Мағжан Жұмабаев

Тақырып бойынша 11 материал табылды

Мағжан Жұмабаев

Материал туралы қысқаша түсінік
Мағжан Жұмабаевтің 125 жылдық мерейтойына арналған әдеби кештің сценарийі
Материалдың қысқаша нұсқасы

Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына байланысты

«Мен жастарға сенемін» атты айдарымен өтетін әдеби кешінің жоспары.

1 - жүргізуші:Қайырлы күн, құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгінгі ұлы күн бүкіл елімізге әйгілі ақын, атақты азамат, белгілі педагог – Мағжан Жұмабаевқа арналады.

2 - жүргізуші: Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына байланысты

«Мен жастарға сенемін» атты айдарымен өтетін әдеби кешімізге « Қош келдіңіздер!».

1 - жүргізуші: Мағжан Жұмабаев поэзия әлеміндегі жарық жұлдыз, қайталанбас құбылыс. Оның қуатты, бойға жігер, жүрекке от беретін рухты үні, ізденістері мен жаңашылдығы қазақ әдебиетін ХХ ғасырдың басында - ақ Еуропа, орыс әдебиетінің биік деңгейіне көтерді.

Деректі фильмнен үзінді(Мағжан жұмабаев туралы естеліктер)

2 - жүргізуші: «Өлеңді музыкаға айналдырған, дыбыстан сурет тұрғызған, сөзге жан бітірген, жаңа өлшеулер шығарған» Мағжанның осындай қасиеттерін, ішкі шығармашылық құдіретін жұрттан бұрын байқаған әрі аса жоғары бағалаған Мұхтар Әуезов:

1 - жүргізуші: «Мағжан мәдениеті зор ақын. Сыртқы кестенің келісімі мен күйшілдігіне қарағанда, бұл бір заманның тегінен асқандай, сезімі жетілмеген қазақ қауымынан ертерек шыққандай… Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз – Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін» деп жазды.

2-жүргізуші:Иә, Жүсіпбек Аймауытов сөзімен айтсақ, “Мағжан сыршылдығымен, суретшілігімен, сөзге еркіндігімен, тапқыштығы мен күшті, маржандай тізілген, торғындай үлбіреген нәзік үнді күйімен, шерлі, мұңды зарымен күшті”. Оның өлеңдері “әлде өкіндіреді, әлде мұңайтады, әлде жылатады, әлде есіркетеді, әлде жігер береді”

«Мен кім?»

1 - жүргізуші: Мағжанның пікірі бойынша, “махаббат” және “ізгілік” сөздерінің мазмұны өте жақын, өйткені сүю ізгілікке ұмтылуды, қара ниеттен аулақ болуды білдіреді. Бақытты өмір адам мен қоғамның, ұлт пен адамзаттың бірлігін қалайды. Адам бақыты — біріншіден, анаға, одан кейін жақынына, Отанына сүйіспеншілігіне, екіншіден, ұлт пен адамзаттың жай - күйіне тәуелді.

Сонымен сіздердің назарларыңызға, «Ана», «анама», « Сүйемін» өлеңдері.

2 - жүргізуші: «Сарыарқа» күйі.

1 - жүргізуші: Алтай – түркі халықтарының бір алтын бесігі, өз тарихында мың өліп, мың тірілген ұлысқа пана болған, жойылып бара жатқан тәуелсіз елдігін сан мәрте қайтадан қалпына келтіруге қуат берген құтты мекен. Кезінде сақтар да, ғұндар да, түркілер де, тіпті, Шыңғыс хан да сол Алтайдан шығып, әлемнің жартысын жаулап алған. Мағжан ақын да сол даңқты оқиғаларды түркі жұртының жадына түсіріп, “күштілермен қатар болғымыз келсе қайта бірігейік” деп жар салады.

2- жүргізуші: «Түркістан» өлеңі.

Слайд «Түркістан» туралы

1 - жүргізуші: Мағжан Жұмабаев – бірнеше көркем поэма жазған құлашы кең эпик ақын. Ол өз заманының толғауы күрделі жайларын халқының өткен тарихын жырлау арқылы көрсетуге ұмтылды. Өйткені артта қалған қазақ елін алға жетелеу сол халықтың өз қолынан ғана келмек. Сондықтан да халыққа күш берер осындай ерлік қайнарын Мағжан тарихтан іздеді. Өз шығармаларында кешегі өткен батыр бабаларымыздың ерлігін жырлады. Абылайды, Кенесарыны жырға қосты. Сол арқылы халқының қайратын ұштап, санасын оятуды ойлады. Бұл тұрғыдан келгенде, "Батыр Баян" поэмасының маңызы ерекше

«Батыр баянның жазылуы туралы естелік» деректі фильмнен үзінді.

2 - жүргізуші: Ақын атамыз егемен еліміздің ертеңгі қызметін атқарар лайықты тұлға - ол жастар екенін ескеріп, «Мен жастарға сенемін» өлеңінде елдің қалыптасуына жастардан үлкен үміт күтіп, аманат сенім артатындығын аңғартады.
«Мен жастарға сенемін»

1 - жүргізуші: «Мағжан өз тегін де, өз жерін де ардақтаумен өткен, өмірдегі азаматтық орнын ардақтауға ұмтылған, өлең сөзді асыл маржандай терген, сұлу жырымен оқырман жүрегін баураған, ал өзі болса, өне бойы қапаста, қайғы мен қасіретте өмір кешіп, ақырында мүлт кеткен, өзі айтатындай, соры арылмаған халқының зарлы перзенті»

«Қазақ тілі» өлеңі.

2 - жүргізуші: Ақын жаратылыстың сұлу заттары, яки өнерінің тылсымды жанды билеп алып кететін ән, күй, сиқырлы сөз... адамның көру сезімін сиқырлап барып, жанда сұлулық толқындарын туғызады”

«Сүй, жан сәулем.»» өлеңі.

1 - жүргізуші: Ұлтты сүю, кісілік деңгейге дейін көтерілу, туған халқының мүддесі үшін құрбандыққа баруға әзірлік — Мағжан Жұмабаевтың өмірлік мұраты. Жас ұрпаққа арналған “Педагогика” оқулығында ол: “Өзінің елін сүюі, яғни еліне жауыздық тілемей, ізгілік тілеу, пайда келтіріп, зиян келтірмеуді” әрбір адамның қасиетті борышы ретінде атап көрсетеді. «Алдамшы өмір» өлеңі.

2- жүргізуші: Ақын өлеңдерінде бостандықты аңсау сезімі аса күшті. Екі дүние алмасып, аласапыран болып жатқан тұста өмір сүрген ол халқына тәуелсіздік күнінің жақындағанын сезеді. Әйтсе де оған жету оңай емес. Сенімінен гөрі үміті басымырақ көңіл күйде жазылған Мағжан өлеңдерінің бірі – "Сағындым". Өлең абақтыда отырған ақынның жан дүниесінен хабар береді.

«Сағындым» өлеңі

М.Жұмабаевтың жұбайын айтқан естеліктер.(деректі фильмнен үзінді.)

1 - жүргізуші: «Мағжан поэзиясы мәңгі өлмес, ұрпақтан - ұрпаққа жалғасар алтын көпір, асыл қазына, інжу - маржаны, махаббат, сүйіспеншілік, адам жүрегінің мың сан дірілін шеберлікпен бейнелеген жұп - жұмыр жауһар дүние»

2 - жүргізуші: Алдарыңызда Мағжан поэзиясының табынушылары.

«Туған жерім -Сасықкөл» өлеңі

«Қарағым» өлеңі

«Өмір» өлеңі

1 - жүргізуші: Ақын өлеңдерінде адам мен табиғат астасып жатады. Қай шығармасында да Мағжан осы екі ұғымды бірлікте алып жырлайды. Бір өлеңінде анасына, жарына, жалпы адамға деген махаббатын туған жерге катысты сезімімен ұштастырып жатса, енді бір жырларында сол табиғаттың асыл жемісі – адамды бәрінен жоғары қояды.«Бәрінен де сен сұлу» , «Туған жер»өлеңі өзіндік халық арасына кең таралған. Біреулер бұл әннің авторы Мағжан екенін біліп, біреулер білмей жаттап өсті.

«Туған жер» әні қабыл алыңыздар.

2 - жүргізуші:

Бойын кернеп бұлықсыған бұла жыр,

Байтақ елдің жоғын жоқтап шығар ұл,

Жұмабайдың Мағжаны деп табын да,

Ұлы Абайдың жұрнағы деп ұға біл!

1 - жүргізуші: Құрметті, әдебиет сүйер қауым, ХХ ғасырдың алып тұлғасы Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына арналған «Мен жастарға сенемін» атты әдеби кешіміз өз мәресіне жетті. Келесі кешімізде кездескенше сау болыңыздар!















































«Подгорное негізгі мектебі» КММ



























Мағжан Жұмабаевтің 125 жылдығына арналған

«Мен жастарға сенемін»

атты әдеби кеш







Дайындаған:

Қазақ тілі мен әдебиет мұғалімі

Абенова А.Т.

2018 жыл









Сүй, жан сәулем

Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!

Жылы, тәтті у тарады қаныма.

Бұл ләззаттың бір минутын бермеймін,

Патша тағы, бүкіл дүние малына.



Құшақтатып нәзік талдай беліңнен,

Сүйгіз, сәулем, тәтті балдай тіліңнен.

Бой шымырлап, талықсиды жүрегім,

Балқып денем, барам еріп деміңнен.



Кір қойныма, қыпша белің бұралып,

Тарқат шашың, жатсын жібек оралып.

Жаным!Жаным! Тезірек тисін төске төс,

Көз жұмулы, жиі ыстық дем алып.



Шашың - қара, денең ақ бұлт, жүзің – Ай,

Тісің – меруерт, көзің, сәулем, құралай.

Ләззат, рақат, бақыт – бәрі қойныңда,

Сұрамаймын енді ұжмақ – жақсы жай!



Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!

Жылы, тәтті у тарады қаныма.

Жасағаннан бір-ақ нәрсе тілеймін,

Өтпесе түн, атпаса екен таңы да.







Ана

Мағжан Жұмабаев

Үйдің іші ұйқыда,

Түн ортасы шамасы.

Көзін алмай бесіктен,

Бөбек жатыр албырап.

Бесікте бөбек ауру,

Тербетіп отыр анасы.

Үнсіз, меңіреу ұзын түн,

Жел азынап тұр есіктен.

Шөкиіп ана отыр,

Жүрегіне біреу біз

Сұғып алып кеткендей.

Үнсіз, меңіреу ұзын түн

Шөккен қара бір нардай.

Сарғайып, ана сарылып,

Демігіп, қызып, қысылып,

Ауық-ауық, селк етед,

Әлденеден шошьшып.

Селк етсе бөбек, ананың

Өзіне ажал жеткендей.

Шөкиіп отыр дем алмай...

Таң алдында қара бұлт

Күңіреніп көкті жабады.

Бөбегінің бетіне

Ананың жасы тамады.





Сағындым

Абақтыда айдан, күннен жаңылдым,
Сарғайдым ғой, сар даламды сағындым.
«Қарашығым, құлыным!» деп зарлаған
Алыстағы сорлы анамды сағындым.

Жатқан үйім – қабырғасы қара тас,
Жарық сәуле, жылы күнге жаны қас,
Ауыр иіс, ылғи қара көлеңке,
Ерте - кеш те, күндіз - түні арылмас.

Тапал, салқын, тым қараңғы үңгір тар,
Есігімде мықты қара құлып бар.
Кіп - кішкене терезелер темірлі,
Мұндай үйден кімге естілер ащы зар!

Алтын Күнді, қара жерді сағындым,
Жан жолдасым – жүйрік желді сағындым.
Асау тайдай еркелетіп өсірген,
Ағайынды, туған елді сағындым.

Әлдеқайда Күн шығады, батады,
Сорлы тұтқын күңіреніп жатады.
Қарар болсаң терезеден темірлі,
Көздеп тұрған күзетшілер атады.

Ас бола ма сасық сорпа, қара нан?
Алма бетте қалмады ғой тамшы қан.
Қоңырау қағып оятады ақырып,
Тым болмаса сібірлеп те атпай таң.

Бостандықта өткен күнді сағындым,
Желдей зулап кеткен күнді сағындым.
Жыл құсындай ұшсам, қонсам ерікті,
Ойдағыны еткен күнді сағындым.

Абақтының айға баға күні ұзақ.
Жанды жейтін жылға баға түні ұзақ.
Ескі мола дән дыбыс жоқ, тым - тырыс,
Тық - тық басып күзетші жүр жалғыз - ақ.

Қара жылан – қалың ойлар қаптады,
Шыбын жаным барар жерді таппады.
Ойлар жейді жас жүректі жегідей,
Тәңірі ием, таңың - дағы атпады!

Ойыны бір құрдастарды сағындым,
Тілегі бір жолдастарды сағындым.
Келешекке бірге жоспар құрысқан
Сырласатын жан достарды сағындым.

Уға толды жас жүрегім, жабықтым,
Таныс дауыс ести алмай зарықтым.
Не дегенін, не істегенін біле алмай,
Қоры болдым ғой азат жүрген халықтың!

Құшақтарға жанымжа жоқ жақын жан,
Басқа шапшып мазаны алды ыстық қан.
Жалындаған жас жүрекке не пайда,
Дене күйіп, бір жатып, бір тұрудан?

Жүрегіме жақын жанды сағындым,
Жібек мінез, ақық жарды сағындым.
Айрыларда күншығыстан ағарып,
Ақ жібектей шапақ таңды сағындым.

Не көрсем де Алаш үшін көргенім,
Маған атақ ұлтым үшін өлгенім!
Мен өлсем де, Алаш өлмес, көркейер,
Істей берсін қолдарынан келгенін!

Қалың елім, қалаң қара ағашым,
Қайраты мол айбынды ер, Алашым!
Өзі - ақ құлар, сырың берме, сабыр қыл,
Ақымақтар байқамаған шамасын.

Қазағымды, қалың елді сағындым,
Сарыарқамды – сайран жерді сағындым.
Балдай бұлақ, мөлдір күміс көбікті,
Арқадағы айдын көлді сағындым.

Қуанышта: "Әй сені ме!" - дегендер,
Күйініште мен үшін уайым жегендер,
Құтылу қиын, басқан адым аңдулы,
Тізіп қойып ертеңді - кеш түгендер.

Тәңірі ие, өзің алшы панаңа,
Тас бауырлар зарға құлақ сала ма?!
Баласынан тұтқын болып сарғайған
Кім жеткізер сәлемімді анама?

Абақтыда айды, күнді жаңылдым,
Сарғайдым ғой, сар даланы сағындым.
"Қарашығым, құлыным!" - деп зарлаған
Алыстағы сорлы анамды сағындым.



Қазақ тілі

Күш кемiдi, айбынды ту құлады,

Кеше батыр – бүгiн қорқақ, бұғады.

Ерiкке ұмтылған ұшқыр жаны кiсенде

Қан суынған, жүрек солғын соғады.



Қыран құсты қос қанаты қырқылды,

Күндей күштi күркiреген ел тынды.

Асқар Алтай — алтын ана есте жоқ,

Батыр, хандар — асқан жандар ұмытылды!



Ерлiк, елдiк, бiрлiк, қайрат, бақ, ардың, —

Жауыз тағдыр жойды бәрiн не бардың...

Алтын Күннен бағасыз бiр белгi боп,

Нұрлы жұлдыз, бабам тiлi, сен қалдың!



Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен-тiлiм,

Таза, терең, өткiр, күштi, кең тiлiм,

Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа

Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тiлiм!







Мен жастарға сенемін

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты –

Қырандай күштi қанатты.

Мен жастарға сенемiн!

Көздерiнде от ойнар,

Сөздерiнде жалын бар,

Жаннан қымбат оларға ар,

Мен жастарға сенемiн!

Жас қырандар – балапан,

Жайып қанат ұмтылған.

Көздегенi көк аспан.

Мен жастарға сенемiн!

Жұмсақ мiнез жiбектер.

Сүттей таза жүректер.

Қасиеттi тiлектер –

Мен жастарға сенемiн!

Тау суындай гүрiлдер,

Айбынды алаш елiм дер,

Алтын Арқа жерiм дер,

Мен жастарға сенемiн!

Қажу бар ма тұлпарға,

Талу бар ма сұңқарға,

Иман күштi оларда,

Мен жастарға сенемiн!...

Алаш айбынды ұраны,

Қасиеттi құраны,

Алаштың олар құрбаны,

Мен жастарға сенемiн!

Мен сенемiн жастарға.

Алаш атын аспанға

Шығарар олар бiр таңда,

Мен жастарға сенемiн!



Түркістан

Түркістан — екі дүние есігі ғой,
Түркістан— ер түріктің бесігі ғой .
Тамаша Түркістандай жерде туған
Түріктің Тәңірі берген несібесі ғой.

Ертеде Түркістанды Тұран дескен,
Тұранда ер түрігім туып-өскен.
Тұранның тағдыры бар толқымалы,
Басынан көп тамаша күндер кешкен.

Тұранның тарихы бар отты желдей,
Заулаған қалың өрттей аспанға өрлей.
Тұранның жері менен суы да жат,
Теңіздей терең, ауыр ой бергендей.

Тұранның егі-шексіз шөлі қандай,
Теңіздей кемері жоқ көлі қандай!
Тұранның дария аталған өзендері
Тасыса, шөлді басқан селі қандай!

Тұранның таулары бар аспанға асқан,
Мәңгіге басын аппақ шаштар басқан.
Бауырында ерке бұлақ салады ойнақ,
Жаралып таудан аққан салқын жастан.

Шөлдер бар, жел де жүрмес, сап-сары құм,
Моладай ешбір үн жоқ мәңгі тып-тын.
Болмақ па жан-жануар шексіз шөлде,
Сары құмда салар ойнақ пері мен жын.

Тұранның теңіз дерлік көлдері бар,
Шалқыған егі-шетсіз Теңіз, Арал.
Бір шетте қасиетті Ыстықкөлдің
Бауырында дүние көрген түрік көкжал.

Ертеде Оқыс, Яқсарт - Жейхун, Сейхун,
Түріктер бұл екеуін дария дейтін.
Киелі сол екі су жағасында
Табасың қасиетті бабаң бейітін.

Тұранның Тянь-Шаньдай тауы қалай,
Пар келмес Тянь-Шаньға таулар талай!
Еріксіз ер түрікті ойға аларсың
Көкке асқан Хантәңіріге қарай-қарай.

Балқашты бауырына алған Тарбағатай,
Жоталы, жер кіндігі - Памир, Алтай.
Қазығұрт қасиеті тау болмаса,
Топанда Нұх кемесі тоқтар қалай?

Тұранның жері де жат, елі де жат,
Құйындай бастан кешкен күші де жат!
Тұранды түгелімен билеп тұрған
Ертеде ертегі хан Афрасияб.

Ежелден жер емес ол қарапайым,
Білесің, тарихты ашсаң Тұран жайын.
Тұранға қасиетті құмар болған
Ертеде Кей-Қысырау мен Зұлқарнайын.

Тұранға жер жүзінде жер жеткен бе?
Түрікке адамзатта ел жеткенбе?
Кең ақыл, отты қайрат,жүйрік қиял,
Тұранның ерлеріне ер жеткенбе?!

Тумайды адамзатта Шыңғыстай ер,
Данышпан, тұңғиық ой, болат жігер.
Шыңғыстай арыстанның құр аты да
Адамның жүрегіне жігер берер.

Шыңғыстан Шағатай, Үкітай, Жошы, Төле
Атаға тартып туған бәрі бөрі.
Шыңғыстың қол бастаған екі көзі —
Жолбарыс Сұпытай мен көкжал Жебе.

Тұранның билері бар Тарағайдай,
Сол биден Темір туған от боп ойнай.
От шашып жер жүзіне Ақсақ Темір,
Жарқ етіп өте шыққан найзағайдай.

Тұранды мақтамаймын тіпті текке,
Онсыз-ақ Тұран таныс талай шетке.
Сырласқан үйде отырып аспан-көкпен
Білгіш аз жеткен жүйрік Ұлықбекке.

Асыл қан - қасиетті түрік қаны,
Сол қаннан — Ибн-Сина Әбуғали.
Молдығы білімнің сиқыр дерлік,
Дүниеге мұндай адам тудыма әлі?

Түріктің кім кеміткен музыкасын,
Фараби тоғыз ішекті домбырасын
Шерткенде тоқсан тоғыз түрлендіріп,
Жұбанып, кім тыймаған көздің жасын?!

Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа,
Түріктен басқа от болып жан туып па?
Көп түрік енші алысып тарасқанда,
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?

Арыстан елге Отан болған Тұран,
Тұранда қазағым да хандық құрған.
Қазақтың қасқа жолды Қасым ханы
Тұранның талай жерін билеп тұрған.

Әділ хан аз болады Назардайын,
Алашқа Есім ханның жолы дайын.
Тәукедей данышпан хан құрған екен
Басында Күлтөбенің Құрылтайын.

Бұл Тұран ежелден-ақ алаш жері,
Тұрансыз тарқамаған алаш шері.
Тұранның топырағында тыныштық тапқан
Алаштың арыстаны — Абылай ері...

Тұраннан Сарыарқаны бөлек деме,
Түркістан алты алашқа болған Кебе.
Тұранның топырағын құшып жатыр
Кешегі ердің ері көкжал Кене.

Шер батса — кім іздемес туған елін,
Тұлпар да көксемей ме туған жерін?
Арқанын ардагері - қалың алаш,
Тұран да, біле білсең, сенің жерің!

Қырағы Тянь-Шань мен Памир, Алтай,
Күтеді көптен сені қарай-қарай.
Кене мен Абылайдың жолын қумай,
Жапанда жайылудың мәні қалай?!

Ертеде Оқыс, Яқсарт-Жейхун, Сейхун,
Түріктер бұл екеуін дария дейтін.
Киелі - сол екі су жағасына,
Болмаса, барсаңшы іздеп бабаң бейітін!











Қарағым

Қарағым, оқу оқы, босқа жүрме!

Ойынға, құр қаларсың, көңiл берме.

Оқымай ойын қуған балаларға.

Жолама, шақырса да қасына ерме!

Кiдiрме, аяңдама, алға ұмтыл,

Алам деп көктен жұлдыз қолың серме.

"Қарманған қарап қалмас!" - деген рас сөз,

Тоқтамай iсте болсаң батып терге.

Жасынан оқу оқып, өнер қуған.

Жан жетпес көңiлi жүйрiк кемеңгерге.

Бiлiмсiз, құр қалтақтап жүргенменен,

Ерте өлген, көмiлулi қара жерге.





Өмір

Мана көкті қаптап еді қара бұлт,

Күн күркіреп қорқытып, ұшырып құт:

Көк тұнжырап мұңайып, қабақ жауып,

Көз ашқанда аспанда жарқылдап от.

Бұрқыратқан екпінді дауыл еді,

Сабап құйған жиіркеніш жауын еді.

Қорқып-сасып, жан-жануар есі шығып,

Бәрі-ақ іздеп баспана тауып еді.

Бұлт айықты, көк жүзі болды ашық,

Бар нәрседен қайғы-мұң кетті қашып.

Күн сәулесі жер жүзін құшақтады,

Қосылуға қашаннан болған асық.

Бейне алтындай көкте бұлт тұр ғой жайнап,

Енді жел жоқ мазалар оны айдап,

Жанға рақат гүлдерден хош иіс аңқып,

Жан беріп кең далаға, құстар сайрап.

Өмір осы - бірде ол болар бұлтты,

Қатты желді, дауылды, кейде отты.

Құрып дымың, қайғырып, жас төгерсің,

Бұлт ашылар - қайғының бәрі бітті.





Ана

Үйдің іші ұйқыда,

Түн ортасы шамасы.

Көзін алмай бесіктен,

Бөбек жатыр албырап.

Бесікте бөбек ауру,

Тербетіп отыр анасы.

Үнсіз, меңіреу ұзын түн,

Жел азынап тұр есіктен.

Шөкиіп ана отыр,

Жүрегіне біреу біз

Сұғып алып кеткендей.

Үнсіз, меңіреу ұзын түн

Шөккен қара бір нардай.

Сарғайып, ана сарылып,

Демігіп, қызып, қысылып,

Ауық-ауық, селк етед,

Әлденеден шошьшып.

Селк етсе бөбек, ананың

Өзіне ажал жеткендей.

Шөкиіп отыр дем алмай...

Таң алдында қара бұлт

Күңіреніп көкті жабады.

Бөбегінің бетіне

Ананың жасы тамады.



Мен кім?

Арыстанмын, айбатыма кім шыдар? 
Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар? 
Көкте - бұлт, жерде - желмін гулеген, 
Жер еркесі - желдің жөнін кім сұрар? 
Көкте - Күнмін, көпке нұрым шашамын, 
Көңілге алсам, қазір ғарышқа асамын. 
Шеті, түбі жоқ теңізбін қаракөк, 
Ерігемін - толқып, шалқып, тасамын. 
Жалынмын мен, келме жақын, жанарсың, 
Түлпармын мен, шаңыма ермей қаларсың. 
Күл болсын көк, жемірілсін жер, уайым жоқ, 
Көз қырымен күліп қана қарармын. 
Мен өлмеймін, менікі де өлмейді, 
Надан адам өлім жоғын білмейді. 
Өзім - патша, өзім - қазы, өзім - би, 
Қандай ессіз не қылдың деп тергейді? 
Мейірленсем - сегіз жұмақ қолымда, 
Қаһарлансам - тамұқ даяр жолымда. 
Жоқ жақыным, Жасағандай жалғызбын! 
Мен бе иілер әлсіз адам ұлына?! 
Өзім - тәңірі, табынамын өзіме, 
Сөзім - құран, бағынамын сөзіме! 
Бұзушы да, түзеуші де өзіммін, 
Енді, ескілік, келдің өлер кезіңе!

Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
02.02.2019
637
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі