жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
"халық шеберлері" тақырыбындағы Дөңгелек үстел
Айтулы қолөнер шеберлері
Өңірде қай саланың да шеберлері баршылық. Соның ішінде, аттарын оздырып, өздерінің қолөнер шеберлігін айқындаған аналар бар. Олардың ерекшелігі-киіз үй жабдықтары мен төсеніштерін шеберлікпен жасау. Ел арасында қолөнерімен танылған: Төлемісова Шархат Төлемісқызы мен Ленқызы Қарашаш (Патшайы). Қос қолөнершімен Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, №7 мектеп лицейінде «Ұлттық құндылықтар – ұлт қорғаны» тақырыбында Дөңгелек үстел өткізілді. Оны педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Ж. Ж. Мамаева жүргізіп отырды. Дөңгелек үстелде – халықтық қолөнер, оны жасайтын шеберлер хақында бірнеше адам пікір және пікір алмасып, талқылау үшін араласты.
Талқылау келісімді және ұйымдасқан түрде өтті. Үстелдегі алғашқы әңгіме барысы ұлттық құндылықтар жайында өрбіп, сұрақтарға тиімді жауап алынып, құрметті қонақтармен таныстырудан басталды:
Төлемісова Шархат Төлемісқызы, көп балалы ана, «Алтын алқа» медалінің иегері. Шархат анамыз 1938 жылдың 24 қазан айында «Ұшқын» колхозы, Аусары елді мекенінде дүниеге келген. 1945 жылы Шетпе жетіжылдық мектебінің бірінші сыныбына қабылданып, 1953 жылы аталған мектептің жетінші сыныбын бітіріп шыққан. 1953-ші жылдан бастап жастайынан еңбекке ерте араласып, сол кездегі колхоздың әртүрлі шөп шабу, қой қырқу, құрылыс салу сияқты ауыр да жауапкершілікті талап ететін жұмыстарды еш мойымастан атқара білген. «Өмір» атты үлкен белесте, 1956 жылы «Жаңа жол» колхозының бас есепшісі Жайлауов Мұстафаға тұрмысқа шығып, қазіргі кезде он бала тәрбиелеп, өсіріп отырған шебер ана. Мұстафа –өлкеге белгілі елдің білгір азамат еді. Атақты қолөнер шебері Шархат- отбасының алтын діңгегі. Абысыны Бағыммен өле-өлгенше, бір шаңырақтың астында тату-тәтті бірге тұрды.
Кендірбайқызы Қарашаш (Патшайы) 1949 жылы Жармыш жерінде дүниеге келген. Жас кезінде ата-анасының тәрбиесінде болып, сол жердегі 8 жылдық мектепті бітірген. Науқандық жұмыстармен қатар қолөнерді жанына серік етіп, 10 жасынан бастап, өз анасынан, ауыл шеберлерінен қолөнерді үйрене бастайды, көйлек, кесте, шұлық тоқып қол жаттықтырады. Келе—келе киіз үй бұйымдарын жасап, қыр-сырына үңіле бастайды. Бай-шу, текемет, басқұр, ала теру, құр, сырғалақ тоқып үйренеді. Бертін келе ши орау, текеметтің екі жағына бірдей өнер салып, басу-оның кәнігі шеберлігіне айлалады.1970 жылы Қарашаш еліне қадірлі азамат Сүйірбаев Қаршыға ұлы Еспенбетке тұрмысқа шығады.
Күйеуі Еспенбет 1972-1998 жылдар арасында үзбестен Селхозтехника автобазасында жұмыс жасаған құрметті жұмысшы. Бірнеше марапаттардың иесі. Қазір киіз басудың сирексіп бара жатқандығын, оны өлтірмей сақтау-жастардың мойнындағы міндет екендігін ескертеді. Бертін келе, абысыны Шархат Төлемісқызынан көп нәрселерді үйренгенін жасырмай, осындай шеберлердің алдымызда болғаны үлкен-жетістік пен абырой деп марқаяды. Шебердің екеуі де ұлттық киіз үй жабдықтаудың шебері.
Дөңгелек үстелде сұраққа жауап, әңгіме де, сындарлы сұхбат та, презентация да кезектесіп отырды. Дөңгелек үстелдің басты сипаттамаларының бірі - тақырыптарды талқылау ауызша тіл арқылы жүзеге асырылды. Шархат Төлемісқызы –шешен сөйлеп, ұлттық мұраның кенжелеп, қазір әйелдер көп іске асырмайтын, ертеден келе жатқан арнадан әйел жолдастардың алыстап бара жатқандығын, киіз үй жабындылары, киізді тігетін адамдардың да сирексіп бара жатқандығын қынжыла айтып өтті. Сұрақтар арқылы киіз үй жабындыларына тоқталып, түсінік берді. Оларға салынатын әшекейдің жосақтары мен түрлерін көрсетті. Қазақ халқының ұлттық ерекшелігін айқындай, анықтай түсетін нәрсесінің ең бастысы-киіз үй. Бұл дәстүрлі қолөнерде сан ғасырдың тәжірибесі бар. Ол шеберлер зердесінде де жыл сайын жаңғырып отырады. Ал оны Маңғыстау өнерінде түрлендіріп, шеберлігін арттырушылар-осы Шархат пен Патшайы ісмерлер. Қолөнер шеберлері кімнен үйреніп, қанша жасынан бері өнерді жанына серік етіп келе жатқанын өздері әкелген бұйымдарды көрсете отырып, баяндады. Басты әңгімесінде ұлттық киіз үйдің үзігінің күрделілігі мен ерекшелігіне тоқталды.
Шархат әже сөзін жалғастырған Патшайы: «Киіз үй жабындысының ең күрделісі-үзік. Көлемі жағынан да, жұмысы жағынан да уақытты көп алады. Қос жиекпен жиектеледі. Үзікке дөдеге жапсыру, айналасын ызылған жіппен жиектеу-аса үлкен шеберлікті қажет етеді. Әдемі де мықты болуы үшін. Басжиегі, ортаңғы жиегі, астынан тағы 2 қатар жиек жүргізіледі. Үйдің көлеміне қарай салынады. Бір 7 қанат үйдің үзігіне 9 дөдеге кетеді. Ол 4 тармақтан тұрады ол тармақтар жеке - жеке өзі жиектеледі. 3 оңқай-солақайлы етіп, үш танапты жиек есіп, дөдегені қоса тігеді. 7 қанат үйге әлім-берім киізден 4 өре киіз кетеді. Бас жиекпен қосыла киіз үстіне жапсырылады»,-деді.
Екі шебер халық тәжірибесінің сырт көзге аңғарыла бермейтін, небір ғажайып сырларына үңілдірді. Аналар үйлерін жыл сайын өздері жаңартып, жабдықтап отырады Маңғыстау киіз үйінің киізбен жабдықталуы Қазақстанның өзге өңірлерінен бөлек деп, сөзін сабақтады Шархат шебер: «Маңғыстау қазақтары өзге өлкедегі сияқты киіздерді тұтас салбыратып жаба салмайды. Киіз үй жабындысы үзік, туырлық, ірге киіз, есік киізі әрқайсысы дара жасалады. Бөлек киіз етіп басылады. Сондықтан да ағаш үй сүйектеріне қонымы да әдемі, әсем болып келеді. Туырлық үзікті туырып ұстап тұру үшін, шиден кейін ұсталатын киізі, туырлық - саны алтау. Қазірде киіз үйді тігіп білмейтіндер де баршылық. Туырлықты теріс ұстап қойған үйлерді де көріп, ескерту жасадым. Бұл-ұлттық өнерге қалай болса, солай қарау дейміз бе, оны өздерің ойланыңдар, осының бәрі-қазақтың келіндері ғой! Ұлттық өнер-төрімізде қанат жаюы керек! Оны өшіріп алмауымыз керек, алға апаратын сендер», - деп сенім білдірді. Шеберлердің екеуі де киім тоқу, жүн сабау, ұршық иіру, шашақты өру, күлтелеу, бұйымды ою-өрнекпен безендіру жолдарын түсіндірді. Ғасыр куәгері шараға қатысқан қыз балалардың құлағына өмірден түйген ақыл-кеңестерін құйды. Оларды өнер үйренуге, шеберлігін шыңдауға шақырды.
Шеберлер одан соң, басқұрға тоқталып, 1968 жылы тоқыған басқұрын, 1988 жылы басқан текеметін, сәнді, патшайы түр салып, тоқыған шиін, ала теру алашасын Дөңгелек үстелге арқалай келген Патшайы әже туындыларының өрнек сырлары таңғалдырды. Өрнектің салыну нақышы мен мәнін ашты. Өрнек осы екен деп әлеміштей беруге болмайды. Пән мұғалімдері: Дәрменова Жаннат, Есболаева Назым, Оразбекқызы Гүлжанат тағы басқа ұстаздар әрбір өрнек, оюдың мәні бар екендігін өз пікірлерінде аңдатып өтті. Киіз үй - қазақ баласы үшін адамгершіліктің ұясы, қасиет тұтар ордасы. Әжелер осы ойын сабақтастыра отырып, киіз үй сүйектеріне қатысты халқымызда сақталған белгілі ырым-тыйымның бар екендігіне де назар аударды. Оның құр әңгіме емес, арғы түбі тәрбие екендігін қаперге берді. Тәрбие-тал бесіктен деген - осы. Дөңгелек үстелді жүргізуші ғалым Ж. Мамаева «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» екендігін әңгіме барысында айтып отырды. Қолөнермен айналысқан әжелер Маңғыстаудағы тарихи-тақырыпты мерекелер мен той-думандарда, әр түрлі мерейтойларда ұлттық нақышта безендірілген көз тартар киіз үйлерін тіккен. Республиканың түкпір-түкіпірінен келген танымал тұлғалар олар жабдықтаған қазақ үйге тамсанған.
Ісмер әжелердің әр түрлі тәсілмен жасаған бұйымдарын тыңдаушылар қолмен ұстап, ерекше әсер алды. Қазақ халқының киіз үйі үлкен құрметке ие. Сол қасиетті жәдігерлерді баптап, өз қолымен тігіп, ұмытылып бара жатқан киіз жабындыларын өлтірмей, келешекке насихаттап келе жатқан қос шеберлердің мерейі үстем. Қазір Еспенбет отбасында көнеден жеткен жәдігерлер көп. Соның бірі-Құнанорыс Әбүйірдің қызы Тойдық тұтынған келі мен келсап. Ол да киіз үйдің бір босағасынан орын алған қасиетті жәдігер. Тойдық 1894 жылы өмірден өтті. Атақты есепші Сүйірбаев Қаршығаның анасы. Онымен тары түйіп, қиын қыстау кезде елді асыраған. Сонау ел басына күн туғанда Тойдық әже інісі Сағындықты артынан Шағадамға іздеп барып, теңіз жағасымен 20-30 қойды айдап келіп, мал басы содан өсіп, бала-шағаны сонымен асыраған жүректі, ер, қайратты әйелдің бірегейі. Әлі күнге Маңғыстаулықтар аңыз қылып айтатын ердің ері шыдайтын сонау алыс сапарда Көкбөрінің шоқысын, Ожабайдың тамынан қымсынбай өткен ер әйелдің бірі еді. Ол Еспенбет аға мен Патшайымның қолында ұзақ тұрып, кейінгі балалары жетіскен соң, бөлек шықты. Бұл аналарымыздың бойынан небір ізгі қасиеттерді көруге болады. Дөңгелек үстелдің тағылымы көз алдында дәлелдермен көрсетілгендіктен, қызықты өтті. Дөңгелек үстелдің бір мақсаты- мәселе туралы шешім қабылдау. Халқымыздың ғасырлар бойы жинақталған бай рухани мұрасымен жастардың бойына адамгершілік ізгі қасиеттерді қалыптастырып, сіңіріп, өзінің Отанына адал азамат етіп тәрбиелеу бүгінде ата-ана мен ұстаздар қауымына жүктеледі. Оқу мен тәрбиелеудің үлкен ортасы – мектеп екені белгілі. Ондағы жоспарлы тақырыптық сабақтармен қатар, дөңгелек үстел, тәрбие сағаттары, пәндік олимпиадалар, ғылыми жобалар оқу мен тәрбиенің ең негізгі, ықпалды жақтары. Сол тұрғыдан алғанда, дөңгелек үстел өз мақсатына жетті.
Ж. Дүйсенбаева, Ақтау қаласы, ф.ғ. д.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген