғыда негіздеу.

  • сал-серілер поэзиясы арқылы халқымыздың тарихын, ата - бабаларымыздың биік мақсат - мұратын таныту.

Зерттеу міндеттері:

  • руханияттың қайнар көзі- ата-баба ерлігін, көне тарихын, шежіресін дәріптеп, ұлы тұлғалардың мәңгі жасайтындығы арқылы оқушыларда ерлік және елжандылық қасиеттері қалыптастырады.

  • Зерттеу нысаны: қазақ әдебиеті тарихындағы Сегіз сері Баһрамұлы Шақшақовтың ел мүддесін толғайтын ән- жырлары алынды.

Зерттеу жаңалығы мен дербестік мәні:

  • ән-жырымен халыққа рухани байлық берген Сегіз серінің жырларына талдау жасалды.

  • жаһандану жағдайында оқушыларға ұлтжандылық тәрбие беруде сал-серілер шежіресі анықталып, ғылыми-әдістемелік негізде көрсетілді.

Зерттеудің ғылыми болжамы:

  • егер халқымыздың ерлік, елжандылық тәрбиесі негіздерін игерер болсақ, оның тұтас ғылыми жүйесін жасауға болады.

  • сол мұраларды саралап бүгінгі талап тұрғысынан пайдаланғанда ғана жалпы азаматтық және ұлттық құндылықтардың мәңгілік жасайтындығын түсінетін дүниетанымы мол ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеудің мүмкіндігі туады.

Зерттеу әдістері: баяндау, сипаттау, талдау, қорытындылау.

Практикалық маңызы:

  • жұмыс нәтижелерін шешендік өнер, қазақ әдебиетінің тарихына қатысты факультатив сабақтарында, элективті пәндерге материал ретінде қолданауға болады.

Күтілетін нәтиже:

  1. Бүгінгі жас ұрпақты сонау заманнан жинақталған ата - бабаларымыздың мол мұрасымен сусындату- біздің міндетіміз;

  2. Біздің ата - бабаларымыздан бізге жеткен көптеген ұлағатты, ғибрат аларлықтай тамаша тәлім - тәрбие берерліктей ән-жырларды бойларына сіңдіру;

  3. Сал-серілер халыққа өнегелі сөздерімен ықпал етіп, оларды іргелі ел, берекелі жұрт болуға шақырды, жас ұрпақ сол аманатты сақтауға тиісті.

  4. Бабалар рухына бас ие отырып, егемендікті сақтау, тәуелсіздігіміздің тұғырын тереңнен бекіту- қасиетті борышым.




Кіріспе

Сал-серілік дәстүрі - қазақта өте ерте дәуірден келе жатқан халықтың тіршілігіне көп жаңалық әкеліп, әдебиетке игі әсерін тигізген мәдениетіміздің бір жарқын үлгісі. Қазақ ауыз әдебиетіне жүгінсек, ескі дәуірдегі серілік өнерді бастаушынының бірі – Қорқыт баба екенін білеміз. Ол атақты шешен, ел басқарушы болумен бірге дүлдүл жырау, асқан күйші, қобыз жасап оны қазақ топырағында алғаш сөйлеткен кемеңгер. Сол секілді «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек» , «Ер Тарғын» , "Ер Сайын» жырларында айтылатын Қозы Көрпеш, Төлеген, Ер Тарғын, Ер Сайындардың өздері тумысынан тамаша серілер болған. Олар ел-елден қыз таңдап, шатыр тігіп, аң аулап қастарына топ-тобымен сал-сері жігіттерді ертіп ән айтып, күй тартып, ойын-сауық құрып жүрген. Сөйтіп олар ел адамының-халық театрының ойын-сауық құру, ән шырқау, күй тарту, би билеу, айтысу, желдірме, толғау, тақпақ, жұмбақ, қисса айту секілді дәстүрін дүниеге әкелген.

Сал-серілер өз жанынан өлең, ән-күй шығарып оны халық алдында орындап беріп, көпшілік қауымның сүйіспеншілігіне бөленеді, сөйтіп ел-жұрттың алғысын алады. Сонымен бірге, сал-серілердің тағы бір қасиеті- ұшқыр ойы мен ашық жарқын мінезі, сыпайылығы және өмірге құштарлығы, әсемдіктен ләззат ала білуі. Халықтың сал-серіні ардақ тұтып, қуанышпен қарсы алып, олардың өнерін аңыз етіп ауыздан- ауызға айтып жүретіні де сондықтан болар. Сал-серілер тек әнші, ақын, күйші ғана емес, алдымен атақты мерген, сұңқар, лашын, тұйғынмен құс ілгізген саятшы, тұлпар аттың ең жүйрігін, ең сұлуын таңдап мінетін ат ойынының бапкері, он саусағынан өнері тамған теңдесіз шебер, керемет зергер де болған.Сал-серілік өнермен айналысушы өнерпаздар етікшілік, өрімшілік, ұсталық, зергерлік, балташылық, оюшылық, тігіншілік өнерімен де айналысқан. Себебі сал-серілерге өздерін атпен, киіммен, құрал-жабдықпен, ән-күй аспаптарымен, ішіп-жем қаражатымен қамтамасыз етуі керек болған.Сал-серілердің біразы көктемде егіншілікпен де шұғылданған. Көктемнен күзге дейін олар көшпелі жағдайға бейімделіп түйеге, нарға шатырларын теңдеп, сойыстық малдарын айдап көшіп-қонып ел аралап жүрсе, күзде қысқы мекендеріне оралып, еккен астығын орып, жинап алып отырған. Сондай сал-серіліктің туын көтерген атақты батыр, әйгілі ақын, теңдесіз әнші және күйші, он саусағынан өнері тамған шебер, атбегі, құсбегі, аңшы балуан, мерген Сегіз сері Баһрамұлы Шақшақов болды. Ол өз тұсында сал-серілер мектебінің ұйымдастырушысы болған.[2]







  1. Сегіз сері Баһрамұлының ата тегі

Сегіз сері Баһрамұлының шыққан тегіне, туып өскен ортасына кеңірек тоқталып өтетін болсақ, Солтүстік Қазақстан облысының орталығы бұрынғы Қызылжар шаһарынан Есілдің қара жолы деп аталатын ескі керуен жолымен күнбатысқа қарай үш көш жер жүргенде жолдың екі беті көк шалғынды кең жазық, бір-бірімен жалғасып жатқан ну орман болатын. Ол орманда ақ қайың, көктерек, өрімтал тал өседі. Кей-кейде жүз шақырымдай жүргеннен кейін алдыңнан жарқырап бір-біріне жақын мөлдір сулы көлдер де кездеседі. Әлгі айтқан ескі керуен жол ортасымен өтетін қарағай-қайыңы аралас ормандардың бірі Толыбай жалы деп аталады. Бұл орманға белгілі Қожаберген жыраудың әкесі әскер басы, батыр, әрі сыншы шешендігімен аты шыққан керей елінің көсемі Толыбай бабаның есімі берілген. Сол арадағы бір биіктеу дөңес жерді жазда жағалай қаптап гүл көп өсетіндіктен халық Гүлтөбе деп атап кеткен. Бұл жер кейінірек XVIII ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап Тәшім Сатыбалдыұлының шөбересі Маманай бидің есімімен аталып Маманай болып кеткен. Кейде осы Гүлтөбе-Маманай деп қосарлап та атайды. Осы ара сол кездің тілімен айтқанда орта жүз ашамайлы Керейдің бәйбіше Көшебе руының таузар ұрпағына жататын атақты Дәулен батырдың ең әуелгі қонысы екен. Дәулен Есім ханның кезінде үш жүздің әскерін басқарған қолбасшы батыр екені тарихтан белгілі. Дәулен батырдан Ертісбай, Жақсыбай, Малыбай, Тұрсынбай, Наурызбай, Толыбай, Аулабай, Жарқынбай, Қарқынбай, Барқын, Садақбай, Арыстан есімді он екі ұл туған. Бұл балалардың ішінде Толыбай сыншының кім екенін жоғарыда айттық. Арғы атасы Қожаберген — әрі ақын, әрі әнші, әрі батыр кісі екен. Қалмақтармен шайқаста қол бастап, көзге түскен. "Ақтабан шұбырынды" заманының ұлы ескерткіші — "Елім-айдастаны мен әннің иесі. Өз әкесі Баһрам батырлығына қоса білімді, діндар адам болған. Баласын жастайынан мұсылманша оқытып, мылтық атуға, садақ тартуға, 

найза шаншуға, қылыш шабуға, ат өнеріне, балуандықтың айла-тәсілдеріне баулыған. Кейін талапты жігіт қамшы өруден бастап, киіз үйдің шаңырақ, керегесін, аттың ер-тұрманын, өмілдірік-тартпасын, жүгеніне дейін өзі жасайтын шеберге айналған. "Сегіз" деп ат қойған — жеңгелері. Себебі ағаларына ілесіп аңға барып жүргенде сегіз жастағы Мұхамедқанапия оқтап берген мылтықпен қашқан киікті атып түсіріпті. Он үш жасынан  домбыра  тартып ән айтатыны, есейе келе бүркіт, қаршыға баптап, жүйрік ат ұстайтыны байқалған соң "сері" деген ат қосылған. Сегіз он жеті жасында қазіргі Қостанай облысының "Құсмұрын" деген жерін қоныс етіп отырған аға сұлтан Шыңғыс Уәлихановтыңауылына қыдырып келеді. Серінің жан-жақты өнерін тамашалаған Шыңғыс дүниеге жаңа келген сәбиіне соған ұқсап өсер ме екен деген тілеумен Мүхамедқанапия деп азан шақыртып ат қояды. Шоқанның шілдехана тойын арнайы шақырылған Сегіз сері бастады деген дерек бар. Омбыдағы орыс әкімдері оны қазақтың ру басыларымен, беделді билерімен келісім сөз жүргізу саясатына пайдаланғысы келген. [1]

Осы арадағы Дәулен тұқымының бөренеден қиюластырылған, төбе шатырын шыммен жапқан, кертеден салған үйлері көпке дейін бұзылмай сақталып келген. Осы үйлерде батырдың үрім-бұтағы үйлі- баранды болып бала өсіріп, немере сүйген. Дәулен батыр әулетінің бұл мекені әуелде Толыбай ауылы, кейін Қожаберген ауылы деп аталған. Бұл ауылдың күздігі, сол қоныстан оңтүстік батысқа қарай жүргенде, қозыкеш жердегі ылғи көк терек өсетін шағын орман Толыбай сыншы шоғы деген жерде мекендеген. Жазында көршілілес ауылдарымен бірге көшіп, Майбалық көлін басып өтіп, керей жайлауындағы Шүрегей, Дос көлдерінің бойын жайлаған. Бұл көлде қаз, үйрек, шағала, қасқалдақ, аққу, үйректің, әсіресе шүрегей, кегер деген түрлері де көп болған. Шүрегей көлінің жағасына алдымен Шақшақ шешен Көшекұлының ауылы келіп қонады екен. Аса малды бай болмаса да Шақшақ тоғыз жүз жылқы, жеті жүз түйе айдаған. Шақшақтың Айман деген бәйбішесінен Қаншайым есімді қыз (белгілі академик-жазушы Ғабит Махмұтұлының бабасы Мүсірептің туған анасы), Бауыржан, Сексен (шын аты Бектемір), Баһрам, Есенжан, Қайыржан, Шағырай, Жанат атты жеті ұл туады. Айман белгілі атығай Құлекеұлы Шал ақынның туған апасы. Шақшақ балаларының ішінде Бауыржан мен Сексен екеуі де би болған. Ал Баһрам, Шағырай, Жанат үшеуі де әнші, ақын әрі күйші өнерпаз болғандығы мәлім. Ал Шағырай мен Жанат сал-серілік құрғандықтан, ол екеуі ел ішінде Шағырай сал, Жанат сері атанып кеткен.

Баһрам Көкше Өңіріндегі Зеренді Көлінің маңын мекен еткен жаулыбай- қарауыл еліндегі Қанай бидің баласы Бекболаттың (Қанай би- белгілі ғалым Мәлік Ғабдуллиннің арғы бабасы) қызы Жамалға үйленеді. Оның Жамал атты бәйбішесінен Ғайша есімді қызы (Бейімбет атығай Тоғжан Ендібайұлы ақынның туған анасы) Көрпеш, Нәупіл, Сүйір (шын аты Әлімұхамет), Сүйін, Сейткерей, Сегіз сері (шын аты- Мұхаммед- Қанапия) Қуаныш атты жеті ұл туған. Баһрамның осы ұлының бәрі де өнерлі- батыр, палуан, әнші, мерген болғанын білеміз. Соның ішінде Көрпеш, Сүйін, Сейткерей Мұхаммед- Қанапия төртеуі аса дарынды болған ақпа- төкпе ақындығымен аты шыққан. «Бұларға ақындық, жыраулық қасиет сонау арғы алтыншы атасы Толыбайдан сатылап дарыған», -дейді ел ішіндегі білетін қариялар. Мәселен, арғы бабасы Толыбай сыншының өзі, одан туған Қожаберген, Толыбайдың ұлы Қарабастан туған Дәстем сал, оның ағасы Асқап батырдың немерелері Жанкісі, Шақшақ елге белгілі ақын- жыраулар еді. Ал Жанкісіден туған Сағара, оның ағасы Қамбардан туған Жанақ, Шақшақтың өзінен туған Баһрам, Сексен бұлар да өз жандарынан өлең шығаратын әйгілі ақпа-төкпе ақын болған. [2] Ендеше ақындық өнер атадан балаға мирас болып келе жатқан осындай дарынды ортадан Сегіз сері секілді жүйрік таланттың шығуы табиғи заңды құбылыс демекпіз.

1.1 Сегіз деп атап кеткен мені халқым

Жоғарыда өзіміз сөз еткен- Сегіз сері (Мұхаммед-Қанапия) 1818 жылы ескіше барыс жылы наурыз айының басында қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданына қарасты «Благовешенский» совхозының жеріндегі өзіміз жоғарыда айтқан Гүлтөбе- Маманайда Бұқпа көлінің жағасында Қожаберген ауылының өнерпаз азаматы Баһрам батырдың семьясында дүниеге келеді. Шежіреші Тәбей Барлыбайұлының Қазақ ССР ғылым академиясы Ш.Уалиханов атындағы тарих, археология және этнография институтына әкеліп тапсырған көне тарихы бар «Керей шежіресінде» Мұхаммед- Қанапияның Сегіз сері аталуына байланысты екі түрлі түсінік беріледі. Біріншіден, Мұхаммед- Қанапия сегіз жасында әкесі, ағасы Шағырай салмен және Жанат серімен бірге аңға шыққанда тайға мініп ере шығады да, сол арада ағасы оқтап берген шиті мылтықпен көздеп атып, алдарынан қашқан бір киікті құлатады. Содан «сегіз жасында киік атып алды, мұның аты- Сегіз болсын»! – деп, ел- жұрт солай атап кетеді. Екіншіден, Мұхаммед- Қанапия жас кезінен- ақ сегіз қырлы бір сырлы өте өнерпаз жігіт болып өседі. Әнші, ақын, күйшілігімен қоса, палуан, саятшы, атбегі және он саусағынан өнері тамған шебер болады. Осындай жан- жақты өнерпаздығына тәнті болған ел оған өсе келе сері деген атты қоса береді. Сөйтіп ол ел аузында Сегіз сері атанып кетеді.

Мұны ол кейінірек өзі туралы шығарған «Қашқын келбеті» атты дастанында былай дейді:

Мұхаммед-Қанапия болса да атым,

Сегіз деп атап кеткен мені халқым.

Өнердің бойға біткен арқасында

Үш жүздің сал-сері еттім азаматын.

Мұхаммед-Қанапия сегіз жасқа келгенде анасы Жамал ауырып қайтыс болады. Жамалдың қырқы өте салысымен бір аптадан кейін әкесі Баһрам 47 жасында 1826 жылы ит жылы ол да қайтыс болады. Бұл Сегіз серінің жылы ол да қайтыс болады. Бұл Сегіз серінің Көрпеш ақын, Нәупіл батыр, Сүйір сергер есімді ағаларының үйлі-баранды болып, енші алып бөлек тұратын кезі екен. Сегіз Сүйін, Сейткерей есімжі ағалары, Қуаныш деген інісімен бірге атасы Шақшақ пен әкесінің інісі Жанат серінің тәрбиесінде болады. Ағасы Көрпештің Сейтжан, Құшан есімді үлкен балалары да Сегізбен бірге туа біткен ақындық таланты бар Шақшақ атасының бауырында өседі.

Сегіз сері бала кезінде ауылдық шағын медреседегі Мөңке молдадан оқып, хадимше хат таниды. Онан кейін ол Болатнай, Қызылжар медреселерінде оқып, өз ағасы имам Көрпеш ақыннан Имамғабит Ырғызбекұлы есімді ғұлама молдадан төрт жыл дәріс алады. Қызылжар медресесінде оқып жүргенінде ол араб, парсы шағатай, көне түрік тілдерін біршама үйренумен бірге қазақ пен шығыс әдебиетінің үлгілерімен де танысады. Өйткені оған сабақ берген кісі Имамғабит сері мен өз ағасы Көрпеш Бұхара шаһарындағы жоғары дәрежелі медресені бітірген, сол кездегі айтулы ғұлама әрі әнші-ақындар еді. Осы екеуі Сегіз серіге діни сабақ берумен бірге оны ақындыққа, әншілік өнерге де баулиды.

2.Сегіз сері әндерінің тарихы

Ғайни қыз бен «Ғайни» әнінің өмір тарихына келсек.
Ғайниды тек әдемі қыз, Сегіз сері ән арнаған айрықша қыз деп қана бағалау – обал. Ол – өзінің атақонысын, елі мен жерін қолына қару алып қорғаған қаһарман қыз. Азаттық үшін атқа қонған батыр ару. Сондықтан оның өмірін, ерлігін, аруағын сыйлау – бізге парыз. Біз – қазір бодандықтың бұғауынан құ­тылған тәуелсіз мемлекетпіз. Алайда өз ішіміздегі алауыздықтың бұ­ғауынан әлі бір жола құтыла алмай келеміз. Бізді сол, сөз жоқ, әлсіретеді. Алайда, ауыз­ды қу шөппен сүртуге де болмайды. Ға­лымбек Қызырбекұлы құрастырған «Электронды қазақ үйі» деген атпен арғы-бергі қазақ әндері мен күйлерін күйтабаққа түсірген екен, сонда «Ғайни», «Ақбұлақ», «Ақбет», «Алқоңыр», «Мақпал», «Сәулем-ай» (48- бет, Алматы, 2014) әндерін Сегіз серінікі деп көрсетіпті. М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер инс­титуты, «Қазақстан» ұлттық телеарна­сы, «Қазақ» және «Шалқар» радиосы Сегіз сері бабамыздың әндерін өз атына қайтарар деп сенеміз. Екі ғасыр бойы өлмей, өшпей келген үнді қалайша және қашанғы өз қолымызбен өшіре береміз?! Сегіз 1818 – барыс жылында нау­рыз айында туып, отыз жеті мүшел жасында қайтыс болған. Аз жасаса да, алыптың ісін атқарып кеткен адам. Ол алғаш әні «Назқоңырды» Мүкарама сұлуға арнап 15-16 жасында шығарған. Өзінің өлеңдері мен замандастары­ның айтуына қарағанда, оған Сегіз сері де­ген ат өте ерте қойылған. Ол он жасында Омбы медресесіне барып, онда алты жыл оқыған. Орысшаны оқытушы жал­дап үйренген. Мен атақты батырлар­дың, әйгілі адамдардың ұрпағымын де­ген ұғым оны бала кезінен баулыған. Сондықтан ол өзінің жүріс-тұрысына, ісі мен сөзіне жас кезінен жауапкер­шілікпен қараған. Соның нәтижесінде Омбыдағы медреседе оқығанға дейін-ақ ол домбыра шертіп, қобыз тартып, садақ атып, найза түйреп үйренген. Батыр бабаларына ұқсап киініп, бес қа­руын асынып жүретін болған. Сон­дық­тан оған «Сегіз жасар сері», «Сегіз қыр­лы, бір сырлы бала» деген сөздің екеуі де жарасымды еді. Мұхаммед-Қанафия атының айтылмай, Сегіз сері деген атау оған ерте берілуі осы екі сөздің бір ар­нада тоғысуынан да болған шығар деп ойлаймыз. Өйткені ол медресе қабыр­ғасында жүргенде-ақ солай аталған. Омбы жанындағы Ертіс орманында жиырма шақты орысты өлтіріп кеткен адам Сегіз сері деп Горчаков жала жап­қанда, Омбыдағы оқуын жаңа бітірген еді. Тағдыр деген қызық қой, өзі Горча­ковтан қашып жүрген Сегіз сері бір топ орысты тоғайда ұстап алып, ағашқа байлап, қорлық-зорлық көрсетпек бо­лып жат­қан Горчаковтың қызын сол бұзақы­лардан құтқарып қалады. Сол кезде бес қаруын асынған, батырларша киінген он алтыдан он жетіге жаңа аяқ басқан жігіт. Сегіз Сыр бойына келгенде Бақ­тияр деген кісінің Мақпал атты қызына ға­шық болады. Ол қыз жай сұлу емес, асқан сұлу болса керек. Өйткені оның әдемілігіне қарақалпақ Жабы деген де тәнті болып жүреді екен. «Қызыңды маған бер!» деп, Жабы Бақтияр бас­таған наймандардың әбден мазасын алады. Сол тұста Сыр бойына Сегіз ке­леді де, оның да көзі Мақпалға түседі. Ажары да, қылығы да көңілін баурап алған сері қызға арнап әуелі «Мақпал» атты бір ән шығарады. «Ақша жүз, бота көзді, қасың қара, Шашыңды түнде жуып, күндіз тара. Ниязбенен екеуміз келген шақта, Мақпалжан, бұлғақтамай бізге қара», –дейді. Бұл ән Сегіздің әлі жаңа ынтық­қан кезінде шығарғаны секілді. «Алып қашып кетуге келер шамам» деп, қыз­ға өзінің түпкі ойын түгел ашады. Қыз да жігіт тілегін құп көрген болу ке­рек. Екеуінің ара қатынасы қай дәре­жеге дейін барғанын Құдай біледі, алай­да Сегіздің оны құлай сүйгеніне әндері мен өлеңі куә. Ғашық сері Мақпалға ар­нап әйгілі «Гауһартас» әнін шыға­рады. Бұл ән – адам шығарды деуге қи­майтын ән. Әлдебір құдірет адам тү­сінбейтін әсермен тудыра салғандай. Ол құдірет, әрине, ғашықтықтың құ­діреті. Ауыздан шыққан сөз қандай, жүректен төгілген әуен қандай?! «Ажарың ашық екен атқан таңдай,  Жанарың қараңғыда жаққан шамдай», –деп таңданады, «Шолпандай таң ал­дында жалғыз туған» деп сүйсінеді. Екеуінің ғашықтығы ел-жұртқа да жа­рия боп кеткен болу керек. Мақпалдай аса сұлу қыз бен Сегіздей өзі батыр, өзі сері жігітті жұрттың көзі күндіз-түні аңдиды ғой ол кезде. Осындай жағдай Жабы қарақшының да құлағына жеткен болу керек, Дәуқара деген екеуі келіп Мақ­палды әке-шешесінен тартып әкетеді. Оны естіген Сегіз сері оларды қуа жө­неледі. Нұржан Наушабаев «Сегіз сері баһадүр» дастанында Жабы мен Дәу­қара екеуін де Сегіздің найзамен шан­шып өлтіргенін айтады. Бірақ Мақ­палдан тірідей айырылғысы келмеген жауыздар қызды садақпен атып жа­ралап кетеді. Жаралы қызды найза бе­сік жасап ауылға жеткізгенмен, ақы­ры Мақпал сұлу содан қайтыс болады. Ғай­ниден айырған ажал Сегізден осылай Мақпалды да айырады. Бұл екі қыз – оның өміріне аққан жұлдыздай әсер еткен айрықша қыз. «Мақпал», «Гау­һар­тас», «Қарғам-ау» әндерін дүниеге әкелдірген ару Мақпалдың өнер та­рихымыздан өз орнын ала алмай келе жатқаны өте өкінішті. Осы жиырма жасында Сегіз «Наз­қоңыр», «Ғайни», «Мақпал», «Гауһар­тас», «Бозшұбар» («Боз жорға»), «Топ қараған» («Бозқараған»), «Әйкен-ай», «Қарғам-ау», «Жылой», «Алқоңыр», «Қар­ғаш», «Қарагөз» атты қазақ әнде­рінің классикасы саналатын әндерді шығарады. Мұндай айрықша талантты еуропа жұрты феномен десе, қазақ саң­лақ деген. Оның әрбір әнінің тууы – кішігірім тарих. Әнінің көбі өз қата­ры­нан асып туған аруларға арналған. Олар мен Сегіздің арасында екіжақты сүйіс­пеншілік болды ма, жоқ па – оны да кесіп айту әрі мүмкін емес, әрі сонша­лық қажеттілік те емес. Алайда ол ән­дердің сұлулыққа деген құштарлық­тан, әдемілікке деген ынтызарлықтан туғанына ешкім шәк келтірмейді. Қыз­дың көркiн, таңдандыратын келбетiн, сүйсiндiретiн мiнезiн әнге қосу – қазақ әндерiнiң күнi бүгiнге дейiн жалғасып келе жатқан қасиеттi ерекшелiгi. Әр әнi – оның iшкi жан қуаты мен мәде­ниетiнiң, биiк әрi терең сезiм мен се­зiмтал құштарлықтың, ақылы мен ойының әуенге бөленген көрiнiсi. Ол әндердің екі ғасырға жуық елін сүй­сінтіп келе жатқаны – соны шығарған жан дүниенің құдыреттілігі. «Сарыарқаны», «Серперді», «Кіш­кен­тай» мен «Қайран шешемді», «Ала­тауды» дүниеге әкелген Құрман­ғазыны «Күй атасы» десек, қазаққа «Ғай­ниды», «Гауһартасты», «Мақпал» мен «Жылойды», «Алқоңырды» сыйлаған Сегіз серіні «Ән атасы» деу – әбден лайық. Саңлақ қазаққа сол ат сай.[3]

Сегіздің атасы Шақшақ Көшеқұлының көзі ашық, ойшыл, өнерлі адам болғанын жоғарыда айттық. Алдағыны тереңнен болжайтын сол ел-жұртқа қадірлі атасы Сегізді 1828 жылы- тышқан жылы Омбы шаһарына апарып ондағы Сібір қазақ-орыс әскери училищесіне оқуға береді. Ол Омбыда алты жыл оқиды. Оның екі жылы орысша сауат ашу мектебі де, төрт жылы мамандық бойынша оқу еді. Мектепте және училищеде Иван Михайлович Прохоров деген ұстаздан оқып, дәріс алған Сегіздің орыс мектебінің үздік шәкірттерінің бірі болғанын білеміз. Осы кезде, ол Шыңғыс Уәлихановпен достасып, кейін Шыңғыс Құсмұрынның аға сұлтаны болғанда, Сегіз сері ән салып, жыр айтып, күй тартып оған барып қонақ болып жүрген. Омбы қаласында оқып жүргенінде өзінің аса қабілеттілігімен көзге түскен Сегіз «бала ақын», «бала палуан» атанғанын да айта кетелік. Ол осы кезде училищенің жанындағы Азия мектебіне мұсылманша сабақ беруші ұстаздардан өз бетінше талпынып, шығыс ақындарының қисса- жырларын да жаттап үйренеді. Омбыдағы шәкірт кезін еске алған бір өлеңінде Сегіз сері:

Орысша білім ал деп атам Шақшақ,

Оқытты алты жылдай ұстаз жалдап,-дейді.

Сегіз серінің халық арасындағы беделін, батырлығын, орысша сауаттылығын жақсы білетін сол кездегі патша әкімдері оны өз мақсаттарына пайдаланғысы келіп, жазалаушы отрядтың құрамына ресми қызметке шақырады, яғни ел ішіндегі халық наразылығын сол арқылы басқысы келеді. Бірақ халқын шексіз сүйген Сегіз ондай қызметтен үзілді- кесілді бас тартады. Шәкіртінің бұл ойын өзінің ұстазы Прохоров та мақұлдайды. Сегіз сері патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы тұрғанымен орысша оқып білім алуға ерекше ынта-ықыласты еді. Оны «Тұрмыс толғауы» атты өлеңінде мына шумақтардан айқын аңғаруға болады. Онда Сегіз сері былай дейді:

Тілмәштық тым болмаса оқу оқы,

Орыстың тілін үйрен, миға оқы!

Оқуын қарсы өзіне пайдалансаң,-

Көрсетпес патша әкімі қоқан-лоқы.

Сегіздің жазалау отрядына барудан бас тартқанын әкімдер ұнатпай, оның соңына түсіп қудалап , қуғынбай бастайды. Оның істемегенін істеді деп елге лақап таратады. Жазалау отряды әскерлерінің дала қашқындарымен болған ұрыста қырылған адамын, қарақшылар қолынан қаза тапқан бай- көпестердің өлімін және керуен тонаған оқиғалардың бәрін Сегіз серіге таңады. Осыны сезген зерек ойлы Сегіз сері өзі өмір сүрген ортаға, заманаға разы болмай әкімдерге наразылық білдіреді. Өз басының қуғынға ұшырағаны өз алдына, туған халқының жер- суынан айырылып, қоныссыз қалған мүшкіл халін өз көзімен көріп әділетсіз қоғамға лағнет айтады. Тек қазақ халқы ғана емес, көршілес татар, башқұрт елдерінің де екі жақты қанауға тап болғанын, орыс шаруаларының да патша әкімдерінен жәбір- жапа шеккенін өз жырына өзек етеді. Оны сол кездегі Батыс Сібір генерал- губернаторы «Горчаковқа» деген өлеңінен айқын байқаймыз.

Горчаков сен дүлейсің,

Есіркеуді білмейсің.

Жарлы орыс- қазақтан

Не деп алым тілейсің.

Бар айыбым, Горчаков

Тіліңді сенің алмадым.

Жазалаушы әскерге

Басшылыққа бармадым.....

Сол секілді ұлылықтарға, билеушілерге қарсылығын ол өзінің «Қашқын келбеті» өлеңінде ашық айтады.Осыдан кейін Сегіз сері ел ішінде бүліншілік жасаған жазалау отрядінің іс- әрекетіне ашықтан- ашық қарсы шығады. Екі жақты қанауға жер- судың, қоныстың ел үшін тарылуына шыдамаған, өз халқына жаны ашыған Сегіз серінің мына бір өлең жолынан айқын көреміз.

Болсам да өз елімде жүйрік- жорға,

Еріксіз жорықшылдық түстім жолға.

Патшаға қызмет етпей кете бардым,

Тұрса да бар мүмкіндік біздің қолда,

Енді жазалау отрядының әскерлері түрліше амал- айла қолданып керей елінде қол жинап жүрген Сегіз серіне ұстауға аттанады. Өзіне шын қиын жағдай туғанын, қауіп- қатер төнгенін сезген ол қасына батыр досы Мадияр керей Нияз серіні ертіп өзін ұстауға келген жазалау отрядының қоршауынан сытылып шығып, Кіші жүз еліне батысқа қарай сапар шегеді. Ол турасында ақын өзінің бір өлеңінде былай дейді.

Астымда қос тұлпарым арымады.

Жендеттер бізді қуып жарымады.

Қақ жарып жаудың тобын өте шықтым.

Түскен доп зеңбіректен дарымады.

Ол Кіші жүзді бетке алып келе жатып қол жиып, біраз уақыт өзі туып өскен өңірді басып өтетін Есіл өзенінің тоғайына тоқтайды.Отаршылардың жазалау отрядтары тоғайды сүзіп мұнда да маза бермеген соң, Есілдің жағасынан аттанарда, өзенмен қоштасып «Көк Есіл» атты термесін шығарады.[4]

2.1 Жырлары жан тербеткен Сегіз сері

Алшын еліне аттанып бара жатқан Сегіз серіге жаны ашыған ел- жұрты батырдан ештеңе аямайды, жол азығын қамдап, оған қолдан келген көмегін береді, алдынан сәт- сапар тілейді. Ол сөйтіп Нияз сері екеуі Есіл бойынан патша өкіметі жендеттерінің қоршауынан аман- есен құтылады да, сол өңірдегі Ыстап (Қантай керей Тұрыпберді байдың бір кезде саба ыстаған жер екен) деген мекендегі руы уақ Сапақ кедейдің қосына келіп ат басын тірейді. Елгезек сары жігіт Сапақ Сегізді танып, «батыр не қызмет етейін» деп алдынан шығып, жік- жапар болады. Сегіз сері сонда тілалғыш Сапақты Қызылжарда Прохоров досының (Омбыдағы И.М.Прохоров ұстазының баласы) үйіндегі қысылтаяңда қалдырып кеткен өзінің жүйрік көкбесті аты мен ақбас атанын тез алып келуге жұмсайды. Сапақ Сегіздің ат- түйесін төрт күнде алып келіп батырдан алғыс алады.

Сөйтіп Сегіз сері мен Нияз сері ел- жұртының көмегімен патша әкімдерінің құрығына ілінбей аман құтылып кетеді. Батыс еліне беттеп бірнеше күн жол жүріп келе жатып Қабырға өзенінің бойындағы Жантөреұлы Ахмет-сұлтанның ауылына кез болады. Батыс Сібір генерал- губернаторлығының Кіші жүз жеріне қашқындар өтті деген хабарына алдын ала қанық болып отырған төре ауылы бұларды қондырмайды. Сол кезде Сегіз сері Жантөренің бой жетіп отырған әлгі қондырмаймыз деген Дариға есімді шайпау қызымен айтыса кетеді. Айтыста Сегіз сері төренің қызын өлеңмен жеңеді. Ауылда Байұлына жататын алшын- жаппас руының қыздары да бар екен. Сол қыздардың ішіндегі Жамиға деген ең сұлуының сүйген теңіне қосыла алмай, малға сатылып шалға барғалы отырғанын біліп қалып, Сегіз сері өлеңінде соны айтады.

Сегіз серінің бұл айтыс өлеңі «Жастық» деп аталады. Төре ауылынан шығып, біраз жүрген соң Ырғыз өзенінің бойында Сегіз серіге Сауқым Бөкейұлы, Ермұхамбет (Елегей) Қасымұлы деген екі төре кездесіп, амандасып жөн сұрасады. Сегіз сері осы жолы екі төреге Жантөре ауылының қаталдығын айтумен бірге:- Мен жалпы төре атаулыға өш емеспін, бұдан былай қай жерде жүрсек те бір- бірімізге тілектес болайық,-деп қоштасып әрі аттанып кетеді. Төре аулынан ренжіп келе жатқан Сегіз сері өзінің «Не артық» деген термесінен шығарып хан тұқымының екі сұлтанын сынады.

Ұзақ жол қажытып елсіз дала, таулы- тасты жерге қона жатып жүргенде, Сегіз сері алыста қалған елін еске алып, «Бозқараған» әнін шығарған екен. Қараған- Солтүстік Қазақстан жерінде көлдің жарқабағында, жыра- сайларда, орманды жерде, тоғай жиегінде шоқталып қызғылт сары болып өсетін ұсақ, жіңішке бұта ағаштың бір түрі. Қазақтар ертеде оның бұтағын тоқыма ыдыс (себет, корзинка) жасауға пайдаланған. (Бұл күндері жер- жердегі сол көп қарағай азайып кеткен). Осы сезім толқытатын ғажайып әндегі ақынның әуел бастағы өз сөзі былай екен.Ән сол кездің өзінде елге кеңінен тарап кетеді. Бұл Сегіз серінің композиторлық өнерге алғаш құлаш ұрған тұңғыш әні екені мәлім. Онда туған ел, өскен жерге деген сағыныш, лапылдаған ыстық сезім, оның адамы, ел- жұрты, орман- көлі тіпті өзен алқабындағы бұтасына дейін ардақтап қадір тұтатыны ақынның өзегін жарып шыққан ән арқылы білдіріледі.

Сегіз сері Ырғыз өзенінің бойын мекендейтін шекті, табын елдерін аралап, ән салып, өлең айтып, күй тартып, сал серілік құрып жүріп Жаған мырзаға Жетесұлының аулына келіп мейман болады. Әңгіме үстінде, Жаған мырза үстіне сауыт киіп жүрген Сегізге: « Батыр, кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық бір лебіз білдірдіңіз»,- дейді. Бұл сол кездесуде Жаған мырзаға айтылған ұзақ терменің бір бөлігі ғана. Жаға мырза шырқап салған әніне, айтқан өлеңіне, жарлаған жырына, тарқан күйіне өте разы болып Сегізге алғысын айтады, дос болайық деп қол алысып, серттеседі. Нияз сері екеуіне екі арғымақ ат мінгізіп, иықтарына жанат ішік жабады. Сегіз сері бойға біткен тамаша өнері арқасында осы жолы ел арасында өзін нағыз сал- сері ретінде танытады. Батыр- әнші бұл ауылдан аттанып, шектінің қабақ тайпасының атақты батырлары- Көтібар Берсенұлы (1762- 1834 ж ) мен оның немере інісі Арыстан Тіленұлын (1778-1857 ж) іздеп шығады. Арада бірнеше күн жол жүріп үлкен Борсық құмын жағалай өтіп, Шалқар көлінің теріскейін мекен етуші Көтібар ауылына келеді. Сегізді ауыл адамдары жақсы қарсы алып, Көтібардың он екі қанат ақ ордасына әкеліп түсіреді. Сегіз сері келіп қарт батырға қол қусырып сәлем береді. Көтібар жас мейманның сәлемін құп алады. Бұл кезде атақты батырдың үйінде Жағалбайлы Жанқасқа би қонақ болып жатыр екен. Үй иесі келген екі жолаушыдан жөн сұрайды. Сегіз сері өзінің қай ел, қай жерден екенін, сал-серілік құрып жүрген ақын екенін айтады.

3. Сарқылмас жыр жауһары

Айналасына жігіт жинап, отаршылардың мекен-жайына ойран салады, соғыс өнерін жетік білетін ол мұздай қаруланған әскерден де қорықпай жол торып, аңдып жүріп соғысады, талай рет жеңіске жетеді. Бірақ екі жақтың күші тең емес еді. Патша әкімдері оны ұстап қамауға, алыс Сібірге айдауға, қарсыласса атып тастауға жарлық береді. Сегіз Нияз сері деген сенімді жолдасымен бірге Сырдария жаққа қоныс аударуға мәжбүр болады. Той-думаны көп Сыр бойында жас жігіттің асыл қасиеттері жарқырап ашылған. Көпшілік жиналган жердің көркіне айналып, жақсы көрген қыздарға арнап, талай тамаша әндер шығарған. Ерлігімен көзге түсіп, БұхараХиуа жақтан қарумен келіп, бейбіт елдің мал-жанын тонайтын қарақшыларға қарсы жасақ ұйымдастырады, басқыншылардың талай рет бетін қайтарып, кек алған. Алайда бұл жақта да көп тұрақтау қиын-тұғын, артында қуғын бар. Өзіне ерген жігіттерді бастап, ол Батыс Қазақстан жаққа жол тартады. Жайық өзені мен Нарын құмында бұл кезде патша, хан саясатының озбырлығына қарсы наразылық оты лаулап келе жатқан. Бүл ел Сегіздің нағашы жұрты болғандықтан ішке оңай сіңеді. Исатай, Махамбет бастаған көтерілісшілерге әскери кеңес береді.Бұл жақта да тұрақтай алмай, Кавказдағы елдерге өтеді, атақты Шәміл бастаған мұсылмандар көтерілісіне катысады. Соңынан Иран, Ауғанстан жаққа кетеді. Ақырында төрт жылдан кейін Сыр бойына қайтып оралады. Мұз жастанып, қар төсеніп, жорықта жүрген жылдарында өкпесіне суық тигізіп, Сегіз 36 жасында (1818 жылы туған) ауырып қайтыс болады. Нияз сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Нұржан т. б. шәкірттері ол туралы арнау өлең шығарып, жоқтау жазған. Оның қайғылы махаббаты жайында шөкірттері "Мақпал-Сегіз" деген бірнеше дастанды жарыса жазып, елге таратқан. Қазақтың аса көрнекті ғалымы, академик Әлкей Марғұлан Сегіз сері жөнінде былай деп жазып кеткен. «Қозы Көрпеш- Баян сұлуі» жырының бір әдемі нұсқасын қағаз бетіне түсірген атақты Сегіз сері (1808-1854). Ол XIX ғасырдың бірінші жартысында жасаған атақты сері. Туған жері- Обаған төңірегінен, ашамайлы керейлерінен, қыстаулары Маманай орманының іші. Он екі жасына дейін ауылдағы мектепте оқып, содан кейін Омбыдағы Азия мектебін (азиатская школа) бітіреді. (1828). Осы жылдары Омбыда «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» жырын жазады. Бұл жырды Сегіз сері Торғай өлкесіне саяхатқа шыққанда өзімен бірге алып жүрмін, шежірені, жырды көп жинайтын Ахмет Жантуринге тарту қылып беріп кетеді. Кейін ол жыр Ахмет Жантуриннен В. В. Григорьевке ауысып, одан Н. И. Ильминскийдің топтауында, татар республикасының архивінде сақтаулы тұр. Өткен дәуірлерде бұл жыр Қазанда талай рет басылып шықты (1878, 1879, 1890, 1894, 1896, 1905, 1909 ж.ж ) , оның газетінде қысқаша аудармасын А. В. Васильев Торғай газетінде жариялады. Сегіз сері нұсқасында айтушының тілі жақсы, бейнелері әдемі, эпикалық кең тынысты болып шыққан.

Сегіз сері бірнеше қисса- дастан, жүздеген өлең, ән, күй шығарса, оның Жанқиса, Шынияз, Өске, Орынбай, Көшен, Арыстанбай, Шөже сияқты замандас ақындары, Біржан сал Шәрке сал, Өтеулі, Байеке, Нүркей, Мергенбай, Көрпе, Тоғжан сияқты шәкірт ақындары ол туралы «Мақпал- Сегіз» атты (жиырма вариантты) ғашықтық дастан жырлаған. Бұлардан кейін «Мақпал-Сегіз» оқиғасын Кіші жүз Балқы Базар Оңдасынұлы жырау және Нұрым ақын жырлады. Сөйтіп , «Мақпал- Сегіз» оқиғасын жиырма үш ақын жырлағандықтан, бұл дастанның сонша варианты болған. Бұл арада мынаны айтуымыз керек. Алғашқы жырланған «Мақпал- Сегіздің» оқиғасы шындыққа сәйкес келеді. Себебі ол ақындар Сегізді көзбен көрген замандас адамдар. Ал дастанның соңғы екі варианты ел аузындағы аңызға құрылған, себебі Базар да, Нұрым да Сегізді көрмеген. Сонда да олар ел аузындағы аңыз- әңгімеге сүйеніп отырып, үлкен машықпен, шындыққа сәйкес етіп суреттеп жазған. Жоғарыда аталған жиырма бір ақынның бәрі де Сегізбен үзеңгілес боп, той- думанда ел аралап, ән айтып бірге жүргенін шежіре- деректер айқын дәлелдейді. Сегіз сері соның бәріне де топжарма талантымен, ақындық, әншілік өнерімен үлгі көрсеткен. Мәселен, Шөже ақынға зағип адам деп, Сегіз сері ат бәйгесі, балуан, мергендік бәйгесінен түскен олжасынан үлес беріп, көмектесіп жүреді екен. Сегіз сері өзге өнерімен қоса үлкен шежіреші- жылнамашы да. Өзі ел аралап өлең айтып, ән салып, күй тартып, сал- серілік құрып жүргенде қазақ халқының шежіре- тарихын да мол жинаған. «Ақындықтан шежірешілікті бөліп алуға болмайды, - деген ол. Шежіре- ата айтысу үшін емес, туыс адамдар бір- бірімен қыз алысып қоймау үшін, кімнің кімге жақын екенін білу үшін де керек». Сегіз сері өз өлеңдерін, шежіре- шешендік сөздерін бастыруға талаптанып, хатқа түсірген. Бірақ ол арманы орындалмай ел жайлаудан көшкенде ауырып, 1854 барыс жылы тамыз айында қайтыс болады. Денесі ақынның өз өсиеті бойынша жерленеді (Солтүстік Қазақстан облысы, Тимирязев ауданы, Докучаев атындағы совхоздың жері). Сегіз сері қайтыс болғанда оған арнап қырық бес ақын жоқтау шығарған . Оның бір шәкірті Қуат ақын Ырысбекұлы өз жоқтауында былай дейді:

Қырық бес шәкірт әр үйге

Бөлініп жоқтау шығардық,

Сал Сегіздің ерлігін,-

Пенде болса ұғарлық.

Жаманқұл Досжанұлы Дәндібаев ақын (1824-1901 ж.ж.) 1854 жылы Сегіз серіге арнап шығарған жоқтауында оның қырық қисса, жетпіс бес ән, елу бес күй шығарған жырға қосып кеткен.

Қазақ халқының аса талантты ақыны Мағжан Жұмабаевтың Сегіз серіге арнап 1915 жылы «Сегіз сері» атты ұзақ дастан жазған. Соғыс өмірі "Қашқын келбеті" деген дастанында өлеңмен баяндалған. Ақмешітке келген соң Арқадан Сыр бойына қатынап жүрген адамдар арқылы елдегі атақты болыс-билерге сөз салады. Омбы генерал-губернаторына беделі өтетін ага сұлтан, билердің көмегімен кешірім алып, Солтүстік Қазақстандагы

қазіргі Жамбыл ауданына қарайтын Гүлтөбе — Маманай деген жердегі ата қонысына келеді. Көп ұзамай өзі қалаган Ырысбике деген қызға үйленіп, балалы-шағалы болған. Серілік, салдық туын тігетіні де осы кез. Бозбала шағында Біржан салЖаяу Муса, Үкілі ЫбырайНүржан Наушабаев, Ыбырай Алтынсарин тағы басқалар Сегіз серіден әр түрлі өнер үйреніп, бата алған. Оның әндерін жалпақ елге жаюшылар да — солар. Көп шәкіртінің бірі Жаманқүл Дәндібайүлы; "'Елу бес өнін Сегіздің өзім елге тараттым", "Қырық бес күйін Сегіздің тартып бердім әр жерде", "Тарап кетті халыққа жүзден астам..." — деп жырлаған. Соған Караганда Сегіздің біз білмейтін әндері көп, талайы бүрынғыша "халық әні" делініп немесе басқа сал-серілердің қанжығасында кеткен тәрізді. Ал күйлерін зерттеген ешкім жоқ. Оның "Ер Исатай", "Жорық", "Қашқын келбеті", "Өкініш", "Ақылсыз шаһзада", "Ақбүлақ" атты жыр-толгаулары, дастандары Ғылым академиясының қолжазба қорында жатыр. "Ер Тарғын", "Қыз Жібек", "Айман-Шолпан", "Қозы-Көрпеш — Баян сүлу", "Қамбар батыр" сияқты жыр-дастандардың Сегіз жырлаған нүсқаларын Жүсіпбек Шайхысламүлы Арқа жақты аралап жүріп, хатқа түсірген де, Қазанда өз атынан бастырған.[5]





Қорытынды

Сегіз сері бір өлкенің ғана емес, бүкіл қазақ елінің мақтан етер ақыны, әнші- композиторы, қол бастайтын батыры, сөз бастайтын шешені болған. Бұл жөнінде әдебиетші ғалымдар Қ.Мұхамедханов, Ж.Бектұров, З.Қоспақов, А.Сатаев, Е.Жақыпов, М.Жармұхамедов, И. Кенжалиевтер Сегіз сері жайлы жақсы пікірлер жазды. Облыстарда тұратын Е.Қалданов, Қ. Биғожин, С.Барқытов, К. Жексенов, Б. Кенжеғозин, Т. Пішенбаев жұмбақтар, өлеңдерін, нақыл сөздерін ел аузынан жинап жүрген азаматтардың да көп еңбегі бар. Өлеңдері, әндері, қисса- дастандары, эпостық жырлары, жұмбақтары, шешендік сөздері- қай- қайсысы болсын, Сегіз сері шығармаларының бүгінгі ұрпақ үшін тәрбиелік мәні өте зор. Ол- бір өлкенің ғана емес, бүкіл қазақ халқының мақтан етер ақыны, әрі өнер қайраткері. Көп уақыт бойы Сегіз сері еңбегі зерттелмей назардан тыс қалып келді. Осы өршіл ақын талант иесі Сегіз сері (Мұхаммед-Қанапия) Баһрамұлы Шақшақов кеш те болса әдебиеттен, өнерден өз орнын алуы заңды.

Сегіз оның есімі емес, есімі  Мұхамедқанапия. Сегіз сері есімі  - еліміз тәуелсіздік алғанша, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, Ә.Марғұлан, Т.Нұртазин, Ш.Сәтбаева еңбектерінде сөз болған. Қызылжар өңірінде яғни Қожаберген жырау мен Сегіз сері туып өскен өнерлі өлке Гүлтөбе- Маманайдан бұл екеуінен басқа да көп ақын- жырау, әнші, күйшілер шыққан. Солардың ішінен есімдері әлі белгісіз Салғара, Жанкісі, Жанақ, Байеке секілді талантты ақын- жыраулар. Бұл өнер иелерінің өмірі де қызғылықты, Сегіз серімен үзеңгілес өскен Арқадағы сал- серілік өнерді дамытушы, онан әрі жылғастырушы да- міне, осы өнерпаздар. Небәрі 36-ақ жас ғұмыр кешкен Сегіздей талант иесінің бір басына 30 шақты ән, 4 қисса-дастан, 4 терме мен 6 күй аз дүние емес. Бүгінгі ұрпақ Сегіз серінің шығармашылығымен және өмірімен толық таныс емес. Сегіз сері – қазақтың сал-серілерінің рухани ұстазы.

Ұсыныстар:

  • Қазақ үшін Сегіз сері – халықтың қамқоршысы, елдің бірлігін, қамын, тыныштығын ойлаған қайраткер екенін мақтан тұту;

  • Сегіз сері – тек қана қазақ халқы емес, бүкіл түркі халқының қастерлеп жүрген ұлы тұлғасы екенін тану;

  • Әлі күнге дейін жиналмай келе жатқан ән-жыр мұраларды толық жинақтау біздің және келер ұрпақтың парызы;

  • Ғасырлар қойнауынан жеткен сал-серілер үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің алтын қоры деп танып, олардың әсем ән-жырларын есімізде сақтау- біздің мақсатымыз.

  • Сал-серілер қазақ халқына тән туған ел мен ата жұрттың мүдделерін қорғап, ән-жырларымен рухани күш, жігер береді.

  • Жұмыс нәтижелерін шешендік өнер, қазақ әдебиетінің тарихына қатысты факультатив сабақтарында, элективті пәндерге материал ретінде қолданауға болады.



Пайдаланылған әдебиеттер:


1. Сегіз сері: (Танымдық әңгімелер). – Алматы: Жалын, 1991. – 224 бет.

2. Бабалардан қалған мұра: (Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада Қожаберген жырау мен Сегіз Серінің таңдаулы шығармаларының тұсаукесері туралы)// Солтүстік Қазақстан.- 2004.-14-қаңтар.

3. Рахмадиев Е.Сал-серіліктің атасы // Солтүстік Қазақстан.- 2018.-3наурыз.
4. Сүлейменов Төлеш. Сегіз сері: Тарихи- ғұмырнамалық хикаят.- А.: Өнер, 1991.- 270 бет.

5. Қосан С. Ғасыр жұмбағы: (Сегіз сері туралы)// Қазақ әдебиеті.- 2006.-8 қыркүйек.-12-13 б.



Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!