400 000+ дайын материалды
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар және авторлық материалдар
4 990₸/ 1 жыл
🔥Арнайы баға ·10.12.2026 дейін
Одан кейін - 29 990 ₸
Бір рет төлейсіз · Автотөлем жоқ
Тақырып бойынша 11 материал табылды

Имамдарға лайықты құрмет көрсетіп жүрміз бе?

Материал туралы қысқаша түсінік
Насихат дін қызметкерлеріне деген құрмет
Материалдың қысқаша нұсқасы

Имамдарға лайықты құрмет көрсетіп жүрміз бе?


Айрандай ұйып отырған бір елдің берекетін алып, шаңырағын ортасына түсіруді мақсат еткен дұшпандарының алдымен сол елдің басшысының халық алдындағы беделін түсіруге күш салатыны белгілі. Оны қазіргі күні әлемде болып жатқан түрлі түсті төңкерістердің мысалында көріп отырмыз. Ал патшаның қадірі кетсе елде толқулар басталып, дауылды күнгі теңіздің асау толқындарының кемені аударғаны секілді тақты аударып, онымен бірге халықты да құрдымға тартып кететіні түсінікті. «Мың қосшыдан бір басшы абзал» деген осы болар.

Кешегі өткен Кеңес үкіметінің басты мақсаты дінді құрту болатын. «Дін – апиын» деген ұранды жалаулатқан құдайсыздар халықты имандылықтан ажырату үшін, жұрт алдында беделі биік дін басыларды «халық жауы» деген желеумен қуғынға ұшыратты. Сан ғасырлар бойына елді Хақтың жолына шақырумен келе жатқан қожа-молдаларды әжуа етіп, дінді жоққа шығаратын кітаптар шығару арқылы халықтың санасын улап, атеизмге негізделген коммунистік идеологиясын таратты. Осының салдарынан халықтың басым бөлігі «құдай жоқ» деген сөзге иланып, дінсіздікке бет бұрды. Нәтижесінде «Менің атам суды теріс ағызатын үлкен молда болған» деп мақтана отырып, арақ ішетіндер де шықты. Осылайша ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан рухани сабақтастықтың жоюлуына байланысты діннен бейхабар ұрпақ пайда болды. Алайда мына жалған дүниеде мәңгілік еш нәрсе жоқ екендігі белгілі. Бір ғасырға жуық билік құрған құдайсыздардың үкіметі де мерзімді күні құлап, жұрт қатарлы егемендік алдық. Сөйтіп ақ түйенің қарыны жарылып, бабалар аңсаған азаттық таңының атқанына куә болдық. Өзіміздің сан ғасырлық тарихы бар төл дінімізбен қайта қауыштық. Бірақ, өкінішке қарай, коммунистік идеология санасын улаған кейбір бауырларымыз үйренген әдетінен әлі күнге арыла алмай имамдардың әрбір ісінен кінәрат іздеуге құмар-ақ. «Алтын көрсе періште де жолдан таяды» деп ойланбай сөйлейтін осындай жандардың күннен күнге көбеюі ой салады. Молда да пенде, жаратылыс қой. Оған қателесу, күнәға ұрыну тән емес десек өтірік болар. Егер арыға баратын болсақ, Адам (ғ.с.) атамыз да жеме деген жемісті жегендігі үшін жұмақтан қуылған жоқпа еді. Демек, қатеге ұрыну оның ұрпақтарына тән болмақ. Бүгінгі имам, молдалар сахабалардан артық емес қой. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманында Алла Тағала кейбір сахабалардың жаңылыс басқан қадамын Өзінің елшісіне (с.ғ.с.) уахи арқылы білдіргендігі белгілі. Олай болса, молдалар қате мен күнәдан пәк деп ойлаудың өзі қате. Ал қателескен адамның айыбын жұрт алдында бетіне басып жария ету әдепсіздік пен ақылы кемдіктің белгісі. Өйткені, ондай адам өзінің осы әрекеті арқылы дінге күйе жағып жатқандығын түсінбейтін нағыз ақымақ. Дін басыларына лайықты дәрежеде құрмет көрсете алмаған халық – өз болашағына өзі балта шабатын халық. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Бір мұсылман бір мұсылманның айыбын жасырса, қиямет күні Алла Тағала оның айыбын жасырады» дегені белгілі. Олай болса, имамдардың жұмысынан мін табуға тырысқанша, олардың мемлекет қазынасынан жалақы алмай-ақ жасап жатқан еңбегін бағалап, қолдан келгенше көмек көрсету абзал болмақ.

Ғылым мен білімге жетік неміс халқында ежелден қалыптасқан бір дәстүр бар екен. Осы жазылмаған дәстүрге сай ата-анасы кішкентай баласының қандай сыйлықты армандап жүргендігін біліп алып, сол нәрсені өздері шіркеуге апарып береді екен. Сосын шіркеу қызметкеріне: «Жексенбі күні баламызды шіркеуге ертіп келіп ғибадат жасаймыз. Балам осы сыйлықты құдайдан сұрап дұға етеді. Сол кезде сіз шығып осыны оған беріңіз» деп өтінеді екен. Міне осының нәтижесінде, өзінің армандап жүрген сыйлығына қол жеткізген бала дінін де, дін басыларын да сүюді үйренеді.

Ал біз болсақ, баламызға имамдарды құрметтеуді үйретудің орнына тырнақ астынан кір іздеп, Алланың жолында жүргендерді құбыжық кейпінде көрсетуді әдетке айналдырып барамыз. Ал енді имамдарды өзіне өнеге санамаған жеткіншек жас сонда рухани сұраныстарын қалай өтемек? Кімге қарап бой түземек? Өзін мазалаған сұрақтарға кімнен жауап алмақ? Кімді ұстаз тұтпақ? Әрине интернеттен жауап іздеп, ата дінімізге жат ағымдардың уағызын тыңдап, солардың айтқан «бізден басқаның барлығы да адасушылар» деген жаңсақ пікірін санасына құйып алады. Ал санасы уланған ондай жастың ата-анасын құрмет тұтудың орнына, әлгі ұстазының айтқанын екі етпей, соны құрмет ететіндігі түсінікті. Осыдан кейін ел болып: «Балаларымыз басқа ағымдардың жетегінде кетіп жатыр. Имамдарымыз сонда не бітіріп отыр?!» деп шулаймыз кеп.

Кезінде бір имамның кемшілігін айтамын деп, он адамның жүрегіне күдік ұялатқанымызды тіпті қаперімізге алмаймыз. Халық пен имамның арасын бөліп тұрған кедергіні өзіміздің орнатқанымызбен шаруамыз да жоқ. Осыншама өшігетіндей имам не істеп еді? Әлде қорадағы малыңызды ұрлады ма? Болмаса, шартағыңыздың шетін бұзып шөп қораңызға түсті ме? Шынымен одан не жамандық көрдіңіз? Осы айтылғанды ақыл елегінен өткізіп, ойланып көріңіз. Шындығында, балаңыз өмірге келгенде оның оң құлағына азан айтып, сол құлағына қамат түсіріп жақсы есім қойған имам еді ғой. Алладан дұға тілеп, сол нәрестенің жүрегіне иман беруін, ата-анасына мейірімді азамат болып өсуін сұраған да имам болатын. Қарт анаңыз хәл үстінде жатқанда науқастың қасында отырып «Ясин» сүресін оқып, Алла Тағаладан оның дертіне шипа бер деп дұға еткен де имам емес пе еді?! Анаң бақиға аттанғанда өзің оқымаған Құранды оқып, марқұмға дұға жасаған да имам емес пе?! Олай болса, қуанышта да, басқа қиындық түскен сәтте де қасыңнан табылатын жанды неге лайықты түрде құрметке бөлемейсіз? Жүздеген конфессияның өкілдері қатар өмір сүріп жатқан мына қоғамда ата дінімізге шақырып жүрген имамдарымыздың еш беделі болмаса ұрпағымызды қалай тәрбиелемекпіз?

Дінге пайда тигізу қолыңнан келмесе, ең болмаса оған зиян тигізуден аулақ бол. Дастарқан басында отырып «Мен пәлен жерде пәленше деген молданың ауызын жауып тастадым. Ол маған жауап бере алмай тұтығып қалды. Әбден масқарасын шығардым өзінің» деп мақтанатындарды да көріп жүрміз. Енді, ақылсыз наданмен не деп салғыласасың. Мұндайда «Раббым, бұл бейшараға хидаят бере гөр» деп дұға жасап, іштен тынасың. Осындай сөздерді естігенде Әбу Ханифаның (р.а.) басынан өткен бір оқиға ерексіз еске түседі. Бірде ол шәкірттерімен бірге көшеде келе жатса алдынан бір мүйізі қарағайдан үлкен сиыр шығып, жолын кескестепті. Сонда Әбу Ханифа (р.а.) дереу жолдан шығып әлгі сиырды өткізіп жіберіпті. Қасындағы шәкірттері: «Ұстаз, малға жол бергеніңіз қалай болды?» деп сұраса керек. Ғұлама: «Сиырда мүйіз бар, менде ақыл бар» деп жауап берген екен. Шынымен, сиыр сенің Құран жаттағаныңды, қанша хадис білетініңді не қылсын?! Жолына кедергі болған нәрсенің барлығын жайпап, мүйзімен сүзіп кете береді. Өйткені ол хайуан, мал ғой. Төрде отырып әлгіндей сөздерді айтатындардың мысалы да тура осы сиырға ұқсас. Дана халқымыз: «Аяғы жаман төрді былғайды, ауызы жаман елді былғайды» деп бекерден-бекер айтпаса керек. Көп ішінде ананы, мынаны айтып, жұртты жамандап, тіпті өзінің туған еліне қатысты ауыр-ауыр сөздерді айтып отыратындар да бар. Кісімсіп қалған осындай көргенсіздер ақыл айтуға, жұртты мінеуге шебер болғанымен қолынан іс келмейтін нағыз жатып ішерлер екендігі даусыз.

Ақиқатында, имамның кемшілігін жария ету дегеніміз дінге қарсы шығу болмақ. Шын мәнінде дінге жанашыр болсаңыз имамның кемшілігін жеке өзіне айтпайсыз ба?! Бұл кемшіліктен арылмаса, тағы да ескертіңіз. Тіпті, одан да нәтиже болмаса, басшысына барып ескертіңіз. Одан да еш нәтиже шықпай жатса, онда бір Аллаға тапсырып дұға қылыңыз. Оған тура жолды нәсіп ете гөр деп Раббыңызға жалбарыныңыз. Алла Тағала оны да, сізді де жарылқасын. Осы әрекетіңізге берекет беруін күтіңіз.

Имамдарды жамандаймыз деп дінге тіл тигізуден сақтанған жөн. Ал діннің артында небір пайғамбарлар, салихтар, шахиттар, шыншылдар, тақуалар, сахабалар мен табиғиндардың тұрғандығын ұмытпайық. Имамдарды жамандаймын деп жүріп соларға тіл тигізіп орны толмас өкінішке ұрынып қалма. Осыдан он бір жыл бұрын алғаш имам болып келгенімде көп қабатты үйдің бір подъезінде Америкадан келген бір музыка пәнінің оқытушысымен көрші тұрғандығым еске түседі. Әлгі мұғалімді бір бай қазақ баласын музыкаға оқыту үшін мұхиттың арғы жағынан алдырған екен. Бір мезгіл бала оқытқаннан басқа жұмысы жоқ әлгі американдық қалған уақытының барлығын суретке түсірумен өткізетін. Өз елімізде жетім баланың күйін кешкен біздер біреудің құрқылтайдың ұясындай бір бөлмелі үйін пәтерге жалдап күнімізді әрең дегенде көріп отырғанда әлгі келімсек бір мұсылманның үйінде сыйлы мейманы секілді тұрып, өзінің жымысқы мақсатын емін-еркін атқарып жүрді.

Жасыратыны жоқ, егер имамның бірі жайлы үй немесе жақсы көлік алса: «Өлеңде жерде өгіз семіреді, өлімді жерде молда семіреді» деген осы да» деп күндеп шыға келеміз. Ал түйені түгімен жұтып жатқан әлгіндей келімсектердің не істеп жатқандығына тіпті мән бермейміз.

Жастар имамдықтан неге қашады? Өйткені қазіргі қоғамда имамдардың ісінен мін табуға тырысатын «білімдарлар» өте көп. Сондықтан артынан сөз еруінен қорқады. Егер имамды өлім-жітім кезінде ғана іздейтін болсақ, онда оңбай қателескеніміз. «Имамдар қайда қарап отыр?» деп сөккенше, олардың ісіне қолдау көрсетіп, ата дінімізге жанашыр болған абзал. Өйтпесек болашағымыз бұлдыр болмақ. Жат ағымдардың жетегіне еріп, адасып жүрген жігіттерден: «Сендер әлдекімді тыңдағанша, білімі мол имамдарды неге тыңдамайсыңдар?» деп сұрап көріңіздер. Олар міндетті түрде: «Имамдарда не білім болсын» деп жауап береді. Міне надандық деген осы. Ресми деректерге қарағанда қазіргі күні Сирияда соғысып жүргендердің қатарында 1500 қазақстандық жас бар екен. Сонда 1500 әйел жесір, орта есеппен 3000 бала жетім қалады деген сөз. Қазақтың санын көбейтетін жастағы осыншама азаматтан айырылып отырғанымызға кім кінәлі? Әрине, ауызына ие болмай имамдардың беделін түсіруді әдетке айналдырған әлгіндей «білгіштер» кінәлі. Жасыратыны жоқ, елімізде әлгі сауатсыздық салдарынан адасып жүргендерден басқа түрлі секталардың (иегова, кришнаит, т.т.) жетегінде кеткендер де баршылық. Имамдардың ғайбаттаған сайын олардың да тақиясын аспанға атып қуанатыны түсінікті. Сонда имамдарды жамандаймын деп кімнің сойылын соғып жүргендігіңізді өзіңіз шамалай береңіз. Сондақтан да, имамдарды жеткілікті дәрежеде бағалай білу қажет. Өйткені оларға Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) мирасқа білімі қалған. Ал мешітте асасы, мінбары, михрабы қалды. Олар – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мұрагерлері. Сондықтан да, олардың дәрежесін көтермей еш уақытта да діннің дәрежесін көтере алмаймыз.


Исламханов Қалжан Әрібжанұлы

Алматы облысы, Жамбыл аудандық

Орталық «Шынасыл» мешітінің бас имамы

Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
0 ұстаз жүктеп алған
27 қаңтар
308
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі