І.Жансүгіров "Ағынды менің Ақсуым", "Жетісу суреттері" өлеңі

Тақырып бойынша 11 материал табылды

І.Жансүгіров "Ағынды менің Ақсуым", "Жетісу суреттері" өлеңі

Материал туралы қысқаша түсінік
І.Жансүгіровтің өмірі мен шығармашылығымен танысады.
Материалдың қысқаша нұсқасы

Сынып:11

Сабақтың тақырыбы: Ілияс Жансүгіров «Ағынды менің Ақсуым», «Жетісу суреттері»

Сабақтың мақсаты:

Білімділік: 1) І.Жансүгіров өмірі жайлы мәлімет беру.

2) «Ағынды менің Ақсуым», «Жетісу суреттері» өлеңдерін оқыта отырып, мазмұнына талдап, мағынаны ажырата отырып, өлеңнің идеясын ашқызу.

3) Өлеңге сатылай кешенді талдау жасата отырып, ақынның шұрайлы тілі мен шебер кестеленген тіл оралымдарына көз жеткізу.

Дамытушылық мақсаты:

  1. Оқушылардың мәтіндегі қажетті сөздер арқылы негізгі ойды теріп алу дағдыларын дамыту.

  2. Шығармашылық жұмыстар арқылы ой-өрістерін, тіл байлықтарын, шығармашылық қабілеттерін дамыту.

Тәрбиелік мақсаты:

  1. Топ бойынша жұмыс жүргізу арқылы ұйымшылдыққа

  2. Ізденіп, ерінбей еңбек етуге

  3. Өзінің, өзгенің білімін әділ бағалай білуге

  4. Ақын өлеңі арқылы отанын, туған жерін сүюге, қадірін түсіне білуге тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: жаңа білімді меңгерту

Формасы: жаңа технология элементтері қолданылған топтық жұмыс

Қолданылатын әдіс-тәсілдер: Постер,

Көрнекіліктер: Қазақсттан картасы, интерактивті тақта, І.Жансүгіров портреті, Ақсу өзенінің сыртқы келбеті (слайд-шоу)

Пәнаралық байланыс: география пәндері

Сабақтың өту барысы

І. Ұйымдастыру кезеңі

Өлең шумақтары арқылы сыныпты екі топқа бөлу

1-топ: «Ағынды менің Ақсуым»

Ағыңды менің Ақсуым,

Ақырып әлі ағасың,

Ақиланған ашумен,

Ақтарды асқар сабасын. 
2-топ: Жетісу суреттері»

Жер таппан жерде жете Жетісуым

Күркілдек, Көксу, Лепсі, Іле, Шуым,

Асқардың аспан сүйген сілекейін,

Жан бар ма татпайтұғын,айтпайтұғын. 

Балалар,сабағымызды бастамас бұрын бірінші тоқсанда қандай ақын жазушылардың шығармаларымен таныстық соны есімізге түсіріп жіберсек.

Жаңа сабақ:

Үйден сендерге І.Жансүгіровтің өмірі мен шығармашылығын және де өлеңдерін өз беттеріңмен оқып дайындалып келуге тапсырылған.

1-тапсырма: 2-топ: «Жетісу суреттері»тобы І.Жансүгіровтің өмірі
1-топ: «Ағынды менің Ақсуым»тобы І.Жансүгіровтің шығармашылығына постер құрау.

2-тапсырма:1-топ: «Ағынды менің Ақсуым»өлеңін мәнерлеп оқу,талдау.

1.Ақсу өзені қай жерде орналасқан?

2.Ақсу өзені жайлы не білесіңдер?

********

Түсініксіз сөздермен жұмыс:

1) Ақиланған ашумен - едірею, долдану

2) Торғын түн - қымбат бағалы жібе матаның бір түрі

3) Таймаңдаған тайпақ ай -тайсалмас, именбес, өр кеуде

4) Шүйке шарбы бұлтты - иіруге түтіліп дайындалған жүнге қатысты

5) Қалақай - емдік қасиеті бар шақпашөп (крапива)

**********

1.Өлеңде қандай мезгілдер суреттелген?

2.Су екпіні, молдығын көрсететін сөз тіркестері

3.Тыныштық белгісін сипаттайтын сөздер

4.Жансызға жан бітіретін бейнелі сөздер

5.Мәтінде кездесетін өсімдік атаулары

6.Жан-жануарлар атаулары бар ма?


3-тапсырма «Ағынды менің Ақсуым» өлеңіне поэтикалық сатылай кешенді талдау.

  • Авторы

  • Тақырыбы

  • Жанр түрі табиғат лирикасы

  • Идеясы

  • Шумақ 5

  • Тармақ 34

  • Бунақ 2

  • Буын саны 8

  • Ұйқас а б в г ерікті ұйқас

  • Троптың түрлері

  • Өлеңнің негізгі түйіні, тәрбиелік мәні.


Троптың түрлерін табу:кейіптеу,метафора,пейзаж табу


2-тапсырма

2-топ: «Жетісу суреттері»өлеңін мәнерлеп оқу,талдау.Өлеңді топта талқылау,өлең не туралы айтылғанын түсіндіру.

1.Жетісу өзені қай жерде орналасқан?

2.Жетісу өзені жайлы не білесіңдер?

І.Жансүгіровтың «Жетісу суреттері» өлеңі пейзаждық лирика жанрына жатады. Өлең 1925 жылы жазылған. «Жетісу суреттері» 5 тараудан тұрады.

1.Жалпы сын 2. Тау суреті 3. Жетісуда су суреті 4.Жетісу жәндігі 5. Жер түгі


Өлеңде туған жері мен елінің тау-тасын,өзен –көлін беріле сүйген ақынның өзін қоршаған ортадан нәр алған шабытты шалқар сезімі беріледі. Ақын табиғат көрінісін айшықты бояулармен кестелейді.

Жетісу-жер жаннаты. Қазақстанның ең сұлу өңірі төрт түлікке құт болған,тарихы мол,қазыналы өңір.

Жер түгі бөліміне тоқталу

3-тапсырма: «Жетісу суреттері» өлеңіне поэтикалық сатылай кешенді талдау.Жалпы сын бөлімі бойынша талдау.

  • Авторы

  • Тақырыбы

  • Жанр түрі табиғат лирикасы

  • Идеясы

  • Шумақ 9

  • Тармақ 45

  • Бунақ 3

  • Буын саны 11

  • Ұйқас а а б в аралас ұйқас

  • Өлеңнің негізгі түйіні, тәрбиелік мәні.

Троптың түрлерін табу:Эпитет,Метафра,теңеу өлеңнен табу.



Жаңа сабақты қорытындылау.

Бүгінгі сабақта түйгеніміз не?


Бағалау парақшасы:


Оқушының аты-жөні

Постер құрау

4 ұпай

Өлеңді топ ішінде талдау

5 ұпай

Сатылай кешенді талдау

3 ұпай

Қорытынды балл

Баға













Бағалау шкаласы:13-12 ұпай «5»; 11-9 ұпай «4»; 8-6 ұпай «3»; 4-3 ұпай «2»



Үйге тапсырма: І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасын оқу

Кері байланыс

Екі жұлдыз,бір тілек































11 сынып

Сабақтың тақырыбы:І.Жансүгіровтің «Құлагер поэмасы»

Сабақтың мақсаты: Поэманың көркемдік ерекшелігін ашу,құдіретін таныту.

Тәрбиелік:Оқушыларды ұйымшылдыққа,ізденімпаздыққа тәрбиелеу.

Дамытушылық:Оқушылардың ой қабілетін шыңдау,тіл байлығын арттыру.

Түрі: Баспасөз-конференция сабағы
Сабақ әдісі:Сұрақ-жауап

Көрнекілігі: Ілиястың, Ақанның портреті, Құлагер бейнесі, интерактивті тақта т. б.

Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру кезеңі.
а) Оқушылармен сәлемдесу.
ә) Шаттық шеңберін құрып оқушыларды психологиялық тұрғыда сабаққа дайындау.
- Ал, қәнекей балалар шаттық шеңберін құрып қол ұстасайық. Енді көзімізді жұмып барлық жаман ойлар мен өкпе наздарымызды ұмытып, тек жақсылықты ойлайық. Күн шығып бізге күлімдеп тұр. Ал біз бір – бірімізге күлімдеп тұрмыз. Енді көзімізді ашып жақсы тілектермен сабағымызды бастаймыз. Оқушылар бір - бірлеріне жақсы тілектер білдіріп сабақ оқуға кіріседі.
Оқушылар екі топқа бөлінеді.

1-топ:Тілшілер тобы

2-топ:Ғалымдар тобы

Жаңа сабақ

І.Жансүгіровтің «Құлагер»поэмасы.Үйден өз беттеріңмен оқып келуге тапсырғам.

Балалар, бүгінгі сабағымыз басқа сабақтан өзгешелігі баспасөз –конференция сабағы түрінде өткізбекпін.

«Филолог», «Этногроф», «Психолог», «Географ», «Өнертанушы», «Юрист».

«Құлагер»поэмасы Ілиястың ең соңғы туындыларының бірі.Ақынның толысып,кемеліне келген шағында,үлкен шабытпен жазған дүниесі.Қазақ тарихын,оның өнерлі жолын,өнерпаздарын үлгі тұтып,содан ақындық жолына қуат алған Ілияс бұ шығармасында қазақтың белгілі сазгері,әншісі,ақыны,серісі Ақан өміріне үңіледі.Оның тар заманда кең далаға сыймай,әділетсіздікпен тартысып өткен,әнімен,жырымен халқының рухани тіршілігіне демеу болған,қанша қиыншылық көрсе де,заман тәртібіне бас имей кеткен ерлігіне сүйсінеді.Поэма Ақан өмірінің оның жүйрік аты Құлагерге байланысты бір кезеңін суреттеуге құралған.

Кезінде Мәшһүр Жүсіп «Ақан – заманның сұңқары, қызыл тілдің ділмәрі, жігіттің құлпы жібегі, сөздің ағытылған тиегі» деген екен.

«Тұлғаны танып біл» оқыта үйрету ойыны бойынша оқушыларға


Ақан бейнесін жан - жақты ашудағы шығармашылық ізденіс жасауды тапсыру.






1. Ақан – тарихи бейне.
«Туғаны Арқадағы Арғын елі, Өскені Көкшетаудың шалғын жері» деп ақын жырлағандай аты аңызға айналған Көкшетау өңірінің Қоскөл деген жерінде 1843 - 1913 жылдар арасында өмір сүрген тарихи тұлға. Зілқараның баласы Әлібек батырдан бір жылда алпыс түлкі алған қараторғай деген бүркітті, Сайрат төреден бір жылда тоғыз қасқыр алған Базарала деген тазыны алады. Осы кезде Ақанның қолына Көбей - қарауыл Шөкетай жылқысынан шыққан, алты алашқа аты шыққан Құлагер түседі. Құлагер арқаның талай астарында аузымен құс тістеген талай жүйріктерден озып жүреді. Ақан мен Құлагер аты елге жайылады. Ақан 1876 жылы Керей руының паң Нұрмағанбет атанған үлкен байы Ереймен деген жерде әкесі Сағынайға ас беретін болып, сол асқа Ақан Құлагерді бәйгеге қоспақ боп алып барады. Бәйгеге қосылған жүйріктерден дара шығып жұлдыздай ағып келе жатқан Құлагерді бұрыннан Ақанмен өштесіп жүрген Батыраш деген бай соққыға жығып өлтіреді. Қанатынан айрылған Ақан зары, Ақан қайғысы «Құлагер әнін туғызды. Өркөкірек, тарпаң байларға қарсы қарапайым халықтың қайраты жетпейтін заман шындығын, күштілер өктемдік жүргізген заманның мұңды сазын шерткен тарихи жыр дүниеге келеді.

2. Ақан – композитор
Аққудың әсем үніндей жаныңды жадыратар, жүрегіңді елжіретер, құлақ құрышыңды қандырар майда көмей әннің ырғағына елтіген халық Ақан жанынан кетер емес. Әншіге деген халықтың ықылас - пейілі Ақан дұшпандарының іштерін күйдіреді, ән сазына өздері де елжіреп ынтыға түседі. Оның әндері беріктік пен адалдықты, махаббат еркіндігі мен сұлулықты жырлайды. Ол – адамның түсі де, ісі де, жаны да сұлу болуын тілейді. Ақан – нәзік жан, асқан өнер иесі. Бірнеше әннің авторы. «Балқадиша», «Сырымбет», «Үш тоты» т. б. әндері – халық арасында ұмытылмас, мәңгілік мұра. Ақан әнімен мәңгі жасайды. «Құлагер» поэмасында ақынның негізгі айтпақ ойы - өнердің өшпейтіні, өнерліге өлім жоқ деген тұжырым. Ақан мерт болған пырағы Құлагерге арнап әлемде кездеспейтін ән шығарған, өзіне өзі мәңгі тозбас ескерткіш соққан.

3. Ақан – айтыс шебері.
Ақан талай арқалы ақындарды тулақша сіліккен, қара өлеңді орып айтқан айтыс өнерінің дүлдүлі болған. Ол – Жүсіп Төре, Орынбай, Тезекбай сияқты ақындармен айтысқан. Мәшһүр Жүсіп және Есмағұл Қодығабаласымен хат арқылы айтысқан. Ақан жұмбақтар да шығарған. Табан астында тауып айтатын тапқыр, суырып айтар шешен болған. Ақанның тапқырлығы туралы ел ішінде мынадай әңгіме бар екен. Ақан серінің Құлагерден айрылып қайғырып жүрген кезі екен. Қылышбай деген біреу: - Сағынайдың асына жүреріңде менің қара шаңырағымнан дәм татып кеткеніңде дүлдүлің аман қалатын еді - дейді. Сонда Ақан: - Қанды сүргінде жүріп Әзірет Әлінің торға, тұлпарының орға жығылғаны сенің үйіңнен дәм татпағаннан болған екен ғой, - деп тұтқиылдан жауап беріпті. Ақанның жүрген жерлерінде алуан түрлі сөздер қалған екен.

4. Ақан – аңыздық кейіпкер.
Сұлу киім, жүйрік ат, құмай тазы, алғыр бүркіт және 15 - 20 жігітті өзі тәрбиелеп нөкер қылып алады, сол жігіттердің алдында қолбасындай өзі оқшау отырады. біресе боз атқа мініп ақ киген, біресе қара атқа мініп қара киген. Басында – бұлғақтаған үкі, қолында домбыра, аузында - ән.
Міне ғажап! Ертегі өмір емес пе?! Өмір айдынында аққудай жүзіп, үкідей үлпілдеп жүрген Ақанды бірақ күнде мұң шалды. Құлагерінен айрылып, қанаты қайрылып былық тұрмыстан безгенде, халық оны ұға алмай, Ақанның жұмбақ өмірін шеше алмай оны алып барып періге балайды. Дұшпандары неше саққа жүгіртіп, өсек, өтірікке таңуы әділетсіздіктің бір көрінісі еді.
«Тұсында сері болсын, пері болсын Ұнайды өмірімен Ақан маған» деп Ілиястың өзі айтқандай өмірінің сұлулығымен аты аңызға айналған аңыздық кейіпкер дер едім.

5. Ақан – сері.
Ақан билік айтқан, дау қуған, мал жинаған адам емес, астында – жүйрік аты, қолында – қыран, серілік өнер қуған, өмір айдынында қаздай қалқып, қудай жүзген, сұлуды сүйген. Мұны ақын шебер суреттеген. Халықтың сал - серілік салтының озығын ұстанып, оны өзінің ерекше, бөлек болмысымен шырқау биікке көтеріп, заманның көркем бейнесіне айналған асқақ тұлға.

6. Ақан – трагедиялық кейіпкер.
Сағынайдың асында атынан қапыда айрылып жүрегі қан жылаған ақын естен танды. құлагер ер қанаты ғана емес, Ақанның рухани медеу тұтқан серігі еді. Құлагердің мерт болуымен бірге Ақанның өзі де рухани қазаға ұшырады. Құлагер өлгенде Ақан «Ел бетін қалай көремін» депті. Ақанның жан күйзелісін осы бірауыз сөз ұқтырып тұрғандай. Көл еркесі аққу, көк еркесі сұңқар – Ақанның қанаты қайрылды, пырақты шабысынан айрылды. Елінен, жерінен безді. Жалғыз өзі елден жырақ күй кешті. Құлагер өлімі жаралы жанын күйреткен, аяусыз соққы болды. Қиянат пен әділетсіздіктен жапа шеккен Ақанның халін Ілияс «құлазып күздігүні Көкшетаудай, Қызықтың көшіп кеткен саржайлауы» деп бейнелейді. Ақан жан жолдасын қолымен өлтіргендей күйінеді. «Мал да болса адамнан есті жануар - ай, шабуға жіберерде салбырап, басын төмен салып, кәдімгідей көзінен жас бұршақтап тұрды - ау. Осы сұмдықтың болатынын білген екен ғой» деп өкінеді, қайғыдан жүрегі қарс айрылады.

Мұғалім сөзі:
- Жігіттің бағланы, жұртының ардағы, тіл біткеннің шешені, суырылып сөйлер көсемі болған Ақанда теңіздей терең ой қалды. Ақанның трагедиясы қара күште, сұм заманда, пасық жандарға бас ие алмаған қайсарлығында. Біз өнер адамдарын бағалай алуымыз керек, оларды біз мақтан тұтамыз балалар.
Аяқ - қолы байланған Біржан сал, кісен салынған Құрманғазы, Жаяу Мұса, Мәдидің тағдырлары да аянышты.

Тілші:-Поэма неліктен «Құлагер»атанған?

Филолог ғалым:-Бұл шығарма Ақанның трагедиялы өмірі негіз болған.

Ақын сұм заманнансоққы жеп,жалғыз аты,жан серігі Құлагерден айырылған соң,шексіз күйзеледі.Себебі Құлагер-ұшқан құсқа жеткізбес өрен жүйрік,тұлпар. Ақан саясаткершілікті ұнатқан. Сондықтан өміріндегі жұбанышы да,досы да,серігі де-Құлагер.Батыраш Құлагерді қалап,бір үйір жылқы,алтын-жамбы бермекші болып,Ақанға кісі жібереді.Ақан Құлагерді беруден бас тартады.Міне,осыған кектенген Батыраш атты соққыға жығады.Поэманың «Құлагер»атануының басты себебі осы.

Тілші:-Поэмада қазақ халқының әдет-ғұрпы қалай суреттелген?

Этнограф ғалым:-Поэмада әдет-ғұрыпқа ерекше орын беріледі.Қазақтың әдет-ғұрпы бойынша,қайтыс болған адамға соңғы рет құрмет көрсетіп,еске түсіру үшін ас беріледі.Ас дәулетті адамдар арасында салтанатты жағдайда өтеді.Бұл асқа көп адам шақырылады.Онда ат жарысы,көкпар,теңгн ілу,балуандар күресіне кеңінен орын берілген.









Тілші:-Ақанның махаббатқа көзқарасы жөнінде айтсаңыз?

Психолог ғалым:-Ақанның «Үш тоты», «Сырымбет», «Мақпал»әндерінің негізгі тақырыбы сүйіспеншілікке негізделіп жазылған.Ақан өмірдің көркін,қуанышын жырлайды,ол әсемдікке құмар.Ақанның әр әнінің астарында сұлулыққа деген құштарлық жатыр.Ол өмірді жан дүниесімен сезіне білді және оны әнге қосты.Ақан қай тақырыпты жырласа да,адамның ішкі сезіміне тереңірек үңіледі.Оны «Құлагер»әнінен аңғаруға болады.Бұл әнді көзге жас алмай тыңдау мүмкін емес.Құлагер өлімі оңай тиген жоқ.Соның салдарынан ол ел ішінен безіп,аулаққа кетеді.Міне,осының бәрі Ақанның психолог ақын екенін аңғартқандай.

Тілші:-І.Жансүгіровтің «Құлагер»поэмасындағы Көкшетау көріністері қалай суреттелген?Оның Сәкеннің Көкшетауынан қандай ерекшелігі бар?

Географ ғалым:-Қазақ даласында ақын жырларына өзекөзек болған жерлердің бірі-Көкшетау.Көкшетауды Сәкен де,Ілияс та жырлаған.Сәкен «Арқаның кербез сұлу Көкшетауын»ел тарихымен ұштастыра сөз етсе,Ілияс Ақанның ішкі сезімін астастыра суреттейді.

Тілші:-Ақан әндерінің шығу тарихымен танысқымыз келеді.

Өнертанушы ғалым:-Ақанның «Мақпал», «Ақмарал», «Зағипа», «Балқадиша», «Сырымбет», «Ұрқия», «Үш тоты»т.б әндері бар.Бұл әндер негізінен сүйіспеншілікке арналғанын психолог ғалым айтты.Ақанның әр әнінің өзіндік шығу тарихы бар.Соның ішінде «Құлагер»әні де өрен жүйрік Құлагердің мерт болуына байланысты туған.Онда ақынның ішкі күйініші әсерлі тілмен әдемі суреттелген.Сондықтан Ақан-әнші,ақын,сазгер.Оның әр әніне үңіле қарасаң,сол кездегі замана шындығын айқын көруге болады.Соның бірі-«Сырымбет».Бұл ән Ақанның сүйген қызы Ақтотыға арналған.Ақан Ақтотыға қосыла алмаған соң,елден безіп аулаққа кетеді.Сонда өз басындағы ауыр қайғыны сыртқа әнмен шығарған.Бұл ән арқылы сол кездегі өз сүйгеніне қосыла алмаған жастардың ащы зары айтылады.Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты»шығармасымен танысқан адам бұл жөнінде толық мәлімет алады.

Тілші:-Ақан трагедиясына кім кінәлі?

Юрист ғалым:-Сонау сұм заманда халық арасынан шыққан Ақан тәрізді өнер иелеріне көрсеткен сол кездегі қоғам кінәлі.Ақан-дүлдүл ақын,ғажайып әнші-сазгер.Бірақ оның өнерін түсіне білмеген үстем тап өкілдері Нұртаза,паң Нұрмағамбет,Батыраш,Қотыраш,Бақтыбай,Жалмұқан,Ақан трагедиясына кінәлі жандар.Ақтоқты сияқты сүйгеніне қосыла алмайды.Бәтима мен Ұрқияға да қолы жетпейді. «Таба алмай тыныштықты туған елде, Кете алмай біржолата бөтен елге,-деп Ілияс айтқандай,талай соққының тегеурінен көрген Ақан трагедиясына заман кінәлі,өмір оларды әділ ар жазасымен жазалауы керек.

Мұғалім сөзі: Сабағымыздың негізгі түйінін ашып, ойымызды топтастыру әдісімен жинақтайық.
Ақан – трагедиялық образ. Трагедиясы неде?
Сұм заманда
Қара күште
Әділетсіз орта
Сүйгенінен айрылуында
Құлагердің мерт болуында
Күншілдікте
Қайсарлығында
Дарынсыздар талантты тұқыртты
Ақандай өнер адамын бағалай алмауында

Сабақты қорытындылау.
Мұғалімнің қорытынды сөзі:
Ақанның өмір жолы қызықты әрі
ерекше. Өмірінің соңғы кезінде жалғыздықпен мұңдасты.
Оның бұл қылығы өзінің қатыгез заманына мойынсұнбай өткен тәкаппар ақынның бейнесін танытады. Тіршіліктің ұсақ-түйегіне алданбай, бойын тік ұстап кетті. Сондықтан да Ілияс:
«Тұсында сері болсын, пері болсын,
Ұнайды өмірімен Ақан маған», - деп кейіпкеріне деген ілтипатын жасырмай, ашық айтқан.
Ақан өмірі - өнер адамының, жалпы адамның рухани тазалығының үлгісі, өнердің тіршілік тартысынан жоғары тұрғанының белгісі. Қанды қол жеткенде таңба басқан, қазақ қиялының ғажайып аты өрен тұлпарға ескерткіш орнатқан «Құлагердей» ән шығарып, халқына таратқан Ақан - өз кезіндегі әнші - ақындар тобының аса көрнекті өкілі. Әлеуметтік өмірдің өзекті мәселелерін өлеңіне арқау еткен Ақан өнерімен де, ерлік өмірімен де кейінгі ұрпаққа, туған халқына үлгі болды.

Бағалау. Өзара бағалау.(Оқушылар бір -бірін бағалайды)
Үйге тапсырма:
1.«Құлагер» поэмасына сатылай кешенді талдау.
Кері байланыс

Бес саусақ































































































































Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
17.12.2017
4455
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі