Материалдар / Мағжан Жұмабаев шығармаларындағы болашаққа сенім, Ғылыми жоба + аннотация +пікір
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Мағжан Жұмабаев шығармаларындағы болашаққа сенім, Ғылыми жоба + аннотация +пікір

Материал туралы қысқаша түсінік
Ғылыми жоба жұмысы ақын шығармаларын "Рухани жаңғыру"бағдарламасының мақсат-міндетімен байланысын зерттеу арқылы жазылған.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
11 Шілде 2024
323
1 рет жүктелген
450 ₸
Бүгін алсаңыз
+23 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +23 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Аннотация

Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы:

Мағжан Жұмабаев шығармаларының зерттелуі жаңалық емес. Абай салған даңғыл жолды жалғап, бүгінгі күнге де азық болуға жарайтын сөз қалдырған қазақ поэзиясының хас шебері, Алаш қозғалысының өкілі Мағжан ақынның ақындық, азаматтық тұлғасы өз бағасын алды да, ала береді де. Өсер ұрпақтың рухани байлығын асыру, эстетикалық талғам деген ұғымдар аясына зерттеулер баршылық, дегенмен ақын мұрасынындағы азаматтық сарынды жас ұрпаққа таныту, сол арқылы Алаш зиялыларының еңбегін жаңа қырынан зерттеу артықшылық болмас еді. Сондықтан ақын шығармашылығын қазіргі қоғам, заман талабына сай тану, зерттеу ізденуші алдына үлкен міндеттер қояды. Ақынның шығармаларындағы өміршең қуат пен сөнбес жалын жас ұрпаққа рухани күш беріп, «Мен жастарға сенемін» қанатты сөзі қазіргі таңда аға буын мен орта буынның жастарға деген сенімнің кілтті сөзіне айналды деуге болады.

Тақырыптың өзектілігі:

Мағжан ақынның азаматтық үні, ұлттық болмысы, өз заманының өрелі де келелі мәселелерін көтерген туындылары, ұлт руханиятына қосқан үлесі бүгінгі күн тұрғысынан арнайы зерттеуді қажет етеді. Зерттеу жұмысы осы бір тың да күрделі тақырыпты ашуға бағытталған.

Зерттеудің болжамы:

Мағжан Жұмабаев шығармалары бүкіл бір ұлтты бір арнаға ұйытып, халықты сүюге, ел үшін бар күш-жігерін жұмсайтын жас буындар тобын қалыптастыруға ықпал ететін тағылым көзі екенін көкейімізге түйіп, көңілімізге бекіту.

Зерттеу жұмысының мақсаты: Ақын өлеңдеріндегі азаматтық лириканың тақырыптық-идеялық көрінісін зерттеу.

Зерттеу жұмысының міндеті:

  • Ақынның білім туралы, ұлттық қажеттілік, құндылықтарымыз туралы тұжырымдарын зерделеу;

  • Ақиық ақынның өлеңдеріндегі айтпақ ойдың бүгінгі күнгі,болашақтағы ұлттық,мемлекеттік қажеттіліктермен салыстыру.

  • Ақын өлеңдері бүгінгі жастарды елжандылыққа тәрбиелеу жолында баға жетпес құндылыққа ие екенін саралау;

  • Азаматтық үн мен ұлттық болмыстың өзара қатынасын, елдік рух пен халқына деген жанашырлықты айқындау.

Зерттеу міндетін шешу жолы: ХХІ ғасыр техника мен ақпараттың ағымы заманы болғандықтан, адамның уақыттан қалыспай үлгеруі - уақыт талабы. Қазіргі жылт еткен жаңалыққа еліктегіш заманның шарттарына төтеп беріп, ұлт болып, ұлттық құндылықтарды сақтап қалу оңай емес. Ол үшін адамда «..нені басшылыққа алу керек?» деген сұрақ туындайды. Ал ақынның шығармаларындағы «ертеңнің иесі болу үшін бүгін білімді бол, еліңнің ертеңін ойлар ұлтжанды перзенті бол»деген ұстанымы бұл мәселеде ең дұрыс жауап, анық жол болады деп ойлаймын. Елдің ертеңі, ұлт болашағы қоғамды аландатуда. «Қазақтың болашағы» деп жатамыз, ал осы болашақтың жарқын болуы кімге, неге байланысты? Зерттей келе «Ақын шығармаларының негізігі идеясын жастарға түсіндіру, жеткізу үшін ақын еңбектерінің азаматтық рухы мен патриоттық сарынына сүйене отырып жеткізу керек» -деген болжаммен тұжырымдадым.

Тақырыптың жаңашылдығы:Жастар Мағжан шығармашылығымен жаңа қырынан таныса отырып, ақынның рухани мұрасының қазіргі заман жастары үшін маңыздылығын өздеріне жаңалық ретінде ашады, әрі тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Ғылыми болжам:Поэзиялық туынды мазмұнында танылатын жалпы адамзаттық және ұлттық рухани құндылықтардың бүгінгі күн проблемасымен үндестігін танып, ұлт зиялыларының арманын таниды.



Жобаның нысанасы:

Ақын Мағжан Жұмабаев шығармашылығы:

- өнер-білім тақырыбындағы өлеңдері;

- қоғам, заман, тарихи тақырыптағы өлеңдері;

- әлеуметтік көзқарастағы өлеңдері;





















Зерттеу жұмысының жоспары:



І.Кіріспе. Зерттеу мәселелерін теориялық талдау.

- Ғылыми жоба тақырыбы бойынша қажетті материалдарды жинақтау,ғылыми деректермен танысу;

ІІ. Негізгі бөлімі .


1.Ақын шығармашылығымен, жоба тақырыбы бойынша ақпараттарға сүйену;

2. Ақын шығармашылығындағы азаматтық рух пен патриоттық сарынды өлең жолдарына сүйене салыстыру;


ІІІ. Қорытынды.







































ХХ ғасырдың басында өмір сүрген Алаш арысы, көрнекті жазушы, публицист, қазақ поэзиясының шолпан жұлдыздарының бірі әрі бірегейі атанған талантты ақын Мағжан Жұмабаев қазақ елінің жаңашылдыққа бет бұрып, тәуелсіз ел болғанын көруді аңсады. Елге деген махаббат Мағжанның жалынды жырларына ұлттық рух, ұлттық болмыс, ұлттық сезім, ұлттық бояу беріп,ақын жырлары нағыз елжандылықтың символына айналды. Ол ұлттық мүддені жеке басының мәселесінен жоғары қойды.

Не көрсем де алаш үшін көргенім,

Маған атақ ұлтым үшін өлгенім!

Мен өлсем де, Алаш өлмес, көркейер,

Істей берсін қолдарынан келгенін, - деп ұлтына

деген шексіз махаббатын жалындаған жырларында бейнеледі . Мағжандай Алаш арысының бүгінгі Қазақ тәуелсіздігін көрмегенімен, оның таңы түбі ататынына сенгенін шығармаларының әуезінен аңғаруға болады.
Ақынның әрбір туындысы елім деген азаматтық рухпен, патриоттық сарынмен жырланғанын аңғару қиын емес. Мысалы, Мағжан туған жерімен жан-жақты әңгіме жүргізеді, оған өзінің жүрегінің құпиялары мен тілектеріне сеніп тапсырады, ол онымен қайғылы да, қуанышты да бөліседі.

Бұл жарыққа аяқ басып туған жер,

Кіндік кесіп, кірім сенде жуған жер.

Жастық-алтын, қайтып келмес күнім де,

Ойын ойнап, шыбын-шіркей қуған жер — деп, «Туған жерім - Сасықкөл» өлеңнің әрбір жолы оның жерге, елге деген ыстық сезімін көрсетіп, сүйіспеншілікпен жырланады.

Мағжан өз поэзиясында елжандылық бейнесін зеңгір көкпен, тәңір пайғамбармен, мәңгілікпен тілдескен заңғар шың көрінісінде бейнелеп, таза азаматтық ұстаныммен, патриоттық рухты сақтады. Бір тақырыптың, бір кезеңнің, бір халықтың, тіпті, бір таптың жаршысы болып кетпей, өлмес туындылар берген ұлттық ақын, ғажайып суреткер болып қала береді. Өмірге құштарлық, айналасындағы адамдарға, туған табиғатқа, жер-анаға ғашықтық туралы ойлар — Мағжан өлеңдерінің басты сипаттарының бірі. Ақын нені жырласа да, ерекше махаббатпен, шынайы жүрекпен жырлайды. Сол себепті де оның өлеңдері сырлы, сазды, көркем.

Біз үшін болашағымызға бағдар етіп ұлтты ұйыстыратын, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – мәңгілік ел идеясы. Тәуелсіздігімізбен бірге халқымыз мәңгілік мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі мәңгілік елордамызды тұрғыздық. Қазақтың мәңгілік ғұмыры – ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ – мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік ел”,- деп Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бүкілқазақстандықтарға арналған Жолдауында айтылғандай, Мағжан ақынның жырларының алғы шарты – елді сүю, халқына қызмет ету, яғни “Мәңгілік ел” идеясы. Мағжан «Жауға түскен жанға» (Міржақып Дулатұлына хат) деген өлеңінде:

«Оян ! – дедің жұртыңа,-

Бас көтеріп тірлік қыл!”

Ақыл айттың ұлтыңа:

Таста талас, бірлік қыл!”- деп осы пікірімізді дәлелдей түседі. Ел болуды арман еткен тұлғалар халқының мүддесін ойлаумен ғана қалып қоймады. Іс жүзінде жүзеге асыра білді. Мағжанның азаматтық парасатынан туындаған арман-мақсаттар бұдан әлдеқайда биік. Ақынның жырлары “елім” деп азаматтық рух «Пайғамбар», «Түркістан», «Күншығыс», «От» өлеңдерінде жалпыұлттық ұранға айналғандай. Бұл өлеңінде ақынның Отанға, өз тегіне, Шығысына деген сүйіспеншілігі, перзенттік патриотизмі айқын көрінеді. «Күншығыс» өлеңінде:

Қисық көзді Күншығыс,

Бұл тұруың қай тұрыс?

Серпіл енді, алыбым! - деп, Шығыс елдеріне ұран тастай отырып, осы ойын әйгілі «Пайғамбар» өлеңінде жалғастыра түседі.

Күншығыстан таң келеді, мен келем,

Көк күңіренеді: мен де көктей күңіренем.

Жердің жүзін қараңғылық қаптаған,

Жер жүзіне нұр беремін, Күн берем! –деп жүрекке қан жүгіртпей қоймайды.

Әдебиеттің хaлық алдындaғы биік мақcaт-мұpaтын дұрыс түсініп бaғалаған, сөз өнерінің құнын apдақтай сыйлaған, өмір шындығын, қaт-қабат құбылыстapын оның терең мaзмұнына үңіле отырып суреттей aлған aқын жыры әрқaшан қоғaмдық, aзаматтық мәселелерді көтереді. Aқынның aзaматтық тұлғacын оның шығармалapының aзаматтық үні ғанa тaныта aлады. Осы тұрғыдан Мағжанның азаматтық үнін танытатын «Мен жастарға сенемін» өлеңі жас ұрпақтың жанына жігер, жүрегіне рух пен айбындылық, көңіліне сенім ұялатар қазақтың ұраны дейміз. Мағжан поэзиясы енді ғасырлар бойы толассыз зерттеуге жетеді. Бұл жұмыс алаш ұлының айбынды рухы атой салған «Мен жастарға сенемін» өлеңінің өзекті ойы мен қазіргі таңда елді, ел тұтқасын ұстар өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі мән-маңызын зерттеп, бүгінгі күнмен үндестік тапқан ақынның азаматтық үнін зерделеуге арналды. Ақынның жеке-жеке зерттеуді қажет ететін осындай рухани дүниесі қаншама?! Бұл зерттеуімді де сол ұлт руханиятына қосылған теңіздің тамшысындай үлесім деуге болады.

«Мағжан Жұмабаев – біздің рухани өлкеміздегі қиырдан көзге түсетін, көрген көз сүйінетін биік шыңдарымыздың бірі де бірегейі. Оны танып, оны қастерлеу – біздің елдік мәдениетіміздің анық көрсеткіші, сипаттамасы болмақ»,-деп Ғафу Қайырбеков айтқандай, Мағжан ақынның азаматтық үні, ұлттық рух пен патриоттық тәлім-тәрбиесі бүгінгі күн тұрғысынан өз бағасын алып, заманмен үндесіп тұрғандай. Ақынның «Мен жастарға сенемін» өлеңін тағы бір оралар болсақ, ақын өзін немесе өзінің лирикалық кейіпкерін ғана емес, айналасындағы жастардың барлығын «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» қалыпта көргісі келеді. Халқының болашағы үшін күресетін негізгі күш - жастар. Олай болса, өмір бойы «алаш» ұранын көтеріп кеткен Мағжан үшін жастардың тәрбиесінің, қайраттылығының орны бөлек. Өз өлеңінде ол жастарға үлкен үмітпен қарайды. Жастардың бойынан қыранның қанатындай күштілікті, таза жүрек пен ер мінезді, туған жерге деген шексіз махаббатты көреді.

Сөзден сурет салып, жан бітірген Мағжанның кез келген өлеңін алсақ та, әсем әрленген, шебер кестеленген бейнелі сөздерді кездестіреміз. Ең бастысы, ақын ұлтжандылықты дәріптеген, оның айтқан әрбір сөзінен, әрбір дыбысынан ұлттық намысыңды оятатын, жаныңды жігерлендіретін рухты сезінеміз. Ақын поэзиясының негізгі идеялық нысаны - азаматтық сенім. Ол қазақтың көне тарихын жырлағанда оның артта қалушылығын емес, елдің тәуелсіздігі мен бостандығын қорғау жолындағы өшпес ерліктерін, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған кездегі береке - бірлігін жырлады. Оның көптеген өлеңдерінің басты ойы елінің болашағына алаңдау, оны небір зұлматтардан сақтап қалсам деген жан айқайы болып табылады.

«Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халық­тың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана та­быс­қа жетуге мүмкіндік алады.

Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсы­на алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, соны­мен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін»(Н.Ә.Назарбаев).Бұл сөз Мағжан жырынан да көрініс табады.Сонау ХХ ғасырдың басында елдің келешегі жастар деп ұғып,оларды оқып-тәрбиелеуге барлық күш-қабілетін сарыққан.Демек,ақын «Мен жастарға сенемін»өлеңі арқылы бәсекелестікке талпынатын білімді жастарға үміт артады.



Алаш айбынды ұраны,

Қасиеттi құраны,

Алаштың олар құрбаны,

Мен жастарға сенемiн!

Мен сенемiн жастарға.

Алаш атын аспанға

Шығарар олар бiр таңда,

Мен жастарға сенемiн!-десе, «От» өлеңінде «Қазақтың баласы, елдің тізгінін сен ұста,сен Күннен туған баласың» деп намысты қайрай түседі.


Күннен туған баламын,

Жарқыраймын, жанамын.

Күнге ғана бағынам.

Өзім - күнмін, өзім - от,

Сөзім, қысық көзімде - от,

Өзіме-өзім табынам.

Жерде жалғыз тәңірі - от.

Оттан басқа тәңірі жоқ. 

Ақын енді бір сөзінде заман ағымына икемделер,жаңа дәуірдің иесі біз болатынымызға кәміл сенгенін :

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты –

Қырандай күштi қанатты.

Мен жастарға сенемiн!

Көздерiнде от ойнар,

Сөздерiнде жалын бар,

Жаннан қымбат оларға ар,

Мен жастарға сенемiн!-деп, «Мен жастарға сенемін» жырымен жеткізеді.

«Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек», -деген Елбасы пікіріне Мағжан Жұмабаевтың «Мағарри сөздері» өлеңіндегі :



Жастық, байлық,қол қусырып бос жүру,

Жас өспірім үмітті ерді бұзады.

Тер ағызып,өліп-талып табылған,

Ата-дәулет быт-шыт болып тозады,- деуі үндесіп тұрғандай.

Балалық шақ” өлеңінде Мағжан ақынымыз балалық шағынан бастап оқу-білімге көңіл бөлуге, бойға тек асылды ғана сіңіруге кеңес береді.


Жастық – алтын,

Құрып қал салтын.

Салты оның – үйрену!

Өнер қуып,

Бел бекем буып,

Надандықтан жирену!

Тұрма, қарғам, ұмтыл!

Аты өшкірден құтыл!- деп, азаматтық үндеу тастайды.


Аты өшкірден құтыл” дегені – надандықтан құтыл деп отыр. Ал надандық дегеніміз -  даңғойлық, ысырапшылдық, бос жүру.

Нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалануға шақырады.

Алаш арыстарының қоғамдық-саяси қызметтерінің зерделеніп, оқырманға жетуі – тарихи сананың жаңғыруына септігін тигізді. Мұның барлығы – Ел тәуелсіздігінің арқасы. Дегенмен, Алаш зиялыларының орыс империясы, кейінгі кеңестік тоталитарлық билік заманында еш қамықпай ұлт қамы үшін жасаған игі қадамдарын, саяси ұстанымдарын толыққанды сезіне қоймағанымыз жасырын емес. Кей жағдайда олардың терең ойларына бойлай да алмадық. Ұлттық сана - жер бетіндегі әрбір ұлттың жаһандану заманында өзгеге жұтылмауының, өз ерекшелігін сақтап қана қоймай, әлемдегі лайықты орнын айғақтайтын негізгі кепіл. Біздіңше, ұлттық сана ғана ұлтты ауызбірлікке, тұтастыққа, оның мәңгіліктігіне жол бастайды.
Олай болса, ұлттық тұтастық тіл мен жерді сақтап қалуда.Бұл ойды Мағжан ақынымыз «Тілсіз ұлт құриды , оның болашағы жоқ»,-деген сөзімен анық көруге болады.

Ерлiк, елдiк, бiрлiк, қайрат, бақ, ардың, —
Жауыз тағдыр жойды бәрiн не бардың...
Алтын Күннен бағасыз бiр белгi боп,
Нұрлы жұлдыз, бабам тiлi, сен қалдың!

Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен-тiлiм,
Таза, терең, өткiр, күштi, кең тiлiм,
Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа
Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тiлiм!-деп, ұлттық сананың жойылуына жол бермейтін,ұлтты біріктіретін,ұлттық кодты сақтап қалатын бір ғана күш Ана тіліміз екенін айтқан ақын сөзі дәл айтып тұр.

Күншығыстан таң келедi – мен келем,

Көк күңiренед: мен де көктей күңiренем.

Күншығыста ақ алтын бiр сызық бар:

Мен келемiн, мен пайғамбар – Күн ұлы! - деп жырлаған «Пайғамбар» өлеңі де осы ойды жалғастырғандай. Әлі-ақ, қазақтың тәуелсіздік таңы атып,ұлттық кемелдену кезеңі туатынына кәміл сенгендей. «Мен келемін, күншығыстан алтын сызық атып таң келеді» дегені – осы емес пе?

Сонымен қатар, ел болам десең,білім ал,жақсы жаңалыққа бет түзе деуі:

Өнер-білім – қарны ашқа ас, деп білсе, 
Дүниенің теңізінде адасқанға,- 
Түра жол көрсетейін – бас, деп білсе. 
Өнер-білім жер астында болса дағы, 
Іздесе оны талпынып, бос қалмаса, - ақынның азаматтық ұстанымын аңғартқандай. Бар байлық,бақыт білімде екенін ақиық ақынымыз өз жырларында баса айтады. Оқу-білімге құштарлықты бала жастан бойына сіңіру керектігін шығармаларында:

Кітап әпер, оқысын балаң қолына

Малды аяма оқу, білім жолына.

Өнер алып басқалармен қатар бол

Қосыл бірдей адамзаттың тобына!

-деп Мағжан жастарды оқуға жұмылдыру мақсатымен өнер-білімге барар жол сілтеп, ақылын айтады.

Ақынның балаларды оқу, білімге шақырған өлеңдерінің ішінен мына шумақтарды айта кетпеске болмайды:


Сал-сал Білек, сал Білек,

Балдан тәтті бал Білек.

Мектепке бар бір мезгіл,

Әженің тілін ал Білек.

Сал-сал Білек, сал Білек

Сабағыңа бар, Білек.

Қыдыра берме қалтиып,

Етегіңмен қар күреп.

Сал-сал Білек, сал Білек,

Сұлу талдай тал Білек.

Оқып-оқып бір асқан,

Ғалым болып қал Білек!


Баланы жастан оқуға игертіп, қазіргі таңдағы жақсы жаңалықтарды ашуға шақырып тұрғандай.

Күш кемiдi, айбынды ту құлады,

Кеше батыр – бүгiн қорқақ, бұғады.

Ерiкке ұмтылған ұшқыр жаны кiсенде

Қан суынған, жүрек солғын соғады.

Қыран құсты қос қанаты қырқылды,

Күндей күштi күркiреген ел тынды.

Асқар Алтай — алтын ана есте жоқ,

Батыр, хандар — асқан жандар ұмытылды! «Қазақ тілі» өлеңі

Мағжанның бұл тақырыптағы өлеңдерінде заман шындығы халықтың басынан өткен тарихи белестерді ойға алу арқылы түсіндіріледі. Ол Шығыстың, оның ішінде түркі елдерінің кешегі тарихына көз жібереді. Бір кезде жайлаған мекенін еске алады. "Түркістан" өлеңі соның айқын айғағы.

...Түркістан — екі дүние есігі ғой, 
Түркістан — ер түріктің бесігі ғой
,-

деп басталатын өлең жолдары кешегі тарихқа жетелейді. Ертеде Тұран аталған бұл жерді мекендеген ата-бабаларымыздың өмірінен елес береді Ақын Тұранның жері мен суын, көлі мен шөлін, өзен-суларын, тауларын, Теңізі мен Аралын, Ыстықкөлін, Жейхун мен Сейхун дарияларын, Тянь-Шаньдай, Памир мен Алтайдай тауларын ғажайып көркемдікпен суреттейді. Тұранды мекен еткен ер түріктің билері мен батырларын, ғұлама ғалымдарын, ел басқарған хандарын еске алады. Міне, осылайша бірлікте өмір сүріп, іргесін жауға бермеген түрік дүниесі бүгінде бірнеше елге бөлініп кеткен.

Көп түрік енші алысып тарасқанда, 
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па? —

деп, Мағжан қазақты да сол ер түріктің бір мұрагері санайды.

Дегенмен, Мағжанның ойлары мұнымен шектелмейді. Бір ұлттың өз халқының мүддесін ойлаумен ғана қалып қоймайды. Мағжанның азаматтық парасатынан туындаған арман-мақсаттар бұдан әлдеқайда биік. Туған халқы туралы айтқанда, оның кешегі өткен жолын еске алады, оны бүгінгі жағдайымен салыстырады. Онымен де шектелмей, ақын жалпы түріктік идея көтереді. Түркі тектес халықтардың бәрінің болашағынан үміт күтеді, жалпы Шығысты пір тұтады. Бұл қатарда ақынның "Пайғамбар", "Күншығыс", "Түркістан", От", т.б. тәрізді бірсыпыра өлеңдерінде түптің түбінде жақсылық атаулының бәрі де Шығыстан келмек, Батыстан торлаған қою қара бұлтты Шығыстың жарық сәулесі  ғана талқандамақ. Бұл  өлеңдерінде ақынның туған жерге, өз топырағына, Шығысына деген ғажайып сүйіспеншілігі, перзенттік патриотизмі айқын көрінеді.    

«Күншығыс»  өлеңінде:

Қисық көзді  Күншығыс, 
Бұл тұруың қай тұрыс? 
Серпіл енді, алыбым ! —

деп, Шығыс елдеріне ұран тастай отырын, өз ойларын әйгілі "Пайғамбар  өлеңінде былайша жалғайды :

Күншығыстан таң келеді, мен келем, 
Көк күңіренеді: мен де көктей күңіренем. 
Жердің жүзін қараңғылық қаптаған, 
Жер жүзіне нұр беремін, Күн берем ! 

Замана қай уақытта да жүріп өткен жолынан сабақ алып, оның маңызды тұстарын үнемі ел жадында ұстау қажеттігін, ұлтымыздың біртуар тарихи тұлғаларын танудың маңыздылығын, оларды қастерлеуді айқындап келеді. 
Қорытындылай келе, Алаш зиялыларының, атап айтқанда, М.Жұмабаев еңбектеріндегі ұлттық рух, рухани жаңғыру жолдары, білімге, сананың ашықтығына шақырған туындылары өскелең ұрпаққа күш - жігер, Отанға деген патроиоттық рух берері анық.



































Пайдаланылған әдебиеттер:

1. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы.2017

2. М.Жұмабаев.Алматы. «Өлке»баспасы, шығармалар жинағы.2013.

3. Мұқтар Әбілсейіт « РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ЖӘНЕ АЛАШ ЗИЯЛЫЛАРЫ» https://aikyn.kz.

4.Қалиев Қ. Этнопедагогика. Астана. 2003 «М.Жұмабаев педагогикалық көзқарастар». 

5.Жұмабаев М. Педагогика. Алматы. 1992


6. https://www.inform.kz/ru/tauelsizdik-tarihynda-alash-kayratkeri







































Пікір



Зерттеу жұмысы  Мағжан Жұмабаев шығармашылығындағы азаматтық рух пен патриоттық сарынды өлең жоолдарына сүйене отырып көрсетуімен өзекті.

Жоба авторы ақынның өзі оқыған жырларының идеясын   көрсетуге тырысқан.

Оқушының шығармашылық жұмысының жетістігі ретінде тақырыпты ашу үшін ақын шығармаларымен бірге Алаш зиялылары мен жаһандық жаңару арасындағы рухани үндестік туралы айтқан сөздерін   алуы деп атап айтуға болады.

Ғылыми жоба жұмысы оқушының жас ерекшелігіне сай «жақсы» жазылған деп бағалауға болады. Қазіргі замандағы көркем шығарманы көп оқымайтын жастар арасынан ерекшеленіп, өзіндік салыстырулар жасаған  оқушының болашағынан көп үміт күтуге болады.





++++++++ атындағы № ++ жалпы орта білім беретін мектеп

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: ҰҰҰҰҰҰҰҰ.Ұ.Ұ.

Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!