«Lesson
study» зерттеуі
бойынша рефлексивті
есеп
«Ең оңайы -
еліктеу, ең ащысы - тәжірибе, ең мәртебелісі
– ойлау»
Конфуций
Мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі — оның жан-жақты білімінен,
ұстаздық шеберлігінен, оқытудың жаңа әдістерін меңгеруінен
және сол әдістерді тиімде пайдалануымен өлшенеді. Әрбір оқу
пәні бойынша білім, білік, дағдыны ғана игеру оқушы құзыреттілігі
үшін жеткіліксіз болып отыр.
Бүгінгі мұғалімнің жетістігін
оқушыларға өзінің берген білімі мен біліктерін үйретумен бағалап
қоймайды, сонымен бірге ол өсіп келе жатқан ұрпақты жаңа белгісіз
жағдайда әрекет етуіне, олардың өз бетіндік әрекеті мен
шығармашылығын дамытуға, қоғам өміріне белсене қатысу үшін
ақпаратты өз бетінше табу, талдау, құрылымдау мен тиімді пайдалану
икемділіктерін қалыптастыруға қаншалықты тиімді жағдай
жасағандығымен бағалайды. Оқыту туралы сындарлы түсінік оқушыға
нақты білім беруді мақсат тұтқан мұғалімнің өз сабақтарын оқушының
идеясы мен білім- біліктілігін дамытуға ықпал ететін
міндеттерге сай ұйымдастыруын талап етеді.
Осы әрекеттерді мектепте
жүзеге асыру мақсатында мектебімізде оқу жылының басында құрылған
алты топтың бірі - қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері: С.
Мухамадиева, Г. Мухаметчина, Д. Мұқият, Ы. Сәдетұлы, Қ. Арысбаева
(хатшы) өзара келісе отырып, біріктік. Зерттеу сабақтарына көшпес
бұрын зерттеу сұрағын, осы сұрақты шешуге болатын стратегияны ,
зерттеу нысаны ретінде сыныпты таңдауда өзімізге дейін алдыңғы оқу
жылында осы іс- әрекетті зерттеу (Лессон стади ) бойынша жұмыс
жасаған әріптестеріміздің тәжірибесіне сүйендік. Іздену барысында
отандық авторлар Абдраманова Ж.Б., Биярова
С.Б., Зейнолдина Г.Т. Lesson Study: өз сабағын зерттегісі
келетіндер үшін: әдістемелік ұсынымы, Байгаринова Ж.К. Сабақты
зерттеу (Lesson study): А-дан Я-ға дейін: әдістемелік ұсынымдарын
оқып, зерделедік.
Зерттеу сабақтарын бірлесе
жоспарлау, өткізу, өзгерістер енгізу, сабақты талқылау арқылы
стратегияның тиімділігін оқушы үнін ескере отырып бағамдау
баспалдақтарының іс- тәжірибені жетілдірудегі маңызын түйсіндік.
Осы түсінігіміз негізінде қазақ тілі пәні бойынша терминдермен,
тілдік құралдармен жұмыс жасау дағдыларын арттыру мақсатында
«Лингвистикалық микроскоп» әдісін қолдануды
ұйғардық.
Сабақтағы іс – әрекетті
зерттеу мәселесін шешуде стильдерді
тілдік құралдар арқылы танып, сөз бедерін дұрыс қолдануда
«Лингвистикалық микроскоп» әдісінің тиімділігі қандай болмақ?-
деген зерттеу сұрағын басшылыққа алдық.
Алғашқы сабағымызды 10 «Б»
сыныбымен Мұқият Ділнұр өткізеді деп шештік. Сабақтың тақырыбы қиын
және стратегия таныс емес (оқушыларға) болуына байланысты оқушылар
сабақта өздерін еркін сезіне алмады. Сәтсіздікке ұшырауымыздың
себебі: әдіс- тәсілді нақты бір сыныпқа үйрету арқылы оның
тиімділігіне көз жеткізуді болжай алмауымызда болды. Келесі сабақта
сабақтың кіріспе бөлімін жоспарлауда бірталай өзгерістер енгіземіз
деп келістік. Сабақ барсысында тілдік бағдармен жұмысты мәтін
талдау арқылы жетілдіру керек деп ой
түйдік.
Осы сабақты талқылау кезінде
оқушылардың ғылыми стиль сипаттарын ажырата алмауы грамматиканы
қайталау керектігіне назар аударуға алып келді. Жалпы зерттеу
сабақтарын талдауда тек сабақ жүргізген мұғалімге көбірек көңіл
бөліп, сабақтағы осы белгіленген іс- әрекеттің жүзеге асуын
бағамдауда «Оқушы үні» әлі де болса тасада қалып қалуда. Алдағы
уақытта оқушы үні, әдіс- тәсіл екеуінің мүмкіндігін саралау арқылы
зерттеу сұрағын шешуге баса назар аударуға өз жұмысымызды
бағыттаймыз.
Өзін-өзі басқару, реттеу мен
дамытудың ұтымды құралы ретінде LS топтары бізге бірлесе жоспарлау,
тәжірибеде туындаған мәселелерді бірлесе шешу, сабақ жоспарларын
жақсарту үшін сабақтарды бірлесе талдау мен талқылау секілді тиімді
әдіс-тәсілдерді қолдану дағдыларын үздіксіз дамыту мүмкіндігін
беретіндігіне күн сайын көз жеткізудеміз.
Мұғалім тек өз сабағында өз
шәкірттерін жетелеуші ғана емес, кәсіби құзіретті, жан-жақты
білімді, заман ағымына сай жаңашыл болса, өз идеялары мен
ой-мақсаттарын әріптестерінің де санасына сәуледей сіңіріп,
еріксіз еліктіріп, соңынан ілестіріп көшбасшы бола алады. Lesson
Study- оқушыға білім берудегі ұтымды тәсілдерді жетілдіруді
көздеген бір мақсатқа жұмылған ұстаздар шеберханасы деген
оймен келісеміз.
Топ модераторы А.
Егізбаева