Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
Жұбан Молдағалиев
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
Асан боп туған қазақтар,
Өледі Асан қайғы боп!
Ж. Молдағалиев
І. Кіріспе.
Талантына табындырған ақиық ақын.
Халқымыздың сан ғасырлық талайлы тағдырының трагедиялық түйінін дәл осылайша , бар- жоғы екі жолға сыйғызып айта алған ақын аз. Сол аздың бірі- ұлтымыздың ұятына айналған азамат ақын Жұбан Молдағалиев.
Ж. Молдағалиев 1920 жылы 5-ші қазан айында бұрынғы Тайпақ ауданы, Жыланды ауылында дүниеге келген.1940 жылы Орал ауыл шаруашылық техникумын бітіріп, 1940-1947 жылы әскер қатарына алынған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1948-52 жылы «Лениншіл жас» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы , редактордың орынбасары «Қазақ әдебиеті » газетінің бас редакторының орынбасары , 1958-63 ж «Жұлдыз» журналының бас редакторы болған. Бірнеше жылдар Қазақстан Жазушылар Одағын басқарды. Жұбан Молдағалиев КСРО және Қазақстан жазушылар одақтары басқармасының мүшесі , КСРО Кеңесі жанындағы әдебиет , көркемөнер және архитектура саласындағы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі кеңестің, «Новый мир» журналы редколлегиясының мүшесі болды. Молдағалиевтің «Ленин тірі» атты алғашқы өлеңі Орал облысындағы «Комсомол ұрпағы» газетінде 1939 жылы басылды.
«Менің атым», «Кел, жолдастар, жырлайық» деген өлеңдері , 1939 жылы « Кепінді құрылыс» газетінде басылды. 1949 жылы «Жеңіс жырлары » атты алғашқы өлеңдер жинағы шықты. Содан бергі жылдар ішінде ақынның жалпы 60- тан астам кітабы, әр кезеңдегі орыс және қазақ тілдерінде таңдамалы шығармаларының 1 томдығы, қос томдығы үш томдығы жарық көрді.Жұбан қаламнан «Жесір тағдыры», «Мен қазақпын» «Кісен ашқан», «Қыран дала», «Сел», «Байқоңыр баспалдақтары» т. б поэмалар туды.
Жұбан «Кісен ашқан » поэмасы үшін Қазақстан мемлекеттік сыйлығына ие болды. Ол сондай-ақ КСРО Қорғаныс Министрлігі сыйлығының лауреаты және А. Федеев атындағы алтын медальдің иегері. Оның көптеген шығармалары бірнеше шет ел халықтары тілдеріне аударылған. Молдағалиев КСРО Жоғарғы Кеңесінің, Қазақстан жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланды. Қазақстан Жоғарғы кеңесі Төралқасының мүшесі болды. Ол бірнеше ордендермен және медалдармен мараппатталды.
ІІ. Негізгі бөлім.
1. Шырағдан жырлар.
Ақынның тұңғыш жинағы "Жеңіс жырлары" деген атпен 1949 жылы жарық көреді. Адуынды жырларымен ұлттық әдебиет әлемінде тез танылады.
Жұбан — өзінің атақты "Мен — қазақпын" деп аталатын поэмасымен қазақ әдебиетінің ірі тұлғасына айналған, отансүйгіштік жырларымен халық жүрегінен орын тепкен ақын. Ол — Ұлы Отан соғысы жылдарында келген ұрпақтың ірі талантты өкілдерінің бірі. Бұл жылдары жыр әлеміне келген ақындар шығармашылығында Отанға деген ерекше махаббат, халықты ерлікке шақыру, жеңіске деген үлкен сенім жатты. Сондай-ақ азаматтық намыс, кек, елге, жерге деген сағынышқа толы болды. Осы ерекшеліктер Жұбан Молдағалиевтің 1949 жылғы "Жеңіс жырлары" кітабында анық байқалады.
Ж. Молдағалиев туған жері — Жайық бойы жайлы әдемі жырлар қалдырды. Ал 1914 жылы жазылған "Сағындым, Жайық" өлеңінде ақын өзінің суреткерлігімен көрінеді.
Сағындым сені, Жайық, алма бақты,
Өткізгем өз бойыңда жастық шақты.
Сүюші ем төңкерілген толқыныңды,
Солқылдап соғып жатқан жарқабақты.
Суына қармақ салып, ілгем талай,
Күмістей жалтыраған ақ шабақты!
Мұнда ақын туған, өскен жерге деген сағыныш сезімін өзен, толқын, "күмістей ақ балық", т.б. нақты дәл берілген суреттер арқылы оқырманның көз алдына келтіреді. Жайықтың әсем көрінісі өрнектеледі.
Алғашқы жырларынан-ақ Жұбан жалаң ұраншылдыққа берілмей, адамның шынайы көңіл күйін, сезімін қоршаған ортаның шындығымен астастыра жырлайды. "Алматы тау өзені" өлеңінде:
...Тау текедей бір ұсталмай
Тастан-тасқа атылды.
Темір тиген хрустальдай
Шытынайды, уатылады, — деген жолдарда ақын толқындардың шатынауын естіртеді, өзен ағысының күштілігі көз алдымызға келеді. Өлеңнің әсерлілігі, өлең ерекшелігі келесі шумақта бір-бірімен байланыста жымдаса түседі.
...Тау бұйырса, сыз бұйырса,
Желе жортар желі даяр,
Кұз құласа, мұз құйылса,
Сең-сең тасы, селі даяр... — деп, ақын тау өзенінің жан-жақты тағы бір қыр-сырын аша түседі.
"Қазақ тілі" өлеңінде алдымен халқымыздың көне дәуірден бергі тарихына үңіле келіп:
...Жерленген әсем қалалар,
Мүжілген, шөккен
Таулар да
Шұбарлап түзді.
Алалап
Шеру сап өткен жаулар да...
Жау тисе сырттан өріске,
Салыпты бүлік бәрі іште,
Пана да түскен бөліске,
Ана да түскен бөліске... — деген жолдарда ауыр тауқымет, жау ойраны, азап тартып бәрін көтерген, басынан кешірген ана мен жер, іштегі бүлік, бөліске түскен мал мен жай тағдырына үңілдіре түседі. Осындай қиын кезеңді басынан өткізген бүкіл халық тағдырына ортақтаса түсеміз; келесі шумақтар оқырманды өзіне тарта түседі...
...Бүтіндік, бірлік
Ерсі боп,
Жақында мал-жан енші боп.
Тіліміз ғана тұрьш та
Емші боп әрі елші боп.
Сол ғана қалған бөлінбей
Бөліске түсер кезде ондай
Сол ғана қалған бөлінбей—
Жүректей, Күндей, Ождандай ... — деп, жау ойранында бөліске түспей, қадір-қасиетін сақтап қалған тіліміз ғана болғанына еріксіз куанасың. Ана тілінің құдіретін танытуда ақынның ең алдымен қиын асуларды суреттеуінде үлкен мән жатқанын байқауға болады. Қандай қиыншылықта да тілдің сақталуы өз оқушысын ойландырмай қоймайды.
"Бокс заңы бойынша" өлеңінде ақын алдымен оқырман назарын бокс заңына аударып, өмірдегі кездесетін күншілдікті, нағыз талантты көре алмаушылықты сынап, әшкерелейді.
Жекпе-жек — заңы бокстың
Бірге — жүз қарсы тұру жоқ.
Желкеден періп оқыста,
Кіндіктен төмен ұру жоқ...
.... Тұрмыста, әттең, қарсы жақ
Бетпе-бет келе бермейді — деп өкініш білдіре отырып:
Жүгінсін бокс заңына,
Ар-ұят деген сотты ұқсын,- деген жолдар арқылы адамдыққа, адамгершілікке үндейді. Өлең көпшіліктің көкейіндегісін тап басуымен әсерлі.
Жұбан Молдағалиев өзінің кейбір лирикалық өлеңдерінде: "Аққу", "Махаббатты жырласаң", "Аққуым аспанда емес, жер бетінде", "Көзімде қалды суретің", т.б. сияқты жырларында адамды сүю, бағалау, жар сүю, ана махаббатын аялау, Отан сүю сезімдерін сабақтастыра жырлайды. Мәселен, "Махаббат ерлігі" атты өлеңінде махаббаттың құдіретті күші нені болса да жеңетінін паш етеді, екі мүгедектің (соқыр мен ақсақ) бірін-бірі демеп, сүйеп жүріп өнер көрсетуі өмір мен тіршіліктің өлмес күші екенін танытады.
Ақын "Мен қазақ әйеліне қайран қалам" деген белгілі өлеңінде, тарихтың тәлкегіне көне жүріп, небір қиыншылықты басынан өткізсе де аналық бейнесін сақтаған әйелді ақын дүниенің бар салмағын көтерген жермен теңестіреді.
Қай өлеңінде болмасын, даланың табиғатын да ол адамдық сезіммен қабылдайды. Оны қимас адамы — анаға балайды:
...Мен үшін қазақ жерінің
Жаманы мен жаты жоқ.
Мен үшін қазақ жерінің
Анадан өзге аты жоқ.
Ақын табиғатты қорғау, сақтай білуге үндеген көптеген өлеңдер жазды. Мәселен:
...Табиғат — аңға да ана, маған да ана,
Қорғаныш бола білсе — далам дана, — деп, табиғатты анаға теңеуінде үлкен ой жатқанын көреміз. "Жалғыз ағаш" атты өлеңінде:
Әрине, ел көшсе де, жұрт қалады,
Жол салты жолаушыны құтқарады.
Көмулі тал түбінде торсық қымыз,
Шөл емі — бірер дорба кұрт қалады, — деп суреттейді. Мұнда барынша анық, түсінікті, барынша қарапайым жолдардағы шөл, құлазыған даланы мекен етіп өскендер, сол далада жол көшкендер бұл суретті айнымай таниды. Ақын мұнда дала үшін жалғыз ағаштың көрікті екендігін аша түседі. Сондай-ақ салт-дәстүр бойынша жолаушыға деп жанашыр, сезімтал қазақ халкының ағаш түбіне сақтаған сусын, ас-дәмі оның адамгершілік, адам сүйгіштік қасиетін асқақтата түседі. Осыдан келіп, жалпы қазақтың жомарттығы, қонақжайлылығы біртіндеп толыға түседі. Ақын "біз жомарт, дарқан елміз" деп құр айғайлап айтпай, нәзік суреттейді. Өзіндік үнін танытады.
Ал "Жер — глобус" өлеңінде айрықша ештеңе жоқ сияқты көрінгенімен, лирикалық кейіпкердің бала кезінде мұғалімнен жердің глобус сияқты екенін, оны сақтау керектігін естігеніне шегініс жасай отырып, оны даралай түседі:
Жер емес, мұғалімнің басы маған,
Бір қызық глобус боп елестейтін... — деген өзіндік ой-түйіндерімен көзге түседі. Өлең соңында кейіпкер есейеді, өзіндік көзқарасын саралай бар халықтарға тіл қатқан ақын үнін, даусын тыңдағандай боламыз.
— Жер — өмір. Адам сонда бағын сынар,
Алыссаң, жерді қорғап алысыңдар.
Адамдар, глобусқа сақ болыңдар!
Адамдар, таласпаңдар, табысыңдар! — деп, ақын кейіпкері жеке өмірін бар халықтар тағдырымен шебер ұштастыра білген. Бүкіл адамзатты бірлікке, тыныштыққа шақырады, оқушысына ой тастайды. Мұнда тұтастай бір кесек образды, суретті жеткізуге арналғаны анық байқалады.
"Ғашық көзбен" атты лирикалық кітабы үшін Ж.Молдағалиевқа Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Поэзиядағы ең негізгі қасиет — сөз тығыздығы, ой қалыңдығы, сыйымдылығы, айқындылығы болса, мұнда ақын шеберлігі біртіндеп таныла түседі. Ақын өлеңдерінде жалтыраған сөз қатары емес, әр сөз өзіндік мағына арқылы көрінеді:
Ризамыз бүгінге, біз кешеге,
Бір ғұмырды таныттық бірнешеге,
Не тілесе туған ел — сол болдық біз.
Бірде семсер, бірде орақ, бірде шеге.
Осы шумақта бейбітшілік егінін, жемісін егу, "шеге" арқылы құрылыстағы еңбекті дәріптеу — бәрі үйлесе келіп, туған елге деген ақын сүйіспеншілігін таныта түседі.
"Тірілерге тіл қату монологы" жаралы жауынгердің өлім алдындағы жан сырын жеткізуге арналған. Соғыстың, арпалыстың, азаптың ортасында от оранып жатқан жауынгердің тіршілікке, жарық дүниеге құштарлығы оқушыны бей-жай қалдырмайды. Ажалмен арпалысқан жанға шипа болған, тыныс берген, асыл сезімді, махаббатты паш етеді. Бұл пенделік емес, адамзаттық асыл сезім, үзілген өмір қосқан сезім екенін айқындай түседі.
2. Кең тынысты эпик ақын.
Көптеген лирикалық өлеңдер жазған ақынның эпикалық талантының да жоғары екенін көреміз. Ол жазған поэмалар стильдік, жанрлық үлгілері жағынан әр түрлі және қазақтың эпикалық поэзиясын биікке көтеріп, жаңа сапамен байытқан туындылар болды. Алғашқы поэмаларында — "Нұрлы жол", "Қызыл галстук", "Қиял қанатында" — ақын жастарды патриоттыққа тәрбиелеу, еңбекке баулудың проблемаларын көтерді. Балалардың келешегі үшін, олардың болашағы әрқашан күн тәртібінен түспейтіні кімді болса да толғантар мәселе екенін ақын айқын, дәл суреттей отырып, жастарға үлкен сеніммен қарайды. Заман, дәуір шындығын шебер суреттеуде ақын жеткен табыстар аз емес.
"Жыр туралы жыр" (1956) поэмасында ол эпикалық талантын көрсетуде жаңа қырынан таныла түседі. Мұса Жәлел өмірі қатты толқытқан ақын ерліктің сыры мен өмір шындығы жайлы сыр толғай білді. Батырдың бейнесін жан-жақты ашуда сезімталдығы, сыршылдығы адам ерлігі мен елге, жерге деген сүйіспеншілігімен астаса жырланады. Мұса Жәлел жырының рухын биікке көтеріп, асқақтата түседі.
Ж. Молдағалиевтің ақындық даңқын көтеріп, оның есімін әдебиет әлеміне енгізген шығармасы — "Мен — қазақпын" поэмасы (1964). Бұл поэмада ақын қазақ халқының өткен өмірі мен тағдыры жайлы лирикалық-публицистикалық стильде толғана жырлады. Қазақ халқының ұлттық ерекшеліктерін ашуда, оның ерлік дәстүрі, туған жер мен ел, оның байлығы, адамдары жайлы асқақтата көркемдеп жырлай білді.
Мен — қазақпын, мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде табыстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.
Мен — қазақпын, ажалсыз анамын мен,
Құрсағыма сыйдырам даланы мен.
Пәк сәбимін бесікте уілдеген
Дәуірлермен құрдаспын, данамын мен, — деген өлең жолдарынан-ақ ақынның қазақтық азаматтық, патриоттық намысын бірден танимыз. Өзінің "қазақ" екенін ағынан жарыла ерекше шабытпен жырлауы — оның ерлігінің бір көрінісі десек қателеспейміз.
Бұл поэмада ақын қазақ халқының басынан кешірген небір қиын кезеңдерді суреттейді.
Ақын қазақ халқының сан ғасыр бойында ауыр азаппен өткен тағдырын еске түсіреді. Қазақ елінің талай шапқыншылыққа ұшырағанын, бірақ халық бәріне төтеп, беріп, өзін қорғай білгенін, елдігі мен салтын, ұлттық қасиетін сақтап қалғанын мақтана, асқақтата жырына қосады.
...Қарсыласпай өлмедім, қан татырдым,
Құлап қалсам атымнан, қайта тұрдым.
Сансыз басты диюдай сан тіріліп,
"Мен — қазақпын" дегенді айта тұрдым, — деп, оқырманды жігерлендіре түседі. Ерлік, қарсылық, күш, қуатты жырға қосып, "құласа да қайта тұрьш" өзінің қазақ екенін тағы да жүрек жара, жан даусымен қуана, шаттана жеткізеді. Енді бірде қазақтың ән-күйінің құдіретін өзгеше бір үнмен суреттейді:
....Күй емес пе, ботасыз нар идірген?
Ән емес пе, аққудай жар ілдірген?
Жыр емес пе жүрекке жел бітірген?
Олар барда қалайша тарылды іргем? — деп, қазақ халқының ән-күйі мен жырының өзіндік ерекшелігін, даралығын паш етіп, мұндай өнері бар халықтың ешқашан мойымайтынына үлкен сенім артады. Поэманың келесі бір шумағында ақын:
Шалқы, қазақ, шалқитын заман келді,
Текке қанын төккен жоқ Аманкелді.
Кең далаңда керіліп, атыңды атап,
Жырла, қазақ, жаңа күй, жаңа ән келді... — деп, қазақ халқына жаңа заманға сай болуға, еркіндікті, елдікті, бірлікті сақтауға үндейді. Елі үшін құрбан болған Әлия, Мәншүк, Төлегендерді жырына қосып, олардың ерлігін, олар бастаған жол, халық бақытының түп қазығы болғанын суреттей отырып, олардың ісін жалғастырушы бүгінгі ұрпақ екенін мақтан ете жырлайды. Мерейі өскен бүгінгі бақытты халқымыздың қуанышы жыр боп төгіледі. Бүгінгі таңда еліміз егемендік алып, осы азаттық жолындағы "мың өліп, мың тірілген" кездерді еске алғанда ақын арманы поэма шумақтарынан анық байқалады.
Ұлы аманат етейік еркіндікті,
Ел құлдықты білмесін, жер күңдікті,
Аңсаймын мен, сенемін, туады ертең.
"Қазақ болу — зор бақыт" дер күн тіпті... — деген өлең жолдары бүгінгі "егемендікті" жыр еткендей әсерге бөлейді. Ақын болашаққа сенеді. Сондықтан да ол ақынша желпіне, көңіл күйдің ырқына беріле жырлайды. Енді бірде ақын:
Мен — казақпын қаныммен, сүйегіммен.
Сән-салтанат, салтымды сүйемін мен, —
... Өз бейнеңдей әлемге тұр танылып.
Қазақстан гербі де, жалауы да, — деп шаттанады, қазақ елінің ешкімнен кем емес екенін дәлелдей түседі. Ақын өз жырының елі үшін ешқашан таусылмайтынына ерекше қуанады.
Мен — казақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске —
Айта бергім келеді, айта бергім, — деген өлең жолдары бүгінгі күн үшін айтылғандай сезіліп, ақындық даңқын көтере түседі.
Жұбан Молдағалиев өмір шындығының әр саласына терең үңіле отырып, жетпісінші жылдары "Қыран дала", "Сел", "Байқоңыр баспалдақтары" атты поэмалар жазды. Мұнда жаңа деректерге сүйенген ақын, заман шындығын, адамдардың ерлік істерін суреттейді. Халықтың бейбіт өмірдегі тыныс-тіршілігін айқындап, тарихи салыстырулар арқылы өткен өмір және болашақ жайлы толғаныстарын, өз ойларын толық ашып көрсетеді. Эпикалык поэма үлгісін жалғастырып, толықтыра түскен ақынның қай поэмасы болмасын, қызық сюжетті, оқиғалы больш келеді.
Ж. Молдағалиевтің поэмалары бүкіл одақ көлеміндегі үздік еңбектердің қатарында бағаланып, КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Оның шығармаларында қазақтың ұлттық мінезі, сипаты терең ашылып бейнеленді.
3. Жұбан ақын және желтоқсан
86-ның ызғарлы желтоқсанындағы дүрбелең халық көкейінде әлі жаңғырып тұр. Уақыт алға жылжыған сайын кезінде айтылуға тыйым салынған шындықтар там-тұмдап болса да, оқиғаны көзбен көргендердің аузымен айтыла бастады. Жастардың зиялы қауымға деген сенімсіздігі де сол кезде қалыптасты. Ызғарлы желтоқсан оқиғасының басы-қасында болған жастар аға буынды "алаңдағы жастарды қолдамады, қорғамады, керісінше бірге жазаласты" деп әлі күнге дейін кінә артса, сол кездегі оқиғаға жаны ауырып, жастарға араша түскен бірлі-жарым зиялы қауым өкілдерін әлі күнге құрметпен еске алысады. Сол құрметке ие азаматтардың бірі – ақын Жұбан Молдағалиев. Ақынның "Желтоқсанның көргенше он алтысын, Бір күн бұрын батсамшы батар күнмен" деген жүрекжарды шындығы ауыздан-ауызға жететін бүгінгінің аңызына айналғандай. Жұбан ағаның осы азаматтығын көзбен көрген ақын Ақұштап Бақтыгеерева өз естелігінде төмендегі жайттарды тебірене отырып әңгімеледі.
Жұбан ақынның өз сөзі
Жазушылар үйіндегі Жұбан Молдағалиевтің айтқан сөзі кейін баспасөз беттерінде, әр жерде бұрмаланып, жұмсақталып айтылып жүрді. Бірақ сондағы айтылған шын сөз менің құлағымда дәл сол күйінде әлі жаңғырып тұр. Жұбан ақын қатқыл үнмен былай деген: "Что хотите от моего народа, дорогой товарищь? Казахстан был лабораторией дружбы народов. Отняли у нашего народа все. И веру, и язык. Ваши братья поднимая целину, (топтали) тракторами степных (могил) моих предков. И это мы простили. Что еще хотите?"
Көзкөргеннің көңілге түйгені
Біз алаңдағы оқиғаны көзбен көрдік. Кейінгі буын оның шындығын жете білмейді. Естіген деректер, оқыған дүниелер бойынша саралайды. Сол себепті де біз, көзкөргендер, оқиғаның ағын "ақ", қарасын "қара" деуіміз керек. Менің ақын сөзінен көңілге түйгендерімнің бірі ғана төмендегідей өрбіді:
...Жаңа жылдық халыққа сәлем жолдап,
Жазушылар үйіне Колбин келді.
Біреулер бастық көрсе қуанатын,
Біреулер жүр жалпылдап сұрап атын.
Бір кезде жазушылар мінбесіне,
Барады көтеріліп Жұбан ақын.
Қазақша акцент толқыған қатал үнмен:
"...Ақынша айтсам, бұл елдің бұл мазағын,
Менің елім көтерді күллі азабын.
Тың жерін де игерген бауырларың
Тракторге таптатқан қыр қазағын.
Көнді емес пе, оған да халқым менің,
Берді емес пе байлығын, алтын, кенін?!
...Кеше алаңда сабаған – сенің тегің,
Ал таяқты жегендер – менің балам.
Ақын жүрек тартуда содан қайғы,
Шыдамаймын айтпауға жарап жайды.
Кешір мені, замандас, осы жолы –
Жұбан сізбен пікірлес бола алмайды!..
Шындығында да, Жұбан аға айтарын түгел айтты да: "Я не могу быть вашим сторонникам!" – деп, ақырын басып, мінберден түсіп кетті. Залда отырғандар сілтідей тынды да қалды. Не қол соға алмайды, барлығы тек іштей құптағаннан басқа еш әрекетке бара алмады. Өйткені бір-бір құқық қорғаушы барлығымыздың желкемізден төніп тұрған-ды. Бірақ бір кезде залдағы тыныштықты аяқ тарсылы басып кетті. Қол соға алмаған әлеумет аяқтарымен жер тепкілеген. Құдды бір залдағылардың ішінде Жұбан – бөрі, біз – қояндардаймыз...
Жар сөзі
Жұбан Молдағалиев өмірден өткеннен кейін ол кісінің жары София апай бір әңгімесінде Ақұштап Бақтыгерееваға Колбиннің келуіне ақынның қалай дайындалғанын айтып беріпті: "Колбин келерден бір күн бұрын ол кісіге Орталық Комитеттен телефон соғылады. "Сіз "Мен – қазақпын" деп жырлаған ақынсыз. Ертең бірінші басшы келеді. Соның алдында бүкіл зиялы қауымның атынан сөз сөйлейсіз. Жақсылап дайындалыңыз" дейді. "Жарайды" деп уәдесін беріп алған соң ол кісі түнімен сөз жазып дайындалды. Ары бір, бері бір жүріп, бөлмені кезіп кетті. Бір кезде таң қылаң бере түнімен қиналып жазған қағаздарының бәрін жыртып тастады да, сыртқа шығып кетті. Содан артынан жиналыста айтқаны елге мәлім"...
ІІІ. Қорытынды. Жұбан ақынның рухы алдында бас иеміз!
Ақ Жайық өңірі ақынға да, азаматқа да ежелден кенде емес.Әр ақыны мен азаматының өз биігі бар. Біздің қадірлі жерлесіміз Жұбан Молдағалиев ақындық жағынан да ел тарихында биіктен көрінген, халқының сый-құрметіне бөленген қайраткер. «Әр күннің қорытындысы кешке,ал өмірдің қорытындысы аяқталғанда шығады» деп тегіннен-тегін айтылмаса керек.
Қазақ әдебиеті мен поэзиясының патриархы Әбділдә Тәжібаев ағамыз Жұбан Молдағалиевті ақырғы сапарға шығарып саларда:
«Жұбан-ау,Жұбан-ау,бұл неткенің?
Жас едің бәрімізге құрметті едің,
Жатпауға табытқа сен міндетті едің,
Дұрыс па ел-жұртыңды еңіреткенің.
Ақынын пайғамбардай көрмеп пе еді,
Бар қазақ Жұбанына сенбеп пе еді.
Есінен туған елдің шығар қалай
Жырыңмен жас ұрпақты тербеткенің»- деп ел атынан, барша зиялы қауым атынан айтқан болатын.
Өкінішке орай Жұбан аға өзі аңсаған Қазақстанның тәуелсіз ел болғанын, еркіндікке қол жеткенін көре алмай кетті.
Қазір, міне көк байрағымыз желбіреді, әнұранымыз асқақ шырқалды.Нағыз азамат намысын да жібермейді,арын да таптатпайды дегендей, Жұбан аға 1986 жылдың ызғарлы күндерінде ақиқат сөзін тапжылтпастан тура айтып,қазақ жастарының арын қорғаған еді.Ол халқының ары мен абыройы үшін басын тігіп тотаритарлық тар бұғауға шығып, өзінің азаматтық позициясынан айнымады.
«Ақынның сөзі өлмейді» деген ұғым өте орынды айтылған. Жұбан аға жырларынан әрдайым қуат алған халық ақын атын қастерлеп мақтан етуде, ел-жұрты Жұбанның «Мен-Қазақпын» деген батыл сөзін егемендік жағдайымызда жете ұқты.Халқының арманын, ұлылығын бір ауыз сөзге сыйдырған ақынды барша қауым әркез қадірлеп, құрметтейді.
Кіндік қанының тамған жері-Жайық өңірі Жұбан ақынның 80 жылдық мерейтойында бірқатар шараларды атқарды.Ақын есімі туған ауылына берілді. Облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана да Жұбан ағаның атын алды.1937-1940 жылдары Жұбан Молдағалиев Орал қаласында оқып, мамандық алған ғимаратқа ескерткіш тақта орнатылды.
Батыс Қазақстан Университетінің филология факультетінің үздік үлгерімге ие болған студенттеріне ақын атындағы степендия белгіленді.Ақынның өмір жолын бейнелейтін телефильм түсіріліп, жерлестерінің естеліктері жинақ болып жарық көрді.
Ақын Жұбан Молдағалиев артына мәңгі өшпес рухани мұра қалдырды.Оның поэмалары мен өлеңдері екі том болып Оралдағы «Дастан» баспасы арқылы басылып, облыстағы барлық кітапханалар мен мектептерге таратылды.
1990 жылдан бері жоғары, арнаулы, жалпы білім беретін оқу орындарында, кітапханаларда жыл сайын ақынның туған күні-5 қазанда Жұбан оқуларын өткізу дәстүрге айналды.
Облыс орталығы-Орал қаласының қақ төрінде ақын ескерткішінің орнатылуы-жерлестерінің оған деген сүйіспеншілігінің кепілі екендігі анық.
Жұбан аға:
«Бір бассаң да алға бас,
Миллиондардың бағы үшін!»-деп халқына ұран тастаған болатын. Біздер,ақынның жерлес іні-қарындастары еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайтуға өз үлесімізді қосып, облыс тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартып, халықты жарқын болашаққа жетелеуді өзіміздің басты борышымыз деп есептейміз.
Ақын рухы алдында тағы да бас ие отырып, Жұбандай ұлы бар елдің мәртебесі әрқашан да биік болатынына біз сенеміз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
-
Ж. Молдағалиев шығармалар жинағы. І том. Туған жер тынысы.
-
Ж. Молдағалиев. ІІ том. Азаматтық әуендер.
-
Өлеңде де, өмірде де Жұбан бүгін. 2000 ж. Орал.
-
С. Абдрахманов.Жиырмасыншы ғасыр жырлайды.
І том. 2007 ж. Алматы.
-
Қазақ тілі мен әдебиеті. №1, 2008 ж.
-
БҚО энциклопедиясы. 2002ж, Алматы.
-
Қазақ Совет энциклопедиясы. ІІІ том.
-
Интернет материалдары.